Қытай деректемелеріндегі қазақ тарихының Өзекті мәселелері шолпанқұлова Қ. А



жүктеу 75.88 Kb.
Дата11.04.2019
өлшемі75.88 Kb.

УДК 94/574/+94/315/
ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ӨЗЕКТІ

МӘСЕЛЕЛЕРІ
Шолпанқұлова Қ.А.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз



Базылбеков Б.Б.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


Қазақстанның ежелгі тарихы мен мәдениетінің тарихи-географиялық шекарасы қазіргі Қазақстан Республикасының саяси шекарасымен шектелмейді. Қазақ тарихы мен мәдениетінің түп тамыры тым тереңде жатыр. Байтақ Еуразия даласындағы байырғы көшпелілер мәдениеті мен өркениетінің алтын қазығы, тоғысар түйіні, көсегесі көгеріп, өркен жайған өзегі де Ұлы Қазақ даласы екені айқын. Көшпелілер өркениетінің кең өріс алып, қанат жайғаны соншалық, ол Еуразия төңірегіндегі бірсыпыра отырықшы өркениеттерге күшті ықпал жасап, оларды мейлінше байытты. Әсіресе, шығыста ұлы Қытай өркениетімен мыңдаған жылдар қоян-қолтық байланыста болып, өте тығыз ықпалдастық жағдайда өмір сүріп келді. Қазіргі КХР-дың солтүстік және солтүстік-батыс өлкелерінде жундар (руңдар), дилер, ғұндар, сақтар, динлиндер, юечжилер (тохарлар), усуньдер, юебаньдар, телелер, жужандар, көк түріктер, сондай-ақ т.б. ортағасырлық көптеген түрік-моңғол және үнді-иран тектес тайпалар өмір сүріп, көшпелілердің өзіндік ерекшелігі бар мемлекеттілік үлгісін орнатты, көшпелілер өркениетінің өрісін Қиыр Шығысқа дейін кеңейтіп, Қытай мәдениетіне орасан зор ықпал етті. Бұл туралы Қытайдың ежелгі және орта ғасырлардағы ұшан-теңіз мол әулеттік жылнамалары (“Жиырма төрт тарих” деп аталып кеткен) мен бейресми тарихи жазбаларында өте көп деректемелер сақталған.

Қазіргі уақытта Шығыстың әр түрлі мемлекеттерінде, соның ішінде Қытайда да жазылған тарихи деректемелерді жинау және ана тілімізге аудару, сондай-ақ бұл деректемелерді ғылыми талдау жөніндегі жұмыс айрықша маңызды болып отыр. Қытайдың тарихи дәстүрі тарихнамалық кезеңінің ұзақтығымен және әр алуан тарихи материалдарды жинау және сақтау үрдісімен сипатталады. Осы дәстүрдің арқасында онда Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы мен мәдениетіне қатысты қыруар мағлұматтар сақталған. Қытайтанушы тарихшылар осындай материалдарды ғасырлар бойы зерттеп, әр түрлі тілдерге аударуда. Дегенмен орасан мол беймәлім деректемелер зерттелмеген және тиісінше бағаланбаған күйінде жатыр. Сондықтан да нақ осындай материалдың біздің зерттеулеріміздегі күңгірт жайттарды анықтауға, сөйтіп ең маңызды деген мағлүматтардың тапшылығы салдарынан болған олқылықтардың орнын толтыруға септігі тиюі әбден ықтимал[1].



Қытай мен Орталық Азия халықтары арасындағы қарым-қатынастар нығайған кезеңдерде көптеген қытай миссионерлер, елші дипломаттар, саудагерлер, тағысын тағылар Ұлы Жібек жолы арқылы Орталық Азияға саяхат жасаған. Сөйтіп олар өздері басып өткен өлкелер туралы көрген- білгендерін қағаз бетіне түсіріп отырған. Бұл естеліктердің кейбіреуі қытай патшасына жіберілген мәліметтер ретінде қытайдың сарайлық тарихнамасына енгізіліп, әйгілі “Ресми жиырма төрт патшалық тарихындағы” Орталық Азияға қатысты тараулардың негізін құраған болса, тағы біразы бейресми еңбектер ретінде жарық көрген.

Бұл тарихи еңбектер саяхатшылардың өздері көрген немесе сол кездері хатқа түскен мәліметтер жинағы болғандыктан, Орталық Азия жері мен ондағы елдердің тарихы мен мәдениеті туралы қол жетпес құнды дерек көздері болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда аталмыш деректерді жинақтаудың, аударып ғылыми сүзгіден өткізудің төл тарихымыз бен мәдениетімізді танып білудегі маңызы зор.

Бұл еңбекте VІІ ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде жазылған 13 саяхатнама және тарихи географиялық еңбектерде сақталған деректер кіргізілді. Бұларда бес дәуірге қатысты деректер қамтылады.

Көне Түрік қағанаты дәуірі- бұл дәуірге қатысты деректер мына үш еңбекте баяндалады: Сюань Цзанның (VII ғ.) “Да Тан Сиюй цзи” (“Ұлы Тан әулеті заманындағы Батыс өлке туралы жазбалар”) атты саяхат естелігі; Ду Хуаньның (VII ғ.) “Ду Хуань Си син цзи” (“Батысқа саяхат естеліктері”) атты естелігі; Цзя Даньның (VIII ғ.) “Цзя Дань сы дао цзи” (“Цзя данының төрт бағыттағы жол туралы естеліктері”) атты тарихи-географиялық еңбегі [3].

Моңғол шапқыншылығы дәуірі- бұл дәуірге мына төрт еңбек кіреді: Ли Чжичанның (XIII ғ.) “Чанчунь Чжэньжэнь си ю цзи” (“Чанчунь Чжэньжэньнің батысқа саяхат естеліктері”) атты сапарнамасы; Елюй Чуцайдың (XIII ғ.) “Си ю лу” (“Батысқа саяхат естеліктері”) атты сапарнамасы; Лю Юйдің (XIII ғ.) “Си ши цзи” (“Батысқа елшілік сапарынан естеліктер”) атты саяхат естелігі; Лю Цидің (XIII ғ.) “Бэй ши цзи” (“Солтүстікке елшілік сапар естелігі”) атты саяхат естелігі [2].

XV ғасырдың бірінші ширегі- бұған Чэнь Чэн есімді қытай жиһанкезі жазған екі еңбек кіреді, олар: “Сиюй фань го чжи” (“Батыс өлкедегі жат елдердің жағдайы”) және “Сиюй син чэнь цзи” (“Батыс өлкеге баратын жолдар туралы естеліктер”) атты саяхат естеліктері.

Қазақ хандығының соңғы кезеңі, яғни XVIII ғасырдың екінші жартысынан XIX ғасырдың бірінші жартысына дейінгі дәуір. Бұған Фу Ань қатарлылардың (XVIII ғасырдың соңы) “Сиюй ту чжи” (“Батыс өлке карталары мен сипаттамалары”) атты тарихи-географиялық еңбегі, Сюй Сунның (XIX ғасырдың басы) “Сиюй шуй дау цзи” (“Батыс өлкедегі өзен арналары”) және “Шынжаң ши люе” (“Шынжаң туралы қысқаша шолу”) атты тарихи-географиялық еңбегі кіреді.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы аралығындағы кезең. Бұл кезең туралы Се Биннің (XX ғасырдың басы) “Шынжаң ю цзи” (“Шынжаңға саяхат естеліктері”) атты саяхат естелігінде баяндалған географиялық еңбектерде сақталған деректер кіргізілді. Бұларда бес дәуірге қатысты деректер қамтылады[2].

Бұл деректер қазақ жеріндегі ортағасырлық қала мәдениетінен хабар береді. Қытайдың VII-XV ғасырлар аралығында хатқа түскен саяхатнамаларында Жетісу мен Шу өңірі, Сырдарияның төменгі аңғарындағы өз кезінде гүлденген Отырар, Сайрам, Суйаб, Йаңги-Тараз, Қойлық, Алмалық, Ташкент т.б. қалалар мен калашықтар жөнінде нақтылы мәліметтер бар. Аталмыш деректер осы өңірлердегі қала мәдениетінің нақты болмысын анықтауда аса құнды мағлұматтар береді.

Орта ғасырларда Қазақстанда және онымен көршілес өңірлерде өмір сүрген түрік, соғды, моңғол текті этностардың этно-мәдениеті, тарихы, этносаралық қатынастар сияқты мәселелер туралы сөз қозғайды.

Орта ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі елдік-мемлекеттік тарихқа қатысты құнды деректер кездеседі. Қытай саяхатшылары жүріп өткен өңірлерде өмір сүрген Батыс Түрік қағанаты, Қарақытай мемлекеті, қарлұқтар мен наймандардың мемлекеті, Моғолстан мемлекеті, Әмір Темір патшалығы туралы баяндалады.

Еңбек XVIII - XIX ғасырларда Орталық Азия туралы қытайша жазылған өте маңызды деректердің қатарына жатады. Бұл деректерде Қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ хандарының билік жүргізуі, қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайы, ру-тайпалары, олардың жер бөлісі, қазақ-қытай, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат, қазақ-қырғыз қарым-қатынастары т. б. мәселелерге қатысты деректер сақталған.

Аталған 13 кітаптың 13-кітабында Қазаң хандығы ыдырағаннан кейінгі қазақ елі мен жері туралы, әсіресе ХІХ-ХХ ғасырларда қазақтардың шығысқа -қазіргі Шынжаң, Моңғолия жерлеріне ауа көшкені жөніндегі тарихи оқиғалар, олардың ауып барғаннан кейінгі саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайлары туралы мол мағлұмат бар.

Жалпы, XVIII ғасырдың ортасында Жоңғар хандығы жойылған соң Қазақ хандығы мен Цин империясы көрші елдер ретінде бір-бірімен бір ғасырдан астам уақыт бойы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және шекаралық істер бойынша тікелей байланыста болды. Бұл туралы Қытайдың ресми тарихи жазбалары мен мұрағаттарында аса мол деректер мен құжаттар сақталған, сонымен бірге Қазақ Хандығы тарапынан Цин Империясының ордасына жіберілген кейбір елшілердің, сауда керуенінің, сондай-ақ қатардағы қарапайым қазақтардың бейнесі түсірілген бірсыпыра тарихи-этнографиялық суреттер мен картиналар да бар. Бұл өнер туындылары мен деректемелердің көпшілігі Қытайдағы, Еуропа елдеріндегі мұражайларда және Қытайдың кейбір кітапханаларының сирек кітаптар қорларында сақтаулы. Аталған баға жетпес құнды дүниелер туралы мәліметтер Қазақстанда тұңғыш рет жинастырылып, оған қатысты тарихи жазба деректер мен мұрағат құжаттары салыстырыла зерттеліп, көпшілікке ұсынылып отыр.



«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстан тарихына қатысты мұрағаттық құжаттар мен деректемелерді жинау жөнінде ҚХР-ға Шығыстану археологиялық экспедициялары жүргізілді. Негізгі жұмыс Қытайдың бірінші Тарихи мұрағатында (Пекин қ-сы) атқарылды. Дүние жүзіндегі ең бай әрі бірегей қорлардың бірі болып табылатын Қытайдың бірінші тарихи мұрағатының қорында он миллионнан аса тарихи құжат сақтаулы. Археографиялық экспедицияға қатысушылар Қытайдың Бірінші Тарихи мұрағатының «Құжаттар каталогін» зерттейді, сондай-ақ мұрағатты каталогтердің 40 томы зерттелді. Жұмыстың барысында Қазақстан тарихына (ХVІІІ-ХІХ ғғ.) қатысы бар қытай тіліндегі 500-ден астам, шағатай тіліндегі 60-тан астам, ойрат тіліндегі 40-тан аса, сондай-ақ манжұр 3000-нан астам мұрағаттық құжаттар табылды. Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатының бұл аталған құжаттары Қазақ хандығы мен Цин империясының 1741-1828 жылдардағы қарым-қатынасының тарихын қамтиды. Бұл – қазақ хандары мен сұлтандары – Абылай ханның, Әбілмәмбет ханның, Әбілпейіз сұлтандары – Абылай ханның, Әбілмәмбет қазақ хандары мен сұлтанның, Болат ханның, Әділ сұлтанның, Бопының, Көгедайдың және басқалардың Цин империясының билеушілеріне: Богда Еженханға, Іле мен Тарбағатай губернаторы Әмбанға ресми хаттары; ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-қытай сауда қарым-қатынастары туралы, қазақ – қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат, қазақ-ресей қарым-қатынастары туралы құжаттар.

Сондай-ақ қазақ-манжұр дипломатиялық байланыстары туралы құжаттар, қазақ-манжұр-цин билеуші шенеуніктері арасында жазылған хаттар келтірілген. Құжаттардың арасында қазақ халқының саны туралы 1758 жылы манжұр тілінде жазылған мәлімет бар. Орта жүз қазақтарының көші-қоныстары, арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, төлеңгіт батырлары мен билері туралы мәліметтер сақталған. ҚХР-дың солтүстік, солтүстік-батыс провинциялары мен мұражайларында Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты археологиялық және этнографиялық жәдігерлер табылып, олардың фотофиксациялары мен көшірмелері жасалды. Қытай деректемелерінің болашақ басылымдары томдарының бірі Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне байланысты бізде әлі жарияланбаған археографиялық ескерткіштерге арналған. Мәселен, “Қазаң халқының билеушісі” деп аталатын түрлі түсті миниатюралардың фрагменттері табылды, оларда қазақ билеушілері Абылай хан мен Әбілпейіз сұлтан тарапынан 1750 жылдан бастап саяси және “жылқыға жібек” сауда байланыстарын орнату мақсатында жіберілген қазақ елшісі зайыбымен бейнеленген. Жердің шалғайлығына және қазіргідей қатынас жолдарының болмағанына қарамастан, Қазақ мемлекеті мен Қытайдың арасында тығыз қарым-қатынас болғанын атап айтқан маңызды. Қазақ хандары мен сұлтандарының бір кездері Қытайға жазғандарының бәрі оларда сақтала берген. Қазақ халқының осы құжаттың байлығын сақтай білген қытай мұрағатшыларына алғысымызды арнаймыз[4].

Шығыс тілдеріндегі қолжазба деректемелер мен мұрағаттың материалдарды тереңдей зерттеудің ғылыми және практикалық маңызы зор. Қазақстан тарихы мен мәдениетінің және көрші халықтармен қарым-қатынасының көптеген проблемаларын мол деректемелік қор негізінде талдап-зерттеу күрделі де көкейкесті міндет болып табылады.
Әдебиет


  1. Абиль Е. Этногенез казахов. Опыт системного подхода.- Костанай, 1997.

  2. Таным тармақтары (Қытай тарихшыларының көне тарихызмы жөніндегі пайымдаулары. Құрас және алғ.жазғ. Қ. Салғараұлы). Алматы.Санат, 1992. 279б.

  3. Қазақстан тарихы.(көне заманнан бүгінге дейін). Төрт томдық, 1-том, Алматы, Атамұра, 1996.

  4. Қазақстан тарихы.(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық, II-том. Алматы, Атамұра,  1998.

  5. Масанов Н.Э. и др. История Казахстана: народы культуры. Учебное пособие. Алматы, Дайк-Прес, 2000.

  6. Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы, Жалын, 1994.

Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Ғалым а. ҚЫраубаева зерттеулеріндегі алтын орда кезеңі мен түркі тілді әдебиет
Dulaty2014 -> Тараз қаласының МӘдени тарихы көшербаева А. Ж., Иманбекова Г. М
Dulaty2014 -> Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 930. 1: 929 М. Х. Дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи танымдық деректер
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі
Dulaty2014 -> М. Х. Дулат шығармасындағы сопылық таным көріністері мырзахметұлы М
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 297 МҰхаммед хайдар дулати «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі ислам дініне деген сенімі
Dulaty2014 -> Әож 342. 22: 323 тараз аймағындағы архитектуралық ескерткіштер тарихы
Dulaty2014 -> Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында
Dulaty2014 -> Ежелгі тараз тарихының жаңа беттері даурембеков Қ. К


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет