Алматы әкімдігі әйелдерді қолдау митингін өткізуге рұқсат берді. Қоғам белсендісі Бибінұр Шералиева әлеуметтік желідегі парақшасына осылай деп жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

"Біз Алматы қаласы әкімдігіне 7 наурыз күні М.Ганди саябағында "Әйелдердің лайықты өмірі үшін!" тақырыбында митинг өткізуге хабарлама жіберген едік. Хабарламаға әкімдік митинг өткізуге рұқсат берді деген жауап алдық", — деп жазды белсенді. Ол әлеуметтік желіге әкімдіктің іс-шараны өткізуге келісім бергені туралы қаулыны қоса жүктеген.

Құжатқа сәйкес, митинг 7 наурыз күні 12:00-14:00 аралығында М.Ганди саябағында өтеді. 

“Митинг барысында әйелдердің қоғамдағы өзекті мәселелері көтеріледі. Сонымен қатар әйелдердің лайықты өміріне қажет талаптар айтылады,” – деп толықтырды Шералиева.

Бұған дейін Алматыда қоғам белсендісі Бағила Балтабаева әйелдер маршының өтуіне қарсылық танытып, жалғыз кісілік пикет өткізген. Ол еліміздің басты қалаларында ұйымдастырылатын митингілер мен шерулерде феминистік ұйымдар дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайтынын айтады. Әкімдік рұқсат еткен шара қаланың орталығында адамдар көп өтетін алаңда өтті. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.