7 ақпан күні Түркістан облысында жантүршігерлік оқиға болды. 31 жастағы әйел 3 және 5 жасар балаларын жалдамалы пәтерге апарып, жастықпен тұншықтырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ол мектепте мұғалім болып еңбек еткен болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасының “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Күдікке ілінген әйел Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. Оқу орнын бітіргеннен кейін 10 жылға жуық мектеп-лицейде ұстаз болған. Мектеп әкімшілігі, оқушылардың ата-анасы, әріптестері, көршілерінің сөзінше, ол оқушылармен тез тіл табысатын, ата-аналармен қарым-қатынасы жақсы, ақжарқын мінезді екен. Мақтау мен мадақтау қағазы көп келіншек – отбасындағы жалғыз перзент. 25 жасында тұрмысқа шыққан. 2 баласы болған.

Сұмдық оқиға болмас бұрын ол әлеуметтік желіге екі баласы мен өзінің қолын суретке түсіріп, “жүректеріміз мәңгі бірге” деп жазба қалдырған.  

Келіншек адам аузы айтуға бармайтын қылмысын жасағаннан кейін жасырынбақ болып түнеген Шымкенттегі қонақ үй қызметкерлері “ол мұнда келген жоқ” деп ат-тонын ала қашты. Ал оны қалай ұстап әкеткенін көрген қала тұрғындарының бірі әйел қылмыс жасаған адамға ұқсамағанын айтты. 

“Көрдім, бірақ не үшін әкетіп бара жатқанын түсінбеген ем. Кейін интернеттен көрдім. Қоңыр түсті шуба киіп алған, түрі уайымдап бара жатқан адамға ұқсамады”, – деді тұрғындардың бірі. 

Ал әйелдің көршілері тың деректі жария етті. Айтуларынша қыздың дерті болған. 

“Студент кезде ауырып, молдаларға апарып, қазақы ем-дом жасаған. Содан кейін жақсы боп кеткенімен, алдыңғы жылы қайтадан дерті асқынған екен. Ұйықтап жатып бір жаққа кетіп қап, кейін тауып алып келіпті дегенді естідік”, – дейді келіншек туған ауылдың тұрғындары. 

Ал емхана қызметкерлері диспансерлік есепте тұрмағанын, тек жүктілік кезде бақылауда болғанын айтты. 

Келін боп түскен жерінде көршілес тұратын тұрғындар ата-енесі де, күйеуі де өте жақсы адамдар дейді.  

“Жұмыстан келіп, балаларды балабақшадан алып кеткен. Үй іші кешке келмегеннен кейін іздей бастаған. Күйеуі жұмыстан 11-12-лер шамасында келсе, кетіп қалған екен. Бірінші құрбысына жазып, “мені алып кетіңдерші” деп орналасқан жерін жіберіпті. Құрбысы келіншектің күйеуіне хабар беріп, үш адам болып сол жаққа барған. Сол кезде сұмдық оқиға болғанын білген”, – дейді көршілерінің бірі. 

Күдіктінің Ләйла есімді туысы оның бұрыннан ауытқуы бар екенін, кішірек кезінде бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты. Ал қайынінісі жұбайлар арасында мүлдем ұрыс-керіс болмаған дейді. Сөзінше, не жағдай болғаны өздеріне де жұмбақ болып отыр. 

“Ішкен екен, ұрыс-керіс болған екен, ауытқуы бар дегенге сенбеңіздер. Оның бәрі – жалған”, – деді ол. 

Психиатрдың айтуынша, психологиялық ауытқуы бар адамдар да өзінің бір жағын жасырып қойып, қоғамда қалыпты өмір сүре береді. 

“Бала кездегі, орта жастағы ашу-ыза болады, адам соның бәрін жинап отбасылық өмірге қадам басады. Сол кезде шешілмеген мәселе, айтылмаған, шықпаған реніштің бәрі осындай салдарға әкеп соғуы мүмкін”, – дейді психиатр Ұлболсын Қалмаханбетқызы. 

Ал теолог бұл жерде тылсым күштің әсері бар екеніне сенімді. 

“Тұқымқуалайды дейтіндей диспансерлік есепте болмаған, жұрт мақтаған сап-сау мұғалім. Мұнда сиқыр арқылы кіретін жындардың әсері бар деп ойлаймын. Біреу дуалауы мүмкін, мұндай нәрсе қазір қоғамда кең тараған. Ерлі-зайыптыларды ажырату үшін, отбасын ойран қылу үшін осындай әрекетке барады адамдар. Медицина мұны мойындамауы мүмкін, бірақ батыс елдердегі психоаналитик мамандар қазір осындай тылсым күштің бар екенін мойындады. Студент кезінде оқытты деп жатыр ғой. Сол кезде жын шықпай қалған, тек басып қойған болуы мүмкін”, – дейді дінтанушы. 

Заңгер Мейірман Шекеев тәжірибесінде өз баласына өзі қиянат жасағандар көп кездесетінін айтты. 

“Қазір 99-баптың 2-тармағы “Кісі өлтіру” бойынша тергеу жүріп жатыр. Әйелге бірнеше сараптама тағайындалады. Егер сараптама оның ақыл-есі дұрыс болғанын көрсетсе келіншек 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер психологиялық ауытқуы бар екені дәлелденсе, жазаланбайды, тек емдеуге жіберіледі”, – деп атап өтті ол. 

Еске сала кетейік, 7 ақпанда Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі жас баланың денесі табылды. Кейбір мәліметтер бойынша оларды анасы жастықпен тұншықтырып өлтірген.

Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебін анықтау үшін балалардың денесі сараптамаға жолданды.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.