Жекенов Д.Қ. ӘЛемдік жаһанданудың Қытайлық Үлгісі



жүктеу 139.04 Kb.
Дата22.09.2017
өлшемі139.04 Kb.

Жекенов Д.Қ.

ӘЛЕМДІК ЖАҺАНДАНУДЫҢ ҚЫТАЙЛЫҚ ҮЛГІСІ
«Жұмсақ қаттыны жеңеді»

Көне қытай даналығы

ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасырда «жаһандану» (глобализация) термині күнделікті қолданысқа енді. Бүгінгі күні жаһандану үрдісі әртүрлі деңгейде барлығымызға да әсер етіп отыр. Сырттай барлығымызға түсінікті жаһандану терминіне әлі күнге дейін ортақ ғылыми анықтама берілген жоқ. Жаһандану үрдісінің басталу мерзімінің өзін әркім әртүрлі түсіндіреді. Бірақ бір белгілі дүние, жаһандану дегеніміз – ықпалы күшті белгілі бір қозғалыстың (мемлекет, саяси ұйым немесе сауда компаниясы болсын) әлсіз топтарға әсер етуі арқылы барлық басқа дүниені өз маңына шоғарландыруы. «Жаһандану» терминінің қалыптасуын әлеуметтанушы американ ғалымы Р.Ровертсонмен байланыстырады. Ол «глоболизация» сөзіне 1985 жылы түсініктеме жасады және 1992 жылы өзінің ғылыми еңбегіндегі ұстанымында «жаһандану» терминінің ғылыми негізін енгізді. Р.Ровертсон анықтамасы бойынша: Жаһандану – бұл халықаралық мағынаға ие (мыс; тығыз экономикалық, саяси байланыстар, мәдени және ақпараттық алмасу) әртүрлі фокторлардың жекелеген мемлекеттердің әлеуметтік болмысына қарқынды әсер етіп келе жатқан үрдіс [1].

Бүгінгі күнгі жаһандану үрдісінде батыс елдері басымдыққа ие болып отыр. Әсіресе, АҚШ жаһандану терминін жамылу арқылы әлімдік билікті өз қолында ұстағысы келеді. Халықаралық қатынастардағы АҚШ-тың жеке дара көшбасшылығына келіспейтін Қытай Халық Республикасы әлемдік жаһанданудың қытайлық үлгісін ұсынып отыр.

Қарқынды дамып келе жатқан ҚХР қуаты халықаралық саясатта маңызды факторлардың біріне айналды. ҚХР төрағасы – Ху Цзиньтао билікке келген күннен бастап, ҚХР сыртқы саясатының стратегиялық бағыттары белсенді түрде жаңа даму жолдарын іздестіре бастады. ҚХР туралы халықаралық сарапшылардың арасында ресми Бейжің қарулы қақтығысқа алып келетін әрекеттер жасауы мүмкін деген пікірлер айтылуда. Өз кезегінде қытай әкімшілігі қалыптасқан әлемдік теріс көзқарастарды өзгерту үшін, ҚХР басқа мемлекеттерге залал келтірмей-ақ қуатты және даңқты бола алатындығын мәлімдеді.

Әлемдік теріс көзқарасты өзгерту мақсатында қытай басшылығы 2003 жылы «Бейбіт өрлеу» деп аталатын бастаманы ҚКП орталық партия мектебінің проректоры Чжен Бицзянның қоғамдық баяндамасында көтерген болатын. Қытайлық сарапшылар тез арада бұл бастама туралы кең ауқымды талдаулар жасай бастады. Қоғамдық-саяси басылымдардың беттерінде «Бейбіт өрлеу» туралы көптеген мақалалар жарық көріп, ғылыми конференциялар ұйымдастырылды және қысқа мерзімнің ішінде ауқымды зерттеулер даярланды. 2003 жылдың соңы мен 2004 жылдың басында Ху Цзиньтаоның және премьер Вэнь Цзябаоның мәлімдемелерінде де бірнеше мәрте айтылды [2]. Бірақ 2004 жылдың жазында бұл бастама ресми түрде қолданыстан алынып тасталды. Себебі, Қытайдың амбициалық «өрлеу» жоспары, тіпті «бейбіт» болса да, бұрынғысынша шетелдік аудиториянның алаңдатушылығын тудырды. Мұнымен қоса, бұл бастама қытайдың ішкі ортасында да едәуір күмән тудырып отырғандығын қытайлық сарапшылардың өздері де түсінген еді. Нәтижесінде билік Қытайдың сыртқы саясатындағы «бейбіт даму» жолының негізін қалыптастыра отырып, 1980-жылдардағы «бейбітшілік және даму» бастамасына қайта оралды.

«Бейбіт өрлеу» жоспарын екінші түрге түрлендіре отырып, қытай басшылығы дәстүрлі конфуцилік ойларды негізге алу арқылы шетелдердегі өзінің болмысын гуманистік бағытта қалыптастыруға тырысты. Қытай көшбасшысы Ху Цзиньтао алғаш рет 2005 жылдың сәуір айында Джакарта қаласында «Гармониялық әлемді бірігіп орнату» идеясын көтерді. Дәл осы жылы қыркүйек айында БҰҰ-ның 60 жылдық мерейтойын атап өту кезінде де, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао «Бірге гүлденудің гармониялық әлемін» құруды ұсынды. Оның «Гармониялық әлем» туралы баяндамасы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде теорияның мәні, мағынасы, шараның жүзеге асуы, екінші бөлімде ҚХР-дың бұл жоспарды іске асырудағы атқаратын міндеттері туралы айтылады. Өзінің баяндамасында Ху Цзиньтао: «Бүгінгі күні әлемде әркелкі даму үрдісі, кедейшілік пен аштық әлі де әлемнің көптеген мемлекеттерінде сақталып отыр. Осы мәселелердің шешілуінің ең басты жолы, ынтымақтастықты тереңдету және барлық әлем біртұтас даму бағытын таңдау керек екендігін бүгінгі күнгі халықаралық қатынастардың өзі анықтап беріп отыр және барлық мемлекеттердің бүгінгі күнгі таңдауы да осы. Жаңашыл әлемде, әртүрлі қарсылықтар мен қақтығыстардың көрініс беруі және белгілі бір бағытсыз дамудың көбеюі мен тұрақтылықтың сақталмауы болып отырса да, бейбітшілік пен даму қазіргі заманның басты тақырыптары болып қала береді. Әлем бейбітшілікті, мемлекеттер дамуды, адамдар ынтымақтастықты қалайды. Бұл – ешқашан өзгермейтін тарихи тенденция. Осындай қиын әлемдік жағдайлармен кезігіп отырғанда, әлемдік гармонияға үлкен басымдылық бере отырып, оның іске асуына ат салысуымыз керек» [3], - деп үндеу тастаған еді. Ху Цзиньтаоның пікірінше ұзақ мерзімді бейбітшілік пен гүлдену мақсатындағы гармониялық әлемді құруға барынша еңбектену, барлық адамзат баласының ортақ мүддесіне бағытталады. Қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз етудің және әлем гүлденуінің бірден-бір жолы – гармониялық әлем. Соныман қатар, бұл адамзат қоғамының даму үрдісінің ең басты талабы.

Қытай дәстүріндегі «гармониялық» құндылықтарды қазіргі заманғы ҚХР-дың мақсаттарымен және мемлекеттің сыртқы саясатымен байланыстыруға ұмтылған кезекті ұсынысын 2006 жылдың сәуір айында Йель университетінде оқыған ғылыми дәрісінде де көтерді. Ол: Қытай өркениеті әрқашан әлеуметтік гармония, бірлік пен өзара көмек көрсету мәселелерін басты назарда ұстағандығын айта отырып, бүгінгі күні де қытай гармониялық қоғам құруға ұмтылатындығын жеткізді. Бұнымен қоса, Ху Цзиньтао, қытай өркениеті әрқашан өз көршілерімен тату болуға баса назар аударғандығын және барлық мемлекеттер бір-бірімен үйлесімді (гармониялы) өмір сүргендерін қалайтындығын айтты. Бүгінгі күні ҚХР бейбітшілікті, даму және ынтымақтастықты, өзара тиімді стратегиялық бастамаларда ашықтықты қолдап отырған мемлекет. Сонымен қатар, бейбітшілік пен дамуға ынтымақтастық арқылы жету үшін, басқа өркениеттердің жетістіктерін пайдалануға, сол арқылы гармониялық әлем құрудағы өз рөлін белсенді атқаруға ұмтылады [4].

2007 жылы қазан айының 15 жұлдызында Бейжің қаласында Қытай Компартиясының Ху Цзиньтаоның басшылығымен өткен алғашқы бесжылдықтың қорытындыларын шығарған кезекті XVII съезд болып өтті. Есеп беру баяндамасында ҚКП ОК бағдарламаларынада жаңа бастамалар көтеріле бастады. ҚХР ішкі аумағында «гармониялық қоғам», сыртқы саясатында «гармониялық әлем» деген бастамалар мен ұсыныстар жасалды. «ХVІ-шы съезден кейінгі бес жыл жәй ғана бес жыл болған жоқ. Бұл кезеңде ҚКП өзімен бірге мемлекет халқына жетекшілік етіп, барлық қиындықтарды жеңе отырып, Қытайға тән ерекшелікпен жаңа социализмді құрды және маркизмнің қытайланған жаңа бағытын ашты»,- деп Ху Цзиньтао баяндама жасады. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейінгі қытай басшылығының алдынғы 3 буын өкілдерінің еңбектері мен атқарған қызметтеріне зор алғыс айта отырып, Ху Цзиньтао ҚХР-дың кезекті басшылығымен реттеліп, өзінің модернизациялық құрылымын қалыптастырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын алдағы 50 жылға жоспарын жариялады:



  • Ұзақ мерзімді екі жақты келісімдердің және қытай басшылығының қарқынды түрде еңбектенуінің нәтижесінде территорияның бейбіт түрде бірігуі (бұл жерде Тайваньның орталық Қытаймен бірігуі туралы айтылып отыр);

  • ҚХР-дың егемендігін және территориялық тұтастығын сақтау;

  • Бүкіл әлемде бейбітшіліктің, дамудың және ынтымақтастықтың қалыптасуына көмектесу;

  • «гармониялық Азия және гармониялық әлем» қалыптастыру бағытында табанды түрде жұмыс істеу [5].

Көрсетілген мақсаттар бойынша, XVII съезд аяқталған күннің ертеңінен бастап қарқынды шаралар атқарыла бастады. Жеке-жеке тоқталсақ, Тайвань мәселесі бойынша 2008 жылдың мамыр айында Ху Цзиньтаомен Тайваньды басқарушы «Гоминьдан» партиясының көшбасшысы У Босюнның тарихи кездесу болды. Бұл кездесу – осы деңгейдегі басшылардың соңғы 60 жылдағы алғашқы кездесулері. Кездесудің екінші және үшінші кезеңдерінде де көптеген келіссөздерге қол жеткізілді. Ал Ху Цзиньтаоның 2008 жылдың 31 желтоқсанында мәлімдеген Тайвань мәселесін шешу жөніндегі жаңа алты тезисі, Тайваньға ғана емес барлық халықаралық қоғамға жасаған сыйлығы болды. Осы алты тезисі арқылы ҚХР мен Тайвань арасындағы барлық мәселелерді бейбіт түрде, келісім негізінде шешуге шақырды [6]. Қытай-Тайвань диалогы – ҚХР сыртқы саясатының ең бір әлсіз тұсы. Тайвань мәселесін шешпей ҚХР өзінің саяси және геосаяси болашағын елестеде де алмайды.

Территория тұтастығының сақталуы ҚХР экономикасының тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Бұл бағытта қытай басшылығын ойландыратын екі маңызды мәселе бар. Олар: Тибет және Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аудандары. 2008 жылдың басында Тибетте болған бассыздықтарға қатысушылардың алғашқы соттық үкімдері жарияланды. Отызға жуық адамдар үш жылдан бастап өмір бойы бас бостандықтарынан айырылды. Сәл ертеректе осы көтерілістерді ұйымдастырды деп айыптаған Далай-ламамен мәселені бейбіт жолмен шешу жолдарын қарастыру үшін, қытай үкіметі тікелей диалогқа дайын екендіктерін мәлімдеді. 2008 жылдың 10 наурызынан 14 наурызына дейін жалғасқан Тибеттегі оқиғаның ұйымдастырушысы ретінде қытай үкіметі «Далай-ламаның үндеулерін» айыптаған еді. Ал Далай-лама өз кезегінде өзіне тағылған айыптаулармен келіспейтіндігін және ол күш көрсетуге қарсы екіндігін, сонымен қатар, ресми Бейжіңмен меселені бейбіт жолмен шешу үшін тілдесуге дайын екендігін мәлемдеді. Қытай үкіметі Олимпиада қарсаңында елдегі тыныштықтың ең маңызды көрсеткіштердің бірі екендігін түсіне отырып, тибеттіктердің рухани көсемдерінің ресми өкілі Тенцин Такламен кездесулердің тәртібін жоспарлай бастады. Тенцин Такла «бұл қадамдардың бағыты дұрыс екендігін және жеке кездесулер ғана бұл мәселені оң шешуге бастайтындығын, екі жақтың да дұрыс бағытта қадамдар жасап жатқандықтарын» басып айтты.

ҚХР СІМ ресми өкілі Цзян Юдың мәлімдемелеріне сілтеме келтіре отырып, «Синьхуа» агенттігі «қытай үкіметінің тиісті мекемелері Далай-ламамен қатынасқа келісімдерін бергендіктерін» жариялады. «Синьхуа» агенттігінінің мәлімдемесінде қытай үкіметі: «Далай-лама осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жағдайды терең түсініп дұрыс шешім қабылдайды деп үміт артатындықтарын, басқыншылық актілерін тоқтатуға нақты шаралар қолдану, Бейжің Олимпиадасына кедергі келтірмей, ішкі тыныштықты қамтамасыз ету керектігін, сол арқылы бейбіт келісімдердің келесі кезеңіне аяқ басуға әрекет ететіндіктерін сенім білдірді» [7].

Ал Шыңжаң Ұйғыр автономиясының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ішкі қытайдан солтүстік аудандарға қытай ұлтының өкілдерін көптеп қоныстандыру саясаты қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл тиісінше ірілі-ұсақты ұлтаралық қақтығыстарға алып келді. 2009 жылы болған Үрімжі оқиғасын қытай орталығының асқан қаталдықпен басуының өзі ҚХР территориялық тұтастықты сақтау мақсатына кез-келген жолмен қол жеткізетіндіктерін көрсетуде. ҚХР бұл мәселені Орта Азиялық мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы да реттеуді көздейді. ҚХР бұл аумақтағы мемлекеттермен шекара мәселелеріне аса басымдылық береді. Шекара мәселелері қаншылықты дұрыс шешілсе, соншалықты аймақтағы тұрақтылық артпақ. Аймақтық тұрақтылықты сақтау арқылы территориялық тұтастықты қамтамасыз етуге болады.

«Гармониялық қоғам» және «гармониялық әлем» ұстанымдары қытай үкіметіне ұзақ уақыттардан бері осындай ҚХР көлеңкелі тұстарын көрсететін ауқымды шиеленіскен мәселелерге соқтықпай жүрулеріне мүмкіндік туғызады. Бас-аяғы үш жылдың ішінде «гармониялық әлем» бастамасы ресми идеологиялық қолданысқа еніп, Ху Цзиньтао үкіметінің символдарының біріне айналды. XVII съезде бұл бастама баяндамада айтылып қана қойған жоқ, компартияның жаңартылған жарғысына басымдылықпен енгізілді. Бұл – Ху Цзиньтао 2012 жылы орынын өзінің мұрагеріне өткізіп бергеннен кейін де жаңа бастаманың компартияның негізгі даму бағыты, ұстанымы болып қала беретіндігін көрсетеді.

Алғашында «гармониялық қоғам» құру жоспарлары елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерін шешуге бағытталды. Бұл бастама пайда болғаннан кейін, Қытай басшылығына сыртқы саяси бағытты жаңартуына мүмкіндік туды. Бұған дейінгі жылдары оны жүзеге асыру қиынға түсетін, өйткені, шетелдік серіктестерді марксизм идеялары мен оны талқылауды жалғастырушы Мао Цзэдун, Дэн Сяопин, Цзян Цзэмин идеяларын біріктіретін «қытайға тән ерекшелікке ие социализм» ішкі идеологиясы қызықтырмайтын. ҚКП ресми идеологиясында экономикалық дамудың басымдықтарын және буржуазиямен бәсекелестіктен бас тартуды жариялаған реформаторлық нұсқамалар болғандығына қарамастан, социалистік ұрандар Батысқа қырғи-қабақ соғыс кезеңдерін, екі жүйенің қарама-қайшылығын еске түсіретін. Бұл жағдай Пекинді қазіргі Қытай бұрынғы КСРО-ға ұқсамайтындығын қайта-қайта қайталап айта беруіне мәжбүрледі. Жаңа «гармония» бастамасы Қытай басшылығына «гармониялық қоғам» құру ішкі саяси бағдарламасы мен «гармониялы әлем» құру сыртқы саяси стратегияларын ұштастыруға мүмкіндік берді.

Ху Цзиньтаоның өзі пікірлеріне әрдайым құлақ асып отыратын экономикалық және саяси салыстырмалы зерттеу орталығының бастығы Юй Кэпин: «Гармониялық әлем» адамзат баласының ежелден бергі талаптарын орындайды және ежелгі қытай уақытынан бері келе жатқан мұраты «қытай елінің ұлы бірігуіне» жол ашады», - деп баға берді. Саясаттанушы, «гармониялық әлем» идеясы, қытайлық «гармониялық қоғам» идеясының тікелей жалғасы екендігін және олардың бір-бірімен тығыз байланыстылығын, құндылықтары мен саяси ойлау жүйесінің өзі сәйкес екендігін айтады. Сонымен қатар, «гармониялық әлем» бастамасын қазіргі күнгі саясаттану ғылымы былай түсіндіреді: «Қытайдың ұсынған гармониялық әлем теориясы әлемде кең тараған глобалды басқару теориясымен ұқсастықтары көп. Екеуі де жалпы адамзат тағдырын ойлайды, екеуі де унилатерилизм мен гегомонизмге қарсы, екеуі де әр мемлекеттің жалпы сұрақтарын халықаралық ынтымақтастықпен шешуге ерекше көңіл бөледі, екеуі де «америка басқаратын әлемге қарсы», БҰҰ рөлін асқақтатуды көздейді, екеуі де әлемдік жаңа саяси-экономикалық жүйені бекітеді. Бұл әлемдік басқаруға деген Қытайдың көзқарасы, бұл өзгеруші әлемдегі жаңа идеялар мен тенденцияларға көзқарасы. Оны Қытайдың ресми түрде ұсынған «әлемдік басқару» үлгісі деп қарауға болады».

«Гармониялық қоғам» ұстанымының ресми анықтамасын: «демократия және заң билігі, теңдік және әділдік, шынайылық және достық, өмірлік қуаттылықтың толықтығы, тұрақтылық пен тәртіп, адам мен табиғат арасындағы гармония» деп түсіндіреді. Ал Юй Кэпиннің көзқарасы бойынша, «гармониялық әлем» дегеніміз, - «демократиялық, әділетті және тең дәрежелі әлемдік саяси-экономикалық тәртіп орнату, әлемде ұзақ мерзімді және жалпыға ортақ гүлденуді іске асыру. Қайталанбас гармониялық әлем, гармониялық қоғамдағы сияқты, жан-жақтылықтың, демократияның, әділеттіліктің, шыдамдылықтың, сенімділіктің, ынтымақтастық және өзара көмектесудің, тұрақты дамудың әлемі болуы керек». Сонымен қатар, «гармониялық әлемнің» тағы бір қайталанбас тұсы – адам мен табиғат арасындағы гармонияны қалыптастыру, табиғи байлықтарды саналы түрде, табиғаттың өзіне зиянсыз игеру және тиімді пайдалану [8].

Гармониялық әлемнің қытайлық жоспарының басымдылығы, бұл тек ҚХР ғана емес әлемнің көптеген мемлекеттерінің даму стратегияларымен үндестігі. Юй Кэпиннің сараптамаларындағыдай, «гармониялық әлем» идеясын ұсынуда қытай әкімшілігі бүкіл адамзат баласы ұмтылып отырған құндылықты басты назарда ұстаған. Атап өтейік, әлем гармониясының қытайлық жоспары көптеген елдерде қызығушылық тудыруы мүмкін. Юй Кэпин айтуы бойынша, «гармониялық әлем» идеясына бүкіл адамзат ұмтылады, ал «әлем және даму, қазіргі уақыттың екі ұлы тақырыбы ретінде гармониялы әлем құрудың маңызды мазмұны болып табылады. Экономикалық глобализациялану тереңдеген сайын мемлекеттер мен халықтардың қызығушылығы көпжоспарлы, саясат – көпжақтылы, мәдениет - сан алуан бола береді». Қытай «өз өркениетінің құндылықтары мен құрылымын басқа мемлекеттерге күшпен тарату» әрекеттеріне қарсы шығады. АҚШ өз құндылықтарын тарату үшін «қатал күш» қолданса, қытай өзгелердің істеріне араласпау, елдер мен мәдениеттердің өзіндік даму жолына құрмет көрсету идеясын айқындайды. Қытайдың дипломатия секторының меңгерушісі Лю Цзяньфэйдің жорамалы бойынша, халықаралық статусты шынайы күштерді ескере отырып анықтау керек. Қытайды халықаралық мәселелерде ықпалы бар, социализм жолындағы, даму кезеңінде тұрған ірі аймақтық держава деп есептеуге болады. «Болашақта Қытайдың халықаралық жауапкершілігі негізінен материалды емес, рухани жағынан көрініп тұрады. Басқаша айтсақ, әлемдек мәселелердегі жауапкершілікке келгенде Қытай негізінен қатты емес, жұмсақ күш қолданады. Қытай әлемдегі барлық елдердің ортақ қызығушылықтарына сай келетін көптеген көзқарастар мен идеялар ұсынды. Уақыт өте олардың ықпалы күшейе береді». ҚХР «жұмсақ күшінің» бір дерек көзі «гармониялы» дипломатия болуы керек. Ол алдымен барлық дамушы елдер мүддесіне сай дамудың көпжақты моделі, глобалды тұрақтылықты қолдау, «бәріне ортақ гүлдену» жағдайын туғызу негізінде құрылуы керек.

Юй Кэпин, Қытайдың жаңа халықаралық стратегиясы глобализациялану процесіне және глобалды ережелер жасауға белсенді араласуға, барлық бағыт бойынша саяси, экономикалық, мәдени және халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталуы керек деп атап өтеді. Қытай халықаралық мәселелерде белсенді рөл ойнауы керек, халықаралық қауымдастықтың көпжақтылығын және барлық халықтардың әр алуан мәдениетін қорғауы керек, халықаралық қатынастың демократизациялануын бағыттап іске асырып отыруы тиіс, жаңа әлемдік саяси-экономикалық тәртіпті іске асыруы керек, мультилатерализм мен көп жақты дипломатияны ұстануы керек. Өз кезегінде, ҚХР «гармониялық дипломатиясы» барлық адамзаттың ортақ қызығушылығын қорғауы керек; қысқаша оны мына формуламен суреттеуге болады: «диалог және кеңес беру, ынтымақтастық және бірлескен пайда, ерекшелікті сақтай отырып ортақты іздеу, толеранттылық пен ашықтық» [9].

Атқарылған шаралардың нәтижесінде халықаралық сахнадағы ҚХР сыртқы саясатында едәуір ілгерілеушілік бар. Ал америкалық сарапшылардың ақпараттарында, қазіргі таңда Батыс ҚХР дамуына қалай «тұсау» саламыз деп емес, оның ықпалының артуына «икемделу» жолдарына шынайы түрде терең ойлану керектігі туралы көзқарастар кездесе бастады.

Танымал америкалық саясаттанушы, журналист Фарид Закарианың апталық Newsweek беттерінде АҚШ өзінің жеке мүдделері жолында «Қытай бастаған Азиялық екпінді дамуға икемделуге» тура келедігін ешбір жасқанбастан жариялаған мәсемдемелері көрініс беруде. Осының барлығы ҚХР сыртқы саясатындағы ұтымды және дұрыс таңдалған бағыттардың нәтижелері еді.

Әлемдік басымдылыққа ие болу жолында «жаһандық тату көршілік стратегиясына» иек арта отырып, ҚХР аймақтық серіктестеріне арқа сүйеді. Ресми Бейжің қазіргі халықаралық тәртіптерді өзгертуге талпынбайды, керісінше, конфрантациядан қаша отырып, халықаралық тәртіптерге икемделу арқылы өз ыңғайына жақындатуға тырысады. Бұл жағынан алып қарағанда қытай саясатын «сыртқы қауіптерді залалсыздандыру стратегиясы» деп атауға болады. Ол қауіп төндіруге потенциальды мүмкіндіктері бар мемлекеттермен терең ынтымақтастық ортатуға бағытталған. ҚХР қуатты державалармен де аймақтық ұсақ серіктестерімен де бүгінгі күні жақсы деңгейде қарым-қатынас орнатуда. Тіпті кейбір екінші деңгейдегі меселелерге келгенде аймақтық ұсақ серіктестеріне жол беруден де қашып отырған жоқ. Мәселен Қазақстан Республикасымен екі жақты сыртқы саясатта жұмсақтық таныта отырып, экономикалық салаларды айтпағанның өзінде мәдени-ғылыми салаларда көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Қазақстан территориясында 2009 жылдың өзінде Астана қаласында Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің жанынан және Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан құрылған ҚХР мәдениетін, тілін, дәстүрін және тарихын насихаттайтын Конфуций атындағы институттардың ашылуы соның көрінісі. Мұндай 200-дан астам институттар әлемнің 80-ден астам елінде жемісті жұмыс істеуде. Бұл қытайдың жұмсақтық саясаты мен «гармониялық әлем» ұстанымының жемісі. «Гармониялық әлем» аталатын жаһанданудың қытайлық үлгісі бейбіт болса да, терең ойландырмай қоймайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Евгений Николаев. Альтернативные концепции глобализации в контексте усиления мировой конкуренции. // www.univer. omsk.su/ omsk/ socstuds/glob/index.html

2.Ольга Борох, Александр Ломанов. Скромное обаяние Китая. //Россия в глобальной политике, Том 5, №6 ноябрь-декабрь 2007 г.

3. Выступление председателя КНР Ху Цзиньтао на саммите ООН. 03.22.2006 жыл.// http://tj.china-embassy.org.

4. Выступление председателя КНР Ху Цзиньтао в Йельском университете США. 04.27.2006 жыл. // агенство Синьхуа.

5. Серебрякова Н.В. Центральноазиатская политика КНР как региональная проекция «теории гармоничного мира».// Россия в глобальной политике., Том 6, №1 январь-февраль 2008 г.

6. Азат Чарыяров. Шесть тезисов Ху - новый подход к решению тайваньской проблемы. — Время Востока, 04.03.2009 г.

7. Фуад Мамедов-Пашабейли. Великое единение поднебесной., 03.05.2008 жыл. //http://zerkalo.az/rubric.php?id=32464.

8. Китайская Народная Республика: политика, экономика, культура. М.,2009 г.

9. Якоб Бергер. Китайская модель развития.// Мировая экономика и международные отношения, № 9, Сентябрь  2009 г.


Стремительно развивающийся авторитет Китайской Народной Республики стал важным фактором в международной политике. Со дня пришествия к власти председателя Китайской Народной Республики Ху Цзиньтао стратегические направления внешней политики КНР начали искать новые пути развития. В целях устранения противоречивых западных взглядов выдвигались теории «Гармоничное общество» и «Гармоничный мир». В данной статье рассматривается основные аспекты теории «Гармоничного мира», а также влияние КНР на процесс глобализации.
The rapidly developing authority of the People’s Republic of China became a very important factor in international politics. Since the day of Hu Jintao’s becoming the President of People’s Republic of China strategic directions of PRC’s foreign policy has started seeking new ways of development. New theories of “Harmonious society” and “Harmonious world” have been put forward with the purpose of eliminating contradictory western attitudes. This article deals with the theory of “Harmonious world” as well as the influence of PRC to the globalization process.
Халықаралық қатынастар факультеті

Жекенов Думан Құрманғазыұлы



Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет