Жертөледегі жазу



жүктеу 5.56 Mb.
бет12/29
Дата16.09.2017
өлшемі5.56 Mb.
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29

2

...Шiңкiлдек тояттап, төсi қайқиып берi бұрылысымен, старшина анандайда үрпиiп, боп-боз боп тұрған шоферға иек қақты:

– Иди! Бар!

– Я не скотина! Мен хайуан емеспiн! – дедi ол дауысы қалтырап. Старшина қасат қарды қарш-қарш басып, жанына таяды да, белдiгiнен бұрай ұстап, жұлқып-жұлқып жiбердi:

– А-а-а, мы скоты значит, только ты человек? Қарай гөр хайуан бiз екемiз де, адам сен екенсiң ғой?! – дедi бетiне бетiн тақай суық демiн үрлеп. – Смотри, нам свидетель не нужен. Байқа,бiзге куә керек жоқ!

– Не могу! У меня сестренка есть... такая же. Дәтiм бармайды! Менiң де қарындасым бар ғой... дәл осындай.

– Ой, ой, Павлик Морозов нашелся. С каких пор «калбитка» стала твоей сестренкой, гадёныш! Қашаннан берi «калбитка» саған қарындас боп қалып едi! Сүмелек! – Старшина жиiркенiшпен қолын серпiп қалғанда шофер жiгiт қолбалақтап барып қардың үстiне құйрығымен жалп еттi. Белдiгiн жүре тағып, араға шiңкiлдек килiккен.

– Ты же знаешь кулачише старшины! Старшинаның жұдырығынның дәмін бiлесiң ғой! – дедi жүнi едiрейген жуан бiлектерiн шынтағына дейiн сыбана бастаған дәу сарыны көзiмен нұсқап. – Слушай, пока по-хорошему говорим. А то запинаем и выкинем – подумает работа этих «калбитов». Ну! Жақсылықпен айтқанды тыңда. Әйтпесе, мылжа-мылжаңды шығарып, бiр қуысқа лақтыра


саламыз – мына «калбиттердiң» iсi екен деп ойлайды. Кәне!

Шофер созалаңдай орнынан тұрып, ерiксiз алға аттады...



3

Илектенген қар үстiнде қыз ашық-шашық қанша жатқанын бiлмейдi. Аяздан тұлабойы қалшылдап бiр уақытта есiн жиған. Көзiн ашып едi, төбесiнен төнiп тұрған тұңғиық қарасұр аспан дарияның шұңғыма иiрiмiндей зырқырай айналып-айналып барып әзер тоқтады. Тау өркешiнен әне-мiне табан үзген қисық мүйiз ай, «құрсын, бұл сұмдықты көрмей-ақ қояйын» дегендей, жабағы бұлттың етегiне бетiн басып, қорғалақтап тұр. Аспан асты азынаған жел, азалы күй.

Өзегiне дейiн қалтыратқан суық бүкiл ой-санасын тұсап тастаған. Не болып, не қойғанмен iсi жоқ. Есiл-дертi – «шiркiн-ай, алауы бет шарпыған отқа аяқ-қолымды қақтар ма едiмнiң» айналасы ғана. Дереу тұрмақ боп ұмтыла берген, белiне қамшы тиген жыландай қиралаңдап, денесi еркiне көнер емес: кеудесi бiр басқа, төменгi жағы бiр басқа. Алшия серейген екi аяғы сал боп сiресiп қалған. Етек астын сипалап едi, сылдыраған сауыс мұз. Тiз киiмi дал-дұл. Сонда барып сұмырай сурет жарқ етiп санасын тiлiп түскен. Көкiрегi қақпанға түскендей ыңырсып, ышқына шыңғырды – бiрақ дыбысы шығар емес; қолқасы үзiлiп егiле еңiредi – бiрақ көзiнде бiр түйiр жас жоқ. Бүкiл әл-қуаты сарқылып, қу қаңқа боп құр денесi ғана қалғандай. Қансыраған шала жансар кеудеде қыжыл, намыстың оты жарқ етiп жана алмайды екен. «Ендiгi жер басып жүргеннiң керегi не. Бiрер сағат жатсам, өзiм де үсiп өлем, шыдайын» деп, қаншама бетiн терiс салғысы келсе де, әлдебiр соқыр түйсiк тiрлiктiң табалдырығына сүйреп әлек. Әрең дегенде аяғын икемге келтiрiп, әупiрiммен аунап түстi. Табанға қонуға қауқар қайда. Төрт тағандап, бiр басып – екi басып жылжуға кiрiстi. Леген аузындай боп қан жайылып, қоқиып қатып қалған тонның етегi қозғалған сайын қаудыр-қаудыр. Қорлық пен азап қос өкпесiнен бiрдей қысып, сыбырлай өксидi. Түнгi ызғармен қатайған қасат қардың бетi әйнектiң ұнтағын сепкендей жалаңаш тiзе мен алақанын қанжоса сойып-сойып түседi. Бiрақ оның бiр де бiрi тұманға малтыққан бұлыңғыр сананы селт еттiрер емес. Iзiнен қан сорғалаған жаралы мақұлықтай сүйретiле қорбаңдап, бұта арасынан сыздықтаған көз ұшындағы әлсiз жарыққа қарай еңбектеп келедi...

ОН БЕСІНШІ ТАРАУ

БҰРҚАҚ

1

Поезд перронға тоқтар-тоқтамастан жерге секiрiп түстi. Аяз буып тұр екен. Алматы әдетiнде жоқ қырау қабақ, қабарған зәрлi жүзбен құшақтай алды. Шаңытқан шам жарығында көлеңкесiмен екеу боп көрiнiп, арлы- берлi қайшыласқан халық. Милициясы, солдаты бар, екi-үштен топтанып, әлдекiмдердi iздегендей составты ұзына бойы торуылдап жүр. «Япырау, бұл неғылған самсаған әскер, Алматыға жау шапқаннан сау ма өзi?!!» Бағана вагон-вагондарды тiнткiлеп қазақтың қыз-жiгiттерi бар ма деп жiнiккендерден тiксiнiп қалған Әзиз-Сұлтан мойнын iшiне алып, тiк көтерген курткасының жағасына бетiн қалқалап, кимелеген көптiң ортасына сұғына енiп кеткен. Вокзалды кесiп өтiп, алаң шетiндегi иiнде күндiз-түнi буы бұрқырап қайнап жататын жайма базарға барып едi, ағаш сөрелер қаңырап бос тұр. Қашан келсең де алма мен гүлiн, қияры мен бәлiшiн қолыңа тықпалап, «алың-алың!» деп шалғайыңа жабыса кететiн заржақ саудагерлерге Алла-тағала аяқ астынан қайтып бұлай қанағат бере қойды екен. Тек шеткi сөреде балауыз шырағын сықситып жалғыз кемпiр қараяды. Бәсекелесi болмаған соң, менен алмағанда қайда барасың дей ме, әкесiнiң құнын сұрап аспандап тұр. Әзиз-Сұлтан ақшаның бетiне қарамастан бес тал қызыл райханды жылтыр целлофанға оратып алды да, таксиге отыра сап, Сәбираның жатақханасына тартқан.

Жүрегi алып-ұшып таныс жерге жеткенде аяздың бозғылт пердесiн қақ жарып алдынан қара жартас өсiп шыға келгендей қалшиып тұрып қалды. Жат, суық жүзбен кеудесiнен итергендей. Погачева мен Мери Матье, Ротару мен Роза жарыса шырқап, белуарынан терезеден асылған қыздар, су iшкен жас әтештей басын кекжиткен бозбалалар бiр-бiрiмен самбырлай тiл қатысып, қуаныш, күлкi кернеп, базарлы жастықтың жыр-думаны толастамай ию-қию боп жататын үй бүгiн тiл-аузы буылып мелшиiп тұр. Терезелер су қараңғы соқыр. Әр қабатта бiрдi-екiлi шам ғана жасқана жылтырайды. Сәбираның бөлмесiнде де жарық жоқ. «Сағат он болмай ұйықтап бұларға не көрiндi. Әлде бұны күтiп-күтiп, келмеген соң, туған күнiн тойлау үшiн достарына кеттi ме екен?» Қарды жентектеп алып, Сәбираның бөлмесiмен iргелес екiншi қабаттағы шам жанып тұрған терезеге жiберiп қалған. Iле терезеден қыздың басы қылтиды. Талай рет көрiп жүрген таныс жүз. Күтiп отырған адамы кеп қалды ма деп ойлады ма, қараңғыдағы бұны ажырата алмай алақтап, төменге еңкейгенде шолақ қырқылған қара шашы бетiн жауып көрсетпей тастады. Жiгiт сәлемдесiп, Сәбираның қайда екенiн сұрап едi, «е, құдай-ай, сен екенсiң ғой» дегендей, жауап берместен бұрын iшке шегiнiп кеттi де, арқасына қызыл кофтасын бос жамылып, терезе алдына қайта келдi:

– Бiлмеймiн. Мен екiншi сменадан жаңа келдiм, – дедi кофтаның өңiрiн қос қолымен қымтай ұстап. – Бәлки, Алаңға кеткен шығар. Елдiң бәрi бүгiн сонда кеттi ғой.

– Онда не бар едi? – дедi жiгiт таңырқап.

– Сiз не, аспаннан түстiңiз бе?!

– Жоқ, поездан түстiм! – дедi жiгiт ойнақыланып. – Сонша не боп қалып едi, жұрттың бәрi қапылатындай?

– Ойбай-ау, сiз естiмепсiз ғой – Қонаевты түсiрiп тастады емес пе!

– Түсiре берсiн! – дедi бұл «е, сол ғана ма» дегендей нәумез үнмен. Көңiлге қонбайтын, естiгенде төбе шашың тiк тұрар уақиға болған шығар деп ойлаған, осынша дүрлiгудiң себебiне көңiлi толмай қомсынып тұр.

– Не деп тұрсыз өзi! Қаны жоқ қандай адамсыз! – Қыз иығындағы кофтасын серпiп жiберiп тепсiнгенде, терезеден берi асып кете жаздады. Сүйгенiн iздеп келiп жер сипап қалған қапалы жiгiтке басқа дүние күл болмаса, бүл болсын, құны бес-ақ тиын едi.

– Отыз жыл биледi, жетпей ме сол. Алжығанша отыру мiндет емес шығар! – дедi қитығып.

– Жоғал! – Қыздың шаңқ еткен ащы дауысын сарт жабылған терезе қырқып түстi. Ақшелденген әйнектi сүзгiлеп секеңдеген көлеңке жоғалып кеттi де iле қайта көрiндi. Жұлқына ашылған форточкадан жаңағы кесiлген ашудың жалғасы жыландай ысылдап атып шықты: – Өй, сорлы, сөзiн қарашы айтып тұрған! Еркек болсаң бармайсың ба ана Алаңға!

Қыздың аузы мен қолы қатар қимылдады: қос қолдап ұстаған әлдененi жарқ еткiзiп серпiп қалған. Жарық бойымен доғаша иiлген ақ тасқын тiлiн созып саулап келедi. Жалма-жан жалт берiп орнынан қарғып үлгiргенi сол, сар еткен су қардың үстiн қазан аузындай ойып түстi қарайтып.

Әзиз-Сұлтан мең-зең. «Алаңға кеткен кiсi осы уақытқа дейiн неғып жүр? Мынадай суықта сол жерде түнемек пе?» Не iстерiн бiлмей сенделiп жатақхана алдында арлы-берлi жүрдi де, әбден дiрдек қағып тоңған соң шыдамай терезе алдына келдi. Қолындағы букеттi сыртындағы жылтыр қағазын түзеп қардың үстiне қадады. «Сәбира түннiң бiр уағында болса да келер. Таңертең тұрғанда терезеден көрсiн» деп ойлаған. Темекi тұтатты. Жарықпен бiрге лап етiп қызыл райхан қып-қызыл жалын тiлiндей қар бетiнде маздап тұрды. Әзиз-Сұлтан бойындағы қызуын да, қызығын да осынау қараңғы терезенiң алдына қалдырғандай iшi қалтырап, өз-өзiнен жүдеп-жасып, артына жалтақ-жалтақ қарап ұзай бердi.



Бiр ғана Сәбира деп соққан жүрегi басқа ой-сезiмге соқыр-мылқау едi... Тым-тырыс аллеямен бiраз жер жаяу жүрiп, «Алаңға кетсе көппен бiрге кеттi ғой, алабөтен ештеңе болмас, бәлкiм, тiптi туған күнiн тойлап құрбыларымен басқа жерде отырған шығар?» деп, үрей буған көңiлiн сап-сап сабырға шақырып, сәл сабасына түскен соң әлгiндегi қыздың сөзiн еске алды. «Қонаевты түсiрiп тастады!» Шырылдап айтылса да осы сөз қабырғаға тиген доптай секiрiп көкiрегiне бойламай құлақ түбiнен ғана жаңғырып өтiптi. Ендi ғана мән-мағнасы айқындалып, шым-шымдап санасына сiңе бастағандай. Бәсе, қаланың да, даланың да дүрлiгiп жатқаны соның дүмпуi екен ғой. Иә, бұны да бiр есептен түсiнуге болады. Соңғы ширек ғасырда дүниеге келген ұрпақ үшiн Қонаев әр шаңырақтың астында әке-шеше, аға-бауыр сияқты өзiмен бiрге өмiр сүрiп келе жатқан әлдебiр ет жақын аяулы адамдай көрiнетiн. Тiрлiк-тынысыңның бәрiнде соның қатысын сезесiң. Газет-журналды ашып қалсаң – көретiнiң соның суретi, радионы қосып қалсаң – еститiнiң соның сөзi. Республика өмiрiндегi күллi жетiстiк, игi iстердiң арғы жағында күлiмдеп сол елестеп тұрады. Ол сенiң жан әлемiңе берiк орнаған мәңгiлiк ұғымдардың бiрiне айналғаны қашан. Мәселенки, үйiңнiң терезесiнен Алатау көрiнiп тұрады дейiк: бiр күнi таңертең тұрып терезеден қарағанда, Алатау орнында жоқ болып шықса, қандай күйге түсер едiң. Бұл да сол тәрiздi. Тосын жаңалықты бар болмысымен жатырқап, сенер-сенбесiн бiлмей абдырап тұр. «Түсiрiп тастады» деген сөз, керексiз ғып лақтырып тастады дегендей, бiртүрлi қорлау сияқты жәбiрлi естiлдi. Неге түсiредi? Кiнәсi бар ма? Қартайдың – дем ал дегенi ме? Саяси Бюродағылардың қайсысы жас боп сылдырап тұр, өлмей орнынан түскен қайсысы бар едi. Ұры-қары, пәлен-түген екен деп тек көртақтайы шiрiген соң ғана жамандайтын. Ендеше, неге бұған алабөтен шүйлiктi? Қалай дегенмен оны алтын тақсыз елестете олар емес, мына өздерi сияқты қарапайым пенденiң қатарына қосылса, мүсәпiр, бейшара бiреу боп қалатындай көңiлiн аяныш сезiмi билеген. Түсiп қалғаннан өлiп қалған әлде қайда жеңiл де абройлы едi ол үшiн. Ана Брежнев, Суслов, Кулаков, Черненконы жерлегендей бүкiл ел қара жамылып күңiренер едi ғой. Марапат, мақтау ғана айтылады. Арына, қайраткерлiк даңқына иненiң жасуындай дақ түспестен перiште күйiнде өзiнiң биiк тұғырында асқақтап мәңгiлiк қалар едi. Ендi, мiне, таң атса кештi батыра алмай iштерi пысқан соң опера театрының алдындағы гүлзарға жиналып ап шахмат ойнап, әңгiме-дүкен құратын, арлы-берлi өткен бiреу бұрылып кеп сәлем берсе, қауқылдап қуанып қалатын, жаутаң қаққан көп шалдың бiрi.

Қонаевтың тақтан түсуi, бiр жағынан, жаңалық емес бұл үшiн, таяу арада осындай бiр өзгерiстiң боларын iшi сезетiн. Брежнев кеткелi бағы тая бастағаны белгiлi. Андроповтың тұсында қалпағы қисайып кетiп едi, құдай оңғарғанда, оның дәуренi ұзаққа барған жоқ. Черненко таққа отырысымен тез түзелiп қайтадан атқа қонды. Сорлатқанда, ол шалды да маңдайға сиғызбады, күркiлдек көксау екен, дәрiнi тықпалап өлiгiн қанша сүйресе де жылға жетер-жетпесте тырапай асты. Үйде отырып Кремльдегi тышқанның тықырына дейiн естiп қоятын сақ құлақ сәуегейлер сол бiр азалы күнi топтан шеттеп Черненконың табытына қолы әзер-әзер iлiнiп бара жатқанын көргеннен-ақ, Бiрiншiнiң саудасы бiттiге санаған. Көп өтпей оңды-солды құйын ұйтқып, теңселте бастаған. Бәрi де жоғарыдағы жаңа басшылықтың емеурiнi екенi бес енеден белгiлi. Тамырын тереңге жiберген қара емендi бiрден қопарып тастау оңай емес, әуелi жанында жүрген жандайшаптарға арлы-берлi ырғатып түбiн босатып алмақ. Кешегi өз қолынан баулып өсiрген шәкiрттерi, бұрын көрсе, бұрын айтса қайда жүргенi белгiсiз, ұйқысынан жаңа оянғандай ауыздары қисайып, республикалық партия ұйымында анандай кемшiлiк, мынандай сорақылық бар деп жарыса шулап жарапазан айтып шыға келдi. Облысты отыз жыл басқарған ең сенiмдi тiрегi әрi сүйек шатыс құдасы Асановтың өзiн ұры-қары деп қолын бұрап түрмеге бiр-ақ тықты. Екi санын шапалақтап өсек деген құрғырың ол жүр Алматының көшесiнде шапқылап: «Құр қауқиып отырғаны болмаса, тiзгiннен баяғыда айрылған, баса көктеп әйелi мен көмекшiсi билейдi екен. Одан қалды, ақылшысы әне бiр министрдiң орынбасары боп iстейтiн туыссымақ, жартылай нақұрыс Исаев дейтiн шал көрiнедi; кiмге пәтер, кiмге атақ керек, кiмдi қайда өсiру керек – бәрiн құлағына сол сыбырлап тұрады-мыс»; «Бәрiнен бұрын аруақпен алысқанынын айтсайшы! – дейдi ендi бiрi iшiн тартып, – он сегiзiншi жылы Ақмола Совдепiнде жүргенде қайынатамды қаматқызған деп Сейфуллинмен жұлдызы қарсы. Сәтбаевтың сексен жылдығын ататқызбай тастады. Ол туралы кiтап жазғаны үшiн шәуiлдеген итi мен битiн соңына салып, ақыры Букетовтың түбiне жеттi. Сондағы ғылымды ұшпаққа шығаратын кiсiсi ана iнiсi ме? Онысы академияның сессиясына да қатыспайды екен...» Оттаймын деген ауызға сөз табыла бередi екен ғой, кейбiреулер тiптi: «Бұрын ағамыз әлдi кезiнде Алматыдағы машиналардың номерi «АТА», «АПА» едi, жеңгемiз бел ала бастаған ба, әни мен әтилер /«АНИ», «АТИ»/ көбейiп кеттi» деп анекдот шығарып алды. Әйтеуiр, екi етегiн түрiнiп желiп жүрген қатын өсек. Жоғарыдан бiреулер дем бере ме, желбуаз бейпiл сөздiң неғып мұнша аузы ашылып кеткенi белгiсiз. Шынымен Үлкен Кiсiнiң қадыры кетiп болғаны ма, әлде «құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деп, басынған жау Москваның қабағын сезген соң әдейi көр-жердi бықсытып жүр ме? Таудай өтiрiктiң тарыдай шындығы барын бiлсе де, жамандыққа қимай, бала күннен жүрекке ұялаған аяулы бейнеге шаң жуытқысы келмей шыр-пыры шығып әлек. Рас, заман өзгердi. Қайтақұру мен Жариялылықтың жылы желiне желкенiн жайған алып кеме сай-сүйегi сықырлап ауыр қозғалып бағытын өзгерте бастағандай. Ескi картадан басқа бағдар сiлтер ештеңесi жоқ, қолы қалтыраған кәрi капитанға мұндайда штурвалды ұстау қиын. Оппа ағыстардың арасынан жол тауып, қиямет сапарда кеменi құз-қияға соқтырмай, буырқанған тұманды теңiздiң төрiне қасқайып қарсы тартатын алғыр ойлы, қайтпас жүрек, қажыр иесi керек. Осыны сезе тұрып неге Оны қызғыштай қорғайды? Өмiрдiң жасарып жаңғырғанына қарсы ма? Жоқ. Сызды бұлттай еңсе басқан жылусыз, сұрқай тiрлiктен жерiп бiткенi қашан. Өз басы Үлкен Кiсiнi өлердей жақсы көредi, мақтаныш санап аспанға көтередi. Көзсiз махаббат. Не үшiн әулие тұтатынын өзi де түсiнбейдi. Шығыс халықтары iшiнен тұңғыш рет Саяси Бюроға мүше болып қазақтың даңқын асқақтатқаны үшiн бе? Әлде алтын тақты жағаттаған барлық көсемдерден иығы асып тұратын еңселi тұлғасы, нұрлы жүзi үшiн бе?.. Сезiмiн саралап жiлiктей бастаса, көз алдына осылардан басқа ештеңе елестемей арғы жағы бұлдырап кетедi. Жо-жоқ, өмiр екi өкпеден қысып тынысты тарылтып барады. Жаңа леп, серпiлiс қажет. Мына жұрт неге жосылып Алаңға ағылуда? Қонаев орнында қалсын, осы өмiрiмiз тамаша, өзгермесiн дегендiк пе? Ондай тобырға бұл қосылмайды.

2

Жатақхананың сырты жым-жырт болғанмен, iшi тайқазандай бұрқ-сарқ қайнап жатыр екен. Есiк аузындағы топырлаған жасақшылар iшке тергеп кiргiзедi де, сыртқа жан адамды аттап басқызбайды. Кiрген iз бар, шыққан iз жоқ, тұнжыраған сұрғылт үй ертегiдегi жалмауыздай келген адамды қылғып сап қарап тұр. Кафедралардағы ақсақал, қарасақал оқытушылардың бәрi осында жүр сеңдей соғылысып. Қабат сайын топтанған кезекшi, әр есiкке сыртынан құлақ түрiп, ұзын, күңгiрт дәлiз бойымен арлы-берлi қыдырыстап жүр.

Әзиз-Сұлтан тұтқасы сылқылдаған қотыр көк есiктi итерiп қалып едi, аузын араңдай ашқан абажадай бөлме аh деп сасық демiн бетiне үрледi. Алқынған қызылөңеш даурықпа дауыстардың жаңғырығы сарт етiп құлағына ұрды да сап тиылды – босағаға жалғастыра қойған шкафтың қалқасынан кiм кiргенiн байқай алмай ауыз бағып тым-тырыс тымпия қалды. Рюкзагын жерге қойып, етiгiн шешiп босағадан озғанша тырс еткен дыбыс шыққан жоқ. Дабырларына қарап бiр қора адам отыр ма десе, стол басында үрпиiскен үшеуi ғана. Он күн көрмеген достары келгенде өре түрегелген жоқ, әлденеге алабұртып, әрқайсысы өз ойымен әуре. Е, сен екенсiң ғой дегендей селқос қарап салғырт сәлемдестi. Тек көк түтiннiң арасынан табақтай бетi қалқып шығып, жанына келген Қосымхан ғана: «Көкең қалай, тәуiр ме? Көп айналдың ғой!..» деп жағдай сұрап жалпақтаған боп жатыр. Орталарында сыры ұшқан қотыр көк шәйнек. Қырлы стакандардағы жарым-жартылай iшiлген қара шайдың самасы түбiне шөгiп баяғыда суып қалған. Күл салғыш қара фарфор сауыттың үстi үйiлген темекi тұқылы. Қамыс сирақ «Беломордың» түкiрiктеп басын күлге тықса да, кейбiрiнiң «жаны» шықпай құйрығы түтiндеп жатыр. Ауыздарына су ұрттап тым-тырыс тына қалғандарымен жаңа ғана бiр дауылдың ұйтқып өткенi анық. Ұрысты ма, керiстi ме? Көздерiнде әлдебiр тентек ұшқын жалт-жұлт ойнап өздерiне келе алмай екi иiндерiнен дем алады. Әлденеге ызалы, шатақ iздеп ұшынған бiр хал.

Қосымханнан өзге екi бөлмелесiнiң бiрiнiң аты – Мұхит та, екiншiсi – Ержан. Мұхит – бетiнде қылтанақ жоқ, екi жағы қушиған сылыңғыр қара. Ұзын сирағын столдың астына көсiлiп жiберiп аузындағы түтiндеген «Беломорын» екi езуiне кезек ыршытып үн-түнсiз төбеге қадалады. Ержан орыс ұялғандай шикiл сарының өзi, дембелше келген, сом иықты, өткiр көз өжет жiгiт, айғай-шу, төбелес десе иығын сұғып өзi iздеп жүредi. Жырым-жырым бейшара ана бет-ауыздың көрген соққысына жеңiл-желпi машинаның бамперi де шыдамаған болар едi-ау. Мiне, қазiр де суланған түктi көк сүлгiмен жарты бетiн басып алыпты. Қабағы жарылды ма, шықшыты көгердi ме – белгiсiз. Жалғыз көзi қанталап суық ұшқын атады. Әзиз-Сұлтан ойында түк жоқ:

– Оу, батырым, қай майданда жараланып жүрсiң?– деп қалжыңдай бастап едi, шытынап отырған Ержан шарт ете түстi:

– Жылаудың орнына күлесiң, ә!

– Жо-жоқ, күлгем жоқ, – дедi Әзиз-Сұлтан бiрден әпiгi басылып. – Түкке түсiнбей таңырқап тұрмын.

– Бүгiн жарылған бас, бұзылған мұрынға таң қалатын күн емес. Таңырқасаң, ана иненiң ұшындай сызат түспей жылтырап отырған қатын беттерге таңырқа!

– Қойшы-ей, бiз де бардық қой ол жаққа, – дедi Қосымхан күмiлжiп.– Қол сындырып, көз шығару мiндет емес шығар!

– Өңкей қор! – дедi Ержан әлдекiмдермен ерегескендей шықшыты ойнап, – қыздарды шашынан жұлып жабыла тепкiлеп жатқанда бiр еркек кiндiктi араша түсуге жарамады ғой! Жалғыз қайсысына төтеп берем, жығып салып итше тепкiледi!

– Сумен атқылап жуытты ма. Үстi-басымыз малмандай болған соң амалсыз шегiндiк.

– Оттамашы-ей!..

Үн-түнсiз кекжиген Мұхит столдың үстiн сыпырып-сиырып сыртқа алып кеткен. Әзиз-Сұлтан жарма терезенi шалқасынан ашып едi, түтiнге тұншыққан қапырық бөлме «уh» деп өкпесi кеңiгендей болды. Жуынып-шайынып кiргенше екi иiнiнен дем ала ызыңдап көк шәугiм де келдi. Әзиз-Сұлтан үйдiң дәмiн дастарханға жайып, «ал, жабыл, кедей» деген. «Ет дегенде бет бар ма», аш өзек бейшаралар көздерi жайнап лап қойды. Арғы жақтарына ел қонған соң, аш қасқырдай бiр-бiрiне азу ақситпай сөзге қонақ берiп жайбарақат шүйiркелесуге көштi. Әңгiме ауанынан ұққаны: Алаңға барған қыз-жiгiттердiң бiрi соққыға жығылып, бiрi бораған мұздай судың астына қалып, өлдiм-талдым дегенде қашып-пысып жатақханаға жеткен бойлары осы екен. Кеше Орталық Комитеттiң төтенше пленумы болып, Қонаевты орнынан алып тастапты. Мәжiлiсi бар-жоғы он жетi-ақ минутке созылған. Мал екеш мал да жаны шығарда тұяғын серпедi емес пе, ел iшiнде кеудесiнде болаты балқыған намысшыл азаматтар бар екен, нөмiрсiз ақ «Волга» мiнген бiреулер жатақханаға кiрiп: «Қашанғы кеудемiздi бастырамыз, қазiр демократия заманы, наразылығымызды бiлдiрейiк!» деп сыбырлаған екен, астана жастары дүр етiп Алаңға шығып кетiптi.

Қанша ойласа да осынша дүрлiгудiң байыбына бара алмай отырған Әзиз-Сұлтан:

– Сонда Алаңға не талап етiп шықтыңдар? – деп едi, Ержанның таңырқағаны сонша, жалғыз көзi шарасынан шығып, кесенiң аузындай болмаса да, түбiндей болды, сұқ саусағымен самайын бұрғылады:

– Есiң дұрыс па, Қонаевты түсiрiп тастады емес пе!

– Түсiре берсiн. Мәңгiлiк ештеңе жоқ.

– Түсiрудiң де жөнi бар ғой. Дұрыстап, құрметпен шығарып салмай ма. Бәрiнен бұрын орнына қайдағы бiр аты да, заты да белгiсiз орысты қойғанын айтсайшы. Жетi миллион қазақтан өз елiн басқаратын бiр азамат шықпады деген не масқара. Көпе-көрнеу қорлау емес пе!

– Ол да Үлкен Кiсiнiң кiнәсi. Дүние өзiмен басталып, өзiмен аяқталатындай арттағыға топырақ шашқан эгоистiк көзқарастың жемiсi. Жамандарды жанына жинамай, жақсылармен алыспай iзбасар шәкiрт тәрбиелесе, тiзгiн ұшынан iлiп әкететiн қаншама азамат бар.

– Кiмдi қояйық деп ол кiсiден сұрады дейсiң бе, Москвада емес пе екі шылбыр - бір тiзгiн.

– Албасты да қабаққа қарап басады. Қазiр бұрынғыдай жоғарыдан баса-көктеп тiзеге салатын заман емес, формальдi түрде болса да жергiлiктi ұйымның пiкiрiмен санасуға мәжбүр. «Қонаевты алып тастады, орыс қойды» деп күңк-күңк етемiз. Бұл шешiммен келiспеймiз деп Бюро мүшелерiнiң бiреуi қарсылық бiлдiруге жарады ма екен? Ондай талас-тартыс болса, Пленум он жетi минутта бiтер ме едi?

– Сен де бiр айға қарап абалаған ит екенсiң! – дедi Ержан түтiгiп, – «Қырық кiсi – бiр жақ, қыңыр кiсi – бiр жақ» деп, неменеге терiс езулейсiң. Димекеңнiң заманында не жамандық көрiп ең?

– Не жақсылық көрiп ек, соны ойланайықшы. Адамға керектi нәрсе тек қарынмен өлшенетiн болса, рас, жаман өмiр сүргемiз жоқ. Бiрақ өзiмiздi толық қанды адам ретiнде сезiне алдық па? Өз жерiмiзде өзiмiз өгей,
жетiм сияқтымыз.

– Сендердiң баптарыңды табу қиын, май берсе де жақпайды. Тойындырды, киiндiрдi – сол үшiн кiнәлi ме!

– Ей, Қарынбай, ана қауашағыңдағы бидай көжеңдi ең болмаса, анда-санда шайқап қойсаңшы. Қарының тойғаннан басқа, Қонаевтiң «алтын» заманында басыңа не пейiш күнi орнап едi? Қазақ мектептерiнiң сексен процентi жабылды. Елдiгiңнiң айнасы – Алматыда бар-жоғы бiр-ақ қазақ мектебi бар. Ана тiлiң өмiрдiң өрiсiнен ығыса-ығыса қияндағы қойшылардың ғана от басы-ошақ қасы тiлiне айналды... Осы ма шыққан ұшпағың?

Тығырыққа тiрелген Ержан тұтығып жауап қайтарам дегенше, бағанадан берi үнсiз түнерген Мұхит:

– Әй, жiгiттер, босқа даурықпайық, – дедi темекiсiнiң тұқылын күлсалғышқа мыжғылап. – Қонаевтiң жыртысын жыртып Алаңға шыққан ешкiм жоқ. «Қонаевтi алып тастады! Орнына орыс қойды!..» деген көп сылтаудың бiрi ғана. Халық мынау сұрғылт бұлттай сүреңсiз өмiрден жалықты; сергiтер, серпiлтер жаңалық iздейдi; Уақыттың желiне кеудесiн ашып кең тыныстағысы келедi. Өздерiң ойлаңдаршы, осы өмiрiмiз өмiр ме? Қашанғы әлдебiр абстракция, жалған идея үшiн өмiр сүремiз? Бiзге тiл де, дiн де, аға-бауыр да керек емес, тек идея керек, сол үшiн бәрi құрбан. Адамның, халықтың тағдырынан жоғары ол неғылған идея. Қашанға дейiн қараңғы бөлмеден қара мысық ұстаймыз деп қара тер болмақпыз...

Үндемеген Мұхиттың iшiнде үйдей «пәле» жатыр екен. Бұлар бойлап көрмеген тереңге құлаш ұра ма қалай? Шам астында тұқырайған Ержанның қызыл мыс шашы өре түрегелiп, сытыр-сытыр жана бастағандай болды. Қосымхан төсегiнде бетiн жастықпен басып ап шалқасынан түсiп жатыр, ұйықтап жатыр ма, әлде шатпақтарыңа бас ауыртып азабым деп қыңырайғаны ма – белгiсiз.

– Рас айтасың, – дедi Әзиз-Сұлтан Мұхиттың бетiне тiктей қарап, – елес қуумен келемiз. Бiзде болашақ жоқ, заман осы бетiмен кете берсе, тiлсiз, дiнсiз қара орыстар елiне айналамыз! Осының бәрiн көрiп-бiле отырып бiздiң ағаларымыз саусағын қимылдатты ма?

– Бұл жерде Үлкен Кiсiнi жазғырудың жөнi жоқ. Қай рангада болмасын ұлттық басшылар жанды қуыршақ қана, Орталықтың айт дегенiн айтады, iсте дегенiн iстейдi. Қазақ деп қоқырайтып отырғызып қойғанмен қол-аяқтары матаулы. Отызыншы жылдары қара танымайтын Елтайға да ел «билеткен» көз алдау ғып, бұл да соның жаңғырығы. Әйтпесе, бiрiншi хатшы қазақ болса, екiншiсi неге орыс болады, немесе керiсiнше? Әлде бұл демократияның көрiнiсi ме? Жоқ. Орыс басшылар Москваның жергiлiктi орындағы қалғымайтын көз-құлағы. Демек, Үлкен Кiсiнi айыптаудың орны жоқ. Оның орнында кiм болса да солай iстер едi.

– Ол пiкiрiңе қосылмаймын! – дедi Әзиз-Сұлтан алақан қырымен ауаны кескiлеп. – Одақтас республикалардың iшiнде бiздiң мүшкiл халiмiздi ешқайсысы киген жоқ. Көп жағдайда ұлттық даралығын сақтап қалды. Алысқа бармай-ақ, iргедегi өзбекке қарашы, тiлi де, дiнi де бәз-баяғы қалпында. Аудандық комитеттiң секретарына дейiн жұма намазына барады. Бұл не – Шараф аканың әлсiздiгi ме? Тиям десе бiр-ақ күнде тидырар едi ғой. Керiсiнше, орталық газеттердiң басқа-көзге төпеп сынап-мiнегенiне қарамастан, басын бәйгеге тiгiп, шытырманнан жол тауып тiл мен дiнге дем берiп отырды. Миграциялық саясатқа аса сақтықпен қарады. Жөн-жосықсыз завод-фабрикалар салып, халықтың сандық тепе-теңдiгiн бұзуға қарсы болды. Ал, қазiр жерден алып, жерге салып жамандап жатқан Әлиевтiң феноменi одан да асып түседi. Әзербайжанның Бiрiншi хатшысы болып тұрған кезiнде беделiн салып, белден басып совет одағындағы ең мықты деген техникалық жоғары оқу орындарына жыл сайын мыңдаған әзербайжан жастарын жiберiп отырған. Әрқайсысына үкiмет тарапынан стипендия тағайындап қамқорлыққа алған. Оған қоса жоғары әскери училищелер мен академияларға әзербайжан жiгiттерiн көптеп алдыртып офицерлер дайындатқан. Сен тұр, мен атайын деп екi иығын жұлып жеген алымды да шалымды сол ұрпақ ендi, мiне, iс басына келе бастады, ғылым мен өндiрiстiң, әскери iстiң барлық саласына ыстық қуат, алғыр оймен бiлек сыбанып кiрiсiп кеттi. Қылыштың жүзiндей қылпылдаған айбатты да қуатты Әзербайжанға аз жылда қызыға қарайтын боласың. Ал, бiз ше? Бiзде осының бiрi iстелiндi ме? Бiздiң ағаларымыз қой бақ дедi, «Қазақстанда қой санын таяу арада елу миллионға жеткiземiз!» деп қызыл танау болды. Қой бағатын кiм? Әрине, қазақ. Әр отарға бала-шаға, көмекшi, күзетшiсiмен орташа он адамнан есептесек, бiр миллион адам, яғни қазақтың жетiден бiрi салпақтап қой соңында жүредi деген сөз. Тың игеремiз деп жердi тоздырып едi, ендi елдi, ұрпақты аздырмақ па! «Екi күн қой баққаннан ақыл сұрама» деп атам қазақ тегiн айтты ма. Қойға салсаң, сәйгүлiк екеш сәйгүлiктiң өзi бiр айдан соң басын жерден алмайтын салпаң құлақ, мес қарын жабы боп шыға келедi. Құла түзде құлазыған бiр сарынды тiрлiктен адам торығып қажиды, ой-санасы тоқырайды, лүпiлдеген ыстық жүрек, асқақ қиял жамыраған, маңыраған мазасыз мақұлықтың кiр тұяғына тапталып, бiрте-бiрте дүниеге тышқақ тоқтының бұтының арасынан қарайтын ойы шөжiм, қанатсыз жер бауырлаған жабайыға айналады. Боламын-толамын деп талпынған қаншама асқақ қиял, асыл арман бiр гүлi ашылмастан жөргегiнде тұншықты. Өнерпаз, ғалым, спортшы, ұшқыш тәрбиелеудiң орнына еңбегi еш, тұзы сор, өзi қор қойшы-қолаңды қалыпқа құйып шығарып жатырмыз. Қырдағы ұрпақ өресi ошақтың үш бұтының айналасынан аспайтын көрбiлте топас, арақ десе әкесiн сататын алқаш; қаладағы бойлы да ойлы ұрпақтың бет бұрған Каағбасы басқа, дiнi де, тiлi де бөлек. Сонда бiздiң болашағымызға кiм ие болмақ?

– Сенiкi – жаптым жала, жақтым – күйе! – Ержан әр талы мыс сымдай тiкiрейген қып-қызыл шашы шам астында лап етiп атып тұрды да, «Алла, басым!» деп көзiндегi орамалды басқан күйi қайтадан орнына сылқ отыра кеттi. Жақ етi шақпақтанып сәл ыңырсып барып тiлге келдi. – Дүниенi тарылтып, бiр түйiр тарының қауызына сиғыздың ғой, тiптi. Босқа байбаламдайсың. Бәрi бiрдей ғалым, артист, ұшқыш болу мiндет пе екен. Егiн салып, қой бағатын да адам керек қой. Әрi-берiден соң бұның өзi қамқорлық, терең ойластырылған саясат. Әйтпесе ауылдың бозымбайлары қалаға кеп өз күштерiмен институтқа түсе алар ма едi. Екi жыл қой баққан жастар жоғарғы оқу орындарына жеңiлдiкпен қабылдансын деген әдейi қаулы шығарды. Соның арқасында қаншама адам жолдамамен кеп оқуға iлiгiп жатыр!

– Бiрiншiден, ол жолдама жергiлiктi чиновниктер – райкомнан бастап совхоз директоры мен бухгалтердiң бала-шағасы, үрiм-бұтағынан аспайды; жеңiлдiктiң қызығын солар көредi. Ал табаны тiлiнiп қой баққандар көзi биттеп таз қалпында әлi жүр. Екiншiден, ұзағанда маңдайына бұйыратыны – пединституттар мен ЖенПИдiң, Зоовет пен СХИ-дiң сырттан оқытатын бөлiмдерi. «Мә, Қоңқай!» деп табақтай-табақтай дипломды ұстатқаннан кiмге пайда? «Бiздегi әр бiр мың адамның пәленшесi жоғары бiлiмдi» деген даңғаза дақпырт үшiн ғана керек шығар.

– Сабыр, сабыр! Екеуiңдiкi де дұрыс! – дедi Мұхит мәмiлеге шақырған ишарамен екi қолын жоғары көтерiп. – Бұл жерде Үлкен Кiсiге топырақ шашып, бар кiнәнi соның айналасынан iздеу – бiр жақтылық. Ол кiсi қайта «текенi жезде, ешкiнi апа» деп жүрiп, жауын-жауынның арасымен халқына сабақты жiп болса да пайда келтiруге тырысты. Мәселе жекелеген басшыда емес, тереңде, қоғамның болмысында. Патшалық Россияның аты өзгергенмен заты өзгерген жоқ. Ұлттар теңдiгi, халықтар достығы деген жай бет перде, косметика ғана. Әйтпесе сол баяғы империялық пиғыл, ниет, басқаны қармап қылғыта берсем дейтiн кең өңеш, қорқау аран. Сiбiр мен Орталық Ресейдегi қаншама ұлыс тiлiнен, ата дәстүр, мәдениетiнен айрылып орыс боп кеттi. Шетiнен арақкеш, шоқынды. Осы ма «социалистiк ұлттардың жан-жақты, жарасымды дамуы?» Қайда қарасаң да орыстың үстемдiгi. Өзiмдiкi дейтiн ештеңе жоқ. Жерiң де, суың да, тiлiң де, жаның да – бәрi орыстiкi. Iргелi iрi этностардың iшiнде өте-мөте бiздiң халiмiз мүшкiл, өйткенi бiздiң экономикалық, интеллектуалдық потенциалымыз ерекше. Түртiп қалсаң, мұнайы бұрқырап, алтыны жылтырап шыға келетiн қойны қаттау-қаттау қазына ұлаң-ғайыр даламызға кiм көз алартпады? Тек бабаларымыздың қайқы қылышынан, көк сүңгi найзасынан қаймықты. Көсегiмiздi көгертедi деген совет үкiметi не iстедi қазаққа! Ең нәубеттi көп көрген де бiз, ең үндемейтiн де бiз. Бай деп бiр қырды; Алашорда деп екi қырды; банда деп үш қырды; одан қалғанын аштықпен бұрлықтырып қоғадай жусатты. Капиталистiк әлемдегi ең жыртқыш, жауыз саналатын Америка мен Жапония қырып-жоятын қаруын тексеру үшiн әуелi тышқан-қоянға тәжiрибе жасаса, бұлар сынақты қазаққа жасады. Қойша иiрiп қойып ашық далада атом бомбасын жарды. Отыз жыл бойы гүрсiлдетiп атып жатыр, және аң жортпайтын шөл дала, құла түз толып жатқанда таңдап алған жерiн қарасаңшы. Дарияның бастау көзi – қайнар, ағаш тамырдан көктейдi... яғни табиғаттағы жанды-жансыз әрбiр нәрсенiң тiршiлiк иесi ғып ұстап тұратын өзек, кiндiгi бар, тұқымын тұздай құртқың келсе, сол кiндiктен ұр, өзектен ор. Абайдай данышпаннан бастап дүниеге не бiр дүлдүл мен бұлбұлды берген қасиеттi топырақты отыз жыл бойы төпелеп күлiң көкке ұшыруда – халықтың генефонын құртпақ. Атқаны тиiп, айтқаны болғаны осы емес пе – дүниеге келген ендiгi ұрпақтың, мiне, ақылы аз, басы таз!

– Жараның аузын тырнадың-ау! – дедi Әзиз-Сұлтан өз-өзiмен сөйлескендей сыбырлап. Ақшыл жүзiне көлеңке ұялап, саусақтарының буынын сырт-сырт сындырып, есiк пен төрдiң арасында теңселiп жүр. – Осы қасыретiмiздi сен түсiнесiң, мен түсiнемiн, басқа кiм түсiнедi, Мұхит! Жылтырақ қағазға у орап берсе де конфет деп бас салатын аңқау ел. Әйтпесе жылына миллард пұт астық беремiз, дүниедегi ең биiк мұржа бiзде деп мақтанамыз ба! Екiбастұздағы жылу электростанциясының мұржасынан ұшқан түтiннен сонау Моңғолиядағы сиырлардың тiсi түсiп қырылып жатқан көрiнедi. Сонда айналасындағы елдiң не жаны қалмақ. Ал Тың игеремiз деп, сотталған ұры-қарысы бар, орыс-хохолды төгiп тастады. Топырағының құнары қашып аз жылда шалғыны көк теңiздей шалқыған ұлан-ғайыр даламыздың шаң бораған құла түзге айналғаны өз алдына, өзiмiз де азып-тоздық. Өз жерiмiзде өзiмiз азшылыққа айналдық. Арпа iшiнде бiр бидай боп, айқайласақ – үнiмiз, жүгiрсек шаңымыз шықпайды. Мыналар не дейдi екен деп жөн нәрсенi айтудан жалтақтайтын мүсәпiр халге жеттiк. Шын мәнiсiнде, Тың бiз үшiн экспанция. Бабаларымыздың сүйегi, халықтық қасиет-берекемiз трактордың табанына тапталды. Хрущевтiң өзi ұялмай-қызармай Ермактың ескерткiшiне басын иiп тұрып: тағзым етем саған, бiрақ сен бес жүз жыл найзаның ұшымен жаулап ала алмаған қазақ даласын мен түреннiң тiсiмен бес-ақ жылда жаулап алдым! – дептi. Мастықпен айтса да, даңғойланып айтса да расы сол едi. А, бiз болсақ, шашылған сүйегiмiздi, тозған жер, тапталған ар-ожданымызды жоқтап, жылаудың орнына, «... алтын дән даламыз!..» деп әндетумен келемiз.

– Иә, айта берсек, зар көп! – дедi Мұхит езуiндегi темекiнiң қою түтiнiн әуелете үрлеп. – Қанша жерден бiртұтас елiмiз, бауырымыз-тәуiрмiз десек те бiзге қатысты iс-әрекеттiң бәрiнде отаршылдық пиғылдың таңбасы бадырайып тұр. Аймақты өркендетемiз, Ұлттық жұмысшы табын қалыптастырамыз деген желеумен салынған завод-фабрика, комбинаттарда есеп жоқ, өңешiнен қызыл жалын атқылап, арқырап-күркiреп жерiмiздiң жiлiк майын қорқырата сорып жатыр! Сол завод-фабрикалардың iшiнде соңғы, даяр өнiм шығаратын бiрi жоқ, бәрi тек шикi заттарды өңдеуге арналған. Қысы-жазы толассыз аспанға ұшқан қара түтiннен ауа ластанып, жайылымдар мен өзең-көлдер улануда, қарабайыр қол күшiмен атқарылатын, жұмысы ауыр, денсаулыққа зиянды, улы цехтарда iстейтiндердiң денi қазақ: ауылдан кәсiп таба алмай, оқысам не жұмыс iстеп қалада тұрақтап қалсам деп арман қуып келген ұзын дәме, қысқа қол жастар. Тәуiрлеу басқа жұмысқа барайын десе, прописка, жатақхана жоқ, дымы құрып, сырп-сырп итшiлеп жүргенi. Өне бойы бiр қалыпты қарабайыр процестi атқарған адамда қайбiр интелкт дамиды, тоқырап-торығады, ашынады, iшiмдiкке салынады. Ал, соңғы өнiм беретiн, экологиялық таза кәсiпорындардың бәрi iшкi Россияда, еуропалық аймақта орналасқан. Ондағы жұмысшы мен мұндағы жұмысшының арасы жер мен көктей. Құрастыру цехтарында, электронды-техникалық заводтарда, кибернетикалық құралдармен жабдықталған өнеркәсiп орындарында iстеу үшiн белгiлi дәрежеде мамандық керек. Киiз қалпағына анда-санда бiр шелек суды төңкерiп тастап, түтiн мен уға қақалып бес жүз градустық жалындаған домнаның көмейiне күрекпен кен лақтырып алқын-жұлқын арпалысқан Темiртаудың болат балқытушысы емес ол. Оқыған, бiлiмдi интеллект иесi... Мiне, «әдiлеттiлiк» көрiнiсi. Көлеңкеден қорқып ауыз бағып жалтақтайтын заман өттi, Құдайға шүкiр. Жариялықтың жылы лебi есiп тұрғанда неден тайсақтаймыз. Ертең Алаңға көңiлiмiздегi осы қыжыл мен өксiктi алып шығуымыз керек!..

Көкiрек қатпарында қордаланған сыр мен шер көп едi. Жастық албырттықпен кейде кем соғып, кейде артық сiлтеп арындағанмен әрқайсысы өзiнiң жүрек жарды сөзiн айтып жатты. Бiрде қызыл кеңiрдек таласып, бiрде хоштап стол басында олар ұзақ отырды, Көк түтiнге малтығып өлеусiреген шам жарығы тауық бiр шақырғанша сөнген жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет