Бірнеше күн бұрын Хабар арнасындағы "Бірақ" бағдарламасы қоғамның сынына ұшырап, дау туындатқан еді. Кейінірек мәселе министрлікке дейін жетіп, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бағдарламаның жабылатынын мәлімдеді. Көпшілік бағдарлама жүргізушісі Самат Толықбайға да қатысты сыни пікір айтып жатты. Оның Қарасай аудандық мәслихат депутаты екені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: parlam.kz

Сонымен қатар Самат Толықбайдың ағасы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай екені белгілі болды. 

Мәжіліс кулуарында тілшілердің бірі осы жағдайға қатысты Мақсат Толықбайдың пікірін білді. 

"Ол бірдеңе бүлдіріп қоятындай мектеп оқушысы емес – үш баланың әкесі. Өз іс-әрекетіне өзі жауап береді. Бұрынғы журналист ретінде пікірімді білгіңіз келсе, әрине, қарсымын. Тақырып таңдаудан бастап барлығы дұрыс болған жоқ. Жүргізуші дайын сценарийді оқи салды деп айтуға да болмайды. Тәжірибесі аз шығар, бұл жерде редакторлардың да кінәсі бар. Мен министрліктің бағдарламаны жапқан позициясын қолдаймын. "Бірақ…" бағдарламасы болсын, "Қалаулым", "Қосылайық" сияқты бағдарламаларды мүлдем жабу керек. Осы үшін күресіп келе жатырмыз. Қазір заң нормаларына өзгеріс енгізе алсақ, біз үшін үлкен жеңіс болады", — деді депутат.

Мәжіліс депутатының сөзінше, інісінің бағдарлама жүргізуіне ол ықпал етпеген. 

"Ол – мәслихат депутаты. Біздің партияның атынан түскен жоқ, сол жердегі жергілікті тұрғындар ұсынды. Ал мына жақтағы бағдарламаға кім шақырғанын білмеймін. Мен қазір біреуді бір қызметке қоя алатындай, туған-туыстарымды жұмысқа алатындай бұрынғы Назарбаев сияқты емеспін. Менің ондай құзыретім жоқ. Бар болса да қолданбас едім. Сондықтан әркім өз тірлігі үшін өзі жауап береді", — деп түсіндірді Мақсат Толықбай. 

Бұған дейін “Бірақ…” бағдарламасының алғашқы шығарылымында күйеуінен ұзақ уақыт бойы таяқ жеп жүрген әйел келіп мәселесін айтқан. Желідегі жазылған пікірлерде әйелдің ток-шоуға күйеуінің келетінін білмегені айтылады. Бағдарлама барысында күйеуі ортаға шығып, ұйымдастырушылар ұсынған гүлді әйеліне беруге ұмтылады. Алайда әйел одан көп қорлық көргенін алға тартып, гүлді алудан бас тартады. Осы сәтте жүргізуші “рамазан айы” екенін еске салып, татуласуға шақырады. Бірақ әйел бағдарламаның ортасында қатты қорқып, жылап қалғанын көруге болады. Тіпті жүргізушілер де осы сәтте не істерін білмей, абдырап қалғаны байқалды.

Осы хабардан соң желіде “Күйеуінен таяқ жеген әйелге көмектесудің орнына қайта күйеуіне қосуға тырысты, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұма қарады” деген сын көбейді. Кейбір адам телеарна әйелді жұрттың алдында қорлады деп бағдарламаның жабылуын талап еткен.

Көпшілік арасында дау тудырған жағдайдан кейін "Хабар" агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев көпшіліктен кешірім сұраған.

Кейіннен  мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ток-шоудың жабылғанын хабарлады. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.