Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы бұрынғы сот төрғасы Нұрғазы Шетенов судьялық қызметінен кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа 2024 жылдың 22 ақпанында қол қойған. 

Еске салайық, 2023 жылы 14 шілдеде Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылында 5 жасар Еркежан Нұрмахан көршісінің қолынан азаппен ажал құшқан еді. Қаршадай қызды аяусыз өлтірген Сайдолим Гайибназаров бұған дейін екі рет сотты болып, адам өлтіргені үшін 10 жыл түрмеде отырғаны белгілі болды. Бостандыққа шыққасын тағы бір ауылдасының басын балтамен жарып, тағы да сотты болған.

Алайда бұл жолы Сарыағаштағы судьялар қатаң жаза қолданбай 3 жылға бас бостандығынан шектеп, темір торға тоғытпаған. Сол аралықта қылмыскер қаршадай қыздың өмірін қиды. Осыдан кейін қыркүйек айында сот оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, “Қара бүркіт” түрмесіне жіберді. 

Соттың бұл шешімін құптағанымен марқұмның ата-анасы Сарыағаш аудандық судьялары мен прокурорларын да жазасыз қалдырмауды сұраған болатын. Себебі, Сайдолим Гайибназаров бас бостандығынан шектелмей, түрмеге жіберілгенде қыздарының аман қалатынын айтқан.

Осыдан соң биыл ақпан айында Гайибназаровты бақылауы керек болған пробация қызметкері жұмысына салғырт қарағаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айрылды.

Ал осы оқиғадан кейін төрағалық қызметінен өз еркімен кеткен Сарыағаш аудандық сотының бұрынғы төрағасы Нұрғазы Шетенов судья қатарында қалған болатын. Енді міне, президент жарлығымен судьялар қатарынан да шықты. Дегенмен үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмады. Сондай-ақ судьяға қатысты істі арнайы келіп зерделеген комиссияның Шетеновті жұмысынан нақты қандай кемшілігі үшін шығарғаны белгісіз.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.