Жұмыспен қамту 2020 жол картасы Бағдарлама паспорты


Тірек ауылдарды кешенді дамыту



жүктеу 0.64 Mb.
бет2/3
Дата23.04.2019
өлшемі0.64 Mb.
1   2   3

Тірек ауылдарды кешенді дамыту
37. Тірек ауылдарды кешенді дамыту ауылдарды мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландыру есебінен тірек ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.

38. Тірек ауылдық елді мекен – бұл дамыған әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымы бар, ауылдық елді мекендердің белгіленген тобына мемлекеттік, білім беру, медициналық, қаржылық-делдалдық, мәдени-демалыс және сервистік қызметтердің кең ауқымын көрсететін жайластырылған елді мекен.

39. Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесін өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

40. Әзірленген әдістемеге сәйкес жергілікті атқарушы органдар тірек ауылдарды айқындау әдістемесінде айқындалған критерийлерге сәйкес бағалау, келісу және тиісті қорытынды беру үшін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органға тиісті негіздемелерді қоса отырып, тірек ауылдар тізбесінің жобасын жібереді.

41. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға енгізу үшін және пилоттық тірек ауылдық елді мекендерді кешенді дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу үшін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісілген тірек ауылдық елді мекендердің тізбесінен тірек ауылдарды таңдап алады.

42. Тірек ауылдың мастер-жоспары тірек ауылдық елді мекенді дамытудың кешенді жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады, ол кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау арқылы экономикалық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану есебінен азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған.

Тірек ауылдың мастер-жоспары:


  1. тірек ауылдың ағымдағы экономикалық даму жай-күйін және оның халқын нәтижелі жұмыспен қамтуға талдауды;

  2. тірек ауылдың экономикалық қызметтің нақты түріне мамандануын ескере отырып, оны дамыту мүмкіндіктері мен шарттарын айқындауды;

  3. қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ жеке инвестицияларды қамтитын мастер-жоспарды іске асыру тетіктері мен құралдарын;

  4. инвестицияларды тартуды көздейтін тірек ауылды дамыту жөніндегі шараларды іске асырудың қадамдық жоспарларын, шикізат базасын, қайта өңдеуді дамытуды, ілеспе және қосалқы өндірістерді, инфрақұрылымды дамытуды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және табысы аз азаматтарды ауылды дамыту жөніндегі жұмыстарға тартуды;

  5. қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларының көлемін және қаржыландырудың басқа көздерін, іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушыларды айқындауды қамтиды.

43. Тірек ауылдың мастер-жоспарында көзделген іс-шараларды қаржыландыру Бағдарламаны, сондай-ақ қолданыстағы басқа мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген жалпы лимиттер шегінде жүзеге асырылады.

Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әрбір өңірде бір тірек ауылдан) тірек ауылдарды дамытудың пилоттық режимде әзірленген мастер-жоспарларын қаржыландыруға арналған қаражат жеткізілген лимиттердің жалпы сомасының 10 пайызынан аспайтын мөлшерде қосымша жоспарланады.

Тірек ауылдарды дамытуды қаржыландыру үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бөлінген қаражатты өңірлер арасында бөлу тиісті республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісінің тірек ауылдарды дамытудың бекітілген мастер-жоспарларының негізіндегі өтінімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК) шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

44. Тірек ауылдың мастер-жоспарын іске асыру барысында Бағдарламада көзделген құралдар шектеусіз қолданылатын болады.

45. Тірек ауылдардағы жобаларды іске асыруға қатысатын Бағдарламаға қатысушыларды қосымша ынталандыру:

1) 5 жылдан аспайтын мерзімге 5 млн. теңгеге дейінгі сомада микрокредит беру;

2) жол жүруге және тұруға материалдық көмек бере отырып, бір айға дейінгі мерзімге кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспар даярлауға көмек көрсету, жобаларды сүйемелдеу жөніндегі сервистік қызметтер және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін жабдық сатып алу;

3) тірек ауылдарда Бағдарлама қаражатынан тыс жобаларды іске асырып жатқан адамдарға берілген екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;

4) тірек ауылдарда тұратын және Бағдарламаға қатысушы болған адамдарға өздері таңдаған Бағдарлама бағыттарына сәйкес мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары ұсынылады.

46. Тірек ауылдарда іске асырылатын жобалар үшін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі функцияларды іске асыруды қаржы агенті – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы жүзеге асырады.

47. Тірек ауылдарда тұратын адамдардың екінші деңгейдегі банктер кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды қаржыландыру тетігі, тәртібі, шарттары мен көздері «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

48. Мастер-жоспарды әзірлеу тәртібі:

1) ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен ауыл округтерінің әкімдері тірек ауылдардың мастер-жоспарын әзірлейді;

2) тірек ауылдың мастер-жоспары жергілікті қоғамдастық жиынына талқылауға шығарылады және жеке және заңды тұлғалар ынтымақты жауапкершілік қағидаттарында іске асырады;

3) жергілікті қоғамдастық жиынында мақұлданған тірек ауылдың мастер-жоспары аудандық комиссияның қарауына шығарылады және оң қорытынды алынғаннан кейін өңірлік комиссияның қарауына жіберіледі;

4) өңірлік комиссияның оң қорытындысын алған тірек ауылдың мастер-жоспары бағалау, тиісті орталық уәкілетті органдармен бірлесіп қаржыландыру жөнінде қорытынды беру және ВАК-тың қарауына енгізу үшін Бағдарлама операторына жіберіледі;

5) ВАК мақұлдаған мастер-жоспарды аудан (қала) мәслихаты бекітеді және жергілікті атқарушы органдар іске асырады.

49. Бағдарлама операторы өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, тірек ауылдардың мастер-жоспарларының іске асырылуына мониторинг жүргізеді әрі бақылауды жүзеге асырады және олардың орындалу барысы туралы ақпаратты ВАК-қа ұсынады.

50. Тірек ауылды дамыту жөнінде ұсынылатын шаралар Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әрбір өңірде бір тірек ауылдан) пилоттық режимде сынақтан өткізілетін болады.
Үшінші бағыт:

жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
51. Үшінші бағыт жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыру жолымен халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.

52. Үшінші бағыттың мынадай құрауыштары бар:

1) оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

2) аумақтық ұтқырлықты арттыру.



Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
53. Аталған бағыт шеңберінде Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері ұсынылады:

1) кәсіптік бағдарлану, кәсіп таңдауда көмек көрсету, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультация, психологиялық бейімдеу жөніндегі қызметтер;

2) біліктілікті арттырудың, кәсіптік даярлаудың және қайта даярлаудың тегін курстарына (бұдан әрі – кәсіптік оқыту), оның ішінде практикалық дағдылар алу үшін қысқа мерзімді курстарға (бұдан әрі – оқыту шеберлік сыныптары) жіберу;

3) практикалық дағдылар алу үшін қысқа мерзімді курстарды қоспағанда, кәсіптік оқуға материалдық көмек беру;

4) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына орналасуға жәрдемдесу;

5) әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялау;

6) жастар практикасына жіберілген жеке тұлғаларға еңбекақы төлеу.

Үміткерлерді кәсіптік бағдарлау.

54. Кәсіптік бағдарлау кәсіпті саналы түрде таңдау үшін 50 жастан асқан адамдарды қоса алғанда, үміткерлердің бейімділіктерін, қабілеттерін айқындауға бағытталған. Кәсіптерді таңдау Жалпыұлттық дерекқордағы мәліметтерді ескере отырып жүзеге асырылады.

55. Кәсіптік бағдарлауды халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз топтары, орта білім беру ұйымдарының 9, 11-сыныптарының оқушылары арасында білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлеген әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырады.

56. Кәсіптік бағдарлауды жүргізуді жұмыспен қамту орталықтары, оның ішінде мемлекеттік сатып алу және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес тартылатын жеке жұмыспен қамту агенттіктері және (немесе) үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырады.

57. Кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтер «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырылады.

58. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, кәсіптік қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.

59. Оқуға үміткерлерді жұмыс беруші Бағдарламаға қатысушылар қатарынан да, Бағдарламаның тиісті критерийлеріне сәйкес келетін, жеке жұмыспен қамту агенттіктері және бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері арқылы өз бетінше іздеу негізінде тартылатын басқа да үміткерлер қатарынан да іріктейді.

Бағдарламаға қатысушы жұмыс берушімен келісу бойынша кәсіптік оқу түрін және білім беретін ұйымды өз бетінше таңдайды.

Оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымын таңдау, тізбесі Бағдарлама операторының, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның және халықты жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурсына орналастырылған ұйымдардың және жұмыс берушілердің оқу орталықтарының қатарынан жүргізіледі.

60. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту кәсіптік даярлық деңгейін бағалау жөніндегі біліктілік емтиханынан өткен адамдарға белгіленген үлгідегі куәлік (сертификат) берілген жағдайда не «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілік беру ғылыми-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамында куәлік (сертификат) алуға жәрдемдесу кезінде жүзеге асырылуы мүмкін.

Кәсіптік оқыту кадрларды даярлаудың дуальді моделі қағидаттарында жүргізілуге тиіс.

Жалдамалы қызметкерлерді өндірістен қол үзіп немесе қол үзбей кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру Бағдарламаға қатысушының жұмыс орнының сақталуы шартымен жұмыс берушілердің өтінімі бойынша жүзеге асырылады.

61. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады және ол оқу курсының мазмұнына қарай ұзақтығы:

1) кәсіптік даярлау жүргізу кезінде – он екі айдан аспайды;

2) қайта даярлау кезінде – алты айдан аспайды;

3) біліктілікті арттыру кезінде – үш айдан аспайды.

62. Жергілікті атқарушы органдар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту құнын жыл сайын білім беру процесіндегі шығыстарды есепке ала отырып, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандық пен біліктілік деңгейіне байланысты белгілейді.

Жұмыс берушілердің оқу орталықтарындағы кәсіптік оқыту құнын халықты жұмыспен қамту орталығымен, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органмен және өңірлік комиссиямен келісу бойынша оқу орталығы айқындайды.

63. Кәсіптік оқу аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды жұмыс беруші мәлімдеген жұмыс орнына жібереді.

64. 2013 жылға дейін кәсіптік даярлауға қабылданған адамдардың оқуын қаржыландыруды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі көрсетілген адамдар оқуын толық аяқтағанға дейін жүзеге асыратын болады.

Жастар практикасына және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу

65. Оқуды аяқтағаннан кейінгі үш жыл ішінде бітірушілер қатарындағы жастар практикасына қатысушылардың жалақысын субсидиялау 6 айдан асырмай жүзеге асырылады.

Экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, субсидия мөлшері айына 18 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып) құрайды.

Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыруға жол беріледі.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысын мемлекеттің ішінара субсидиялауы жұмысқа орналасқан күннен бастап 12 ай ішінде жүзеге асырылады.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.

Әлеуметтік жұмыс орындарында және жастар практикасында уақытша жұмыспен қамтылу шарттары «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысында айқындалған.

66. Жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды және/немесе жұмысқа орналастыруды өз бетінше не мемлекеттік сатып алу және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктерін және/немесе үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы жүргізеді.

67. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушылар үшін ұзақтығы екі айдан аспайтын мерзімге оқыту шеберлік сыныптарын ұйымдастырады.

Оқыту шебер сыныптары практикалық сабақтар қолданыла отырып өткізіледі.

Оқыту шеберлік сыныптарын өткізу үшін практикалық жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар, оның ішінде табысты жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті шетелдік мамандар тартылады.

68. Бағдарлама шеңберінде азаматтардың қатысу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары, кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.

69. Іске асыру тетігі:

1) үміткерлер тұрғылықты жерінде ауданның, қаланың халықты жұмыспен қамту орталықтарына Бағдарламаға қатысуға өтінішпен жүгінеді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес құжаттарды ұсынады;

2) халықты жұмыспен қамту орталықтары:

ұсынылған құжаттарды қарайды және ұсынылған құжаттардың Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру негізінде Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (не одан бас тарту) туралы шешім қабылдайды және дерекқорда бар бос жұмыс орындарына не жұмыс берушілер өз бетінше немесе жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы мәлімдеген жұмыс орындарына, жалақыны ішінара субсидиялаумен әлеуметтік жұмыс орындарына, сондай-ақ жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді;

3) қажетті біліктілігі болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүрген Бағдарламаға қатысушылар жұмыс берушілер мәлімдеген мамандықтар бойынша кәсіптік оқуға жіберіледі;

4) Бағдарламаға қатысушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқуға жіберген кезде білім беру ұйымы мен жұмыс беруші де әлеуметтік келісімшарт тараптары болады.

Жұмыс беруші мен білім беру ұйымы әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы басшының не қол қоюға құқығы бар жауапты лауазымды адамның қолымен және мөрмен куәландырылған жазбаша өтініш (хабарлама) беру арқылы әлеуметтік келісімшарт жасалғанын растайды.

Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілер өтініште (хабарламада) Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарды және оқу шарттарын, оларды оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отырған мамандық (кәсіп), білім беру ұйымын, өндірістік практикадан өту орнын және оқу аяқталғаннан кейін жұмыс істеу кезеңін көрсетеді.

Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары өтініште (хабарламада) мамандығы (кәсібі), оқытудың ұзақтығы мен құны, өндірістік практикадан өтетін ықтимал орны мен шарттары туралы ақпаратты көрсетеді;

5) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын Бағдарламаға қатысушылар, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары тарапынан – халықты жұмыспен қамту орталықтары, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан ауданның (қаланың) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органы бақылайды.



Аумақтық ұтқырлықты арттыру
70. Бағдарлама шеңберінде аумақтық ұтқырлықты арттыру:

1) жұмыс берушілердің қажеттілігін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға;

2) 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендерінде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға қатысты жүзеге асырылады.

Жұмыс берушілер мен әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден өз еркімен қоныс аударатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандардың Бағдарламаға қатысу және олардың мемлекеттік қолдау алу тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында айқындалады.

Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендері тұрғындарының қоныс аударуы және оларға мемлекеттік қолдау көрсету өңірлік комиссия шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендері тұрғындарының қоныс аударуын және оларға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру үшін облыс шегінде тұрғын үй салу (сатып алу), реконструкциялау көзделеді.

71. Бағдарламаға қатысушылардың әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына көшуі:

1) бір ауданның ішінде;

2) бір облыс шегіндегі бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға);

3) бір облыстан басқа облысқа жүзеге асырылады.

72. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендерді айқындау критерийлерін өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

Олардың негізінде жергілікті атқарушы органдар өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің тізбесін айқындайды және оны Бағдарлама операторына жібереді.

73. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қоныс аударатын Бағдарламаға қатысушылар үшін сейсмологиялық аймақтар мен сипаттамаларды ескере отырып, тұрғын үйдің (жеке немесе көппәтерлі) үлгілік жобаларын әзірлейді.

74. Бағдарлама шеңберінде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау:

1) көшуге байланысты шығыстарды өтейтін субсидия беруді;

2) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын адамдарға тұрғын үй – қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін жатақханалардан бөлме беруді қамтиды.

Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

1) қажеттілігіне қарай кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқыту;

2) жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.

75. Көшуге субсидияны, тұрғын үй салуды (сатып алуды) қаржыландыру және жұмыс берушінің қатысумен бөлу тетігі, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын азаматтарды қоныстандыру үшін қызметтік тұрғын үй мен жатақханалар беру және оны пайдалану тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында айқындалады.

Жиырма тоғыз жасқа дейінгі еңбекші жастарға (оның ішінде, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар) олардың бұрынғы тұрған жеріне, оның ішінде облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалада және астанада тұрғанына қарамастан жатақханалардан бөлме беріледі.

Мұндай адамдарды әскери қызметке шақыру кезінде олардың жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады.

76. Жұмыс берушілердің Бағдарламаға қатысу тетігі:

1) халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерге әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын азаматтар қатарынан қоныс аударуға және жұмысқа орналасуға қатысуға үміткерлерді таңдау тәртібі мен шарттары туралы консультация береді;

2) Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту орталықтарына:

мамандықтар (кәсіптер) бөлінісінде қажетті жұмыс күшінің санын көрсете отырып;

Бағдарламаға қатысушылар үшін тұрғын үй салу (сатып алу) мүмкіндігін және Бағдарламаға қатысушыларды (қоса қаржыландыру шартымен) тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мүмкіндігін не Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін оларды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру туралы жазбаша міндеттемені растай отырып өтінім береді;

3) жергілікті атқарушы органдар заңнамаға сәйкес тұрғын үй құрылысы үшін жер бөледі, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді, мемлекеттік сараптама жүргізеді, жергілікті бюджет қаражаты есебінен аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына және құрылыс салу жоспарына сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылуға, сондай-ақ жүргізуге және қосылуға техникалық талаптар қояды;

4) жеке тұрғын үйлерді салу кезінде жобаны жергілікті жерге байланыстыру жергілікті бюджет және жұмыс берушінің барабар түрде салған қаражаты есебінен немесе келісу бойынша жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады.

Көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде жобаны жергілікті жерге байланыстыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе келісу бойынша жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады;

5) облыстардың жергілікті атқарушы органдары мен жұмыс беруші мынадай міндеттемелерді көздейтін ниет шартын жасасады:

тұрғын үйді бірлесіп салу және сатып алу тәртібі;

қоныс аударатын азаматтарды міндетті түрде жұмысқа орналастыру;

жұмыс берушінің қоса қаржыландыру мөлшері;

жұмыс беруші тарапынан қоса қаржыландырылған жағдайда, құрылыс салатын жерді, салынатын тұрғын үйдің ықтимал нұсқаларын таңдау, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу оның қатысуымен жүзеге асырылады;

6) салынған және пайдалануға тапсырылған тұрғын үй мемлекет пен жұмыс беруші арасында осы тұрғын үй құрылысына салынған қаражатқа барабар бөлінеді.

77. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын адамдардың Бағдарламаның үшінші бағытына қатысу тетігі:

1) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын қатысуға үміткерлер көшуге арналған өтінішпен халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында көзделген құжаттарды қоса береді;

2) жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің қажеттілігін ескере отырып, құжаттарды қатысуға іріктеу критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан қарайды, өтініш берушілермен көшудің ықтимал нұсқаларын келіседі және көшетін жеріне қарай құжаттарды өңірлік немесе аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды;

3) құжаттарды қарау қорытындысы бойынша:

өңірлік комиссиялар облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға қоныс аударатын азаматтарға қатысты, сондай-ақ басқа облысқа қоныс аударатын азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды;

аудандық/қалалық комиссиялар бір аудан шегінде көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды;

4) өңірлік не аудандық/қалалық комиссия ұсынымының негізінде халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.

Бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұрақты тұру критерийлері басқа облыстарға қоныс аударатын үміткерлерге қолданылмайды;

5) өңірлік комиссияның шешімі негізінде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтарының шегінде тұратын адамдар қатарындағы Бағдарламаға қатысушыларды құрылысы 2013 жылғы 1 шілдеге дейін басталған қызметтік тұрғын үйлерге көшіруге рұқсат беріледі;

6) Бағдарламаға қатысушылар тізіміне енгізілген адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы (келген жерінің) арасында әлеуметтік келісімшартқа қол қойылады. Әлеуметтік келісімшарт көшу бойынша әлеуметтік қолдаумен қатар, жаңа жерде жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды;

7) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.


Каталог: analitika -> sotsialnaya-zashchita-i-zanyatost-naseleniya
analitika -> Қостанай қаласының инвестициялық жобалар бойынша ақпарат
analitika -> Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды
analitika -> «Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердегі орындаушылық тәртіптің жағдайын тексеру туралы» аудан әкімі аппаратының басшысының 25
analitika -> Информация о работе библиотек
sotsialnaya-zashchita-i-zanyatost-naseleniya -> Ұжымдық шартты жасасу тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет