Кейінгі уақытта қазақстандықтарды алаңдатып отырған мәселелердің бірі – су тасқыны. Елімізде жыл сайын су басу қаупі сақталса да, жергілікті әкімдік басшылары бұл жағдайға дайын емес екенін көрсетіп келеді. Осы ретте Stan.kz тілшісі кейінгі онжылдықта болған 10 ірі су тасқыны мен сол жылдары өңірлерді басқарған әкімдер туралы шолу жасады. 

Фото Stan.kz коллажы

2014 жыл

2014 жылы Ақмола облысының бес ауданының 13 елдімекенінде 429 тұрғын үйді су басты. Ағын су санаулы минуттардың ішінде Атбасар қаласының бірнеше бөлігін шайып кетті.  Тұрғындар болса, құжаттарын алмақ түгілі үйлерінен қара бастарын әрең алып шыққан. Бұл кездегі төтенше жағдай министрінің орынбасары Валерий Петров пен облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов ауданның тағы да қай  аумақтары суда қалуы мүмкін екендігін тікұшақпен жүріп бақылаған. 

Қар суына қоса, Жабай өзенінің арнасынан асуы Атбасардағы жағдайды одан әрі ушықтырды.  Судың деңгейі алты метрге дейін көтеріліп, қаладағы 300-ден аса баспана мен бірнеше әлеуметтік нысанды алып кетті.  Атбасар қаласының тұрғыны Александр Урнев мұндай табиғи апат соңғы рет 2007-ші жылы болғанын айтады.

Бұл кезде Қосман Айтмұхаметов Ақмола облысын басқарған. Су тасқынына байланысты ешкім жауапкершілік арқаламады. Ал Қосман Айтмұхаметов 1 ай өтер-өтпестен Ақмола облысының әкімі лауазымынан қызметінен кетті. Белгілі болғандай, ол сол жылдың 5 маусымында өңірлік даму министрінің орынбасары болып тағайындалды.

2015 жыл 

2015 жылы 11-13 сәуір аралығында Қарағанды облысында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары мен 48 елдімекенді су басты. 2121 тұрғын үй су астында қалды, 170-і қирады. 1 711 мал өлді.

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендер жаңа баспанаға ие болды. Алайда кейіннен 346 баспана сапасыз салынғаны белгілі болды. Ауыл азаматтары күзде ғана қоныстанған үйлердің төбелерінен су ағып, қабырғалары шіріп кеткенін айтып шағымданды. Бұл уақытта өңірді Нұрмұхамбет Әбдібеков басқарған. Облыс әкімі құрылыс мердігерлері мен жергілікті әкімдіктің басшыларына қатаң ескерту беріп, өтемақы төлеуді тапсырды. Алайда өзі қызметінен босатылмады да, ескерту де алмады. Тек екі жыл өткен соң 2017 жылдың 14 наурызында республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 

2016 жыл

2016 жылы тағы да Қостанай, Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны болды. 43 елді мекендегі 513 тұрғын үйді және 190 автожолды су шайып кетті. Табиғи апаттың себебі – қар суының еріп, жиналуы.

Кейіннен Солтүстік Қазақстан облысы Шарық су қоймасындағы су деңгейі шарықтау шетіп, құтқарушылар екі ауылдың адамдарын эвакуациялады. 

Бұл жылы Қостанай облысын Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысын Сергей Кулагин, Ақтөбе облысын Бердібек Сапарбаев және Солтүстік Қазақстан облысын Ерік Сұлтанов басқарды. Аталған әкімдер елдімекендерді топансу басқанына қарамастан, орындарын босатпады.

Фото: info.homsters.kz

2017 жыл

2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенінде судың деңгейі көтеріліп, соңғы 23 жылда болмаған көрсеткіш орын алды. 2017 жылдың 25 сәуірінде облыс орталығында Есіл өзеніне жақын орналасқан кенттердегі 122, тері зауыты кентінде 115, Заречный кентінде 3 және Перминовый көшесіндегі 4 үйді су басты.

Тұрғындар топан су ауылдарын қалай басып қалғанын өздері түсінбей қалғанын айтты. 

"Қызыл су екі күннің ішінде жылдам жетті. Халық дым түсінбей қалды. Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатын су басты. Барлығы баспанадағы мүліктерді шығарып жатыр. Зайыбым мен балаларымды құтқарушылар қауіпсіз аймаққа көшірді. Үй жануарларында алып кетті. Азықтары беріліп жатыр", – деді аудан тұрғыны.

Бұл уақытта Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет атқарды. Ол тек сол кезде премьер-министр болған Бақытжан Сағынтаевтың ескертуімен құтылып кетті. Кейін сол жылдың 1 желтоқсаннан бастап Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды.

Фото: kostanaytany.kz

2018 жыл

Ақтөбеде 2018 жылы сәуірдің 15-інен бастап өзендер тасып,  Елек пен Қарғалы бойындағы Кірпішті, Заречный, Садовый, Махамбет тәрізді елдімекендер мен саяжайларға су жайылған еді. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті 644 үй мен аула тасқын су астында қалғанын мәлімдеді. Су басқан жерлерден 1 907 тұрғын эвакуацияланып, 70 адам құтқарылды. Алайда бұл жылы өңірді басқарған Бердібек Сапарбаев 2016 жылғы қателігінен сабақ алмаса да қызметінен босатылмады, тіпті ескерту де алмаған. Тек 2019 жылдың қыркүйегіне дейін қызметінен кеткен. 

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы біршама ауданды су басуына жауын-шашын себеп болды. 11 наурызда Аягөзде төтенше жағдай жарияланды. Ресми дерек бойынша, онға жуық үй қирап, тұрғындардың мүлігі мен малы зардап шекті. Аягөз бұл өңірдегі су астында қалған жалғыз аудан емес. Тек Шығыс Қазақстанда шығын екі миллиард 205 миллион теңге болды. 2018 жылы 13 наурыз күні сол кезде Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметов Өскемен қаласының әкімін қатаң сынға алды.

Сол жылы өңірлердегі су тасқыны салдарын жоюға республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге кетті. Дегенмен ешқандай әкім қызметінен кетпеді. 

Фото ашық дереккөздерден алынған

2019 жыл

2019 жылы қайтадан Ақтөбеде болған су тасқыны кезінде 1500 адам көшірілді. 71 бау-бақша серіктестігі мен қала сыртындағы үш ауылды су басып қалды. 

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов топан судың елдімекенді қалай басып қалғаны туралы айтып берді. Бұл уақытта өңірді Оңдасын Оразалин басқарған. Қызметін 2022 жылдың тамызына дейін жалғастырды. Ары қарай Оңдасын Оразалин облыс әкімі қызметінен кейін еш жерде мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. 

2020 жыл

2020 жылы 1 мамырда қалың нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылды. 

Апат салдарынан Түркістан облысында 5 ауылды су басып, 620 үй бүлінді. Мыңнан астам үй, мектеп, балабақша, аурухана және басқа да нысандар зардап шекті, толығымен қирады. 30 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Сонымен қатар Өзбекстанда Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында Өзбектанда 9 адам жауапқа тартылып, оларға қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Бұл уақытта Түркістан облысын басқарып тұрды. 

Топан судан зардап шеккен 6 210 адамның әрқайсысына уақтылы материалдық көмек беріліп, үкімет резервінен 16 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді.

Фото ашық дереккөздерден алынған

2022 жыл

2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында еріген қар суымен 185 тұрғын үй, 78 саяжай және екі әлеуметтік нысан су астында қалды. Құтқарушылар 1 165 адамды эвакуациялады. Ақтөбеде ондаған ауыл су астына кетті.

Бұл кезде де Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин болды. Аймақ басшысы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың жұмысын қатаң сынға алды. Бірақ ешқандай әкім қызметінен кеткен жоқ. 

Павлодар облысында да 196 адам эвакуацияланды.15 саяжай үйлерін су басып, республикалық және 1 облыстық маңызы бар автожолдардың учаскесінде су алды. Бұл уақытта өңірді Әбілқайыр Сқақов басқарып тұрған. Ол 2022 жылдың желтоқсанына дейін облыс әкімінің лауазамын атқарды. Су тасқынан кейін бұл әкімге сөгіс берілмесе де, келесі жылы болған Екібастұз ЖЭО апатына байланысты қызметінен босатылды.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2022 жылы су тасқыны болған өңірлер бойынша зардап шеккен тұрғындарға төлеу керек өтемақының жалпы сомасы 15 млрд теңге болған.

2023 жыл

2023 жылы ақпанда Түркістан облысындағы бірнеше аудандарда су тасқыны басталды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, өңір бойынша бір үйді су басып, 234 үйдің ауласына су кірген. Топан су кезінде 204 адам эвакуацияланды, оның 111-і бала. Айта кетейік, бұл уақытта өңірді Дархан Сатыбалды басқарды. Су тасқыны болмас бұрын премьер-министрге берген есебінде ол апат болмайды деп сендірген болатын, дегенмен қызметінен кетпеді. Әлі күнге дейін өңір басшысы болып отыр. 

2024 жыл

Биыл Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарындағы елдімекендерді су басты. Қазақстан бойынша зардап шеккендерге көмек көрсету пункттеріне 20 000 ерікті тартылды. 13 659 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5250 бала бар. 

Бұдан бөлек мемлекеттік авиацияның тартылған әуе кемелерімен 1 655 адам эвакуацияланды, оның ішінде 425 бала. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 6 034 адам, оның ішінде 2 386 бала бар. Ауыл шаруашылығы жануарларының 10 684 басы қауіпсіз жерлерге айдалды. 49 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарына қауіп төніп тұрғанын хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялап, қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. 

Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты жағдай әлі де өте күрделі екенін атап өтіп, мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды.  Оның айтуынша, бұған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Биылғы су тасқыны 30 жыл бойы ең ірі саналған 2012 және 2017 жылдардағы су тасқыны ауқымынан асып түскен. 

Дегенмен бұл жағдайларға қарамастан әлі күнге дейін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр да, министр де, өңір әкімдері де орындарын босатпады. 

Айта кетсек, 31 наурызда Абай облысы төтенше жағдайлар департаментіне Үржар ауданында 23 жастағы азамат тасыған өзенге батып кетті деген хабар түскен. Осылайша өңір құтқарушылары тасқын кезінде жоғалған төрт адамды іздестіріп жатыр. Өткен аптада Аягөз ауданында жоғалған үш адам әлі табылған жоқ. Олар өзеннен өту кезінде жоғалып кеткен. 10 сағат бойы құтқару қызметін күткен. 

Еске салайық, 2010 жылы 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні Қызылағаш су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан Қызылағаш ауылы шайылып, 45 адам қаза болған еді. Ауылда су бөгеті жарылып, 1 857 үйді су алды. Тұрғын үйлердің 631-і қирап, 23 324 мал қырылды.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.