Биыл Алматыда жер сілкінісінің жиілеуі жұрттың әбден мазасын қашырды. Тіпті 4 наурыздағы дүмпуден кейін алып шаһардағы көпқабатты үйлердің қабырғасы жарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда жер сілкінген сәтте тұрғын үй кешендерінің қабырғасы зақымданғаны жайлы әлеуметтік желіде түрлі видео тараған еді. Желіде қызу талқыға түскен әлгі бейнежазбалардың бірі "Жас қанат" ықшам ауданында түсірілгені белгілі болды. Осы орайда Stan.kz тілшісі аталған шағын ауданға барып, қабырғасы жарылған 1/12 мекен-жайындағы үй екенін анықтады. Бұл мәселеге тұрғындар да қатты алаңдаулы екенін ашық айтты.    

"Үй құлап кете ме деп, жарылып кете ме деп қорқамыз. Мұндай көпқабатты үйде тұру өте қауіпті. Кешегі жер сілкінісінде бәріміз далаға шығып кеттік. Ешкім үйінде болмады, бәрі далада жүрді. Мұндай қорқынышты үйде қанша уақыт тұратынымыз әлі белгісіз, бірақ өз басым жер үй салып жатырмын. Сол жер үйдің құрылысы аяқталған соң ата-анаммен сол жаққа көшемін. Ал мына пәтерді сатып жібереміз. Жер үй қалай дайын болады, бірден көшіп кетеміз. Мына көпқабатты үйде бір күн де тұрмаймыз", – дейді Асхат Баубеков есімді тұрғын. 

Сондай-ақ тығырыққа тірелген тұрғындар "Жас қанат" ықшам ауданындағы үйдің сырты ғана емес, пәтердің ішіндегі қабырғалар да жарылғанын жасырған жоқ. 

"Жер сілкінісінен кейін дәретхананың қабырғасы жарылған, мұндай бұрын болмаған еді. Үйдің сырты да жарылған. Мынау өте қауіпті, бір емес 4 бала-шаға бар, ата-анамыз бар, өмірімізге өте қауіпті. Қайда барарымызды білмейміз, кеше қайын ағамыздың үйіне қондық. Қабырғасы жарылған үйлерді әкімшілік қолға алу керек, шара қолдану керек деп ойлаймын. Жер сілкінгенде тек далаға шығуды ойладық. Құдай сақтасын, ертең өміріміз не болады? Бала-шаға асырап отырмыз. Бұл үйде тұру өте қауіпті. Былайша айтқанда, не істерімізді білмей отырмыз", – дейді Альмира Аубакирова есімді тұрғын. 

Дәл осы жағдайдан кейін әбігерге түскен тұрғындардың мәселесін кім шешеді? Жер сілкінісінің кесірінен қабырғасы жарылған тұрғын үйді қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстары жүргізіле ме? Біз бұл сауалды мүлік иелері бірлестігінің (ОСИ) басшысына қойдық. 

"Бұл үй бір жылдан бері біздің қарамағымызда, келісімшарт жасадық. Сол үйді қабылдаған кезде қабырғасы жарылғанын көрдік. Жер сілкінісінен кейін жарылған қабырғасы одан бетер бір сантиметрге дейін ортасы ажырады. Оның барлығын біз әкімшілікке жеткіздік, ол жақтағылар біліп отыр. Tiktok-тан да көріп отыр. Жөндеу жұмыстарын әзірге емес, күн жылыған кезге қалдырып отыр. Әкімшіліктегілердің айтуынша, демеушілерді күтіп отыр екен. Үйдің ішкі қабырғаларын көріп шықтық, көбінесе лифтінің маңайы жарылған екен. Оны біз көктемде жөндеп береміз. Ал пәтердің ішіндегі бөлмелердің қабырғасы жарылғаны туралы бізге ақпарат келген жоқ. Бізде ортақ WhatsApp чат бар. Үйге қатысты қандай да бір мәселе туындаса сол жерге жазу керектігін айтып, барлық тұрғынға ескерткенмін. Егер пәтердің ішіндегі қабырғалары жарылса, біз ТЖМ мен әкімшілікке айтамыз", – дейді Мұхит Нұров есімді жауапты маман.

Еске сала кетсек, бұған дейін эколог Мэлс Елеусізовтің алматылықтарға жер сілкінісінен аман қалудың екі нұсқасын ұсынғаны туралы материал жариялаған едік. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.