Көк түсінің функционалды- лексикалық сипатының ДӘСТҮрлі танымға негізделуі



Дата27.04.2019
өлшемі44.5 Kb.
#118593

ӘОЖ 930.25:930.5(574)
КӨК ТҮСІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫ- ЛЕКСИКАЛЫҚ СИПАТЫНЫҢ

ДӘСТҮРЛІ ТАНЫМҒА НЕГІЗДЕЛУІ
Қазақбаева К.Р.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз


Табиғаттағы неше алуан түр мен түсті, олардың реңктерін адам баласы екі түрлі жолмен танып біле алады екен. Оның бірі – ғылыми жол да, екіншісі – халықтық дәстүр, тәжірибе. Түр-түс әлемін ғылыми жолмен тану, осы құбылысты зерттейтін ғылым салаларының (колометрия, физика, физиология, психология) дамуына байланысты болса, дәстүрлік тану өмір тәжірибесіне сүйенеді. Хронологиялық жағынан дәстүрлі тану ғылыми танудан бұрын тұрады. Дәстүрлі ұғым барысында түр-түстің жалпы қасиетін, негізгі белгілерін білсек, ғылыми-теориялық зерттеу нәтижесінде олардың жай көзге көріне бермейтін нәзік реңктерін дәлдікпен белгілеуге, өлшеп, көрсетуге болады.

Түр-түстің мағыналық өрісінің кеңуі мен тарылуы әрбір халық, әрбір этностың оларға байланысты өзіндік танымы болуынан, өз тілінде ат қойып, айдар тағуынан, яғни дәстүрлілігінен байқалады. «Дәстүрлі таным» деп аталудың өзі халық болып танылғаннан бергі дүиетанымның өзін қоршаған табиғаттың түр-түсін меңгеруінің және оларды өзінде қалыптастыруының нәтижесі болып табылады.

Евразия даласын үш мың жылдан бері мекен етіп келе жатқан көшпелілердің ой-жүйесі адам мен билеуші тылсым күштің арасында қандай қарым-қатынас орнады, ол қатынастың себебі мен сипаты қандай болды деген сауалдарға өз болмысына лайық жауап іздеттірді, өз өмірінің сан-салалы белестерін толып жатқан мифтік және діни ұғымдармен көмкеріп отырған. Көшпелілер қиялы мен дүниетанымы үлкенді-кіші өз құдайын (Тәңір, Ұмай, Жер, Су) дүниеге әкелді. Байырғы діндер (шаманизм, нагуализм, зороастризм т.б.) мен наным-сенімнің (тотемизм, анимизм, түрлі культ, т.б.), сондай-ақ мифологиялық сана классикалық діндерге арқау болды, адамзат санасының әр түрлі қырын ұштауға негіз болды.

Мифологиялық таным-түсініктерді сұрыптау және оны тілдік жағынан түсіндіру қазіргі кезеңде өте-мөте маңызды. Себебі тарихи әлеуметтік тұрғыдан алғанда, тіл – мифологиялық дүние танымдық жинақталған бірден-бір көзі» [1, 62 б.].

Қазақ мәдениеттану тарихында миф мәселесі қоғамдық сананың құрамдас бөлігі, этномәдениеттің өмір сүру дағдысы, сананың дүниетанымдық негізі ретіндегі деректердің іздері Ш.А. Байт, Қ. Жұбанов, М. Сыздық, Е. Жанпейісов, А. Сейдімбек, С. Қасқабасов, Е. Тұрсынов, Қ. Құрманова, Ғ. Есім т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектерінде айтылып жүр. Қазақ тіліндегі түр-түстің мифтік сипаты бар, бұл сипат олардың мағыналық өрісі мен функционалдығына әсер етіп келеді.

Айталық, «көк» сөзіне келсек, бұл сөз түркі халықтарына ортақ. Заттық ұғымдағы көк («аспан») пен сын есім «көкті» синкретикалық түбір деп қарастырылып жүр. Аспан мағынасындағы көк сөзі мен онымен түстес нәрселердің бәрінің көк аталуы әбден мүмкін. Түркі тектес халықтардың ішінде «көк» күшейту мәнінде «көкпеңбек» болып қолданылады. Бұл «көк» пен «көк», яғни көк түске көк үстелді дегенді, көк түстің қоюланғанын білдіреді.

М. Қашқари сөздігінде «көк» атауының бірнеше мағынасы берілген: 1. негіз, түбір; 2. шылбыр; 3. аспан, көк; 4. қиындық, машақат; 5. түс; 6.қала көгі.

Бұлардың бәрі бірдей болмағанмен, кейбірі тұрақты тіркестер құрамында сақталған: көген көз, көкше көз, т.б. Көне түркі тілінде «көк» сөзінің бір мағынасы «тамыр» («корень») «көкеу» қазіргі түркі тілінде «тамырлас» ұғымын береді. Бұл «көке» туыстық атау сөзімен де байланысты. Мұндай мағына «көгі жақсы», «көгі жаман» тіркестерінде сақталған. Бұлар көне жазба ескерткіштерінде де кездеседі. М. Қашқари сөздігінде «көкең кім?» тіркесінің мағынасы «шыққан тегің қандай (кім?)» дегенді білдіреді [2, 284 б.].

«Зеңгір көк» түс адам баласы түсініп, қабылдап жүрген бояуларының ең реңділерінің бірі. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені не нәрсе де адамзаттың өзін қоршаған ортаға, табиғатқа еліктеуінен туып жатады. Ендеше аспан түстес болудың ықыласқа бөленуі әбден заңды. Сондықтан да тілімізде «көк» (аспан, тәңірі) ұғымымен байланысты айтылатын тіркестер көп. Көк сын есімі қатаң дауыссыздан басталады. Ал, қатаң дауыссыздардың қолданылуы

С.Е. Маловтың көрсетуінше, тіл құрамындағы ежелгі заңдылықтың белгісі, тіл тарихындағы өте ескі құбылыс. Тілдің тарихына көз жүгіртер болсақ, «Құтадғу білікте» түр-түсті білдіретін сөздердің лексика-семантикалық ерекшеліктеріне қарағанда, ескерткіште түсті білдіру үшін нақты сөздер қолданылған. Олардың қолданылу дәрежесі әр түрлі: қара 100-ден артық бәйітте, көк – 78, қызыл – 50, жасыл – 26, ақ - 25, қоңыр – 22, сары – 17, күлгін – 6 рет қолданылған. Негізгі мағынасында көк бір бәйітте ұшырасады.

Ал көк сөзінің аспан мағынасында қолданылуы түс атауларына қарағанда әлдеқайда жиі. Көк сөзінің мағыналық реңктері түс атауларының функционалды тұрғыдан мағыналық өзгеріске қалай түсетінін нақтылай алады. М.Оразов сөз мағынасын объектив дүниенің жалпыланған, дерексізденген бейнесі екенін айта отырып, кейбір түстің, оның ішінде көк түстің мағыналық-функционалдық қырларын былайша ашып береді: 1. ашық аспан тәріздес түс; 2. қаулап өскен шөп; 3. жеміс-жидек, көкөніс. Сондай-ақ бұл сөздің жас, буыны қатпаған деген мағынада да қолданылады [3, 153 б.].

Көк – киелі түс. Бұл оның барлық мағынасымен тіркесетін сөздердің барлығы да наным мен сенімнің, кие тұтудың салдарынан туғанына нұсқайды. Көк сөзі және оның тіркесімдеріне қарағанда, олардың әр біреуінің шығу, тіркесуінде көне заманғы шамандық түсінік сезіледі. Айталық, көк тіреу тіркесі мағынасында жаратылыстың сыры, көкке табыну мағынасы сезіледі: Бір мүйізің көк тіреп, бір мүйізің жер тіреп, т.б. Көкпен келетін тіркесімдерде киелік мән-мағына сақталады. Көкке қолын жайып,



Кеудесі жарық, Көк ана

Көк тәңірі көзіңді аш,

Көк айрылып күн шық!..

Тас жарылып, су шық!

Жер жарылып, көк шық!

Қуыс керіліп, жел соқ!

Желін жарылып, сүт шық!...

Көк тәңірі ежелгі түркілер үшін аспан, ұлы, биік, құдірет, құрметті мағынасына жақын ұғынылған. Көк тәңірі мен көк бір-біріне синоним болып шыққан, бертін келе «көк» сөзі субстанцияланып, «тәңірі» сөзінің анықтағышына айналған. Бұл екі сөздің түпкі мағынасында семантикалық ұқсастық күшті болған, сөйтіп осы сөзден тарайтын туынды сөздер, туынды мағыналардың бәрі бір функционалды-семантикалық өріске шоғырланған, – дейді профессор А.Б. Салқынбай [4, 24 б.].

Көк – зат есім және көк – сын есім, көгер етістігі, фонетикалық өзгеріспен жұмсалатын көкпеңбек сияқты кіріккен сөз – бәрі де көк сөзінің функционалды-семантикалық өрісін құрайды. Тарихи семантикасымен көк тәңіріден (Күлтегіндегі: Биікте Көк тәңірі Төменде қара жер жаратылған) [80, 40 б.] дегендегі) кейінгі орында келетін көк бөрі сөзі көк сөзінің функционалды-семантикалық өрісінің бір қанатын, оның өзінде де белсенді бөлігін құрайды. Көк бөрі – бөрі тайпасы, бөрі үйірі, көк шулан, көк шулан қасқыр, көкжал, көкжал қасқыр, көк сұр қасқыр, т.б. мағыналық қатар жалғаса береді. Егер функционалды-семантикалық өрістің өзге бір өріспен шектесетінін ескергенде, көк-сұр-дан өрістейтін мағыналық өріс жеке бір микроөріс болумен бірге көкбет сөзі арқылы келесі бір өріс бірліктерімен (адаммен байланысты) мағыналық байланыс жасайды.

Көк сөзінің символдық мәні функционалды-семантикалық өрістің бір қанатын құрайтыны сөзсіз. Айталық, Оғыз қағанның балаларының аты Ай, Күн, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз болса, онда да Көк тәңіріне сыйыну байқалады.

Көк сөзінің қазіргі түсінікте болуға тиіс емес мағыналары көне мұралардан табылады. Айталық, көгілдір түс атауы: Ертеде күндердің бір күні Ай қағанның көзі жайнап бір ұл тапты Сол баланың жүзі көгілдір дегенде де, киені қасиеттеу, символдық сипат анық көрінеді. Я болмаса, аспаннан көк нұр түсті Күннен де шұғылалы, айдан да сәулелі екен деген мысал да көктің мағыналық өрісінің тарихи сипатын көрсеткенмен, қазіргі қолданыс аясымен жиілігіне қарағанда бұл тіркесімдердің өрістің шеткі перифериясына тән екенін байқау қиын емес. Ал көзі көктен көкшірек дегенде көкшірек мөлдір ұғымын, таза, кіршіксіздікті білдіреді. Келесі көзі көкшірейіп дегенде, бұл жағымды мағынасынан айрылып, өзге мағыналық реңкпен айтылады. Көзі көкшірею, көзін көкшиту – ашулануды және аузын аңқитып кету дегенді білдіреді. Символдық мән көк киік, көк құс тіркесімдері арқылы да жеткізіледі [4, 24 б.].

Көк түсінің қолданыс өрісі кең. Сондықтан көк түсіне байланысты жинастырылған тілдік материалдарды қолданыс орнына қарай, атап айтқанда, ономастикалық атаулар құрамында келуі, мақал-мәтелдерде кездесуі, т.б. зерттеуді қажет етеді. Жалпы алғанда, қазақ тіліндегі жер-су атауларында, гидронимдер мен ойконимдер құрамындағы түр мен түстің көп болуы қызықты құбылыс және өз алдына болашақта жеке зерттеуге лайық дүниелер. Мұралар тілінен, соның ішінде ауыз әдебиетінен де түр-түске байланысты мол материал жинауға болады, болашақта бұл бағытта да жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ емес. Яғни түр-түс атауларын зерттеудің перспективасы, болашақ бағдары сан қырлы, сондықтан бұл бағыттағы зерттеулерді тереңдету, әр бағытта ізденістер жасау қажеттігі сөзсіз.


Әдебиет


  1. Бекежанов О. Мифтің қоғамдық санадағы мәні мен қызметі. – Алматы, 1999. – 186 б.

  2. Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект: филол. ғ. д. дисс. – Алматы, 1999. – 309 б.

  3. Қашқари М. Девону луғат-ит түрк. – Тошкент, 1963. – 2 т. – 284 б.

  4. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. – Алматы: Рауан, 1991. – 212 б.

Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Ғалым а. ҚЫраубаева зерттеулеріндегі алтын орда кезеңі мен түркі тілді әдебиет
Dulaty2014 -> Тараз қаласының МӘдени тарихы көшербаева А. Ж., Иманбекова Г. М
Dulaty2014 -> Қытай деректемелеріндегі қазақ тарихының Өзекті мәселелері шолпанқұлова Қ. А
Dulaty2014 -> Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 930. 1: 929 М. Х. Дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи танымдық деректер
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі
Dulaty2014 -> М. Х. Дулат шығармасындағы сопылық таным көріністері мырзахметұлы М
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 297 МҰхаммед хайдар дулати «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі ислам дініне деген сенімі
Dulaty2014 -> Әож 342. 22: 323 тараз аймағындағы архитектуралық ескерткіштер тарихы
Dulaty2014 -> Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет