Қазан қаласына жұмыс сапарымен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуінде екіжақты қатынастардың дамуына тоқталған. Сонымен қатар көрші елде 17 наурызда өтетін президент сайлауы туралы айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақорда таратқан ақпаратқа сүйенсек, мемлекет басшысы Қазан қаласында алғаш рет өтетін "Болашақтың ойындары" халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне арнайы шақырумен барған. Тоқаев Путинмен кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.

“Бұл – біздің жаңа жылдағы алғашқы кездесуіміз, Владимир Владимирович. Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей Сіздің беделді басшылығыңызбен таңғаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде, сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызға және сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар”, – деген Тоқаев.

  • Ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысына жауапкершілікпен қарайды – Тоқаев мемлекеттік қызметтегі гендерлік теңдік туралы
  • Тоқаев Макронға екі тазы күшігін сыйға тартты

Ал Путин өз сөзінде былтыр Ресей делегациясының  Қазақстанға сапары сәтті болғанын айтқан.

“Біз алдағы даму бағыттарын айқындадық. Әріптестерім маған энергетика, инвестиция және өңірлердегі жұмыстардың қазір қалай жүріп жатқанын баяндайды. Мұның бәрінде жалпы екі ел, жекелеген аймақтар және тұтас салалар үшін өзара мүдде көзделеді, – дейді Ресей президенті.

Бұған дейін Тоқаев президенттік жастар кадр резервінің форумында мемлекеттік қызметтегі командамен ауысу тәжірибесін сынға алған.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.