Алматылық жеке компания өкілдері банк терминалына салынған ақшаның дұрыс есептелмей қалғанын айтып, шағымданды. Компания өкілдерінің сөзінше, олар терминал қатесінің кесірінен 1 миллион теңгеден қағылған. Ал банк өкілдері ешқандай қате болмағанын айтып, қаржыны қайтарудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“А2 Invest" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері автоматтандырылған депозитарлы машина арқылы заңды тұлғаның шотына 26 миллион 595 мың теңге аударыпты. Алайда есепшотқа тек 25 миллион 595 мың теңге түскен екен. Терминал қатесінің кесірінен 1 миллион теңгеден қағылған компания өкілдері бірнеше айдан бері бұл мәселенің шешімін таба алмай келе жатқанын айтып отыр. 

"Мұндай мәселе бірінші рет болып тұрған жоқ. Бұған дейін де дәл осы терминалға салынған қаражат шотқа толық көлемде түспеген. Мәселен, 2023 жылғы 15 қыркүйекте қызметкер компания шотына 10 миллион теңге аударған. Алайда шотқа тек 9 820 000 теңге түсті. Тағы да 180 000 теңге терминалдың ішінде қалады. Бұл жолы да Halyk bank ақшаны қайтарудан бас тартты", – дейді редакцияға жүгінген компания өкілдері. 

Аталған келеңсіз жайттан кейін компания қызметкерлері банке шағымданып, 9 миллион 180 мың теңгені қайтаруды талап етіпті. Дегенмен тиісті тексеріс жүргізген соң Halyk Bank "терминалда ешқандай ақау болмағанын және қаржы толықтай шотқа түскенін" мәлімдепті. 

“Терминалдың сейф бөлігіне инкассация жасалған кезде артық купюралар анықталған жоқ. Есепшотты толтыру операцияcы сәтті жүзеге асты. Қаржы көрсетілген шотқа толығымен аударылған. Осыған байланысты "Қазақстан Халық Банкі" АҚ Алматыдағы бөлімі 1 118 000 теңгені қайтару жөніндегі шағымды қанағаттандыра алмайды", – делінген банктің жауабында. 

Компания өкілдерінің шағымынан кейін тілшіміз Halyk Bank-тің баспасөз қызметіне бұл жайт бойынша ресми сауал жолдады. Бірақ банк өкілдері тексеріс қорытындысына сілтеп, қаржыны есептегенде қате болмағанын хабарлады. 

"Бұл факті тергеліп, бейнебақылау камерасының жазбалары қаралды. Тергеу кезінде автокассаға салынған ақша есепшотқа түгел аударылғаны анықталды", – делінген банктің ресми жауабында. 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.