Алматыдағы көп қабатты үйлерде тұратын тұрғындардың басым бөлігі жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын білмеген. Сасқанынан далаға қарай ұмтылғандар тезірек қауіпсіз жерге жетуді ойлаған. Ал жоғарғы қабатта баспанасы бар азаматтардың кейбірі, тіпті сұмдық жағдайдан кейін басқа жаққа көшу туралы шешім қабылдапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентті Информбюро 31 телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Әлі тербеліп тұрған сияқтымын. Өте қорқынышты болды. Мұндай тербелісті бірінші рет көрдім. Біреу жеңіл аяқ-киіммен, көрпесін орай салып, бала-шағасын ілестіріп атып шыққан. Өте қиын жағдай", — дейді қала тұрғындарының бірі. 

Ал жоғарғы қабатта тұратын тұрғын осы оқиғадан кейін пәтерден көшу туралы шешім қабылдағанын айтты. 

 

"Біз 19-қабатта тұрамыз. Өте қатты сезілді. Терезеден қарап едік қаланың көрінісі тіпті жүректі ұшырды. Бірден балаларды көтеріп, баспалдақпен төмен түстік. Ешқандай құжат та алмадық, қаланың сыртына кетіп қалдық. Үйге енді келіп жатырмыз, чемодандарды жинап, басқа жаққа көшеміз, өйткені мұндай жағдайды бастан өткеру өте ауыр", — дейді ол. 

23 қаңтарда Алматыда жер сілкінді. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады.

Ал төтенше жағдайлар департаменті алдағы уақытта қуатты зілзала болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ екенін айтты. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.