Лекция конспектілері тақырып: Курстың пәні мен мақсаты. Қазақстан территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыс және оның ыдырауы. Сақ тайпаларының қоғамдық – саяси құрылысы


Тақырып: Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттерінің, Найман және Керей ұлыстарының қоғамдық-саяси құрылысы



жүктеу 0.66 Mb.
бет2/4
Дата19.09.2017
өлшемі0.66 Mb.
түріЛекция
1   2   3   4

6 Тақырып: Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттерінің, Найман және Керей ұлыстарының қоғамдық-саяси құрылысы
Түрік қанағаттарынан соң Қазақстан территориясында Қарлұқ мемлекеті (756-940), Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғ-ң басы), Қимақ қағанаты (ІХ-ХІ ғ-ң басы), Қарахан мемлекеті (942-1210), Қарақытайлар мемлекеті (1228-1213), Найман жөне Керей ұлыстары, Қыпшақ хаңдығы (XI ғ-ң басы - 1219) сияқты мемлекеттер өмір сүрді. Бұл мемлекеттерді түрік қағанаттарының заңды жалғасы деуге болды. Себебі түрік қағанатындағы халықтар кейіннен осы мемлекеттердің құрамына кірді. Олардың қоғамдық-саяси құрылысы, шаруашылығы мен тұрмысы, мәдениеті, діни наным-сенімдері де ұқсас болды. Түргеш, сонан соң Қарлұқ қағандықтары кезінде Қазақстанға ислам дінін таратушы араб әскерлері кірді. Қарахан мемлекетінде ислам мемлекеттік дінге айналды.

Қарлұқ қағандығы (756-940) VIII ғасырдың ортасында түргештердің орнын басу үшін қарлұқ тайпалары мен оғыздардың күресі нәтижесінде пайда болды. Бұған дейін қарлұқтар Монғолия жерінде тұрған еді. 766 жылы Жетісу қарлұқтарға қарады. Сонан кейін қарлұқтар шекарасын шығыста Қашғарға, оңтүстікте Ферғанаға дейін созды. Қарлұқтардың мемлекетінің құлауына ішкі тартыстар және сыртқы жағдайлар себеп болды.

Қарлұқ мемлекетінің басшысын алғашында жабғу, кейінірек қаған деп атады. Қарлұқтардың мемлекеттік құрылысы ұлыстық-тайпалық сипатта болып, орталық билігі күшті болмады. Жабғудың билігін ірі тайпалардың басшылары жүре тыңдады. Керісінше тайпа басшылары өздерінің тәуелсіз болуы үшін әрекет етті. Керек десеңіз тайпа көсемдерінің артықшылық құқықтары мұраға беріліп отырды. Орталықтың нашар болып, аймақтардың мықты болуы қарлұқ қағандығының құлауына себеп болды.



Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғ-ң басы) тайпалары ІХ-Х ғасырларда оғыз тайпаларының одағы құрылды. Оғыздар 24 тайпадан тұрды. Өз ішінде оғыздар әрқайсысы 12 тайпадан тұратын екі бөлікке бөлінді. Бузуктарға және ұшықтарға бөлінді. Оғыздар Сырдарияның төменгі ағысынан Еділдің төменгі ағысына дейінгі жерде көшіп қонды. Астанасы Сырдарияның бойындағы Жаңакент қаласы.

Оғыз мемлекетінің басшысы жабғу деп аталды. Жоғары билік мұраға қалдырылады. Жабғудың құл-еркін деп аталатын орынбасарлары болды. Жабғуды тайпа өкілдерінен тұратын кеңес сайлады. Оғыз әскерлерінің қолбасшысын сюбашы деп атады.

Оғыздардың басшыларының қатаң салық саясаты халықтың наразылығын тудырды. Бір жағынан селджуктердің, екінші жағынан қыпшақтардың соққысынан оғыздардың мемлекеті XI ғасырдың басында құлады.

Қимақ қағанаты (ІХ-ХІ ғ-ң басы). IX ғасырда Алтай мен Сырдария аралығындағы көптеген тайпаларды біріктірген Қимақ мемлекеті пайда болды. Бұл мемлекеттің саяси ядросы шығыс Қазақстан жерінде тараған имақ (қимақ) тайпасы болды. Қимақ одағы алғашында 7 тайпадан тұрды. Кейінірек 12 тайпаға жетті. Қимақтар бірлестігі конфедерациялық мемлекет болды.

Қимақтардың басшысын алғашында шад-тутук, онан кейін жабғу, қаған деп атады. Қағанның қолында біршама билік болды. Ол тайпаларға өз өкілдерінен басшылар тағайындады. Соңынан қимақтардың 11 тайпаларының басшылығы мұраға қалдырылды. Осылай ұлыстық-тайпалық жүйе қалыптасты. Мұның өзі жергілікті тайпа басшыларының сепартизмін күшейтті. Олардың кейбірі орталық билікке жартылай бағынған хандарға айналды да ыңғайлы кезде мемлекеттік билікті тартып алуға бейім тұрды.

XI ғасырдың басында Қимақ конфедерациясындағы қыпшақ тайпаларының күшеюіне байланысты қимақ мемлекеті құлады.

Қазақстан мен Орта Азияда терең із қалдырған елдің бірі Қарахан мемлекеті. Мемлекеттің негізін салушы Сатук Богра хан (915-955). Қарахан мемлекеттің шекарасы шығыста Қашқарға, оңтүстікте Мавереннахрға, солтүстікте Балқаш көліне, батыста Хорезмге дейін созылып жаткан ірі ел болды.

Мемлекет көптеген ұлыстарға бөлінді. Ұлыс басылары үлкен кұқықтарға ие болды, тіпті өз аттарынан монета шығарғандары да болды.

XI ғ. 30-жылдарында мемлекет екі бөлінді. Батыс хандығының орталығы Бұқар болып оған Мавереннахрдан Ходжентке дейінгі жерлер қарады. Шығыс хандықтың астанасы Баласағұн болып, оған Тараз, Шаш, Испиджаб қалалары, Ферғана, Жетісу және Қашғар өлкелері қарады.

Қарахан мемлекеті бір жағынан сельджуктердің, екінші жағынан қарақытайлардың шабуылынан құлады.

Қарахан мемлекеті бұрынғы мемлекеттік құрылымдардан біршама ерекшеленеді. Мұнда әскери басшылық әкімшілік басшылықтан бөлінді. Мемлекеттің әкімшілік құрылымы көп сатылы (иерархиялы) принциппен құрылды.



Мемлекеттің жоғарғы билеушісінің құрметті атағы Арслан (арыстан) және Боғра (бура) деп аталады. Зерттеушілердің айтуынша Арслан ханның атағын шығылдардың билеушісі, ал Боғра ханның атағын яғмалардың көсемі алды. Бұл екі тайпа Қарахан мемлекетіндегі саяси биліктің негізі болды. Арслан қарахан ең жоғарғы билеуші болған. Оның резиденциясы Баласағұнда болған. Ал Боғра қарахан қосшы билеуші болған. Арслан қарахан өлсе, оның орнына Боғра қарахан отырып Арслан қарахан атағын алатын болған.

Бүкіл елдің әскери, әкімшілік және шаруашылық жұмыстарын басқаратын лауазым иелері бұғырыш, обғұ, туксин сияқты үш жүйеге жүктелді. Хан сарайындағы (агшаратындағы) қызметтердің белгілі штаты болды. Субаш (қолбасы), бек, ұлыққажин (бас кеңесші), ялауаш (елші), батықшы (хатшы), кабих (сарай күзетінің бастығы), хорұқшы (есіккүзетшісі), ағшы (қазынашы), аспаз т.б. болды.

Қалалар мен қыстақтарды мехторлар, әкімдер және райыстар басқарды. Пошта бастығын-саһипбарида, салықшылар бастығын — мустауфа деп атады.

Осындай толып жатқан қызмет атаулары қарахан мемлекетінде дамыған мемлекеттік ақпарат пен органдардың болғандығын көрсетеді.

Қарахан мемлекеті арқылы Ұлы Жібек жолының негізгі бағыттары өтті. Мұның өзі сауда мен мәдениеттің, өнер мен ғылымның жалпы феодалдық шаруашылықтың қарқындап дамуына әсер етті. Ислам діні мемлекеттік дінге айналды.

Хан өзінің туыстары мен жақындастарына аймақтар мен қалаларды сыйға тарта алды. Мұндай сыйлықты "икта", ал сыйлық иесін "иктадер" деп атады. Ханның келісімімен "иктадерлер" өзіне сыйға тартылған жерлерден бұған дейін мемлекет пайдасына алынатын салықты өздерінің пайдасына жинауға құқық алды.



Қыпшақ хандығы (XI ғ-ң басы - 1219). XI ғ-ң басында Қимақ қағандығы құлаған соң, саяси билік қыпшақ тайпаларының қолына өтті. Сөйтіп қыпшақ хандығы қимақ қағанатының жалғасы іспеттес болды. Қыпшақ орасан үлкен территорияны алып жатқан халық (этнос) ретінде қалыптасты. Қыпшақ даласын Дешті-Қыпшақ деп атады. ХІІ-ХПІ ғасырларда қыпшақтар мейлінше күшейді. Олар Ертістен Жерорта, Қара теңізге дейін жетті. Оңтүстікте Хорезм мемлекеті мен Кавказға дейін жетті. Осы кезеңде түркі тілдес тайпалардың басым бөлігі "қыпшақтар" деп аталды.

Дешті-Қыпшақ екі қанатқа бөлінді. Батыс қыпшақтары Еділден батысқа қарай созылған жерлерді жайлады. Оларды тоқсаба руынан шыққан әулет биледі. Шығыс қыпшақтары Ертіс пен Еділ өзендері арасын жайлады. Мұнда елбөрілі руынан шыққан әулет биледі.

Қышпақ қоғамындағы жоғары мемлекет билеушісі хан болды. Хан әскери және азаматтық билікті қолында ұстады. Ханның ставкасы Орда деп аталды. Ханның билік етуші аппараты көп сатылы басқару органдары арқылы мемлекетті басқарып отырды. Оң қол деп аталған батыс қыпшақтарының орталығы Жайық өзенінің бойындағы Сарайшық қаласының орнында болды. Сол қанат немесе Шығыс қыпшақтардың орталығы Сығанақта орналасты. Хандықтың орталығы — хан ордасы Торғай даласында көшіп қонды.

Ханнан кейін тархан, басқақ, бек т.б. лауазым иелері болды. Оларды хан тағайындайтын.

Қыпшақ мемлекетінде әскердің ролі ерекше болды. Ру-тайпа басшылары өз дәрежесіндегі әскер басшылары болып есептелді.

Қыпшақ қоғамында әлеуметтік жағынан теңсіздік орын алды. Малға, өндіріс құралдарына жеке меншік болды. Мыңдаған, тіпті он мыңдаған малы бар мал иелері — хан билігінің экономикалық негізі болды. Жерге заңды бекітілген жеке меншік болмаса да мол мал иелері — байлар жайылымдарды меншіктенді. Жайылымдар мен суарымдар, көшіп-қону бағыттары қыпшақ хандары мен тайпа көсемдерінің құқығымен белгіленіп отырды.

Қыпшақ хандығының тарихи сахнадан кетуіне моңғолдардың шапқыншылығы себеп болды.

Наймандар мен керейлердің ұлыстары Алтай, Ертіс, Монғолия жеріне созылып жатты. Наймандар мен керейлер қатар жатқан көшпелі тайпалар. 840 жылы Ұйғыр мемлекеті құлаған соң, наймандар мен керейлер күшейе бастады да көшпелілер конфедерациясының құрылуы басталды. Алғашында наймандар мен керейлер бірге болған. Олардың бірлескен ханы далай — хан деп аталды. 1092 жылы керейлер мен наймандар Ляо империясының құрамына еніп, оның құрамында 1125 жылға дейін болды.

1125 жылы керейлер, 1143 жылы наймандар өздерінің тәуелсіз хандықтарын құрды. Керей хандығы ванхан деген атаққа ие болған Тоғарылдың кезінде, наймандар Таян ханның, Бұйрық және Күшлік ханның кезінде нығайды.

Керейдің ханы Тоғарыл (1171-1203) қытаймен жақсы қатынаста болып, Шыңғыс ханның нығайуына көп жәрдем берді. Бірақ кейін өзі Шыңғыс ханның әскерінің соққысынан қирады.

Наймандардың ханы Таян және оның ұлы Күшлік хан да монғолдармен соғысты. Шыңғыс хан әскерінен шегінген Күшліктің әскері 1212 жылы Жетісуға басып кіріп қара-қытайлардан билікті тартып алды. Күшлік ханның билігі Шығыс ханның әскері 1218 жылы Жетісуға басып кіргенше созылды.

Наймандар мен керейлердің саяси құрылысы ұқсас болды. Олардың мемлекеттері басында тікелей атадан балаға мұраға беріліп отыратын хан отырды. Ру-тайпа басшыларын хан тағайындады. Қоғам өмірі мейлінше әскерилендірілді.

Керейлер мен наймандардың шаруашылығының негізгі түрі көшпелі мал шаруашылығы болып, малға жеке меншік болды.



6 Тақырып: Шыңғыс хан империясының саяси жағдайы және ұлы жасақ (ясы) заңдары
XII ғасырда бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, дүниежүзінің тарихи-географиялық жағдайын күрт өзгерткен ірі оқиғалар болды. Бұл өзгерістер Шыңғыс ханның (1156-1227) басшылығымен құрылған монғол империясының дүниеге келуіне байланысты. Шыңғыс хан 1206 жылы император болып жарияланды. Мемлекеттің басты кәсібі жаулаушылық саясатын жүргізу болды. Асқан қолбасшы, шебер ұйымдастырушы дүниежүзін түгелдей жаулап алып әлемдік империяға құруға ұмтылған Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары әлемнің үлкен бөлігін басып алды. Монғол әскерлері Қытайды, Кореяны, Сібір халықтарын, Керей және Найман хандықтарын, Қыпшақ хандығын, Хорезм мемлекетін, Ауған, Иран, Кавказды, Орыс жерлерін, Шығыс Еуропа мемлекеттерін түгелдей жаулап алып жермен-жексен етті. Монғолдар жаулаған жерлерде Шыңғыс ханның ұрпақтарының билікте болуы ресми заңдастырылды. Басқа әулеттің билікке қол созуға құқығы болмады. Артықшылықпен пайдаланатын Шыңғыс әулетінен тараған ұрпақтар жалпы ақсүйек-төрелер, ал ру-тайпа басындағыларын сұлтандар деп атады. Тіпті ол мемлекеттер бытырап бөлініп қайта құрылған жағдайда да басқа ақсүйек емес әулеттер билікке келе алмады. Мұның екі себебі болса керек. Біріншіден, Шыңғыс ұрпақтарының ел билеу дәстүрі зорлықпен және насихатпен қоғамдық санаға сіңіріліп дәстүрге айналды. Екіншіден, мұндай дәстүрді бұзу арқылы билік басына келген бөтен әулеттерді Шыңғыс тұқымдары қатаң жазалап жойып жіберіп отырды. Тіпті құдіретті Әмір Темірдің өзі бұл дәстүрді қатаң сақтап "хан" деген лауазымды алмай "әмір" атағымен шектеліп, жанында Шыңғыс ұрпағынан хан ұстады. Оның үстіне Әмір Темір Шыңғыс әулетіне күйеу— гураган атағын алған және өзін Шыңғыстың жолын жалғастырып, оның империясын қалпына келтіруші санады.

Монғол үстемдігі орнаған территорияларда Шыңғыс ұрпақтарының ел билеу дәстүрі берік сақталып келді. Қытайда болсын, Иран мен Орта Азияда болсын Шыңғыс ұрпақтары ел билеу дәстүрін және жаулаушылық саясатын онан әрі жалғастыра берді.

Мәселен Қазақстан жерінде орнаған мемлекеттерден олар тарихи сахнадан кеткенше Шыңғыс ұрпақтарының мемлекет басқарғанын көреміз. Қазақстан жеріндегі мемлекеттерге Шығыстың үлкен баласы Жошы ханның және екінші ұлы Шағатайдың ұрпақтары билік құрды.

Шыңғыс хан көзінің тірісінде өзі жаулап алған жерлерін үлкен әйелінен туылған төрт ұлына бөліп берді. Бұл жерлер ұлыстар деп аталды. Үлкен ұлы Жошының ұлысына Ертіс өзенінен батысқа қарай монғолдардың атының түяғы жеткен жерлер берілді. Сонда Шығыс, Орталық, Батыс Қазақстан немесе еліміздің көпшілік бөлігі Жошы ұлысына кірді.

Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға Жетісу, Сырдарияның бойы және Мавереннахр берілді. Үшінші ұлы Үгедейге батыс Монғолия мен Тарбағатай өңірі берілді. Кіші ұлы Төлеге шаңырақ иесі ретінде Монғолия және Қытай берілді.

Сонда Қазақстан территориясы түгелге жуық негізінен Жошы мен Шағатай ұлысына қарады, Шығыс Қазақстанның аз ғана бөлігі Үгейдей ұлысына кірді.

Жошы ұлысының мұрагері оның ұлы Бату хан болды. Бату хан Шыңғыс ханның жорықтарын жалғастырып орыс князьдарын, Чехословакия, Польша, Венгрия, Югославия, Румыния жерлерін басып алып Адриат теңізіне жетті. Осы Ұлан байтақ жерде Батудың 1242 жылы негізін салуымен Алтын Орда атты алып мемлекет дүниеге келді.

Шығыс ханның жаулап алған территориялары алғашқы кезеңде бір мемлекет болып есептелді. Мемлекетті елдің астанасы Қарақорымда отырған Ұлы хан басқарды. Шыңғыстан кейінгі ұлы хан оның өсиеті бойынша сайланған Үгедей (1227-1241) болды. Онан кейін Күйік (1242-1248) (1246 жылға дейін оның шешесі Турака регент болды), онан соң Мөңке (1248-1260), Құбылай (1260-1295), Ұлы хан болды. Ұлыханды Шыңғыс ұрпақтарынан тараған ұлыс басшылары, ірі қолбасшылар мен Шыңғыстың басқа да ұрпақтарының Ұлы Құрылтайы (жиналысы) сайлады. Ұлы Құрылтай Шыңғыс империясының ең жоғарғы органы болды. Ұлы Құрылтайды өткізуге дайындық аса жауапты түрде жүргізілді. Онда Шыңғыс ұрпақтарының арасында билік үшін үлкен күрес жүргізілді. Мәселен 1242 жылғы Ұлы Құрылтайға Европаны жаулауды тоқтатып қайтып келе жатқан Батуды әдейі күтпеді. Себебі Ұлы хандыққа Батудың өзі немесе оның жақтасы етіп кетуі әбден мүмкін еді. Оның есесіне Бату хан өз Ұлысы Алтын Орданың негізін салды. Дегенмен ол Ұлы ханға бағыныштылығын сақтады. Батудың қолдауымен Ұлы хан болып Күйіктен соң Мөңке сайланды.

Алып империяны бір орталықтан басқару мүмкін болмады. Біртіндеп ұлыстар өз билігін қолдарына алды.

Шыңғыс ханның заңдары ұлы жасақ Шыңғыс ханның осыншама үлкен жерлерді басып алып, оны ұстап тұруында және оның ұрпақтарының бірнеше ғасырлар билікті қолда сақтауында, оның шығарған заңдары Ұлы жасақтың (ясының) ерекше ролі болды. Ясак, жасақ немесе заңдар Монғол мемлекетінің күре тамыры болды. Шыңғыс хан заңдары Ұлы жасақ деп аталды. Ұлы жасақ биліктен және жасақтан тұрды.

Заңның Ұлы "Жасақ" (ясак, ясы) деп аталуы моңғолдардың қоғамының әскериленген қоғам болуына байланысты деуге болады. "Жасақ" дегеннің өзі осы күнге дейін әскер, құрама деген ұғымды білдіреді.

"Ұлы жасақтың" бірінші бөлімі "Билік" мемлекет басқару ісіне арналған. Екінші бөлімі "Жасақ" жалпы тәртіпке және әскери құрылысқа арналған. Монғол империясы бір орталыққа бағынған, темірдей тәртіпке негізделген, көп сатылы басқару органдары бар мемлекет болды.

"Ақылдылар мен жігерлі жастарды әскерге бек (бастық) еттім; пысықтар мен жылдам қимылдайтындарды қолдарына қажетті нәрселерін беріп табындарға бастық еттім; ақылы аздауларға қолына кішігірім қамшы беріп қойшы қылдым" делінген Шыңғыс заңдарында.

"Аспандағы құдіретгі Құдайдың дем беруімен жеңімпаз күш беріліп, жерде игілік орнады, той мен сайрандау орын алды. Мұнан кейін де бес жүз жыл, мың жыл, он мың жыл менен туған ұрпақтар халыққа жағымды Шынғыс ханның осы юсуны мен "жасағын" өзгертпесе аспаннан оларға әрдайым күш пен көмек келіп, Жаратушы оларға игілік береді, адамдар олар үшін жалбарынады, ал олар мәңгілікті болып және молшылықтың рахатын көреді" деп Шыңғыс хан өзінің және ұрпақтарының билігін мәңгі етуді заңдастырды. Ол үшін мемлекетте жақсы жұмыс, қатандық пен бекемдік болуы қажет деп көрсетті.

Онан кейін көп мемлекет басшылары шығып жасақ сақталмаса, мемлекет шытынап жарылады да Шыңғыс ханды қайтып іздегенмен таба алмайды деп өсиет етті.

"Билікте" қолынан іс келетін адамдарға жағдай жасалды. Оның 4-бабында "өз үйін басқара алатын кез келген адам ұйымды, мекемені де басқара алады, белгілі шартқа орай он адамды ұйымдастыра алған адамға мыңдықты да беруге болады және түменді де ол жақсы ұйымдастыра алады" (Түмен-онмыңдық).

Он адамды ұйымдастыра алмаған бектің әйелі де, балалары да кінәлі, оның орнына сол ондықтан басқа адам сайланады. Осылай мыңбасы және түменбасы жөнінде де болады.

Адамдардың ақыл-ой, қабілетін бағалай білген Шыңғыс хан "Үш адамды тыңдатып келістірген кез келген сөзді басқа жерде де айтуға болады", дейді "Билікте" (7-бап).

"Жасақтың" тәртібі бойынша жасы үлкен кісіге келген адам алдымен сөз бастамай, оның сөз бастауын күтуі тиіс.

Шыңғыс хан заңдарында әскерге ерекше көңіл бөлінді. Бүкіл халық қаруланған әскер түрінде болды. Әрбір ер адам сирек кездесетін жағдайда болмаса әскери міндетті болды (15-бап). Ал әскерге алынбай қалған ер адам белгілі уақыт ақысыз мемлекетке қызмет атқарды (17-бап). Соғыс жағдайында бірде-бір жауынгердің рұқсатсыз шегінуге құқы болмады. Темір тәртіпке негізделген отрядтар соңғы адамы қалғанша соғысуға тиіс болды.

Империя әскері орта, сол қанат және оң қанат болып сап түзеді. Әр топ он мыңдаған тіпті жүз мыңнан аса адамнан тұрды. Әр топтың (қанаттың) басшысын Шыңғыс ханның өзі тағайындады. Әскер ондық, жүздік, мыңдық, түмен сияқты бөліктерге бөлінді. Оларды онбасы, жүзбасы, мыңбасы және түменбасылар басқарды. Бейбіт кезде түменбасылар "әскери генерал-губернатор" сияқты азаматтың билікті де жүргізді. Мыңбасы мен жүзбасылар да осындай міндеттер атқарып белгілі аумақтарға басшылық етті.




7 Тақырып: Моғолстан, Әбілхайыр хандығы және Ноғай ордасының саяси құрылысы
Шағатай ұлысының Қазақстан территориясында өмір сүрген мемлекеттерінің ірісі — Моғолстан. Бұл мемлекет XIV ғасырдың ортасы мен XVI ғасырдың басында өмір сүрді. Моғолстанның орналасқан территориясы Оңтүстік Шығыс Қазақстан және Қырғызстан (Жетісу және Тянь-Шань). Сондай-ақ Моғолстанға Шығыс Түркістан-Қашғар өлкесі де кірді. Моғолстанда түрік тайпалары және түркіленген монғолдар өмір сүрді. Моғолстанның шекарасы үнемі өзгеріп тұрған. Оның территориясының аумағы туралы Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: "Моғолстанның ұзындығы мен көлденеңі жеті-сегіз айлық жол. Оның шығыстағы шекарасы қалмақтардың жері Барс-көлге, Емел және Ертіске тіреледі, батыста Түркістан мен Ташкентпен шекараласады, оңтүстікте Ферғанамен, Қашғармен, Ақсумен, Шалышпен және Турфанмен шекараласады". М.Х.Дулати Моғолстанның оңтүстік шекарасының өзі аттылы адамның орташа жүрісімен үш ай уақытты алатынын және онда тоқсан тұрғылықты жерлер бар екенін жазады.

Моғолстан атауы моғол этнонимінен шыққан. Моғол деп Орта Азия мен мұсылман елдерінде монғолдарды айтқан. Жергілікті халық монғолдармен араласып, олардың атын алған. Моғолстан мемлекетінде мекендеген халықтарды түгелдей моғолдар деп атап кеткен. Мұның өзі монғолдар үстемдігінің көрінісі деп бағалауға болады.

Моғолстанның негізгі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болған. Сондай-ақ Моғолстанда қалалар да дамыған. Қала халқы қолөнерімен, саудамен шұғылданған. Халық егіншілікпен де мықтап айналыскан.

Моғолстанның жерінің көбі таулар мен далалар болып келеді. Оның табиғатының байлығы мен тамашалығын жазып жеткізу мүмкін емес дей келе М.Х.Дулати, Моғолстанның Іле, Емел, Ертіс, Шу, Нарын сияқты өзендерін атай келіп, олар Көкше теңізге — Моғолстанды Өзбекстаннан бөліп жатқан көлге құяды деп жазды. Көкше теңіз қазіргі Балқаш көлі. Өзбекстан деп Әбілхайыр хандығы аталған.

Моғолстанның негізін салушы Шағатай ұрпағы Тоғлық Темір хан болып есептеледі. Тоғлық Темірдің Моғолстан хандығының тағына отыруы 1347 жылдың шамасы. Оның хан тағына отыруына себепші болған дулат тайпасынан шыққан Әмір Болатшы.

Тоғлық Темір Шағатай ұрпағынан алғашқы болып ислам дінін қабылдап оны Моғолстанның мемлекеттік дініне айналдырды.

Тоғлық Темір хан 1361 жылы Мавереннахрға жорық жасады. Бұл кезде Мавереннахрда феодалдық бытыраңқылық жағдай орын алған еді. Бұл Сахибқыран атағын алған Әмір Темірдің енді көтеріліп келе жатқан кезі болатын. Тоғлық Темір хан Сахибқыранға Кеш облысын және қарамағындағы жерлерімен мұрагерлік түменді сыйға тартады. Осыдан соң ханның әскері Мавереннахрдың әмірі Хұсейіннің әскерін талқандап Гиндукуш асуына дейін қуып тастайды. Осылай бүкіл Мавереннахр Тоғлық Темір ханға бағынды. Тоғлық Темір хан 1362-1363 жылдың шамасында қайтыс болды.

Тоғлық Темірден соң оның орнына ұлы Ілияс қожа хан болды. Оның әскері Әмір Темір мен Әмір Хұсейіннің әскерінен қатты жеңіліске ұшырады. 1365 жылы "Балшық соғыста" олардың әскерін қирата жеңді. Ұзамай 1363-1364 жылдың шамасында Ілияс қожа хан Әмір Қамараддин дулаттың қолынан қаза тапты. Билікті басып алған Әмір Қамараддин Моғолстанды 20 жылдан аса басқарды. Әмір Қамараддиннің билікке келуіне байланысты Моғолстанда ішкі қиындықтар орнайды. Басқа әмірлер оған қарсы болады. Осындай жағдайда Моғолстанға 1375 жылы Әмір Темірдің әскері кіріп Қамараддин бастаған Моғолстанның әскерін талқандады. Әмір Темір Моғолстанға қарсы бес рет ірі жорықтар жасады. Қамараддиннің әскері Әмір Темірдің әскеріне үлкен қарсылықтар көрсетті.

Қамараддиннің әскері талғандалған соң Моғолстанға Тоғлық Темірдің кіші ұлы Хызыр қожа хан хан болды (1389-1408 ж.ж.). Моғолстан мен Әмір Темір арасында түсінісіктік қалыптасып, Моғолстан алым төлеп тұрды. 1405 жылы Отырарда Әмір Темір қайтыс болды.

Хызыр қожа ханнан кейін оның ұлы Мұхаммед хан болды (1408-1416), онан кейін Мүхамед ханның ұлы Шир Мұхаммед (1421-1425 ж.ж.) хан болды. Онан кейін хан тағына Шир Мұхаммед ханның інісі Шир Али оғланның ұлы Уайыс таққа отырды (1425-1428 ж.ж.). Онан кейін Моғолстан тағына Уайыс ханның кіпті ұлы Исан Буғы хан (1429-1462 ж.ж.) отырды.

Исан Буғы ханнан соң оның ұлы Дост Мұхаммед хан болды (1462-1469 ж.ж.). Онан соң Моғолстан тағына Уайыс ханның үлкен ұлы Жүніс хан отырды (1469-1487 ж.ж.) Жүніс ханның тұсында Моғолстанның қуаты артып, Қашғарды бағындырды. Жүніс ханнан соң таққа оның ұлы Сұлтан Махмұд хан отырды. (1487-1509 ж.ж.) Сұлтан Махмұд хан Мұхаммед Шайбаниға өзіне көрсеткен жәрдемі үшін Түркістанды берді. Сол үшін қазақ хандарымен екі рет соғысып, екі рет жеңілді. Соғыстың себебі Сұлтан Махмұд ханның Мұхаммед Шайбаниға жәрдемі болды. "Тарихи-и Рашидиде" Мұхаммед Шайбани Шахибек деп аталған. Сұлтан Махмұд ханның жәрдемімен Мұхаммед Шайбани (Шахибек) Бұқара мен Самарқанды алады. Ақырында Сұлтан Махмұд ханның өзі де балаларымен бірге Мұхаммед Шайбанидің тапсырмасымен азаппен өлтіріледі.

Жүніс ханның екінші ұлы Сұлтан Ахмед хан қазақта Алаша хан аталып кеткен. Ахмед ханның таққа отырып ел билегендігі туралы деректер кездеспейді. Кейбір деректерге қарағанда ол хан аталғанымен ағасы Сұлтан Махмұд ханның қарауында болғанға ұқсайды. Ахмед хан асқан батыр, қолбасшы болған. Қалмақтарға көп соққы беріп содан "Алашы", "Жан алғыш атанып кеткен. Сұлтан Ахмед хан өзбек-қазақтардың әскерін де үш рет талқандап ағасы Сұлтан Махмұд ханның кегін әпереді. Ахмад ханның Моғолстанның шекарасын бекіткендігі сонша қалмақтар мен өзбектер Моғолстанның ұзақтығы жеті-сегіз айлық территориясынан өте алмады.

Моғолстанның Шығыс бөлігін 1504-1544 жылдар аралығында Ахмед хан (Алаша ханның) ұлы Мансұр хан биледі. Оның хандығының алғашқы жылдарында Моғолстанда ішкі соғыстар көбейіп кетті.

Моғолстанның батыс көпшілік бөлігін Ахмед ханның басқа ұлы Сұлтан Саид хан (1514-1533 ж.ж.) биледі. 1516 жылы Саид хан мен Мансұр хан арасында келісім болып елде тыныштық орнады. Саид хан Бадахшанды, Тибетті бағындырды Осы жорықтарда болашақ ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати қолбасшылық жасады. Саид ханнан соң таққа оның ұлы Әбдірәшид отырды. М.Х.Дулатидің "Тарихи-и-Рашиди" атты еңбегі осы ханның құрметіне арналған. Осы кезде Шығыс Моғолстанда дербес Моғулия мемлекеті құрылды. Ал Моғолстанның батыс бөлігі Жетісу қазақ хандығының құрамына кірді.

Моғолстан саяси және экономикалық жағынан дамыған, территориясы да аса аумақты, қуатты ортағасырлық феодалдық мемлекет болды. Мемлекет басында Шағатай ұлысынан шыққан хан отырды. Моғолстандағы хандар династиясынының негізін салушы Шағатай Тоғлық Темір. Хан мемлекеттегі барлық биліктің тұтқасын қолында ұстады. Ол мемлекеттік жоғары басшысы ретінде ішкі және сыртқы саясат мәселелерін жеке шешті. Ұлыстар мен өлкелердің басшыларын тағайындады немесе ұтыстар мен өлкелерді көңілі қалаған адамдарға мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін сұйырғал ретінде сыйлап та жіберді.

Хан жоғарғы қолбасшы ретінде соғыс жағдайында әскерді жорықтарға бастады. Моғол хандары жастайынан соғыс өнерін жоғары дәрежеде меңгерді.

Мемлекетте хандар мен олардың әулетіндегі мұрагерлердің, жақын адамдардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Оларға жас кезінен ғылымның, өнердің, қолөнердің, соғыс өнерінің, шешенді өнердің, ел басқарудың, сауданың, елшілік жоралардың, саз өнерінің тағы басқа өмірге қажетті салалар түгелдей үйретілді. Әбдірәшид хан "барлық өнер мен қолөнері саласында ғажайып нәрселер жасай алды". Хан мен оның жақындарының балаларын тәрбиелеу үшін жоғары сауатты және тәжірибелі адамдардан "атабегі" деп аталатын лауазым иесі бекітілді.

Сұлтан Саид ханның тәрбиесінде болған М.Х.Дулати да өзінің игермеген ғылым, өнер, қолөнері, мемлекет басқару саласының қаламағанын жазады.

Ханнан кейіні лауазым егесін ұлысбегі деп атаған. Ұлысбегі мемлекеттегі барлық мәселелерге араласкан немесе бас уәзірдің, бас министрдің ролін атқарған. Моғолстанда ұлысбегі қызметі белгілі бір әулеттің қолында болып, мұраға беріліп отырғандай көрініс береді. Ұлысбегі қызметі Әмір Болатшының М.Х.Дулатиға дейінті ұрпақтарына Моғолстан мемлекеті мен олардың хандарына көрсеткен ерекше қызметтері мен батырлықтары, еңбектері үшін мұра сипатында беріліп отырған. Моғолстандағы алғашқы ұлысбегі Болатшы дулат болды. Ол мемлекеттің негізін қалауға атсалысып, Тоғлық Темір ханды іздеп тауып таққа отырғызды. Ұлысбегілер Моғолстанның негізін қалаушы Болатшыдан соңғы ұлысбегі Мұхаммед Хайдар Дулатиге дейін бір әулеттен шыққан адамдар болды. Олардың бабасына "Шыңғыс ханжеті артықшылықтар сыйлап, Ордаби деп атады". Осы дәстүрді Моғолстан хандары жалғастырып Тоғлық Темір хан әулет үшін берілген артықшылықтарды тоғызға жеткізсе, Хызыр қожа ханның тұсында артықшылықтардың саны он екіге жетті. Әмір Болатшыға берілген бірінші артықшылығы "ханға айтпай өз бетімен қосынның әмірін немесе мың нөкердің (әмірін) тағайындап орнынан ала алады". Басқа артықшылықтары да осы дәрежедегі артықшылықтар болды. Бұл артықшылықтар мұраға беріліп отырды.

Ханның жанында,кеңесші орган хан кеңесі — мәжіліс жұмыс істеген. Хан кеңесінде күрделі соғыс және бітім мәселелері талқыланған. Хан Кеңесіне ұлысбегі, сұлтандар, оғландар, мырзалар, ханға жақын адамдар, тайпа басшылары т.б. кірген. Мемлекеттік бас концеляриясын диван деп атаған. Қаржы және салық жинаумен дафтарлар айналысты. Сондай-ақ Моғолстан хандығында атабегі (хан мұрагерлерінің тәрбиешісі), наиб (регент), хаким, даруға (ханның облыс пен қаладағы өкілі), миршакар (ханның аңшылығын ұйымдастырушы), жасауыл (ханның қабылдаулары мен мерекелерін ұйымдастырушысы) сияқты лауазым иелері болды. Мемлекеттік қызметті ұйымдастырудың ерекше элементі ретінде құжаттарды жазбаша жүргізуді, әскерді үнемі есепке алуды, халықтың есебін жүргізуді, іс-қағаздарын мөрмен бекітіп отыруды айтуға болады. Осының бәрі де Моғолстан хандығында дамыған мемлекеттік құрылыс және құқықтық қатынастар болғанын көрсетеді.

Моғолстанның ерекшелігі мұнда көшпелі шаруашылық та, отырықшы шаруашылық та, қалалар да кеңінен өркендеп дамыды. Олардың арасында жиі қайшылықтар болып тұрды. Хан көшпелі тайпа басшыларына үлкен аймақтарды, тіпті отырықшы аудандарды қалалармен қоса сұйырғал ретінде сыйлап отырды. Олар бұл жерлерден салық жинауға құқылы болды.

Салықтың зекет, ұшыр, харадж, қалан, купшур, баж сияқты толып жатқан түрлері ханның, ұлыс басшыларының қазынасын толтырды.

Ақ Орда ыдыраған соң Қазақстанның Орталық, Шығыс, Солтүстік бөлігін, Сібірдің үлкен аймағын Әбілхайыр хандығы (1428-1468 ж.ж.) алып жатты. Әбілхайыр Жошының Шайбан атты ұлынан тараған ұрпақ. Бұл хандықты тарихта көшпелі өзбек хандығы деп атап кеткен. Хандықтың шекарасы кеңіп Сырдарияның төменгі ағысына дейін жетті. Астанасы Сығанақ қаласы болды.

Әбілхайыр хандығының саяси құрылысы Ақ Орда мен Моғолстанға ұқсас болды. Мұнда алғашқы кезеңде мықты қаруланған көп әскер болды. Хандық ішкі қайшылықтардан ыдырап кетті.

Ақ Орда ыдыраған соң оның орнында пайда болған мемлекеттік құрылымның бірі Ноғай Ордасы болды. Ноғай Ордасының негізін салушы Алтын Орданы 15 жылдай билеген (1396-1411 ж.ж.) Едіге болып есептеледі. Едіге Алтын Орданы билегенімен хан деген атақты алмаған, Шыңғыс әулетінен хан ұстаған. XV ғасырдың ортасына қарай Едігенің ұлы Нұраддиннің (1426-1440 ж.ж.) кезінде Ноғай Ордасы дербес елге айналды.

Ноғай Ордасы Батыс Қазақстан жерінің үлкен бөлігін, Еділ мен Жайық өзендерінің арасын алып жатты. Алғашында оны "маңғыт жұрты" деп атады.

Ноғай Ордасының бірнеше ерекшеліктері болды. Мұнда Шыңғыс әулеті емес, Едіге әулеті биледі. Сондықтан болу керек Ноғай Ордасының басшысын хан емес би деп атады. Қоғамдық-саяси құрылыстың басқа жақтары мен шаруашылық тұрмысы басқа көрші мемлекеттерге ұқсас болды.

Би мемлекет басшысы болды. Ол Едіге әулетінен шықгы. Биді Үлкен кеңес — Құрылтай сайлады. Үлкен кеңес — елдегі жоғарғы кеңеске Едіге әулетінің мырзалары, басқа да әскер басы, таңдаулы адамдар кірді. Би өз кезегінде көмекші орган Кіші кеңесті сайлады.

Бидің жанында қарадуан деп аталатын басқару органы — шенеуніктік аппарат болды. Бұл орган сондай-ақ соттың рөлін де атқарды. Ұлыстарда жергілікті дуандар болды. Ордада басқарудың басқа да төменгі органдары болды.

Ноғай Ордасы Астрахан хандығын Ресей басып алған соң (XVI ғасырдың ортасы) бірнеше бөліктерге бөлініп кетті. Оның Қазақстан жерінде тұратын тайпалары кіші жүздің құрамына кірді.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет