Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері Мәлік Ғабдуллин аса жауапты, майдан тағдырын шешетін операцияларға бас­шылық жасады. Сондай бір ауыр тапсыр­ма 1941 жылы Руза өзенінен немістерді Москваға өткізбеу еді



жүктеу 155.35 Kb.
Дата02.05.2019
өлшемі155.35 Kb.

МӘЛІК БАТЫР


19 Мамыр 2010 | Тұлға

http://www.egemen.kz/



 Загрузка ...

Батырым – Мәлік беренім,

Жүйрігім, озған өренім.

Халқы сүйген қалаулым,

Жырымды саған төгемін.

Жамбыл.

Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері Мәлік Ғабдуллин аса жауапты, майдан тағдырын шешетін операцияларға бас­шылық жасады. Сондай бір ауыр тапсыр­ма 1941 жылы Руза өзенінен немістерді Москваға өткізбеу еді. Сол жолы взвод автоматшылары көрші ротамен бірге жаудың шабуылын тойтару барысында қаптаған фашист қолының қоршауында қалады. Мәліктің алғыр ақылы, жауын­гер­лердің ынтымақ-бірлігі арқасында олар бұл тығырықтан шыға білді. Орман ішінде адасып қалған солдат топтарымен бірігіп, фашистердің мол қару жарағын, яғни 12 станокты пулемет, 20 қол пулеметін қолға түсіреді. Әрі 27 фа­шист тұтқыны бар, 16 жаралы жауын­герін кезектесе көтере жүріп әупіріммен диви­зиясына қосылады. Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой темір өзек жауынгерлерін көзі­мен көріп, таңғажайып ерліктеріне елжі­ре­ген дивизия командирі, генерал-майор И.В.Панфиловтың толға­нысын былайша суреттейді. “…Өзінің көргісі келді. Сұңғақ бойлы, талдырмаш жасты Панфилов ұзақ айналдырып қара­ды. Шынын айтқанда, Мәліктің денесіне соғыстың әскери киімі әлі қона да қойма­ған кезі еді. “– Мә, саған ғылым адамы! Жарайсың! Жаман солдат болмас­сың” – деді ол Мәлікке жарықшақты дауысымен. Сөйтті де, Мәлікті өзіне қарай тартып алып, кәдуілгі орыс халқының әдетінше, бетінен үш рет сүйді. Бұлардың қасында жақын тұрған адамдар, көп езу тартпай­тын, салқын жүзді атақты генералдың сыр бермейтін жүзінде әкелік қуаныштың лап бергенін байқасып қалысты”, – дейді ол. Етігімен су кештіріп, қанды көбік жалат­қан қатыгез күндер өз батырын осылай тудырды. Батыр Мәлік “өзіне қанша қатал болса, қарауындағы адамдарды да сонша жинақы, әрі әмірді бұлжытпай орындай­тын халде ұстады”.

Енді бірде Ширяево селосының тұсында Мәліктің 13 адамнан тұратын атқыштар взводы фашистердің мұздай қаруланған бір батальонға жуық әскерін тоқтатуға жарлық алды. 5 танкісін беттеріне ұстаған жаудың қалың әскері лап қояды. Екі танкісі жанып, қыруар әскерін шығындап, “темір бекіністен” беттері қайтып, оқ нөсерін аямай төккен жендеттер кері шегінеді. Олар Кеңес автоматшыларын түгел жойдық деп ойлайды. Рота олардан хабар-ошарын үзеді. Топырақтың астында қалып, бірер адамынан айырылған атқыштар взводы айлалы да батыр саяси жетекшісінің бастауымен фашистердің тылын қапысын тауып айналып өтеді. Өзінің мүддесін ойламайтын, ақыл-парасат, сабырлық, әділдік, шыдамдылық, қайсарлық бойына берік ұялаған Мәлік соғыста жауды қырудың, онан айласын асырудың әдісін аз уақытта шебер меңгеріп, жауынгер­лерін де фашистермен шайқасқа жол­барыс­тай тайсалмай ұмтылуға баулуды өзінің басты парызы санаған. Бұл жолы да взводтың бірлігі мен қатал тәртібі арқасында фашистердің темір шеңгелінен қылшығы құламай қатары көбейіп, тіпті алып денелі Коваленко досы тауып алған 4 жасар “взвод баласы” – Вованы ертіп ротасымен тағы да қауышудың сәті түс­кенде мұндағылардың тілі байланып қала жаздайды. Өйткені, 13 автоматшы­сы­нан ұшты-күйлі айырылған рота командирі, кіші лейтенант Аникин, саяси жетекші Жетпісбаев полк командирі Капров пен саяси жетекші Мұхамеьдяровтың атына: “Сіздерге бүгін 16 қараша күні (1941 жыл) таңертеңнен бері Ширяево селосы ма­ңында немістер біздің қорғаныс шебімізге бір батальон жаяу әскері мен оларға қосылған бес танкі бар күшпен шабуылға шыққанын хабарлаймыз. Кескілескен ұрыста біздің жауынгерлер темірдей беріктік, шын мәніндегі батырлық үлгісін көрсетті. Әсіресе, саяси жетекші Ғабдул­лин­нің автоматшылары ерекше көзге түсті. Немістің 2 танкісін қиратып, 150 жау солдатын құртқан автоматшылар қоршауға түсті де, түгелдей қаза тапты”, – деп жедел хат жолдапты. Міне, “Алла сүймек, ар сүймек, адам сүймек” (Шә­кәрім) ниеттері ажалдан қаққан арыстан бітімді автоматшылар достарының көзін “атыздай қылып” “о дүниеден” оралады… Мәлік, 1943 жылдың қаңтарында Жоғар­ғы әскери басшылықтың шешімі­мен 1075-полктың комиссарлығына тағайын­далғанша Рыбушкин, Ширяво, Старая Руссо жерінде, Бородино деревнялары, Холм қаласы маңында, Новосвинухово селосы үшін болған жан алып, жан беріс­кен алапат соғыстардың жуан ортасында айқасып, автоматшыларымен бірге қайта­ланбас ерлік шежіресін жазады.

Ерлік жолы атаусыз қалмады. Мәлік Ғабдуллин “Қызыл Жұлдыз”, “Қызыл Ту” ордендерімен марапатталады. 1943 жылғы 30 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының жарлығымен оған “Кеңестер Одағының Батыры” атағы бе­ріл­ді. Майданның әр қас-қағымы сергек­тікті, жинақылықты, сақтықты, өлімнен қорықпауды, жанқиярлықты қажетсінетін қатал талабын генерал-майор Панфилов, Момышұлы ағасы, командир Шуть, пол­ковник Капров, Манап Мусин, капитан Гундилович, батальон саяси жетекшісі Клочковтардан үйрене жүріп Мәлік өзі де “ерлік мектебін” қалыптастырды.

Мәлік Кеңес Одағының Батыры ата­ғын алған соң жауынгер жолдастары, гвар­дия полковнигі Б.Жетпісбаев, А.Мұ­ха­медияров, гвардия подполковнигі Б.Мо­мышұлы, гвардия капитаны М.Бай­саров, гвардияның аға лейтенанты Қ.Сағын­дықовтар оның ата-анасы мен жарын құттықтап, төмендегідей хат жолдайды: “Мәлік әрі батыр, әрі жалынды сөз иесі, ұйымдастырушы, тәрбиеші. Ол жаудан беті қайтпаған, жанып тұрған от, Алтай­дың ақиығы Төлеген Тоқтаров сияқ­ты халық батырын тәрбиеледі. Ел сенімін ақтау деген осы да! Ер еңбегі еш кетпейді, ел ерін бағалады. Мәлікке Советтер Союзының Геройы деген ардақты атақ беріліп отыр. Бұған Сіздермен бірге біз де қуанамыз, шын жүректен құтты болсын айтамыз. Мәлік сынды халық батырын тәрбиелеп өсірген ата-анаға мың рахмет!” (“Социалистік Қазақстан”, 28.03.1943).

Мәлікке имандылық, кісіге қиянат жасамау, біреудің обалына қалмау, артық сөйлеп, сіңірген еңбегін артық бағаламау тәрізді ізгі мінездер тән. Ол естелігінде: “Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың оншақты танкісін гра­нат­алармен қираттым”, – деп жаза­ды. Әрине, бір Кеңестер Одағының Баты­ры жауға осынша шығын әкелсе, Гитлердің “жеңіліс көрмеген” армиясын бірер жыл­да-ақ тас талқанын шығарып, тізе бүкті­рер едік. Ол өз алдына ресми бөлек тал­даудың тақырыбы, ал Мәліктің фашис­терге тартқан сыбағасы, бізше, сүбелілеу. Айталық, ол бастаған 13 автоматшы Ширяево селосының маңында жаудың 5 танкісі мен 150 жендетін жоқ еткені тарихтан мәлім. Жауды жерге қаратып, мысын құртқан дауылды жорықтар үш жылдың ішінде неше рет қайталанғанын еске түсірсеңіз, “өрттің өзінен шыққан, ажалды көзімен көрген, жаны да, тәні де жаралы” (М.Әлімбаев) Мәліктің қанына арық сөйлеп, семіз шығу дарыған, қарапайым адам болғанын мойындайсың.

Оның иманжүзділігі, сөзіне ісі сай­лығы Бауыржан Момышұлын да иіткен. Анау-мынауға елпектей қоймай­тын, діні қатты халық батырын оның бойына еш жасандылық пен жамандық жуытпаған асыл текті тазалығы қызықтырады, өрім­дей жігіттің Кеңес Одағының Батыры атағын алғанына мерейі үстем боп:

Ел күйзелген кезінде,

Ерлік еткен бауырым.

Жау жағадан алғанда,

Батырлық еткен бауырым.

Ел намысын құрметтеп,

Ер намысын ардақтап.

Құтты болсын айтамын,

Шын жүректен Мәлігім, – деп еміреніпті.

Көңілі ақ, жүрегі пәк, жаны таза Мәлік Ғабдуллин ғылым адамы болғандықтан да шығар, атқыштар взводы­ның саяси жетекшісі болып жүріп, Кеңес әскерінің сонау Белорусия, Украина, Кавказ, Россияның батыс облыстарында фашис­терге табан тіреп қарсылық көр­сете алмай, Гитлерді желік­тіріп, Кеңес үкіметінің аста­насы Москваға олардың кеу­десін тәкаппар ұстап, жетіп қалғаны қатты ойлан­дырады. Сөйтсе, бұл Отанын сүйетін, өз ерлік тарихынан хабары бар жанды азаптап жүрген жебір сұрақ екенін Мәлік 316 ат­қыштар дивизиясы екінші батальонының саяси жетекшісі Василий Клочковпен сұхбат­тасу үстінде сезінеді. “Ротама, – дейді ол Мәлікке, – тағы да бір үлкен жауапты жұмыс жүк­теліп отыр. Мына Дубосеково разъезін қорғау, осы арадан жауды өткізбеу міндетін ал­дық”. Бекзат болмыс, кісілік қасиет, батырлық мінез біткен намысты ер, мол пішілген кең кісі Василий өз әріптесінен ал­дыға қойған міндетін жасыр­май, көкірегінде қорда­ланған, бірақ жауабын таппай, шие­ленісіп келе жатқан, ыза-кекке суарылған сауалға миы шағылып жүргенін ыммен жеткізеді. Қыз­ба мінезді жас политруг: “Вася, бұл сұрау­ды жалғыз сен емес, бәрі­міз де қоямыз. Тегінде, бізде табан тіресе соғы­су­дан гөрі, үрей басым ғой деймін. Табан тіресе, жау­ды соққыға жыға соғыссақ, бұл күйге түспеген де болар едік”, – дейді жастық­қа тән ашықтықпен. Ал, өз кезе­гінде Вася: “Дұрыс айтасың. Біз табан ті­ре­се со­ғы­са алмай жүрміз. Осы арада жаумен табан тіресе соғысудың үлгісін көрсетсем деймін. Бұл ойымды жігіт­тері­ме де айттым. Бұдан әрі шегінер жайым жоқ, не өлемін, не жеңемін! Сертім осы!” деп орнынан ұшып тұрады. (М.Ғабдул­лин. Менің майдандас достарым. “Жазушы”, 1985).

Мәлік В.Клочковтың тұла бойынан қайсарлық пен тектіліктің лебі есетін мінез­ді танығанда риза болғаны сондай: “Иә, антым да, сертім де осы! Мен де, сен де, басқалар да осылай соғыссақ, ашына арпалыссақ, бізді ала қоятын жау жоқ. Жауды жеңудің бастамасы осы ара болсын!”. Сөйтіп, екі саяси жетекші де не өлуді, не жеңуді ғана алдына мақсат етіп қойып, сөздерінде тұрды. Василий Клоч­ков өз батальонымен берілмей, табандап соғысты, жаудың өз бойына үрей ұялатты. “Жеңілмейтін армия” жайлы аңыз адыра қалды. Есіл ердің 28 жауынгері арыс­тандай арпалысып жеңілсе де, жеңіске бергісіз қарсылық көрсетті. Бәрі де “Ке­ңес Одағы­ның Батыры” атанды. Өрт­ке шалынған өмірбаян олардың атақ-даңқын мәңгілік­пен жалғастырып кетті. М.Ғаб­дул­линнің “Менің майдандас достарым” кітабын оқығанда адамға адамның қысас­тығы, қиянаты төбе құйқаңды шымыр­латады. Фашистердің жетегінде жүрген қарапайым немістің де, туған жерін фашизмнің таба­ны былғағанына жаны күйген орыстың да, ар мен намысты темірқазығы еткен қазақ­тың, әсіресе, генерал-майор И.В.Пан­филов, Төлеген Тоқтаров, Бауыр­жан Мо­мыш­ұлының образдары жасалы­нып, ұлы Жамбыл бейнесі де жан-жақты көрінеді.

Ұлы Отан соғысы шындығын солақай пайымдайтын кей көркемдеулердің аяулы тұлғалар жайлы дүдәмал, қайшылықты, ұшқары пікірлеріне толымды, объективті жауапты да “Менің майдандас достарым­ды” байыптап, алғау­сыз көңіл­мен, сара­лай сұхбат­тасқандар табары анық.

Ол сөзімен де, ісімен де жауынгерлерге үлгі болатын сая­си басшы ретінде көрін­ген­діктен, жоғары жақ оны 1943 жылдан бастап Калинин май­даны бас­қар­масына қыз­мет­ке көтереді, көп кешікпей Қы­зыл Армияның саяси Бас бас­қарма­сының үгіт бөліміне ауыс­тыра­ды. Өзі – Кеңес Одағының Батыры. Егер қала­са, әскери салада қызмет­те жоғары­лай түсуге еш кедергі жоқ еді. Оның атақ, даңқы Одаққа мәшһүр. Қай жерде, қай салада болма­сын ізгілік, әділдік, адам­гер­шілік мәселесі төңірегін­дегі ұсы­ныс, пікір­лерін тыңда­тып, орындатуға сөзі өтеді. 1946 жылы Мәлік әс­кери қызметінен босап, елге ора­ла­ды. Елі оны төбесіне көте­ріп, көп кешікпей КСРО Жоғар­ғы Кеңесінің депутатты­ғына ұсынады. Мәлік бұл ұсынысты ерін бауырына ала, тулап қарсы алады. “Менен де батырлығы үлкен Бауыржан Момышұлы неге тізімде жоқ. Мен жолым­ды сол кісіге бере­мін. Менен гөрі халық қалау­лысы болуға Бауыр­жан лайық”, – деп ағасы­ның жолын кесуді оң көрмейді…

Мәлік ерте есейді. Бәлкім, “күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінер” жиырма бесі жігіттік өнері сыналар әскери қыз­мет­пен өтіп, серкелік мін­детін мінсіз атқаруға мәжбүрлеген де болар.

Ол да Бауыр­жан ағасындай темір өзек жауынгер болғандықтан, шовинизмнің қайраулы қылышы мойнынан төніп тұрса да ұлтжандылығынан шегінбей, ел тізгінін ұстаған азаматтардың шен-шекпен жо­лында халқына осқыра қа­райтын мінезін ұнатпа­ған. “Хас жақсының белгісі – әрі мыр­за, әрі құл”. Бауыржан ағасы тәрізді қазақ болғанын бақыт санап жүрген Мәлік­­тердің артынан сөз ерсе, ұлтжан­дығы, ұлтын сүйіп сол үшін отқа түсіп, шови­низм­нің аязына үсіп, шоғына қарыл­са да бас имейтін тектілігі, халқына мінсіз қыз­мет етіп, құлы болуына құлдық ұруын­да. Дұшпандары оның ұлтшылды­ғын басты міні санап, өсектің қыңсылаған үнін емен есіктерден бұралқы күшіктей енгізіп жіберді ме екен, кім білсін, ҚК(б)П Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы Жұма­бай Шаяхметке жетсе керек. Осыны есті­ген Мәлік дөкей­дің өзіне көкейіндегісін күлбілтеле­мей: “Мен қазақпын деуімде өз ұлтымды басқа ұлттардан асыра мақтау емес, мен өз ұлтымның перзенті екен­дігімді түсіндіру, тамшы қаным қалғанша өз халқымның мүддесі үшін күресуге әзірмін. Мен – халық ұлымын. Халық­тың киесі бар. Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өз халқының қыз­метшісі болу”, – деп не үшін, кім үшін өмір сүріп жүргенін жасырмайды.

Жаны сұлу, ізетті де бекзат болмысты Мәліктің шешендігі, батырлығы, мәрттігі қанында бар қасиет екенін профессор Серік Негимов оның өз аузынан естіпті. Ағамыз көсіле бір құрған мәслихатында: “Қарауылдың Құттымбет бұтағынан тара­ған қара қылды қақ жарған, Абы­лайды хан көтерген Қанай би, тілге келсе құт­қармайтын, білекке келсе жығылмай­тын айтқыш Бекболат, ақырған дауысы­нан дұшпан сескенген Тілеу, Итқара сын­ды айбатты ерлер – менің ардақты баба­ларым” – деп құпия бір сырдың көмейін көсеп қалса керек. Демек, “дүниеге кел­ген­де адамның бәрі бірдей, бірақ олардың ара­сындағы айырмашылық тәрбие нәтиже­сінде пайда болады” (Конфуций).

Иә, Мәлік үшін зиялы қауым ба, ғалымдар, студенттер ортасы ма жаттығы жоқ. Мәлік солармен шахмат ойнап, қара нанын бірге қажасып, қалтасындағы бары­мен “жалаңаяқ” білімгерлердің дас­тар­қанына ажар кіргізіп, жүрген ортасын­да әзіл сөздері мен шуақты күлкісін төгіп жүретін, қызметтестері арасында мораль­дық-психологиялық ахуалды қалыптас­тыру­дан жаңылмай өткен қайталанбас әулиепейіл адам еді. Замандастары, ісі түсіп алдын көргендер, оның дініне мық­ты, бір сөзді, бір мінезді, ешкімді киіміне, қызметіне қарап алаламайтын алды кең басшы болғанын аузынан суы құрып әңгімелейді. Бәзбіреулер сияқты оп-оңай шаруаны қиындатып, кілтін аспанға жасырмайды.

Ғұлама ғалым, гуманист оқуға көбіне қолы қысқа, тұрмысы ауыр, бірақ қабілет­ті, талапты жастарды іздеп, тауып, оқыту­ды, өсіруді басты міндеті санаған, жағдай жасаған. Кешігіп келсе, қатып қалған тәр­тіпті бұзып, комиссия құрып, талапты жас­тың тауанын қайтармаған. Солардың көбі кейін үлкен ғалым, көрнекті жазушы, белгі­лі қоғам қайраткері, оқу ісінің май­тал­ман шебері атанған. Айталық, Абай атындағы ҚазПИ-де ректор болып тұрғанда сырттай оқитын, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Құмаш Нұрғалиевті бақталас­тары­ның қара күйе жағып, орға құлатуға әлектенуін Мәлік сезіп қалады да, үстінен жазылған арыздар­ды сейфіне тығып тас­тап, мемлекеттік ем­ти­хандарын алаң­сыз тап­сыруына мүмкіндік жасайды. Қал­та­сына дип­ломын салып беріп, депутат­тық манда­тын пай­да­­ланып, жала­қор­­лар­дың құрған тұзағына өздерін түсіреді. Сталин­дік реп­рессияның тұзағына түсіп, “халық жауы” ретінде сыртқа тебіліп, шет­тетіліп жүрген әдебиетші-сыншы Мұха­­мет­жан Қаратаевты қаңқу сөзден қорық­пай, өзі ректоры болып істейтін ҚазПИ-ге оқы­ту­шы­лық қыз­мет­ке алады. Өзі де қабілетті, іскер жігіт сенімді ақтап кандидаттық, док­торлық диссерта­цияларын қорғап, ассис­тенттен академик­тікке дейін өседі. Қазақ­стан Ғылым акаде­миясының Тіл және әде­биет институтында директордың орын­ба­сары қызметін атқа­рып жүрген кезінде сонау Батыс Қазақ­станда жүрген, жа­зу­­ға икемі бар жас жігіт Әбділ­хамит На­рын­­бетовті аспирантураға шақыр­тып, кейін ол да ғылым докторы болып, институттың тал­мас еңбекторысына айналады. Қолы­нан келіп тұрғанда халық­тың баласына ағалық қамқорлығын аямай, ет жүрегі елжірей қолұшын беріп, рухани жағынан демемеуді күнә, ар, ұят санады. “Ұяты бардың есімі құр­­метті, өмірі мәнді бола­ды” (Ғ.Мүсірепов).

Адам мінезі – адам қалыбының ком­па­сы, рентген айнасы ғой. Мәлік Ғаб­дул­лин – халық ауыз әдебиеті саласының ғұла­ма патриархтарының бірі. Ұлы Отан соғысының алдында аспирант М.Ғабдул­лин “Қобыланды батыр” жырын ғылым­дық зерттеудің проблемалары” деген та­қы­рыпта зерттеу жүргізіп, көз майын тауы­са еңбек етті. Ізденуші қазақ батыр­лар жыры­ның табиғатын, танымдық, тағылымдық, тәр­бие­лік қасиеттерін, тілдік ерекшелік­терін салыстыра отырып, текс­то­логиялық талдау жасауға ұмтылды. Қазақ эпостары­ның кемел­ділігі мен көр­кемдік құдіретін “Илиада”, “Одиссея”, “Джангар”, “Кале­вала”, “Махабкарата”, “Ге­­се­риада”, “Ро­лон­да туралы жыр”, “Три­с­­тан мен Изоль­да”, “Давид Сасун­ский”, “Жолбарыс тері­сін жамылған батыр”, “Манас” жырлары және орыс, өзбек, әзірбайжан, қалмақ, бурят, моңғол, ойрат, татар, баш­құрт, армян, алтай, сақа халықтары эпос­тары­мен салыстыра отырып, фундамен­таль­ды еңбек жазуға кіріседі. Алайда, оған ұлы Отан соғысы қолындағы қаламын тас­татып, автомат ұстатты… Тек 1947 жы­лы бітпей қалған бағалы еңбегіне нүкте қо­йып, кандидат­тық диссертациясын сәтті қорғады.

Әрине, ол қол жеткенімен тұйықталып қал­ған жоқ, ауыз әдебиетінің мәңгі сар­қыл­­май­тын қорын, үлгілерін жинау, жа­рия­лау ісін басқарды, жаңа зерттеулер, әдебиет тарихына жаңа тараулар жазды. Қазақ фольклорын зерттеудің ғылы­ми-методоло­гиялық негіздерін айқындап бер­ді. Сондай-ақ, “Менің майдан­дас дос­тарым”, “Алтын жұл­дыз”, “Май­дан очерк­­тері”, “Сұ­ра­пыл жылдар”, “Менің май­­дан­дас достарым”, “Қазақ халқының ауыз әде­биеті”, “Қазақ эпосы” атты еңбектері жарық көрді.

“Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты оқулығы да жарты ғасырдан астам мектеп оқушыларына мінсіз қызмет етіп келеді. Тәрбие тал бесіктен бас­талатынын ескерген ғұла­ма ғалым халық ауыз әдебиеті материал­дарын бала тәрбиесіне қалай тиімді пайдалануға бола­тынын саралап, “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” атты бағалы еңбек сыйлады.

Мәлік Ғабдуллиннің жолы даңғыл, аспаны үнемі ашық бол­ды дей алмаймыз. Сонау аза­мат болып қалыптасып келе жатқан шағында оның бойын­дағы дарын қуа­тын көре алмаған кейбір дұшпандары Алматыда Мәлік тоқтаған Әли­ма­нов Байдібек қажы­ның бала­сы Әди Шәрі­пов­пен достық қатына­сын көп көріп, оны “ха­лық жау­ларымен” бай­ла­­ны­сы барға санап, біраз әуреге салған­­дары бар…

Мұны айтып отыр­ғанымыз, қай кезде де Құлагердің жолын тосатын Батыраштар аз бол­маған ғой. Бұл орайда әде­биет­тану ғылымының арбасына жегілген нар тұлғалардың мүйізін сыр­қырату үшін 1953 жылы “Қазақ эпосын оқып-үйренудің жай күйі мен міндеттері” деген тақы­рып­та ғылыми-практикалық конференция өткізу­ді жоспарлап, онда баяндама жасау­ға әлгіндей адамдар Мәлік­ті мәжбүрле­генін айтсақ та жет­кілікті. Сайқал саясат жаңа репрессия­ның түтінін бықсытып, “халық жауының” қалған өкілдерін түп-тамырын қаза отауды көз­деп, қитұрқы амалмен шешуші, айыптау­шы, сөзді айт­қызуға сол уақытта туу деген түкірігі жер­ге түспей тұрған Мәлік Ғаб­дуллиннің кан­дидатура­сын тиімді сана­ған. Алдында осы тақы­рыпты М.Әуезов пен С.Мұқа­нов­қа ұсы­нып көрген екен. Олар мәселе­нің бұра­лаңы мол, лаң саясатқа негіздел­генін сез­ген шығар, бас тартады. Астыңа көпшік қойып, “мойныңа қыл­бырау са­лып қыл­қын­дырса, сенің де қарсы мақала жазуың мүмкін” (Ш.Мұртаза). Орталық партия комитеті болжаған іс көздеген нысанадан табылады. Баяндама жасар алдында Мә­лік ұс­тазы М.Әуезовпен ақыл­дасып, ойын­дағысын бүкпесіз ақтарып, ұзақ кеңескен-ді. Мұқаң сынды объективті тұрғыда өріс­тетіп, беделге жығы­ла бермеу­ге кеңес береді. Аса бедел­ді орындар өткі­зіп отыр­ғындықтан, мәсе­леге халықтық, мем­лекет­тік тұр­­ғы­дан келу­ді көксейді. Үкімет үйінің кең залын­да өткен конфе­ренцияда ол шындығында да, ешкімге де дес бермей, “сын шын болсын, шын сын болсын” деген ұранды көл­­денең тартып, ұлы ұстазы, ұлы заман­дас­тарының төбесі­нен найзағай ойнатады…

Кейіннен, заман, саясат доң­ғалағы кері айналған шақ­­та “Мұхтар Әуезовке хат” (“Қазақ әдебиеті” 28.10.1955) атты мақала жазып, кер заманда керауыздық танытып, оңбай сүрінгеніне ұлы ұстазынан кешірім сұраған-ды. Бірақ, атылар оқ атылды… Мәлік өзін ардың отына шыжғырып, біраз уақыт рухани күйзеліске түседі. Кейін Сцилла мен Харибдадан аман өтіп, ақылды бастар суынғанда, уақыт мәжбүр­леген қиянатты сын Мәліктің аузымен айтыл­ға­ны­мен, айтқызушы коммунистік идеология екеніне көздері жетті. Кемеңгер жандар тұлпар тұлғаның сүрінуінің себе­бін ұқты. Бірін бірі кешірді, бірақ жүрек­терге әжім түсті… Көңілдегі кірді жуып, кешірудің де реті бар. Өйткені, Мәлік ағаларының, ұстаздарының еңбегін еле­мей өткен жері жоқ. Айталық, 1949 жылы М.Әуезов КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен “Абай” романы үшін И.В.Ста­лин атындағы бірінші дәрежелі сыйлық алады. Атағы жер жарған, қазақтың қанатты перзентінің әлемді тебіренткен талантының жемісі жайлы Мәлік қалалық жиылыста кең көсіліп келелі ой толғаған-ды. Сөзге шебер, талға­мы мен талабы жо­ғары ғалым ой жомарт­тығымен тыңдау­шыларын таңдандыр­ған-ды. Оны кейін Мәліктің өзі: “Асыра мақтайтын жерде асыра мақтадық. Бірақ, ақылға сыйғызып айттық”, – деп ардақты­ның абырой-даңқын өсіретін ақылды сөзді аузына салған Аллаға шүкіршілік еткен-ді. Демек, Мәлік жеке тұлғалармен адал дос, қимас құрбы, етжақын ағайын болғанымен, өз ұстанымы, көзқарасы, көңілі ұйыған шешімі, алған беті тұрғысынан келгенде туғанына бұрмайтын, жақынына жықпай­тын тура билігінен айнымаған, ауытқыма­ған. Мәселен, Мұхтар Әуезовпен жақын­дығы аға-інінің арасындағы берік достық­қа айналуы сонау Ұлы Отан соғысынан бермен басталған. Ол фашистермен шайқаса жүріп, арасында уақыт тауып, ұлы жазушыға өз басында, қан майданда болып жатқан жайлардан хабар беретін.

Мәлік Ғабдуллин тамаша ұстаз, тәр­бие­ші де. Ұзақ жылдар Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, С.М.Ки­­ров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы ҚазМУ-да студенттерге халық ауыз әдебиетінен дәріс оқыды. Тәкаппарлығы, менмендігі жоқ ғұлама ғалым тым қара­пайым, көпшіл еді. Оның дәрісіне кешігіп келу, қалғып отыру, көлденең іспен айналысу тәрізді жағымсыз қылықтар болмайтын. Өйткені, ол дәрісін барынша қызғылықты етіп, терең, эстети­калық, педагогикалық, психологиялық принцип­тер деңгейінде оқитын. Күрмеуі қиын мәселелердің кілтін қолға ұстатып, қара­пайым ертегіні талдағанда оның ас­тарында таудай түйін жататынын, Айсберг­тің үштен екісі су астында бүркеулі екенін ақылмен ойлап, көзге көрсететін құдіретін сезіндік. Біліміңмен, кәсіби шеберлігің­мен шыбын­ның ызыңы естілетіндей аудитория­ны баурап алып, пәніңді сүйдіруге, сол арқылы ұстаздық тұлғаңа бас идіруді сол кісіден үйрендік, өзгеге де үйретіп жүрміз. Қызметтен, дәрістен бос кезінде Мәлік ағамыз білімгерлердің жатақханасын ара­лап, бөлмелеріне кіріп, әзілдесіп, еркеле­тіп, шахмат ойнап, дом­быра тарттырып, ән салдырып, би биле­тіп керемет бір кез­десулер өткізуші еді. Ол – мұхит. Мұхит­тың теңізсіз, өзенсіз, мың-сан бұлақтарсыз өмір сүре алмай­тынын мойындасақ, Мәлік те халқымен бірге жүріп, бірге тыныста­маса өзін судан шығып қалған балықтай, тартыл­ған теңіздің орнында қалған кемедей сезі­не­­тін. Оның қарапайымды­лығы – ұлылығы еді. Біреуге жақсылық жасамаса бұлты көшкен таудай құлазып қалатын, аралас-құралас жүргендерінің табысына, жақсы мінезіне, кісілігіне мере­йі үстем болса немесе пенделігін, сора­­қы­­лы­ғын, әкірең­де­ген қылығын, даңғой­лы­­­ғын, шенқұмар­лығын сезіп қалса, табан астында бірер шумақ өлеңді суырып салып, “кейіпкер­леріне” табыс ете қоятын “өнерінен” қалған белгі мол. Мәлік әзіл өлеңдерді көп жазып, онда ойнап сөйлесең де ойлап сөйле, ойыныңызды біреулер шын көрер, жүрегінде жара қалады, ішінде бәле қалады деген сақтықты да естен шығар­маған. Табиғатында “қой аузынан шөп алмайтын жуас, бір адамға бір ауыз артық сөз айтып көрмеген, кісі көңілін қалдыр­ма­ған” (С.Қирабаев) Мәлік ешкім­нің жанын жараламай, сын айтқан, әзілі­мен “тісін батырған” адамымен кез­де­с­іп, көңілін жүрегінен ескен “алтын күрегі­мен” аймалаған. Осы қасиеттерін жете білетін жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұлов: “Мәлік – ғажайып тұлға. Бұрынғы мен бүгінгі заманның асыл қасиеттерін бойына дарытқан дархан дарын”, – деп сүйінген.

Бақыт бағасын білетіннің ғана басын­да тұрады. Күллі өмірі майдандар­мен өткен Мәлік ағамыз, сол соғыс май­даны, ғылым майданы, мансап майданы, қоғам­дық-қызмет майданы, күнделікті адамдар­мен шүйіркелесе жүріп өмірде адам болып қалу майданы, ұстаздық май­даны­ның жеңімпазы боламын деп жұды­рықтай жүре­гі­не Алатаудай салмақ артып келген­де, Нәзия апамыз “мамығын төк­кен ұясында” Мәлі­гін махаббаттың Әбіл­хаят суына шо­мыл­дырып, нұрымен аймалаған. Білетін­дер қос аққудай жарас­қан жұптың өмірі ғибратты, сезімдері таңғы шықтай мөлдір болғанын жазады. Ағамыздың жастау кезінде Жан­бөпе есім­ді жары бол­ға­нын замандастары­ның хаты­нан оқы­ғанымызбен, ол жайлы жары­тымды әңгіме жоқ. Ал, Нәзия апамыз­бен Мәлік ағамыздың арасындағы асықтық сезімі Ләйлі мен Мәжнүн, Еңлік пен Кебектен кем болмаған. Небәрі 58 жасын­да өмірден көшкен ерінің артын күтіп, “Мәлікке хат” атты естелік жазып бітіп, жылға толмай артынан өзі іздеп кетті.

Мәлік Ғабдуллиннің күллі ісі, рухы, жүріп өткен жолы, тағдыры, ниет – пиғылы, үлкен әріппен жазылатын Адам­­дық тұлғасы – жер басып жүргендерге теңестіруге келмейтін заңғар тау. Профес­сор Серік Негимовше толғансақ, ол-қаһар­мандық, батырлық іс-қимылдары­мен, терең ғылыми ізденістерімен, ұстаз­дық, санаткер­лік ерен еңбегімен, қалам­герлік қабілет дарынымен, жан дүниесінің кіршіксіз мөлдір тазалығымен, кісілік ме­йі­рім-қасиеттерімен, ақыл-парасатымен өзге­шеленетін тарихи тұлға. “Алдыңғы тол­қын-ағалар, кейінгі толқын-інілер”. Ке­­йін­гі толқынның мықты­лығы, берен­дігі, ірілігі, кенен, дарабоздығы алдыңғы толқыннан қалған өнеге, дәстүр, мектеп­ке, “таулардың” биіктігіне қатысты. На­мысты қайрап, Хантәңірінен асыратын да солар жеткен биік. Қадыр Мырза-Әлінің:

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,

Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер.

Қарап тұрып мынау биік тауларға,

Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер! – дегеніндей Мәлік Ғабдуллин тағылымы бізді әманда тауларға бастап, терең ойдың соңына телміртіп салып жібереді.



Тұрсын СЫДЫҚОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу  мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет