Алматы облысында 47 жастағы ер адамның төрт баланы азаптауына қатысты көршілері болған жағдай туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

47 жастағы ер адам төрт баласы бар үйге баса-көктеп кіріп, кішкентайларды әбден қорлаған. Үш ұл бала мен бір қыздың дауысын естіген көршілері жүгіріп жеткен. Күдікті сол сәтте қашып үлгерген. Балалардың үлкені 13 жаста. Қалғаны 12, 10 және 8 жасар. Күдікті олардың тамағына пышақ тақап қорқытып, тіпті зорламақ болыпты.

“Педофилдің келгенін көрдік. Көршілермен жабылып жеткенше қашып үлгерді. Есіктен кірген ғой, анасының үйден шығып кеткенін көріп. Ал терезені, балаларды құтқарамыз деп көршілер сындырды”, – дейді көршісі Жадыра Жанабаева.

“Мамасы науқас, ауырамын дейді. Күйеуі бар-жоғын білмеймін. Төрт баласы бар. Жас келіншек жоқ қой. Балалары тәртіпті, мамасы ауырса тамағын пісіріп береді. Бәрін істейді. Мамасы қайда болғанын білмеймін. Өзі жақында ауруханадан келді”, – дейді Інжу Орынбаева. 

Қазір аталмыш оқиға болған үйдің есігі жабық, терезесінің әйнегі сынған күйі тұр.

Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы мұнда былтыр жазда көшіп келіпті. Әкесі болмаған. Анасы төрт баланы жалғыз асырайды. Оқиға болған кезде әйел көрші ауылға ыдыс сатуға кетіпті.

Сұмдық жағдайдан кейін балалардың төртеуі де ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсетіп, басы мен бетінен жарақат алған кенже ұлын облыстық балалар ауруханасына жатқызған. Қалғанын амбулаториялық емге жіберген.

“Бір баланың сол жақ бетінде жарақаты болған. Өткір затпен кесілген. Екінші баланың ерні кесілген. Ең кіші бала, 8 жасар бала, оның сол жақ беті түгел жарақат. Басы шайқалған. Басынан жарақат алған деп, облыстық балалар ауруханасына жібердік”, – деді Жамбыл аудандық орталық ауруханасыының дәрігер-хирургі Серік Оралов.

Психикалық шок алған балақайлардың анасымен тілдесе алмадық. Қоңырауымызға жауап бермеді. Округ әкімі күдікті азамат әйелдің ашынасы болуы мүмкін деген болжам жасады.

“Жұмыс істемейді. Екінші топтағы мүгедек болғаннан кейін балалардың жәрдемақысымен күн көреді. Ол азаматты танымаймыз. Бір-екі рет келген деп айтты, өзі, кеше, әйел адам. Ауылға бір-екі рет келіп, не істеп кеткен деді”, – дейді Тұран ауылы округінің әкім Шыңғыс Бабагелдиев.

47 жастағы күдіктіні полицейлер жаппай-тұрмай іздеп, ақыры қолға түсірді. Бұрын адам зорлаған үшін сотты болған азамат көрші ауылдағы үйлердің біріне жасырыныпты.

“Қазір аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу менің жеке бақылауыма алынды”, – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Балаларды зорлау фактісі болған-болмағаны әзірге белгісіз. Барлығы тергеу кезінде анықталады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданында белгісіз ер адамның төрт баланы байлап, ұрып-соғып, азаптағаны туралы жазған едік. Кейіннен балаларға шабуыл жасады деген күдікті ер адам қамауға алынды. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.