2019 жылы кредиттік амнистияға іліккен азаматтар қайтадан қарызға батып жатыр. Бұл деректі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: banki.ru

Әбілқасымова 2019 жылы кредиттік амнистияға қатысқандарға қатысты ахуалға сараптама жасалғанын айтты.

“Өкінішке қарай, олар қайтадан қарызға батып отыр. Тіпті олардың кейбірінде проблемалы кредит те бар. Сондықтан да бұл ең алдымен азаматтардың төлем қабілетін дұрыс бағалау мәселесіне қатысты", – деді Мәдина Әбілқасымова мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілші сауалына жауап беріп.

Сонымен қатар агенттік төрағасы алдағы уақытта қаржы ұйымдарына қарыз болған азаматтарға тағы да кредиттік амнистия берілмейтінін баса айтты. Қазақстанда 2019 жылы мұндай іс-шара қолданылды. Халықтың аз қамтылған санаттарының қарыздары кешіріліп, 500 мыңнан астам азаматтың шамамен 115 млрд теңге қарызы есептен шығарылды. Сонымен қатар 1,2 млн азаматтың шамамен 33,6 млрд теңге сомасындағы айыппұлдары мен өсімпұлы өтелді.

Бұған дейін кейбір қазақстандықтарға кредит беруге тыйым салынатынын жазған едік.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.