Наурыздың 20-на қараған түні өрт сөндірушілер еліміздің бірқатар өңірінде қызыл жалынды ауыздықтады. Өрт кезінде екі газ баллоны жарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ТЖМ

Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында гаражда жүк көлігі өртенді. Жүк көлігінен бөлек, трактор мен бокстің шатыры да жанып кетті. Қызыл жалын 19 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт түгелдей сөндірілді.

Қызылордада Өндірбаев көшесіндегі жеке тұрғын үйдің ауласында қаңылтыр сарай мен көлік кабинасы өртенді. Өрт кезінде қорадан 27 литрлік екі газ баллоны шығарылды. Сол уақытта Жалғасбаев көшесіндегі темір қорадан да өрт шықты. 

Алматы облысының өрт сөндірушілері де оқиға орнынан көлемі 25 және 27 литрлік газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Оқыс жағдай Еңбекшіқазақ ауданы, Қаратүрік ауылында болды. Аумағы 107 шаршы метр болатын жеке тұрғын үй мен уақытша құрылыстан өрт шыққан. Өрт кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. 

Қостанай облысы, Меңдіқара ауданындағы аумағы 70 шаршы метр жеке тұрғын үйде көлемі 27 литр 2 тұрмыстық газ баллоны жарылды. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше жергілікті тұрғындары екі адамды құтқарып үлгерген. Өрт кезінде зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіру үшін ТЖД-ның 4 қызметкері мен 1 бірлік техника жұмылдырылды.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.