М. Х. Дулат шығармасындағы сопылық таным көріністері мырзахметұлы М



жүктеу 69.72 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі69.72 Kb.

ӘОЖ:82-312.1/2
М.Х. ДУЛАТ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ СОПЫЛЫҚ ТАНЫМ КӨРІНІСТЕРІ
Мырзахметұлы М.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


Өткен тарихынды білмей, болашаққа дұрыс бағдар жасай алмайсың. Осы себептенде тәуелсіз Қазақстан атамекенімізде болып өткен, халқымыз тұтынған діни идеология тарихын танып білуде М.Х. Дулаттың «Тарих-и Рашиди» кітабындағы көрініс берген сопылық таным тарихын танып, талдап ұғыну қажеттілікке айналып отыр. Өйткені, бүгінде Қазақстанда ислам туын жамылған жат ағымдардың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи негізін салған түркілік сопылық танымды жоюға, ең болмағанда істен шығаруға жан сала ұмтылуда. Неге бұлай?

Өткен тарихымызға назар салып қарайық: суфизмдегі Ясауи жолы қалыптасып, түрік халықтар санасында орнығып бүгінгі күнге жетіп, діни иделогиялық негізімізге айналып отыр. Бірақ бір атап өтерлік құбылыс – сырттан келген басқыншы отаршылдар, немесе Ясауи жолына қарсы ашық күрес жүргізіп отырған бүгінгі ислам дінін жамылған жат ағымдар – бәрі де Ясауидің түркілік сопылық жолын жоюға, оны күнделікті өмірде қолданыстан шығарып тастауға барын сала күресуінің себебі қайда жатыр?

Біріншіден, патшалық Ресей империясы 47 түрік халқын тұтас жаулап алған соң, саяси экономикалық тұрғыдан меңгеріп, жергілікті билік жүйесінде өзгертіп, отаршыл биліктің билік жүйесіне ыңғайлап алды. Енді жергілікті халықтың рухани әлеміне қол салып, миссионерлік саясатты мемлекеттік деңгейде жүргізе бастады. Шамасы жеткенше, бұратана халықтарды шоқындырып, орыстандыру саясатын жүзеге асыру әрекетіне ислам дінінің сопылық бағыты табанды кедергіге айналып, олардың аяғын тұсай берді. Өйткені түрік халықтары ислам дінін сопылық таным тұрғысынан қабылдап, Ясауи негізін салған түркілік сопылық дүниетаным халық санасына терең сіңіп қалыптасқан болатын. Идеялық көркемдік қуаты әлемдік деңгейге көтерілген сопылық поэзияның классикалық туындыларын халық ықыластана оқып рухани азық алып, қуаттанып отыратын. Сопылық поэзияға қазақ ақын- жыраулары Алтын Орда дәуірінде-ақ қызу араласып, сопылық дүниетаным негізінде жазылған туындыларымен халықтың ой-санасын мейлінше байытып, рухтандырып отырды. Сопылық поэзияның классигі атанған Ясауи туындылары түрік тілінде жазылу себепті, бұқара халық санасына терең сіңіп, оны жатқа айтушылар арқылы да күнделікті өмірде толассыз насихатталып жатты.

Міне, рухани өмірдегі бұл іргелі құбылысты отаршыл Ресей империясының идеологтары, барлаушы ориенталист ғалымдары көре білді. Рухани жағынан қазақ отбасы тәрбиесі дүниетанымы жағынан алып қарағанда орыс шаруаларынан жоғары екендігін миссионер ғалымдар танып білді. Білді де, танымдағы бұл ерекшелікті қиратып әлсірету үшін оны рухани идеялық негізі болған Ясауидің сопылық танымына қарсы күресті ерекше күшейтті. Мектеп, медреселелерді жауып, діндар молдалар мен қожаларды қуғындай бастады.

Ал, 1917 жылы саяси билікті қолға алған Кеңес үкіметі дін атаулыны терістеп, атеистік бағытты ұстанды. Қожа, молда, діндар атаулыны аяусыз қуғынға салып абақтыға қамап, жер аударып, ату жазасын, жер бетінен жоғалту саясатын ұстанды. Кеңес билігі де Ясауидің сопылық жолына ерекше мән бере қудалаумен бірге әлемдік мәні бар Ясауи кесенесін істен шығарып, ондағы сирек кездесетін кітаптар мен халқымыздың тарихи жадына айналған қолжазба қорларын жойып жіберді. Бұқара халық зиярат ететін қасиетті кесенені астық қамбасына айналдырып, ақыры келіп кесенені атеистік насихаттың мұражайы ретінде пайдаланды. Мақсат - түркілік сопылық жолды, діни ұлттық салт-дәстүрлерді халық санасынан өшіру арқылы атеистік танымды мықтап орнықтыруда жатты.

Ал, енді бүгінде ислам дінін жамылған жат ағымдар, әсіресе, бахабистер Ясауиді, оның ұлттық дәстүр мен діни танымды үйлестіре білген жолын жоюға жан сала күресуде. Ясауилік сопылық дәстүрмен халықтың ұлттық салт-сана, әдет-ғұрпын жоюға, тарихи жадын өшіруге бір бағытта, бір мақсатта әрекет етуде. Патшалық Ресей империясы мен Қызыл империяның мақсаты — Түркістан халқын шоқындырып орыстандыру арқылы тобырға айналдыру болса, бахабистердің мақсаты қазақ халқының ұлттық діни дәстүрін жойып, ыдыратудан, рухани тұтастығын бұзудан басқа ешнәрседе емес.

Ал, бүгінде рухани жағдайымыз нашарлап, дініміз бен діліміз, ұлттық әдет ғұрпымыз ыдырауға бет алса, М.Х. Дулаттың заманында яғни XҮI-XҮII ғасырларда қалай болғанын «Тарих-и Рашидиді» оқу арқылы көп нәрсені танып біліп, бағдарлай аламыз. М.Х. Дулаттың заманында өзіне дейінгі және өзі билік тізгінін ұстаған кезінде Түркістан өлкесіндегі халықтардың ислам дінідегі ұстанымы суниттік бағытындағы Ханафи мазһабында, Ясауидің сопылық жолында мықтап қалыптасқанынан нақты хабар береді.

Моғолстан ханы Тоғылық Темірді ислам дініне кіргізуге ықпал еткен — Маулана Аршиатаддин, оның ұрпағы маулана Қожа Ахмет, Жамаладдин шейх көріпкел, сопылық жолдағы тақуалар Тоғылық Темір хан мен нөкерлерін ислам дініне кіргізуі — бүкіл Моғолстанға исламның жайылуына жол ашты. Бұлар ислам дінін сопылық таным тұрғысынан қабылдаған болатын. Сондықтан да мемлекетте руханият әлемі сопылардың қолында болды. Сопылық таным мемлекеттің рухани әлемінде шешуші орынға көтеріліп, қалың жұршылықтың бірегей діни танымы ретінде қалыптасты.

Моғолстан мен Шағатай мемлекеті қол астындағы халықтар ұстанған сопылық таным сол халықтардың отырықшы, көшпелі тұрмысына қарай Ясауилық, нақшвандиялық бағыттар пайда болды. Көшпелі тұрмыс салтына қарай Яссауилік сопылық танымдағылар зікірге түскенде шалықты зікір түрін пайдаланса, отырықшы тұрмыстағы халықтар қалыпты зікір түрін ұстанды.

Махдұм-и-Нұран «...хақ тағаланың кейде назарға алып еске түсірмейтін адам жоқ. Ал Алланы еске алып отырудың мәні басқа, ол зікір арқылы еске алу. Зікірдің мақсаты — құдайды еске алу... Кімде-кім дәруіштік жолға қадам басса, біріншіден, шынайы тәуба етуі керек, яғни сыртқы жүрісін және ішкі дүниесін тазарту керек, бұл кемелденуге жету жолының шарты болып табылады» деп жазуы жай нәрсе емес [3,446б.].

Заманында сопылық танымның әсері өте күшті болып, тіпті, биліктегі ханның өзі тағын тастап, кемелдену жолына жетуді мақсат еткен. Мысалы, Сайыт ханға сопылар қауымының сөздері қатты әсер етіп, хандық билігін тастап дәруіштік жолға түсуге шешім жасағанда, Қожа Насираддин Ғубайдулла келіп, хан игі істерді жүзеге асырса, соның өзіде жетіп жатыр:

Тағында отыр сұлтандық, тұлпарына мін өзің

Дәруіштей биязы болғай, бірақ мінезің.

Жалау қолда, тәж баста, барлығыда орнында,

Ынталы бол ғылымға, бөлене бер торғынға, - деген ұлы кісілер сөзімен тоқтау салып, игі істерді жүзеге асыру шарт екенін ұқтырады. Міне, сопылық танымның халық санасында терең қалыптасып, мықты сіңісіп орныққанын көреміз. Сопылық танымның білгірі Қожа Ғұбайдұлла (1516 жылы қайтыс болған). Ол өз заманында – дүние ғылымы мен рухани ғылымның терең білгірі деп бағаланған.

Сайыт хан сауық-сайран салып шарап ішумен айналысып, ақыры ғибадат жолына түскенде бүкіл халқы қуанып, шарапханалар жабылып, мешіттер ашылғанда «...оқылған игі дұғалар жерден аспанға көтерілді, ал Алланың рахметі аспаннан жерге жауды» деген ғажап пікір кәзіргі кванттық физика классиктерінің энергетикалық өріс жайлы пікір танымдарымен астасып жатуы біздер үшін таңданыс тудырады. Қожа Ғұбайдұлланы «...дүние ғылымы мен рухани ғылымның терең білгірі» деген пікірде зор мағына жатыр. Өйткені ұлы Абайдың жетінші қара сөзінде «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны» [2,165б.] - деген даналық ой толғанысында айтылған «дүниенің көрінген сыры» дегені Қожа Ғұбайдұлла да «дүние ғылымын » меңзеп тұр. Ал «рухани ғылым» дегені Абай айтатын «дүниенің көрінбеген сырын» нұсқап тұр.

Осы таным тұрғысынан қарағанда, Европалықтар «дүниенің көрінген сырын» терең танып меңгеріп, осы сала ғылымы арқылы материалдық игіліктің ұшар басына шығып, нәпсілік рахаттың бар түрін пайдалану арқылы рухани азғындыққа ұшырап отыр. Бірақ Европалықтар «дүниенің көрінбеген сырына» терең мән бермей оны қолмен ұстап, көзбен көріп, не таразыға тартып көре алмаған соң, оның не қажеті бар деген атеистік, материалистік жолды ұстануы себепті, бүгінде олар терең рухани дағдарысқа ұшырап, одан шығар жол таппай адасуда. Мұны айтулы ақын Мағжан Жұмабаевтың сөзімен айтқанда:

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.

Білген емес иман деген не нәрсе,



Қарын деген сөзді ғана жаттаған...

Табынатын құр дүниеге жануар,

Болған емес жұмысы оның жанменен, - деген ой толғанысының өзі болып шығады.

Бірақ діни жағдай қалыпты болғанымен, дін бұзар көптеген секталық топтар орын алып, ислам дінін бүлдіруге әрекет еткен құбылыстар жүріп жатқанын өз заманында М.Х. Дулат әр тұста-ақ таңбалап отыратыны бар. Мысалы, Бадахшанда пайда болған «шам сөндірушілер» сектасы — шах Разнаддин күпірлігі. Кез келген адамды өлтіру, малын талап алу олар үшін қылмыс емес. Олар нанатын «Қалиме-и-қалиме» кітабы дінбұзар сектаның өзі деп бағалайды. Оларша бір анадан туған ұл мен қыздар өзара жыныс қатынасына түсуі айып емес. Мұны М.Х. Дулат «Бір секта әлеміндегі ең жаман күпірлік, дін бұзар наным(секта) болып табылады» деп баға береді (256 бет). М.Х. Дулат Кашмирде пайда болған дін бұзар шия, нұрбақыш сопы, шамаси, пұтқа табыну сияқты діни секталардың орын ала бастағанын көре білді. Бұлардың арасында да «нұрбақши» нағыз дін бұзар секта Ираннан келген Шамыс «нұрбақши» сектасын Кашмирліктер арасында насихаттап сунниттер мен шиялардың танымына сай келмейтін «Фикһ-и ахват» кітабын тарата бастайды. М.Х. Дулат бұл кітапты Ираннан келген Саид Мұхаммед бин Мұхаммед Нұрбақыш (1392-1469) негізін қалағанын айта отырып, ол кітапты Үндістан ғұламаларына жібіріп, пікір сұрайды. Үндістан ғұламалары ол кітапты жан-жақты талқылай келіп «...дін тазалығы мен хақ жолын ұстау үшін оларды жазалау керек... ал олар тәубеге келіп, ол ілімнен бас тартса, Әбу-Ханифа (Алла оған разы болсын) мазһабының жолын ұстануға бұйрық берілу тиіс» деген пәтуаға келеді.

Күнге табынатын «шамасин» деген дін бұзар секта да дәл осы уақытта бас көтере бастайды. Міне, Кашмир халқын азғырып теріс жолға бағыттаған бұл діни секталарға қарсы күресті М.Х. Дулат күшейте түседі.

М.Х. Дулаттың осы жат секталарға қарсы әрекеті сол секталарды қолдаушылар тарапынан қастандық жасалып қаза табуы – біздер үшін ойландыратын, әрі тарихи сабақ алатын өнеге болатынын ұмытпау керек.


Әдебиет


  1. Қожа Ахмет Иасауи Диуани Хикмет,2000ж.,– 250б.

  2. А.Құнанбаев Таңдамалы шығармалар жинағы, 1995ж., II том – 165 бет,

  3. М.Х.Дулати Тарих-и Рашиди.- Алматы «Тұран» 2003ж.– 256 б.

Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Ғалым а. ҚЫраубаева зерттеулеріндегі алтын орда кезеңі мен түркі тілді әдебиет
Dulaty2014 -> Тараз қаласының МӘдени тарихы көшербаева А. Ж., Иманбекова Г. М
Dulaty2014 -> Қытай деректемелеріндегі қазақ тарихының Өзекті мәселелері шолпанқұлова Қ. А
Dulaty2014 -> Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 930. 1: 929 М. Х. Дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи танымдық деректер
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 297 МҰхаммед хайдар дулати «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі ислам дініне деген сенімі
Dulaty2014 -> Әож 342. 22: 323 тараз аймағындағы архитектуралық ескерткіштер тарихы
Dulaty2014 -> Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында
Dulaty2014 -> Ежелгі тараз тарихының жаңа беттері даурембеков Қ. К


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет