Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға Жамбыл облысының елдімекендерінде каналдар мен коллекторлар салу және реконструкциялау туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Жамбыл облысында өткен жылдың жаз айларында ағын су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Қазіргі қиын жағдайда осы уақытқа дейін салынбаған каналдар мен мәселелер туралы айта кету маңызды. Оңтүстік өңірлер, соның ішінде Жамбыл облысының тұрғындары сапалы органикалық өнімдерді өсіруге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын. Алайда суармалы суға қол жеткізу мәселесі шешілмей отыр", — дейді депутат. 

Сондай-ақ ол өңірде каналдарды салуға ақша бөлінгенімен жұмыс бірнеше рет тоқтатылғанын тілге тиек етті. 

"Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты Дулат ауылдық округі, Қонаев және Балуан Шолақ елдімекендеріндегі тозығы жеткен 12 каналды жөндеу мақсатында ирригациялық дренаждық жүйелерді жетілдіру бағдарламасы 2019 жылы бастау алған. Жоба құны – 3,8  млрд теңге. Мердігер компанияның жұмыс қарқыны өте төмен болуына байланысты келісімшарт бұзылған. 2022 жылы жоба қайта жасалып, 4,8 млрд теңге бөлінді. Жобада ауданның 12 шаруашылық каналы және 2 коллектор жүйесінің құрылыс-жөндеу жұмыстары қарастырылған. Құрылыс 2023 жылғы 4 ақпанда аяқталуы қажет еді. Бірақ жұмыстар жүргізілмей тоқтап тұр", — деп атап өтті Гүлдара Нұрымова. 

Оның айтуынша, бұл – лауазым иелері жағынан тиімді бақылау мен жауапкершіліктің болмауының салдары. Дулат ауылдық округінің Бәйдібек, Бөлтірік елдімекендерінің тұрғындарымен кездесу барысында 140 шаруа қожалығы, қосымша 3 ауылдық округтің 300-ге жуық шаруа қожалығы 5 жылдан бері жеп отырған нанынан айырылып, қол қусырып отырғандарын және осы мәселені үкіметке жеткізіп, мәселені тез арада шешуді сұраған.  

"ПУИД-2 жобасы бойынша каналдардың құрылыс жұмысын аяқтап халық игілігіне беруді және жоғарыдағы фактілер бойынша тексеру ұйымдастыруды сұраймыз" — деді мәжіліс депутаты.
 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.