Мақалада тіліміздегі жалқы есімдердің сөзжасамы талдау жасалады



жүктеу 51.02 Kb.
Дата23.04.2019
өлшемі51.02 Kb.
түріДерексіз

ӘОЖ 81.373.2

К-90
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖАЛҚЫ ЕСІМДЕР СӨЗЖАСАМЫ


Фил.ғыл.канд. Құламанова Зиба

Қапарова Албина


Мақалада тіліміздегі жалқы есімдердің сөзжасамы талдау жасалады.

Тіліміздегі деректі, дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін жалқы есімдердің қолданылуының толып жатқан стильдік қыр-сырлары көп. Жалқы есімдерді зерттейтін лексиканың бір тарауын ономастика деп атасақ, оның кісі атына, жер-су аттарына байланысты қолданылуының өзіндік ажыратушылық ерекшеліктері жоқ емес. Сол ерекшеліктерді нақты мысалмен байқап көрсек, ұлы жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясында: Тәкежанды Ысқақтың әйелі Мәніке «Ақке» деп атайтын. Мәнікенің тісі батпайтын бір ғана кісі бар: ол – Абай. Қайны болса, бір сәрі еді, өзі қайнаға, оны және Мәніке амалсыз кішілік жолы – келіндікпен «Әйнеке» деп атайтын; араларында Шырақ бар еді, Абай оның қай қайнысын «Шырақ» дейтінін есіне түсіре алмады: Қай Шырақ? Мына Кіші асқабұлақтағы Әйнекемнің баласы, – деп, Абайды тыныстандыра жымия қарады. Қоныс атын атаған соң ғана, Абай «Әйнекесі» Тәкежан екенін, «Шырағы» оның баласы – Әзімбайдың аты екенін есіне алды» [1. 258]. Міне осы сияқты жалқы есімдерге, онимдерге қатысты ақын-жазушылар шығармаларында болсын, тілімізде болсын осындай онимдерге қатысты тілдік құбылыстар кездесіп отырады. Мақаламызда жалқы есім түрлерінің, яғни жалқылық атаулардың (оним) осы жерде бір нақтылай кететін нәрсе, сөзжасамдық жұрнақ мәселесі туралы сөз етіп, талдау жасаймыз.

Жалпы қандай да бір сөздің жұрнақ қабылдау, яғни сөзжасамдық формант таңдау, талғау қабілеті көп жағдайда оның осы жеке өзінің лексикалық мағынасына қарай анықталады. Лингвистикада сөзжасамдық формант деп әдетте тұрпаты мен семантикасы жағынан ең кіші сөзжасамдық құралды айтады.

Жалқы есімдер сөзжасамын да немесе жалпы зат есімдер сөзжасамында синтетикалық, аналитикалық және субстантивация тәсілдері құрайды. Осы жасалу тәсілдеріне қарай оларды негізгі үш түрге бөліп қарауға болады [2]. Мағынасы мен дыбысталуы басқа бір түбірлес лексемалармен байланысты сөздер сөзжасамның зерттеу обькетісі болып табылады.

Жұрнақты жалқы есімдер туралы айтар болсақ, қазақ тілінде есім негізді зат атаулары, етістік негізді зат атаулары сияқты, жұрнақ арқылы одағайдан өзге сөзтаптарының бәрінен жасалады. Бұл ретте өздерінің сөзжасамдық әлуеті жағынан, басқа есім тектілерге қарағанда, әсіресе зат атауларына жалғанатын жұрнақтар өте өнімді де және барынша әртүрлі болып келеді.

-лық//-лік, -дық//-дік, -тық//-тік. Сөзжасамдық бұл формант түрік тілдерінің жалпы қай-қайсысында да ең өнімді жұрнақ саналады. Сөзжасамдық бұл формант әсіресе туа түбір зат атауларына көбірек жалғанады. Ал бұл туа түбір атаулар семантикалық жақтан әр тарап болып келеді. Мысалы: Алмалық, Тараздық, Шымкентік, Куандық (кісі есімі), Шаттық (кісі есімі), Жақсылық (кісі есімі), Азатлық, Бірлік, Игілік, Кендірлік, Қазатлық, Орталық т.б

Бірлік – ауыл. Мақтаарал ауд. Социалистік құрылыстың алғашқы кезеңдерінен елес беретін әлеуметтік топоним түрі [3, 603].

-шақ//-шек. Сөзжасамдық бұл жұрнақ түркологияда бірде сан, мөлшер, мезгіл мағынасындағы -чақ//-шақ лексемасымен байланыстырылса, кейде ол -ч(-ш) және -ақ элементтеріне мүшеленеді. Мысалы: «Болашақ» стипендиясы.

-шық, -шік: Кәуілшік – қыстау. Созақ ауд. Өсімдік атынан қойылған атау. Қарашық – өзен. «Жер асты суымен толысып отыратын өзен» мағынасындағы атау.

-лы//-лі. Ынталы (көне қала орны) ; Үңгірлі (жер атауы) Алмалы – өзен. Бәйдібек ауд. Атау «алмасы көп, мол» деген мағынаны білдіреді. Қоғалы – ауыл. Мақтаарал ауд. Атаудың топонимдік мағынасы: «қоға қалың өскен жер». Ошақты – ауыл. Сарыағаш ауд. Екі түрлі этимология ұсынылады: 1) «ошағы көп жер», 2) «ошақтылар (ұлы жүздің бір ру тобы) мекені» мәніндегі атау т.б.

-ақ//-ек, -ық//-ік, -қ//-к. Бұл форманттың тіліміздегі сөзжасамдық қызметін негізінен өнімді деуге болады.Өнімділігі әсіресе туа түбір зат атауларына жалғанғанда айқынырақ көрінеді. Мысалы: Жібек (кісі есімі), Бәйдібек (кісі есімі), Бірлік ауылы, Шығанақ ауылы, Жайық, Жабық т.б. Жабық – артезиандық құдық. Созақ ауд. Аты айтып тұрғандай, құдықтың жабық екендігін білдіретін атау.

Ойық – ауыл. Түркістан қ. ә. аумағында. Этникалық топ атауы. Этимологиясы: Ойық – еннің аты. «Малдың құлағына салынатын ендердің ойық түрі [3, 624].

-ай//-ей//-й. Бұл формант та тіліміздің сөзжасам жүйесіндегі ең бір өнімсіз жұрнақ.Ол арқылы туа түбір зат атауларынан жасалған дериваттар саны тілімізде не бәрі төрт-бестей-ақ. Мысалы: Қанікей (кісі есімі), Абай ауылы, Матай ауданы.

-бай. Бұл формант қазақ тілінде негізінен антропонимдік туылымдарда қолданылады. Онда де тек есептік сан атауларының қосарында. Мысалы: Үш бай, Бесбай, Алтыбай, Жетібай, Онбай, Елубай, Алпысбай, Мыңбай, Жаманбай, Тоқсанбай, Қырықбай т.б.

-мыс//-міс, -мыш//-міш. Етістік негізден бұл формант антропонимдерден да айқын сезіледі. Ал мұндай құрылымды жалқы есімдер қазақ тілінде едәуір: Өтеміс, Төлеміс, Тоқтамыс, Бектеміс, Құрамыс, Тумыш (кісі есімдері), Бармыш ауылы т.б.

-ақ, -ек: Ақмойнақ, Бұранақ, Дербісек, Жүйнек, Көбек, Күркірек, Қайрақ, Қарнақ, Шорнақ.

Бұранақ – құдық. Отырар ауд. «Тақтаймен шегенделген құдық» мәніндегі атау [3, 603].

Қарнақ – ауыл. Түркістан қ. ә. аумағында. Ру атынан не Т.Жанұзақтың пікірінше, «қоршалған, күшті бекітілген қала» мағынасындағы атау. [3, 616].

-гер. Құлагер, Маңмаңгер т.б.

-пар//-мар. Сөзжасамдық бұл -пар//-мар форманты арқылы пайда болған туынды түбір зат атаулары тілімізде жалпы ара-тұралап қана ұшырасады. Мысалы: «Сеймар» фермасы, «Тұлпар» партиясы, Аймар (кісі есімі).

-зада. Иран тілдерінде –зада форманты «тұқым, тек, нәсіл» мағынасын білдіретін дербес сөз. Ал қазақ тілінде жұрнақ орнына қолданылады. Ол қазір көбінесе антропоним құрамында жұмсалады. Мысалы: Гүлзада, Асылзада, Бекзада, Шайзада, Ханзада, Айзада, Шехрезада, Күлзада, Бекзада т.б.

-стан. Қазақ тіліндегі бұл сөзжасамдық формант – иран тілдерінде (ел-жұрт) мағынасында қолданылатын дербес сөз. Ол түрік тілдерінде қазір жұрнақ қызметін атқарады. Мысалы: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркістан, Түрікменстан т.б.

Сондай-ақ тілімізде эмоция-экспрессия реңі бар жалқы есімдер де кездеседі. Біреумен сөйлескен, тілдескен кезде сөйлеп тұрған жайға кісінің өзі атып, өзі әңгімелеп тұрған жайға жеке басының көзқарасын, пікірін білдіретін семантикалық-стилистикалық амал-тәсілдердің жиынтығын тіл зерттеуші ғалымдар экспресивтілік деп атайды.

Зат есім құрамындағы эмоциялы-экспрессиялы сөздерді тілімізде өзінен жасы кішілерге, жас балаларға мерейлене, ықыластана сөйлеген кезде олардың атына -жан, -тай, -ай, -й секілді морфологиялық элементтерді қосып айтатын дәстүр бар. Мәселен, баланың аты Марат, Болат болса, оны Маратжан, Болатжан, Әмір болса, Әміртай, Дана болса, Данай деп қолданатын әдет елдің бәріне таныс. Сонымен бірге -еке қосымшасымен келетін жалқы есімдерге қосылатын Мәке, Ғайнеке, Сапеке, Зәке, Тәке дегендегі -еке арқылы келетін есімдерді де осы лексикалық топқа қосу керек.

Қазіргі таңда жалқы есімдердің лингвистикалық сипатын ономастикалық бағытта жан-жақты зерттеп, ғылыми тұрғыдан зерделей білу, әрбір атаудың немесе топонимнің жинақталған қызметі арқылы көрінетін құбылыстарды терең тани білу көкейкесті мәселеге айналып, жан-жақты зерттеліп отыр.
Әдебиеттер


  1. М.Әуезов. Абай жолы. Алматы 528б.

  2. Қазақ грамматикасы. Алматы. 2004ж.

  3. Жеріңнің аты – Еліңнің хаты. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd» ЖШС , 2006. – 808 б.

  4. Құламанова З.А. Жамбыл облысының ойконимдері. Тараз. 2009ж. 247б.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ




СЛОВООБРАЗОВАНИЕ НАРИЦАТЕЛЬНЫХ ИМЕН В КАЗАХСКОМ ЯЗЫКЕ
В статье рассматриваются словообразования онимов, а также делается лингвистические анализы.

WORD FORMING OF COMMON NOUNS IN THE KAZAKH LANGUAGE
In article are considered word-buildings оnum, as well as is done linguistical analysises.






Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет