Мақсатымыз – заман талабына сай кәсіптік білім беру



жүктеу 45.77 Kb.
Дата13.12.2017
өлшемі45.77 Kb.

Мақсатымыз – заман талабына сай кәсіптік білім беру
Біз ел болып Қазақстан Республикасының 25-жылдық Тәуелсіздігін атағанымыз кеше ғана. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.

ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арқасында Қазақстан тұңғыш рет әлемдік қауымдастық мойындаған, тәуелсіз мемлекет мәртебесіне заңды түрде ие болды. Бұл халқымыздың көптеген ұрпағының күресі мен үмітінің жемісі.

25 жыл ішінде Қазақстан 50 ең дамыған елдердің қатарына кірді, 2030-Стратегиясын мерзімінен бұрын іске асырды, 2050 – Стратегиясын, Ұлт жоспары «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» жоспарын жүзеге асыруға көшті. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып әлемдік деңгейде Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмені өткізді.



Мұның бәрі Қазақстанның дұрыс саяси бағыт алуы мен оның халықаралық аренадағы жоғары беделінің көрінісі. Қазақстанның кезекті міндеті - Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызу. Ел басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің кезекті «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «ол үшін елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық дамудың жаңа моделін жасау қажет», - деді.

Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білім деңгейімен анықталады. Біздің Қазақ-Америка Университеті қыркүйек айында өзінің 20-жылдық мерей тойын атап өтті. Жасы жағынан ол тәуелсіз Қазақстаннан сәл жастау болғанымен, еліміздің білім және ғылым саласына қосқан үлесі аз емес.

Қазақ-Америка Университеті 2005 жылдан бастап кредиттік жүйені ендіру үшін тәжірибе алаңы болды. Оқытудың кредиттік жүйесі қазіргі заман талабына сай әлемдік білім стандартына сәйкес келетін мамандар даярлауға негіз береді. Кредиттік технологияны қолданудың тиімділігі студенттердің мобильді болуына ықпал жасайды, шет елдерде білім алуына мүмкіндік береді. Университет түлектері АҚШ-та, Англияда, Германияда, Францияда және басқа мемлекеттерде білімдерін жалғастыруда.

Университетте заманға сай жоғары деңгейлі мамандарды дайындауда оқытушылар түрлі заманауи инновациялық және коммуникациялық технологияларды белсенді қолданады. Оқу процесінде оқытудың жаңа технологиялары мен әдіс-тәсілдері ұтымды пайдаланылады. Лекциялар өтетін дәрісханалар мен практикалық сабақтар өтетін кабинеттер замануи оқу жабдықтарымен жабдықталған.

Оқытушылар модульдік оқытуды белсене қолданады, компьютер сыныптарында ғаламтор-технологияларын пайдаланады, мультимедиялық сабақтар өткізеді. Қазіргі заман талабына сай дуальді оқыту жүйесі енгізілген, себебі теория мен тәжірибе тығыз байланыста болса, бұл оқу мекемесі мен өндірістің ажырамас бірлігін білдіреді.

Университеттің 20 жылдық мерей тойына арналған бірқатар іс-шаралар өтті. Солардың бірі - Қазақ-Америка Университеті жанындағы Алматы байланыс колледжінде 2017 жылдың 14 сәуірінде өткен «Бәсекеге қабілетті маманды дайындау – замануи білімнің мақсаты» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Республиканың түрлі оқу орындарынан келген оқытушылар үшін колледж қазіргі техникалық, саяси-құқықтық, тілдік, экономикалық және мәдени мәселелері бойынша ой-пікірлерімен және ғылыми зерттеу нәтижелерімен бөліскен пән аралық алаңға айналды.

Алматы байланыс коледжі 1999 жылдан бастап Қазақ-Америка Университетінің құрылымдық бөлімшесі болып саналады. Колледж ҚР байланыс мекемелерінің талабына сай жаңа технологияларды қолдана отырып мынадай бағытта мамандарды даярлайды: «Радиоэлектроника және байланыс» (түрлері бойынша), «Оптикалық және электрондық жабдықтар» (түрлері бойынша), «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру»(түрлері бойынша), «Аударма ісі» (түрлері бойынша)

Колледжде үштілділік енгізілген. 2015 жылдан бастап колледж Республикада алғашқы болып кейбір пәндерді (математика, информатика және «Электрлік тізбегінің теориясы») ағылшын тілінде өткізеді.

Барлық зертханалар мен шеберлік сыныптары Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерінде қолданылатын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Колледжде Түркия және Корей елінде шығарылған станциялар, Германиялық синхронды көлік модульдері, Санкт-Петербургтан зертханалық макеттер бар.

Колледж оқытушылары Англияда, Чехияда, Түркияда, Қазақстан бойынша сан-алуан курстарда білімдерін жетілдіреді. Сонымен қатар республика және қала көлемінде мастер-класстар өткізу арқылы өз шеберліктерімен бөліседі. Оқытушылар алыс-жақын шет елдердегі әріптестерімен (Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және т.б.) тығыз қарым-қатынас жасайды.

Алматы байланыс колледжінің студенттері халықаралық, республикалық, қалалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға, олимпиадаларға, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Колледж студенттерінің технологиялық практикасы жоғары білікті мамандарды даярлаудың ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады және ол тиісті материалдық- техникалық базасы мен жабдықтары бар колледждің базалық кәсіпорындарында өткізіледі. Практикадан өту мәселесі бойынша колледж «Қазақтелеком» АҚ, «Қазтелерадио» АҚ, «Қазгидромет» РГП, «Инфокоммуникациялық технология Академиясы» Дирекциясы («Қазақтелеком» АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі), «Базистелеком» ЖШС, «АЛМА ТВ» ЖШС, «31 КАНАЛ» ТРК, «Хабар» ТРК, «Технопарк Алатау» ЖШС және тағы басқа компаниялармен тығыз әріптестік қарым- қатынаста.

Сол қарым-қатынастың көрінісі ретінде 14 қыркүйекте колледж өткізген«Мамандарды өндіріс қажеттігіне сай оқытудағы интеграция процесі» атты дөңгелек үстелді айтуға болады. Өндіріс қажеттігін оқу орындарының базасымен байланыстыратын оқыту технологиясын енгізу процесі мен жоғары кәсіби мамандарды дайындаудағы мәселелерді талқылау үшін дөңгелек стөлдің жұмысына Алматы қаласы колледждер Ассоциацияның Президенті Ж.Н.Азисханов, Алматы қаласы 42 колледждерінің директорлары мен директор орынбасарлары және жоғарыда аталған кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Педагогикалық ұжым «Мақсатымыз – заман талабына сай кәсіптік білім беру» принципі негізінде жұмыс істейді. Білім саласына көптеген жаңалықтар енгізіледі, қазіргі педагогикалық және информациялық технологиялар қолданылады, алайда айнымас болып педагогикалық шеберлік, жоғары кәсіпқойлық, өз мамандығына, оқу орнына деген сүйіспеншілік пен берілгендік жылдар бойы сақталуда.

Сондықтан барлық Қазақ-Америка Университетінің ұжымын Университетіміздің 20-жылдық мерей тойымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа ізденістер, жаңа жобалар, жаңа бағдарламалар жасалатын шығармашылық табыс тілеймін.



ҚАУ жанындағы Алматы байланыс колледжінің

оқытушысы Рахимкужаева Ә.Р.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет