Мазмұны Елбасы – тірегім, елорда- тұғырым



жүктеу 1.23 Mb.
бет7/7
Дата13.09.2017
өлшемі1.23 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Қазыбай Құдайбергенов,экономика ғылымдарының кандидаты, профессор,

Тәнеш Оразов,соғыс және еңбек ардагері, Мылтықбай Пейісов,зейнеткер-полковник,

Қайырбек Мырзахметұлы,ардагер журналист.



МАЙДАНГЕР ҚАЛАМГЕР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН?

Бұлар сұрапыл соғыстан аман-сау елге оралған журналистер еді. Бір кезде бұрынғы "Ленин жолы” қазіргі "Сыр бойында” өңшең омырауы орден, медальға толы ағалар әңгіме-дүкен құрып отырғанда тамсана, құмарта тыңдаушы едік. Әскерден әскери офицер болып оралған Әбділда Құрманаев, Досмағанбет Тасекеев, Құрманғали Ажаров, Әбсадық Жанзақов, Нұрғали Оспанов, Қадыр Алдоңғаров, Бөлебай Әлменов, тағы басқалар дүниеден ерте кетті, көп қызықты көре алмай кетті. Қазір олар ұмыт бола бастады.

Солардың бірі – журналист Ахметжан Нүрекеев десек, артық емес. Турашыл, ғайбат сөзге жоқ аға соғыстың алдында осы күнгі байырғы басылымда, бірер жыл Мерке аудандық газетінде еңбек етті. Соғысқа 1941 жылы осы "Ленин жолы” ұжымынан аттанды.

Әскерде зеңбірекшілер курсын бітіріп, майдан даласында құралайды көзден тигізетін мерген болды. Аға мұны естеліктерінде талай рет айтушы еді. Майдандық газеттерде Ахаңның бірнеше очерк, суреттеме, мақалалары жиі жарияланып тұрды. Жауынгер журналист атанды. Курск майданында жауды тап бастырмай зеңбірек оғымен жайратты. Кенет жауынгердің окоптағы жеріне бомба түсті. Өңшең қатардағы жас солдаттар мерт болды. Сержант Ахметжан Нүрекеевтің бір жамбасының күл-талқаны шықты, бас жараланды. Топырақ астында екі күн жатты. Жанкешті екі медбике топырақ астынан басын көтеріп, шырқырап жатқан жауынгерді суыт суырып алып, "жаңбыр-жаңбырдың” астымен дегендей, дала госпиталіне жеткізді. Жауынгер ес-түссіз бірер апта жатты.

Сонымен, жаралы жауынгерді емдеп, майдан госпиталінің дәрігерлері туған жерге аттандырды. Қарағанды госпиталінен дәм-тұз бұйырды. Алты ай жатты. "Шықпаған жанда жан бар” демекші білікті дәрігерлердің көмегімен айығуға бет бұрды. Қос балдаққа сүйеніп, туған жері Қызылордаға 1947 жылы оралды. Бұл жерде хирург Икрам Ыдырысов дәрігерлердің "бір аяғын кеспей болмайды” деген ұйғарымына қарсы шығып, кеспей емдеудің жолын қарастырып, қатарға қосты.

Жаралы жауынгер қиын тағдырдың ауыртпалығын тартты. Рабиға атты жеңгемізбен бас қосты. Аға жанын ұққан бойжеткен өмірбақи ағаны алақанына салып қадірледі, күтті. Үш ұл, екі қыз дүниеге келді. Аға өзінің ұшқан ұясы байырғы майдандас інісі Құрманғали Ажаровпен ширек ғасыр жұп жазбай, сыйластықпен еңбек етті.

Ахаң тағдыр салған қиындыққа мойымай, аптапты ыстық, ақ қар, көк мұзда қос балдағын сүйретіп, кеңсеге ерте келетін-ді. Оны айтасыз пединституттың тарих факультетін сырттай оқып бітіруге бар қайратын жұмсады. Жоғары білім алды, партия қатарына өтті.

Жауынгер-журналист еңбегіне орай, 20-ға жуық орден, медаль алды. Екі бірдей "Қызыл жұлдыз” орденін жеңіс күндері омырауына тағып, төрде отырушы еді. Бірнеше рет жоғарғы кеңестің грамотасын алды.

Бәріміз ардақ тұтқан Ахаң жетпістен асқанша бір ұжымда еңбек етті. Елуінші жылдың басында отау құрғандықтан балаларын оқытып, ержеткізу керек болды. Бәріне жоғары білім алуына ұйтқы болды. Үш ұлының бірі инженер, екеуі майор, подполковник, бір қызы Жұлдыз, Құндыздар ғалым, дәрігер болды. Әулет үрім-бұтақтары жиырмаға жетті.

Аға сержант, журналист Ахметжан Нүрекеев биыл жүзге толды. Арамыздан кеткеніне жиырма жылдан асты.

Осынау сұрапыл соғыстың қиын сәттерін бес жыл бойы бастан өткізіп, майданнан оралып, байырғы басылымда елу жылдан аса еңбек еткен Ахметжан Нүрекеевке қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Нағыз құрыш қазақ жауынгерге "Сыр бойының” шыға бастағанына 85 жылдығы толу қарсаңында қала орталығанан бір көшеге есімі берілсе, жөн болар еді. Мұны қала әкімі, ономостикалық комиссиядағы мырзалар ескерер деген ойдамыз?!

//Сыр бойы.-2014.- 12 шілде.- 5 б.


44
Қали ОМАРОВ, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі.

ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ТҮГЕНДЕГЕН ЕҢБЕК

Қоғамымыздың арғы-бергі тарихында уақыт сынынан өте алмай талай халықтың қолымен жасалған тарихи ескерткіштер із-түссіз жоғалғаны туралы дерек аз емес. Тарихи-мәдени ескерткіштер елдің баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндірудің, насихаттаудың жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісінде маңызы зор. Төл тарихын түгендеу мен зерделеуді өзіне мұрат тұтқан азаматтарымыздың қатары жылдан жылға көбеюде. Соның дәлеліндей, Сыр өңірі шежіресінің білгірі, зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай мен кәсіби заңгер, облыстық сот судьясы Молдабек Ахметов өлкемізді тану ісіне үлес қосуда.

Жақында олардың «Сыр еліндегі ескерткіштер- Памятники низовья Сырдарьи» атты еңбегі (Алматы. Киізкітап, 2014. 260 бет.) оқырман қолына тиді. Онда ежелгі дәуірлерден қазірге дейінгі үш жүзден астам археологиялық, архитектуралық, тарихи, мәдени ескерткіштер жөніндегі ғылыми негізделген мәліметтер әрбір аудан бойынша топтастырылған. Мәтіннің орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріліп, энциклопедиялық үлгіде және фотоальбом түрінде әсем форматты қағазбен дайындалуы кітаптың құндылығын арттыра түскен. Тың туындының биылғы 29-30 мамырда Алматы қаласында өткен халықаралық көрме-жәрмеңкеде «Үздік ғылыми танымдық басылым» номинациясы бойынша екінші дәрежелі дипломмен марапатталуы жоғарыда айтылғанның жарқын айғағы. Авторлар сөз басында «Алаштың Анасы» атанған қасиетті мекеннің тарихына тереңнен бойлап, ондағы тіршіліктің бастау – бұлағы әрі ұстыны Сырдария өзенінің өткеніне шолу жасаған. Тұран ойпатында орналасқан Сырдың су нысаны арналарының эволюциясы бір-бірімен сабақтасқан мәдениеттердің қалыптасуына негіз болғаны және бұлардың көрші аймақтардағы елдердің мәдениеттерімен астаса дамығаны мазмұндалған.

Сыр бойының ежелгі тайпалық мемлекеттердің орталығы болғаны күмәнсіз. Бұған өңірімізде көптеп сақталған сақ, ғұн, қаңлы, оғыз-қыпшақ, кердері тайпаларынан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, көне қалалардың орындары мен қорғандардың қирандылары нақты дәлел. Әлемнің әр түкпірінен жол тартқан жиһанкездер Тұран ойпатында әсем қалалардың орналасқанын ерте замандардан-ақ білген. Олардан қалған жазбалардың бірқатары ғылыми қауымдастыққа жақсы таныс.

Кезінде Сыр бойы өңірін зерттеген патшалы Ресейдің мамандары мен ғалымдары да аса құнды еңбектер жазғаны белгілі. Одан бергі уақытта тарихи ескерткіштерді зерттеу, насихаттау арқылы туған өлкемізді халықаралық ғылыми қауымдастыққа, жалпы жұртшылыққа танытуға үлес қосқан, қосып жүрген небір археологтар, тарихшылар, этнографтар, әдебиетшілер мен басқа да ғылым саласы өкілдерінің ерен еңбектері өз алдына бір төбе. Авторлар бұл ретте Ресей ғылым академиясының Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы және оның алғашқы жетекшісі С.П.Толстов, қазақстандық ғалымдар Б.Сүлейменов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Жәмішев, М.Меңдіқұлов, С.Әжіғалиев, Ә.Байтенов, Т.Карамендин, Ж.Құрманқұлов, Т.Мәми сынды ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өткен.

Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұраларын зерттеу ісіне соңғы жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының елеулі үлес қосып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Аталған оқу орнының археологтары сақ тайпаларының мекені Шірік-Рабат пен оғыз мемлекетінің орталығы Жанкент қалашықтарының орнын 10-15 жылдан бері қазып, зерттеп, онда табылған өте құнды тарихи маңызы жоғары ескі мүліктер жинастырылып музейлерге қойылып жүр.

Сыр өңірінде түркі мәдениетіне жататын көне қалалардың ізі көптеп саналады. Соның бірі қыпшақ-қазақ хандықтарының бас ордасы болған тарихқа белгілі Сығанақ. Сақ дәуірінен бері сақталған Бұланды, Бәбіш мола және қаңлы кезеңінің Жетіасар ескерткіштері әлемдік маңыздағы мұралар қатарына жатқызылған. Оғыз-қыпшақ дәуірлерінде (IX-XIII ғғ.) өркендеген Асанас, Баршынкент қалаларының ХV ғасырға дейін жеткені де мәлім. Сыр өңіріндегі ескерткіштер ішінде асарлар мен көне қорымдардың алатын орны ерекше. Сауысқандық, Бағаналы қорымдарынан табылған жәдігерлердің тарихы кем дегенде 3 жарым мың жыл. Қола және темір дәуіріне жататын қорымдар да баршылық. Солтүстік Түгіскен мавзолейлері, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері – әлемге әйгілі жауһарларымыз болып саналады.

45

Облыс аумағында сақталынған ізі бар діни-рухани ескерткіштер өте көп. Бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға, данагөй философ Қорқыт баба мазарының XIX ғасырда Ә.Диваев түсіріп алған суретін де осы жинақтан көріп табасыз. Біз байқаған бір ерекшелік – авторлардың өз жеке мұрағаттарындағы осы тақылеттес сирек суреттерді кітапқа кеңінен ендіруі.



Халқымыз біртуар перзенттерін қашан да қадірлеп, қастерлеп, ардақтап отырған. Елімізге еңбек сіңірген тұлғаларға белгі қою үрдісі жыл сайын жағымды жалғасын табуда. Кітапта бұл санаттағы тарихи ескерткіштерге үлкен мағына бере отырып орын бөлінгені өте құптарлық жайт.

Жаһандану дәуірінде ұлттардың төл ерекшеліктерін сақтап қалуға жаңа буын халқымыздың ұмтылысы жылдан жылға күшейе түспек. Демек, тарихымызды тереңдететін, руханиятымызды шегендейтін мәдени мұраларымызды зерттеу, оларды жарыққа шығарып халыққа жеткізу ұлтымызды ұлықтаумен бірдей деген сөз. Олай болса, жақында жарыққа шыққан «Сыр еліндегі ескерткіштер-Памятники низовья Сырдарьи» атты кітаптың құндылығы міне, осында.


//Сыр бойы.-2014.- 12 шілде.- 7 б.

46
Казбай Құдайбергенов, ҚМУ-дің профессоры

Ұрпақтар сабақтастығының дәнекері
Қазақтың басынан өткен запыранға толы зобалаң жылдардың жарасы ешқашанда жазылмайды. Себебі сол жылдары жазықсыз құрбан болғандар жайлы деректер толық ашылған жоқ, оның үстіне көбінің жерленген жерлері де белгісіз. Тарихымызда елге кара жамылдыртан сол бір кезеңмен қазіргі тәуелсіздігіміз арқылы жаркын болашағымыздың көкжиегін жалғастыруға дәнекер болатын жандар некен-саяқ. Ондайлар ел ішінде сирек болса да бар екен. Солардың бірі - азамат Құрманбаев Бақытбек Көштайұлы 1962 жылы туылған, баланың әкесі, жеке кәсіпкер, жұбайы Сауле мұғалім, қала тұрады. Ойын ашық айтатын Бақытбек мені сырттай танитынын алға тартып, азамат болып атқа мінгелі репрессия құрбаны болған нағашы атасы — Бердиев Құлмақанның тағдыры жайлы талай жердің есігін тоздырып, ақыры оның ақгалғаны жайлы деректер алғанын тебірене айтгы.
Бердиев Құлмақан жайлы деректер былай дейді. Ол 1909 жылы Қармақшы ауданының 18-ауылында орта шаруа отбасында туылған. 1932 жылдан ВКП (б) мүшесі. Жұбайы — Қызылбайқызы Жами Қылорда қаласының қызы, руы арбалы керейт. Қ.Бердиев Тереңөзек ауданында екінші хатшы болып, ұзамай Баянауылға 1-хатшылық қызметке ауысады. Ол кезде оның Роза, Баян атты екі кызы болған. Құрманбаева Баян — Бакытбектің анасы. Мемлекет қауіпсіздігі комитеті (КГБ) Қызылорда облысы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Бердиев Құлмақан, Байкадамов Алтынқазы, Шеңгелбаев Сейіт, Маханов Тлеубай, Рахымжанов Кәрім, Пірмағанбетов Жүнісбек, Имағанбетов Қадырлар ұйымдасқан топ құрып, колхозда (ұжымшар) тарату мақсатында үгіт жүргізіп, колхозшыларды колхоздан көшуге азғырып, 1933 жылдың егіс науқанына кедергі жасап, колхоз малы мен астығын талантаражға салған деген айыппен РСФСР ҚК-нің 58-10 бабымен қылмыстық жауапқа тартылып, қамауға алынған. Олардың істері 16 мамыр 1933 жылы Оңтңстік Қазақстан облыстық прокурорына облсотқа жіберу үшін жолданған.

Қарағанды облысы УНКВД- ның ерекше үштігінін 26 казан 1938 жылғы шешімімен Бердиев Құлмақанға ату жазасына үкім шығарылып, үш күннен кейін үкім орындалған. Енді осы құжатгарды қазіргі мезгіл деңгейінен сараптасақ: біріншіден сол кездегі компартияның шынайы мүшесі болған Қ.Бердиевтің халыққа қарсы әрекеттерге бару мүмкін еместігі, еқіншіден 1933жылдан 1938жылға дейін 5 жыл абактаға ұстап, қинап, «қылмысын» зорлықпен мойындатканы, үш күн ішінде «тездетіп» өлім жазасын орындағаны көрініп-ак тұр.

Бақытбек ініміз нағашы атасының 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының бұйрығына сәйкес ақталғаны жайлы анықгаманы 1990 жылы алыпты.

Уақыт көрсеткіштерін салыстырсақ, Бердиев Құлмакан Баян- ауылға қызмет ауыстырысымен ұсталған сияқты. Халык жауының жесірі атанған жұбайы — Қазыбайқызы Жәми екі қызымен (Роза, Баян) елге оралады. Розасын күйеуінің апасы Жанбикеге беріп, өзі Баянымен төркін-жұртын паналайды. Еш жерге жұмыска орналаса алмай, күнкөріс үшін амалсыздан біреуге екінші әйел болып, тұрмысқа шығады. Одан бір ұл, бір қыз көреді. Сөйтіп Бақытбек ініміздің нағашы әжесі де, өз анасы Баянда бірі сүйікті жарын, бірі аяулы әкесін аңсаумен өмірден өтіпті.

Біз жоғарыда Бакытбектің нағашы атасымен жазыксыз жазаланғандардың аттарын атадық. Сонымен бірге, әркайсысының тағдырларынан сыр шертетін Бақытбеқ Құрманбаев ініміздің жеке архивінен алынған суретгерді де көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік. Себебі, уақыт желімен сарғайған суреттердегілердің туған-туыстарына, немерелеріне ой салу, ізденімпаздыққа жетелеу, олардың ұлағатты есімдерін анықтап, қазіргі ұрпақка жеткізуді максат еттік. Ал, Бақытбек ініме алғыс айта отырып, көпшілікке осындай ұрпақтар сабактастығының дәнекерлері көп бола берсе деген шынайы тілегіміз де жоқ емес.

//Ақмешіт апталығы.-2014.-12 шілде.-4 б.



47
Арайлым Абай, ҚМУ-һ 2-курс студенті

«Платонустан» пайда бар ма?..
Білім беруді жаңғырту - бүгінгі заманның талабы. Қазіргі таңда жаңа технологиялармен қатар жаңа бағдарламалар да жоғары оқу орындарының білім беру жүйесіне еніп жатыр. Солардың бірі - «Платонус» бағдарламасы. Бұл бағдарламаның басқаларға карағанда ерекшелігі, әрбір ата-ана баласының қандай баға алғанын, дәрістерге қатынасын үйінде отырып-ақ, бақылай алады. Әсіресе аталмыш бағдарлама үйіне «сабаққа кетгім» деп, кеткен жол-жөнекей баска бағытқа бұрылып кетесе немесе «5» алдым» деп, қанжығасын үштікті байлап қайтатын студенттердің әкерелейтін тиімді тәсіл десе-ді. Бұл ата-аналар үшін қолайлы дегенмен әлі де болса аталмыш жаңа жүйенің кыр-сырын жете білмегендіктен опа жеп жүргендерде басым. Бағдарлама бабына бармай жапа шегіп жүргендер де бар арамызда. Мәселен, емтихан кезінде уақытгын зулап өтіп, компьютердегі сұрақтарынын ашылмауы, қойылған бағаның қайта өзгертілмеуі (мысалы, оқытушының қателігінен студентердің бағаларының ауысып кетуі), емтихан кезіндегі сынақтан 50 балдан төмен алған жағдайда қорытынды бағаның шықпауы, казіргі тілмен айтқанда ОРІ (орта балдың) аз болуы студентгердің жаздық оқу мерзімне қалып және сол пәннен кредит санына байланысты ақы төлеп оқуына тура келеді. Ал жаңа жүйеге деген оқытушылар мен студентгердің көзқарасы қандай?

Гулмира Әшірбекова, филалогия ғылымдарының кандидаты, қазақ тілімен журналистика кафедрасының аға оқытушысы:

«Платонус» - автоматтандырылған жүйе. Казақстандық ЖОО-ның басым көпшлігі осы жүйемен білім береді. Бұл бағдарламаның тиімділігі кез келген студент, ата-ана және оқытушы қажетті мәліметтерді немесе жұмыс бағдарламасын жүзеге асыруды ғаламтор желісіне қосылған кез келген компьютерде отырып,бақылай алады. Студент әр пән бойынша әдістемелік нұсқаулар, дәрістер кешенін, қосымша материалдар, оқытушының ғылыми жетістіктері туралы мәлімет алады. Бұл бағдарламада студенттің оқуға қабылданғанынан бастап, диплом алғанға дейінгі іс-қағаздары түгелдей жіктеледі. Тіпті олардың ата-анасы туралы деректер де енгізіледі. Арнайы үлгірім журналы

электронды нұсқада жұмыс жасайды. (Студенттер өзінің білім деңгейін жеке пароль арқылы кіріп бақылайды.

Абай Нұржанұлы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті:

- «Платонус» бағдарламасында бұрынғы бағдарламаға қарағанда өзгешеліктер бар. Біраз түсініксіз. Жаңа жуйенің жай-жапсарын толыққанды түсінбей жатқандықтан арагідік қиындыққа тап болатынымыз жасырын емес. Мәселен, бұл бағдар ғаламтормен тығыз байланысты. Ғаламтордың дұрыс қызмет атқармауынан, ондағы жүктеудің көп болғандығынан келеңсіздіктерге тап болып жатамыз. Сондықтан бағдарламаны жөнді жүйеге салған абзал.

Сырым Әділбеков, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті:

- Бұл бағдарлама қазіргі заманға лайықталған, студентке де, ата-анаға да қолайлы. Әрине, баста түсінбеген жерлерім, болды. Қазір оқытушыларымыздың арқасында үйрендік. Меніңше, ыңғайлы сияқты.

Әлбетте әр нәрсенің екі ұшы бар. кезек - сол кемшілікті күзеп, оң нәтиже ойысу. Себебі, «Білімді - ұрпақ ел болашағы». Сондықган, егемен елдің болашағы баянды болуы үшін білімгерді жарқын жолға бастар бағыт-бағдар бергеніміз жөн.

//Халық.-2014.-17 шілде.- 8 б.
48

Уәлихан ИБРАЕВ,Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Жарқын болашақ бастауы

Әлемдік жаһандану үдерісі дәуірінде небәрі жиырма екі жыл ішінде еліміз өз тәуелсіздігін орнықтырып, шекараларын айқындап, ядролық қарудан бас тартып, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтай отырып, әлемдік ауқымдағы тұрақтылық, достық, толеранттылық идеяларын негіздеуде. Және бұл мәселелер Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында ерекше орын алып, барша қазақстандықтардың оларды ерекше ынтамен, ықыласпен күтетіні жасырын емес.

Бұған негіз де жоқ емес. Себебі, Елбасының Жолдаулары еліміздің әлемдiк кеңістіктегі іс-қимылдар бағдарын, ішкі тұрақтылық мәселелері мен даму бағыттарын айқындайтын негiзгi тарихи құжат болып табылатындығында.

Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру»,– деп тәуелсіздік шежіресіндегі екінші ұзақ мерзімді стратегияның бағыт-бағдарларымен таныстырған болатын. Міне, Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында барша қазақстандықтардың мүддесі тұрғысынан жауап беретін, нұрлы болашаққа бастайтын іс-қимылдар жоспары мен әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру ісіндегі нақты тапсырмалар жүйесі белгіленген.

Бұл Жолдаудан әрбір қазақстандық өз мақсат-мұраты мен қызметі аясына қатысты негізгі мәселелерді басшылыққа ала алады. Мәселен, ғылым және білім саласында жүрген азамат есе­бінде Елбасының үкімет мүшелеріне венчурлық қаржыландыру, зияткерлік меншікті сақтау, ізденістер мен инновацияларға және ғылыми ізденістер нәтижесін коммерцияландыру бағытындағы заңнамаларды дайындап, 1 қыркүйекке дейін Парламент қарауына ұсыну туралы тапсырмасы еліміздегі ғылыми ойдың даму тарихындағы үлкен белес деп білемін. Сонымен қатар, экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамыту үшін ғылым саласына ІЖӨ-нің 3 пайызынан кем емес қаражаттар жұмсалуы керек деген нақты тапсырмалардың берілуі ғылыми қауымды серпілтіп, жаңа ізденістерге жетелеп, жастардың ғылыми ізденістерге ден қойып, шынайы ғылымға келуі артатынына сенім мол.

ХХІ ғасыр «білектінің емес, білімдінің заманы» екенін ескере отырып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанда әркім қалауынша өмір сүріп, өз отбасын бағып қана емес, балаларына білім беріп, болашағын жоспарлайтындай кезең келді», деген болатын. Бәсекелестік дамыған қоғамда білімнің мазмұны мен кадрлық әлеуетке артылатын жүк аз емес. Ал оқу-тәрбие үдерісінің негізгі тұлғасы – ұстаз екенін ескерсек, оларға қойылатын талаптың да жоғары болатыны сөзсіз. Елбасы өз Жолдауында әрбір мектеп ұясын кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, жаңа заманауи методикалар негізінде жұмыс жүргізілуі керектігін баса айтып, ұстаздар қауымының жалақысын 2015 жылдың 1 шілдесінен 29 пайызға дейін көбейтуді тапсырды. Елбасының бұл тапсырмасы білім саласы қызметкерлерінің көңіліне медеу ұялататынына күмән жоқ.

Сонымен қатар, Жолдауда орта мектептердегі білім беру сапасы мен мазмұнын «Назарбаев зияткерлік мектептері» деңгейіне дейін жеткізу керектігі тапсырылып, мектеп ұясынан ұшқан әр­бір түлек қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп шығуы шарт делінді. Бұл жарқын болашақта еліміздің жаһандану үдерісінде өзіндік орнын ойып тұрып алуы үшін және алдыңғы қа­тарлы мемлекеттердің санатына қосылудың негізгі шарттары мен өмір талабы екені ақиқат.

Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында мемлекеттің білім саласында жүргізген сындарлы саясаты, байыпты іс-әрекеттері нәтижесінде жақын аралықта алдыңғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесі толықтай қалыптасып, әлемдік деңгейдегі жоғары межелерден көрінетіндігімізге сенім мол.


//Егемен Қазақстан.-2014.-22 шілде.-2 б.

49

Серікбай ҚОШҚАРОВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы.



Су маманына сұраныс

мол болғанына қарамастан, бес жылда жоғары оқу орындарын бітірген 132 кадрдың 6-уы ғана жұмысқа орналасқан

Сыр аймағындағыдай табиғи жағдай еліміздің өзге өңірінде жоқ деуге болады. Себебі, осы өлкені оң­түстіктен солтүстікке бойлай қа­сиет­ті Сырдария кесіп өтіп жатыр. Сондықтан, кешегіге дейін об­лыс халқының бүкіл өмірі осы өзен­мен бірге бітісіп, қайнап жатты. Бү­гін­нің өзінде облыстың ауылда тұ­ра­тын 350 мыңдай азаматтары ата­лған өзенге сүйенуде, үміт арту­да. Өйткені, дәриядан нәр алатын инженерлік жүйедегі егістік жер ауыл адамдары тірлігінің көзі, күн­көріс негізі. Сонымен қатар, суар­малы алқап өңір халқын азық-тү­лік­пен қамтамасыз етіп, асырайды.

Соңғы жылдары елімізде егін­шаруа­шылығына жоғары талаптар қойылып жатқаны белгілі. Жалпы, бұл салада суармалы егіншілікті дамытудың орны бөлек. Осы орайда, егіншілік саласы түгелімен суар­малы жүйеге негізделген Қы­зыл­­орда облысының мәні ерекше де бөлек.

Басқа өңірлерді айтпағанда, өткен ғасыр аяғында Сыр аймағында 225 мың гектар инженерлік жүйе­дегі суармалы жер болған. Бұл мол қазына алдыңғы ұрпақтың қыруар еңбегі арқасында ғана келгені белгілі. Осының негізінде облыс республиканың күріш өндіру орталығына айналды. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған алып диқандар егіннен жыл сайын тұрақты мол өнім алудың үлгісін көрсете білді.

Алайда, бүгінгі күні суармалы алқаптың шамамен 175 мың гектарына ғана өнім егіледі. 50 мың гектардай жер жарамсыз күйге түскен. Мұның бірнеше себеп­тері бар. Біріншіден, уақыт өте келе суармалы жүйе табиғаттың құ­былуынан, экологияның бү­лінуі­­нен негізгі көрсеткіштері күр­­­­делі өзгерістерге ұшырады. Екін­­­шіден, егіс алқаптарының топы­­рақ-мелиоративтік және гид­ро­­геологиялық жағдайлары да кү­р­деленді. Үшіншіден, дақылдардың суару т­ехнологиясы уақыт талабына жауап бере алмай отыр. Дегенмен, суармалы егістің күтімін қадағалап, бақылап, ұйымдастырып отырған мамандар қызметін ерекше атауға болады. Олар жер үшін бар білім, біліктерін аямай, құнарын құртып алмау жолында еңбектенуде.

Облыстық «Қазсушар» басқар­ма­сының мәліметіне қараған­да, қазір аймақ шаруашылықтарында шамамен 35-40 су маманы ғана жұмыс атқаруда. Қажеттілік болса 250 – 270 адамды құрайды.

Осы көрсеткішті көріп отырып, қиналмау мүмкін емес шығар. Кей­бір ірі елді мекенде бірде-бір су ма­маны жоқ. Сонда шаруашылыққа жаз бойы алынған су көлемін өл­шеп, жыл аяғында тиісті қар­жы мөлшерін кім анықтайды? Ин­же­нер­лік жүйедегі суармалы егіс­тікті күту жұмыстарын кім ұйым­дастырады? Уақыт өткен сайын сол суармалы жерді жақсы қалпында ұстап, келер ұрпақ өкілдеріне кім тапсырады?!

2011жылдың 14 ақпанында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын Қазақстан Респуликасының жер ресурстарын пайдалану мәселелері туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Осыған сәйкес бұрын пайдаланудан шығып қалған жер­лерді ел мүддесіне қайтару жөнін­де үлкен істер іске аса бастады. Сондықтан алдағы уақытта Сыр өңірінде қолданыстан шығып қалған инженерлік жүйедегі 50 мың гектар суармалы егістікті қайтадан іске қосу мәселесі туындайды деген үміт бар. Сол уақытта осы ауқымды жұмыстарды атқару үшін су саласының білікті мамандары өте қажет болатыны анық.

Суармалы жер – Қызылорда облысында өзге өлкеге ұқсамайтын, ерекше маңызды аймақ ретінде бағаланатын, алдағы ұрпақтар үшін өңір салмағын еселей түсетін өте бағалы қазына. Басқа өндіріс түр­лері табиғи қордың азаюына не­мес­е таусылуына байланысты бәсең­сіп, болмаса тоқтап қалуы да мүм­кін. Мұндай жағдай суармалы егіншілік саласында оңайлықпен орын ала қоймайды. Алдыңғы ұрп­ақ мол еңбек сіңіріп, қалдырған ин­женер­лік жүйедегі суармалы жерлер, жақсы күтімі болса, казіргі және кейінгіге мәңгілік жемісін береді.

Инженерлік жүйедегі егістік – күрделі құрылым. Оның жобасын жасаушы, құрылысын жүргізуші де негізінен су маманы. Сондықтан, мұны сауатты түрде пайдалану жұмысы да міндетті түрде білік­ті су маманының бақылау бас­қа­руымен іске асуы тиіс. Су маманы – егістіктің басты жанашыры, оның барлық бөліктері мен тетіктерінің тілін түбегейлі білетін, кем-кетігін дер кезінде жөндеп, іске қоса алатын білікті де білімді азамат.

Бұрыннан белгілі ережеге сәйкес 500 гектар суармалы егіске бір су маманы иелік етуі тиіс. Әдетте 500 гектар күріш егістігінде 250-ге жуық атыз болады. Су маманы арнайы жорналда сол екі жүз елу атыздың әрқайсысындағы топырақ түрі, тұздар құрамы мен мөлшері, атыз бетінің тегістігі, ыза су деңгейінің тереңдігі мен минералдануы, тағы басқа да деректерді жинақтайды. Сол көрсеткіштер жыл сайын анықталып, жаңартылып жатады. Су маманы осы бағалы мәліметтерді талдай отыра әрбір егінші мен сушыға қажетті нұсқау­лар мен кеңес беріп отырады. Сон­дықтан, суармалы жерді пайда­ланудың басы-қасында су маманы жүрмесе егістік алқап құнарынан айырылады, топырағы тозады. Жоғарыда айтқан 50 мың гектардан аса суармалы егістің іске аспай пайдаланусыз қалуы соның дәлелі.

2008 – 2013 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кет­тік университетін 132 су шаруа­шы­лығы маманы тәмамдаған болса, олардың алтауы ғана өңірдің ауы­л шаруашылығы мекемелеріне жұ­мысқа орналасқан. Қалғаны қайда жүр?

Бұл – ойланарлық жағдай. Бұ­ған қарағанда, қазіргі студенттер құрамын қалыптастыру мен іріктеу жүйесі Сыр өңірі шаруа­шылықтарын сапалы су мамандарымен қамтамасыз ету мақсатын орындай алмайтыны көрініп-ақ тұр ғой.

Сондықтан бүгінгі күннің талабы – ол қысқа мерзімде облыс шаруашылықтарын білікті су мамандарымен қамтамасыз ету. Мұндай мамандар еліміздің төрт қаласындағы жоғары оқу орындарында дайындалады. Алайда, сайып келгенде бұл маңызды істі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жүйелі атқара алады. Себебі, біздің өңір тағдыры суға тәуелді. Оны алдымен түсінетін тек су маманы ғана. Республиканың өзге қалаларында су саласы мамандықтарын игерген жастар Қызылорда облысы шаруашылықтарына келіп, осында тұрақтайды деп айту қиын. Осыны да естен шығармағанымыз ләзім.

Егіс алқаптарында гидрогеоло­гиялық, топырақ-мелиоративтік жағдайлар өзгеріске жиі ұшы­рап жатады. Осыған сәйкес дақыл­дарды суару амалы мен тәсілдері де жаңа­рып, ерекшеленіп жатуы тиіс. Шаруа­­шылық мамандары осы ере­же­лерді жақсы меңгеріп, оларды іс жүзінде тиімді қолдануы қажет. Ол үшін мезгіл сайын маман­дардың кәсіби біліктілігін арт­тырып отыру­дың орны ерекше. Солай болған­да дақылдарды күтіп-баптау жұ­мыс­тары, оның ішінде суару технологиясын ғылым­ның соңғы жетіс­тік­теріне сай ұйым­дастыру мүмкін бо­лады. Оның үстіне жылма жыл аза­­йып бара жатқан су ресурстарын тиімді пайдалану ісі де үлкен мәселе. Суармалы жүйені талапқа сай күтіп-баптап, Сырдариядан алынған суды ұтымды әдістер арқылы егіске жіберуді ұйымдастыра алуымыз қажет. Бұл Аралды құрғаудан құтқарары сөзсіз. 2013 жылы «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандықтарына республикада 253 грант бөлінді. Алайда, осы мол үлестен Сыр өңірі жас­тарына 19 грант қана бұйырды. Өкінішке орай, бұл өте аз, бар болғаны 8 пайыз деген сөз. Ал, суармалы жердің көлеміне, оның инженерлік тұрғыдағы күрделілігі мен ерекшелігі ескерілетін болса, оңтүстік аймақтағы Қызылорда облысының алатын үлесі шамамен 35-40 пайыздан кем түспеуі тиіс еді. Аталған мамандықтар бойынша 234 грантты иеленген өзге облыстардың түлектері Алматы, Тараз және Шымкент қалаларын таңдады. Солардың ішінен оқу бітіргесін Сыр өңіріне келіп тұрақ­тайтын маман шығар ма екен?

Экологиялық жағдайы күрделі Қызылорда облысының күріш шаруашылықтарын білікті су мамандарымен түбегейлі түрде қамтамасыз етудің жолы бар. Ол үшін әрбір шаруашылықта орта мектепті бітірген жастар арасынан осы өлкеге шын жанашырлықпен қарайтын түлектерді іріктеп, оларды өңір жағдайына бейімделген арнайы бағдарламамен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытып, өз ша­руа­­шы­лықтарына оралуына жағ­дай жасау.



Сыр бойы ел үшін күріш өндіру­дің орталығы екенін қаперге ала отырып шаруашылықтарда білікті су мамандарының болуы, онда атап өткеніміздей, Арал айм­а­ғында экологиялық ахуалды тұрақ­тандыруға да септігін тигізері сөз­сіз. Ендеше Қызылорда мемлекеттік уни­верситетіне жыл сайын «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Су ресурс­тары және суды пайдалану» маман­дықтарына атаулы 80 грант бөлу қажет деп санаймыз. Осы ма­ңыз­ды мәселе лайықты шешімін тауып жатса, сұранысқа ие су маманын дайындау өңірде жүзеге асатынына иманымыз кәміл.

//Егемен Қазақстан.-2014.-23 шілде.- 4 б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет