Музей в открытом информационном пространстве


ХҮІІІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ҚАТЫСТЫ РЕСЕЙ ДЕРЕКТЕРІ



жүктеу 3.69 Mb.
бет11/16
Дата19.09.2017
өлшемі3.69 Mb.
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

ХҮІІІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ҚАТЫСТЫ РЕСЕЙ ДЕРЕКТЕРІ
Артықбаев Ж.О. - т.ғ.д., профессор. (Астана қ.,Мемлекеттік Тарих Институты)

ХVІІІ ғасырдың қазақ қоғамына қатысты ең мол, әрі құнды мәліметтерді Ресей деректерінен аламыз. Олардың өзін жүйелей келе екіге топтағанымыз абзал – архивтік және нарративті. Оның біріншісі патша грамоталары мен жарлықтары, жоғарғы үкімет орындарының әр түрлі іс қағаздары, төменгі әкімшілік жүйесінің, сауда орындарының баяндамалары, қазақтың хан-сұлтандарының, би-батырларының хаттары мен өтініштері. Бұл қатарлы құжаттардың бәрін де ресми деп атауға болады. Сонымен қатар архив құжаттарының бір қатары қарапайым адамдардың мәліметтерінен тұрады, олардың берген деректерін архив жүйесіндегі ғалымдар «сказка» немесе «распросные речи» деп атауды қалыптастырған. Үкімет орындары әлдене себептермен қазақ ішінде болған, араласқан адамдардан жауап алып отыруды дағдыға айналдырған. Архив деректерінің ішіндегі бір бөлегі қазақ жеріне шыққан елшіліктерге байланысты жинақталған құжаттар мен естеліктер. Олардың маңыздылығы ресми құжаттардан бір де кем емес. Ресей құжаттарының ішінде қазақ тілінде жазылғандары да аз емес – олар қазақ ел басыларының тарапынан түскен әр түрлі хаттар, мәліметтер, өтініштер /1/.

Ресей деректерінің бір құнды көзі – нарративті ескерткіштер. Олардың қатарына Орынбор өлкесінде көп жылдар қызмет жасаған Н.П.Рычковтың, Сібір шептерін салуға қатынасқан И.Г.Андреевтің, екіншісі Академиялық экспедицияның (1768-1769 жылдары) мүшелері П.Паллас, И.Георги, И.Фальк тағы басқа ғалымдардың тарихи-этнографиялық суреттеуге толы еңбектерін жатқызамыз. Бұл дәстүр ХІХ ғасырда өз жалғасын тапты,олпрдвң қатарында Г.И.Спасский, С.Б.Броневский, А.И.Левшин еңбектері бар.

Аталған еңбектердің бәрі де қазақ өмірінің этникалық түп-төркіні, әлеуметтік жағдайы, рулық құрамы, қоғамдық өмір тынысы мен көзге түсер сыртқы қасиеттері жайында шынайы мағлұматтарға толы. Ресей құжаттарының көпшілігі этнографиялық суреттеу тәсілдерімен жазылған.

ХVІІІ ғасырда Ресей мен Қазақ Ордасы арасындағы таныстық Сібір өлкесінен басталады. Оған себеп қазақтың солтүстік-батыс шекарасында башқұрт, қалмақ ұлыстары орыспен екі араға көлденең жатып, тікелей қарым-қатынасқа жол бермеді, ал Сібірде қазақ қоныстары Тобыл, Тара, Түмен алқабына жапсарлас болды. Әз Тәуке заманында қазақ елшілері алдыменен Тобольск қаласын іздейтін. Тарихи деректерден белгілісі ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардың қауышар тұсында Сібірге аттанған Тәшім-батыр елшілігі көп жылғы мәмлегерлік қатынастардың бастауы және деректердің жинақталуының негізгі себебі. ХVІІІ ғасырдың басында Ресей архивтарына түскен деректердің негізгі бөлігін В.Кобяковтың, Ф.Скибиннің, М.Трошинның елшіліктері алып келді. Қазақ Ордасының саяси өмірі, хан мен сұлтандар және ру басылары арасындағы қарым-қатынас, шаруашылығы туралы түсініктің, таныстықтың іргесі осылай қаланды.

Осы кезеңге жататын деректердің біразын Тобольскіге барған қазақ елшілері-саудагерлері берген. 1694 жылдан бастап Әз Тәуке ханның сыртқы мәмлегерлігін атқарған адамдардың бірі – Тайқоңыр Құлтабай Аталықұлы тарапынан түскен мәліметтер соны дәлелдейді. Бұл іс сапарларда саяси мәселелермен қатар сауда жөінінде әңгіме қозғалады. Осыған қарағанда ХVІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығының Орта Азия мен Сібір және Еділ арасындағы транзиттік саудаға ықпал ету мүмкіндігі жоғары болған. Елшіліктерге байланысты әңгімелерден қазақ қоныстары Сыр бойында екенін және Қазақ Ордасының оңтүстік аймақтармен көбірек байланысты болғанын аңғарамыз. Осы деректердің негізінде жасалған С.Ремезов картасы да (1697 жылы) қазақ жерлерінің шекарасы деп Сарысудан арғы жерді нұсқайды. Әрине, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан елде нақты шекара болуы мүмкін емес, жайылымға ыңғайлы жердің бәрі де оларға қоныс. Олай болса қысқы қоныстың мөлшерін нақты шекара қылып есептеу С.Ремезов картасының басты қателігі деп есептеу керек /2/.

Қазақ елінің этникалық-саяси өміріне байланысты деректердің бір түйдегі 1717-1720-шы жылдардағы екі елдің де сыртқы серпіліс кезеңінде туды. Бұл құжаттарды аңдысу кезеңінің құжаттары деуге болады. Оның бір көрінісі Қазақ Ордасының екі қанатын айнала Ресей екі үлкен экспедиция аттандырды (Бухгольц пен Бекович-Черкасский). Қазақтар болса Ресейді Жоңғарияға қарсы пайдаланғысы келді. Қазақ туралы деректердің көпшілігі бұл кезеңде Тобольск, Уфа, Қазан қалаларына жинақталып отырды. Саяси келіссөздерде Қазақ Ордасы атынан Қайып пен Әбілқайыр хандардың аты жиі аталады. Олардың басты мақсаты Алтай мен Жетісу өңірін сақтау үшін Ресеймен әскери одақ құрып Жоңғарияның бетін қайтару болғанға ұқсайды. 1717-1718 жылдарғы екі арадағы келісім нәтиже бермегенін бірнеше жағдайдан аңғаруға болады. Алдыменен, 1718 ж. Арыс, Бөген, Шаян өзендері бойындағы қазақтардың жеңілісі, екіншіден осыған айғақ. М.Гагарин мен И.Бухгольцтің 1719 жылы Мәскеуге жіберген хабары “Қазақ Ордасының адамдары Ом (Омбо – Ж.А.) өзенінің құярынан (Ертіске – Ж.А.) жоғары тұстан оң жағалауға өтіп әр жерден Барабы елді мекендерін тонап, тұтқын алуда. Оның үстіне Тобылдағы елдің қоныстары да Қазақ Ордасының жорық-жортуылдарына жиі ұшырауда. Олар көптеген елді мекендерді тонап, құртып, патша адамдарын тұтқынға алып және малын айдап кетеді” /3/. Жортуылдың жиілеп кетуінің бір себебі Қазақ Ордасының бірнеше жылғы соғыстардан кейінгі жоқшылық хәлі деп шамалауға болады.

Ресей архивтарінде қазақ елі, оның қоғамдық құрылымы, саяси жағдайы, шаруашылық ерекшеліктері жайында мол деректер 1730- жылдардан басталады. Бұл үшінші кезең бодандықпен тікелей байланысты. Осы кезеңдегі құжаттардың ішіндегі ең салмақтысы К.Тевкелевтің “Журналы”. Бір жарым жылдан аса Әбілқайыр Ордасында болып Кіші жүзді Ресей бодандығына қарату жөнінде ұлан-ғайыр іс атқарып келген елшінің “Журналы” деректемелік жағынан өте құнды дүние. Ол өзінің көрген, бақылаған оқиғаларын сипаттаумен шектеліп қалмай Қазақ Ордасының әлеуметтік-саяси жағдайы туралы өте мол мәліметтерді жинақтаған.

К.Тевкелев кәнігі саясаткер ретінде өз жанындағы башқұрларды, қазақтарды мәлімет жинауға пайдаланып отырған. К.Тевкелевке дос-жар болып, көп мәлімет берген адамның бірі табын Бөгенбай батыр. Оның қазақ руларының тарихы, қалалары, хандардың шежіресі туралы берген деректері К.Тевкелевке 1748 жылы үлкен баяндама жасауға мүмкіндік берді. Қазақпен көрші қара қалмақ, құба қалмақ, башқұрт, өзбек елдерімен қарым-қатынасы туралы деректердің көпшілігін елші хан-сұлтандардан, соның ішінде Әбілқайыр мен Нұралыдан алғаны анық. Жалпы К.Тевкелевтің жинақтаған мәліметтері ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамы жайлы мол мағлұмат береді. /4/.

К.Тевкелевпен қатар осы кезең жөніндегі бірсыпыра деректерді Н.П.Рычков екшеп, олардың дәлелдісін Орынбор тарихына арналған еңбектеріне енгізді. Оның әсіресе көп қолданғаны Кіші жүздің Ресейге қосылу барысында пайда болған құжаттар – патша жарлықтары мен грамоталары, басты-басты кездесулердің протоколдары, Хиуа, Түркістан, Тәшкент өлкелері туралы сипаттамалар тағы басқа маңызды мәліметтер. Н.П.Рычковтың қазақ пен орыстың саудасы туралы жазған дүниелері де деректік құны жоғары деп есептеледі.

1739-1742 жылдардағы оқиғаларды В.Урусовтың “Журналы” жақсы баяндайды. Осылардың ішінде аса бір көңіл аударатын құжат 1740 жылы Ор кездесуіне қатысты жасалған. Осы “Журналдан” Абылай хан жөніндегі алғашқы жазба деректерді кездестіреміз. Оның қоғамда алған орынын, ел үшін қызметін айқын аңғаруға болады. 1740-жылы Қазақ Ордасы қиын саяси таңдаудың алдында тұрды, әсіресе, Ресей мен Жоңғария арасындағы тай-таластық салқыны ауыр сезілді. Кездесудің негізгі нәтижесі Орта жүз үшін әскери одақ құруға саятынын аңғарамыз, Әбілмәмбет пен Абылай Жоңғарияны тоқтатудың бір амалы осы деп білсе керек. Осының бір айғағы Ресей ешқандай көмек бермегеннен кейін 1742 жылы Орта жүз басшыларының И.Неплюевпен кездесуге келмей қойуы және өз балаларын Жоңғарияға аманатқа жіберу /5/.

1740-1750 жылдары Қазақ Ордасына қатысты мәліметтерді елшілік, тыңшылық міндетпен қазақ жерін көп аралаған К.Миллер, Д.Гладышев, И.Муравин, А.Бехметев жол сапар қағаздарынан, баяндамаларынан кездестіреміз. Әсіресе К.Миллердің сауда керуенін бастап Тәшкентке аттанған сапарынан немесе Байқұлақ батыр жол бастап Жоңғарияға барған елшілігінен сақталған күнделік жазбалары ХVІІІ ғасырдың қазақ саяси өмірін сезінуге көп жәрдем етеді. Д.Гладышев болса бір сыпыра уақыт Әбілқайыр ханның жанында болды, ханмен бірге тіпті Хиуаға да барды. Сол сапарында Әбілқайыр ханның елшісі есепті Нәдір шаһқа барып жолықты. Әрине, қазақ тіршілігіне осыншама тығыз араласқан жандар қалай толыққанды мәліметтердің иесі болмасын.

Сол жылдары, одан бертінде де Ф.Гордеев, Н.Мансуров, И.Ураков, Я.Гуляев, М.Арапов сияқты қазақ ішінде жауапты тапсырмаларды көп атқарған отарлық жүйенің қызметкерлері деректердің жинақталуына үлес сіңірді. Олардың ішінде географиялық, топографиялық, тарихи-этнографиялық мәліметтер мол кездеседі. Мәселен, М.Арапов Барақ сұлтанның немере інісі Ескендірді Санкт-Петербургке дейін алып барып қайтты, кейіннен (1747 жылы) И.Неплюевтің тапсырмасы бойынша Барақ сұлтаннан “ақ үйліні” алып Орынборға келді. Осы сапарда М.Араповтың керуені Бекболат бидің шабуылына ұшырады. Бұл шабуылды “ақ үйлі” беруге қарсылықтың түрі деп бағалады елші. ХVІІІ ғасырдың соңғы жартысында қазақ қауымы туралы деректер қаулап көбейді. Олар негізінен Орынбор, Омбы, Астрахан тарапынан қырға жұмсалған әр түрлі елшіліктерден, сауда керуендерінен, оларға ерген бақылаушылардан, қазақ даласына әдейі тапсырмамен жоқ іздеген боп аттанған тыңшылардан т.б. түскен. Құжаттардың бір қатары орыс отарлық үкіметінің қызметкерлерінің патша сарайына, Сыртқы істер жөніндегі коллегияға тағы басқа жерлерге жөнелткен баяндамалары. Олардың бәрі де шынайы деректерден құралғаны салыстыра зерттеу барысында анық көрінеді. Мәселен, полковник Д.Гранкиннің және барон О.Игельстромның Кіші жүздің жағдайын суреттейтін бір-біріне қарсы жазылған баяндамалары, генерал-майор Я.Боувердің Орта жүз қазақтарын қалай отырықшыландыруға болады деген ұсыныспен жазылған іс қағаздары.

Жоғарыдағылармен қатар Абылай ханға 1779 жылы келген елші капитан Г.Лилингрейннің журналы, тілмаш Меңдияр Бекчуриннің деректері, Б.Бреховтың елшілігінің қағаздары т.б. құжаттар қазақ қоғамының ХVІІІ ғасырдың соңындағы жағдайын түсінуге барынша көп мүмкіндіктер береді. Олардың ішінде Д.Телятников пен А.Безносиковтың күнделігі, Бұқараға сапар шеккен Л.Гавердовскийдің қазақ қолына тұтқын болған кезін суреттеген жазбалары аса құнды деректер. Осы ұлан-ғайыр дүниені жариялау ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қолға алынды. Мәселен, Ш.Уәлиханов пен Г.Потанин Сібір архивтарын қызыға ақтарған, екеуінің шығармалар жинағынан архив құжаттарын көп кездестіреміз. Г.Н.Потанин 1866 жылы Омбы архивының аса маңызды құжаттарының біразын жинақтап, жариялады. Сібір мен Қазақ Ордасы арасындағы сақталған қағаздардың көпшілігін И.Русанов жариялады /6/. Қазақ өлкесіне қатысты деректердің маңыздыларын тамаша жүйелеген И.И.Крафт деп білеміз. Ол 1898 жылы қазақ даласына тікелей қатысы бар заңдардың жинағын жарыққа шығарды /7/. И.И.Крафтпен қатар ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамын зерттеуге А.И.Добросмысловтың жинағы өлшеусіз көмек береді /8/. Бұл екеуі де Орынборлық өлкетанушылар ортасынан шықса да еңбектеріне бүкіл қазақ жеріне қатысты деректерді енгізді.

ХХ ғасырдың 30-жылдары тарихшылар тарапынан архивтарға деген ықылас жақсы болды. Оның объективті себебі бұрынғы Ресей империясының құрамындағы елдердің енді тәуелсіздік аламыз ба деген үміті еді. Қазақстан тарихшыларының ішінде С.А.Асфендияров пен П.Д.Кунте құрастырған деректер жинағы әлі күнге мәнін жойған жоқ. ХVІІІ ғасырға қатысты деректер оның бірінші бөлімінде жинақталған /9/. Қазақстанның ХVІІІ ғасырдың тарихына байланысты деректердің біразы “Красный архив” басылымында осы кезеңде жарық көрді. 30-жылдары Қазақстанмен көрші түркі елдерінің тарихына қатысты көптеген деректер жарияланды, әрине олардың арасынан да ХVІІІ ғасырға қатысты мәліметтерді жиі кездестіреміз /10/. Ұлы Отан соғысы қарсаңында қазақ тарихының ХVІІІ ғасыр мәліметтерін жинап, жариялаумен белгілі тарихшы М.П. Вяткин айналысты. Олардың 1785-1828 жылдарды қамтитын ІV томы 1940 жылы Ленинградта, ал 1741-1751 жылдарға арналған ІІ томы 1948 жылы Алматыда жарық көрді /11/. Соғыстан кейін де іле-шала коммунистік партия ұлтшылдықпен күресті бастап кетті де, оның кесірі алдымен Қазақстан тарихымен айналысып жүрген ғалымдарға тиді. Осы себепті 60-жылдардағы Н.С.Хрущев жылмығына дейін архив деректерін жинамақ түгілі, тарихпен айналысуға ешкім батпай қойды.

Он шақты жылғы үзілістен кейін 1960-жылы Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрессивті жақтарын сылтау қылып, зерттейміз деген ниетпен ғалымдар “Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках”, “Материалы по истории политического строя Казахстана” І том т.б. дүниелерді тарих сүйер қауымға ұсынды /12/. Сәл бертінірек қазақ тарихының ХVІІІ ғасыр деректерімен В.Я.Басин, А.Сабырханов, Н.Е.Бекмаханова т.б. ғалымдар оқырмандарға таныла бастады.

1980 жылы ұзақ жылдар бойы ұмыт болған архив деректерін жариялау қайта жанданды. Осыған байланысты қазақ тарихының ХVІІІ ғасырға қатысты едәуір деректері жарияланды /13/.

Қазіргі уақытта қазақ тарихы туралы, ғалымдар тарапынан болсын, жалпы көпшілік қауымда да ынта өзгеше екені белгілі. Бірақ өкінішке орай ХХ ғасырға дейінгі деректерді жарыққа шығаруға ол өзгерістердің қатысы шамалы болып тұр.

ХVІІІ ғасырдың этноәлеуметтік жағдайын тануға келгенде Ресейлік нарративті ескерткіштердің орны архив құжаттарына бергісіз. Қазақ тарихын зерттеу, оның сол заманғы тіршілігін сипаттау ХVІІІ ғасырдың басынан басталады. Ол қатарға тіпті И.Кириллов, В.Н.Татишев сияқты отар өлкенің жоғарғы әкімдерін де қосуға болады. Дегенмен олардан да жоғары тұратын жазба деректер бар – ол әкелі-балалы Рычковтардың кітаптары. Ол еңбектердің ішінде П.И.Рычковтың “Орынбор тарихы (1730-1750)” және Н.П.Рычковтың “Дневнигі” информациялық құндылығымен ерекше. Егер бірінші еңбек негізінен архив мәліметтеріне, яғни ресми деректерге сүйенсе, екінші еңбектің авторы өзі жасаған саяхаттың жазбасын ұсынады. Н.П.Рычков 1771 жылы Еділ қалмақтарын қуа шыққан орыс әскерінің құрамында Терісаққан өзеніне дейін барып қайтты. Ол сапарда орыс әскері өзіне одақтас қылып Нұралы ханды алып еді. Капитанның жолда көргені де, жанындағы қазақтардан сұрап білгені де аз емес /14/. ХVІІІ ғасырдың қазақ қоғамына тікелей байланысты деректердің мол қорын Екінші Академиялық экспедицияның материалдары деп танимыз. Оның құрамындағы П.Паллас, И.Георги, И.Фальк, В.Гмелин тағы басқа 1768 жылы Атыраудан Алтайға дейінгі қазақ өлкесінің солтүстік тұсын түгел аралап шықты және тарихи-этнографиялық мәліметтерді көп жинақтады /15/.

П.Паллас қазақтың бақсылығы, қару-жарағы, шаруашылығы жөнінде, Ертіс бойындағы қоныстар, бекіністер т.б. ал енді И.Фальк әр түрлі әлеуметтік оқиғалар, сауда-саттық пен айырбас, мәдениеті туралы деректерді жинақтаса, И.Георги өз еңбегінде бірсыпыра әлеуметтік өмірге байланысты қорытындылар жасады /16/. Бұл кітаптардың қайсысы болмасын алдымен тарихи-этнографиялық деректерімен құнды, ал оларды көшпелілердің құрылымын зерттеуге пайдалану ғалымдардың өзіне байланысты. Әрине, бұл нарративті деректер қазақ қоғамын толық, жан-жақты сипаттап берді деп айта алмаймыз, бірақ ірге тасы бар зерттеуге мол жәрдем береді.

ХVІІІ ғасырдың соңына қарай И.Г.Андреев “Орта жүз қазақтарын суреттеу...”, Г.И.Спасский “Ұлы, Орта және Кіші жүздің қазақтары”, С.Б.Броневский “Орта жүз қазақтары” деген тақырыптарменен қазақ көшпелілеріне қатысты мәліметтер көп енген кітаптарын жазды /17/. Бұл еңбектерде қазақтардың рулық құрамы, шекарасы, шаруашылығы, қазақтармен көрші (қырғыз, құрама) елдері туралы деректер кездеседі. Олардың негізгі бағасы өздерінің этнографиялық бақылауларының сапасына қарай айқындалады. Осылардың ішінен тақырыпқа тікелей қатысты, дәлелдісі деп И.Г.Андреевтің бақылауларын айтар едік.

Қорыта айтқанда Ресей деректері қазақ тарихының қай кезеңін зерттегенде де негізгі сүйеніш қоры болады.


ӘДЕБИЕТТЕР
1. Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ вв. - Алма-ата, 1964; Материалы по истории политического строя Казахстана. т.І. - Алма-ата, 1960; т.б

2. Бахрушин С.В. Очерки по истории колонизации Сибири в ХҮІ-ХҮІІ вв. М. 1927 .

3. Памятники Сибирский истории. ІІ т. – СПб. 1885. – 148 б.

4. Русско-казахское отношения. ХҮІ-ХҮІІІ вв. - Алматы 1961. – 67 б.

5. Сонда, - 248 б.

6. Томские губернские ведомости, 1861. № 28-36.

7. Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизской степи. Из киргизской старины. Оренбург. 1898.;

8. Добросмыслов А.И. Материалы по истории России. Сборник указов и других документов, касающихся управления и устройства Оренбургского края. Т.1. Оренбург, 1900. 127 б.

9. Асфендияров С. История Казахстана с древнейших времен. - Алма-Ата, 1935; 1994.

10. Материалы по истории народов СССР. Вып 7. – М-Л. 1936.

11.Материалы по историй Казахской ССР. Т.ІҮ. (1785-1828 гг.) – М. 1940.; Материалы по историй Казахской ССР. 2 том. А., 1948.

12. Международноные отношения в Центральной Азий. ХҮІІ-ХҮІІІ вв. Документы и материалы. 1-2 книга. М., 1989.

13. Рычков П.И. Топография Оренбургской губернии. СПб. 1887. 405 б.

14. Паллас П.С. Путешествие по разным провинциям Российской империи. Ч.І. – СПб., 1773.; Георги И. Описание всех обитающих в Российском государсве народов. Ч.ІІ. – СПб. 1799.; Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сб. 1. (Ү – ХҮІІІ в. н.э.) – М. – Алматы, 1935.

15. Андреев И.Г. Описание Средней Орды киргиз-кайсаков с касающимися до его сего народа, а также и прилежащих к российской границе, по части Колыванской и Тобольской губерний, крепостей с дополнениями // Новые ежемесячные сочинения. – СПб., 1795-1796 гг.;

ТҮЙІНДЕМЕ


Мақалада ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының тарихи-этнографиясына қатысты Ресейлік зерттеушілер деректеріне шолу жасалған.
РЕЗЮМЕ
В данной статье дается обзор материалам российских исследователей касающихся исторической этнографии казахского народа в ХҮІІІ веке.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОЛА ДӘУІРІН КЕЗЕҢДЕУ МӘСЕЛЕЛЕСІНЕ

ҚАТЫСТЫ ОЙ-ПІКІРЛЕР
Бакаева Г.Е. – оқытушы (Алматы қ. Қазмемқызпу)
Қазақстандағы қола дәуірінің зерттелуі – Кеңес үкіметінің кезінде ғылыми жағынан жүйелі жолға қойылды. Арнайы ұйымдастырылған экспедициялар қола дәуіріне тән ескерткіштерді ашып, Қазақстан аумағында тарихқа андронов және беғазы – дәндібай мәдениеті деген атпен енген тайпалар мекендегенін дәлелдеп берді. Қазақстанның қола дәуірін зерттеуде бұл ескерткіштердің маңызы зор. Қола дәуірінің ескерткіштері Қазақстанның төрт бұрышынан да табылған. Мәселен Орталық Қазақстанды зерттеу үшін ұйымдастырылған «Нұра экспедициясының» көрнекті мүшелері П.С.Рыков, М.И.Артамонов, М.П.Грязнов, К.Арзютов, И.В.Сыницин сияқты ғалымдар андронов және беғазы – дәндібай мәдениетінің қоныстары мен зираттарын тауып, зерттеп, қазу жұмыстарын жүргізіп көне дәуір тарихына өз үлестерін қосты. Қазақстанның батыс бөлігінде қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеген О.А.Кривцова – Гракова, Солтүстік Қазақстанды А.М.Оразбаев, Шығыс Қазақстанды С.С.Черников, кейіннен оған А.Г. Максимова қосылған, Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстанды В.С. Сорокин, Жетісуды А.Н. Бернштам, К.А.Акишев зерттеп, қола дәуіріне қатысты құнды мәліметтер тапқан.

Осы жоғарыда көрсетілген зерттеушілердің қай-қайсысы болмасын өз еңбектерінде қола дәуірін кезеңдеу мәселесіне тоқталып өткен. Алайда бұл зерттеушілердің қола дәуірін кезеңдеу мәселесі жөніндегі пікірлері әр түрлі.

Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде зерттеушілер Қазақстанның қола дәуіріне қатысты ғылыми дәрежесі жоғары көптеген еңбектер жазып қалдырғанымен, дәуірді кезеңдеу мәселесіндегі пікірлерінің қарама-қайшылығы қола дәуірінің нақты кезеңін көрсетуде қиындықтар туғызып отыр. Дегенмен зерттеушілер қола дәуірін кезеңдеуге байланысты методологиялық принциптерді қалыптастыруда біршама еңбектенген.

Жалпы Қазақстандағы қола дәуірін үш тарихи кезеңге бөліп қарастыруға болады деп ойлаймыз. Олар:алдыңғы кезең (б.з.б XVІІІ-XVІ ғғ.), ортаңғы кезең (б.з.б XV-XІІ ғғ.), соңғы кезең (б.з.б XІІ-VІІ ғасырдың басы). Андронов мәдениеті қола дәуірінің алдыңғы және ортаңғы кезеңіне, ал Беғазы-Дәндібай мәдениеті соңғы кезеңіне тұстас келеді.Андронов мәдениетінінің ескеркіштерін кезеңдеуге бөліп, топтастыруды бастаған С.А.Теплоухов /1/ болды. Ол андронов мәдениетінің уақытын б.з.б. ІІ мыңжылдықтың 1-ші жартысы және б.з.б. І мыңжылдықтың басы деп көрсеткен. 1930 жылы М.П.Грязнов қола дәуірінің мәдениетін алдыңғы, ортаңғы, соңғы деп үш кезеңге бөлген. Автордың ойынша алдыңғы қола дәуірі, Минусинск далаларынан бастап Қазақстанның далалық аймақтарын, Батыс және Шығыс Сібірді қамтыған. Ал қола құралдары екінші кезеңде пайда болған. Үшінші кезеңде, қатпарлы пышақтар және біздер пайда болған /2/

1948 жылы К.В.Сальников андронов мәдениетінің үш сатылы кезеңдеуін ұсынды. Ол мынандай үш кезеңге бөлген:федоров (б.э.д.2 мыңыншы жыл), алакөл (б.э.д. 11-9 ғғ.), замараев (б.э.д. 8-7 ғғ.). Кейіннен жаңа мәліметтер бойынша бұл хронологияға мынандай түзетулер енгізген: 1кезең, федоров - б.э.д.18-16 ғғ.; 2 кезең, алакөл - б.э.д.15-12 ғғ; 3 кезең, замараев - б.э.д.12-8 ғғ /3/.

Орталық Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштеріне К.В.Сальниковтың үлгісі бойынша кезеңдеу жасалып, федоров, алакөл және дәндібай кезеңі деп бөлінді. Соңғысы қарастырылып отырған территорияға байланысты өзгеше болып келеді.

Ескерткіштерді кезеңдеуде, хронологиясын анықтауда, андронов мәдениеті тайпаларының этникалық мәселелерін анықтауда Ақтөбе облысындағы Тасты-Бұтақ қонысының маңызы зор. В.С.Сорокин кешенді радиоуглеродты анализ жасау негізінде ескерткіштерді алакөл кезеңіне жатқызды. Қоныстар мен оба топографиясынан шыға отырып,шаруашылық және баспана құрылысы жөнінде В.С.Сорокин: «олардың болуы қола дәуірінің екінші жартысына сәйкес келетін ксеротермиялық кезеңнің бас кезіне қатысты» деген ой айтады /4 /

Андронов мәдениетін кезеңдегендердің бірі М.Н.Комарова. Ол өзінің жобасын басқа зерттеушілер секілді оба материалдарына сүйеніп жасады. Оның есептеуінше обалар хронологиялық жағынан да, этникалық жағынан да бір қоныс тобына жатады. М.Н.Комарованың пайымдауынша андронов мәдениеті ескерткіштерінің хронологиясы молаларды зерттеу барысында нақты анықталды /5/. М.Н.Комарова Алексеев қонысының керамикалық кешенімен Садчиков қонысының керамикалық молаларын салыстыра отырып, олардың қоныстануын екі жақты қалпына келтірді. Сонымен қатар, ол ескерткіштерді хронологиялық жағынан беғазы-алакөл және қарасуық деп екі топқа бөлді .

1955 жылы Е.А.Агеева және А.Г.Максимова Павлодар облысында қола дәуірінің үш кезеңінің ескерткіштерін ашып, зерттеді. А.Г.Максимова үш кезеңдік дәуірлеуді жасаған болатын. Неғұрлым кең ұсынылған ескерткіштер қарасуық уақытына сәйкес келген /6 /.

1960 жылы С.С.Черников Шығыс Қазақстанда зерттеу жүргізу негізінде және А.Г.Максимованың мәліметтеріне сүйене отырып жаңа кезеңдеу жасады. Шығыс Қазақстан қола дәуірін ол төрт кезеңге бөлді: усть-бөкен (б.э.д.18-16 ғ.ғ) , қанай (б.э.д.16-14 ғ.ғ) , малокрасноярский (б.э.д.14-9 ғ.ғ) , трушниковский (б.э.д.9-7 ғ.ғ) /7 /.

Жиырма жыл ішінде қола дәуірі ескерткіштерін кең масштабты зерттеу ертедегі белгісіз материалдарды жинауға, көптеген мәселелерді жаңа қырынан қарастыруға, дәуірлеу мәселесінен бастап андронов мәдениетінің шығуы және оның жергілікті нұсқалары, трансформация мәселелерін шешуге жол ашты.

80 жылдардың басындағы В.С.Стоколостың алакөл мен федоров ыдыстары бір ескерткіштен табылған деген хабарламасы К.В.Сальников ұсынған кезеңдеуді қайта қарастыруға түрткі болды. В.С.Стоколос өзінің еңбегінде әр кезең бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ мәдениет сияқты, оның өзіндік мәдениеті, белгілі бір территориясы бар деген ой айтады. В.С.Стоколос басқа зерттеушілердің пікіріне қосылмай, алакөл мәдениеті Қазақстан территориясының көп бөлігіне тараған деген өз пікірін алдыға тартады /8/.

Солтүстік Қазақстанның қола дәуірін кезеңдерге бөлген А.М.Оразбаев болды. Оның жобасының негізінде К.В.Сальниковтың классификациясы алынды, айырмашылығы - ол замараев кезеңін өзіндік мәдениет ретінде бөлді. Қола дәуірінің алғашқы екі кезеңін:федоров және алакөл деп көрсетті /9/. Бұл жерде А.М.Оразбаевтың К.В.Сальниковтың пікірін біршама қолдағаны байқалады. Солтүстік Қазақстаннан табылған материалдарға мұқият талдау жасау Г.Б.Здановичтың жаңа кезеңдеуді ұсынуына мүмкіндік берген. Ол қола дәуірін мынандай 2 кезеңге бөлген: дамыған және кейінгі, дамығанның өзін петров, алакөл, амангелді-бескөл деп үш кезеңге бөліп көрсеткен. Автордың ойынша соңғы кезеңде федоров тайпалары алакөл қоныстанушыларына еніп, белсенді қарымқатынас жасаған. Кейінгі қоланы Г.Б.Зданович 2 кезеңге бөлген: замараев (б.э.д.11-10 ғ.ғ) және ильинский (б.э.д.9-7 ғ.ғ) /3.18/.

Андронов қоғамының кезеңдеу мәселесін Н.А.Аванесова қайта қарастырып, метал өнімдерін зерттеу негізінде мынандай кезеңдеуді ұсынды: алдыңғы алакөлдік кезең, андронов мәдениеті, замараев-беғазы мәдениеті. Андронов мәдениетінің өзін үшке бөлді: алакөл, қожамберді және федоров. Автордың тұжырымдауынша біріншіден, алакөл ескерткіштері федоров ескерткіштерінен бұрын болған; екіншіден, алакөл ескерткіштерінде полтавкин және абашев тайпаларының керамикалық дәстүр элементтерімен сипатталатын хронологиялық горизонт байқалады; үшіншіден, қожамберді типіндегі керамиканы алакөлден федоров кезеңіне өткен деп есептеу керек /3.19/.

Тобылдың далалық бөліктеріне В.В.Евдокимова мынандай кезеңдеу жасады:1)алакөл мәдениеті: а) петровск кезеңі (б.э.д.16-15ғ.ғ) ; б) алакөл кезеңі (15-13ғ.ғ) ; 2) алексеев мәдениеті: а) алексеев кезеңі (15-10 ғ.ғ) ; б) загарин кезеңі (б.э.д.10-13 ғ.ғ). Автордың ойынша дамыған қола дәуірінің ескерткіштерінің барлығы бір мәдени-хронологиялық топ-алакөлге қатысты болуы мүмкін /3.20/.

Орталық Қазақстандағы алуан түрлі ескерткіштер қола дәуірін кезеңдеуді нақтылауға мүмкіндік берген. Ә.Х.Марғұланның ойынша Ортау 1, Ақсу-Аюлы 2, Бесоба, Қарашоқы, Беласар 2 және т.б,керамикалық сипаты жағынан,қола бұйымдары,әсіресе қабір құрылысының типі,дөңгелек қошаулы қорғандардың алакөл уақытына қатысы жоқ. Олар - кейінгі андроновтан беғазы-дәндібай уақытына өту кезеңінің өнімі /10/. С.С.Черников оларды сарыкөл қорғанының олжалары дәлелі ретінде алакөл кезеңіне жатқызды /7.98-99/.

Ә.Х.Марғұлан монографиялық еңбегінде /10.115/ «алакөл кезеңініңң хронологиясы көп күмән тудыратындығын баса көрсете отырып, қола дәуірінің алуан түрлі ескерткіштерін зерттеу негізінде мынандай кезеңдерге бөледі:

1) энеолит (3 мыңжылдықтың 2-ші жартысы) ;

2) ерте андрон (б.э.д.17-15 ғ.ғ) Орталық Қазақстанда нұра кезеңі;

3) кейінгі андрон (б.э.д.14-13 ғ.ғ) Орталық Қазақстанда атасу кезеңі;

4) андроннан кейінгі қолаға өту кезеңі (б.э.д.12-11 ғ.ғ) ;

5) беғазы-дәндібай кезеңі (б.э.д.10-8 ғ.ғ) ;

Яғни, Орталық Қазақстандағы андронов мәдениеті тайпалары өз дамуында бірінен соң бірі келетін Нұра және Атасу кезеңінен өткен.

Мәселені қарастыру барысында қола дәуірін кезеңдеудің ауқымды да қайшылықты мәселе екеніне көз жеткізіп отырмыз. Зерттеушілердің өзі қола дәуірін кезеңдеуде ортақ пікірге келе алмаған, сондықтан бұл жерде өзіндік ой айту қиынға соғып отыр. Дегенмен де қола дәуірін жалпы кезеңге бөлуде М.П.Грязновтың, Орталық Қазақстанның андронов мәдениетін кезеңдеуде Ә.Х.Марғұланның пікірлеріне қосылуға болады.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Теплоухов С.А. Опыт классификации древних металлургических культур Минусинского края // Материалы по этнографии. – Л.,1926. Т.4. Вып.2 .- 156 с

2. Грязнов М.П.Казахстанский очаг бронзовой культуры // Казаки: Материалы комиссии экспедиционных исследований.Сер.казахстанская. Л.,1930.Вып.15. С.147,158,162.

3. Кадырбаев М.К.,Курманкулов Ж.К., Культура древних скотоводов и металлургов Сары-Арки. - Алма-Ата, 1992. С.10.

4. Сорокин В.С.Жилища поселения Тасты-Бутак // Краткие сообщения Ин-та археологии АН СССР.1962. Вып.61. С.51-60.

5. Комарова М.Н.Относительная хронология памятников андроновской культуры // Археологический сборник. - Л., 1962. Вып.5 . С.51.

6. Агеева Е.И., Максимова А.Г.Отчет Павлодарской археологической экспедиции 1955 г //Труды Ин-та истории, археологии и этнографии АН КазССР.1959 Т.7. Сер.археол. –С.91-116.

7. Черников С.С.Восточный Казахстан в эпоху бронзы // Материалы и исследования по археологии СССР. - Л., 1960. №88. –С.91-103.

8. Стоколос В.С.Культура населения бронзового века Южного Зауралья. - М., 1972. – С.5.

9. Оразбаев А.М.Памятники эпохи бронзы Центрального Казахстана // Труды Ин-та истории, археологии и этнографии АН КазССР. - Алма-Ата, 1959. Т.7. Сер.археол. – С.210, 220-259.

10. Маргулан А.Х.Сочинения. В 14 томах. Том 1.Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. - Алматы: Атамұра, 1998. – С.114.
ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада Қазақстанның қола дәуірін кезеңдеу мәселесіне қатысты кеңестік кезеңдегі зерттеушілердің ой-пікірлері қарастырылған.


РЕЗЮМЕ

В данной статье автор расматривает взгляды советских ученых по поводу периодизации бронзового века в Казахстане.



Каталог: attachments
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> Элективті пәндер каталогы мамандық 5В070400 «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру»
attachments -> Музей в открытом информационном пространстве
attachments -> Аудит пәнінен курстық ЖҰмыс жазу жөнінде әдістемелік нұСҚаулар, тақырыптар
attachments -> Капиталдыњ ауыспалы айналымы мен айналысы
attachments -> Бағдарламасы «Көлік құралдары»
attachments -> Кафедра Правового регулирования экономических отношений
attachments -> Қазтұтынуодағы
attachments -> Бағдарламасы «топырақТЫҢ физикасы және химиясы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет