Музей в открытом информационном пространстве


ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖҮЙЕСІ



жүктеу 3.69 Mb.
бет14/16
Дата19.09.2017
өлшемі3.69 Mb.
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖҮЙЕСІ
Асылбаева А.К.- магистрант (Алматы қ., Қазмемқызпу)
Түркі халықтарының ішінде туыстық қарым-қатынас жүйесі терең, өзіне тән айрықша қасиетімен ерекшеленген, басқа жұртқа ұқсамайтын ерекше дәстүрлі, бауырмашыл халықтардың бірі қазақ халқы. Бүгінде егеменді ел болғанымызға он сегіз жыл толса да, ұлттың салт-дәстүрімізді жаңғыртып, барымызды түгендеп, жоғымызды жоқтап, шыққан тегімізді танып білудеміз. Өзінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, салтын білетін азамат шыққан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт. «Жеті атасын білген ұл жеті рулы елді біледі» деп атамыз қазақ тегін айтпаған. «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деген сөз қазақтың құда-жекжат, жамағайын-жұрағатығын аңғартатын заманадан жеткен ұғым. Төл тарихымызға бет бұрсақ, осы сөздерді ақын, батыр, ел бастаған көсемдеріміз, ділмар шешендеріміз жиі айтқан екен. Қазақ халқы алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан, туыстық желіні үзбеген. Береке бірлікті бұзбаған. Бұған дәлел, қазақта мынандай мақал бар: «Бірлік болмай-тірлік болмас». Үлкені сөз бастаған, кішісі ағаның сөзін қостаған. Жау келсе, қанымыз да, жанымыз да, туымыз да, кегіміз де, еліміз де, жеріміз де бір болған, бір байрақтың түбінен табылған. Қазақ жолыға қалса, жеті атасын таратысып, егжей- тегжей жөн сұрасқан. Бұл - халқымыздың айрықша бір қасиеті.

Қазақ туысқаншыл халық. Бірақ кейінгі жылдары біз осы жақсы қасиеттерімізден алшақтап бара жатырмыз. Бұл үлкен өзекті мәселеге айналып отыр. Қазір екінің бірі жеті атасын біле бермейді. Тіпті кіммен қалай туысатынын ажырата алмайды. Қайдан жақындағанын түсінгенмен, кімім дерін білмей қиналады. Әсіресе біз, жастар, туыстық қатынастардың ара жігін ажыратып, жіліктеп айтуға шорқақ келеміз. Кезінде үлкен қариялар, әкелеріміз кімнен туатынын, аталарынан тармақталған ұрпақтарды тізіп айтып құлақтарына құйып отырады екен. Әр кім ата тегінің қадір- қасиетін, ерлігін мақтан тұтып дәріптеп біліп отыратын. Бұның өзінің тәрбиелік мәні зор. Болашақ ұрпақты жомарттыққа, ерлікке шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. «Жеті Атасын білген – жеті рудың қамын жейді» деп мақалдайтын себебі осыдан.

Ата бабаларымыз «адам адаммен бай» деп арасындағы қарым-қатынасқа зор мән берген. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқоршы болу, тіпті бейтаныс жолаушыға қой сойып, дастарқаннан дәм, төрінен жан кетпегенін тілеген, қонақ келсе құт: «құтты қонақ келсе – қой егіз табады» деп ең тәтті тағамын қонағына сақтаған /1/. Сот-абақтысыз-ақ ел арасындағы түрлі дау-жанжалды әділетті шешімін табу-бұның бәрі қазақтың қоғамдық қарым- қатынасының имандылыққа, адамгершілікке, тәртіпке бағынғандығын дәлелдейді.

Қоғамдық қарым-қатынастың бір бөлшегі-туыстық қарым-қатынас. Туыстық қарым-қатынастың берік болуы көбінде екі себепке байланысты. Біріншіден, рулас, жақын адамдардың бір-бірімен той думандарда қарым-қатынас жасаса, екіншіден, біреу қайтыс болғанда, кездейсоқ апатқа ұшырағанда көмек көрсету арқылы қарым-қатынас жасайды. Бұндай қарым-қатынастардың өзіндік атауы бар. Мұндай көмек көрсету қазақ арасында «жылу», «емеурін», «үме» деп аталған. «Көп жиылса көл», «бірлік түбі береке», «бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақалдар осындай туыстық ауыз бірліктің, ынтымақтастықтың көрінісі /2/.

Қазақта туыстық қатынастардың орнын, бағытын, сабақтастығын көрсететін үш жұрт бар. Атап айтсақ, адамның әкесі жағынан туысатын өз жұрты (әйелдердің төркін жұрты), шешесі жағынан туысатын нағашы жұрты, әйелі не күйеуі жағынан туысатын қайын жұрты.

Адамның өз жұрты жеті ұрпаққа таратылып аталады. «Жеті атасын білмеген жетесіз» - депті аталарымыз. Әкелеріміз «Жеті Ата» мағынасын түсіндіргенде: бірінші атаң - өз атаң, екіншісі – нағашы атаң, үшіншісі – кіндік атаң, төртіншісі - өкіл атаң, бесіншісі – сүндет атаң алтыншысы – пір атаң, жетіншісі – қайын атаң деп түсіндірген екен. Жадың жақсы болса, өз атаңды әкеңнен бастап, сонау Нұх пайғамбарға дейін тарата білуің парыз дейді, ал аталарымызды, ең болмағанда, қыз алыспас жердегі ру басыларына дейін бала- шағаңның алдына әңгіме қылып отыруы кісілігіңнің бір белгісі деп те қоятын. Былай қараған да, үйренуге еш қиындығы жоқ осы азғантай ғана білімнің өмірінде атқарар маңызының зор екенін бірі білсе, бірі біле бермейді /3/.

Өз елі бойынша – баба, ана, ата, әке, шеше, аға, іні, апа, қарындас, ұл, қыз, немере, шөбере, шөпшек, немене, немер апа, немер аға, немере қарындас, немере іні, шөбере аға, шөбере аға, шөбере іні,шөбере апа, шөбере қарындас. Халық даналығында ағалы–інілі, апалы-сіңілі, адамдардың арасындағы туыстық қатынас ерекше орын алған. Халқымыз «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без. Аға тұрып, іні сөйлегеннен без», «Аға іні-тыныс, қарындас-өріс» деп тегін айтпаған. Туысқандар арасындағы өнегелі қарым-қатынастар үлкенді-кішілі адамдардың өзара сыйласуынан, қайрымдылығынан, кішіпейілділігінен, адалдығынан туындайды. Адам бойындағы ақыл-есінің, мінез құлқының қалыптасуы өскен ортасына,алған тәрбиесіне байланысты. Сондықтан да қазақ ежелден ағалы-інілі, әпкелі-сіңілі арасындағы татулықты, бауырмалдылықты дәріптеген. Бірге туған ағайынды адамдардың арасындағы ең сөзі өткір, сыйлы, қадірлі адам-үлкен аға. Өзінен кейінгі іні-қарындастарының болашағына жауапты сезінеді. Әке-шешелері қайтыс болған жағдайда барлық қиындықты аға көтеретін болған. Оларды аяқтандырып, орнына қондыру ағаның мойнындағы парыз. Әкелерінен қалған мал-мүлікке інісі үйленгенше бас- көз болады. Қазақтың қыздары бауырмашыл болып келеді. Алыс жаққа ұзатылған қыз жерін, елін, әке-шешесін бауырларын сағынып іздеп келер деп жалпақтап, құлағын түріп жүреді екен.

«Екіншісі – нағашы жұрт,

Жақының,

Оларда барда кетпес аттан тақымың.

Бұлар сыншыл, еркелікті көтерер, жиендік қыл,

Жетер болса батылың», - деп

Шаймерген Әлдибекұлы айтқандай өз жұртынан кейінгі туыстық қатынас адам тірлігінде сыйласып, аралас – құралас, алыс – берісті болып өтетін – нағашы жұрты. Нағашы жұрт деп шеше жағынан туысатын туысқандарды айтады. Шешесінің шыққан тегі, руы түгел адамның нағашы болып келеді. Нағашы жағынан – нағашы ата, нағашы әже, нағашы, нағашы аға, нағашы жеңге, нағашы апа, нағашы жезде, нағашы іні, нағашы нағашы келін, нағашы қарындас, апалы –сіңіліден туған балалар – бөлелер болып келеді. Бөлелер егер шешесімен бірге туған қыздардан туса- туған бөле, ал нағашысының қыздарынан туса немере бөле делінеді. Сонымен қоса, қазақ халқы қызды ерекше сыйлап, оған қонақ деп құрмет көрсеткен. Қарындасынан туған балаларды айрықша еркелеткен. Нағашысына жиен әрдайым батыл болған. «Қырық серкешін» даулап нағашылап келген жиен құр қайтпайды. Өзінің қалағанын алып қайтады. «Жиеннің наласы қатты болады, сұрағанын беру керек», «жиенін ұрғанның қолы қалтырайды» деген сөздер қазақта жиі айтылған. Бұл сөздер жиеннің нағашысына деген еркіндігін білдіреді. Жиен нағашысынан алатын затын берсе қолынан, бермесе жолынан алуға ерікті. Ол үшін жиенді айыптамаған. Дегенмен де әр нәрсенің реті бар. Жөні осы екен деп, қызыққан нәрсесін ала беруге де болмайды. Жиен қалағанын үш ретке дейін ғана алуға ерікті. Қазір жиен мен нағашының арасындағы ежелден келе жатқан осы салт ұмтылып барады.

Қазақта жас төлдерге ен салдыру деге салт бар. Бұл салт бойынша төркіндеген шешесіне еріп келген жиендеріне нағашылары бәсіре мал атап ен салып қойған.

Апалы-сіңілі қыздардың балалары бір – біріне бөле болып келеді. Тек апалы-сіңілі ғана қыздардың балалары емес, өзара немере, шөбере, тіпті аттас елдің қыздарының балары да бөле болып келеді. Бөлелер арасында олардың аналарының туыстық жақындығына байланысты сыйласымды жақсы қарым – қатынас болады. Оларды байланыстыратын – нағашы жұрт. Бұл екі жаққа да ортақ - шешелерінің төркіні. Сондықтан болар «Екі аяқты да бөле тату, төрт аяқтыда бота тату», «Бөлем, бөлем үшін өлем» деген мақалдар осыдан қалса керек. Оның мағынасы – шешелері бір-біріне адал, жасынан бірге өскен бір елдің қыздары болғандықтан, балалары да өзара тату - тәтті болған.

Адам өміріндегі өткінші кезеңдердің бірі – үйлену. Әйел мен еркекке жаңа міндет жүктейтін сонымен қатар жанұя құрудың алғашқы шарты болып табылады. Үйлену арқылы қалыңдық пен күйеу жігіт ерлі – зайыпты болады, ата-ана болу үшін керекті әдеттерді орындап, бірге екендіктерін бәріне жария түрде білдіреді. Бұдан былай жанұямен қатар жаңа туыстық қатынастар да қалыптаса бастайды. Бұл туыстық қатынас – қайын жұрт. Қайын жұрт деп жоғарыда айтқанымыздай жігіттің келіншегі мен тұрмысқа шыққан қыздың немесе күйеуі жағынан туысатындарды айтады. Жаңа үйленген жігіт пен келін болып түскен қызды келін немесе күйеу бала деп, бұлардан кіші інісі мен қарындасы жезде және жеңге деп атайды. Бұларды түсініктіғып айту үшін, жігіттің қайын жұртын таратып мысалға келтірейік.

Жігіттің келіншегі әкесінің әке-шешесі – қайын ата және қайын әже. Келіншегінің әке-шешесі – қайын ата (әке), және қайын ене. Қайын ененің әке-шешесі - нағашы ата, нағашы әже болады. Қайын әкесінің бірге туған ағасы немесе әпкесі – қайын ата, қайын апа болады. Осы қайын ата мен қайын енеден туған балалар жас жағынан келіннен үлкен болса – немере қайын аға, немере қайын бике. Олардың күйеуі мен әйелі жеңге немесе бажа деп аталады. Ал келіннен кіші болса – немере балдыздар болады. Осы немере қайын аға, балдыздардан туған (ер адамдардан) туған балалар адамға шөбере балдыз болады. Жігіттің келіншегінің ағасы, әпкесі - қайын аға, қайын бикесі болады. Бірге туған бауыры, сіңілісі оған туған балдыз болып келеді.

Қайын жұртын өз жұртынан алаламай, туыстық көңілмен, кішілік жолымен жақсы қарым – қатынаста болған және қыздарын жылатпай әлпештеп сыйлаған күйеу бала ел – жұртқа қадірлі, сыйлы, ерке болады. Әр шаңырақта күйеу баласына әрдайым сыбағасы деп төс сақтайды. Тартылған табақта төс жоқ болса, төсін даулап жеңгелерімен қалжыңдасып та жатады. Кей жерде төс тартылған табаққа күйеу жігіт ақша салып жіберетін де салт бар. Қайын жұртына барған жігіт кішік болып жүреді. Төрге отырмайды. Сол үйдің малын сойысып, қонағын күтісіп, самаурын қайнатып, шарусының бір жағына шығып көмектесіп жүреді. Бұл қыздарын берген қайын жұртын құрметтеуі.

Ал енді қыздар жағына келетін болсақ, жаңа түскен келінге «Судай сіңіп, балдай бата ғой» деп батасын беріп, ақыл айтып отырады. Түскен үйдің баласындай болып, қайын жұртын ешбір жатырқамай, бауырларына кіріп, жақын тартып, тез үйреніседі. Ғұрып бойынша келін күйеуінің туыстарын еш уақытта атымен бадырайтып атамаған. Оларға арнайы ат қоятын болған. Бұл ғұрыпты ат тергеу деп атайды. Аттар мейлінше жағымды да орынды болуы керек. Ат тергеу кезінде көп аттарды қамтып жатпай-ақ, ең ұнамды үлгілерін қоюға болады. Мысалы, күйеуінің әкесін, оның аға інісін үлкен ата, ата, кіші ата деп атайды. Күйеуінің ағаларын үлкен аға, жақсы аға, ағакем, көке, жәке, деп атаса, інілеріне тетелес, ортаншым, кенже, інішегім, тентегім, сал жігіт, молда жігіт, мырза жігіт, ер жігіт, мұртты жігіт сияқты аттар қояды. Қайын сіңілдерін шырайлым, еркежан, еркем, ерке қыз, мырзақыз, молда қыз, кішкене қыз, томпақ қыз сияқты балама аттар қояды.

Осы аталған әдемі есімдер үлкен – кішіге деген сый құрмет, нәзік ілтипат, қалтықсыз қамқорлық. Қазақ әйелдері тіпті күйеулерінің де атын бадырайтып атамаған, күйеулеріне «отағасы», «кісі аға», «бір үйдің ағасы», «әкесі» деп атаған. Өле - өлгенше сыйласып «Сіз» деп сызылып өткен. Сонымен қоса күйеуінің жолдастарының да атын атамай «құрдас», «жақсы аға аттас» т.б балама есімдермен атаған. Осындай үлкен – кішіге ізетпен қарап, сыйлап, салтты сақтайтып келіндерге жұртшылық үлкен ризашылығын білдірген.

Жоғарыда аталған үш жұрттан бөлек тағы бір жақын туыстық қатынас бар. Ол – құдалар жағы. Ежелден халқымызда дүниеге болашақ сәбилерін аттастырып қою салты болған. Бұған мысал ретінде «Қозы Көрпеш- Баян сұлудағы» Қарабай мен Сарыбайдың бәтуаласуын айтуға болады. Бәтуаласқан адамдарды «бел құда», «аманат құда» деп атайды. Дәстүр бойынша көңілдері жақын екі адам бірімізден ұл, екіншімізден қыз туса құда боламыз деп баталасқан. Осылайша достық- жекжаттық қатынаста туған құдалық туыстыққа жалғастырған.

«Атадан ұл тумыс па, ата жолын қумас паң дейді атамыз қазақ кейінгі ұрпаққа. Елдігімізді сақтап, жерімізді қорғап, атымызды жаңғыртып, есімізді жалғастырар деген ниет, үмітпен. Ал қазір кейбір жастар арғы ата тегін білмек түгіл, әкесінің атын да бұзып, тілін бұрап, орысшаға бұрмалап айтады. Бабаларының жөнін білмейтін жеткіншектен не үміт, ата жолын қайтіп қуады деп қорқынышпен қарайды. Айта берсек, бұл да бүгінгі күнгі халқымыздың көкейінде жүрген өзекті мәселе. Осынау өзекті мәселені жойып, келешек жеткіншектерімізді бабалар дәстүрімен тәрбиелеп, бауырмалдыққа баулуымыз керек. Осы туысқандық қатынастардың ара жігін танып, тармақтап ажырата білу, ғасырлар бойы тайғақ кешулерден өтіп, бүгінге дейін жалғасып келген ата дәстүрімізді сақтап, жалғастыру біздің міндетіміз деп санасақ артық болмас.


ӘДЕБИЕТТЕР
1. Сабырбек. С. Қонақ келсе- құт... // Ана тілі. – 1993.- 22 шілде.

2. Қалиев С., Оразбаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт- дәстүрлері. – Алматы, 1994. - 134-135 бб.

3. Тоқтамыс С.Н. Жеті Ата // Жұлдыз. -1996. -№8. -162-163 бб.

4. Сейдімбек А. Қарға тамырлы қазақ: қазақ халқының тарихына қатысты шежіре дерек // Таң-Шолпан. - 2006.- №3. - 106-125 бб.

5. Абдраимова Б.Ж. Халық дәстүріндегі әлеуметтік көмектің қолдауы // ПМУ Хабаршысы. Гуманитарлық сериясы. -2006. - № 2. -6-14 бб.

6. Әмірова Б.Ә. Этникалық жаңсақ нанымдар қалыптастыратын қазақтың туысқандық қарым – қатынас механизмдері // Қайнар Хабаршысы. Гуманитарлық сериясы. -2005. -№1. -14-45 бб.


ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада қазақ халқының күнделікті өміріндегі туыстық қарым- қатынас жүйесі қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается система традиционных родственных отношений у казахов, в том числе по линии отца, матери и свойства. Одновременно показаны обычаи родственной помощи.


КІШІ ЖҮЗ ҚАЗАҚТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР ЗЕРТТЕУЛЕРГЕ КӨЗҚАРАС
Габжалилова Л.С.- магистрант (Алматы қ., Қазмемқызпу)
Кіші жүздің рулық құрамы туралы алғашқы мәліметтер бізге 1748 жылдан мәлім және оны А.И.Тевкелев келтірген. Кіші жүздің рулық-тайпалық құрамын суреттей келіп, бұл жүзді ол мынадай рулардан тұрады деп жазады:

«Ірі ру Алшын, ал Алшын екіге, яғни Қаракесек және Байұлы болып бөлінеді. Қаракесек бәрінен де ірі, алты рудан тұрады, атап айтқанда, олар: Шекті, Қаракесек Шөмекей, Төртқара, Қаракете, Қарасақал... Қаракесекке қарағанда Байұлы орташа, 12 рудан тұрады, атап айтқанда олар: Адай, Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Масқар, Таздар, Есентемір, Алтын, Шықтар, Шеркеш, Тана...

Жетіру, яғни жеті ру Кіші жүздегі ең шағын рулар, атап айтқанда, олар: Табын, Тама, Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Телеу, Рамадан» /1/.

П.И. Рычков өзінің басқан бір еңбегінде де шамамен нақ осы деректерді келтіреді. А.И.Тевкелев пен П.И. Рычковтың деректерін Кіші жүздің рулық құрамы туралы ең кейінгі, неғұрлым толық және дәл мағлұматтары мен салыстыра келгенде, біз А.И.Тевкелевтің мәліметтеріне қарағанда И.П. Рычковтың мәліметтерінде елеулі олқылықтар бар екенін олардың онша толық және дәл емес екендігін аңғарамыз.

П.И.Рычковпен салыстырғанда А.Левшиннің мәліметтері Кіші жүздің ру құрамына дәлдігі мағынасында бір қадам ілгерілеушілік болып табылады. Ол былай деп жазады: «Кіші орда бұрын ең ірі алшын тайпаларынан және Тәукe хан жеті текті біріктірген жеті шағын рулардан тұрған. Алшындар Әлімұлы және Байұлы болып бөлінген» /2/.

Н.А.Аристов та өз енбегінде А.И.Левшинге сілтеме жасай отырып, Кіші жүздің ру құрамын нақ осылай береді. Алайда, Кіші жүздің ру құрамы бойынша өзімізге белгілі ең толық деректердің бәрін салыстыра отырып, біз бұл мәселені барлық зерттеушілердің Байұлы рулық бірлестігінен 12 ру кіреді дегені қате екеніне көз жеткізіп отырмыз /3/.

Шынына келгенде, А.И.Тевкелев, А.Левшин, Н.А.Аристов және басқа зерттеушілер келтірген Байұлы руларының тізімін тағы бір қарап өтсек, Тевкелевте Байұлы құрамында Алтын руы бар екенін, ал А.Левшин мен Н.Аристовта оның жоқ екенін көреміз. Оның есесіне соңғыларда Қызылқұрт руы бар да, ол Тевкелевте жоқ. Сөйтіп Тевкелевте оның 12 руында Қызылқұрт руы жетіспейді, ал Левшинмен Аристовта 13 ші ру – Алтын руы жоқ. Байұлында 12 емес, 13 ру бар деген біздің пікірімізді жинақтаған материалдар, сондай – ақ М.Тынышпаевтың деректері толық растайды. С.А.Аманжолов өз еңбегінің бір жерінде Байұлыны 12 руы бар екенін айтады да, басқа бір жерінде 13 ру туралы деректер келтіреді.

Тарихи әдебиетте Кіші жүз рулары көпшілігінің шығу тегімен олардың этникалық жағынан қайда жататыны туралы мәліметтер өте аз. Олар негізінен Н.А.Аристовтың еңбегінде келтірілген және көбінесе жорамал сипатында болып қандайда болсын иланымды деректемелерімен дәлелденбейді. Н.А.Аристов алшын-дармен Кіші жүздің басқада көптеген ең ежелгі руларының негізі «түріктердің батыс динлиндерімен қоспасынан» басталады деп санауға бейім. Г.Е.Грумм –Гржимайло да солай дейді.

Ұлы жүз рулары арасында Кіші жүз қазақтарының жекелеген бөліктерінің осы кезге дейін де бар екені кездейсоқ емес. Жәнібек пен Керей Кіші жүзге 50 жылдан кейін қайтқанымен, рулардың бір бөлігі, соның ішінде адайлар ол жерде әлі де ұзақ уақыт қалған болуы ықтимал. Тек ХYIII ғасырдың басында, яғни үш ғасырдан кейін ғана бір кездері Қазақстанның батысында мекендеген ата-бабаларын мүлдем ұмытқан адайлар бұл жерді қайтадан ашты деуге болады /4/.

Халықтың жанында адайлардың Маңғыстауға оралуы туралы мынадай мәліметтер сақталған. Осыдан екі жүз жылдай бұрын Байұлы, Жетіру және Әлімұлы бірлестіктерінің кейбір руларының, соның ішінде адай руының қазақтары Сырдария бойында (Сауран маңында) мекендеген.

Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз қай кезде, қандай жағдайда, құралғаны жайында деректер нақты емес, біріне-бірі қайшы. Қазақтың тарихы мен тілін зерттейтін кейбір ғалымдар “Жүз”деген ұғым- бөлік, тармақты білдіреді,енді “Жүз”-жүздік дейді. Көне тарихи деректерді зерттеумен шұғылданатын тарихшылар қытай жылнамасындағы “юз”деген халықты-“жүз”деп айтпақ болады. Қалай дегенмен де жүз ұғымы - Орда, бірлестікті білдіреді.Өйткені, мұның алдында бізбен екі мың жыл шамасында араласып жатқан көршіміз-Русь те орта ғасырда Великорусь, Белорусь, Малорусь болып үшке бөлінген болатын. ХІХ ғасырдағы орыс этнографтары: “Рус-ұлыс, қытайлықтар “р”-ға тілі келмегендіктен русьті-ұлыс атап кеткен”, -деп те жазды. Бірақ бұл дәйексіз дыбыс үндестігін қуалаушылық. Әйтсе де, бабаларымыз сол орыстың Велорусь, Малорусь, Белорусь деп бөлінуіне еліктеп, Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген одақ құрды ма? Алтын Орда құлағаннан кейін Қырым түріктерінен топтасқан Ноғай ордасының Үлкен ноғайлы, Кіші ноғайлы болып бөлінуі осындай еліктеуден туса керек. Кіші ноғайлы-Еділдің батысындағы, Үлкен ноғайлы – Еділдің шығысындағы халықтар бірлестігі аталғаны орыстың жазба деректерінде айтылады. Үлкен ноғайлы Кіші жүздің жерінде – Каспий жағалауын, Еділдің төменгі бойын, оның сол жағалауынан Жайыққа дейінгі жерді мекендеген /5 Шығыс зерттеушілері Н.А.Аристов, А.Ю.Якубовский, П.П.Ивановтар “өзбек” атауын - Алтын Орданың ханы Өзбектің (1312-1334) есімімен байланыстырса, А.А.Семенов, басқа да Шығыс зерттеушілері тайпа атауына қолданылған есім деп дәлелдейді. XVIII-XIX ғасырларда Кіші жүз қазақтарының билеуші топтары арасында қиян- кекті қақтығыстар, билік үшін шайқастар өтті. Кіші жүз қазақтарының Ресей қоластына қарағанына жарты ғасыр өткенде халық – азаттық қозғалысы басталды.Мұны тарих ғылымында Кіші жүз қазақтарының халық – азаттық қозғалысы (1783-97) деп жазып жүр.

1812 жылы Ішкі Бөкей Ордасында 7500 түтін, ал И.Казанцевтің дерегі бойынша 1820 жылы 10.234 түтін, яғни 102 350 адам мекен еткен.1889 жылы санақ бойынша онда 236 932 адам, ал Орал облысында 412 601 адам тұрды. Қос өзеннің аралығына орнаған Орда бүкіл Кіші жүз қазақтарының ұйтқысы болды /6/.

Бөкей Ордасы қазақтарының 1836-37 жылдардағы халық-азаттық көтерілісі – Кіші жүз қазақтарының ғана емес бүкіл қазақтың жігерін жандырып, санасын оятты, бостандық жолындағы күреске аттануға бағыт сілтеді. Көтеріліс Орда халқының үштен бір бөлігін қамтыды .Халықты ашындырған феодалдық һәм отаршылдық қанауға қарсы тұрды. 1837 жылдың көктемінде Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтың басшылығымен қимылдаған топ ең ірі күшке айналды. Көтерілісшілер бай-шонжарлардың үйлерін өртеп, ханды жақтаушы ауылдардың қонысын шапты. Сөйтіп көтерісшілер Нарын құмынан бастап, хан Ордасын алу үшін терістікке қарай аттанып, патшаның тұрақты әскерімен қақтығысады, ақыры империяның қарулы күшіне төзе алмаған Исатай мен Махамбет 1837 жылдың қаңтарда Жаманқала бекінісінің тұсынан Жайық даласына өтті. Көтеріліс жеңіліске ұшырағанмен кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды /7/.

1868 жылы Кіші жүз әкімшілігі Орынбор генераль-губернаторлығына бағынатын Орал облысына қарады. Облыс Орал, Ілбішін, Гурьев, темір уездері болып төрт әкімшілікке бөлінді. 1874 жылы бұған Маңғыстау приставы қосылды. Сол жылдары оның 227 болысында 165 мың 700 түтін тіршілік етті.

Бұл әкімшілік аймақта мекендеген ежелгі халықтардың, тайпалардың Кіші жүз құрамына ену тарихына, олардың топтасуының тарихына қарайтын болсақ. Қазақ шежіресіне, жазба деректерге қарағанда Кіші жүз құрамындағы тайпалар одағы: Байұлы (Адай, Алаша, Байпақты, Беріш, Алтын-Жаппас, Масқар, Таз, Есентемір,Шеркеш, Тана, Қызылқұрт, Ысық) Әлімұлы: (Қарасақал, Қаракесек, Кете, Шөмекей (Қазақтың ауысша шежіресінде Шөмекей Әлімнен бөлек таралады), Шекті, Төртқара, Жетіру (Кердері, Керейіт, Табын, Тама, Жағалбайлы, Төле, Рамадан). Бұл тайпалардың құрылуы көшпелі халықтың мал жайылымына, ішкі ру тартыстарына байланысты болған. Мәселен, Жетіру Тәуке ханның кеңесімен біріккен. Кіші жүздің құрамындағы ру- тайпалар туралы алғашқы дерек 1748 жылы А.И.Тевкелевтің (Құтлу Мұхаммед Мамашев) жазбасында айтылады /8/.

Шежіре деректерінде Кіші жүздің ежелгі атауы Алшын.Ұлы жүз тайпаларының – Ұлы жүз –үйсін аталатыны сияқты тайпалардың жалпы атауына айналған. Қазақ шежіресінде Бекарыстан-Мөңке би, одан Арғымақ пен Алау, Арғымақтан Жетіру тарайды. Алау батырдан-Алшын. Одан: Қыдырқожа мен Қадырқожа. Қыдырқожадан он екі ата Байұлының тайпалары тарайды. Ал Қадырқожадан (Қаракесек), Басары, Әлім, Шөмекей таратылады да алты ата Әлімұлы іріктеледі.

Шығыс зерттеушісі Н.А.Аристов жазбаларына қарағанда Кіші жүздің Алшын т.б. тайпалары түріктің батыс Ділдің (Дулу, Дулат) тайпаларымен араласуы нәтижесінде қалыптасқан. Бұл пікірді Г.Е.Грум-Гржимайло, В.В.Бартольд та құптайды, көне жазбаларға, таңбаларға, атау сөздерге сүйене отырып туындаған тұжырым.

Кіші жүз құрамындағы үш тайпалық бірлестіктердің көші-қоныс тұрағына тоқтай кетейік. XIX ғасырда Әлімұлдары Құбандариямен Жаңадария, Қарабұрсақ, құм даласын, Ембінің сағасын, ал Адайлар Маңғыстау түбегін, Жағалбайлылар Жоғарғы Ор мен Жоғарғы Орал станцияларының маңын, Кердері мен Тама-Орынбор мен Орал төңірегін Табындардың біразы сол маңды, қалғандары Тобыл мен Ембіні, Керейттер-Сырдың бойын, ал Тілеу мен Рамадан Керейтпен бірге қыстап, жаз Табынмен бір қонысты жайлайтын.

Ататегіңді, олардың ежелгі қаныстарын, қандай халықтармен туыстық қатыста болғанын, дүниеде қандай мемлекеттер құрып, азаматтың құдіретті тірлігіне нендей үлес қосқанын ғылыми негізде зерттеп жүрген ғылымдарымыз жоқтың қасы,бар болса, XIX ғасырдағы орыс ғалымдарының ой-пікірін қайталаумен тынады. Олар тайпа атауларын қазақтың көне жер-су, халық атауларымен байланыстырып, Орхон-Енесей таңбалы жазуы болып табылатын әріпен таңба ұқсастығын да зерттеді. Мәселен, Илья Казанцевтің қазақ жазбасында Алшын - Әлім Шуманақтан тарайды десе, А. Левшин түріктердің Шыңғысханға қарсы шыққан Шөмекей ханының есіміне байланысты деп дәлелдемек болды. Біздіңше, ежелгі Үйсін дәуірінде Жетісуды мекендеген Жалайыр елі Сырғымақ, Шуманақ аталды. Бұлар Сырдың бойын, Шудың бойын мекендейтін манақтар. Қытайдың жазба деректерінде VII- ғасырда Барлық пен Хантәңірінің аралығындағы Цумигун еліне – Цуми, Цуюе, Цубан немесе Цуман (Суан)халықтары қараған. Батыс Қазақстан аймағын мекендеген тайпалардың ұрпақтары күні бүгінге дейін жалғасуда. Ресейдің Астрахан облысындағы 140 мың, Түркменстандағы 89 мың, Тәжікстандағы 12 мың, Қарақалпақстандағы 315 мың, Ресейдң көрші облыстарындағы қазақтар негізінен Кіші жүз елінен. Өзбекстанның оңтүстік аймақтарының этникалық тарихын зерттеген Б.Х.Кармышева 1875 жылы Шығыс Бұқарға, Бахша мен Пяджаға, Куяб пен Қорғантөбе аралығындағы тау қойнауына қазақтардың көп орналасқанын жазған.
ӘДЕБИЕТТЕР

1. Казахско-русские отношения в XVI-XVIII вв. Сборник документов и материалов. -Алма-Ата, 1961. – С.406.

2. Рычков П.И. История Оренгбургская по учреждению Оренбургской губернии. Изд. 2-е. – Оренбург, 1887. –С.67.

3. Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности // Живая старина. -1896. -Вып.III-IV.

4. Беисенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. -Алматы, 1994.-12-13 бб.

5. Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. - Алматы, 1993.

6. Арғынбаев Х.А., Мұқанов М.С., Востров В.В. Қазақ шежіресі хакында. - Алматы,1998. -15 б.

7. Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы.Т.4.-Алматы, 2002.-86 б.

8. Құлмұқамбетова Р. Қазақ тарихының шежірелері. - Алматы, 2004.
ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада Кіші жүз қазақтарының ішіндегі Байұлы, Жетіру және Әлімұлыың туыстық жағы қарастырылған.

РЕЗЮМЕ

В статье на основе документальных источников, специальной литературы и шежире рассматривается родоплеменной состав казахов Младшего жуза, в том числе из Байулы, Жетыру и Алимулы.



Каталог: attachments
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> Элективті пәндер каталогы мамандық 5В070400 «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру»
attachments -> Музей в открытом информационном пространстве
attachments -> Аудит пәнінен курстық ЖҰмыс жазу жөнінде әдістемелік нұСҚаулар, тақырыптар
attachments -> Капиталдыњ ауыспалы айналымы мен айналысы
attachments -> Бағдарламасы «Көлік құралдары»
attachments -> Кафедра Правового регулирования экономических отношений
attachments -> Қазтұтынуодағы
attachments -> Бағдарламасы «топырақТЫҢ физикасы және химиясы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет