Музей в открытом информационном пространстве



жүктеу 3.69 Mb.
бет6/16
Дата19.09.2017
өлшемі3.69 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

РЕЗЮМЕ


В данной статье рассматриваются работы общественного и государственного деятеля Ильяса Омарулы, посвященные проблемам расширения круга исследований Отечественной истории.

ТӘУЕЛСІЗДІК МОНУМЕНТІНЕ МУЗЕЙЛІК ЭКСКУРСИЯ
Қалдарбекова А. – экскурсовод. (Алматы қ., ҚР Мемл.Орталық Музей)
Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алған кезден бастап, басқа да ғылым салалары сияқты музейтану ғылымы да түбегейлі өзгерістерге енуде. Қазіргі таңдағы ғылыми-теориялық қарекет музей ісіне басқаша көзқарастың болуын, яғни қазіргі өскелең қоғамның талаптарына сай биімделуін, музей ісін ұйымдастыруда түбегейлі бетбұрыстардың, жаңа методологиялық көзқарастың болуын, музейдің ғылыми базасын қалыптастыруды, оны практикамен ұштастыруды талап етеді /1/. Қазіргі кездегі музейлік экскурсияларды ұйымдастырудың жаңа сатысы әрине электронды қондырғыларды, яғни инновациялық технологияларды пайдалана отырып, оқу орындарында электронды көшпелі-дәріс көрмелерді ұйымдастыру болып табылады. Бұл біріншіден, оқушы немесе студенттің жаңа инновациялық техникаға деген ынтасын арттырады, екіншіден уақыт үнемделеді, дәрісті жазып алудың да қажеттілігі шамалы болады.Тыңдаушының мүмкіншілігі болса, көшпелі-дәріс көрменің электронды нұсқасын өзіне көшіріп те алады. Қазіргі таңда музейлер қызметі қоғамдық институт ретінде әлеуметтік-экономикалық жағдайға сай жүргізілуде. Сондықтан да, көшпелі көрмелердің электронды нұсқасы тапсырыс беруші оқу орындарының мүмкіншіліктеріне қарай атқарылады. Музей ісіндегі экскурсиялық жұмыстар музей залдарының мазмұнымен ғана шектелмейді, сондықтанда музей экспозициясынан тыс тақырыптық экскурстар ұйымдастыру мәселесі музей ісінің ауқымын кеңейте түседі /2/.

Музейден тыс жерде өткізіліп жүрген тақырыптық көшпелі көрменің бірі - «Тәуелсіздік монументі». Электронды көшпелі көрме интерактивті тақта немесе проектор көмегі арқылы монументтің әрбір құрылымының бейнесі көрсетіле отырып, орнатылу тарихы мен монумент мазмұнына экскурс жасалады.

Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік Монументі 1996 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігіміздің 5 жылдығы мен желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына орай тұрғызылған. ҚР Президенті Н.Назарбаев 1993 жылы Египеттің Луксор қаласына сапармен барғанда Египеттің Тәуелсіздік Монументін көріп, осындай «ел тарихын баяндайтын ескеркіш біздің де елде болу керек» деген идеясын жүзеге асыруды архитектор Шота-Аман Уалихановқа тапсырған /3/.

Орталық стелланың төрт жақ бұрышында аллегориялық топ -ата мен ана, екі құлыншаққа мінген балалар мүсіні. Ата мен ана, ақыл мен парасат иелері, қамқоршы да асыраушы болса, балалар еліміздің болашағы. Ал төртеуі бірігіп бас бүтін отбасын мемлекет негізін құрайды. Монумент композициясындағы ең басты діңгек - Маңғыстау сағанатасы сияқты жоғары қарай тік көтерілген пластикалық стелла. Оның биіктігі-28 метр, ұшар басында қанатты барысты өзіне бағындырып, оның үстінде тік тұрып шауып бара жатқан жас жігіт «Алтын адам» (биіктігі 6 м). «Алтын адам»- Алматы маңындағы Есік қаласынан табылған археологиялық құндылықтар дерегі бойынша қазақтардың арғы тегі болып табылатын сақтар көсемі (б.д.д.7-4 ғғ). Алтын адам киімінен жоғары билік иесінің барлық белгілерін байқауға болады. Бұл стелла - қазақ жеріндегі аса қуатты мемлекеттік билік нышанын бейнелейді. Іле Алатауының Солтүстік беткейіндегі үлкен қорымға енетін «Есік обасындағы» ақсүйек сақтың қабірі жерлеу ғұрпының байлығымен таң қалдырады. Оның басынан аяғына дейінгі киімдері алтыннан жасалынған 4000-ға жуық қаптырма мен қалақша арқылы әшекейленген, олардың көпшілігі сақ-скиф кезіндегі аң стилінде жасалған /4/.

Монументтің етегіне жартылай шеңбер жасап жайғасқан символдық барельефтер кешені Қазақстанның ерте замандардан бүгінге дейінгі тарихынан қысқаша мағлұмат береді.



1 рельефте - қазақтардың арғы ата- тегі массагеттер падишасы Томирис (Тұмар ханымның) дәуірі көрсетілген. Релефтегі басты тұлға – басқыншы жаумен шайқаста жеңіске жеткен – Тұмар ханым. Ол бар сән-салтанатымен қос дөңгелекті жауынгерлік арба үстінде отыр. Киімдері мен ер-тұрмандағы қару жарақтар мен басқа бұйымдардағы әшекейлер мен өрнектер бізге археологиялық қазбалар арқылы жеткен сақтар мәдениетінің үлгілері.

Б.з.д.1 мыңжылдықта Солтүстік Үндістан, Ауғанстан, Орта Азия және Қазақстанның оңтүстік өңірін қамтитын кең-байтақ аумақта «сақ» деген атпен белгілі тайпалар мекендеген. Геродот (б.з.д 5ғ.) және басқа ертедегі тарихшылар оларды «азиялық скифтер» деп атаған. Сақ тайпалары Солтүстік Қара теңіз жағалауын, Днепр өзені бойын мекендеген скифтердің және төменгі Еділ бойы мен Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтардың, Кир мен Дарий тұсындағы парсылардың және А.Македонский дәуіріндегі гректердің замандастары болған. Сақ тайпалар одағына массагеттер, дайлар, исседондар, аримаспылар, каспилер, агрипейлер сияқты ондаған тайпалар одағы кіреді. Сақтар сол кездегі көптеген тарихи оқиғаларға қатысты. Мәселен, Кир сақтармен одақ жасап, Мидия патшасы Крезбен соғысуы кезінде олардан көмек алады. Кейінірек Кир сақтар мен массагеттерді бағындырмақшы болып жорыққа аттанады. Бірақ оның жорығы қатты қарсылыққа кездесіп, соңында Кир бастаған парсылар сәтсіздікке ұшырап, әскерлері талқандалып, өзі қаза табады. Бүгінгі Орта Азияның, Пәкістанның, Ауғанстанның, Солтүстік Үндістанның жеріндегі сақтар б.з.б. 1-ғ-дың ортасына дейін-ақ жергілікті халықтармен сіңісіп кетті.



2 рельефте- астрономия, философия, медицина және тағы басқа ғылым салалары жақсы дамыған әл–Фараби заманы бейнеленген. Ортадағы алып тұлға әл-Фараби, оның қасында отырған атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати. Ол екеуінен төменірек қобызда ойнап отырған қазақ саз өнерінің негізін салушы - Қорқыт ата. Релефтің сол жақ қанатындағы төменгі сурет – түрік халықтарының қасқырдың сүтімен қоректеніп, содан тарағандығы жайлы аңызды бейнелейді. Аңызға сүйенсек, түркі халықтары ашина қасқырынан тарағандығы жайлы айтылады.

Әбу Насыр әл–Фараби (870-950)-ғалым-энциклопедист, Отырар қаласында дүниеге келген, көзі тірі кезінде-ақ Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған. Осы қаланы арабтар Барфа, Фараб деп атаған, есімі осыдан келіп Фарабтан шыққан Әбу Насыр болып келеді. Оны астрономия, логика, музыка теориясы, математика, этика, медицина, психология, құқық қызықтырды. Ғылымның әр түрлі салаларын қамтитын 164-ке жуық трактат жазған. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалық күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Әл–Фараби өз шығармаларында араб, парсы, грек, үнді, түрік мәдениетінің жетістіктерін талдап, жақындастыра білді. Мұны «Үлкен музыка кітабы» атты еңбегінен байқауға болады. Исламмен араб халифатымен байланысты барлық қалаларда болған. Ол сарайлық әбігершіліктен алыс өмір сүруді жөн көріп, ғұмырының соңғы жылдарын Сайф-ад-Дауль Хамадиннің қамқорлығымен Алеоппо мен Шамда (Дамаскіде) өткізеді. 80 жасында Шам шаһарында қайтыс болды. Ұлы ғалымның мүрдесі Сириядағы Баб әс-Сағир зиратында жатыр.

Мұхаммед Хайдар Дулати (1499 – 1551) - атақты тарихшы, әдебиетші. М.Х.Дулатидың «Джаханнама» атты дастаны, Моғолстан мен оған шекаралас облыстар бойынша жасалған әйгілі «Тарихи-Рашиди» кітабына енген ата-бабалары Оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағында, Моғолстан мемлекетінің құрамындағы Қырғызстан мен Шығыс Түркістан жерінде беделді саяси қайраткерлер болған. М.Х.Дулатидың атасы –Хайдар мырза 1480 жылға дейін Қашғарияда билік жүргізді. Ал оның әкесі Мухаммед Хусайын 15-16 ғғ басындағы Моғолстанның шығыс бөлігінің басшысы Сұлтан Мұхаммед ханның үзеңгілестерінің бірі болған. Ал анасы Хубинғар ханым Жүніс ханның қызы, ал ол өз шешесі жағынан Сұлтан Сайд пен Үндістанды билеген Ұлы Моғолдар әулетінің негізін салушы Заһир-ад-Дин Мухаммед Шайбанидың өзбек көшпенділері қысымшылығымен Орта Азиядағы Темір әулетінің мемлекеті өмір сүруін тоқтата бастаған кезеңінде, Моғолстанның күйреуі мен Қазақ хандығының өрлеген тұсында өтті. Бабырдың сөздері бойынша М.Х.Дулатидың бойында энциклопедиялық білімі бар, ол барлық саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген, саяси қайраткерлерді де білетін. М.Х.Дулати Моғолстан, Орта Азия мен Қазақстанның, әсіресе дулат тайпасының феодалдық бөлігінің тарихын жетік білген. 1541-1546 жылдары Кашмирде ол «Тарихи Рашиди» атты еңбегін жазды. Бұл еңбекті М.Х.Дулати ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған дулаттардың өткені туралы әңгімелерге, моғолдардың аңыздарына, құпия құжаттарға, куәгерлердің мәліметіне және өз бақылауларына сүйене отырып парсы тілінде жазған. «Тарихи-Рашиди» атты еңбекте қазақ хандығының қалыптасуы туралы мұнан кейінгі Жетісу мен Шығыс Дешті-Қыпшақта болған оқиғалар, Моғолстанның құлауы феодалдық соғыстар, қазақтар, қырғыздар және өзбектердің сыртқы жауға қарсы күресте өзара одақтасуы туралы көптеген мәліметтер бар. Сонымен бірге, бұл еңбекте 15-16 ғ-ғы Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық жағдайы, ортағасырлық Қазақстандағы Жетісудың тарихи жағрапиясы, қалалық және егіншілік мәдениет туралы құнды мәліметтер бар. Мұхамед Хайдар Дулати 1551 ж жергілікті тұрғындардың көтерілісі кезінде қаза болды.

Қорқыт – жыршы, күйші, композитор «Қорқыт ата кітабы» әдеби ескерткішінен 9-10 ғасырларда билік құрған оғыз тайпасынан шыққандығын білуге болады. Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден-күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден-әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Қорқыттың дүниеге келуін қорқынышты етіп суреттейді. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата -өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады.

3 рельеф -Қазақ хандығының құрылуы кезеңіне арналған. Қазақ хандығы дербес мемлекет ретінде сақ, ғұн, түрік, қыпшақ, қарахан, Алтын Орда сияқты қағандық-ұлыстардың мұрагері дәстүрінде бүгінгі Қазақстан аумағында 15 ғасырдың ортасында 1465-1466 жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан жерінде Шу мен Қозыбасы өңіріне көшіп келуімен алғаш қазақ хандығының іргесін қалайды. Қазақ хандығының астанасы әр кезеңде Сарайшық, Сығанақ, Түркістан, Созақ т.б. қалалар болды. Қазақ хандығының саяси-әкімшілік құрылысында: хан, ұлыстың сұлтаны, тайпалардың билері, ру басылар, ақсақалдар, ауыл ағалары деген басқару жүйесі реттелген.

4 рельефте- қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен белгілі кезең баяндалған. 1723 жылы жоңғарлар қазақ еліне тұтқиылдан басып кірді. Бұл кезең қазақ халқының тарихындағы қасірет, Отан басына күн туған кезең 1718 ж. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы Қазақ хандығының әскери саяси қуатын әлсіретті. Тәуке өз елінің бірлігін нығайтуға талпынғанмен көздеген мақсатына жете алмады. 1723 ж қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып, Алтай асып, Көктал өзені бойымен өрледі, Нұра өңірінен, Шелек, Есік, Шу өңірін таптап, тоқтаусыз Іледен өтіп қазақ жерлерін иемденді. Қарудың күшімен, найзаның ұшымен екінші бөлігі Оңтүстік аудандарды Сайрам, Түркістан, Ташкент қалаларын басып алды. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ қалмақтары, Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан, Бұқара мен Хиуа хандықтары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады. Жоңғарлар шапқыншылығы кезеңінде қазақтардың азаттықты аңсаған күш-жігерін жасыта алмады, олардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел 1726 - 1727 ж.ж. жоңғарларға қарсы Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарға қарсы соққы берді. 1727 ж. қазақтар Қаратауды қайтарды, Хан тауына Орда тігіп, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. Жоңғар шапқыншылығы кезінде 1 млн 200 мың адам қырылды.

5+ рельефте жас батыр Абылайдың жоңғар нояны Шарышпен жекпе-жек шайқасы баяндалған. Бұл шайқаста Абылай жеңіске жетеді, осыдан бастап қазақ халқы бастарын біріктіріп қорғануға шығады.

Абылай хан (1711-1781) - қазақ ордасының ханы, қазақ мемлекеттігінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. 1743 жылға дейін Орта жүздің сұлтаны болған Абылай ханның ата-бабалары Шыңғысханның ұрпағы болып табылатын қазақ ордасының негізін қалаған Әз-Жәнібектен тараған, азан шақырып қойған аты - Әбілмансұр. Қалың халық бұқарасына оны әйгілі еткен ірі жеңіске ол Әбілмәмбет бастаған қазақ жауынгерлерінің жоңғарлармен болған шайқасында қол жеткізді. Бұл ұрыста 20 жасар Әбілмансұр қалмақтардың қонтайшысы Қалдан-Цереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіреді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарды. Ол зерделі саясаткер, білімдар дипломат, дарынды қолбасшы болды. Оның көздеген мақсаты мемлекетті нығайту еді. 1771 жылы Әбілмамбет хан дүние салған соң, Түркістан қаласында үш жүздің хан, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды ресми түрде ақ киізде хан көтереді. Ол билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды. Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді.



6 рельеф- қазақ ағартушылары мен Ұлы адамдар достастығына арналып, онда Достоевский, Ш.Уалиханов, Т.Г.Шевченко және Абай мен Біржан сал бейнеленген.

Шоқан Уәлиханов (1835-1865) – қазақтың ғұлама ғалымы, саяхатшы, этнограф, фольклорист, Шығыс Түркістан мен Қазақстан, Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші. 1847-1853 жылдары Омбы кадет корпусында оқыды. Оқып жүрген кезінде-ақ ол шығыс елдерінің географиясын, тарихы мен мәдениетін зерттеумен айналыса бастады. 1853 жылы Сібірде әскери қызметін бастайды, 1854жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Госфоррдтың адьютанты болып тағайындалады. 1855 жылы Шоқан Орталық Қазақстан, Жетісу мен Шығыс Қазақстан бойынша жасалған саяхаттарға қатысты. Шоқанның қоғамдық саяси көзқарасы еуропалық үлгіде қалыптасып, алдыңғы қатарлы демократ интеллигенциямен танысуы барысында жан-жақты дамыды. 1856-1857 жылдары Ш.Уәлиханов Алакөл өзенінен Орталық Тянь-Шаньға, одан Ыстықкөлге дейінгі аумақты қамтитын кең көлемдегі экспедицияға қатысты. 1857 жылы Қырғызстанға барғанда ол қырғыз халқының «Манас» эпосын жазып алып, сүбелі бір үзігін орыс тіліне аударды. Шоқанның «Ыстықкөл күнделіктері», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа», «Қырғыздар туралы жазбалар» сынды ғылыми еңбектеріне орыс география қоғамының назары ауды. 1857 жылы П.П.Семенов-Тяньшаньскийдің ұсынуымен ол аталмыш қоғамның мүшесі болды. Ш.Уәлиханов еңбектері неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылды.

Абай Құнанбаев (1845-1904) - қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл. Абай ең әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, сосын Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл дәріс алды. Осында шығыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысады. Сонымен қатар орыс тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы артады. Алайда қаладағы оқуын аяқтай алмай, әке әмірімен ауылға қайтады. Құнанбай ел билеу ісіне араластыру мақсатымен баласын шақыртып алады. 13 жасынан елдегі әкімшілік- билік жұмыстарына араласады. Ол әке қасында болған жылдарда қазақ даласындағы әлеуметтік өмір қайшылықтарын жан-жақты тани түседі. 1875-78ж. Қоңыркөкше еліне болыс болады. Бұл жылдары өз қолындағы билікті пайдаланып, әділеттіліктің таразысын тең ұстауға күш салды. Абай ел ісіне араласқан жылдарында әділдігімен, білімділігімен көрініп, халық арасында беделі өсті. Абайдың асыл мұрасы өлеңдер мен поэмалардан, аудармалар мен қара сөздерден тұрады. Абай Крыловтың мысалдарын қазақ халқына жеткізуші. Пушкин, Лермонтовтың шығармалары Абай тәржімесі арқылы ұлттық игілігімізге айналды. Абай Шиллерді, Гетені, Байронды қазақша сөйлетті. Абайдың қара сөздері - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Абайдың қара сөздері орыс, қытай, франсуз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. Абайдың таланты мен еңбегіне деген үлкен құрмет – 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен ақынның туғанына 150 жыл толуы әлемдік деңгейде тойланды. Бұл дүние жүзі халықтарының ұлы ақынға, оның мәңгі жасайтын шығармаларына бас июі еді.

Біржан сал Қожағұлұлы - әйгілі қазақ ақыны, сазгер Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Бойында әншілік дарыны бар, домбырада шебер ойнайтын Біржан жастайынан-ақ қазақтың ұлан-байтақ даласына танымал болған. Біржан бірегей сазды-поэтикалық туындыларды дүниеге келтірген және қазақ ауылдарын жиі аралап, алуан түрлі айтыстардың бел ортасында жүрген. Айналасына дарынды жастарды жинап өзінше көшпелі театр құрған.

7 рельеф- ұлт-азаттық қозғалысының қаһармандарына арналған. 1914 жылы басталған және оған патшалық Ресейде қатысқан бірінші дүниежүзілік соғыс халық басына ауыр қайғы-қасірет әкелді. Сырдария мен Жетісу облысының жерлерін жаппай тартып алу жалғасып жатты.Халық бұқарасының тонаушылық соғысқа және патшалық самодержавиенің отарлау саясатына наразылығы барған сайын күшейе түсті. Міндетті түрде ет тапсырудың, күштеп тартып алынған мал мен жем мөлшері жылдан жылға ұлғая берді. Өкімет пен еңбекшілердің арасындағы қатынастардың осындай шиеленіскен жағдайында патшаның 1916 жылғы 25- маусымдағы жарлығы шықты, онда соғыс жүріп жатқан аудандарда «қорғаныс бекіністерін» жасау үшін Қазақстаннан тылдағы жұмыстарға «бодан халықтарды» мобилизациялау көзделген. Оған 19-дан 43 жасқа дейінгі ер адамдар жатқызылды. Ашу-ыза кернеген шаруалар мен жұмысшылар көтеріліске шығып кетті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ірі орталықтары Жетісу, Торғай, Сырдария, Әулиеата, Шымкент, Қазалы ояздарында болды. Солардың ішіндегі ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс – Торғай өңірінде болды, оған жұрт арасында танымал, халық батыры – Амангелді Иманов басшылық етті.Амангелді Иманов Торғай облысында Кеңес үкіметін орнатуға белсенділікпен араласты. 1918 жылы Орынборда өткен Қазақстан Кеңестерінің 1 съезіне қатысты, Торғай оязының әскери комиссары болды, тұңғыш ұлттық Қызыл ұланды құрды. Контрреволюцияшылдар 1918 жылы мамырда Амангелдіні абақтыға жауып, өлтірді. Қазақтардың 1916 жылғы көтерілісі - Ресей империясының отарлау жүйесіне елеулі соққы берген қазақ халқының азаттық қозғалысының шежіресіндегі ең бір жарқын белес болып табылады.

8 рельефте Алаш қозғалысы мен Ұлы Отан соғысы дәуірі кезеңін қамтып, онда ұлтымыздың рухани көсемдері: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев (үш бәйтерек) және И.Панфилов пен Б. Момышұлы, Әлия мен Мәншүк ерліктері баяндалған.

Әлихан Бөкейханов (1866-1937) - көрнекті қазақ оқымыстысы және қоғам қайраткері. 1888 жылы Омбы техникалық училищесін және 1894 жылы Санкт-Петербург орман техникалық институтының экономика факультетін тәмамдады. 1905 жылы Семей облысы қазақтары атынан Мемлекеттік Думаның депутаты болды. Отаршылдыққа қарсы әрекеті үшін Ә.Бөкейханов Семейде, Павлодарда түрмеге жабылды. 1913 жылы Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Дулатов «Қазақ» газетін жарыққа шығарды. Газет беттерінде халыққа білім беру, ұлттық сана-сезімді ояту хақында көптеген құнды дүниелер жарық көрді. Орынбордағы съезде құрылған «Алаш» партиясының авторларының бірі болды. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен «Алаш» партиясының 2 съезінде Ә. Бөкейханов «Алашорда» үкіметінің төрағасы болып сайланды. «Алашордаға» съезден бір айдан кейін аумақтық автономия жариялау тапсырылды. Осыған қол жеткізу үшін Ә.Бөкейханов Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрес бастады. Бірақ бұл әрекет екі жылдан кейін «Алашорда» үкіметі қызметінің аяқталуымен түйінделді. 1926 жылы Ә.Бөкейханов контреволюциялық іс-әрекеттері үшін айыпталды, бірақ дәлел болмағандықтан, қамаудан босатылды. 1937 ж ол қамауға қайта алынып қыркүйек айында ату жазасына кесілді. 1989 жылы ақталды.

Ахмет Байтұрсынов (1873-1938) - қазақ халқының 20 ғ-дың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғалымдарының негізін салушы, ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіреді, сол жылдан 1909 жылға дейін Ақтөбе, Қостанай, және Қарқаралы уездеріндегі мектептерде орыс-қазақ училищелерінде мұғалім болып қызмет атқарады. Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққан А.Байтұрсынов 1909 ж. Семей түрмесіне қамалады. Кейін қазақ жерінен тысқары жерлерге жер аударуға үкім шығарылып, ұзақ жылдар бойы «саяси сенімсіз» адам ретінде патшалық күзет қызметтік бақылауда болды. 1913ж өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп «Қазақ» апталық газетін шығарып тұрды. 1917 ж. қыркүйегіне дейін оның редакторы болады. Ол қазақ мемлекетін қалпына келтіру үшін күрескен «Алаш» партиясы көсемдерінің бірі ретінде де белгілі А.Байтұрсынов қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің дамуына айрықша еңбек сіңірді. 1909-1911 жж. оның көпке белгілі «Қырық мысал» және «Маса» жинақтары жарияланды. Қазақ балаларын ана тілінде оқыту ісіне арнап тұңғыш оқулықтар жазды. ХХ ғ-дың 30-шы жылдары қазақ зиялыларын жаппай қуғындаудың басталғаны мәлім А.Байтұрсынов 1938ж әуелі тұтқындалып, кейіннен атылды.

1941 жылы 22 маусымда фашистік Германияның әскерлері Кеңес Одағына басып кірді. Гитлершілер КСРО-ға қарсы соғысты Атлантикадан Сібірге дейін славян және түрік-моңғол тұқымдас «жабайылардан» «тазартылған» герман территориялық–этностық тұтастығын құрушы шешуші кезеңі және дүние жүзін жаулап алудың алғышарты деп санады. Ұлы Отан соғысына Қазақстан біртұтас елдің бір бөлігі ретінде қатысты. 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанның халқы 6,2 млн. адам еді. Соғысушы армия қатарына соғыс жылдарына 1196164 қазақстандық сапқа тұрды. Соғыстың алғашқы күнінен-ақ Қазақстан оның арсеналының біріне айналды. ҰОС-ғы ерліктері үшін 11600 адамға Кеңес Одағының батыры атағы берілді, олардың 497-сі қазақстандық, соның 97-і қазақ. Қазақстандықтардан бірінші болып Кеңес Одағының батыры атағы 19-танк дивизиясының командирі генерал-майор К.А.Семенченкоға 1941 жылы 22 шілдеде берілді. Ал ең соңында 1990 жылы 11 желтоқсанда мұндай атақ панфиловшы, аға лейтенант Б.Момышұлына берілді, ол 1941 жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстарда өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник атағымен, 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады.



Бауыржан Момышұлы (24.12.1910-10.06.1982.) - әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес одағының батыры. ҰОС-на 1941 жылдың жазында Алматыда жасақталған генерал И.В.Панфиловтың басқаруындағы 316-атқыштар (8-гвардиялық) дивизиясының сапында қатысты. Ол майданда батальон, полк командирі, соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарды. Ресейдегі Волокаламск, Горюнь, Матренино, Бородино, т.б. қала, деревнялар үшін болған қырғын ұрыстарда 9 рет асқан ерлік үлгісін көрсетті. 25 жыл өмірін әскери қызметке сарп еткен Баукең 1956 жылы демалысқа шыққан соң, қалған өмірін шығармашылыққа арнады.Оның қаламынан «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Ұшқан ұя», т.б. шығармалар туындады. Бауыржан Момышұлы өмірінің азаматтық бейнесі сирек ұшырасатын ғажап адамгершілік келбеті, бірбеткей, қатал мінезі, барша кісілік келбеті, кесек тұлғасы талай шығармаларға арқау болған. Атап айтқанда: А.Кривицкийдің «Мәскеу түбіндегі қарауыл», Кеңес Одағының батыры М.Ғабдуллиннің «Сұрапыл соғыс жылдары» және мыңдаған тиражбен бірнеше дүркін басылып шыққан майдангер жазушы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы. Алматы қаласында бір көше мен мектепке Б.Момышұлы есімі берілген. Халқының қалаулысы, елінің елеулісі Б.Момышұлы есімі «Ғасыр адамы» атағына ұсынылған он тұлғаның қатарынан лайықты өз орнын алды.

Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Оның командирі азамат соғысына қатысушы генерал И.В.Панфилов болды. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына негізгі өзекті жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғау тапсырылды. ҰОС майдандарында көрсетілген ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын шығыстың қос жұлдызы, қаһарман қыздары – Ә.Молдағұлова мен М.Маметова да наградталды.

9 релефтің тақырыбы- 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. 1986 ж желтоқсан оқиғасы бір Қазақстан үшін ғана емес бүкіл одақ үшін де тосын оқиға болды. Күлллі әлемді дүр сілкінткен 1986 ж Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық санасын намысы жетелеген жаңа әрі қайсар буынның келгенін әйгіледі. Қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г.В.Колбинді Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы етіп тағайындауы себеп болды. Желтоқсан оқиғасына бірінші күннен бастап жаңсақ баға берілді. Оқиғаларды ұлтшылдар, маскүнемдер мен нашақорлар бастаған жаппай тәртіпсіздік деп көрсету саяси жағынан қате және бүтін бір халықтың намысына тию еді. Қоғамдық санада орын тепкен осынау пікір ұлт араздығын қасақана өршітті. Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы түрі жағынан ұлттық бой көтеруінде ұлтшылдық болған жоқ. Ол өзге халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы шығу емес еді. Алматыдағы желтоқсан толқуы шын мәнінде, еліміздегі екі күштің жас буыны қатпаған демократия мен сол кезеңде әлі де қуатты тұрған әкімшілдік-әміршілдік жүйенің тұңғыш рет бетпе-бет соқтығысуы еді. Қазақ жастарының алаңға шығуы «Әр халыққа өз көсемі» деген ұранмен болатын. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің №03885 бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. Желтоқсан құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхамеджанова, Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар. Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Желтоқсан шындықты айтамын деп шыңғырған, егеменді ел болсақ деп талпынған аяулы қыздар мен жігіттер, абзал азаматтар жазықсыз жапа шекті. Қаһармандарды айтпағанда 99 адам жазықсыз сотталды. 1986 ж Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық сананың намысы жетелеген жаңа әрі қайсар буынның келгенін әйгіледі.

10 релефте- Қазақстанның тәуелсіз Республика болып жариялануы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйлеп, ант беріп тұрған сәті бейнеленген. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Бұл қазақ тарихындағы ғасырлар бойы аңсаған арманның орындалған күні болды. Қазақсан ғасырлар бойы ұмыт бола бастаған тілін, салт-дәстүрін қайта жаңғыртып Тәуелсіздік туын биікке көтерді /5/.

Қорыта айтқанда, бұл монумент – қазақ халқының ерте темір дәуірінен бастап Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына дейінгі жүріп өткен жолдарының қоламен жазылған жылнамасы десе болады. Осылайша инновациялық технологиялардың мүмкіншілігін пайдалана отырып аудиториядан шықпай-ақ Монументке саяхат жасауға болады.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Алимбай Н. Центральный Государственный Музей Республики Казахстан: краткий исторический экскурс, структурные преобразования, проблемы // Орталық Музей еңбектері. Алматы, 2004.С.14.

2.Какабаев Б. Формы экспозиционно-выставочных работ в современных условиях // Музей еңбектері. Алматы, 2004.С.29.

3.Монумент Независимости. Беседа у его подножия за несколько дней до открытия // Казахстанская правда. 16 декабрь, 1996.

4.Звущий час суверенного Казахстана // Казахстанская правда. 17 декабрь. 1996. №279. С.1.

5.Қазақстан Республикасы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2001.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Тәуелсіздік монументіне сипаттама беріліп, тақырыптық экскурсия ұйымдастыру жолдары баяндалған.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются методы организации тематической экскурсии к Монументу независимости.



Каталог: attachments
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> Элективті пәндер каталогы мамандық 5В070400 «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру»
attachments -> Музей в открытом информационном пространстве
attachments -> Аудит пәнінен курстық ЖҰмыс жазу жөнінде әдістемелік нұСҚаулар, тақырыптар
attachments -> Капиталдыњ ауыспалы айналымы мен айналысы
attachments -> Бағдарламасы «Көлік құралдары»
attachments -> Кафедра Правового регулирования экономических отношений
attachments -> Қазтұтынуодағы
attachments -> Бағдарламасы «топырақТЫҢ физикасы және химиясы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет