Музей в открытом информационном пространстве


Д.А. ҚОНАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ КАДРЛАР



бет7/16
Дата19.09.2017
өлшемі3.69 Mb.
#1228
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16

Д.А. ҚОНАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ КАДРЛАР

МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУДЕГІ РӨЛІ
Мәшімбаев С.М.-т.ғ.д., профессор.(Алматы қ., әл-Фараби атын.ҚазҰУ)

Қазақстан коммунистік партиясының соңғы 25 жылының ішінде үлкен абыройға ие болған мемлекеттік және партия қайраткері Д.А.Қонаев болатын. Ол көп жылдар бойында Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы қызметін атқаруымен бірге, СОКП-ның саяси бюросының мүшесі болған қазақ еді. Д.А.Қонаев жәй ғана қатардағы қазақ болып қойған жоқ, сонымен қатар ол кезінде СОКП-ның Бас хатшысы болып, Л.И.Брежневпен қатар қызмет атқарды. Қазақстанда тұрақты кадрлар базасын жасай алды. Л.И.Брежнев Қазақстанда екі жыл болғанда өзімен қатар қызмет атқарған адамдармен қатынасын үзбей, оларды қызмет бабында жоғарлатты. Солардың бірі, кеңес кадрларының ішінде айырықша көзге түскені Д.А.Қонаев болды.

1964 жылы қараша айының соңында Л.И.Брежнев Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің бюро мүшелерін Мәскеу қаласына шақырып, қабылдайды. Сол кезді Д.А.Қонаев былай деп еске алды: «...ол Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Юсуповтың қызметінен босатылғандығын хабарлап, Қазақстан ОК бірінші хатшысына кімді ұсынасыздар? – деп сауал қойды. Юсупов Қазақстан компартиясының басшылығына СОКП Орталық комитетінен жіберуді ұсынды. Л.И.Брежнев оған қарсы болып, Қазақстан компартиясының басшылығына жергілікті халық уәкілінен болуы керек деп ұсыныс айтты. Осылайша СОКП Орталық Комитетінің бюро мүшелері, менің кандидатурамды бір ауыздан мақұлдадың/1/. 1964 жылы 6 желтоқсанда Қазақстан компартиясының Орталық Комитетінің бюросында Д.А.Қонаев бір ауыздан бірінші хатшысы болып тағайындалды. Екінші хатшы болып СОКП Орталық комитетінің мүшесі В.Н.Титов болды.

Д.А.Қонаев Қазақстан компартиясы, әрі СОКП Орталық Комитетінің саяси бюросының мүшесі болған жылдарда өзінің қызметін ұтымды пайдалана отырып, өзінің қазақ екенін естен шығармай, партияның тоталитарлық өктемдігінің ең бір шарықтау уақытында мүмкіндігі болғанша қазақ кадрларын қызметке өсіріп, оларды тәрбиелеп отырды. Қазақ мамандары өз заманындағы алаш зиялыларынан кейінгі кезеңде орысша білім алып, Ресейдегі орыс кадрларынан кем түспеді. Бірақ ол кезде орталық партия мен үкімет ұлт кадрларын өсіруге онша ниеттері болған жоқ. Д.А.Қонаев өзінің естелігінде «...Л.И.Брежнев пен Н.С.Хрущевтің қызметіндегі кемшіліктердің бірі кадрларды таңдау мен орналастыруда номенклатуралық жүйенің болуы еді. Шет аймақтардағы ұлттық Республикаларға жоғары деңгейдегі лауазымды қызметке жергілікті ұлттың ерекшеліктерін ескерместен кадрларды оңды және солды жіберіп отырды. Ұлттық республикаларға жіберген адамдар ұлттың әдет-ғұрпын, рухани мәдениетін ескермеді. КСРО-дағы барлық кадрлар мәселесін СОКП Орталық Комитетіндегі адамдар шешіп отырды»,-деп жазды/2/. Қазақстанға кезінде Соломенцев, Родионов, Соколов, Коломийцевтер әр түрлі жоғарғы партия қызметтеріне жіберілді. Оларды қазақтар «варягтар» немесе «келімсектер» деп атады.

«Кеңес өкіметінің кадр мәселесіндегі империялық саясаты туралы Мәскеу қаласында басқа республикалар басшыларымен жеке бас қосқанда өзара әңгіме соғып, пікір алмасатын едік. Сонда Мәскеу неге ұлттық кадрларды тек өздері ғана шеше береді»?-деп айтатынбыз. Бірде Мәскеуде Украйна, Ресей, Белорусс басшылары және мен кездесіп отырып, бұл 1920-30 жылдар емес қой, ұлттық республикаларда кадр мәселелерін өздері шеше алатындай жағдайға қол жеткізетін уақыт жеткендігін айттық. Алайда, империялық амбиция ұлт саястынан жоғары тұрды. Олар кімді ұлттық республикаларға басшылыққа жібереміз, ол сіздердің жұмыстарыңыз емес, сіздер бас изеп келісулеріңіз керек деген сыңай білдірді, мұндай ұлттық саясаттың мәнін кеш түсіндік. Бұл заманындағы патшалық Ресейдің ұлттық саясатының жалғасы ғана болатын» /3/ – деп еске алады Д.А.Қонаев. Патшалық Ресейдің қол астындағы отар елдер: Украйна, Белорусс, Қазақстан аймақтарындағы мемлекеттік саясаты – орыстандыру болатын,бұл кеңестік кезеңде жалғасын тапты . Тәуелсіздік алған елдер бұл саясаттың зиянын күні бүгінге дейін көріп отыр.Сталин, Хрущев заманында кадр мәселесінің ұлттық мүддеге қарсы жүргізілуі одан әрі жалғасын тапты.ХХ ғасырдың 50 жылдарында Сталин қайтыс болғаннан кейін де кадр мәселесі Қазақстанда ешқандай шешуін таппады. Н.С.Хрущев заманында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде, Қазақстанды орыстандыру бұрынғыдан да кең етек алды. Қазақстанды «ұлттар достығының» лабораториясына айналдырды.Осындай заманда Д.А.Қонаев Мәскеудегі беделін пайдалана отырып, ұлттық кадр мәселесін Орталыққа білдірмей шешуді бастайды. Бұл күрес Д.А.Қонаев үшін өлім мен өмірге тең болды. Қазақтар орысша білім алып, орталықтан жіберілген кадрлардан әлде қайда білімді және іскер болатын. Қазақтар партия және кеңес ұйымдарына қызметке көптеп алына бастады. 1954-1956 жылдары бастауыш партия ұйымдарындағы қазақтардың саны жоғары болды. Съезге қатысқан барлық қазақстандық делегаттардың 45 пайызы қазақтар, ал облыстық комитеттердегі қазақтардың саны 48 пайызды құрады /4/.

Тың жерлерді игеру мен көтеруге басқа жақтардан 1,5 млн. орыс, украин және басқа ұлт өкілдері көптеп әкелініп, партия мен кеңес ұйымдары Қазақстандағы кадр мәселесін «келімсектер» арқылы шешіп отырды. Қазақстандағы партия ұйымдарының басшылықтарына орыс ұлтының өкілдері қойыла бастады. Мысалы: Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев болса, екінші хатшы СОКП-ның Орталық Комитетінің кадр бөлімінің ұсынысымен орыстан болуы керек еді. Ал облыстың партия және кеңес ұйымдарында бірінші басшысы орыс болса, облыстық атқару комитетінің төрағасы қазақ болды. Міне, Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының мәні осылайша жалғастырылды. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы өткен партия съездеріне сайланған делегаттардың ішінде қазақтардың саны үштен бірге азайды. Ал қалалық, аудандық партия комитеттерінде жұмыс істейтін қазақтар саны 30 пайызға жуықтады. Кадр саясатында партия және кеңес басшыларында ұлттық кадрлар мәселесінде «пайыздық» саясат СОКП-ның Орталық комитетінің тікелей бақылауында болып келді. Партия және мемлекеттік ұйымдарында қызмет атқарған қазақтардың саны орыстардан көп болмауын әр уақытта ескертіп отырды.

Тың жерлерді игеру бағдарламасының негізінде облыстық, қалалық және солтүстік облыстардың аудандық ұйымдарындағы кадр құрамдарының көбі орыстар болды. Сонымен қатар, әрбір жаңадан құрылған совхоздардың партия ұйымдарын орыстар мен украиндар басқарды. Ал бұрыннан келе жатқан совхоздар мен колхоздардағы директорлар мен төрағалар қызметіндегі қазақтарды орыстармен алмастырды. ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы Қазақстандағы республикалық және облыстық партия кеңес ұйымдарының басшылары тікелей Москваға бағындырылды.

Д.А.Қонаевтың басшылыққа қайта оралуы ұлттық кадр мәселесін біртіндеп республикада шешуге мүмкіндік берді. Мысалы 1966 жылғы Қазақстан компартиясының ХІІ съезіне сайланған делегаттарының 43 пайызы қазақтар болды. Қазақстанда 60-70 жылдарда қазақтар арасынана әлдеқайда білімді, заманына сай кадрлар дайындалды. 1971 жылдарда Қазақстандағы мамандардың 40 пайызы жоғарғы оқу орындарын бітірген адамдар болды. Москваның қас-қабағына қарамастан Д.А.Қонаев әлеуметтік, коммунальдық сауда мекемелері мен дәрігерлік, экономика және мәдениет әкімшілік қызметтерге қазақтарды қоя бастады. Себебі, Москва бұларға онша мән бермейтін.

Австралиялық Джон Клиэрид өз зерттеуінде: «...Қазақстанға қызметке тағайындалған орыстардың бірде-бірі бұрын - соңды республикамен қарым-қатынаста мүлде болмаған адамдар. Орталықтандырылған бюрократиялық жүйе мен рухани дүниелері қазақтың ұлтжандылық күштерінен басым түсіп отырды. Жергілікті халық билікті бөліскеніне мәз, бірақ осынау уақытша көңіл-күйдің әртүрлі деңгейлерде үнемі эрозияға ұшырап отыратынын әркім болжай алады» - деп қорытындылайды /5/.

1971-1986 жылдарда Д.А Қонаев СОКП-ның саяси бюросының толық мүшесі болған жылдарда Л.И.Брежневпен болған достық байланыстарын ұлттық мүддеге сәйкес пайдалана алды. Ол заманында қазақтармен қатар, көптеген орыстарды да қатар енгізіп отырды. Д.А.Қонаев кезінде Қазақстан Компартия Орталық Комитетінде қазақтар саны 51,9 пайызға жетті. Үкімет құрамындағы қазақтардың да саны өсті. 1964 жылы республика Министрлер Советіндегі қазақтардың саны – 33 пайыз болса, 1981 жылы қазақтар – 60 пайызға жетті. Қазақтар ең негізгі қызметтерге тағайындала бастады. Олар: Ауыл өнеркәсіп, ауылшаруашылық және құрылыс министрлері болып қызмет атқарды. Бұрын соңды кеңестік Қазақстан тарихында Мемлекеттік Қаупсіздік Комитетінің басшысы тұңғыш рет қазақтан тағайындалды.

Д.А.Қонаевтың батыл іс-қимылдарының бірі Москваның қысымына қарамастан кадр мәселелерін шешуге, бұрыннан келе жатқан Орталық Комитетінің жіберген кадрлардан бас тартып немесе жоғарғы жақтағы басшыларды көндіріп, ұлты орыс кадрларды тек сырттан шақырмайтын болды. Д.А.Қонаев Қазақстанда көп жылдар қызмет атқарған орыс кадрларын тәрбиелеп шығарды. Олар: А.Г.Коркин, екінші хатшы болған О.С.Мирошхиндер еді.

Л.И.Брежневтың көзі тірісінде-ақ Д.А.Қонаев Москваның толық сеніміне кірген болатын. Ол Қазақстанның Кеңес Одағының экономикасына үлкен үлес қосатынына кеңес және партия басшыларының көзін жеткізе алды. Л.И.Брежнев өзінің «Тың» деген кітабында Д.А.Қонаев туралы «Ол білімі жағынан кен инженері, түсті металлдар маманы .Ол тар шеңбердің адамы емес, мемлекеттік тұрғыда мағыналы, кең тынысты батыл ойлар өрбітетін, Қазақстанның орасан зор ресурстары және оның өркендеу переспективалары туралы зерделі де терең пікір айтатын. Осы бір салиқалы, мейірлі де абзал жанды кісі әрі аса жігерлі партиялық принципке берік-тің деп жазады /6/.

Л.И.Брежнев қайтыс болғаннан кейін Д.А.Қонаевтың бағы түсе бастады. Ю.В.Андроповтан да, М.С.Горбачевтан да өз қызметінде қолдау таба алмады, ол Л.И.Брежневтің адамы болғаны үшін, оны сегіз айға созылған ұзақ шабуылына төтеп бере алды. М.С.Горбачев келгеннен кейін Д.А.Қонаев та Қазақстан Коммунистік партиясының басшылығында бұдан әрі қалдырылмады, тіпті онымен ақылдаспастан, империялық амбициялық саясат Қазақстанға бұрын Грузин ССР-інде екінші хатшы болған, Ресейдің Ульянов облыстық комитетінің хатшысы болған Г.В.Колбинді тағайындады.

Міне, ақ және қызыл отарлық империялардың ұлттық саясатының басты мақсаты орыстандыруды жалғастыру еді. Д.А.Қонаевтың қызыметтен алынуы 1986 жылы 16-18 желтоқсанда Алматы қаласында көтеріліске әкелді. Республикаға басшылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «келімсек» орыс адамы жіберілді. Бұл қазақтардың ұлттық намысына тиді. Тоталитарлық социализм қоғамында, кеңестік империяның қылышынан қан тамып тұрған жылдарда ұлты үшін күрескен, ХХ ғасырдың ұлы тұлғасының бірі – Д.А.Қонаев еді.


ӘДЕБИЕТТЕР

1Кунаев Д. От Сталина до Горбачева. Алматы, 1994. 171-172 беттер.

2.Бұл да сонда. 256-257 беттер.

3.Бұл да сонда. 104-105 беттер.

4.Д.А. Қонаев және Қазақстан коммунистік партиясы- //Қазақ әдебиеті, 22 тамыз 2008.

5.Бұл да сонда.

6.Брежнев Л.И. Тың. Алматы, 1978. 30 б.
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақала Д.А.Қонаевтың Қазақстанда басшылық қызмет атқарған жылдары ұлттық кадрларды даярлауда сіңірген еңбегі жайында.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается деятельность Д.А.Кунаева по подготовке национальных кадров в республике.



«ЖАСАУЫЛ ҚЫРҒАН» ОҚИҒАСЫ ТУРАЛЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ
Меңілбаев Ғ.А.-т.ғ.к., доцент. (Алматы қ., Абай атындағы ҚазҰПУ)
«Жасауыл Қырған» дастанының шығу тарихын 1936 жылы Торғай қаласында Нұрқипов деген азамат ел аузынан жазып алған. Қолжазбаның жалпы көлемі 24 беттен тұрады. Тарихшы Е.Бекмаханов өзінің «Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген еңбегінде қысқаша түсініктеме беріп кеткен.

«Жасауыл қырған» дастаны Наурызбайдың 90 жасауылының 1844 жылы жаппастардан (жаппас руынан) зекет жинау кезінде қырылып қалғанын жырлауға арналған. Өлтірілген жасауылдар жерленген орын «Жасауыл қырған» деп аталып кеткен. Жаппас руының ру басы зауряд-хорунжий Төлегеновтің зекет жинаушыларды бір түнде қалай қырып салғаны суреттеледі. Дастанда егжей-тегжейлі айтылатын фактілер жазба құжаттар арқылы расталған. Мысалы, жақында біз Чкаловтың тарихи архивінен билеуші сұлтан Ахмет Жантөриннің қысқаша хатын таптық, онда Наурызбайдың жасауылдарының қалай қаза болғандары және бұл оқиғаға жаппас руының тармақтары қалай қарайтыны айтылған.

Бұдан басқа, Омар Шипиннің «Жеті батырдың қысқаша тарихында» да бұл оқиғаны көзімен көргендердің сұраққа жауаптары келтірілген. Осылардың бәрі оқиғаның нақты қалай болғанына көз жеткізуге көмектеседі.Кенесары Қасымұлы мен оның серіктері туралы едәуір фольклорлық материал жинаған, Қазақстанның халық ақыны, Қостанай облысының Обаған ауданында өмір сүрген-Омар Шипин. Осы материалдың негізінде Омар Шипин «Жеті батырдың қысқаша тарихы»деген дастанын жазды, ол Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы.

Омар Шипин жазып алған әңгімелер мен жырлардың авторларының көбі оқиғаға тікелей қатысқандар. Мәселен, Шұбар Наурызбаев пен Жамантайдан Омар Шипин Құсмұрын приказының құрылу тарихын, Кенесарының Орталық Қазақстан даласынан кету жағдайын және Кенесарының 1847 жылы қырғыз манаптарымен соңғы шайқасын жазып алған. Өзге материалдарды Омар Шипин әкелері, не туыстары оқиғаларға қатысқан немесе соны көздері көрген адамдардың айтуымен жазып алады; көп оқиғалар қариялардың аузынан жазып алынған. Омар Шипин шығармасының өте маңызды болатын бір себебі, ол Кенесары кезінен бері сақталған материалдық ескерткіштердің тізімін береді және Кенесары есімімен байланысты орындардың тарихи тұрақтарын суреттеп жазады...

Омар Шипин «Жеті батырдың қысқаша тарихы» дастанындағы айтылған оқиғалардың расында да архив деректерімен толық дәл келетіні дәлелденген. Онда Наурызбайдың 90 жасауылының қаза табуы егжей-тегжейлі айтылған.

«Кенесарының Жаппас руына тізе батыруына мынадай оқиға себеп болды: 1844 жылы осы Жаппас руынан зекет жинауға Наурызбайды 100 жасауылымен жіберген болатын. Бұл кезде Жаппас руының билеушілері Алтыбай мен Жанғабыл бастаған кейбір тармақтары патшалы Ресеймен тығыз байланыста болып, ішінара Қоқан хандығымен де сыбайласа араласаты.

Жаппас руының билеушілері Алтыбай мен Жанғабыл бастаған ауыл тұрғындары Наурызбай мен оның жасауылдарын иіліп қарсы алып, өздеріне жүктелген зекетті жинап беруге уәде етіп, кешке қонақасы беріп ауыл-ауылға бөліп қондырады. Түн ортасы ауып, жасауылдар ұйқыға кеткенде, зауряд хорунжий Жанғабыл өзінің қол астындағы жасақтарын жинап, Наурызбай мен оның жасауылдарын өлтіруге уәделесеті. Жанғабыл Төлегенов-зауряд хорунжий, би, 46-дистанцияның бастығы, Жаппас руының Қарасұр тармағын басқарады. Ол Торғай мен Тобыл аралығында көшіп жүрді, қыстауы Сырдария өзенінің бойында болады. Жанғабыл өзінің ойға алған ісін сәтті аяқтау үшін, әрі қол астындағыларды жігерлендіру мақсатында өзінің соңынан бүлікшілерді жоюға күшті орыс отряды келе жатыр деп хабар таратты, ал кімде-кім көтерлісшілерге қарсы шығудан бас тартса, қатаң жауапқа тартылады деп үрейлендіреді. Сондықтан да Жанғабыл кездестірген қандай да болмасын жаппас руының адамдары оның сөзіне еріп бүлікшілерге қарсы көтерілді және олардың қолға түскенін қырып-жоя бастайды. Жанғабыл жасауылдарды өлтіріп Наурызбайдың қосына жақындаған кезде, қастандық туралы жаппас руының адамдарының бірінен хабарланған ол, өзінің бірнеше серіктерімен жасырынып үлгерген еді. Наурызбайдың жүз жасауылының 95-і қаза тапты, олардың ішінде Кенесарының сүйікті батыры Байтабын да бар еді; Байтабын ұзақ атысып, қатты қарсылық көрсетті, ең соңында оны батпаққа тықсырып, қоршауға алған кезде оққа ұшаты. Осы оқиғаға байланысты зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов Орынбор Шекара Комиссиясына жолдаған рапортында былай деп жазады:

«Ресейдің бодандығында адал боламыз деген антымызға сай және патшамыздың жауларынан кек алу үшін біз қас дұшпандарымыздың 95 адамын өлтірдік. Кенесарыға Байтабын батырдың өлімі өте қатты батты. Омар Шипин өзінің «Жеті батырдың қысқаша тарихы» деген дастанында сол кезде Наурызбаймен бірге болған жасауыл Төлегеннің әңгімесін келтіреді. Кенесары Байтабын батырдың қаза тапқанын естіген соң, өзінің барлық жақтастарымен бірге үш тәулік бойы аза тұтады.Төртінші күні батырдың бейітіне ескерткіш орнаттырды. Осы ескерткіш әлі күнге дейін сақталған. Ескерткіш орнатылған жер «Байтабын доңызы», ал көз жұмған жері «Байтабын соры» деп аталады.

Болған оқиғадан кейін Кенесары Жалпақ бастаған өзінің өкілдерін Арғын руының басшысы Шеген Мусинге жұмсап, онан «жаппас руының өкілдерімен жоғарыдағы аталған оқиғаға байланысты бітімге келу үшін араға түсуін және бұл оқиғаға Наурызбайдың өзі кінәлі ме, сол туралы мәлімет жеткізуін өтінеді.

Сөйте отырып, жаппас руының бағынбай жүрген ру басыларын тәубасына келтіру үшін, Кенесары Жанғабыл бидің және басқа да қырғынды ұйымдастырушылардың ауылдарына қарулы шабуыл жасайды, соның салдарынан жаппас руының бірқатар ауылы талқандалды.

Жанғабылдың, Алтыбайдың, Сұлтан Омаровтың, ауыл иесі Мырзабек Құлмановтың, Ниман Алтыбаевтың, Наурызбайдың жасауылдарын қыруды ұйымдастырғандардың бәрінің біраз малдарын айдап әкетеді. Жаппас руының ауылдарына шабуыл жасау барысында Кенесары жасауылдарының өліміне кінәлі болмаса да, кейбір бейбіт жаппас ауылдарына шектен тыс қатыгездік жасау ісі де орын алған Алайда Жаппас руы тармақтарының дені, Наурызбайдың жасауылдарының өліміне қатысы жоқтары, көтерлісшілерді белсене қолдауын тоқтатқан жоқ. Бұған Наурызбайдың жасауылдарын қыруды ұйымдастырушының бірі-Жаппас Елемес Сұлтабаевтың билеуші сұлтаны.

Ахмет Жантөринге мына жауабы дәлел:

«...Сұлтан Кенесары Қасымов маған және заурд хорунжий Жанғабыл Төлегеновке өткен жылы Кенесарының жақтастарын өлтіргеніміз үшін өштесуде, ол бізге шабуыл жасамасын деп ауылдарымызбен Сібір Шебіне қарай жылжыдық. Бірақ руластарымыздан 120 ауылға қарасты ел-жұртымыз Торғайға қарап бөлініп кетті. Біздің қанша бөлінбеуге шақырғанымызға қарамастан, олар Кенесарыдан бас тартпаймыз, себебі біз оның жақтастарын өлтіруге қатысқан жоқпыз деп жауап берді. Кенесары ешқашан жаппастарды өзінің саяси дұшпаны санамаған. Жанжалды тоқтату мақсатында ол 1845 жылы Жаппас руына өзінің өкілін бітімге келу үшін келіссөз жасауға жібереді. Кенесары «үш адамға-Байтабын, Қанай және белгісіз тағы бір азамат үшін құн төлеуді талап етті. Сонымен бірге олардың мінген аттары мен қындарындағы қылышын қайтарса, онда ол Жаппас руына ешқандай кек сақтамай, біткен іске салауат дейміз»,- дейді.

Осы жерде, Кенесары көтерілісін Жаппас руының тармақтарының барлығы бірдей қолдап, оған тікелей қатысты десек біздің тарапымыздан үлкен қателік болар еді. Кенесары қозғалысына байланысты біз жаңалық ашқалы отырған жоқпыз, осы көтерілістің ішіндегі бір Жаппас руының төңірегінде ғана сөз қозғап, сол арқылы қазақтың өзге де ру-тайпаларының басынан кешкен оқиғаларға тарихи талдау жасауға тырыстық. Себебі, осы көтерліске байланысты қазақтың үш жүзінің де ұстанған жолдары бірдей деп баға беруге болады. Мысалы, Кенесары Қасымұлының Орынбор Шекара Комиссиясына немесе тікелей губернаторына жіберген мағлұмдама хатына назар салып көрелік: Назар руының қазақтары менің көп жылқымды айдап әкетті, сәл уақыт өткен соң мен біраз арғындарды ертіп өзара дауды бітістіру үшін соларға бардым, бірақ олар бізбен төбелесіп, көп адамымызды өлтіріп, көбін тұтқындады.

Тағы да бір осындай хабарламаға тоқталайық: «Тілеуқабақ және Қарабас руларының қазақтары бізді жыл сайын мазалауда. Біз оларға адамдарымызды жіберіп жылқымызды айдап кеткен істерін қарағымыз келіп еді, бірақ олар мүлде бет бақтырмай қойды. Бұл туралы билеуші сұлтандарға айтып едік, олар да біздің өтінішімізге көңіл аудармады»-делінген. Осы жерден көріп отырғанымыздай, Кенесары қозғалысын қазақтың барлық рулары мен тайпалары қолдады деген түсінігімізге қайшы келеді.

Кенесары қозғалысының кең көлемді, бірыңғай ұлт-азаттық майдан болып құрылуына оның өзінің қателесулері де бөгет жасаған. Атап айтқанда, патша өкіметін қолдаған сұлтандармен және билермен күрес жүргізген кездерінде Кенесарының бейбіт рулардың ауылдарына шапқыншылығы жұрттың жанына қатты батқанды. Мысалы, Кенесары көтерліске қосылудан бас тартқаны үшін Жаппас руының ауылдарын үш рет-1843, 1844, 1845 жылдары аяусыз талқандады. Кейде Кенесары ауыл тұрғындары көтерліске іш тартатынын, ал көтеріліске қосылмау себебі бұдан өздерін сүліктей сорған қанаушы феодалдық-рулық басшы топ жібермей отырғанын ескерместен билеуші сұлтандардың қарамағындағы ауылдарға шабуыл жасады. Осы феодалдық-патриархалдық басшы топқа тап беріп, талқанын шығарудың орнына, Кенесары ақ-қарасын ажыратып жатпай, анасын да, мынасын да жаппай ойрандап, қарапайым ауыл адамдарының ашу-ызасын туғызып, кек сақтатты, сөйтіп көтеріліс жауларының санын көбейтті.

Соның бірі, Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасы Жаппас руының тармақтарына байланысты осыны айтуға болады. Тарихшы Хамит Мадановтың «Кіші жүздің шежіресі» еңбегінде, төмендегідей деректер келтірілген: «...Алтыбай Көбеков-Жаппас руының биі болған. Оны інісімен бірге Кенесары үш түйе қамыс, үш түйе сексеуілдің астына салып «Еліңді маған бағындырмайсың...» деп өртеп жіберген. Оның кегін қуған Жанғабыл батыр Торғай маңында Кенесарының 90 адамын өлтіріп, бас терісін Қоқан хандығына тартқаны айтылады...

Сонымен бірге, Е.Бекмахановтың еңбегінде Наурызбайдың қасындағы жасауылдардың санына байланысты да екі түрлі мәлімет кездеседі. Біздің ойымызша, бұл жерде осы еңбекті қайтадан басып шығарушылардың тарапынан жіберілген қателік болу керек деген ой келеді. «Жаппас руынан зекет жинау кезінде Наурызбай бастаған 200 жігіттің /100 жігіт/ болуы керек, ішінде, оның жеке адьютанты Николай Губин деген де болыпты. Жаппас руының адамдары қастандық жасағанда Губин Наурызбаймен бірге қоста еді, алайда атына мінуге үлгермей тұтқынға түсіп қалады. Жаппас руының билеушілері оны кейіннен Орынбор Шекара өкіметіне табыстайды.

«Жасауыл» деген сөздің мағынасы туралы не білеміз? «Жасауыл»- Ортағасырлық түркі мемлекеттеріндегі әскербасының қасындағы шабарманы.Ол жорық кезінде әскерді қару-жарақпен, азық-түлікпен, мініс аттарымен қамтамасыз ету, тексеру, бақылау істерімен шұғылданған... Осы анықтамаға қарағанда, Кенесары көтерілісіндегі Наурызбайдың жанындағы 100 жасауылының атқарар қызметі белгілі болды.

Халық ақыны Нұрқан Ахметбековтің «Қарауыл қырған» поэмасында Жанғабыл батыр Кенесарының 90 адамын өлтіріп, бас терісін Қоқан хандығына тартқаны айтылады...Осы жерде «Жасауыл қырған» деп тақырыпты қоюдағы біздің мақсатымыздың өзі де, тікелей жаппас руының тарихындағы ақтаңдақ беттердің біріне дұрыс бағасын беру болып табылады.

Ахмет Байтұрсынов өз еңбегінде мынадай жолдарды келтіреді:

«... Хан Кене зекет алады көшкен елден.

Жатпайды ханың текке.

Жолыққан жортуылшы шығар шетке.

Семізін келген малдың сойып жеген.

Олжада жетім-жесір малдан артық:

келеді халқы олардың тарту тартып.

Халыққа Кене жатыр қорқу салып.

Төңіректе ел қалмады бағынбаған.

Бақыты Кене ханның қабындаған.

Бұл күнде күшті болып тұр Кенесары.

Кенеге бағынған ел қойдан жуас.

Қыстауға Жыланшыққа мекен салдық.

Биыл қыс қатты болды, жұтап қалдық.

Жаппаста Жілгелдінің баласы Бай.

Айдарға мал, артарға атаны сай...

Осы жерде, біздің ойымызша 1890 жылы Ор өзенінің бойында Жаппас руынан шыққан Кеншімбай Қабанұлы мен Жағалбайлы руынан шыққан Ақсұлу Орысбайқызы арасында өткен айтыстан үзінді келтіріп отырған секілді. Екеуі үлкен бір тойда кездесіп айтысады.

Ақсұлудың сөйлер сөзге еркін, тапқыр да алғыр ақын екенін білген Кеншімбай жұрттан алдын-ала сұрастырып, қыздың күйеуінің тым жастығын бетке басып жеңеді. Айтыс қалыпты ру айтысы болып басталса да, дами келе үлкен әлеуметтік мәні бар мәселелерді көтереді, ел ішіндегі кейбір әділетсіздік жайы сөз болады. Айтыс әлеуметтік мәнінің өткірлігімен қатар, көркемдік сөз кестесі жағынан да бағалы. Айтыс кезінде Жаппастан шыққан тарихи тұлғалардың есімдері аталады, олардың ел-жұртына жасаған қызметі мен еңбегі айтылады. Олар: Қаракөз Жансарыұлы (Қаракөз би, көсем, ру басы болған. 17- ғасыр басында Сыр бойында дүниеге келіп, 17-ғасырдың соңында Ангрен төңірегінде қайтыс болған ). Мырқы Жарасбайұлы, Жүсіпбек Басығарин, т.б. атап кетуге болады...

Ахмет Байтұрсынов еңбегінің құндылығы сонда, бұл жерде ел аузынан жиналған, көзімен көрген және естіген, өзі тікелей араласқан оқиғалар төңірегіндегі мәселелерге тоқталады. Сол себепті, оларды ешбір өзгеріссіз келтіре кеткенді жөн көріп отырмын: «...Бір жылдары Кенесары Қасымұлы Қошалақ деген жерде, арғындардың жайлауында қоныс теуіп, інісі Наурызбай және өзінің ордасын тігеді. Жылқыларын семіртіп, қасында 100 шақты төлеңгіт жігіттері болады. Кенесарының жігіттері жортуылға шығып, төңіректі бақылап жүреді.Үш жігіт келе жатып, далада тұсаулы тұрған торы атты көреді, оның жанында желтоқым ер жатады. Одан әрі, Жаппас руынан шыққан бір жігіт ұйқы құшағында, ешбір қауыпты сезбей ұйықтап жатады. Кенесарының үш жігіті әй-шайға қарамай ұйықтап жатқан жігітті байлап алады да, оның торы атын жетекке алып Кенесарыға алып келеді. Бұл кезде, Қарасай деген жерде Жаппас руының Жілкелді аталығының 100 қаралы үйі жайлауда отырады. Жаппастардың жайлауында жылқы, түйе, сиыр, т.б.өте көп болады.Ортада қатар тігілген үш ақ орда. Үй сайын байлаулы ат, қара найза. Бұл Жаппас руының Өтетілеу деген биінің ауылы болуы керек.

Ахмет Байтұрсынов еңбегінде: «Сәске түсте киіз үй іші салқын. Салқын қымыз қыздырар қазақ халқын. Сыйлы-сыйлы Кененің жігіттері жиылысқан, Ордаға ердің бәрі. Хан атасы төрде отыр - Өтетілеу, босағада топталған нөкерлері. Осы жерде Кенесарының үш жігіті (төленгіті деген дұрыс болар) торы ат пен тұтқындағы жігітті алып келеді. Жаппас руының жігіті де батыр, бірбеткей, ержүрек жігіт болуы керек. Оны Кенесары хан екеуінің арасындағы сұхбатынан байқауға болады: Айтады сонда тұтқын: Алдияр, хан! Қорқады қаһарыңнан неше мың жан. «Ерлікпен мені байлап алдым деген, тақсыр-ау, жігітіңнің сөзі жалған. Мен, тақсыр, ұйықтаймын деп қапыл қалдым. Үшеуің хандарыңа өтірік айтпа. Жерімде ұйықтап жатқан байлап алдың. Қапы қалдым, атыма міне алмадым. Білекке қылышымды іле алмадым. Тақсыр-ау, астымдағы атым жүйрік еді желден озған. Жарыста озушы едім қалың елден.

Сол кезде, Кенесары хан былай дейді: Мақтаған тұтқын жігіт осы ма атың? Әлгі желден жүйрік асыл затың? Мәстекті тайыншадан оза алмайтын, жібермес жүйрік десең ердің датын. Тұтқын жігіт: Жүйрік жоқ алты алашта торы атымдай. Баяғы қолда ықтияр тұрған күнде, атыма алмаушы едім екі жүз тай. Не пайда?! Торы атыммен қаша алмаймын. Елестен белден белге аса алмаймын. Осыдан кейін, Кенесары хан үн-түнсіз қалады да, қол астындағы төлеңгіттеріне мынадай бұйрық береді. Халыққа хан жарлығы шашылады. Аты жүйрік талапкерлер қусын дейді. Мен тұтқын жігітті қашырамын. Егер торы аты өзі айтқандай жүйрік болса, өз басына бостандығын алар. Ал, айтқан сөздері жалған болса, аты қуып жеткен талапкер найзаларын өткір қылып қайрап алып, жеткен жерде бір шаншып жоқ қылсын дейді.

Торы атқа тұтқын жігіт қамшы басады. Ілезде жауыр торы белден асты, қырық адам бір адамды қуып кетті. Шаңдағы шапқан аттың көкке шықты. Қуғыншылар кешке жақын қайтып келген, жүйрігін жауыр торы аттың айтып келген. Осы жерде, Жаппас руының батыр жігіті мен Кенесары хан арасындағы теке-тірестің соңы жүйрік атының күшіне сенген батыр жігіттің пайдасына шешіледі.

Ақын Қалижан Бекқожин-Кенесарыны, оның інісі Наурызбайды мадақтап, «Батыр Науан» поэмасын жазды. Бұл поэма 1941 жылы «Тарту» деген атпен жарық көрген жинақта басылып шықты. Қалижан ақынның сөзімен айтқанда, поэманың оқиғасы «Кененің кең пейіштей Сарыарқасында» басталады. Кене ханды батырлары ортаға алып, сары қымызды сапырып, қобыз тартып, думандатып жатады. Сол кезде Сыр жағасынан Жаппас руынан шыққан бір жігіт келеді. Бұл жігіт: «Ахмет деген төре орыс офицерімен бірлесіп елімізді шауып кетті. Сүйген қызымды тартып алды. «Еркін жайлап жатқан өміріміздің тыныштығын бұзды», - дегенді айтады. Мұны естігеннен кейін, Кене хан кек алып келіңдер деп батырларын жорыққа аттандырмақ болады. Қалижан ақын ол батырларды ашулы арыстанға, жолбарысқа, ақиық бүркітке, сұңқарға балайды. Жортуылға барған Наурызбай орыстарға достық сезім білдірген Ахметтің басын кеседі, орыс офицерінің қол-аяғын байлап тұтқынға алады. Қарсы келгендердің бәрін қырып жояды. Тұтқынды ауыр азапқа салып, ақыры Кенесарыға әкеп береді...

Кенесары көтерілісіне байланысты артында құнды дерек қалдырған Жүсіпбек Басығарин болды. Ол халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісіне де елеулі үлес қосқан. Нысанбай жыраудың өз аузынан «Кенесары-Наурызбайң жырын жазып алған. Бұл жырды 1924 жылы Мәскеу қаласындағы «Күншығыс» баспасында Н.Төреқұловтың алғы сөз жазуымен жарыққа шығарды. Бұл жерде, Жүсіпбек Басығаринның Сыр бойында (Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе аулында) дүниеге келген. Туған жылы туралы дерек жоқ, шамамен 19 ғасырдың 50-шы жылдары дүниеге келген. Себебі, Жүсіпбек Басығарин Кенесары көтерлісіне қатысты деректі Нысанбай ақыннан 1870 жылдары, яғни Нысанбай ақынның қайтыс боларынан бұрын жазып алды дегеннің өзінде, ол кезде 20 жастағы кезі болу керек деп ойлаймын. Жүсіпбек Басығарин 1920 жылы Ташкент қаласында қайтыс болған. Сонда шамамен 70 жасында қайтыс болған болып шығады.Жүсіпбек Басығарин «Кенесары және Наурызбай» дастанына байланысты өзі былай деп жазды: «Кенесары және Наурызбай» дастанын жөндедім, қажетті орамдарды ұтымды қолдандым».

...Жырдың Кенесарының жақтастары туралы айтылатын тұсына Ж.Басығарин өз жанынан мынадай қосымша енгізген:

-Өңкей бір қарақшылар- қанышерлер,

-Жылмаңдап, ұрыға ұқсап соңына ерді...

-Кенесары батыр еді,

-Халық ішінде ол жалғыз.

-Құлдары мен нөкерлері-

-Қағынған өңкей жалмауыз...т.б. деп келтіреді. Бұл жерде Ж.Басығаринның Кенесарының жеке өз басына байланысты «Батыр, халық ішінде жалғыз еді, т.б. теңеулері оның рөлін дұрыс түсініп, тарихи дұрыс бағасын берген деп ойлауға болады. Ал, Кенесарының төңірегіндегілердің іс-әрекеттері халық көңілінен шықпағаны жөнінде Е.Бекмаханов еңбегінде де ашып көрсетілген: «...Қызметін жеке мүддесіне пайдаланған билерді Кенесары дереу орнынан алып, олардың орнына халық сеніміне ие болған адамдарды қойған.

Кенесарыға барып қайытқан Қанжығалы болысының биі Ноғыр Таймасов өзінің жауабында былай деп хабарлайды: «Оның рұқсатынсыз жылқы айдап әкетіліпті, бірақ ол мұндай істі қолдамады және кінәлілерден айып алды, ал жоқ іздеп келген адамға 40 жылқысын қайтарды. Мынадай тағы бір оқиға болған. Кенесарының жасауылы Дүйсенбай бес жолдасымен Арғын руына барып, бізді Кенесары жіберді дейді де «таңдаулы аттармен, соның ішінде биелермен зекет төлесін» деген Кенесарының ауызша бұйрығын жеткізеді. Кенесарыдан келгені рас па, әлде өтірік пе, соны тексергенде Кенесарының ондай бұйрық бермегені анықталған. Осы жағдайды естіген Кенесары Сейілханды Арғын руына жіберіп, «Дүйсенбайдың талабы орынсыз екендігін, сол үшін Дүйсенбай мен оның жолдастары бастарына қылышпен ұрып жазаланатынын» жеткізуді тапсырды...

Міне, осы жерден көріп тұрғанымыздай, Жүсіпбек Басығарин да өз жинағында осы мәселелерді білген, дұрыс бағалап, ақиқатын жазып отыр деу керек секілді. Әсіресе, Жаппас руына байланысты жазылған «Жасауыл қырған» дастанындағы оқиғаның ақиқат шындығы өз мәресіне жеткен секілді. Оны Е.Бекмаханов өз еңбегінде дәлелдеп отыр деп қорытынды жасауға болады:

1.Кенесары ешқашан жаппастарды өзінің саяси дұшпаны санамаған. Жаппастармен арадағы жанжалды тоқтату мақсатында ол 1845 жылы өз өкілін Жаппас руына бітімге келу үшін келіссөз жасауға жібереді.

2.Арғын руының басшысы Шеген Мусиннен бұл «Жасауыл қырған» оқиғасында кімнің кінәлі екенін біліп беруді, яғни бұл жерде Наурызбайдың өзі кінәлі ме, әлде жаппастар кінәлі ме, сол туралы мәлімет жеткізіп беруді өтінеді.

3.Бұл жерде Кенесары Наурызбай бастаған жасауылдардың жаппас руынан кімнің бұйрығымен зекет жинауға барғанын түсінбей отырғаны байқалады, егер өзінің бұйрығымен барған болса, екі ортаға делдал болуды Арғын руының басшысы Шеген Мусиннен өтініп сұрамаған болар еді.

4.Осы жерде Наурызбай бастаған жасауылдар өз беттерімен барған болуы керек деген ой келеді. Себебі, жаппас руының ауылдары өлтірген 95 жасауылдың ішінде тек қана үш адамның өліміне-Байтабын, Қанай, тағы бір адамға құн төлеуді сұрайды. Олардың мінген аттары мен қындарындағы қылыштарын қайтаруды өтінеді. Онда ол Жаппас руына ешқандай кек сақтамай, біткен іске салауат дейміз дейді.

5. Бұл жерде Кенесары хан неліктен тек үш адамға ғана құн сұрайды? Ал, сонда қалған жасауылдардың өмірінің ешқандай сұрауы болмағаны ма? Оған қандай себеп бар? Әлде Кенесары хан үшін 92 жасауылдың өлімінің ешқандай орны жоқ па?

6.Бізге келіп жеткен аңыз-әңгімелерде: Наурызбай бастаған жасауылдар Жаппастардың ауылдарына шақырусыз келеді. Кенесарының атынан зекет жинауға келгендей болады. Бірақ олардың өз беттерімен келгендігін Кенесарының өзі де айтып тұр.

Наурызбайдың өзі кінәлі ме, әлде Жаппастар кінәлі ме? – деген сөздің өзі де көп нәрсенің басын ашып тұр ғой деп тұжырым жасауға болады. Жасауылдар ауылдағы көрікті қыз-келіндерге тиіскен соң, намысқа тырысқан жаппас руының жігіттері ауылдың беделді билерінің рұқсатымен Наурызбай батырдан басқаларын түгелдей бауыздап тастаған. Себебі, Наурызбайдың Кенесары ханның інісі болуымен бірге, Жаппас руының Кенесарының әкесі Қасым сұлтанмен құдалық жағы да бар. Қасым сұлтанның бірінші әйелі Қанттан (Алтын-Жаппас руының қызы) екі бала дүниеге келеді. Олар-Есенкелді, Саржан. Наурызбайға жаппас аулының тиіспеуінің бірден-бір себебін осыдан іздеу керек секілді.

7. Қорыта айтқанда, Жаппас руының ішінде Кенесары көтерілісіне қатысқан ауылдармен бірге, өздерінің қарындастары, қыздарының намыстары үшін қолына қару алып қарсылық көрсеткендері де болды. Жаппас руынан шыққан жекелеген тұлғалар Кенесары ұрпақтарына кейін де қол ұшын беріп көмектескендігі жөнінде деректер бар. Соның біреуі Жаппас руынан шыққан Аралбай деген сарбаздың ерлігі мұрағат қорында да сақталған.

Кенесары қозғалысына байланысты көптеген ақындар поэмалар, жырлар, дастандар, т.б.жазды. Ғалымдар, тарихшылар, жазушылар кітаптар шығарды. Олардың барлығын бірдей қамтып жазу мүмкін емес. Біздің қарастырып отырған тақырыбымызға байланысты, әркезде жарық көрген жазбаша және ауызша деректерге қысқаша шолу жасап,оған ғылыми талдау жасауға тырыстық. Оны одан әрі жалғастырып, зерттеп, ғылыми талдау жасап, шынайы бағасын беру келешек ұрпақтың құзырындағы мәселе деп ойлаймын.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Нұрқипов. Жасауыл Қырған. Қолжазба, 24-бет.

2. Қалижан Бекқожин. Батыр Науан, Алматы, 1941. 55 б.

3. Жүсіпбек Басығарин. Кенесары-Наурызбай, Москва, 1924 .47 б.

4.Хамит Маданов. Кіші жүздің шежіресі, Алматы, 1994 .95 б.

5. Е.Бекмаханов. Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, 1994 .53, 95, 181, 182, 194, 198, 364, 293-беттер.

6. Ахмет Байтұрсынов. Тіл тағлымы. Алматы, 1992. 289-290 бб.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Кенесары Қасымұлының інісі Наурызбайдың жасауылдары мен жаппас руының арасында 1844 ж. болған қақтығыс туралы тарихи декектердің тарихи дастандардағы көрінісі сипатталады.
РЕЗЮМЕ

В сатье рассказывается о событии 1844 г. произошедшее между родом жаппас Младшего жуза и дружиной Наурызбая Касымулы, брата Кенесары Касымулы.



ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СТАЛИНДІК САЯСИ ЗҰЛМАТТЫҢ АҚИҚАТЫ
Нұрқасова Ж.А. – оқытушы (Алматы қ., Қазмемқызпу)

1997 жылдың Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланғаны туралы шешім еліміз үшін де, халқымыз үшін де ауадай қажет еді. Ол жылы біз тоталитарлық биліктің өктемдігі тұсында қасірет шеккен халқымыздың бойына түскен зұламаттың бар ауыртпалығын жан жүрегімізбен сезіндік. Зердеміз жаңарып, санамыз сауықты, тарихи әділет үстемдік алды.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қазақ халқының адам шығыны да, мал шығыны да аз болған жоқ.. Большевиктердің түпкі мақсаты дүние жүзінде социализм орнату болған, бұл қоғамдық жүйе қазақ ауылына күштеп танылды. Қазақстандағы кеңес өкіметі мен социализмді орталықтан Ленин, кейіннен Сталин жіберген эмиссарлар орнатты. Азамат соғысы жылдарында қазақ шаруасын бірде ақтар келіп шауып кетсе, бірде келіп қызылдар қырғидай келіп тиді. Көп кешікпей 1921-22 жылдың ашаршылығы басталды. 1917-23 жылдардың аралығында Батыс Қазақстанда ғана халық саны 981 мың адамға кеміді.

Социалистік құрылыстың бастамасы осындай болды. Әрине кеңес дәуірі тек қасіреттің ғана емес, жетістіктердің де заманы болды. Большевиктердің Х съезінде ұсынылған «жаңа экономикалық саясат» қазақ халқының жағдайын біршама жақсартты. Алайда 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетіне Ф.И. Голощекиннің жауапты хатшы қызметіне жіберілуі, қазақ ауылына орасан зор қайғы-қасірет әкелді. «Кіші Қазан» саясаты қазақ халқын жаппай қырғынға ұшыратты. 1931-33 жылдары ауыл халқы 3млн.379 мыңға кеміді. 1 млн-нан астамы атажұрттан қоныс аударған босқын шаруалар еді. Мұндай сұмдыққа қазақтар «Ақтабан шұбырынды» жылдарында да ұшырамаған еді. ХХ ғасырда қазақ жері екі дүркін-20-жылдар басында және 30 жылдар басында ашаршылықты бастан өткерді. Ақиқатқа жүгінсек, аштықтың төркінінде Лениннің, Сталиннің, Голощекиннің және олардың партиялас серіктерінің халыққа қарсы бағытталған саясаты жатыр. 30-шы жылдардағы ашаршылық жан түршігерлік болды. Осы кезеңде қазақтың 2 млн-ға аса адам қырылып, аман қалғаны бас сауғалап тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды.

Сталиншіл кеңестік құрылыс қазақ даласынан «достар» емес, «жаулар» іздеді. Алғашқы жаулар алашордашылар мен «ұлтшылдар» дейтіндер болды. Алаш қозғалысын қаралау бағыты 1925 жылы басталды. Осы жылдың мамыр айында И.Сталин Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік «Ақжол» газетінің ұстанған саяси бағытын айыптап арнайы хат жолдады.Газеттегі мақалалардың шетелде эмиграцияда жүрген М.Шоқаевпен «үндес» және пікірлес екенін, осындай көзқарастағы партияда жоқ интеллигенция өкілдерін жастарды тәрбиелеуге жібермей, негізінен оқу құралдарын жазу тәрізді жұмыстарда ғана пайдалану қажеттігін ескертті. Осы көзқарасты нақтылай түскен Ф.Голощекиннің өзі болды.1926 жылғы Бүкілқазақтық партия конференциясында ол былай деген: «Біз ақпан революциясына дейін және одан кейін де басында А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов және М. Дулатов сияқты ұлтшыл қазақ интеллигенциясы тұрған ұлттық қозғалысты қалай бағалауымыз керек? Сондай-ақ бұл топқа партияның көзқарасы қандай болмақ?...Түсінікті ғой, жолдастар, ақпан революциясына дейінгі буржуазиялық-азаттық қозғалысы объективті революцияшыл болды, ал қазір реакцияшыл, тіптен, контрреволюцияшыл. Бар жауап осы.»/1/ Осындай көзқарас Қазақстанның тарих ғылымында 90-шы жылдарға дейін үстем болды.

Қуғындауға ұшыраған «алғашқы толқынның» құрбандары: Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің көсемі, бір басында сан түрлі ғылым тоғысқан, тарихшы, экономист, географ, І, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, бар ғұмырын ұлтының болашақ бақыты үшін жан алмай күрескен тұлға Әлихан Бөкейханов, ғұлама ғалым, көрнекті ақын, жалынды публицист,қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы түркітанушы,этнограф, ағартушы-ұстаз Ахмет Байтұрсынов, белгілі қазақ жазушысы, «Айқап» журналының редакторы Мұхаметжан Сералин (сталиндік қырғынға алғашқылардың бірі болып 1929 жылы ілінді), тұңғыш қазақ романы «Бақытсыз Жамал», саяси памфлет «Оян қазақ» шығармаларының авторы еркін ойлы Міржақып Дулатов( кеңестік дәуірде бірінші рет 1922 жылы, содан кейін 1928 жылы тұтқындалады. Өлім жазасы 10 жылға абақтыға қамау жазасымен алмастырылады. 1935 жылы лагерьде ауыр науқастан қайтыс болады), қазақтың тұңғыш инженері, тарихшы ғалым Мұхамеджан Тынышпаев, тамаша ақын, ел тәуелсіздігінің жыршысы М.Жумабаев, ақын, прозашы, драматург аудармашы Жүсіпбек Аймауытов. Сталиндік репресияның келесі толқыны Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуы туралы өзіндік көзқарасы бар С.Садуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров және т.б. қарсы бағытталды.Қызыл қырғынға ұшыраған қазақ зиялыларының жанұяларының тағдыры жантүршігерлік. Т.Рысқұловтың жалғыз ұлы Ескендір Мурманск лагеріне жөнелтіліп, сол жерде апат болды. С.Сейфуллиннің ұлы Али ( екі жарым жаста еді) поездың ыстық-суығына төзбей, колонияға жетпей үзіліп ол кетті. Неліктен әкелерімен бірге балалары да кінәлі? И.Сталиннің: « Әкесі үшін балалары жауап бермейді» дегені қайда? Зобалаңға ұшырағандардың әйелдері Ақмоладағы лагерьге айдалды. “Халық жауларының” отбасылары ХХ съезге дейін үрей мен қорқыныштың арасында өмір сүрді./2/

1935-1938 ж. аралығындағы И.Сталин бастаған топтың өзінің халқына қарсы жасаған аса ауқымды қылмысын шетелдік тарихшы Р.Конквест «үлкен террор» деп атаса, М.Геллердің ойынша бұл қырғын өзінің көлемі жөнінен 1930-1934 ж. шаруаларға қарсы геноцид көлемінен төмен екендігін ескеріп, «кәдімгі террор» деп сипаттады. Мәліметтерге қарағанда 1937-1938 ж. 12 миллионға жуық адам қамауға алынды, 1 миллионға тарта адам атылып, тұтқында 2 милллион адам өлген. Қазақстанда 100 мыңға жуық адам репрессияға ұшырады. Қазақстанда сталиндік репрессиялар маңдай алды азаматтармен шектелген жоқ. Бұл жылдар бүкіл халыққа ауыр соққы болып тиді./3/

1928-1929 ж. қазақ байларын тәркілеп, жер аударғанда, көп жағдайда кінәсіз адамдарға «ұлтшыл», «кеңес үкіметіне қастандық ұйымдастырды» деген жалған айыптар тағылды. Сталиндік зұламат біздің отбасымызға үлкен қайғы-қасірет әкелді. Жанұямыздың өткен тарихына көз салып, қуанышы мен қасіреті аралас өмір парақтарын ақтарсақ, атамыз Батырбаев Нұрқастың тағдыры да, орны да ерекше.Оның өмірі біздің әулет үшін қастерлі. Оқыған, сауатты азамат 1920-30 жылдары әкімшілік, кеңес орындарында әр түрлі қызмет атқарып жүреді. 1931 жылы «ірі бай (ағаш үйі мен оншақты жылқысы болған) кедей шаруаларды кеңшарларға кіруге қарсы үгіттеді» деген жалған айып тағылып, 10 жылға сотталды. Туыстары жер аударылды, інісі, әйелі, баласы түрмеге қамалды. Атамыз төрт жылдан кейін түрмеден босап, Хабаровскідегі 1800 адамы бар колонияны басқарып, 1942 жылы өзі басқарған колониядан жүздеген азаматтарды іріктеп алып, Сібір дивизияларының құрамында соғысқа аттанып, 1943 ж. соғыс майданында қаза тапты.Сөйтіп кезінде байларды зорлап құртып едік, енді сол байларды қайта жасаймыз деп тырысудамыз.

Қуғын-сүргін науқаны соғыс кезінде де толастаған жоқ. 1938 жылы Қазақстанға Қиыр Шығыс өлкесінен 100 мыңға жуық «жапон шпиондары» корейлер жер аударылды. Ұлы Отан соғысы басталғанда 2 млн. неміс халқы аударылды. 1943-44 жылдары Солтүстік Кавказ бен Қырым халықтары жер аударылды. «Арнайы қоныстанушылар» деген саяси айдарды иемденген, туған атамекенінен зорлап қоныс аударылғандардың жалпы саны 1 млн-ға жуық еді. Тек ХХ партия съезіндегі шешімінен кейін ғана бұл халықтар біртіндеп отандарына оралу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстанға қоныс ауып келу қалай ауыр болған болса, атамекенге оралу да сондай қасіретті болды./4/

1948-1953 жылдары Қазақстанда және Кеңес Одағында қуғын-сүргіннің үшінші толқыны басталады. Негізгі соққы әдеттегідей зиялы қауымға қарсы бағытталды. Науқанның бастамасы ақын А.А.Ахматованың және М.М.Зощенконың шығармаларын қаралайтын және баспа беттерінде жариялауға тыйым салатын БК(б)П ОК “Звезда”,”Ленинград” журналдары туралы қаулысы(1946) болды. Осы мәселеге байланысты А.А.Ждановтың Ленинград партия активінің жиналысында сөйлеген сөзі интеллигенцияны қуғындауға жол ашты. Буржуазияшыл-ұлтшылдыққа айыптау науқаны, Қазақстан Компартиясы ОК 1947жылғы ”Қазақ ССР Ғылым Академиясыныњ Тіл жєне әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы” қаулысынан соң кең өрістеді. Онда Базар, Мұрат, Шортанбай, С.Торайғыров тәрізді Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ әдебиетінің өкілдерінің мұралары буржуазиялық-ұлтшылдық, феодалдық-реакциялық сарындағы шығармалар ретінде сипатталды. Халық ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын зерттеуші ғалымдар қуғындала бастады.1948 жылы “Қазақ әдебиеті тарихының” 1-ші томы жарияланды. Оның бір бөлімін жазған Қ.Жұмалиевтің: ”Қобыланды батыр” патриотизмге, халықты сүюге шақыратын шығарма”, - деп пікір айтуы оны буржуазиялық-ұлтшылдар қатарына қосуға негіз болды. Ал, Ә.Марғұлан болса өзінің докторлық диссертациясында “монғол басқыншылығы кезіндегі эпикалық поэмалардың реакциялық мәнін дәріптеуші” ретінде айыпталды. Республика партия ұйымының басшысы Ж.Шаяхметовтың 1951 жылы жасалған баяндамасынан кейін белді азаматардың көпшілігі сынға алына бастады. Олардың қатарында М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, А.Жұбанов болды. Композитор А.Жұбановтың кемел шығармаларын республика басшылығы түкке тұрмайтын, буржуазияшыл-ұлтшыл бағытта жазылған туындылар қатарына жатқызды./5/ Қазақ зиялы қауымын қуғындауда Кенесары Касымұлының көтерілісі төңірегіндегі айтыстар үлкен роль атқарды. Тарихшы Е.Бекмахановқа 1947 ж. жарық көрген “Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында” деген монографиялық еңбегі үшін тарихты бұрмалаушы деген айып тағылып, 1952 жылы 25 жылға сотталды. Саяси қайшылыққа толы, қиын-қыстау кезеңде тарих шындығы үшін күрескен Е.Бекмахановтың ең басты ерлігі қазақтың соңғы ханы-Кенесары Қасымұлының ерен тұлғасын туған халқына шынайы танытуы дер едік.Осы орайда, тарихшы К.Нұрпейісовтың мынадай сөзін келтіруге болады:”Алғашқы кәсіби тарихшы-ғалымдардың бірі Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы тақырыбының көп қырлылығымен, мєселелерді кеңінен қамтуымен жєне шешуімен ерекшеленеді, оларды зерттеу жєне бағалау-болашаќтың міндеті” /6/.

Қ.И.Сәтбаев ғалымдарға бағытталған соққыны әлсіретуге тырысты Ал мұның салдары да ауыр болды. Ол 1952-55 жылдары өзі ұйымдастырған және алғашқы президенті болған Ғылым академиясының басшысы жұмысынан айрылды. Оған тағылған кінә-ғылыми қызметкерлер жетекшісі ретінде төралқа алдында есеп бермейді, ғылым мен өндірістің байланысын әлсіретіп жіберді, кадрлар таңдаудың сталиндік принципін бұзды. Ғұлама ғалым М.Әуезов секілді Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды.

Соғыстан кейінгі интеллигенцияға қарсы қуғындау қоғамда ауыр із қалдырды. Түрмеге қамау, жер аудару, партия қатарынан және қызметтен босату сияқты жазалаулар қазақ интеллигенциясын жалтақ, жасқаншақ, тіптен екіжүзді етіп қалыптастуына әсер етті. Осылайша саяси жүйе ұлттық интеллигенцияны рухани тұрғыдан тоздырып жіберуге негіз қалап берді.

Қорыта келгенде, біздің тарихымызда қателіктер мен қиындықтар аз болған жоқ. ХХ ғасыр тарихы осыны дәлелдейді. Кеңестік дәуірдің оқиғалары-адамгершіліктен аттап, мыңдаған жандардың қаны мен көз жасын көл қылып төге отырып, бақытты болудың мүмкін емес екендігіне көз жеткізді. Зиялы қауымның тағдыры сталиндік зұламаттың енді қайталанбауын, бүгінгі ұрпаққа, болашақ ұрпақтарға ең басты аманат етіп тапсырады. Тарихтың сабақтарын біз ұмытпауымыз керек.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Омарбеков Т. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері.А., 2001.24 б.

2.Омарбеков Т. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері.А.,2001.35 б.

3.Григорьев В.К. Относительно характера и форм исторического процесса в Казахстане в 20-30-е годы.// История Казахстана: белые пятна.-А., 1991.218б.

4.Ким Г. Советские корейцы. 1937-1940 гг.// История Казахстана: белые пятна.-А., 1991.275 б.

5. Омарбеков Т. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері.-А., 2001.313 б.

6.Нурпейсов К.Н. История одного дела.// История Казахстана: белые пятна.-А., 1991.36 б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Қазақстандағы сталиндік саяси террордың негізгі кезеңдері қарастырылған.

РЕЗЮМЕ


В статье рассматриваются основные периоды сталинского политического террора в Казахстане.

ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ ЖӘНЕ ҮЛКЕН CАЯСАТ
Сәтбай Д.Я.- т.ғ. к., доцент (Қызылорда қ., Қорқыт Ата атын.ҚМУ)
1963 жылы О.Сүлейменов «Лирикада саясаттың болат серіппелері жасырылған. ХХ ғасырдың тенденциясы сонда кездейсоқ па, әлде қажеттіліктен бе ,поэзия жердегі саясатты шешуші болады»/1/,- деген ой тамызығында жастық максимализм мен албырттық лебі сезіліп тұрғанымен, бұл кеңес тарихындағы зиялылардың келесі ұрпағы тудырған рухани құбылыс «60-жылдықтардың» Қазақстандық өкілінің өз ұстанымына деген сенімін білдіреді. Нақ осы «60-жылдықтар» кеңес елінің саяси тарихындағы «қайта құру» дәуірін даярлады. Алайда, араға жарты ғасыр салып (1999ж) О.Сүлейменов «Менің жаным қаламайтын нәрсені істеуге бұл фәниде әлі ешкім мәжбүр ете алған жоқ. Иә, мен саяси шайқастар үшін туған жоқ тәріздімін.Евразиялық ретінде мені әлемдік мәселелер толғандырады»/2/ десе, ертеректе жазылған поэмаларының бірінде «Мен сағат сайын өзіме қайшы келемін»/3/ деп ағынан жарылады. Соған қарамастан Олжастың «өз ісімен айналыспайтындығы» туралы қоғамдық пікірдегі өкпе -наз бен, МХК мен СОКП анналдарындағы арыз шағымдарда есеп жоқ.

«Тарихшы емес – тарихпен, саясаткер емес-саясатпен, экономист емес- экономикамен айналысады» Алайда, өкпе-наз айтатын адам да пенде «саясатпен сен айналыспасаң- саясат сенімен айналысады» дейтін алтын қағиданы ұмытады. «Не нәрсемен айналыссам да, мен, ең бірінші кезекте ақынмын. Бұл кәсіп- мамандық емес, бұл ұятың мен жан дүниеңнің жағдайы. Мені таразыдағы тепе теңдік «ауытқыған» жерлерге тартып отырады. Азия мен Африканың және біздің кешегі бауырлас елдеріміздің барлығы дерлік ыстық нүктелерінде болдым. Осы бір өзім тұшынған және бүкіл болмысыммен ұғынған тәжірибелерімді біздің жарылыс қаупі бар үйімізде от, тіпті «бостандық шырағы» болса да тұтанып кетпес үшін қолдануға тырысамын. Осы нәрсе менің саясатпен айналысуыма мәжбүр болып отырғанымда түсіндірсе керек»/4/ дейді О.Сүлейменов 90-жылдардың басында. «Кейде тарихи жағдай сенің мінез желіңді белгілейді. Саясатта ақындар болмаса, оны тек полковниктер жасаған болар еді» /5/.

ХХ ғасырдың 60- жылдарынан Қазакстанның қоғамдық саяси өмірінде аса маңызды рөль атқарған Д.Қонаев пен О.Сүлейменовтің қарым-қатынасы қазіргі билік пен зиялылар үшін үлкен тағылым мектебі. Бұрыннан бірін-бірі сырттай білетін екі қайраткер 1962 жылдың жайма-шуақ күні Алматы көшелерінде кездейсоқ кездесіп, Д.Қонаевтың ықылас білдіруімен жұмыс бөлмесіне барып жақын біліседі. Кездесу соңында Д.Қонаевтың «қандай өтінішің бар» деген сұрағына, айта беретін пәтер мәселесі көкейінде тұрса да, Олжас үндемей қалады. Республика басшысының бұл ықыласы жас ақынға үлкен құрмет еді. Алайда Олжас та «қарыз болып» қалмайды. Осы жылдың 16-желтоқсан күні Д.Қонаев орнынан алынып, И.Юсупов тағайындалғанда, биік мінбеден ресми түрде қарсылық білдірген О.Сүлейменов қана болады».

Таныстығымыздың барлық жылдарында бірде бір рет мен өзіме пәтер де, қызмет те, орден де, лауреаттықты да сұраған емеспін»-дейді Олжас. Бұлардың барлығы маған өзінен өзі келді. Мүмкін бірінші басшы бұған араласқан шығар, бірақ менің өтінішімсіз. Ал басқалар үшін сұрадым. Тек қана жазушылар үшін 300 пәтер алып бердім.Жазушылар одағына жылына екі үш пәтер бөлінеді. Лимитіміз қаңтар айында-ақ таусылады. Жылдың ортасында мен З.Нұрқаділовке (қала әкімі Д.С) «Пәленше деген жазушыға біздің «Мифтік лимитімізден» екі бөлмелі үй беріңіз» деп өтініш жазамын. Оған бұл анықтама қатты ұнап, мүмкіндіктер табатын» /6/. Д.Қонаев Олжасты іш тартып жоғарғы лауазымдарға тағайындағысы келген адам, бірақ өз халқының алдындағы бағдарламасына адал Олжас тектілік танытып, одан бас тарта білген. Д.Қонаевтың бұл ниеті республика имиджінен туындаған болуы мүмкін. Ақынның алдында екі айрық таңдау үнемі тұрды: бірі жеңіл табысқа жетелеген пендешілік, мансап жолы, екіншісі халық тарихының жүгін арқалаған қоғамдық жол-ғылым жолы.

1981-жылы ақын жауапкершілікті сезіне отырып, былай деп есіне алады. «Менің алдымда да өте айқын, атылған оқтай түп-түзу ақындық мансап қылаң берді: қазіргі заман тақырыбы, көкейтесті бүгінгі күн, мыңдаған аудиториялар, телевидение, радио және көп тиражды кітаптар т.б. Бірақ маған тоқтау болған жүрісін саябырсытқан менің арғымақтарым болды. Эстрада тартымды, бірақ ол жазушы үшін қауіпті де. Ол асығып үсігуге мәжбүрлеп, ойлау қабылетіңнен бір жолата айыруы мүмкін. Мен, ақын әкелеріміз бен аталарымыздың қолынан келмеген, олар атқара алмаған немесе атқарып үлгірмеген істері төңірегінде ойлануды өзімнің парызым деп сезіндім. Қазір артқа тастаған 20 жылыма қарай отырып, өзімді Пегас тұлпарға мініп ойқастаған салт аттыдан гөрі,тарихтың авгий атқораларындағы малшыдай көрінемін. Менің өз тамырымды өзім табуға тура келді, Өйткені тамырсыз ағаш, бұтағы мен жемісі жоқ бағана ғана. Сол сияқты халықта адамзат бау бақшасындағы алмадай. Меніңше бұл қазақ жазушысының өз орнын тауып орнығуының мүмкін боларлық жалғыз ғана формасы – халықтың санасын орнықтыра отырып, өзің де орнық»./7/

Дегенмен Д.Қонаевтың 1980-жылы бір рет қана О.Сүлейменовті жоғарғы қызметке көңдіруінің сәті түсті. Онда да шығармашылықпен байланысты-Қазақстан Кинематографистер Одағының хатшылығы қызметі. 1984-жылдың көктемінде Республика жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы Соттар Имашев кенеттен қайтыс болып, оның орнына Д.Қонаев О.Сүлейменовті қойғысы келеді, бірақ бұл жолы көндіре алмайды. «Мен келісімімді берсем, менің өмірлік бағдарламама түпкілікті жер ошақтың қазылатынын түсіндім. Сөйтіп батыл түрде бас тарттым»,- дейді О.Сүлейменов.-Бірнеше аптадан кейін Байкен Әшімұлы Президиум төрағасы болды да, оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев келді»./8/

Алайда О.Сүлейменовті республика басшысының осыншалықты іш тартуын, оның биік беделін, ой еркіндігін асау мінезін идеология хатшылары көтермейтін. Олар В.И.Ленинің 100 жылдығына орай поэма жазуды талап етсе. Олжас «Вавилония жезөкшесі» туралы кітап жазды. «Көсемдер» Казакстандағы қой санын 50 млн-ға жеткізу туралы тақырыбын да белгілеп «50.000 000»-поэма жаз десе, ол «Қойлар неге жүдейді?» деген публицистикалық мақала жазды Жоғарғы жақ қазақ жастарын ауылда қалуға шақырса, Олжас- қалаға шақырды. «Кішкентай ұлылармен» санаспаушылықтың ақыры З.Камалиденов пен О.Сүлейменовтің теке тіресуіне алып келді.

Тағдырдың тәлкегімен 1986-жылдың 16-желтоқсанында Д.Қонаев екінші рет орнынан алынды. КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының 1-орынбасары Ф.Д.Бобков «МХК және билік» деген кітабында: «Камалиденовтің басты кемшілігі, Орталық комитеттің қолдауына ие болғаннан кейін дөрекі қателіктерге жол берді.Оның кейбір сөздері қазақтардың ұлттық сезіміне тимей қоймады. Осның негізінде ол қазақ зиялыларымен, тіпті О.Сүлейменов сияқты лайықты адам, даңқты ақынмен ұрысты. Мен МХК-да бірге қызмет атқарып жүрген уақытта бұл туралы Камилиденовке бірнеше рет айттымда. Зақаш өз халқының алдында беделінен айырылмасын деп, қателіктерден сақтандырып түзеп жібергіміз келді. Бірақ ол өзінің интернационалистік сөздері құлақтарына майдай жағатындарды ғана тыңдаумен болды. Мына бір нәрсе есімде қалыпты: әлдекім тәртіпсіздіктердің ең негізгі бастаушысы деп атақты қазақ ақыны О.Сүлейменовті табандылықпен қайталаумен болды Шынында да тобыр оның митингіде сөйлеуін талап етті. Осы кезде мен қазақ жолдастардан Сүлейменов қайда деп едім, Камалиденов «Оны таппадық, қаладан кетіп қалыпты» деп жауап берді. Кейінірек мен Сүлейменовтің бұл күндері қалада болғанын, азаматтардың алдында сөйлегісі келгенін, бірақ оған мүмкіндік бермегенін білдім»/9/, -деп жазады.

Кеңестік жүйе екі тұлға Қонаев пен Сүлейменов жұбының қазақтардың қорланған ұлттық сана сезімінің оянуындағы орнын инстинктивті түрде сезді, бірақ олардың «қылмыстарына» дәлел таппай аңтарылды. Жаңа билеуші Г.В.Колбинде келген бойда биік тұрғыдан көріне алмай жатты. Белгілі қаламгер Г.Толмачев: «Геннадий Васильевич күндіз (30 желтоқсан күні) Жазушылары Одағында Олжаспен кездеседі, қатты құшақтасып көріседі де қалың еріндерімен бірнеше рет сүйеді, ал кешке қарай өзінің кеңесшілерімен О.Сүлейменовті тұтқындаймыз ба, әлде артын күтейік пе деген дилемманы шешумен болды»/10/.

О.Сүлейменов те Г.Колбинге есесін жіберген жоқ: «1987 жылы Казакстан Компартиясы Орталық Комитетінің Наурыз Пленумында «Қонаевтың жеке басына табынушылықты» сынау басталды. Тұтқындау үшін негіздеме қажет болды. Пленум материалдары ертеңіне газеттерде жарияланды. Менікінен басқаларының барлығының сөздері жарияланды. Трибунаға шыққан кезде лық толы залдың ортасында жалғыз өзі отырған Д.Конаевқа көзім түсті… Оның жанындағы орындардың барлығы бос болды. Алдында да, артында да, оң жағында да, сол жағында да ешкім жоқ. Мен «жолдастар орталық комитет мүшелері, сіздерге не болған?-деп сұрадым. Бұрын сіздің әрқайссыңыз Димекеңе жақындауды, амандасуды, онымен бірге суретке түсуді абырой санайтын едіңіздер ғой, ал енді неге жалт бұрылдыңыздар. Сіздер ол кісіден қателестіңіздер ме? Әлде ол сіздерден қателескен бе? Сіздер Конаевтың жеке басына табынушылық туралы айттыңыздар. «Жеке адамға табынушылық»- қатардағы қарапайым партия мүшелерінің өздерінің аса көрнекті жолдастарын жазалаған тікенекті сымдарды, дөрекі сот процесстерін еске түсіреді…Бұл Пленумды мерейтойлық деп атауға болады. Біз 37-жылдың 50 жылдығын тойлап отырмыз. Бұл жылдары біздің санамызда не өзгерді? Маған Мәскеуден, Болгариядан достарым телефон шалып Г.Колбин жолдастың жеке басы жайлы білгісі келді. Мен, ол Қазакстанға жергілікті жағдайды білмей келген идеалист деп жауап бердім»/11/.

Бұл пленумға Г.Колбин қатысып отырған еді. Жағдай ушыға түсті. Биресми кездесулерден бөлек 1986 жылдың желтоқсаны 1987 жылдың наурызында Г.Колбин үш рет О.Сүлейменовті жеке қабылдады, арада мәмілегерлікте,өзара қайшылықты қошаметті сөздерде болды.О.Сүлейменов 1989-жылы 28-ақпанда Қазакстан басшылығынан Г.В.Колбин кетпей тұрып, Одақта бірінші болып қоғамдық ұйым антиядролық «Невада-Семей» қозғалысын құрды.1986-жылдың желтоқсанында жігері құм болған ұлттық рухтың еңсесі қайта көтерілді. 1986-1989 жылдары қоғамдық саяси белсенділіктен Қазақстан Одақта алдыңғы қатардан көрінді. Қозғалыс халықаралық резонанс туғызды. Хиросима қаласындағы музейге оның суреті ілінді. АҚШ президенті үлкен Дж.Буш бұрынғы кеңес республикасындағы антиядролық қозғалысқа түсіністікпен қарап,Невада штатындағы ядролық сынақтар жүргізуді тоқтатты. Бұл оңайға түскен жоқ, өйткені штат тұрғындары әрбір жарылыс сайын өтемақы (компенсация) алатын,Олар керісінше сынақтардың жалғасы беруіне мүдделі еді. Ал үлкен Дж.Буш болашақ категорияларымен ойлай білді.

1989-жылы Олжастың Кеңес Одағының тарайтынына көзі жетеді.1990-жылдың 25-ақпанында М.Горбачев пен Саяси Бюро мүшелерінің біразына КСРО-ны Европалық қауымдастық үлгісінде Евразиялық Одаққа айналдыруды, сөйтіп жаңа тұрпатты конфедерация құруды ұсынады.

Олжастың логикасы бойынша әлемде, Европа елдерінде бірігу тенденциясы байқалуда, ал КСРО ыдырауда.Қоғам дамуының әлемдік тенденциясына қайшы келмес үшін, Тәуелсіз елдер конфедерациясын құру қажет болып табылады. Бұл қантөгіске жол бермей мемлекеттердің саяси тәуелсіздігі негізінде жаңа кеңістікке шығу еді. Бірақ Саяси Бюро мүшелерінің ортодоксальдылығы бұған жол бермеді. О.Сүлейменовтің М.Горбачев төңірегіндегілерге берген келесі бір кеңесі алдымен эканомикалық, сонан соң саяси реформалар көзделген Қытайлық жолмен жүру еді. Кремль «азиялық» елден үлгі алуға арланды,бұған да құлақ аспады. Осылардың барлығы есінде болуы керек 1991-жылы желтоқсан айында Қазакстаннан Мәскеуге аттанар алдында Ресей президенті Б.Ельцин биресми жағдайда масаңдау болсада «Олжас бүкіл адамзаттың данышпаны»-деп мәлімдеді. 1994-жылы Казакстан президенті Евразиялық идеяны ұсынған кезде көп уақыт өтіп кеткен еді. Осылайша, КСРО тарауының бір парасын Кеңес басшыларының интеллектуальдық жеңілісі құрады.

1991-жылдың желтоқсан айында Қазақстанның егемендік алуымен, О.Сүлейменов оның іргетасын нығайту ісіне қызу кірісіп кетті. Азаттық алған елдердің басты қасыреті: бостандық эйфориясы мен тәуелсіздік дерті, әлеуметтік және ұлттық кек алушылық желігі болды. Бұрынғы КСРО республикаларындағы қантөгістер мұны айқын көрсетті (Грузия, Әзірбайжан, Молдово, Тәжікстан). Казакстан жағдайында оқиғалардың осы бағытта өрбуіне жол бермеу үшін О.Сүлейменов өзінің барлық беделін салып бақты. Өтпелі кезеңнің басты міндеттерін: биліктің сабақтастығын, ұлтаралық татулықты дәл белгілеген О.Сүлейменов пен оның «Казакстан халық Конгрессі партиясы» (1991ж) президент Н.Назарбаевтың саясатын қолдайтындығын алғашқы күндері ақ білдірді. «Назарбаев саясаткер ретінде екі дәуірдің тоғысында: жүйенің мызғымас тұтастығы мен күйреуі кезеңінде қалыптасты. Сондықтан қоғамдық пікірде өрлеу мен құлдырауды бастан кешкен, бірақ аттың үстінде мығым отырған нақ осы адам бүгінде республиканы басқару керек-деп есептеймін және ол Одақ ішілік мәселелерді шешуде де дәнекер бола білуі тиіс.Ертең басқа тұрпатты лидер керек болар, бірақ бүгін-өтпелі кезең үшін нақ Назарбаев қажет»/12/.

Қазақстанда биліктің сабақтастығына қол жеткенмен, экономикалық сабақтастықты сақтау қиынға түсті. Биліктің саяси платформасын қолдаған О.Сүлейменов, бірақ оның ішкі экономикалық саясатын өткір сынға алды (өнеркәсіптің құлдырауы, колхоздардың таратылуы т.б.). О.Сүлейменов мінез желісінің ерекшелігі сонда, ол өзінің таланты мен беделін қоғамда күшейіп келе жатқан наразылықты көңіл күйді одан әрі өршіту үшін емес, керісінше адамдардың сабырлығы мен бірігуіне жұмсаумен болды. 1991-1994 жылдары ақын билік пен қоғам арасындағы қатаң қыспақта болды.Билік тарапынан О.Сүлйменовке шетелдерден елшілік қызметер ұсынылды. «Одақ ыдырай бастаған кезде Ш.Айтматов сияқты маған да шетелдердің бірінде қызмет ету ұсынылды. Мен ол кезде бас тарттым, өйткені Қазакстанға керек едім/13/.- дейді О.Сүлейменов.

«Мен жазушымын және бұл кәсіпті тастайын деп жатқаным жоқ, сондықтан маған саясаткерлерге ақыл айтуыма болады–олардың орнын алайын деп жатқаным да жоқ»/14/ дегеніне қарамастан биліктің маңайында Олжастың жоғарғы билікке ұмтылушылығын көрушілер табылып жатты.1993-жылы республикалық және онан тыс басылымдар О.Сүлейменовке қатысты деп есептелген акционерлік «Невада-Семей» қоғамы төңірегінде жасанды айқай-шу көтерді.1994-жылдың наурызында Конституциялық Соттың шешімімен, О.Сүлейменов депутат болған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Сайлауы заңсыз деп табылды. Осындай жағдайда және елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың ең жоғарғы шегіне жетуімен,ақын Жапонияның «Токио Симбун» газетіне берген сұхбатында «егер партия мен блоктар мені президенттікке ұсынып жатса, мен қарсы болмаймын»/15/- деп билікке сындарлы оппозицияда болатынын білдірді. Бұл билікке ұмтылушылықтан гөрі, ел мен халықтың жанталасқан жағдайынан туындаған билікке ықпал етудің мәдениетті түрі еді, өйткені оның алдында ғана 1994-жылдың 19-20-сәуірі күндері парламент мәжілісінде Жоғарғы Кеңес төрағалығына кандидат ретінде ең бірінші кезеңде О.Сүлейменов ұсынылған болатын, бірақ депутат О.Сүлейменов бұл қызметтен бас тартқан еді.

Өкінішке орай, жапон газетіне берген сұхбатынан кейін Республикалық басылымдарда О.Сүлейменовтің позициясы-билікке ұмтылушылық ретінде қасақана түсініліп, қарсы мақалалар саны көбейе түсті. Тіпті, ақынның жеке басы мен ар ожданына тиісу көрініс берді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері Темірболат Ахметовтың айтуынша «Олжасқа 1994-жылы да қауіп төнді. Президенттік сайлауға байланысты. Ол кезде Олжекеңнің жатын бөлмесіне дейін қондырғы қойылған»./16/ Көріп отырғанымыздай Н.Назарбаев пен О.Сүлейменовтің қарым-қатынасында 1991-1994 жылдары шиеленістік элементтер болды деп айтуға негіз бар. Дегенмен жапон тілшісінің «Сіздің Назарбаев пен қатынасыңыз:кеше, бүгін, ертең қандай болмақ?»- деген сұрағына О.Сүлейменов үлкен әдептілікпен: «кеше жолдастық, достық. Бүгінде-іскерлік қарым қатынастамыз. Ертең де қалыптықатынаста боламыз ғой деп ойлаймын.Біздің қарым қатынасымыз республика өміріндегі өзгерістермен бірге өзгеріп отырды.Оның ұйымдастырушылық тәжірибесі мемлекеттің қалыптасуына жәрдемдеседі деп үміттеніп, оның мансабының ең қиын күндерінде қолдау көрсетіп отырдым»/17/- деп жауап береді.

Қазақстанның қазіргі заман тарихындағы екі ірі тұлғасының арасындағы қарым-қатынас қарапайым пендешілік өлшемдермен өлшенбек емес. 1991-1994-жылдары жас Қазакстан мемлекеттілігінің ірге тасын нығайту ісінде О.Сүлейменов пен оның партиясы (ҚХК) билікке сындарлы оппозицияда болып, дер кезінде президентті қолдап қажет уақытында өткір сынға алып отырды. Басқа қоғамдық қозғалыстар мен партиялардың әлі буыны қатпаған жағдайында О.Сүлейменов пен «Казакстан халық конгрессі» партиясы билікке бірден бір тосқауыл болып, тәуелсіз Казакстан мемлекетінің қалыптасуында маңызды рөль атқарды. 1995-жылдың бірінші жартысында Казакстанның экономикалық дағдарыстардан шығуының негізі қалады, тұңғыш рет әлеуметтік салада, шаруашылықта оң өзгерістер байқалды. 1995-жылдан басталған республика өміріндегі оң өзгерістер, екі тұлғаның қарым қатынастарына да оң өзгерістер алып келді. 1995-жылдың тамызында Қазақстан президентінің жарлығымен О.Сүлейменов Казакстанның Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Осылайша 1986- жылдың желтоқсанынан басталған О.Сүлейменовтің саясат және экономикамен белсенді араласқан кезеңі аяқталды.



Каталог: attachments
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> Элективті пәндер каталогы мамандық 5В070400 «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру»
attachments -> Музей в открытом информационном пространстве
attachments -> Аудит пәнінен курстық ЖҰмыс жазу жөнінде әдістемелік нұСҚаулар, тақырыптар
attachments -> Капиталдыњ ауыспалы айналымы мен айналысы
attachments -> Бағдарламасы «Көлік құралдары»
attachments -> Кафедра Правового регулирования экономических отношений
attachments -> Қазтұтынуодағы
attachments -> Бағдарламасы «топырақТЫҢ физикасы және химиясы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет