Музей в открытом информационном пространстве


АЛАШ ПАРТИЯСЫ ЖӘНЕ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫН РЕФОРМАЛАУ ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ



жүктеу 3.43 Mb.
бет10/19
Дата19.09.2017
өлшемі3.43 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

АЛАШ ПАРТИЯСЫ ЖӘНЕ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫН РЕФОРМАЛАУ ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ.
Іліпов М.Т. т.ғ.к. доцент, Елжанова П.А. - ізденуші (Қазмемқызпи)
Қазіргі таңда Қазақстан бүкіл әлемге егемендігін мойындатқан дамушы мемлекеттердің бірі ретінде белгілі. Бұл тәуелсіздік бізге оңайшылықпен келген жоқ. Онда сан ұрпақтың арман-тілегі, маңдай тері мен аянбай төккен қаны бар. Еліміз тәуелсіздік жолында көптеген айтулы оқиғаларды бастан кешіп бүгінге жеткені жасырын емес. Сол оқиғалардың біразына мұрындық болатын, тәуелсіздікті басты ұраны ете отырып соған берік негіз қалап кеткен Алашорда үкіметі “Алаш автономиясының” құрылуы еді.

Алаш қозғалысы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани, мәдени өзгерістердің нәтижесінде өмірге келді. Қозғалыстың туындауы 1905-1907 жылдардағы орыс ревалюциясының өмірге әкелген өзгерістерімен тығыз байланысты. Бұл беталыс біртіндеп өркен жая келіп 1917 жылы жаз айында “Алаш партиясының” құрылуына тікелей ықпал етті. Партияның құрылуына үлкен үлес қосқан “Алаштың” біртуар азаматтары Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, АБайтұрсынов, М.Тынышпаев, Х.Досмұхаммедов, М.Шоқай, Ж.Ақпаев, Х.Ғаббасовтар “Алаш” саяси партия сын ту ете отырып сол кездің қоғамында орын тепкен маңызды мынадай екі мәселені жүзеге асыруды көксеген. Оның біріншісі – қазақ халқын отарлық езгіден құтқару болса, ал екіншісі қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына қосу болатын. Осы мәселеге орай “Алаш” партиясы осы заманғы мемлекеттің негізін қалыптастыруға талпынды. Оның біріншісі – саяси партия ретіндегі Алаш партиясын құрды, Екіншісі мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясын, жасақтады; үшіншісі – автономияны басқаратын Алашорда үкіметін өмірге әкелді. Осы үш ұғымның өзі-ақ Алаш қозғалысының тарихи мән-мағынасын айқындап тұр.

“... Бақыт іздеп, ғасырлар бойына Сахараны шарлап шарқ ұрған мұндар жолаушы – қазақ халқы» (М.Әуезов) ғасырларға жалғасқан сонау шырғалаң жылдардың қыспағынан арылу үшін азаттық деп тынбай жүргізіп келді. Содан да қазақ халқының санасынан “азаттық”, “бостандық”, ”тәуелсіздік” деген ұғымдар бір сәтке де өшкін тартқан емес. Сараптар болсақ ХХ ғасырдың өзінде қазақ халқы не көріп, басынан не кешпеді. ХХ ғасырға аяқ басқанда бізде бір жағынан соған дейін баса билеп келген феодалдық қатынастардың негіздері қоғамның жаңаруына кедергі келтірсе , екінші жағында жаңа келген қоғамдық қатынастар біздің нақты жағдайымыздан алшақ тұрды. Айталық Қазақстан ол кезде жоғарыдағыдай жолдармен тәуелсіздікке ұмтылғанымен бәрібір саяси-экономикалық дербестігін сақтап қала алмай орыс мемлекетінің құрамында қалып қойған еді. Тәуелсіз ел болуға бірақ табан қалғанына қарамастан Ресей империясының уысынан шыға алмай қалған еді. Соған дейін Қазақстанның жағдайына тек Ресей империясы ғана емес шет елдік капиталистер мен буржуазиялық қатынастардың орнауы да ықпал еткен болатын.

Патша үкіметі бастан –ақыр Қазақстандағы шұрайлы жерлерді қалауынша орыс-казак әскерлеріне үлестіріп, есесіне қазақтарды қуаң сортаң жерлерге ығыстырып шеттету саясатын ұстанып келді. Екі ғасырға созылған бұл барыста қазақ халқы өзіне тиесілі тиесілі 45 млн. десятина жерінен айырды, дәлірек айтсақ еліміздің 16% бөлігі жат қолында кетті. Ресей империясы қазақты отарда ұстаудың негізін тек қана отарлау саясатымен яғни шұрайлы жерлерді тартып алумен ғана шектелген жоқ, бұл іс-әрекет үш бағытта жүзеге асты. Оның біріншісі

1. Қазақ жерінің шекараларына әскери-стратегиялық маңызы бар бекіністер салу және Орталық Ресей мен Сібір аймағын мекен еткен казактарды шоғырландыру.

2. Саяси-құқықтық реформа жасау арқылы қазақ халқын өзін-өзі басқару, билік жүргізу процесінен айырып, патша үкіметінің отарлық саясатын тиімді түрде іс жүзіне асыратын басқаруды енгізу.

3. Экономикалық саясатпен яғни салық жүйесі арқылы жергілікті халықты қанау.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының билігі әлі де Ресей империясының қол астында болғандықтан, қызмет орындарына келген қазақтардың көпшілігі аңқау, сенгіш, қараңғы, отарлаушы елдің заң-зәкүні мен саясатынан хабарсыз болғандықтан көбінде қолындағы бардан айырылып қана отырған. Ол заманда билік жағалаған атқа мінерлердің көздеген мақсаты біреу-ақ болатын - ол – салықтар арқылы баю. Бұл іс-әрекеттер ауылдағы болыс, би, ауылнайлардың да негізгі тірлігіне айналды.

ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде қиын-қыстау кезең басталған еді Оған дәлел, орыс көпестері мен капиталистері қазақтардан малдың терісін, жүнін, т.с.с. заттарын өте төмен бағада сатып алса, төмен сападағы тауарларын жоғары бағаға сатып баюдың тиімді жолын көздеген. Ресей империясы өз тұсында Қазақстанның шикізат өнімдерін керегінше пайдаланған. Міне, осыған сәйкес қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал аграрлық ұлттық және таптық мәселелердің шиеленісуі ерекшелігімен көзге түсті. Бұл кезде отарлау саясаты ғана әсер етіп қойған жоқ. Сондай-ақ қазақ халқын шоқындыру саясаты өз қарқынымен жылжып “дегеніне” жетіп отырды. Бұл үрдіс қазақтық атқа мінерлері үшін баюдың тиімді тәсілі болып шықты. Себебі сол кезде орыстың тілін жетік меңгеріп, орыстың дінін қабылдаса шұрайлы жерлер мен майлы орындар үлестіріледі дегендей құлақтандырулар жиі кездесетін. Мысалы, Семей облысының губернаторының хатында: дала генерал губернаторы жұрт арасында орыс тілін тарату мақсатында енді орыс тілін білуді ауылдық старшиндерден де және кандидаттардан да талап ету пайдалы деп тауып, бұдан былай қызметке тек орыс тілін білетіндер ғана сайланатын болады, - деп жазған. Зерттеу мәселелері көрсетіп отырғандай дін мәселесі де өз “дегендерін” жүзеге асыруды көздеген. Орыстандыру саясаты арқылы қазақтарды христиан дініне шоқындыру саясаты да өз жалғасын тауып жатты. Осыдан байқайтынымыз отарлау саясаты қазақ халқын өз тілінен, дінінен, ділінен айыруға ұзақтан дайындалып, жүйелі іске асып отырған. Бүгінгі дін мен ділімізді былай қойғанда тіліміздегі кейбір олқылықтардың орнын толтыра алмай жатуымыздың бір ұшығы да міне осында жатыр. Оған дәлел ретінде көштің басында отырған қазақтың зиялы қауымы мен олардың бала-шағаларына мемлекеттік бюджеттен өз ана тілін үйренуге қаржы бөлуімізді айтсақ қана жетіп жатыр. Егер осындай олқылықтар елде орын алмағанда бұл қаржы елді дамытудың басқа саласына жұмсалар еді ғой. Айталық осындай ХХ ғасыр басындағы бізді мешеу халден, қиын-қыстау кезеңдерден алып шыққан интеллигенция өкілдерін біздің жоғары бағалайтынымыз да сондықтан. Дегенмен ол тұста біздің интеллигенция өкілдері саусақпен санарлықтай ғана болды. Оның себебі, ол кезеңде Қазақстанда арнайы оқу орындары болған жоқ, тек бірлі жарымды орта білімді мұғалімдер даярлайтын училищелер ғана болған еді. Қазақтың зиялы қауымын қалыптастыру Петербург, Москва, Варшава, Қазан университеттерінің маңызы өте зор болды. М.Қойгелдиевтің мәліметіне сүйенетін болсақ, ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан 1917 жылға дейінгі мерзімде Қазан университетінде 30-ға жуық қазақ жастары білім алса, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Петербургте 20-ға жуық қазақ жастары білім алды. Оның қатарында Алаш партиясының негізгі өкілдері: Б.Қаратаев, Б.Құлманов, Б.Сыртанов, А.Тұрлыбаев, Ж.Досмұхаммедов, М.Шақаев, Ж.Ақбаев және т. т. б. Москва мен Петербург университеттерін Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхаммедов, М.Тынышбаев т. б. қазақ жастары бітіргенін деректер растайды.

Зиялы қауымның ішіндегі Ә.Бөкейханов өзінің төңірегіне бір топ зиялы қауымды жинап, қоғамдық- саяси өмірге белсене араласып, қиындықтан қазақ халқын алып шығуға әр уақытта тырысып бақты. Осыдан бастап саяси ұйымдар құрыла бастады. Оған дәлел ретінде 1905 жылдың соңында Орал қаласында өткен Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Б.Қаратаев, Б.Сыртанов қазақ зиялылары өкілдерінің бес облыстық делегаттар съезі аталған бас қосуда жасаған “қазақ конституциялық демократиялық” партиясын құру жөніндегі әрекеті болды. Бұл сол кезде Петербургте оқуда жүрген Х.Досмұхаммедов тарапынан қолдау тапты. Біз бұдан қазақтың зиялы қауымының саяси көзқарасының қалай қалыптасқанына куә боламыз. Дәлірек айтар болсақ, қазақ жастары шетелдерде білім алғандықтан олардың қоғамға “Батыстық” және “Шығыстық” көзқарастары қалыптаса бастады. Анығырақ айтсақ, мұны Ә.Бөкейхановтың 1910 жылы жариялаған “Қырғыздар” атты еңбегіндегі ойлары дәлелдейді. Онда автор қырғыздар арасындағы қалыптасып отырған екі бағытты атап көрсеткен. Оның бірі— ұлттық-діни бағыттағы қырғыздарды басқа мұсылман халықтарымен біріктіру еді. Ал екіншісі – қырғыз халқының мәдениетін батыс халқының мәдениетімен ұштастыру тиімді деп есептейтін бағыт еді.

Бірінші бағытқа мұсылман және татар партиясы үлгі болса, екінші бағытқа – халық бостандығы партиясы үлгі болды.

1905 – 1907 жылдары қазақ зиялылары Ресей империясының реформаларына сәйкес белгілі бір іс-әрекеттер жасады. Оларды атап айтар болсақ:



    1. Ең болмағанда қазақ елін басқарудағы уездер мен болыстарды басқарудың сипатын өзгерту.

    2. Отарлық езгіге қарсы саяси күрес жүргізу.

3. Зиялы қауым үкімет пен қара халықты байланыстыратын күш ретінде көрсетуге ұмтылды.

1905 – 1907 жылдары Қазақстанның саяси өмірінде І және ІІ Думаға дайындық кезеңі болып есептелді. Осыған сәйкес І Думаның төрағасы болып Ә.Бөкейханов сайланды. Дегенмен қисық саясаттың зардабынан Омбы генерал-губернаторының жарлығымен абақтыға жабылды. І- ші Думаның құрамында тоғыз депутат болса оның төртеуі қазақ, бесеуі орыс еді.

ІІ Думаға он үш депутат қатысса оның бесеуі ғана қазақ ұлтының азаматтары еді.

Сондай-ақ 1917 жылы 26-27 шілдеде Жалпы қазақ съезі болды. Ондағы қаралған негізгі мәселелер мыналар еді:

1. Мемлекетті билеу түрі.

2. Қазақ автономиясы.

3. Жер мәселесі.

4. Әскер құру.

5. Земство.

6. Оқу мәселесі.

7. мәселесі.

8. Дін мәселесі.

9. Әйел теңдігі.

10. Учредительные собрание сайлауына даярлану және қазақ облыстарынан депутаттар тағайындау.

11. Мұсылмандар кеңесі.

12. Қазақ саяси партиясы.

13. Жетісу облысындағы оқиға.

14. Киев және Петраградта болатын Ресей федерациясының жиынына қазақтардан өкіл жіберу.

Жалпы қазақ съезіндегі зиялы қауымның басты назарында “қазақтың тәуелсіз мемлекетін” құру болатын. Сөйтіп барлық қазақтың арманы болған қазақтың “Алаш” атты партиясы 1917 жылы 5 қазанда құрылды. Оның көздеген басты екі мақсаты анық еді. Бірі – қазақ халқын отарлық езгіден құтқару болса, екіншісі Қазақстанды өркениетті елдер қатарына қосу еді. Осыған орай 1917 жылы 21 қарашада “Қазақ” газетінде “Алаш” партиясының бағдарламасының жобасы жарияланды.

Партия бағдарламасының жобасы

1. Мемлекет қалпы;

2. Жергілікті бостандық;

3. Негізгі құқық;

4. Дін ісі;

5. Билік және сот;

6. Ел қорғау;

7. Салық;

8. Жұмысшылар;

9.Ғылым-білім үйрету;

10. Жер мәселесі.

Иә, осындай басым бағытты өз мойнына көтерген “Алаш” партиясының тарихи орнын уақыттың өзі көрсетті. Яғни біздің бүгінгі тәуелсіздігімізге жол салғандар Алаштықтар болды десек онымыз артық емес. Себебі біз солар жасап кеткен басымдықтарды орындай отырып өз тәуелсіздігімізге қол жеткіздік.

Қазіргі таңда еліміз тәуелсіз, демократиялы, зайырлы құқықтық мемлекет болып табылады. Елді президент басқарып, парламент жұмыс жасауда. Өзімізге тиесілі Ата заңымыз, төл теңгеміз, рәміздеріміз бен ұлттық әнұранымыз бар. Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында көптеген іс-шаралар өтуде. Елдегі қымбат нәрсе адам және оның өмірі болғандықтан оған сот билігі жауапты болып табылады. Б А Қ- да өз деңгейінде сөз бостандығына ие болуда. Сондай-ақ, экономика жылдан-жылға өсіп отыр. Техника мен технологиялар көптеп пайдаланылып, дамыған елдермен бірге дипломатиялық қатынастар орнауда. Яғни араға бірнеше жылдар салып тәуелсіздігімізге мұрындық болған Алаш партиясы мен оның бағдарламасының орны ерекше. Осыған орай Алаш партиясының зиялы қауымына бас иіп, құрмет көрсетуге тиіспіз.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың, Алматы 1998.

2.Құдышұлы О. Тәуелсіздік " Алашорданың " арманы болған/ Орталық

Қазақстан 1997.

3.Нүрпейісов К. Қазақ қоғамы және Алаш қозғалысы/ саясат, 1998.

4.Қойгелдиев М.Қ. Қазақ демокртиялық интеллигенциясының 1905-1907

жылдардағы қоғамдық саяси қызметі. Алматы 1994.


  1. Қосабеков А. Қазақ философиясы тарихын қалай зерттейміз.

ТҮЙІНДЕМЕ


Мақалада Алашорда үкіметінің еліміздің тәуелсіздік алуына қосқан үлесі, тигізген ықпалы баяндалады.

РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается роль правительства Алашорда в обретении Республикой Казахстан независимости.



ЖАЛПЫ ТАРИХ
Жапонияда самурайлардың қалыптасуы

мен қоғамдағы рӨлі
Айтбай Р.Т.- т.ғ.к., доцент м.а., Аширбкова Ж.Б.-т.ғ.к., доцент м.а.

(Алматы қ., Қазмемқызпи)


Жапония тарихында самурайлардың қалыптасуы, қоғамдағы рөлі, дүние танымы мәселелерін түсініп ашып көрсету маңызды.Себебі самурайлар тарихы ҮІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Бүкіл орта ғасырлардағы жапон қоғамындағы болған қоғамдық өзгерістерді түсінуге самурайлар тарихы көмектеседі. Қазіргі кездегі Жапонияның керемет жетістіктері самурай тарихымен тығыз байланысты деуге болады. Бушидо- қуатты күштің қайнар көзі. Бушидоның қағидаларын игерген жапон халқы бүгінгі табыстарына жетуде.

Самурайлардың басқа елдердің әскери топтарынан өзгеше, өзіндік ерекшелеліктері, есімдерін мәңгілік өшпестей етіп тарихта қалдырды.Олардың бір мезетте ер жүрек, қатыгез жауынгерге айналып, адамды таң қалдырар ерліктер жасауы, артынша табиғаттың сұлулығына таңданып, нәзік жанды ақынға айналуы,самурайдың өзіндік құпия әлемін көрсетеді. Өлім мен өмір жайлы самурайлардың философиялық тұрғыдан терең толғаныста болуы, діннің олардың дүниетанымында үлкен мәнге ие болғандығын байқалтады. Адалдық пен парыз, өзіне деген құрмет самурайды бүкіл әлемге үлгі етті.

Жапон хроникаларында әртүрлі тағы тайпалар мен жапон жауынгерлерінің кескілескен шайқастары жайлы мәліметтер көп кездеседі. Тіпті ІІІ-ІVғ.ғ жапон қоғамы күшті әскери бағытта дамығандығы жайлы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі дәлелдейді. Қорымдардан семсер, найза, басқада қарулармен қатар жауынгерлерді бейнелейтін мүсіндер табылған. Мұның барлығы Жапонияда жауынгерлік рух ертеден қалыптасқандығының айғағы..

Самурайлардың қалыптасуы ұзақ уақытқа созылды. 645 жылы орталықтанған мемлекеттің құрылуы аяқталды. Самурайлардың қалыптасуын шартты түрде осы кезеңнен бастауға болады.Онда олар әлі самурай деп аталмаған болатын. Қаруланған адамдарды Буши, Буке, Цувамоно деп атады. «Буши» деп қоғамның жоғарғы сатысынан шыққан жауынгерлер аталды. Бұл термин Нара дәуірінде пайда болды. Ежелгі Жапонияда «самурай» (сабурай) деген сөз «сабурахи» деген етістіктен құралғандықтан «ұлы адамға, жоғарғы топ адамына қызмет ету» деген мағынаны білдірді. Бірте –бірте әскери қызметтегі жауынгер жасақтарды осылай атады. «Самурай» сөзі «буши» сөзін түбегейлі қолданыстан шығарды. Бертін келе «самурай» деп екі қылыш ұстауға құқығы бар барлық жауынгерлерді атады.

Алғашқы самурайларды феодалдар өз иеліктеріндегі азды–көпті жағдайы бар ауыл тұрғындарынан алды. Самурайлар қатарын толтырудың екінші көзі: ақсүйек рулардың орта және төменгі сатыдағы егіншілікпен айналыспайтын топтарынан, аңшылар, балықшылар қатарынан алу болды.Өз қожайынынан баспана, азық кейде жер үлестерін алған жасақтар бірте-бірте қарулы қызметкерлерге айналды. Мұндай самурайлардың өздері де феодалға айналды.

Жапондар үшін ең жауынгер және айбатты қарсылас айндар еді. Олардың сырт-тұрпаты австралияның аборигендерін еске түсіретін. Айндар ұзын бойлы, мығым денелі және жауынгер халық болатын. Олардың жауынгерлік рухы жоғары болды. Шайқастарда жеңілген айндар өздерін өлтірді. Әйелдері балаларын өлтіріп, артынан өздерін өлтірді. Айндармен қақтығыс жүздеген жылдарға созылып, самурайларды үнемі әскери дайындықта болуға мәжбүр етті. Ішкі соғыс ХV ғасырға дейін созылып,айндардың соңғы тірегі Хоккайдо аралын жапондардың иеленуімен аяқталды. Самурайлар айндардан қайталанбас қайсар жауынгерлік рухты алды.

Сонымен, жаңа жерлерді жаулап алу әлеуметтік топ ретінде самурайлардың қалыптасуының басты себептерінің бірі еді. Жаңа аймақтарды басып алу, феодалдық билеушілерді жақсы үйретілген тұрақты жасақ ұстауға итермеледі. Бастапқыда билеушілер мен жасақтар орталық үкіметке қатал бағындырылды. Орталық әскерін бақылап, қаржыландырып отырды. Алайда империя аумағы кеңейтілген сайын император сарайы провинциялардағы билігінен айырла бастады. Шет аймақтағы феодалдық үйлердің беделі өсіп, жасақ ұстап, қаржыландыруды өз қолдарына алды. Олардың императорға, Фудзивара үйіне бағынуы барған сайын тек шартты түрге айнала бастады.

Х ғасырдың басынан орталық үкімет беделінен айрылып, елді бытыраңқылық жайлады. 936 жылы Фудзивара тұқымының бірі Фудзивара Сумитомо Кюсю аралында көтеріліс жасады. 938 ж сегіз провинцияның билеушісі Тайра Масанадо елдің шығысында бүлік ұйымдастырды. Үкіметке нағыз берілген самурайлардың арқасында ғана бүлік басылды. Самурайлар тарихындағы ең бір қиын кезең самурайлардың самурайларға қарсы соғысы басталды.

Орталық үкіметтің провинцияларға қарсы тұра алатын айтарлықтай күші болмады. Сондықтан самурайлар топтарын бірін екіншісіне қарсы қойып отырды. Сарайдағылар самурайлардың күшейіп келе жатқанына мән бермеді. Сарайдың өз ішінде қырқыстар басталып, самурайлар оған белсене қатысты.1156 жылы Фудзивара әулеті биліктен тайдырылды. Осы кезден жапон тарихындағы Тайра және Минамота әулеттері арасындағы билік үшін күрес басталады.Бұл кезең самурайлар үшін қиын және билікке келу кезеңі еді. Осы дәуірге байланысты «Тайра үйі туралы повесть» деген ерте жапондық эпос бар. Онда ханзада Моцихитоның Тайра үйінің билігіне қарсы ұйымдастырған бүлігі туралы айтылып, ханзаданың жауынгерлерінің ерлігі көрсетілген. 1180-1185 жылдардағы Тайра мен Минамото соғысында самурайлардың негізгі бөлігі қатыгез, қатал жауынгерлерге айналды. Самурай ең алдымен қаруын, батылдық пен арын жоғары қойды. Осындай қасиетті бағалаған қарсыласын құрметтеді. Екі жақтың қарсыластарының көбі бұрыннан бір-бірін білген. Осы кезеңдерде самурайлардың жауынгерлік мәденинеті мен эстетикасы қалыптасты. Жапонияда өзіндік әскери дәстүр мен этикалық кодекс « Бушидоның» қалыптаса бастауы осы дәуірге жатады.

Елде сарай ақсүйектері -«куге» мен қатар әскери ақсүйектер самурайлардың көсемдері –«буке» қалыптасты. «Ранглер туралы табельде» сарай ақсүйектерін әскери ақсүйектерден жоғары қойылды. 1156-1192 ж.ж аралығы кугенің биліктен тайдырылып, билікке букенің, самурайлардың келуі деп айтуға болады.

1192 жылы Тайраны жойып Минамото Еримото Камакурада өзінің әскери үкіметін құрып, бірінші сёгун болды. Бірінші сёгунат жүйелі әскери диктатура еді.

Әскери үкімет өзінің негізгі рөлін экономикалық шаралармен нығайтты. Еромото жеңілген жауларының жерлерін өзінің жақтастарына алып берді. Бұл шара әскери топтың экономикалық тірегін нығайтты. Сонымен қатар сатылы-бағыныштылық(вассалитет) жүйесінің құрылуына әкелді.

Самурайлардың қатарында төменгі таптардан шыққан білімі, байлығы жоқ топ- асигару(жаяу әскер), болды. Олардың кейбірі ерлігі мен батырлығы үшін қызмет пен атақ алып отырды.

Өздерінің иеліктерінде даймё (ықпалды кньяздер) толық қожайын болып, тек сёгунге ғана бағынды. Олар іс жүзінде толық тәуелсіз еді, мұндай жағдаймен сегуннің өзі де есептесуге тура келді. Батыл және жауынгер адамдар патша сарайы мен бюрократтарды ауыстырды. Жапонияда тәуелді бағыныштылық парызы -«хоси» – «қызмет ету», ал мырзаның парызы -«гоон»-«рақымшылық жасау». Бұл екі парыз да екі жағы үшін де қажет еді. Бұл екеуінен «тю»- «адалдық» деген моральдық категория туындады. Тю сөзі «мырзаға адалдық» емес, «парызына адалдық» еді. Даймё мен оның вассалдары-жауынгерлерінің арасында өз ара сенімге, моралдық міндеткерлікке негізделген жақын қарым-қатынас орнықты.

Ұрыс даласында мырза мен оның вассалы иық тіресіп бірге соғысты. Мырза өзінің ерлігі, батылдығымен үлгі болып, оның жауынгерлері ол үшін ойланбастан өмірін қиюға барды. Жауынгерлер өз князьдарының батылдығын мақтан етіп, шексіз сеніп, әкесіндей құрметтеді.

Самурайларға сатқындық пен жалдамалылық рухы жат еді. Негізгі пір тұтатын қасиеттер батылдық пен адалдық болатын.

Алғашқы сегун Минамото Йоритомо елді Камакурадағы ордасынан басқарып отырды. Император мемлекет басшысы болып, сегун оған бағынышты болып есептелді. Ал шын мәнісінде император тегі тек діни және моралдық билікті ғана сақтап, саяси және экономикалық биліктен айрылды. Іс жүзіндегі билік сегуннің қолында болды. Екі жағы билік үшін үнемі күрес жүргізіп отырды.

1199 жылы Минамото Йоритомо кенеттен аттан құлап қайтыс болады. Ұзақ тартыстан кейін 1219 жылы билік Хордзё әулетінің қолына өтті.

Самурайлар таптары билік үшін күресіп жатқанда, император сарайы өз провинцияларын нығайтуға тырысты. Осы кезеңнің оқиғалары жайлы буддо монахы, аристократ, философ Дзиэннің «Гукансё» деген тарихи трактаты бар.Онда автор самурайлардың билік басына келуін талдауға тырысқан. Әрине автор сарай ақсүйектерін қолдаған. Самурайлардың билік басына келуі- жарық янның қараңғы иньмен алмастырылуы деп дәлелдейді.

Хордзё диктатурасы кезінде Жапония біртіндеп әскери –феодалдық жүйедегі елге айналды. Самурайлар қатал түрде барлығын бақылап отырды. Жапонияның әлеуметтік сатылық жүйесінде самурайлардан кейін шаруалар, қол өнершілер, саудагерлер, ең төменгі сатысында –ханан, эталар тұрды.Әр таптың өзінің жүріс-тұрыс тәртібі, құқы және міндеті болды.

1333 жылы Камукурадағы Ходзё әулетінің билігі құлатылды. Әулеттің мүшелері бірі де қалмай жойылды. Әулеттің ең соңғы өкіліТакатоки Ходзё өз-өзіне харакири жасады. Ходзё әулетінің билігінің ақыры қанды қырғынмен аяқталды.

Камакура сегунатының құлауынан кейін аз уақыт император билігі қалыпқа келтіріледі. 1333-1336 жылдар әдебиетте Кэмми кезеңі деп аталады.

Император Го-Дайго билік басына келді. Бірақ император билігін ұзақ ұстап тұра алмады. Го-Дайго билікті елдің шешуші күштері: сарай ақсүйектері, самурайлар және будда монастрымен бөлісіп, сарай ақсүйектеріне көп жағдай жасады. Әрине мұндай саясат самурайларға ұнамады. Кезінде билік басына келуге көмектескен Минамото әулетінен шыққан әскер басы Асикага Такаудзи осыны пайдаланып император билігін тартып алмақшы болды. Бірақ оның жолында императорға берілген қос самурай Кусуноки Масасиге мен Нитта Ёсисада тұрды.

1336 жылдың наурыз айында Асикага Такаудзи Киотаға жаңа шабуыл бастайды. Го-Дайго қасиетті император нышандары және билік заңдарының символдарымен Киотоны тастап, империяның жаңа астанасы Ёсиноға кетіп қалады. Жеңіске жеткен Асикага Такаудзи 1336 жылдың қараша айында елдегі биліктің өзгертілгенін хабарлап, Киотодағы резиденциясын Мурамачиға ауыстырады. Император тағына император тегіне жататын Комені тағайындады. Осылайша елде екі патшалық бір мезетте билік құрды. Солтүстікте Асика әулеті және оңтүстікте император Го-Дайгоның ұрпағы билік етті.Өз ара соғыс 1336 жылдан 1392 жылға дейін созылды.

Асика әулетінің билік басына келуімен Мурамачи дәуірі басталады. Өз ара соғыс жылдарында самурайлардың дүние танымы өзгеріп,жаңа сипатқа ие болды. Самурайлардың сыртқы болмысы өзгерді. Бұрынғы ғасырларда олардың болмысы алдымен айналасына үрей әкелуге бағытталса,енді эстетикалық жағы басым болды. Мәселен, өткен ғасырларда самурайлар сақал мен шаш қойып, өздерін қаншер етіп көрсетуге тырысты. Енді басқаша дәстүр қалыптасты. Сақал –мұрттарын қырып, шаштарын ерекше тәсілдермен күтті. Кейінірек олар басының алдынғы бөлігіндегі шаштарды қырып тастады. Мұндай шаш қою әдісі «сакаяки» деп аталып, самурайлардың екі қылыш ұстағанындай ерекшелігін білдірді. Төменгі таптағыларға мұндай шаш қоюға рұқсат берілмеді. Самурайдың сыртқы келбеті оның мейірімділігі мен ішкі дүниесінің сұлулығын білдіруі қажет еді . Самурай келбетінің әрбір бөлігі және оның өзін -өзі ұстау мәнері жоғарғы таптың өкіліне сай болуы тиіс . Асқақ келбет және тура мінез, өктем дауыс, әрбір қимыл мен ой тек қана мен –самурай деуі қажет еді. Самурайлардың мырзаға деген адалдығы артты. Адалдық олардың заңынан дініне айналды. Ол жайында сол кезде жазылған «Ұлы әлем жайлы повесть» атты еңбекте көрсетіледі.

ХІV-ХVІ ғасыр бушидо рухының дамуының маңызды кезеңі болып саналады.

56 жылға созылған оңтүстік және солтүстік әулеттер арасындағы соғыс Дайкокудзи храмында татуластықпен бітті. Шын жеңіс Асика әулетінен шыққан сегун Ёсимицу жағында болатын.Асика әулетінен шыққан сегундар әскербасы мен мемлекеттік қайраткерліктен гөрі, көбіне өнер мен Дзен буддизммен айналысты. Ёcимицу өлгеннен кейін,ұрпақтары өнер мен Дзен буддизмнің жақтаушылары болып, биліктен біртіндеп айрыла бастады.

Феодалдық бытыраңқылық күштілердің өзкүшін көрсетіп, әлсіздерді жоюға оңтайлы жағдай жасады. Сегуннің билігі біртіндеп әлсірей бастады. Ол астананың өзін әзер бақылауында ұстады.Самурайлар арасындағы қан төгіс бұрынғыснан да күшейе түсті.

Сегун Асикага Ёсимаса әулеттің басқа сегундеріне қарағанда жұмсақ,әрі жауынгерлердің арасын да емес, әйелдердің арасында өскен адам еді. Оны тек өнер сезімі кернеп және сонымен ғана өмір сүрді. Оның көп уақытқа дейін ұрпағы болмады. Ол ұзақ өмір сүрмейтінінен қорқып, өзінің інісін сегун болуға көндіреді. Иошимо таққа отырғаннан кейін Ёcимасаның ұлы дүниеге келеді. Даймёлер екіге бөлінді. Бірі тақ мұрагері оның ұлы деп шешті, екіншілері оның інісі деген тоқтамға келді. Даймёлер правинциялардан жасақтарын жинай бастады. Екі қарсылас әскер қалыптасты. Шығыста-160 мың самурай, Батыста-120 мың самурай жасақтары бір-біріне қарсы тұрды.

1467 жылы Киото қаласы және оның айналасында кескілеске үлкен соғыс болды. Онда екі жақ бір-бірін жеңе алмады. Тек шығын көп болды. Бастапқы жылдары ұрыстар астанада өтсе, кейіннен провинцияларға ауысты. Арып-ашыған әскер он жыл соғысты. Ешкім жеңіске жеткен жоқ. Астана мен елді мекендер бос қалды.

Бұл кезең 1467 жылдан 1568 жылға дейінгі «сэнгоку джидай» яғни «соғысушы провинциялар дәуірі» деп аталады. Бүкіл ел қанға боялды.Ашаршылық пен ауру жүз мыңдаған адамдардың өмірін әкетті. 250 рулық Даймёлерден соғыстың соңына қарай шамамен оншақтысы қалды. Бірақ олардың орнына жүздеген сэнгоку-даймёлер бай емес,кіші даймелер келді.

Жапонияның жолдары және су жағалаулары басбұзалар мен қарақшыларға толды. Олардың көпшілігі бұрынғы шаруалар ғана емес, әскери шайқастарда өз қожайындарын жоғалтып, өмір сүрудің бұдан басқа түрі қалмаған самурайлар (ронинами) болды. Бұрынғы шаруалар өздерін қорғай алмады. Кедейшілік пен қорқынышта қатар өмір сүрді. Осы кезде, село тұрғындарының самурай жасақтарына келіп қосылуы өсті

Осы жылдар самурайлардың әскери өнерінің гүлденген кезеңі деп аталады.Өйткені елде болып жатқан қырғын соғыстан аман қалу үшін бұрынғы әкери өнерді жаңартуға тура келді.Шебер қол басшылардың әскери стратегиялары өте қатты бағаланды.Қол басшыларға «ганпейши» деген атақ берілді. Олар өзіндік әскери стратегиялар ойлап тауып, әскери өнердің ірі мектептерін құрды. Өмірі үшін қорыққан даймелер барлаушылар мен диверсантар ретінде ниндзяларды пайдалануды кеңінен қолданды. Ниндзялар самурайлардың түнгі бейнесі еді. Басқаша айтқанда самурайлар нақты және мейірімді жауынгерлерде, ниндзя оларға қарама-қарсы еді Тура осы уақыттағы шайқастарға ірі атты және жаяу әскерлер қатысып, отты қару пайда болды.

Самурайлардың негізгі бөлігін төменгі сатыдағы әскерлер- асигаралар құрады. Олар бірнеше милиондаған адамдардан тұрды. Олардың көпшілігі қорған жанындағы қалаларда өмір сүрді. Олар Сэнгоку джидай кезеңінен бастап Токугава кезеңінің басына дейін молшылықта өмір сүрді. Ең бай даймелер өздеріне қорған сала отырып, өз жауынгерлерін бекіністің ішкі және жақын маңына орналастырды. Орташа бай самурайлар өз үйлерінде тұрып, қызметіне қарай күрішпен үлесін алды. Ал басқалары полиция және әкімшілік қыметтерін атқарып казарма, жатаханаларда тұрды.

Самурайлардың ескі ұрыс жүргізу әдісі бұзыла бастады. Масқаралық әдістер қолдану жиіледі. Жергілікті жердің ерекшелігіне байланысты, күтпеген жерден, түнде шабуылдау, басып алу сияқты бұрындары масқарашылық ретінде саналған әдістер қолданылды. Жауынгер қандайда болсын күтпеген шабуылға дайын болуы қажет жаңа ойынның ережесі осындай болды. Дегенмен, сол уақытта да ар-намыс заңы сақталды.

Елге алғашқы еуропалықтардың келуімен қатар жапон тарихының саханасына ерекше саяси көзқарасты үш тұлға келді.Олар: Ода Нобунага, Тойотоми Хидёши және Токугава Иэясу.

Ода Нобунага Шиба әулетінің Овари правинциясындағы жер басқарушысының баласы еді. Ол өзінің шапқыншылық жорықтарын осы аймақтан сәтті бастап,тез арада Киото қаласына жетіп Асика әулетінің билігін жояды. Бірақ ол өзіне тәуелді Акечи Митсухиде жағынан сатқындыққа тап болып, қазаға ұшырайды.

Жолы болғыш қол басшылардың бірі Тойотоми Хидёши болатын. Оның шыққан тегі шаруа еді. Ол дереу Нобунаганың өлімі үшін кек қайтарды. Өзі оның жолын жалғастырды. Жетінші айдың сегізі күні ол халыққа қару ұстауға тыйым салған жарлығын шығарды. Онда провинцияларда қару ұстауға қатаң түрде тыйым салынады делінген. Бұл жарлықты халық «Тайконың қылыштарын аулау» деп атап кеткен. Хидёши ашық мойындады елде жеке қарудың таралуы салық жинауға кедергі келдіретін. Ол Кореяға жорық үстінде қайтыс болады. Сол кезде Токугава әулеті билікке деген ұмтылысын бірінші кезекке қойып, алдыға шығады. Токугава әулетінің басында айлакер Иэясу тұрды. Ол өзінің барлық бақталастарын мен Хидёшидің қорғауға уәде берген баласын қоса құртып жібереді. Токугава Иэясу 1600 жылы билікке келіп, 1603 жылы сегун атағын алады.

Токугава сёгунатының кезеңінде самурайлардың ішінде белгілі тәртіп қалыптасты.Тап ішіндегі 10 000 коку күріш табысы бар байлар өкілдері даймё титулын алды. Даймёлерден басқа жоғарғы әскери қауымды сегунның жеке әскери вассалдары – хатамото (5 мың адамға жуық ) арнайы артықшылықтары барлар және 15-20 мың әскері құрады. Бұл топ өкілдері өз қожайындарына берілген және Токугава өкіметінің тірегі ретінде қызмет етіп, мемлекетте маңызды және жауапкершілікті лауазымдарға ие болды.

Токугава сегунаты бекіген кезде бейбітшілік пен бітімге келу самурайлардың көп бөлігін соғысу мүмкіндігінен айырды. Самурайлар өздеріне тән келмейтін шенеуіктік қызметтер атқарды. Бірақ ешқандай қоғамдық өнім шығармай мемлекет есебінен өмір сүрді.

Самурайлардың аз бөлігі ауылдарда шаруаларды бақылайтын әкімшілік қызметтер атқарып, салық жинап, кей жағдайда жерді жалға алды. Бұл самурайлар гесё деп аталды.Олар экономикалық пайдалы жерде отырғандықтан әрқашан жер игеруге қаражаттары болды. Олардың бірте –бірте қарапайым шаруалардан айырмашылықтары азайды. Тек заң бойынша ұстауға рұқсат берілген екі қылыштары ғана олардың әкімшілік қызметкері екендігін еске салды.

Гэнроку (1688-1704) дәуірінен бастап барлық әскери-феодалдық жүйе экономикалық дағдарысты бастады. Саудагерлер мен қолөнершілердің экономикадағы ролінің күшеюі капиталистік қатынастардың пайда болуына алып келді. Бұл жерде самурайлар өздеріне лайық орын таба алмады. Жеткілікті қаражат таппағандықтан бушилар қызметтерін тастап жауынгерге тән емес сауда, қолөнер,сабақ беру ,соғыс өнерін үйрету сияқты қызметтерімен айналасуға мәжбүр болды.

1866-1869 жж. азамат соғысы самурайлардың әскери тарихындағы ең соңғы соғыс болатын. Олар екі жақтың әскерін де соғысты. Жеңіс қай жағында болса да, самурайлар жеңіске жетпейтін еді. 1868 ж. Мэйдзидің қалпына келтіру реформалары бушилардың өмірін түбегейлі өзгертті.

1871 ж. император жарлығымен 100000 адамы бар әскер құру жүргізілді. Бұрынғы кезбен салыстырғанда адамдар әскерге шақырылды. Самурайларға соңғы соққы қылыш ұстауға тиім салу еді. Самурайлар дәуірі осымен аяқталды.

Самурайлық рухтың маңызы және жауынгерлік борыштың принциптері жайлы «Будо сёшин-шю»(«жауынгерлік өнерге алғашқы нұсқау»), «Хагакурэ» («парақтағы жасырын»)деген кітаптар жарыққа шықты.

Бушидоның моралі ерлік пен батырлыққа негізделген. Оның ілімдік мәні әділетсіздікке, ар-намысты қорлауға қарсы тұру. Самурайлық бұл жүйеленген ілім емес еді. Алайда ғасырлар бойы дәстүрге айналып, самурайлардың қағидасы қалыптасты.

Нағыз самурай болғысы келгендерге қойылатын бірінші талап-барлық іс-әрекетіңде өзіңе есеп беру.Шындық пен әділетсіздіктің бірден-бір өлшемі ар деп есептеді.

Самурайлардың ілімі бойынша қайырымдылық-тектіліктің жоғарғы белгісі.Әлсіз адамға зорлық көрсету қорқақтық,ал көмек беру,оның ішінде әйелдер мен балаларға-ерлік.Өзінің жүрегінде аяушылығы бар адам ғана самурай бола алады.

Самурайлар өз тобының адамдарына қаталдықпен қарап,жоғары талап қойып отырды.Арды аттағандар қатал жазаланды.Мәселен,самурай кодексіне жатпайтын қылық жасап,оны бұзғандарды харакири күтіп тұрды.Жапондар бұл сөзді айтпайды.Оны «сеппуку» немесе «каппуку» деген сөзбен алмастырған.Ол «ішін жару»деген мағынаны білдіреді. Бушидо ғасырдан ғасырға ,атадан балаға мұра ретінде сақталып, өзінің мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Бушидо арнайы оқулық ретінде және мектептерде оқытылмады. Сондықтан самурайлардың «ар кодексінің» мәні жайлы көпке дейін белгісіз болды. Тек ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басынан бастап шет ел ғалымдары зерттей бастады.
Әдебиеттер
1. Носов К.С.Вооружение самураев.М.,2003.

2. Все о Японии.М.,2001.

3. Японские самурайские сказания.Санкт-Петербург.2002

4. Япония.энциклопедия.1999.

5. История стран Азии и Африки в средние века.М.,1987.

6. А.Р. Басов Дух Воина .М.,1998.

7. А.Р. Басов Восхождение.М.,2000.

8. Адель Уестбрук, Оскар Ратти .Секреты самураев .М.,2000.

9. У.С. Уилсон Идеалы самураев.М.,1999.
РЕЗЮМЕ

Статья посвящена формированию самурайства как военного сословия и ее роли в японском обществе.


ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада орта ғасырдағы Жапонияда самурайлардың әлеуметтік топ ретіндегі қалыптасуы және рөлі туралы айтылған.


Каталог: attachments
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> Элективті пәндер каталогы мамандық 5В070400 «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру»
attachments -> Музей в открытом информационном пространстве
attachments -> Аудит пәнінен курстық ЖҰмыс жазу жөнінде әдістемелік нұСҚаулар, тақырыптар
attachments -> Капиталдыњ ауыспалы айналымы мен айналысы
attachments -> Бағдарламасы «Көлік құралдары»
attachments -> Кафедра Правового регулирования экономических отношений
attachments -> Қазтұтынуодағы
attachments -> Бағдарламасы «топырақТЫҢ физикасы және химиясы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет