Жауын-шашынның көп түсуіне байланысты еліміздің 10 өңірінде су тасу қаупі бар. Бүгін үкімет отырысында төтенше жағдайдар министрі осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: istock

Министрдің сөзінше, қазір еліміздегі су тасқыны жағдайы біршама тұрақталған. Десе де Қазгидрометтің ақпан және наурыз айларының соңына арналған болжамы бойынша республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде тәулігіне айлық нормамен бірдей жауын-шашын түсуі мүмкін.
“Осыған байланысты, 10 өңірдің елді мекендерін су басу қаупі бар. Атап айтқанда, тау суларының ағыны салдарынан: Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары; қардың көп еруіне байланысты: Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлері”, – деді Шыңғыс Әрінов.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізгенін айтты.

"Көктем" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Халықты құлақтандыру пысықталды, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалды.

“Елдімекендерде уақытша бөгендер салу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 дана) жүзеге асырылды. Елдімекендерден 10,5 миллион текше метрден астам қар шығарылды.
Бірақ, жыл сайынғы тәжірибе бұл жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр”, – деп атап өтті министр.

Ол кейінгі үш жылдағы статистика қабылданған алдын алу шараларына қарамастан, жылда Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елдімекендерін су басып жатқанын тілге тиек етті.

Еске сала кетейік, министр бұған дейін де су тасқыны қаупі туралы айтқан еді. 

"2023 жылдың желтоқсанында жауын-шашын көп болды, қар жаумады. Судың барлығы жерге жиналды. Біз күтпеген жерден су тасқыны болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Ақпанның аяғында оңтүстік облыстарда, наурыз айында солтүстік облыстарда тасқын болуы ықтимал. Барлық дайындық жүріп жатыр, барлығын көктемде көре жатармыз", – деді Шыңғыс Әрінов.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.