Бүгін сенат отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев Қазақстанда, әсіресе ауылдарда психологиялық көмек көрсету жүйесі нашар дамығанын, сол себепті мәселелер уақытылы анықталмайтынын айтып, мектеп психологтарының жалақысын көбейтуді және олардың заңды мәртебесін көтеруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сенат отырысынан скриншот
Сенатордың пікірінше, балалардың психологиялық жағдайы мен мінез-құлқындағы алғашқы проблемалар мектепке дейін және мектеп жасында анықталады. Сондықтан педагог-психологтардың оқушыларға жеке дара қолдау көрсету мүмкіндігі мен оның сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Алайда бұл салада бірқатар проблема бар.

"Орта есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4500 және одан да көп оқушылары бар білім ошақтарында 170-тен көп сынып бар. Яғни, бір психолог 2000 оқушыға және  ерекше білім беру қажеттігі бар балаларға қызмет көрсетіп отыр. Психологтың жүктемесі үлкен болуына байланысты, нақты мұқтаж адамға көмек берілмей жатады", – дейді сенатор.

Сенатор мәселені шешу үшін мектеп психологтарының сан жөніндегі нормативін есептеуді қайта қарауды және сынып санына түзетулер енгізуді ұсынады.

"Ресми түрде 1987 жылы психолог штаттары мектептерге енгізілгенімен олардың заңды мәртебесі анықталмаған. Еңбекақы төлеу жүйесінде олар қосымша мамандық ретінде тіркелген. Психология ерекше мамандық екенін ескере отырып, оны негізгі мамандар тізбесіне енгізуді ойластыру қажет. Олардың жалақысын көтеріп, мәртебесін арттыру керек", – деді депутат.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.