Еліміз бірнеше ұлт пен ұлысты біріктіріп, бейбітшілікті сақтап отыр. Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдері халқымыздың құндылығын сіңіріп, өздерін нағыз қазақ сезінеді. Қазақстандық кәріс, орыс және өзбек жігіттері Stan.kz тілшісіне қазақ ұлтына тән қандай қасиетті үлгі ететіндерін айтып берді.

“Қазақтың сары домалақ баласымын”

Владимир Чепель – Ассамблеяның белсенді мүшесі. Ұлты орыс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын 30 жастағы азамат Алматы облысы, Ақсу ауданы Қапал ауылдық округы әкім аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. 2017 жылдан бастап Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің жас өкілдері арасында мемлекеттік тілді оқыту орталығында қазақ тілін меңгерем деушілерге көмектеседі. 

Оның айтуынша, қазақ халқының үлкендерге құрмет көрсетуі оны басқа ұлттардан ерекше етеді. Қазақтармен етене байланысы осы құндылықты дамытты дейді.

“Мен – шексіз даламыздың ұлымын. Бала кезімнен маған үлкендерге құрмет көрсету керек екенін ауыл тұрғындарынан үйрендім. Қазақтардың жасы келгендерге сыйластығы ерекше. Кішкентай кезімнен әр таң сайын мектепке бара жатып, көшемде тұратын аталарыммен амандасуды әдетке айналдырғам. Сол кезде біз әрқашанда жылы сөйлесетінбіз. Қазақтар әрдайым адамдарды жақын тартып, өз бауырындай көреді. Соның арқасында менің де мінезім ашық болды деп ойлаймын. Өйткені бейтаныс жандармен тез араласып, коммуникацияға оңай түсемін”, – деді ол.

Айтуынша, қазақтардың толеранттығы мен бейбіт болуының арқасында ол өзін ешқашан басқа ұлт өкілі деп те ойламаған. Ол “ұлтым басқа болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады" дейді.

Ол қазақ ананың сүтін еміп өскендіктен де, өзін қазақ санайды. Сөзінше, Владимирдің анасының емізетін мүмкіндігі болмаған. Сол себепті Алтын атты қазақ әйел оны емізген.

“Көбі менің мемлекеттік тілді жетік меңгергенімді біледі. Мен қай жастан бастап мемлекеттік тілді меңгергенімді айта алмаймын, өйткені ана тілім сияқты бала күнімнен қазақша сөйледім. Қазақ ананың сүті арқылы қазақи тәрбие, қазақ мәдениеті дарыған шығар. Тіпті орыс тілінде сөйлейтін кезде мәтінді алдымен қазақ тілінде құрастырып, қазақша ойлап, кейін оны орысшаға аударамын. Мен – ауылдың қара топырағына аунап өскен қазақтың сары домалақ баласымын. Мен елімді, жерімді, мемлекеттік тілді шын сүйемін. Еліңді, халқыңды сүю үшін себеп те керек емес, мен өзімді елімнің азаматы, қазағымның ұлы санаймын”, – деді Чепель. 

  • "Қазақтың сары домалақ баласымын": Алматылық Владимир қазақстандық екенін не үшін мақтан тұтатынын айтты

“Қазақ кез келген жанды бауырындай көреді”

Ал өзбек этносының өкілі Рашид Нарзуллаев Кентауда шағын кәсіппен айналысады. Ол қазақтардың қайсарлығы баршаға үлгі екенін айтты. Сөзінше, қазақтардың тік мінезі оның қалыптасуына әсер еткен. 

“Қазақтардың қайсар болуына қарап, мен де сол қасиетті бойыма жиюға тырыстым. Соның арқасында алға қойған мақсаттарыма жетуге соңына дейін тырысып, қателессем сынып қалмаймын. Сондай-ақ қазақтар тік мінезді келеді. Өз шекараңды қорғап, қажет кезде “жоқ” деп айта алу үшін мінез қажет. Ал бұл мінез қазақтарда бар. Соның арқасында олармен тіл табысу оңай, өйткені қарым-қатынас барысында не нәрсе ұнамайды, көңіліңе не жақпай тұрғанын бірден бетке айтады, “ішімдегіні тап” деп жұмбақтау жоқ. Салыстырмалы түрде өзбектер нәзіктеу келеді, адамдарға жаман болып көрінуден қорқады. Қазақтарға қарап, мен де ойымдағы нәрсені бүкпесіз, ашық айтуды үйрендім. Соның арқасында іште өкпе-реніш қалмайды, өзіңнің жеке шекараңды қорғай аласың”, – деді Рашид. 

Айтуынша, оның өзін қазақ деп сезінуіне бауырмалдық қасиет әсер еткен.

“Қазақтар кез келген жанды өзінің жақынындай көре алады. Ештеңеге қарамай, “бауыр”, “жерлес”, “рулас” деп жақындықты тауып, соңында “інім” деп отырады. Кез келген уақытта осылай бауыр көріп, қол созуға дайын қазақ халқын жақсы көремін. Тіпті өзге ұлт өкілі болсам да, жақын тартуға себеп тауып, “түбі бір түркіміз”, “түркінің ұрпағымыз” деп етене араласады. Өзбек және қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі ұқсас, діні де бір. Десе де қазақтардың өмір салтындағы бір ерекшелік – демалып, ақшасын өз қалауына жұмсай алуы. Мен оларға қарап, өмірден ләззат ала білуді үйрендім”, – дейді өзбек жігіт.

Айтуынша, қазақ халқы табысының көп бөлігін көңіл көтеруге аямай жұмсайды. Яғни отбасымен кино мен кафелерге жиі барады, саяхаттайды. Ал өзбектер материалдық құндылықтарға аса сақтықпен қарағандықтан, үй, көлік алу, алтын алуды жөн санайтынын айтады. 

“Қазақ халқына қарап, әр сәттің қадірін түсінуді ұқтым”

Кәріс ұлтының өкілі Владислав Ким қазір 22-де. Алматыдағы медицина университетінде оқиды. Ол бала күнінен қазақы ортада өскендіктен, 6-сыныпқа дейін, яғни есін білетін жасқа келгенше, өзінің басқа ұлт өкілі екенін білмей, қазақпын деп келген. Өзге елдерде басқа этнос, басқа ұлт өкілдері бала кезде кемсітушілікке, буллингке ұшыраса, қазақтар ешқашан мені бөлектемеген дейді ол.

“Мен ешқашан өзімді бөлекпін, бұл қоғамнан басқамын деп ойлаған емеспін. Мен де өзімді қарапайым қазақ баласымын деп санап, жеткіншектермен бірге жеті атамды айтып, қазақша тақпақтарды жаттайтын едім. Мені шеттетпеген халқыма алғысым шексіз”, – дейді ол.

  • "Босанғаннан кейін үш мезгіл ас-тамағыңды беріп, балаға қарауды үйретеді": Кәріс жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы өзге елдегі тыныс-тіршілігін айтып берді

Айтуынша, қазақтарда адамдарды дәрежесіне, сырт келбеті немесе басқа айырмашылықтарына қарай бөлу жоқ. Барлық адамды бірдей деңгейде сыйлайды дейді ол.

“Кәріс халқы адамның қоғамдағы орнына байланысты сыйластық білдіреді. Құрметке ие болу үшін жетістіктер болуға тиіс. Қазақ қоғамында мұндай құбылысты сирек кездестіруге болады. Қазақтар қандай жағдай болмасын адамның көңілін ең бірінші орынға қояды. Осы қасиетін аса қатты бағалаймын. Ал сыртқы келбет үшін кемсіту мүлдем жоқ. Ал Кореяда пластикалық хирургияға бәрі дерлік жүгінеді, себебі жұмысқа қабылдау, отбасы құру кезінде адамның сырт-келбеті басты рөл ойнайды”, – деді Ким.

Ол қазақ халқының демала алуын, жақындарымен бірге уақыт өткізу дәстүрін үлгі аларлық нәрсе деп санайды.

“Қазақ халқы жиі дастархан басында бірге жиналып, отбасылық кеш өткізеді. Демалыс уақытында бірге ойын-сауық кешендеріне баруды жөн көреді. Осыған қарап, әр сәттің қадірін түсіну керек екенін ұқтым. Кәрістер сәтпен емес, мақсатпен өмір сүреді. Мысалы жұмысын соңына дейін, яғни айтылған уақытқа дейін бітіру үшін демалыс уақытын құрбан етуге әзір. Соның кесірінен күйзеліс, депрессия, суицид жиі болады”, – деді кәріс жігіт.

Сонымен қатар ол қазақ әйелдерінің ерекшелігін, ер адамға түсіністік таныта алуы мен сыйластығын ерекше атап өтті. Айтуынша, қазақ әйелі ер адамға көп талап қоймай, болашақ жұбайын бар болмысымен қабылдайды.

Кәріс қыздар жігітке өте жоғары талаптар қойып, ер адамнан бағалы сыйлықтар сұрайды. Ер адам қиналса да, оны орындауға міндетті боп саналады. Ал қазақ қоғамындағы әйелдер ер адамның жағдайына қарай бейімделіп, оны түсінеді. Қиын жағдайда қолдауға тырысады”, – деді Владислав.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.