Мемлекеттік кірісті сыртқа шығармай, елдегі капиталға бақылауды күшейту үшін "Трансферттік баға белгілеу туралы" заңға  өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл заң жобасы мәжіліс отырысының 2-оқылымында қабылданады. Соған сай елде трансферттік бағаға қатысты бес жаңашылдық енбек. Аталмыш заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі – Әділ Жұбанов. Оның айтуынша, заңның жаңартылған нұсқасы мемлекеттің де, салық төлеушінің де мүддесін көздейді. Ол Stan.kz тілшісіне аталған өзгерістер ел экономикасына және қоғамға қалай әсер ететінін және оның халыққа қандай пайдасы бар екенін айтып берді. 

Трансферттік баға дегеніміз – екі тараптың мәмілелер жасау кезінде бағалар ауқымы ескеріле отырып, өзара келісіп немесе объективті түрде қалыптасқан нарықтық бағадан ерекшеленетін баға.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы 11 қазанда мәжіліске келіп түскен. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің салықтан жалтару үшін қаржыны, есепті жасырмауы үшін қажет. Нақтырақ айтқанда, ол активтердің шетелге кетпеуі үшін бақылау шараларын күшейтуге бағытталған. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Әділ Жұбановтың айтуынша, шетелге заңсыз активтердің көптеп кетуіне заңның әлсіздігі әсер етті. Ол енді заңға бақылауды күшейтуді енгізсе, мұндай олқылықтардың алдын алуға болатынын айтады. 

Соған байланысты депутат заң жобасының негізгі бес ережесін атап өтті.

  • Тауар биржаларында жасалған мәмілелерді бақылауды қайтару;
  • Бағалардың нарықтық диапазонын жетілдіру;
  • Мәмілеге қатысушылардың өзара байланысты тараптарының анықтамасын кеңейту;
  • Үш деңгейлі есептілікке қойылатын талаптарды өзгерту;
  • Нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдануды жетілдіру.
  • “Өзгеріс заңсыздықтың жолын кеседі”

    Әділ Жұбановтың айтуынша, тауар биржаларында жасалған мәмілелер 2019 жылға дейін бақылауда болып, содан кейін алынып тасталған. Соның салдарынан компаниялардың нарықтан төмен бағамен мәмілелер жасасқан фактілері тіркелді. 

    “2019 жылы Қазақстанның сұйытылған газы мен астығы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанда нарықтық бағадан 10-25% төмен бағада сатылған. Яғни капиталды сыртқа шығару қаупі туындады. Қазақстанда кірістің көп бөлігі экспорттан түседі. Ал бақылаудың жоқтығынан баж салығының түсімі ойлағаннан аз болды. Шикізатты экспорттағанның өзінде өзімізге тиесілі салықтарды ала алмадық. Заңсыз активтер Қазақстаннан қалай кетті дейсіздер? Ешкім ақшаны қапшықпен тасыған жоқ қой. Бәрі трансферттік баға бақыланбағаннан болды. Ал жаңа бақылау кірісті көбейтіп, ішкі қаражаттың сыртқа шығуының алдын алады, заңсыздықтың жолын кеседі”, – деді Жұбанов.

    Сөзінше, бұл экспортты ғана емес, импортты да қадағалайды әрі елдің нарықтық экономикаға өтуіне мүмкіндік береді. 

    “Салық есебі түзеледі”

    Депутат жиі кездесетін заңсыздықты мысалмен түсіндіріп, салықтан жалтару үшін кей кәсіпкерлер қандай схема қолданатынын айтты. 

    “Мұнайдың нарықтағы құны 100 доллар болғанымен, кәсіпкер оны өзіне ыңғайлы бағада –50 долларға сатады. Одан кейін оффшорлық аймақтан мекеме ашады. Ал мекеме оны 100 доллардан сатуын жалғастырады. Сонда 50 доллар шетелде қалып қойды деген сөз. Осындай құйтырқылық болмас үшін салық салу жолы мен нарық бағасының диапазонын өзгерткен жөн”, – деді депутат.

    Депутат бүгінде нарықтық бағалардың диапазонын анықтау дұрыс емес әдіспен жүргізіліп жатқанын түсіндіреді. Соның кесірінен салық та дұрыс салынбай жатыр. Ол жаңартылған нұсқада салық қалай жүретінін көрсетті.

    “Кәсіпкер тауарын шетелге шығарып, соны сатқысы келсе, оны міндетті түрде бақылау керек. Бір тауарды саудагер 10 долларға бағаласа, екінші саудагер дәл сондай затты 30 доллардан сатуы мүмкін. Демек тауардың орташа бағасы – 20 доллар. Өзгертілген нұсқа бойынша оларға орташа баға бойынша, яғни 20 доллар үшін салық салынады. Олардың шығыны есептеледі де, орташа пайда үшін салық салады. Осылайша диапазоны 25 пен 75-тің ортасы болады. Ал бұрын оның диапазоны кең болды, кәсіпкердің шығынын жалпы табыстан алып тастап, салықты пайдасынан ғана алатын. Ол кезде мемлекетке аз кіріс түсетін. Енді қаржы орташа бағадан алынады”, – деді ол.

    Айтуынша, қазіргі заңның тиімсіздігі сонша – ол ешқандай шетелдік практикада жоқ, ешқандай ел қолданбаған.  Ал  аталмыш өзгерістерді мамандар шетел тәжірибесі мен ұсыныстарынан алыпты. 

    Салық төлеушілерге жасалған ыңғайлылық

    Бұдан бөлек жаңа заң жобасы бойынша нарықтық бағаны айқындау әдістері де өзгереді екен. Мәселен, бүгінде арнайы иерархия бар. Олар:

  • Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі;
  • "Шығындарға қосу" әдісі;
  • Кейіннен өткізу бағасы әдісі;
  • Пайданы бөлу әдісі;
  • Таза пайда әдісі.
  • Бұл иерархия бойынша салық төлеуші көп уақыт жұмсайды, 1-әдісті тапсырады, басқаларын оңайлықпен қолдана алмайды.

    “Қазір салық төлеуші 5-әдісті қолданғысы келсе, онда ол алдыңғы 4 әдісті не себепті қолдана алмайтыны туралы негіздеме дайындауы керек. Ал жаңа өзгерісте мұндай иерархия жоқ. Енді салық төлеуші 1-әдісті неге қолдана алмайтынын түсіндірсе, қалған 4 әдістің кез келгенін өз қалауымен қолдана алады. Соның көмегімен салық төлеушілер уақытын, қаражатын үнемдейді. Нәтижесінде қызметкерлерге түсетін жүктеме де азаяды. Салық төлеушілер үшін бұл жақсы жаңалық болмақ”, – деді депутат. 

    Мемлекеттік кірістер органы үшін де салық төлеушілердің негіздемелерін қарау уақыты үнемделеді.

    “Есепті тапсыратындар саны көбейеді”

    Трансферттік баға белгілеудің үш деңгейлі есептілігі бар. Ол – жергілікті, негізгі және еларалық. Жаңа заң жобасы жергілікті есептілікті тапсыратындардың қатарын көбейтпек.

    Қазіргі заң бойынша жергілікті есептілікті құрылтайшыларының қатарында шетелдік азаматтары бар компаниялар тапсырады. Оған бұрынғы "АрселлорМиттал Теміртау" АҚ, Energy-ді мысалға келтіруге болады. 

    “Ендігі өзгеріс бойынша жергілікті есептілікті халықаралық мәміле жасасатындардың бәрі тапсырмақ. Құрылтайшылардың құрамында шетел азаматы болса да, болмаса да, ол бейрезидент, резидент болса да, тапсыруға міндетті болады. Бұл жергілікті есептілікті ұсынатындардың шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы арқылы трансферттік баға белгілеу кезінде қашықтықтан бақылауды жақсарта аламыз”, – деді қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

    Депутаттың мәлімдеуінше, мұндай бақылау жосықсыз кәсіпкерлерге жақпауы мүмкін. Себебі құйтырқы әрекеттерді іске асыру қиындайды. Алайда таза, салықты орнымен төлейтіндер үшін бұл жаңашылдық көп мүмкіндіктер береді.

    Егер өзгерістер қолданысқа енсе, келесі жылы өкілетті орган мұның нәтижесін бөліседі. 9 ай қорытындысы бойынша есеп беріп, мұның әсері мен пайдасын дүйім жұртқа таныстырады.


    Автор: Даулет Байгонусов

    Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.