Елімізде вейп сатуға түбегейлі тыйым салынса контрабандалық жолмен саудалайтындар қатары көбейеді. Осылай деп дабыл қаққан электронды темекі сататын кәсіпкерлер басқа шешімін қарастыруды сұрап отыр. Ал кәмелет жасына толмағандар арасында кең етек жайған вейптерге тыйым салу туралы заңды мәжіліс депутаттары қабылдаған болатын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Istock

 

Төрт жыл бұрын дәл осы кәсіптің қыз-қыз қайнаған тұсында жеке кәсібін дөңгелету мақсатында вейп дүкенін ашқан Самуил Мовшович қазір істің жөнге қойылғанын айтып отыр. Мемлекеттің бұған дейін қойған барлық талаптарын орындап, заң бойынша жұмыс жүргіздік деген азамат, тыйым салу туралы қабылданған заңнан кейін біраз алаңдао отырғанын айтады. Өйткені қара нарық арқылы саудаланған нүктелердің кесірі енді бізге де тие ме дейді.

“Біз дүкендегі өнімдерді тек қана кәмелет жасына толған, яғни 21 жастан асқан азаматтарға ғана сатамыз. Олардың құжаттарын міндетті түрде тексереміз. Бізге де оқушылар келіп вейп сұраған кездері болды. Бірақ үзілді-кесілді бас тартып қызмет көрсетпейміз”, – дейді жеке кәсіпкер Самуил Мовшович.

Ал Қазақстанның темекі нарығы операторлары қауымдастығының мүшесі Жамал Манастың сөзінше, қазір оны алып тастаса заңсыз сатып жатқандар балаға сол күйі саудалай береді.

“Неге өте көп айыппұл енгізбеске? Неге балаларға сатқандарды, бірнеше жылға соттамасқа?”, – дейді ол.

Жастар арасында кең етек жайған вейптерді сату мен таратуға тыйым салатын заңның қабылданғанына көп болған жоқ. Бірнеше жаза тағайындалған. Мәселен, саудалаған азаматты 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылса, алып келіп, таратқаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар мұны бірнеше мәрте жасағандар 5 жылға дейін сотталмақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бүгінде 33 ел электронды темекіні тұтынуға тыйым салып, 79 мемлекет қоғамдық орындарда пайдалануға және оны жарнамалауға шектеу қойды. Бұған дейін мәжілісте қабылданған заңға депутаттардың басым бөлігі қолдайтынын білдірген еді.

“Денсаулық кодексіне құрамында сұйық, газ, хош иістендіргіштер сияқты темекі қоспалары бар электронды құрылғыларды, яғни вейп сатуға және пайдалануға шектеу қоятын өзгертулер енгізбекпіз. Қазақстанда оларды сатуға және пайдалануға толық тыйым салынады. Біз Салық кодексінен бұл ұғымды мүлдем алып тастадық", – деп атап өтті мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Әзірге бұл мәселенің қалай реттелетіні белгісіз. Өйткені, шектеу қойылғаннан кейін электронды темекілер біржола жоғала ма деген сауал көпті мазалайды.

Бұған дейін Respubliсa партиясы үкіметтің вейптерге толығымен тыйым салу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.