«Наурыз – думан» атты қазақтың салт – дәстүрін дәріптейтін әдеби – танымдық кеш Мақсаты



Дата22.09.2018
өлшемі106.5 Kb.
#46020

«Наурыз – думан»

атты қазақтың салт – дәстүрін дәріптейтін

әдеби – танымдық кеш

Мақсаты:

Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра етіп қалдырған салт- дәстүрін, наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, әрі дамыту және көркейту.

Оқушыларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеуге, сақтауға тәрбиелеу.

Фан – фар

Ортаға екі жүргізуші шығады

Жүргізуші: Әшімхан Назерке (10 - сынып оқушысы)

Ата – салтым асыл мұрам, ардағым,

Бабалардың жалғастырар арманын.

Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,

Өткенімді бүгін менен жалғадым.

Салт – дәстүрлер әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс – тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жиналып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Салт – дәстүр ұлт үшін өмір қоғам заңына негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық өнеге тәжірибесін құраған.


Жүргізуші: Серікбай Айдана (8 - сынып оқушысы)

Салт – дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік– тәрбиелік мәні зор, халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи – әлеуметтік, мәдени –тұрмыстық, кәсіптік, салт – сана, мінез – құлық, тәлім – тәрбие және рухани іс– әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт – дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы.



Жүргізуші: Әшімхан Назерке ( 10 - сынып оқушысы)

№39 Темірбек Қожакеев атындағы орта мектеп – гимназиясының «Қожакеевтанушылар» әдеби – танымдық клубының мүшелері

дайындаған «Наурыз – думан» атты қазақтың салт – дәстүрін дәріптейтін әдеби – танымдық кешімізге қош келдіңіздер!

«Детство» күйі ойнап тұрады

Сахнада Атасы мен баласының әңгімесі

Атасы қолына қамшы алып отырады да баласын шақырады

Атасы (Байтас Бек): Дінмұхамед балам, келе қойшы!

Атасы (Байтас Бек): Балам жолға дайындал!

Бала (Өмірбек Дінмұхамед): Ата біз қайда барамыз?

Атасы (Байтас Бек): Ботбай Сәмен батырдың ұрпақтары тараған құтты мекенге барып қайтамыз.

Бала (Өмірбек Дінмұхамед): Алақай, жолға шығамыз! Ата, жолға қашан шығамыз?

Атасы (Байтас Бек): Балам, бүгін сейсенбі. Мұсылман елі сейсенбі күні жолға шықпайды, сапарға аттанбайды, бұл күні жол болмайды деп ырымдаған. Екеуіміз сәрсенбінің сәтті күні шығамыз.

Бала (Өмірбек Дінмұхамед): Ата, ол ауылға не үшін барамыз?

Атасы (Байтас Бек): Ол ауылға барып, ауыл ақсақалдарын аралап бата аламыз.

Бала (Өмірбек Дінмұхамед): Алақай! Ботбай Сәмен батырдың ұрпағы тараған киелі мекенге барамыз!


Жүргізуші: Серікбай Айдана (8 - сынып оқушысы)

Сәрсенбінің сәтті күні де келіп жетті.


Атасы (Байтас Бек): Жүреғой балам, жолға шығайық!

(Атасы мен баласы келе жатқанда бір топ балалар асық ойнап жатады)

Айдын, Ердос, Нұрхан, Нурали

Бала (Серікбай Айдын): Ассалаумағалейкум, ата! Жорытқанда жолдарыңыз болсын!

Атасы (Байтас Бек): Ия, Уағалейкум Ассаллам! Бай бол балам! Кімнің баласысың? Көреген жердің баласы екенсің, өркенің өссін!

Бала (Серікбай Айдын): Атамның баласымын.

Атасы ( Байтас Бек): Жарайсың! Көп жаса! Атаңның аты кім?

Бала (Марклен Ердос): Атамның аты .......

Атасы ( Байтас Бек): Арғы атаңның аты кім?

Бала (Серікбай Айдын): Арғы атаңның аты.......

Атасы ( Байтас Бек): Е, Мен сенің арғы атаңды танушы едім, керемет көреген, ақылды жан еді. Өсіп өнген жандардың ұрпағы екенсің!

Бала (Серікбай Айдын): Ата, бүгін біздің ауылда той болып жатыр. Қасым ағамның үйіндегі жеңешем дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Үйімізге кіріп қонақ болыңыздар. Жүріңіздер!

Атасы ( Байтас Бек): Ой бәрекелді балам, ақ жарылқап күн тусын балам. Ырыс несібелерің алты қырдың астынан тоссын. Қуана жаралған екенсіңдер, қуаныштарың өздеріңмен тете өссін! Ал балам, жол баста, барсақ барып шығайық.
(Шал мен баласы Қасым кісінің үйіне беттейді)

Бала (Серікбай Айдын): Әке, қонақтар келе жатыр!

Атасы (Байтас Бек): Ассалаумағалейкум!

Қасым кісі (Ильяс Даулет): Ия, Уағалейкум Ассалам. Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер! Қыдырлы қонақ қыдырып келсе, қыдыр соңынан шұбырып келеді деген екен атам қазақ. Наурыз мерекесіне тұспа – тұс біздің үйде қуаныш болып жатыр еді. Үйіміздің құтты қонағы болыңыздар. Төрлетіңіздер! Бәйбіше, қазан көтер!

Атасы (Байтас Бек): Ұл туғанға күн туады, қыз туғанға ай туады, ұл туса – ат ұстар, қыз туса – көйлек тігер деген дана халқым. Сәбилеріңіздің бауы берік болсын!
Қасым кісі (Ильяс Даулет): Ата – ананың перзент алдындағы міндетінің бірі азан шақырып ат қою. Бұл шаңыраққа ұл келсе де, қыз келсе де жасалатын сүннет амалдардың бірі. Үйімнің құтты қонағы болып, ұлымның атын сіз қойыңыз.

Атасы (Байтас Бек): Керей мен Әз – Жәнібек аталарымыздың атын жаңғыртып , сол хандардай ер туса ел басқарар деген ниетпен атын Жәнібек деп қойдым. СЕНІҢ АТЫҢ ЖӘНІБЕК

( ҚҰЛАҒЫНА ҮШ РЕТ АЙТАДЫ)


Атасы (Байтас Бек): Бата береді


Қасым кісі (Ильяс Даулет): Ал бәйбіше, Жәнібегімді өзіңе тапсырдым. Бесікке сала ғой!
Жүргізуші: Серікбай Айдана (8 - сынып оқушысы)

Бесік - сан ғасырлар бойы ұлттың ұясы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мүлік, қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі. Бесікті қатты қадірлейтіндігі соншалықты, қазақ атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына дейін бөлейді.  Бесік – қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші – алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді.

Сахнада Атасы (Байтас Бек) , Қасым кісі (Ильяс Даулет), бәйбіше (Бөлекбаева Айша), келін (Бәкірбай Нұрзат) нәрестемен, үш бала, бесікке салатын әже (Серғазиева Жұмакүл апай) отырады.

Бесікке салу салтын көрсетеді

Келіннің анасы (Маратқызы Жаннұр): Құдағи, енеміз айтып отырушы еді аттың жалы бесіктің аяқ жағына қойылады деп. Балаңыз шабандоз болсын, аты жүйрік болсын, алыңыз құдағи.

Келіннің енесі (Серғазиева Жұмакүл апай)

Құдіреті күшті Алла,

Қазынасы кең Алла.

Кешірімі көп Алла,

Қайырымы мол Алла,

Тілегенін бер Алла!



Әжелер Бесік жырын айтады.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем,

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?!

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?!

Әлди, әлди, ақ бөпем, 
Ақ бесікке жат, бөпем! 
Жылама, бөпем, жылама, 
Жілік шағып берейін, 
Байқұтанның құйрығын 
Жіпке тағып берейін. 

Жүргізуші: Әшімхан Назерке ( 10 - сынып оқушысы)

Перзент дүниеге келген соң ата – ананың көз қуанышына айналады. Оның әрбір қылығы мен алғашқы қадам басқан сәттері қазақ үшін дәстүрге толы кезең. Сондай жоралғының бірі тұсау кесер.


Жүргізуші: Серікбай Айдана (8 - сынып оқушысы)

Тұсауы кесілер баланың үйінің іргесіне қазық қағылып оған ала арқанның бұрышын байлап, екінші ұшын баланың аяғына байлап . Ұзап кетпесін елден, туған, кіндік кескен жеріне қайта оралсын деген ниетпен байлаған екен.



Серғазиева Жұмакүл апай

Тұсау кесер салтын Меркі ауданының құрметті азаматы, Жауғаш батырдың ұрпағы - Зауыт кісі, Меркі ауданының құрметті азаматшасы, Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі - Шырын Мамасерикова, Меркі ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі - Бектұрған Жамбабаев аталарымыз бен апаларымызға кестірсек деп арнайы шақырттық. Осы кісілер сияқты сыйлы, қадірлі, құрметті, көрегенді, ақылды, әрбір қадамы нық болсын деген ырыммен.

Жүргелі тұрсың ба сен? Көкпар шапқалы тұрсың ба? Біздің көптен күткен тойымыз бүгін. Тойымызды бастайық. Ағайын тума туысқандарды шақырайық .Әй, келін ағайындарды ,ауылдастарды , абысын –ажындарды шақырып кел.

Қонақтарымыз бірге ілесіп келеді.
Зауыт кісі: Баламыздың қарны тоқ болсын, қазанды болсын, бай болсын, бақуатты болсын, дәулетті болсын деп тоқ ішекпен кесеміз.

(тоқ ішек, мата, қайшы)



Шырын Мамасерикова: Біреудің ала жібін аттамасын, біреудің ақысын жемесін, жолы ақ болсын деп ала жіппен тұсауын кесеміз.

(тоқ ішек, мата, қайшы)



Бектұрған Жамбабаев: Өсіп өнсін, көпшіл болсын, ұрпағы көп болсын, деп тұсауын көк шөппен кесеміз.

(тоқ ішек, мата, қайшы)


Тұсау кесеу рәсімі көрестіледі

Тұсау кесу жыры

Тоқ ішек пен ала жіп,

Жасыл шөппен жарасып.

Көк шөппенен кесейін,

Тұсауды біз санасып.

Қаз – қаз, балам, қаз балам,

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Жүре қойшы құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.



Серғазиева Жұмакүл апай:

Үйімізден құр шықпаңыздар! Орамал тон болмайды, жол болады демекші кішкене сыйлықтарымызды қабыл алыңыздар!


Тұсау кесу рәсімінің шашуы шашылады.

Жүргізуші: Әшімхан Назерке ( 10 - сынып оқушысы)

Ұлың өссе, ұлы үлгілімен ауылдас бол:

Қызың өссе, қызы үлгілімен ауылдас бол:

деген ниетпен Атамыз бен немересі Шақылдақ ананың үйіне қарай жол тартты.



Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Келіңіздер төрлетіңіздер! Алыстан шөлдеп келдіңіздер, қымыздан алыңыздар!

Атасы (Байтас Бек): Алыста болсақ та құлақ түріп естіп жатамыз. Қазақтың дүниеқоңыз мың кемпірін жинап беріп, орнына ала алмайтын асылдан екеніңізді біліп – ақ келіп тұрмыз. Арғы жағын сұрасаң – қас алтының сынығы, бергі жағын сұрасаң – судың тұнығы дейді өзіңізді. Сіздің бала тәрбиесіндегі өнегеңізді көріп қайтайық деп келдік.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Балам, мына аталарың бұл жерге ат басын күнде бұра бермейді. Келе ғой балам!

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Ассалаумағалейкум!- деп кеудесіне басып сәлем береді.

Атасы (Байтас Бек):Уағалейкум Ассалам! Ақ жарылқап күн тусын балам!

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Нұрабай балам, Аталарың саған қандай жақсы сөздерін айтты. Сен енді сол тұрған орныңнан қозғалмай бұл кісілерге де жауап айтуың керек. Сен өзің қайдан келдің?

Атасы (Байтас Бек): Е, ойын баласы да, қайдан келдің деріңіз бар ма?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Адам атаның ниетінен, Хауа ананың рахымынан келдім.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Ниеті не? Рахымы не?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Ниеті– Адам ата Алладан ұрпақ беруін сұрады. Рахымы – Хауа анамыз он ай көтеріп омыртқасы үзіліп, егінің жігі ажырап дүниеге әкелді. Ол аздай біз үшін түн ұйқысын төрт бөліп ақ сүтімен асырады.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Жеті нәрсе бір – бірінен тоймас. Ол не?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Әуелі көз көрмектен тоймас, еркек сұлудан тоймас, от отыннан тоймас, ғалым ғылымнан тоймас, бай байлықтан тоймас, құлақ естуден тоймас, адам жас жасамақтан тоймас.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Адамға пақырлық – қорлық келтіретін не?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Өтірік ант ішу, нан қоқымын аяқ астына жерге тастаса , қолын жумай тамақ жесе, ғалымның ғылымын қор тұтса, дәрет қылған жерде намаз оқыса.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Адам үшін ең шырын, тәтті нәрсенің шүкіршілігі неден тұрар?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Жақсыларменен сұхбатта отырмақтан тұрар.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Қорқақ қандай болады?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Қорқақ қашамын деп жүріп, қаңғыған оққа кез болады.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Жалтақ қандай болады?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы):Жалтақ жасырынамын деп жүріп, түйенің құмалағына сырғанап, сиырдың жапасына жығылады.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Олақ қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы):Байлаған жібі үзіліп, артқан жібі шашылып жатады. Жасағаны – сынғақ, бояғаны – оңғақ, бақаннан балта сап, уықтан ұршық сап ала алмай мазақ болып өтеді.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Салақ қандай болады?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы):Тесікке тығын, жыртыққа жамау қыларлық, атқа тоқым, адамға лыпа боларлық бұйымы жоқ жарлының өзі болады. Өле жаман болмаса, өле жарлы болмайды.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Сабарсыз қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Ұшқалақ адам сабырсыз, сабырсыз адам қадірсіз болып, ілікке алынбай жүреді. Сабырсыздың азабын ешкім елемейді.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Талғамсыз қандай болады?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Кез – келген астан жерінбес, кез – келген істен ерінбес, атқа жеңіл телпекбай атанады.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Талапсыз қандай болады?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Жылқының шобырын мінген, жігіттің тобыры болып, мешеуге айналады.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Мейірсіз қандай болады?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Тіріге жылы қарамас, өлгенге жоқтап жыламас, тойлы жерде жырлауды, өлімді жерде жылауды білмес.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Тәкаппар қандай болады?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Тәкаппардың тәубесі қабыл болмайды, ешкімді менсінбеген тәкаппар – кісісі өлсе жалғыз жылайды.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Тәубесіз қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Тәубеге келмей даңдайсып кетсең көзің ойылғанша жылайсың. Күлегеш көз – жылаудың да ұясы.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Кезбе адам қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Асанның иті, Хасанның үйінен тамақ ішіп, Досанның үйін қориды болып, өзінің үйінен гөрі даланың тілеуін тілейді.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Кедейдің кердеңі қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Соқыр елік, кедей кердең келеді, кекірейіп дегендей, ұры тонар пұлы жоқ, сайтан алар діні жоқ тақыр мырза атанады.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Қазымыр жігіт қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Сүйреңдеген жаман тіл, сүйгеніңнен айырады болып, нені қорласа, соның зарын тартады.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Тексіз қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Естімес деп ғайбат айтып, білмес деп ұрлық қылып, елден жасырғанымен арына бас ұрып өледі.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Ойсыз қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Құдайға жаны қысылғанда жалынып, өмірдің тәтілігін, өлерінде біледі.

Шақылдақ ана (Мекен Бекзат): Мылжың қандай?

Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Ауыз жаппас мылжыңнан, ақылды мылқау артық болып маңдайы жарылған бір мылжың, таңдайы жарылған үш шешенді жеңеді.

Атасы (Байтас Бек): Бағана Нұрабай балам адам үшін ең шырын, тәтті нәрсенің шүкіршілігі неден тұрады? деген сауалға не дегенін еске түсіріңіздерші? Жақсылармен сұхбатта отырмақтан тұрар демеді ме? Олай болса, біздің сізбен бірге сұхбатта болып отырғанымыздың өзі бір ғанибет!
Бала(Ақберді Нағашыбекұлы): Бүгін көрші елде Ақындар айтысы болады. Сонау Жеті таудан асып Қырғыз елінің атақты ақыны Қатаған ақын мен қазақтың Сүйінбай ақынның айтысы болады . Ендеше жүріңіздер айтыс көрейік.

Атасы (Байтас Бек): Ой бәрекелді! Көріп қайтайық!
Жүргізуші: Әшімхан Назерке ( 10 - сынып оқушысы)

Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі. Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің, жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. 


Жүргізуші: Серікбай Айдана (8- сынып оқушысы)

1848 жылдың қоңыр күзінде қырғыздың бай шонжар манабы Орманхан шешесіне ас береді. Бұл жиынға аралас құралас отырған қазақтың Тезек төре, Бөлтірік шешен бастаған игі жақсылары бір қауым ел болып қатысады. Астың ақындарсыз өтпесін білген ақын жанды Тезек төре  елге атағы жайылып, таныла бастаған Сүйінбай ақынды ала барады.


(Қатаған би мен Сүйінбайдың айтысы)

Атасы (Байтас Бек):Балам, енді біз діктеп шыққан ауылымызға барайық!
Жүргізуші: Серікбай Айдана (8- сынып оқушысы)

Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрінің бірі Бата беру. Бата – адал ниет пен тілек білдірудің белгісі. Дастархан басында түрлі жиын тойларда қуаныш иесіне арнап қол жайып бата береді. Ол арқылы бабаларымыз ұрпақтарын адамгершілікке, имандылыққа, шешендікке баулыған. Қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, бәле жаладан қорғайды деп есептеген. Бата беретіндер көбінесе көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер билер болған. Солардың берген баталары бүгінде ел аузында сақталып, халық мұрасына айналды. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. Бата берерде әркім Ия, Құдайым, Ия Тәңірім, Ия Алла,Жаратқан секілді бағыштау сөздермен бастап, бата соңында әумин деп аяқтайды. Періштелер Әумин десін. Жаратушымыз қабыл етсін деген ниетпен айтылады. Батаны жатқа айтатын ұрпақ пен оны үйрететін қадірлі қарияларымыз арта түссін.



Бата беруші: «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгереді» демекші, жақсы сөз – жарым ырыс. Бабалар өсиетін тұмардай көкірегімізге сақтайық, баталарымыз қабыл болсын. Аумин!

(Ауылдың қариясы Бата береді)

Жүргізуші: Әшімхан Назерке ( 10 - сынып оқушысы)

Көргенде қуанасың таза әуені,

Құлаққа естілгендей жаз әуені.

Жыл сайын тойланатын мәңгі – бақи,

Наурызың құтты болсын, қазақ елі.

Уа, халайық, халайық,

Ақ сандықты ашайық.

Бұл мереке, бұл тойдың

Шашуларын шашайық!

Жүргізуші: Серікбай Айдана (8- сынып оқушысы)

Шашу, шашу. Көп шашайық шашуды,

Жауғандай көк аспаннан нөсер жаңбырдай.

Уа, жамағат жинап ал несібеңді,

Ризығың болсын көл-көсір.

Қашанда құт - береке орнасын деп,

Тойларда шашу шашу-салты елімнің,

Уа, халайық теріп ал тәттілерді,

Қабыл қылсын халқымның ақ тілегін.

(Әжелер шашу шашады)


  1. «Қожакеевтанушылар» әдеби – танымдық клубының әншісі Мадахметова Ардақтың орындауында «Наурыз» әні

2. «Қожакеевтанушылар» әдеби – танымдық клубының әншісі Жарылқасын Аянаның орындауында «Көктем» әні

3. 2 «Б» сыныбының «Шұғыла» бишілер тобының орындауында «Наурыз» биі

4. «Шұғыла» бишілер тобы «Қазақ» биі

5. Республикалық, Халықаралық ән байқауларының лауреаты Серікбай Алибатырдың орындауында «Жаным Қазақ»

Қойылымды дайындағандар:



«Қожакеевтанушылар» әдеби –танымдық клубының Қоғамдық Кеңестің мүшесі- Алтынбекова Мейрамкуль Жексенбіқызының ұйымдастыруымен

Отарбаева Гульнур Аликқызы - «Қожакеевтанушылар» әдеби –танымдық клубының жетекшісі.

Жексенбі Әділет Елікханұлы - «Қожакеевтанушылар» әдеби –танымдық клубының әдебиетшісі.

№39 Темірбек Қожакеев атындағы орта мектеп-гимназиясы



Меркі 2017жыл
Каталог: uploads -> doc -> 0712
doc -> Тест сынып Ұлы Отан соғысы нұсқа
doc -> Пєн атауы: Математика
doc -> Сабаќтыњ тарихы: ХІХ ѓасырдыњ 60-70 жылдарындаѓы ќазаќ халќыныњ отарлыќ езгіге ќарсы азаттыќ к‰ресі
doc -> 1 -сынып, аптасына сағат, барлығы 34 сағат Кіріспе (1 сағат)
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы
0712 -> Урок окружающего мира


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет