23 қаңтар күні Алматыда болған 5 балдық жер сілкінісінен кейін көпшіліктің көкейінде түрлі сауалдар пайда болды. Осы тұста алматылықтар ең бірінші өздерінің тұрған үйлері қаншалықты сапалы екенін білгісі келеді. Stan.kz тілшісі мамандардан мегаполистегі ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігі туралы сұрап көрді. 

Сурет pixabay-дан

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры, техника ғылымдарының кандидаты Ералы Тоқпаровтың айтуынша, Алматы қаласындағы үйлердің барлығы 9-10 баллдық жер сілкінісі есептеліп салынған.

“Алматы қаласында құрылыс нормасында ғимараттар 9-10 балдық есепте белгіленген. Сондықтан бұл қалада салынған кез-келген ғимарат осы норманы сақтап, 9 балдық апатқа төтеп бере алуы керек. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан барлық ғимаратты тексеруге біздің құқығымыз жоқ. Егер ғимарат салынып жатқанда ақау болса және Құрылыс басқармасының рұқсаты болса ғана біз тексеріс жұмыстарын бастай аламыз”, – деді маман. 

Зілзала орын алса, саман кірпіш, тастан салынған үйлер бірінші қирайды

Ералы Тоқпаров сонымен қатар жер сілкінісіне мегаполистегі қандай ғимараттардың төтеп бере алмайтынын да айта кетті. 

“Көбіне қаладағы кеңестік дәуірде кірпіштен салынған, бір-екі қабатты ағаш қаңқалы үйлер зілзалаға төтеп бере алмайды. Олар сол заманғы құрылыс нормаларына сай келгенімен, қазіргі сейсмикалық аймақтың нормасы мүлде бөлек. Мәселен, 2018 жылы Сәтпаев көшесіндегі Орталық стадионның артында орналасқан осындай ескі үйді сынап көрген едік. Тексеріс кезінде екі подьезді, үш қабатты үйдің төбесіне арнайы сілкігіш құрал қойылды. Сол кезде ғимараттың 9 балға төзбейтінін көрдік. Қирап қалмаса да ары қарай жөндеуге жарамайтын жағдайға жетті. Сондықтан бүгінгі таңда осы секілді кірпіштен салынған ғимараттарды 8-9 баллдық зілзалаға төтеп бере алмайды деген қорытындыға келіп отырмыз. Егер табиғи апат орын алса, ең бірінші, саман кірпіш пен тастан салынған үйлер қирайды”, – деді ол. 

Фото: pixabay

Маман, әсіресе, адамдардың қаржысы жетпегендіктен қолда бар материалдармен салған үйлеріне алаңдайтынын жеткізді. Айтуынша, мегаполисте ондай нысандар өте көп. 

  • Эколог Мэлс Елеусізов алматылықтарға жер сілкінісінен аман қалудың екі нұсқасын ұсынды

  • Сенатта пәтердің жоспарын заңсыз өзгерткендерге қылмыстық жауапкершілік жүктеу мәселесі көтерілді

“Бізге Алматы қаласы бойынша алдыңғы 5 балдық жер сілкінісінде жарықтар пайда болған 188 ғимаратқа қатысты шағым түсті. Оның ішінде тұрғын үй, мектеп, мекемелер бар. Қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Зерттеуіміз бойынша, жарықшақтар жүк түспейтін конструкцияларда, екі ғимараттың қиылысқан тұсында, сейсмикалық жік болған жерлерде пайда болған. Біз әлі тексеріп бітпедік, алайда 80-90%-ы осындай”, – деп қосты Ералы Тоқпаров.

Маман Алматыда 2017 жылы 10 525 ғимарат, 2023-2024 жылы 16 701 нысан тексерістен өткенін тілге тиек етті. 

Ең төзімдісі монолитті және панельді үйлер

Осы тұста сәулетші Айдын Ақбай қандай үйлер жоғары балдық жер сілкінісіне төтеп бере алатынын айтып өтті. 

“Қазір үйлердің көбі монолитті және металды каркас төзімділік диафрагмасы бойынша салынады. Үйлер арасында табиғи апат кезінде ең төзімдісі – монолитті және панелді үйлер. Негізі біз ғимараттарды сейсмикалық төтеп бере алатын арнайы іргетастармен қаласақ, сапа өте керемет болар еді. Өкінішке қарай бұл өте қымбат және бізде әлі тәжірибеде қолданылмаған. Мұндай іргетастар өте мықты әрі шыдамды”, – деді маман.

Сәулетші жер сілкінісі кезінде тұрғындар үйден шыға алмаған жағдайда ережеге сай үй ішіндегі арнайы бағандар мен қауіпсіз орындарды білуі қажет екенін тілге тиек етті. 

“Апаттық жағдайда кіре беріс (проемы), диафрагмалық бағандар қауіпсіз орын болып есептеледі. Бұл бағандар үйіңіздің қай жерінде орналасқанын міндетті түрде білу керек. Дабыл сөмкесін дайындап, жер сілкінісі кезінде адамдар не істеуі керегін толықтай меңгергені абзал. Тіпті келешекте мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп, ғимараттар тек арнайы сейсмо қауіпсіз технологиялық құралдардан жасалса деймін”, – деп қосты маман. 

Сурет pixabay-дан

Ғимараттың сапасын тұрғындар құртып жатыр”

Айдын Ақбай сонымен қатар ғимараттардың сапасының нашарлауы тікелей тұрғындарға қатысты мәселе екенін айтады. Сөзінше, құрылыс кезеңі жақсы өткенімен, пайдалану барысында көпшілігі өз бетінше жобалап салынған ғимараттың қабырғаларын бұзып жатады екен.

“Пайдалану барысында жекеменшік иелері мен тұрғындар нысанның маңызды, тірек қабырғаларын бұзып жатады. Тіпті барлық жүкті көтеріп тұрған бағандарға дейін қозғайды. Өз беттерімен талапқа сай келмейтін жобалар жасайды. Тіпті жаңадан салынған үйлерді былай қойғанда, ескі үйлердің де жобасын қалай болса солай өзгертіп тастаған. Бұл ғимараттың тұрақтылығы үшін өте қауіпті. Тұрғын үйді пайдалану кезіндегі әркеттер кесірінен ғимараттардың сапасы құртылып жатыр. Сондықтан барлық тұрғындарға осыған назар аударуды сұраймын. Себебі олардың өз пәтерлерінде бұзып тастаған қабырғалары мен түрлі өзгертулер ғимараттың бастапқы сапасына әсер етеді. Міне, қазір салынып жатқан ғимараттардың сапасының нашарлауына басты себеп осы”, – деп атап өтті маман. 

Маманның айтуынша, одан бөлек, нысандарды жобалау кезінде белгіленген уақыт мерзімі мен жобалаудың құны да үйдің сапасына әсер етеді.

“Бізде жобалау кезінде асығыстықтар байқалып жатады, яғни тез аяқтауға тырысады. Одан бөлек, жобалау құны да сәйкесінше арзан болып отыр. Мәселен, Жапонияда жобалау құны үйді салуға жұмсалған қаржының 50%-на тең болса, бізде бұл сома тек 1% болып отыр. Сондықтан баға да жобалау сапасына қатты әсер етеді. Елімізде жобалау мен архитектор жұмыстарына міндетті түрде бірінші назар аударылу керек деп білемін. Тиісті қаржы бөлініп, сәулетшілердің жұмысты қадағалауына жағдай жасау қажет”, – деп түйіндеді сәулетші маман. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыда қуатты жер сілкінісі болатыны туралы ақпарат тараған еді. Алайда сейсмологтар Алматыдағы қатты жер сілкінісі туралы жаңа "болжамға" түсініктеме беріп, мұны жоққа шығарды. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.