Н±рс±лтан назарбаев: “алдымен — экономика…”



жүктеу 289.96 Kb.
Дата14.04.2019
өлшемі289.96 Kb.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “АЛДЫМЕН — ЭКОНОМИКА…”


18 Мамыр 2010 | Замана

://www.egemen.kz/



 Загрузка ...

Күрделі оқиғалар бастауы

Елімізде президенттік басқару жүйесінің енгеніне 20 жыл толды. Егемендігіміздің де 20 жылдығы көп алыста емес. Алдыңғысы да, соңғысы да қазақ тарихында бұрын болмаған, тек осы аталмыш мерзімде біздің өмірімізде тұңғыш бастауын алған оқиғалар. Президенттің басшылығымен егемен ел, дербес мемлекет ретінде, міне, тұтас бір ғасырдың бестен бір бөлігін жүріп өттік.

Бестен бірі десек те тарихи тебіреністері­мен, бейнет-зейнетімен, түбірлі өзгеріс, күрделі реформаларымен бұл бір ғасырға пара-пар жол.       Рухы күшті, өзегі таза, орасан күйзелістер мен қиын­дықтарда өзін-өзі сақтай білетін қазақ деген ұлт бар екенін танытқан жол. Дербестік тұл­па­рына мініп, өркениет жолына шығып, оның көкжиегіне басқалармен қатар жетемін деген асыл арманына ұмтылған Қазақстан де­ген ел бар екенін көрсеткен жол. Тәуелсіздік туын берік ұстап, қиыннан жол тауып, халқының көшін бастайтын Дара Тұлғасының, Дарабозының да бар екенін бүкіл әлемге паш еткен жол.

Осы жол өте күрделі оқиғалармен басталып еді. Өткен ғасырдың соңында заманында бүкіл дүние жүзін тітіренткен Кеңес Одағы көп жылға созылған тиімсіз, орашолақ басшылық пен саясаттың салдарынан күйзеліске тірелді. Терең ойластырылмаған, жеңіл-желпі, ұрандатып жүргізілген саяси-экономикалық реформалар дұрыс нәтиже бермеді. Бір кезде империя халықтарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Одақтың басқару жүйесі барған сайын әлсіреп, ақырында күйреді. Нә­тижесінде Кеңес Одағы ыдырап, құрамындағы республикалар дербестік туын көтерді.

Сол кезде егемендікке қол жеткізген Қазақ­станның келбеті әлі күнге дейін менің көз алдымда. Басқалармен экономикалық байла­ныс үзілгеннен кейін ел ішіндегі көптеген кәсіп­­орындар жұмысын тоқтатқан, дүкендерде тауар жоқ, қаңырап бос тұр, өзіңе тән ақшаң жоқ, басқалар қолданудан бас тартқаннан кейін ресейлік ескі рубль Қазақстанға вагон-вагонымен, тіпті эшелондап келіп жатты. Бірақ оған сатып алатын тауар жоқ. Табыс көзі кілт азайып, еңбекақы, зейнетақы төленбей, әлеуметтік сала күйзеліске ұшырады. Бұл ел тұрмысының сол тұстағы қиындығы еді.

Ал саяси немесе стратегиялық дамудың дұрыс жолдарын табу, егемен елдің, дербес мемлекеттің заман талабына сай келбетін қалыптастыратын шараларын жасап, оларды жүргізу одан да қиын болатын. Социалистік тота­литарлық жүйені артқа тастадық, оның тиім­сіздігіне көзіміз жетті, ал егемен елдің сая­си ұстанымы қандай болуы керек? Бұрын біз қолданған әкімшілік экономика жүйесі әлемдік бәсекеде ұтылды, жарамсыздығын көрсетті, ал өзі тиімді, өзі жаңа экономика жүйесі қандай болуы керек, оның шешуші тетіктері қандай? Қайткен күнде Қазақстан дербес ел ретінде әлем кеңістігінде өз орнын таба алады? Саяси және экономикалық қауіпсіздікті қалай қамта­масыз етуге болады? Әлеуметтік саланы халық тұрмысын жақсарту мақсатында қалай қалып­тас­тырып, қайта құрып немесе жаңғырту керек?

Міне, осындай батпандай ауыр сұрақтар, оған тиісті жауап іздеу егемендіктің алғашқы күндерінде-ақ біздің алдымызда тұрды. Сол кездегі арбасқан алақұйын заманның тезі, уақыттың өзі туғызған сұрақтар, өктем талаптар. Бұрын біздің тарихи санамызда қойылмаған, шешімін де іздемеген сұрақтар. Бүкіл халықтың парасат деңгейінің сынаққа түскен өте бір күрделі тарихи кезең еді ол.

Ел болып бағыт-бағдарымызды болжауға кірістік. Осындай уақытта қай елде болса да замана жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелі мол азаматқа, дара тұлғаға сұраныс ерекше болатыны тарихтан белгілі. Оларға тән терең ой, кемел ақыл, биік рух, қайрат пен қабілет осындай тарихи сынақтың дұрыс жауабын тауып, елін өрге сүйретуге арнағаны әлем елдерінің тарихында бар. Ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Ұлыбританияда – Оливер Кромвель, Германияда – Бисмарк, өз елдерін тығырықтан шығарып, жаңа жолға сала алған АҚШ-та – Франклин Делано Рузвельт, Францияда – Шарль де Голль, Қытайда – Дэн Сяопин, Үндістанда – Джавахарлал Неру, Түркияда – Мұстафа Кемал Ататүрік, небәрі бір-екі-ақ ұрпақ мерзімінде титықтап, көш соңында қалған елдерін әлем мемлекеттерінің алдыңғы сапына қоса білген Сингапурде  – Ли Куан Ю, Малайзияда Махатхир Мохаммад осындай өз заманының талабына сай келіп, елдерінің жаңа жолының көшін бастаған тұлғалар.

Қазақстанның аталмыш күрделі кезінде көшін бастау тарихи міндеті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еншісіне тиді. Егемен еліміздің тізгінін ұстауды тарих осы азаматы­мыздың иығына артты. Міне осыдан бастап оның салиқалы саясатының куәсі болып келе жатырмыз. Қоғамымыздың барлық салаларын­да күрделі реформалар жүріп жатыр. Саяси, әлеуметтік, қауіпсіздікті нығайту, құқық қорғау, тағы басқа салаларға да арналған реформалар. Олар оң нәтижесін де беруде. Мен өзім экономист болғаннан кейін экономикадағы, қоғам, мемлекет үшін осы іргелі саладағы реформаларға толығырақ тоқтауды жөн көрдім.

Даму жолын таңдау

Егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ осы саланың жаңа, тиімді үлгісін, даму жолын таңдау мәселесі тұрды. Әрине, нарық экономи­касы үлгісін таңдадық. Оған жетелеген алды төрт ғасыр, соңы екі ғасыр осы нарық жолы­мен жүрген батыс елдерінің бай тәжірибесі және оның мол тиімділігі. Оның үстіне әлемдік социалистік жүйе ыдырап, дербес дами бастаған отызға жуық мемлекеттер – біздің бұрынғы әріптестеріміз де осы нарық жолымен жүреміз деген шешімдерін қабылдап жатты. Осымен қатар Бүкіләлемдік Банк, Халықара­лық валюта қоры, бірнеше ірі батыс мемле­кеттері біздерді социалистік жүйеден тезірек бөліп әкету мақсатында арнайы бағдарлама жасап (Вашингтон консенсусы), оның талаптарын орындауға біздерді күндіз-түні үгіттеп жатты.

Сөйтіп, нарық жолын таңдадық. Бірақ ол бізге оңайға түскен жоқ. Өйткені, бұл біздерге белгісіз, ғасырлар бойы бұрын жүріп өткен жолымызда кездеспеген, тарихи санамызда қалмаған шаруашылық жүйесі. Оның үстіне капитализмнен социализмге өткен заман ізі бар, ал керісінше, социализмнен капиталистік нарық жүйесіне біздерден бұрын жол салған ешбір мемлекет жоқ. Және де осы нарықтық экономиканың қыр-сырын, небір шешуші бағыттары мен тетіктерін білетін мамандары­мыз жоқ. Нарық жүйесін жамандап, оған тас лақтырғанымыз болмаса, оны кеңес заманында үйреткен де, үйренгеніміз де жоқ. Тағы бір қиындық біз, сол кезеңдегі ұрпақ, кеңестер бесігінен өсіп-өнген, Компартия идеологиясы­мен берік шыңдалған ұрпақ едік. Бұрынғыны артқа тастап, барлық қалыптасқан сенім-нанымды басқа жаққа бұру да оңайға түскен жоқ. Жаңа жолға түсуге қарсылар ол кезде бар-ақ болатын.

Міне, осы кезде “Мен, халқым, осы нарық жолын таңдадым, бұл сапарда қиыншылық көп болады, төзуге тура келеді. Ал нәтижесінде біз тиімді экономикалық жүйе жасаймыз, соның негізінде тұрмысты жақсартып, өркениетті елдердің қатарына қосыламыз. Мен сіздерді осы жолмен жүруге шақырамын”, деген Президенттің жалынды сөздерін естідік. Бұл Президенттің ой-толғанысы мен таным талқы­сынан күш алған тебіренісі еді. Сол кездегі орасан сілкіністерден туған тебіренісі еді. Осын­дай алдағы қауіп-қатерге тәуекелі мол те­біреніс біздерді, қазақ қоғамын, нарық жолына шығарды. Отан тарихында бұл – орны өшпес оқиға.

Осы нарық жолын бастауда тағы бір жолай­рыққа тірелдік: қалай, осы жолмен шұғыл жүреміз бе, әлде нарық әлеміне біртіндеп кіреміз бе? Сол кезде әлем елдерінде болып жатқан пікірталастар менің әлі есімде. Біреулер “нарыққа жету үшін алдыңдағы ордан бір-ақ секіріп өту керек” десе, екіншілері “судан өту үшін оның түбіне табаныңды тіреп, байқап өту керек” деген пікірлер айтып еді. “Сендер, қазақтар, мына Чехия, Словакия, Венгрия, тағы басқа Шығыс Еуропа елдеріндей нарық жолымен жедел жүре алмайсыңдар, өйткені, олар осыдан жарты ғасыр бұрын осы жолмен жүрген, оның сүреңі сақталған, оны жедел табуға болады, ал сендерде ондай жағдай жоқ. Нарыққа шұғыл кірісе бастаған поляктар да сендерге үлгі бола алмайды, өйткені, олардың әлем елдерінде ағайындары көп, олар көмекке келеді, ал сендерге өз күштеріңе ғана сенуге тура келеді” деген пікірлер де айтылды. Айтылып қана қойған жоқ, осы пікірлер реформаға қарсылардың ұранына айналып еді.

Реформаларды тез, шұғыл түрде жасауға тағы да Президенттің тәуекелі керек болды. Негізсіз, көзсіз тәуекел емес. Күш-қайратына, өз таңдауының дұрыстығына сенген тәуекел. Жедел реформалардың қиындығы да болды. Ол туралы әңгіме кейінірек. Ал енді олардың оң нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Барлық тетіктерін берік жасауға жарты, тіпті бір ғасыр кететін нарық жүйесін біздер бір ғана ұрпақтың ғұмырындай мерзімде құруға қол жеткіздік. Бүгінгі таңда әлем елдері Қазақстанды жан-жақты дамыған, басқалармен терезесі тең нарық экономикасының елі деп біледі, олармен қарым-қатынас та осы тұрғыдан қалыптасып, тиімділігін көбейтуде. Ең бастысы, тезірек тығырықтан шығып, ел тұрмысын табанды түрде жақсарту мүмкіндігіне жол ашылды. Әсіресе, сонау 90-шы жылдары кедейшілік пен жоқшылыққа белшесінен батып отырған халықты айғайы болса да айқассыз, дауы болса да жарылыссыз, әлеуметтік тыныштық пен үйлесімдігін сақтай отырып, экономикалық күйзелістен тез арада алып шығу ерлікке тән іс-әрекет. Кейбір бұрынғы әріптес-көршілеріміз осындай батыл қадамдарға бара алмады. Тіпті Ресейдің өзі жол басында кібіртіктеді, ал аталас көршілеріміз болса әлі күнге дейін нарық жолына түбегейлі шыға алмай отыр. Сондықтан Президент жасаған сол кездегі тәуекел, жолайрықтағы батыл шешімдер біздің тарихымызда жоғары орында тұрары сөзсіз. “Саяси басшының баршаға керек үлкен бір қасиеті – алдын болжай білу және алға қойған мақсатын орындау ісінде табандылық көрсету” деген екен Аристотель. Реформалардың алғашқы сатысында да, кейінгі жалғасында да осы саладағы мақсатын орындауда Президент тарапынан көрсетіліп отырған табандылықты атап айтпауға болмайды.



Реформалар үйлесімділігі

Егемендік алған елдің реформалары тек экономика саласымен шектелмейді. Олардың тағы бір өзекті саласы – саяси реформалар, елімізде басталған демократиялық үрдістер. Біз ашық қоғам құрып, демократия жолын таңда­ған елміз. Осыған сәйкес конституциялық ре­форма, демократия шеңберін үлкейтетін әртүр­лі басқа да саяси реформалар жүріп жатыр. Қоғамымыздағы кейбір саяси топтар демокра­тиялық реформаларды бұдан да жедел жүргізуді талап етті, әлі де талап етуде. Оларға жауап ретінде Президент, “алдымен – экономика, сосын – саясат” деген өзінің тиянақты тұ­жырымын айтты. Міне, осының негізінде біз эко­номиканы жеделдете дамытып келе жатырмыз.

Алдымен – экономика, сосын – саясат – бұл Қазақстанның Президент ұсынған даму жолы. Басқалармен салыстырғанда, әрине, бұл жолдың өзімізге тән ерекшелігі бар және ол негізсіз емес. Батыс елдерінің, тіпті осы жолға түскен Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне қарасақ, саяси демократия үрдісін тек осыған мүмкіндік жасайтын экономика саласында керек жағдай болғанда ғана жақсы дамытуға болады. Демократиялық елдердің тұрақтылығы неде, демократиялық қоғамның тұрақты да­муы­ның негізі неде? Басқаша айтқанда нарық заманында өз қоғамының тұрақты болуына кім мүдделі? Оған мүдделі – орта тап. Яғни, өз кәсібі бар, өзін-өзі экономикалық тұр­ғы­дан қам­тамасыз ете алатын, сондықтан да осы жағ­дайынан айырылып қалу қаупі бар қоғамдағы әртүрлі қозғалыстарды, сілкіністерді қолдамай­тын топтар. Негізінен олар шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданатындар. Егер жала­қылары жоғары болса, бұл топқа ірі компаия­лардың менеджерлерін, дәрігерлерді, инженер­лерді, зиялы қауымның кейбір айтар­лықтай табысы бар өкілдерін жатқызуға болады.

Шетел тәжірибесіне сүйенсек, тұрақтылық­ты сақтай білетін және оған мүдделі орта тап­тың өкілдері қоғамдағы жалпы халық санының 50-60 пайызын құрауы керек. Бай шетел тәжірибелері тұрақтылықтың тағы бір түйінін байқатады. Яғни, орташа жылдық табысы адам басына шаққанда ең кемі 3000 доллар болған елдерде басқаларға қарағанда қоғамдағы тұрақ­ты­лық көбірек сақталған. Осы саланың мамандары “демократияның сынақ көтеретін деңгейі” (критический уровень демократии) деген көрсеткіштің де демократияны дамыту үшін маңызды екенін айтады. Қоғам шайқал­май, небір үлкен әлеуметтік күйзеліс пен жарылыстарға ұрынбай, тұрақты даму үшін аталмыш көрсеткіштің деңгейі 6000 доллардан кем болмауы керек.

Енді осы жоғарыда айтылған тұрғыдан Қазақстандағы реформалардың басындағы өз жағдайымызға көз жіберейік. Сол кезде елді кедейшілік жайлаған еді. Шағын және орта кәсіп иелерінің біртіндеп қана қалыптаса баста­ған кезі. Ауылда да, қалада да етегін кең жайған жұмыссыздық. Өз жалақысы күн көрісіне жетпей жүрген инженерлер, дәрігерлер, басқа топтардың өкілдері. Адам басына шаққанда 3000 доллар емес, одан он есе аз жылдық табыс. Осындай жағдайда, Президент айтқан­дай, “демократиялық даму тікелей кедейші­лікке апарар жол екен” деп халық қорытынды шығаруы әбден мүмкін еді. Міне, осыны терең түсінген Назарбаевтың “алдымен – эконо­мика, сосын – саясат” даму жолы дүниеге келді.

Егемендік жылдары осы саясатты берік ұстап, экономикада ауқымды реформалар жүргізіп, оның тиімділігін өсіріп, соның негізінде баянды әлеуметтік саясат жүргізуге, ел тұрмысын сатылап жақсарту мүмкіндігіне қол жеткізіп келеміз. Соңғы жылдары өзіміздегі ішкі жалпы өнім адам басына шаққанда 7000 долларға жетіп, жоғарыда көрсетілген “де­мократияның сынақ көтеретін деңгейі” көрсеткішінен асып кетті. Енді бес жылдан кейін әр адамның орташа табысы 9000 доллардан асып, әлем елдерінің бел ортасынан орын алуға мүмкіндіктер бар. Соңғы он жылда қазақстандықтардың орташа табысы бес есе, орташа жалақы алты есе, жалақының ең аз деңгейі жиырма бес есе өсті. Осының бәрі Пре­зидент жүргізіп отырған “алдымен – эконо­мика” саясатының нәтижесі, оның Қа­зақ­стан қоғамының ерекшелігі мен хал-ахуа­лын ескере отырып алынған саяси шешімінің дұрыстығының куәсі. Әрине, бұдан ел тұрмысында бүгін кемшілік жоқ, барлық топтар үшін тиісті жағдайлар жасалған деген пікір тумайды. Кейбір шаруашылық және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы төмен. Мысалы, мұғалімдердің, дәрігерлердің, ғылыми қызметкерлердің жалақысы республика көлеміндегі еңбекақы деңгейінің 60 пайызын ғана құрайды. Күн тәртібінде осындай қайшылықтан арылу мәселесі тұр.

Осы күндері Қырғызстанда болып жатқан күйзелістер барша әлем назарында. Рефор­малар­дың алғашқы жылдарында саяси демо­кратияны жедел жүргізген, озық демократия­ның үлгісі деп осы елді барынша мақтап-ма­дақ­таған халықаралық ұйымдар мен сарап­шылар болып еді. Бірақ олар қырғыз қоғамында экономиканың дамымағанын, оның халқының өте кедей тұратынын, осы елде орасан жұмыссыздық орын алғанын ескермеді. Осындай жағдай қырғыз мемлекеті басшыла­рын да ойландырмады, олар да демократия деген жайдақ ұранның ықпалында болды. Нәтижесінде жылдар өтіп жатты, ел тұрмысы түзелмеді, халықтың төзімі таусылды. Қырғыз ағайындардың соңғы 5-6 жылда басынан бір емес, екі рет кешіп отырған орасан күйзелісі, қан төгілуге дейін барған оқиғалар жоғарыда айтылған жан-жақты терең ойластырылмаған саясаттан, экономиканы дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға тиісті көңіл бөлін­бегендіктен туып отыр.

Экономика мен саяси демократияның даму сатыларының бір-бірімен дұрыс үйлесімін таппағандықтан қоғамда болған үлкенді-кішілі күйзелістер, тіпті жарылыстар Қырғыз елінен басқа мемлекеттерде де болғаны тарихтан белгі­лі. Мысалы, Латын Америкасының біршама елдері осындай күйзелістерді 19-шы ғасыр мен 20-шы ғасырдың ортасына дейін өздерінің басы­нан өткізді. 20-шы ғасырдың екінші жарты­сында Чилиде Сальвадор Альенде бастаған солшылдар тобы жеңіп, елін жаңа жолмен жүргізе бастады. Бірақ олар жеңіліп, әскери хунта елге басшылыққа келді. Аталмыш елдегі төңкеріске АҚШ-тың, дәлірек айтсақ, сондағы ТТТ сияқты трансұлттық компания­лардың ықпалы болды, сонымен қатар Альенде саяса­тын осы елдің бұқара халқы табанды қолдама­ғанының себебі осы саясаттың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлсіздігі мен кешеуіл­дегенінен еді. Сондықтан саясат пен эконо­мика даму үрдістерін бастаған кезде олардың қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үйлесімін табу әрқашанда маңызды. Біздің айтқымыз келгені: Қазақстан Президенті осы үйлесімді таба білді.



Төл теңгенің тегеуріні

Президенттің экономикалық реформаларды жедел жүргізуінің басты шарттарының бірі дер кезінде төл теңгемізді жасап, оны айналымға енгізу болды. Төл теңге тек қана тәуелсіздіктің, егемен елдіктің айғақ нышаны емес, төл ақша – әрбір экономиканың қан тамыры. Онсыз экономикада керекті айналыс та, ал оның салаларының арасында тиянақты байланыс та жоқ. Қазір үлкен де, кіші де, баршамыз осы төл теңгеміз ықылым заманнан бері қалта­мызда жүргендей сезінеміз. Ал ол қалай дү­ниеге келді, төл теңгеміз болу үшін Прези­дентке қандай батыл шараларға баруға тура келді дегенді көп ойлай да, бағалай да бер­мейміз. Ақиқатына келсек, бұл тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі оны бекіту жолындағы екінші күрделі де батыл қадам болды. Батыл деп айтатыным, сол мезгілде Ресейдің рубль ай­мағынан, осы елдің экономикалық кеңісті­гінен шығу қиынның қиыны болатын. Өйткені, бізден шығарылған бұйымдардың жетпіс пайызынан артығы, ал бізге керек бұйым – заттардың, құрал-жабдықтардың сексен пайы­зы негізінен сол Ресейден алынып, не соған жіберілетін. Ал осы байланысты реттейтін Ресей ақшасы рубль болатын. Ресей бізді өз рубль аймағында, өз ықпалында қалдыруға ты­рысып-ақ бақты. Осындай Ресеймен кіндігіміз қатты қосақталған байланысты үзіп, төл ақшамызды енгізу үшін батыл да кезек күттірмейтін шешім қабылдау керек еді. Осы шешім Президент тарапынан жасалды. Теңге құпия түрде Лондонда жасалып, көп ұзамай егемен елдің экономикалық айналысына енді. Соңынан Президенттің тікелей басшылығымен Ұлттық қор құрылып, инфляцияға қарсы арнайы бағдарламалар жасалынып, Қазақ елі өзінің төл ақшасының құны мен беделін сақтай алды. Кеше әлемде болған қаржы дағдарысы бізге жеткенде, еліміздегі кейбір үлкен банктер күйзеліс кешкенде халқымыздың теңгеге деген сенімін жоғалтпағанын анық байқадық.

Ақша жүйесі, оның экономика тиімділігіне әсері өзін қатты ойландыратынын Президент­тің “Дағдарыстан шығу кілті” деген әлем сарапшыларының назарын бірден өзіне аудар­ған еңбегінен де көруге болады. “Әлемдік экономикадағы дағдарысты жеңудің үш жолы немесе бағыты бар”, дейді Назарбаев. Біріншісі – техникалық-технологиялық инновациялық үрдісті жеделдету, екіншісі – валюта-қаржы­лық күрделі инновациялар жасау, үшіншісі – саяси-әлеуметтік инновациялар жасау. Олардың ішінде, Президент пікірінше, жаһандық дағдарыстан шығу үшін валюта-қаржылық инновацияның маңызы өте зор.

Осы тұжырым аталмыш еңбекте жан-жақты талқыланып, дәлелденген. Олардың бастыларын айтатын болсақ, біріншіден, әлемдік дағдарыс осы валюта-қаржы саласынан басталды; екіншіден, әлем деңгейінде тауар мен қызмет көрсету көлемі мен олардың айна­лымын қамтамасыз ететін валюта көлемінің арасында алшақтық басталды және ол жылдан жылға үлкеюде, өсуде. Мысалы, 1994 жылы барша әлемдегі айналыстағы ақша көлемі 70 трлн. долларды құраса, 2005 жылы ол 450 трлн.-ға дейін, ал 2007 жылы Базельдегі Халықаралық есептесу банкінің хабары бойынша, 530 трлн. долларды құраған. Яғни, 1994-2007 жж. 460 трлн. долларға шаққанда қосымша ақшалар шығарылған. Осындай 13 жыл ішінде (1995-2008 жж.) әлемдегі ішкі жалпы өнім 31,7 трлн. доллардан 41,797 трлн. долларға немесе небәрі 10 трлн. долларға ғана өскен. Нәтижесінде, тек тауар айналымын қамтамасыз ету үшін ғана емес, ақша сұраныстан орасан көп шығары­лып, ақшадан ақша жасау жалдаптық жүйесі қалыптасты.

Үшіншіден, әлемдік валюта – долларды шығару тек Америка Құрама Штаттарының қолында, валюта эмиссиясын жасаған кезде өз мүдделері болмаса, басқа елдердің жағдайларын көп ескере бермейді. Төртіншіден, 1944 жылы дүниежүзілік соғыстың соңында құрылған әлем­дік валюта-қаржы жүйесі ескірді, қазіргі заман талабына сай келмейді. Сондықтан да жалпы әлем экономикасы, жекелеген мем­лекеттер де қаржы дағдарысына жиі ұшырайды. Міне, осындай себептермен, деп тұжырым­дайды Нұрсұлтан Назарбаев, әлем деңгейінде жаңа резервтік валюта жасайтын кезең келді.

Мен мұны әлемдік деңгейдегі ұтқыр пікір дер едім. Көп елдердің басшыларының назарын аударған пікір. Франция Президенті Саркозидің, Германия Канцлері Меркельдің, Ресей Президенті Медведевтің, Қытай басшысы Ху Цзиньтаоның осы саладағы ұсыныстарымен үндес пікір. Біздің басшымыздың кәсіби дайындығының жоғары екендігінің, әлем экономикасында болып жатқан құбылыстарды әр уақытта өз назарында ұстайтынының, соның арқасында айтылған пікірінің осы саланың және дағдарыстың себептерін терең түсінгенінен туғандығының айқын айғағы. Президент ұсынысы әлі күн тәртібінен түскен жоқ, әлемдік қаржы архитектурасын жасауға қатысқан халықаралық ұйымдар, жекелеген сарапшылар Қазақстан Президентінің пікіріне қайта-қайта оралуда.

Президент еліміздегі реформалар хикаясын “Қазақстан жолы” атты көлемді еңбегінде айшықтады. Бұл өзі ел ішінде жан-жақты талқыланып және баршамыз бастан кешкен оқиғалар. Сондықтан қысқаша ғана экономика саласында жүріп жатқан реформаларға тоқтал­сақ, біріншіден, олар ұзақ мерзімді көздеген, стратегиялық маңызы бар реформалар, екіншіден, әрқайсысы тың тақырыпқа, экономика деңгейін, жалпы ел өркениетін жаңа сатыға көтеруге арналған ауқымды бағдарламалар, үшіншіден, әлемнің қазіргі, әсіресе болашақ даму бағыт-бағдарлама­ларымен үндес келген, Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың алдыңғы қатарындағы елдерге барынша жақындатуды, оларға үйлесімдікті арттыруға арналған реформалар.

Үлкен стратегияның айқындалуы

Олардың кейбіреулері толығымен, кейбі­реу­лері жартылай орындалды, жаңадан бас­талып жатқандары да бар. Дегенмен, біз жоғарыда атаған үш ізгі мақсатты әрқайсы­сының көздегені тарихи шындық. Ең алғашқы жарияланған “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасы алдағы ұзақ сапарда ел жүретін саяси-әлеуметтік жолдар туралы, осы сапарда өтетін өткелдер, алатын асулар туралы Елбасының ойын, арманын жария етті. Өте алысты көздеген стратегиялық құжаттар әлем елдерінде көп емес. Қытай, Малайзия елдерінің осындай стратегиялық жоба жасау тәжірибелері бар. “Қазақстан-2030” осындай әлем елдерінде сирек кездесетін стратегиялық жобаларға жатады.

Ұзақ жолда қоғамның әр саласында қол жеткізетін тиянақты көрсеткіштері болмаса да бұл Стратегия елде нарықтық экономика жүйе­сі мен демократиялық қоғам құрылатынын жария етті. Жақында осы Стратегияның алғаш­қы он жылдығында қойылған мақсаттарының орындалғанын Үкімет хабарлады.

Келесі бір ел үшін ерекше маңызы бар “2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасы” еді. Қазақстанда өндірісті әртарап­тандыруға, әсіресе өңдеу салаларының жедел дамуына арналған бағдарлама. Инновация­ларды экономиканың шешуші салаларына енгізуді көздеген бағдарлама. Қазақстан эконо­микасын индустриялық сатыға көтеруге жасалған жоба. Экономикадағы шикізат секторының, әсіресе мұнай секторын жедел дамыту салдарынан туған сыңаржақтықтан арылу үшін жасалған бағдарлама. Осы Стратегияның Қазақ елі үшін маңызы зор екеніне ешкім күмән келтірмейді.

Оны іске асыру барысында елде біршама даму институттары құрылды, оларға бюджеттен мол қаржы бөлінді. Осы істі басқару мақсаты­мен “Қазына”, “Самұрық” холдингтері де құрылды. Өкінішке қарай басталғанына 6 жыл өткеніне қарамастан аталмыш Стратегия дұрыс нәтиже бермеді. Өндіріс әртараптандырылмай, экономикадағы сыңаржақтық әлі күнге дейін орын алып келеді. Президент атап көрсеткен­дей, біздегі еңбек өнімділігі батыс пен шығыс дамыған елдерімен салыстырғанда еселеп төмен, инновациялық даму да өте баяу.

Әрине, Стратегияның дұрыс орындалмаған­дығы даму институттарының, оларды басқарған холдингтер, министрліктер мен жалпы Үкімет­тің осындай үлкен іске дұрыстап жұмылма­ғандығынан, осыған қатысы барлардың жауапкершілігінің жетіспегендігінен болды. Сонымен қатар 2002-2007 жылдар шамасында елімізде сыр берген “голланд ауруының” да кеселі болды. Мен мұны бірінші рет айтып отырған жоқпын, біз де, басқалар да Қазақ­станға осы дерттің теріс ықпалы бар екенін айтып жүргенбіз. Аталмыш жылдары әлемдегі нарық бағасы біз сыртқа шығаратын шикізатқа, әсіресе мұнайға тынбай өсті. Оның үстіне біз өндіретін шикізат та (мұнай, металл) көбейіп, оларды басқаларға сату табысты еселеп арттыр­ды. Бюджетке түсім жылдан жылға көбейіп, әлеуметтік саланың сұранысын экономиканың тиімділік деңгейімен санаспай-ақ орындай беруге мүмкіндік пайда болды. Міне, осындай жағдайда экономиканың өңдеуші салаларын дамыту назардан тыс қалмағанымен, оған дұрыс көңіл бөлінбеді. Осы сияқты экономиканың шешуші салала­рына басқа табыс көздері мол болғандықтан немқұрайлы қарауды “голланд ауруы” дейді. Бұл шикізаты бар, одан табысы көп бізден басқа да елдерде болған. Экономика дамуын аса сақтықпен жасаған елдер мұндай дертке шалдыққан жоқ.

Экономиканың әртараптандырылмағанын, сыңаржақтығын, тиімділігі төмендігін біз әлем­дік дағдарыс кезінде ерекше сездік. Әлем елдерінде біздер сататын шикізатқа сұраныс және оның бағасы күрт төмендегенде табыс көзі азайып, Ұлттық қордың едәуір бөлігіне қол салуға тура келді. Осы жағдайларды өзінің кезекті Жолдауында халыққа айтып, Президент индустриялық-инновациялық дамудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Жақында Елбасы бекіткен “Қазақстан-2020”, 2009-2014 жылдарға арналған екпінді индустриялық-инновациялық даму, 2020 жылға дейінгі бизнестің Жол картасы, Индустрияландыру картасы осы Президент ұсынған онжылдық даму стратегиясының негізгі бағыттары.

Аталмыш стратегиялық бағдарлама өзінің тиянақтылығын байқатады. Онда көзделген мерзімде, әсіресе алдымыздағы бес жылда, екпінді дамитын өндіріс салалары, жаңа кәсіпорындардың, игеретін технологиялардың түр-түсі анықталған. Оларды орындау үшін керек инвестициялар көзі, мемлекет тарапынан қолдау шаралары да сарапталып, бекітілген. Стратегияның тағы бір ерекшелігі ел өңірле­рінде болашақта экономикалық өсу орталық­тарын қалыптастыру. Осының негізінде өңірлер­де шағын және орта бизнестің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Осы саладағы кәсіп­керлерге “2020 бизнес жол картасы” арқылы мемлекет тарапынан қомақты қолдау шаралары анықталған.

Бұрынғы бағдарламаларға қарағанда алдымыз­дағы 10 жылдық даму стратегиясының тағы да бірнеше ерекшелігі бар, оларды аталмыш стратегияның артықшылығы десек те болады. Оның бірінші басымдылығы – елімізде шығатын шикізаттарды тереңірек өңдеуді қалыптастыру. Мысалы, бокситтен тек алюминий алып қоймай, одан өндіріске немесе тұтыну салаларына керекті дайын заттар шыға­ру, мысты өңдеп кабель, басқа да бұйымдар шығару, азық-түлікті терең өңдеу арқылы Қазақстан халқының ішетін тамағының 80 пайызын өз елімізде шығару, тағы тағылар. Осындай тиянақтылығымен аталмыш стратегия оны орындаудың мүмкіндігін арттырып отыр. Онда болашақ салынатын кәсіпорындарға, иге­рілетін жаңа технология, техника жүйелеріне алдын ала кадрлар дайындау шаралары да бекітілген. Тағы бір ерекшелік – өндірісті дамытудың, инновацияларды игерудің басты мақсаты әр шаруашылық саласында еңбек өнімділігін қарқынды түрде өсіру. Олай болмаған жағдайда әртүрлі жобалардан бас тарту талап етілуде.

жалғасы

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “АЛДЫМЕН — ЭКОНОМИКА…”


18 Мамыр 2010 | Замана

http://www.egemen.kz



 Загрузка ...

(жалғасы)

Дамудың жаңа кезеңі

Қорыта айтсақ, алдымыздағы онжылдық ел шаруашылығын индустриялық деңгейге көтеретін өте бір маңызды кезең болғалы тұр. Осы стратегия Елбасының тікелей басшылы­ғымен жасалды. Одан біздер стратегиялық болжау мүмкіндігіміздің өскенін, күрделі проблемаларды шешу барысында ұтымды тәжірибелер жиналғанын байқаймыз.

Қазіргі стратегиямыздан әлем елдерінде бұрын болмаған үлкен дағдарысқа байланысты мемлекет пен нарықтың ара қатынасы туралы қалыптасқан тұжырымның өзгере бастағаны да байқалады. Батыс елдері осыған дейін нарық экономикасы тетіктерін негізгі дамыту күштері деп санап, мемлекетке осы саланың тек “түнгі күзетшісі” міндетін ғана бөліп беріп келді. Ал әлемдегі экономика-қаржы дағдарысына тірелгенде күйзеліске ұшыраған шаруашылық салаларына, банктерге, компанияларға көмекке келетін мемлекеттен басқа ешкім табылмады. Либералдық экономика қоғамның тұрақты дамуын барлық уақытта қамтамасыз ете алмайтыны әлем елдеріне белгілі бола бастады. Сондықтан да нарық қатынастарын дамыта отырып, мемлекеттік реттеу шараларын да қолдану керек. Бұл тек қалыптасқан пікір ғана емес, әлем елдерінде әртүрлі деңгейде қазір қолданылып жатқан, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан реттеу шаралары.

Қазақстанда да осындай деректі шаралар жүргізіле бастады. Стратегиялық жоспарлау, оны экономиканы басқару жүйесіне енгізу тетіктері туралы Елбасының арнайы Жарлығы қабылданды. Алдымыздағы стратегиялық даму жолымыз тиянақты деуіміз осы ұзақ мерзімге жасалған жоспарларымыздан туып отыр. Индустриялық-инновациялық даму ісі, оны ұйымдастыру, қолдау, бақылау бұрынғыдан да көбірек мемлекетке жүктеліп отыр. Осындай бізде болып жатқан өзгерістер әлем елдерінде экономика саласында мемлекеттің рөлін көтеру шараларымен үндес. Бұл да Президенттің әлем елдерінде болып жатқан өзгерістерді өз назарында ұстап отырғандығының, оларды терең түсінгендігінің айқын көрінісі.

Жалпы Қазақстандағы реформалар әлем елдерінде болып жатқан аталмыш саладағы реформалармен, оның озық үлгілерімен сабақ­тас. Шетел сарапшылары Назарбаев реформа­ларын екінші жаһан соғысында ойраны шық-қан Германияны аяғынан тұрғызған Людвиг Эрхардтың реформаларымен салыстырады. Оның “баршаға жақсы тұрмыс” (благосос­тояние для всех) атақты даму тұжырымдама­сымен Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген “алдымен – экономика” саясатындағы бір-біріне ұқсастық, сабақтастық, үндестік бар екенін атап айтады. Сарапшылар біздегі эконо­микалық даму Малайзия еліндегі реформаларға да үндес екенін көрсетеді. Малайзияның “2020-көзқарас” бағдарламасы, мемлекет пен жекеменшік секторының осы елді дамытуға үйлесімді атсалысуы әлемдегі жақсы дамыған елдердің қатарына қосудың бірден-бір себебі еді. Қазір Малайзия қоғамның постиндус­триялық сатысын аттап өтіп, бірден иннова­ция­лық сатыға жету қамында. Аталмыш елдегі­дей мемлекет пен жеке сектордың тығыз әріп­тес­тігі, байланысы, алысты көздеген стратегиялық жоспарлар, заманауи ақпараттық технологиялар қалыптасып, даму үстінде. Пре­зидент жасампаз басшы ретінде әлем елдерінде көрген озық үлгілерін өз елінің шаруашылық немесе басқару жүйесіне енгізуге ерекше көңіл бөлуде. Корпоративті басқару жүйесін жақсарту мақсатымен Сингапурдегі холдингтер тәжіри­бесін, Оңтүстік Кореядағы ірі компаниялардың жұмыс тәжірибесін, ислам банктерінің кәсіпкерлерге несие беру озық үлгісін, Қытайдағы арнаулы экономикалық аймақтар құру жобасын біздің өмірімізге де енгізіп қолдануды алғаш ұсынған Елбасы болатын.

Әлемдегі экономиканың тиімділік дең­гейіне, әлем өркениетінің басқалар жеткен көкжиегіне жету жолында Елбасының Қазақ­стан халқына әр жылдағы арнаулы жолдаула­ры­ның маңызы өте зор. “Бәсекелестігі жоғары Қазақстан үшін, бәсекелестігі жоғары эконо­мика, бәсекелестігі жоғары ұлт үшін” деген Елбасының Жолдауы қазір біздің ұлттық идео­логиямыз іспеттес. Әлем елдері қазіргі заманда, әсіресе болашақта ортақ бәсекелестік кеңістікте өмір сүреді. Кімнің халқы, шаруашылық жүйесі бәсекеге дайын болса, келешек соныкі. Сон­дықтан да адами тұрғыдан, дүниені танып-пайымдаудан, өскелең ұрпақтың білімі мен біліктілігі жағынан, экономиканың тиімділігі­мен бәсекелестікті арттыру бұл әрбір елдің, оның ішінде Қазақ елінің де түпкілікті мақсаты. Аталмыш Жолдау халықты осындай ізгі мақсаттарға жетуге шақырып отыр.

Қазақ елін әлемнің ең алдыңғы қатардағы 50 мемлекетінің санатына қосу туралы келесі Жолдауында ұсынған Президент жобасының да маңызы өте зор. Ғасырлар бойы әлем елдерінің көшінің сонында келе жатқан Қазақ елі үшін сол елдердің алдыңғы тобына қосылу асқақ арман. Біздің тарихымызда осындай өр міндет, биік мақсат бірінші рет қойылып отыр. Оны тек айтып қана қоймай, мақсатқа жету үшін жүрер жол, алатын асулар Елбасы Жол­дауында жан-жақты сипатталған. Бұл баста-маның да рухани әсері күшті, қоғамымыздың қай саласын алсақ та істеген ісімізді, көтерілген биігімізді осы елу озық елдердің деңгейлерімен салыстыра бастадық. Дәл бүгін әлем дағдарысының салқын әсеріне байланысты ілгерілеуіміз сәл бәсеңдеген болар, бірақ елу озық елдердің санатына қосылу Қазақ елінің болашақта жүретін сара жолы екенінде ешкімнің күмәні жоқ.

Өткен жылы Әл-Фараби атындағы ұлттық университет студенттерімен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда зайырлы ұрпақ, зайырлы ұлт қалыптастырудың жолын, жобасын ұсынды. Бұл да қазақ қоғамының алдына тұңғыш рет қойылып отырған тарихи міндет. Зайырлы ұлт білімі мен біліктілігі жоғары, заманауи техника мен технология­ларды толық меңгерген, қоғамды дамытудың ең озық үлгілері мен әлем тәжірибесін игере білген һәм жасампаз ұлт. Сондықтан да ол әлем деңгейіндегі қатаң бәсекеге дайын, зама­нының өктем талабын түсініп қана қоймай, соған сәйкес іс-қимыл жасай алатын ұлт. Міне, осындай ұрпақты өсіру Президент арманы. Және де оны орындау мақсатымен білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, тәрбие, рухани даму салаларында көлемді іс-қимылдар, бағдарламалар жүргізіліп, көзделіп отыр.

Жоғарыда көтерілген мәселелер біздің қоғам­ға тарихи өте бір жауапты міндеттер жүктеуімен қатар оны орындау үшін осы қоғамның, қазақ мемлекетінің әлі де есейіп, жетілуі, кемелденуі, жасампаздық әлеуетінің әлі де арта беруін талап етеді. Әр қоғамның даму қарқыны, оның өсу деңгейі басшысы бастаған, халқы қостаған ішкі және сыртқы саясатына байланысты.

Президенттік басқару тиімділігі

Біздің егемен елдің тарихында президенттік басқару жүйесі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тікелей байланысты. Президент және ол құрған мемлекеттік жүйе тәуелсіздік жылдары еліміздің тұрақты және жаңару, жаңғыру жолымен жүруін қамтамасыз етті, оған керекті жағдайды жасады, әлі де жасау үстінде.

Енді осы мүмкіндіктерге тоқталып көрейік. Жалпы алғанда олар баршамызға белгілі, дегенмен, оларды атасақ, мақсатымыз Президент басқарған билік жүйесінің кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрсету ғана емес, осы мүмкіндіктерді алдағы уақытта барынша тиімді пайдаланып әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымызды бұдан да жақсы өсіруіміз керектігін ескерту.

Бірінші мүмкіндік тәуелсіздіктің басында-ақ экономикамыздың болашақ жүйесін бұл­тарт­пай тапқанымыздан басталды. Президент Қазақстан халқына нарық үлгісін ұсынып, осы жолмен жүруге шақырғанын мақала басында айттық. Міне, содан бері басқаға алданбай, осы нарық жолымен, оның тетіктері мен тәлімдерін игере, бойымызға сіңіре ілгері жүріп келе жа­тырмыз. Және де осы саладағы әлем елдерін­дегі озық тәжірибе мен үлгілерді өз шаруа­шылық жүйемізде пайдалануға да талпыныс­тамыз. Сөйтіп, экономикада тұрақты дамудың іргесі қаланды, негізі салынды. Нәтижесінде әлем елдерімен тереземіз тең мемлекет ретінде дүниежүзілік экономикалық кеңістікке кірдік, осы тұрғыдан олармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігі туды. Қазір елімізге шет елдерден инвестициялардың келіп жатқаны, әлемдегі ірі компаниялардың біздерде кәсіпорындар ашып, экономикалық қатынасты дамытуға ынталы болуы да бізде құрылған нарық жүйесінің беделі мен мүмкіндігінің арқасы.

Болашақ жолын бірден тауып, осы бағы­тынан айрылмай, ұзақ даму әлем елдерінің, әсіресе егемендік туын алғаш көтерген елдердің бәрінде бола бермейді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1,5 ғасырдың ішінде Латын Америкасы елдері өздерінің экономикалық жүйесін үш рет өзгерткені белгілі. Осындай өзгерістерді кезінде Қытай Халық Республикасы, Малайзия, Индонезия, кейбір басқа да мемлекеттер өз бастарынан өткізді. Көршілеріміз де жүрер жолын баяу бастағанын көрдік. Бізде бір бағытта тұрақты даму мүмкіндігі болды. Мұны біз президенттік басқару жүйесінің ұлттық дамудың шешуші факторына айналғандығы­ның айқын дәлелі дейміз.

Қазақстанның сыртқы экономикалық саяса­тының өз елінің ұлттық мүддесін қорғап, өз елі үшін тиімді екеніне ешкім күмән келтірмейді. 130-дан артық елдермен сауда қатынасы орнаған, көптеген елдерден миллиардтаған инвестиция құйылып жатыр, әртүрлі халықаралық экономика саласындағы ұйымдардың Қазақстан беделді мүшесі.

Президенттің әлемдегі дағдарыс кезіндегі Қытайға, Ресейге, араб елдеріне, Кореяға сапары осы бір қиын кезеңде елімізге қажет инвестициялар әкелді. Оның АҚШ-қа, Францияға, Ресейге, Италияға сапары осы елдермен қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік дәрежесіне көтерді. Яғни, осы елдермен экономикалық байланысты жан-жақты дамытып, олардың жаңа техника, жаңа технология жасайтын кәсіпорындарымен әріптестік байланысты күшейтті. Барған жері­нен туған елінің ұлттық мүддесіне жарайтын тәжірибе, озық үлгі, басқа да жаңалықтарды әкелу Президент дәстүріне айналды. Президент арқылы әлемдегі ең беделді мемлекеттердің, ұйымдардың, қауымдастықтардың Қазақстан үшін есігі айқара ашылды. Мұны біз, қайталап айтсақ, Елбасының өз еліне, оның тұрақты дамуына жасаған мол мүмкіндігі дейміз.

Осындай ел, қоғам даму үшін ең керек мүмкіндіктердің – еліміз тандаған сара жолдың анықтығын, өз жерімізге ешкім ала көзімен қарамай, шекарамыз беріктігін, қоғамда тыныштық, түсіністік, бірлік барлығын, Қазақ елінің қауіпсіздігінің мықты екенін, оның әлем елдерінде жаулары жоқ екенін, әлемдегі ең ірі мемлекеттермен стратегиялық қарым-қатынас­та екенімізді біздер, қазақстандықтар, білеміз бе? Иә, білеміз. Олар үшін Президентті құрмет­тейміз, қадірлейміз. Ол да дұрыс болар, әсіресе Елбасы өз өмірінің ең маңызды белесіне шығу қарсаңында. Ілияс ақын айтқандай, “өз ұлын, өз ерлерін мақтамаса, осы жұрт қайдан табар кемеңгерді”. Ол ел құрметіне барынша лайық тарихи тұлға.

Сонымен қатар, әңгіме тек мұнда емес, әңгіме Қазақстанның дамуы үшін осы жасалған зор мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалана білуде. Осы жағынан қоғамда олқылықтар бар. Тіпті кішігірім мәселелердің өзін шешу үшін Президенттен нұсқау күту дәстүрге айналған. Үкімет, министрліктер, әкімшіліктер тарапынан жауапкершілікті өз міндетіне алып, белсенді жұмыс істеу жетіспейді. Кейбір жауапты істерде, бағдарламаларды орындауда көзбояу­шы­лық бар. Қолдағы мүмкіндіктерді толық пайдаланбау біздің алға жүруімізді бәсеңдетеді. Шаруашылықтың көптеген салаларынан біздер белсенділіктің аздығын, жауапкершіліктің төмендігін көріп отырмыз. Осыған байланысты бүгінгі таңда маңызы зор бір-екі мәселеге тоқталғанды жөн көрдік.

Президенттің халыққа жолдауларында ауыл экономикасын жетілдіру, ауыл шаруашылығын ірілендіру мәселелері бір емес, бірнеше рет көтерілді. Реформалардың басында ауыл экономикасын жекешелендіру үрдісі нарық экономикасына көшудің негізгі талаптарының бірі еді. Әлемде осындай тәжірибе бар. Көпте­ген елдерде жеке шаруалар, фермерлер мал өсіріп, егін егіп, пайдасын көріп және де өз елін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, барлық елдерде де ауылдағы шаруашылық жүйесі дәл осындай үлгімен қалыптасты десек, ол жаңсақ пікір. Мысалы, Израиль еліндегі кибуцилер жеке фермерлер шаруашылығы емес, ол өндірістік коопера­тивке, кеңес тілімен айтсақ, ұжымшарларға ұқсайды. Жұмыстары тиімді, бау-бақша өнімдерімен бүкіл Еуропаның “оңтүстік жылыжай” міндетін атқарып отыр. Бұрынғы кеңес республикалары колхоз-совхоздарын таратып жібергенде, оларды таратпай сақтап қалған Белоруссия еді. Олар да бүгін Еуропа елдері мен Ресейдің сүт фермасының міндетін атқарып отыр.

Біздер шаруа қожалықтарын құрдық. Бірақ олар осы егемендік жылдары өздерінің өмір­шең екенін дәлелдей алмай келе жатыр. Ұзақ жылдар елімізде мал басы, әсіресе асыл тұқым­ды мал басы айтарлықтай өспеуде. Жер құнар­лылығы төмендеп, гектарға шаққанда егін түсімі де өспеді. Еңбек өнімділігі өте төмен. Президент атап көрсеткендей, біздің ауылдағы әрбір шаруа орта есеппен жылына 3000 доллар табыс табады екен, ал батыс елдерінің осындай жылдық табысы 50-70 мың доллар, яғни 15 есе көп.

Ауыл экономикасын көтеру үшін мемлекет көптеген қаржы жұмсауда. Оны көтеру үшін үш жылдық арнайы бағдарлама қабылданған еді. Ауылдағы елді мекендерді қалпына келтіру бағдарламасы алынған-ды. Ауылдық жерлерде мектеп, емхана немесе дәрігерлік көмек беретін орындар салуда, сол сияқты оларды ауыз сумен қамтамасыз ететін қатынас жолдарын жөндейтін арнаулы жобалар жасалып, оларға миллиардтаған қаржы бөлінді. Егін салу, мал өсіруге мемлекет тарапынан жәрдем әр жылда беріледі. Осындай көлемді шаралар ауыл экономикасын құлдыраудан шығарды.

Дегенмен, осы саланың тиімділігі әлі заман талабына сай емес, ауыл өнімдерінің бәсекелік дәрежесі төмен. Ауыл экономикасын ұйымдас-тыру саласында олқылық бар, біз дәстүрлі қалыптасқан шаруашылық менталитетімен дұрыс үйлесімді басқару жүйесін әлі таппаған сияқтымыз.

Кеден одағының келелі міндеттері

Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі Ресеймен, Белоруссиямен бірігіп, Кеден одағын жасау. Әлемде ондай тәжірибе бар. Еуропа, Азия, Америка елдерінде 11 кеден одағы жұмыс істеуде. Бүгінгі интеграция­лаудың ең озық үлгісі Еуропа одағы кезінде кеден одағы болып, одан өткен. Кеден одағы­ның негізгі міндеті экономикалық ықпалдас­тықты дамыту, одақ мүшелерінің арасында еркін саудаға және үшінші елдермен тең дәре­жеде сауда саясатын жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Осы тұрғыдан экономикалық, әсіресе геосаясат үшін мұндай одақтың маңызы зор.

Дегенмен, Қазақстанның аталмыш елдермен Кеден одағын құруы біздер үшін өте бір жауапты шешім болғалы тұр. Егемендік алып, нарық жолына түскенімізден кейінгі экономика саласындағы ең күрделі өзгеріс, дәлірек айтсақ, бетбұрыс осы одаққа кірумен байланысты болып тұр. Ресми мәліметтерде құрылып жатқан одақтың кейбір ережелері жарияланды. Олардың саяси астарына үңілсек, егемендік тұсында экономика саласында ел болып қол жеткен дербес биліктің кейбір тетіктерін басқаға, кеден одағын басқаратын ұжымға беруге тура келеді екен. Біреулер мұны кеденді реттеу туралы кейбір техникалық міндеттерді республикадан алып, аталмыш ұжымға беру ғана дейді. Өз басым бұл техникалық мін­деттер емес, экономикадағы егемендігі­мізді басқалар­мен бөлісу дер едім. Өйткені, кеден – әр елдің басқа елдермен сауда-саттығын, оның тиімді-тиімсіздігін анықтайтын, эконо­миканың өте бір маңызды саласы. Сондық­тан оны реттеу экономикадағы егемендікпен тікелей байла­нысып жатады.

Кеден одағында шешім қабылдау рәсімі бойынша Ресейдің дауысы 57 пайыз, Қазақ­стан мен Белоруссияның әрқайсысының дауысы 21,5 пайыз деп белгіленген. Ол да көптеген сұрақтар туғызады. Егемендікті пайызбен өлшеуге бола ма? Осындай жағдайда мәселені шешу тізгіні тек қана Ресейдің қолында бола бермей ме? Бір-бірімен терезесі тең мемлекет­тер одақ құрып жатса, мәселе қараларда әрқайсысы бір-бір дауысқа ие болып, шешімді консенсус, яғни бір ауыздан келісім арқылы неге қабылдамасқа. Осы сұрақтар дұрыс шешімін табуы керек, өйткені үш ғасыр бойы билігі өзінде емес, басқада болған, армандаған тәуелсіздігіне жақында ғана қолы жеткен қазақ халқының осы билікті басқалармен бөлісеміз дегенге сезімі нәзік, құлағы түрулі, күдігі мол. Әлемдегі кеден одақтарының тәжірибесіне қарасақ, оларда әр мемлекеттің үлесін пайызға шақпай, мәселені консенсус арқылы шешу тәртібі қолданған.

1969 жылдан бес Оңтүстік Африка (ОАР, Ботсвана, Свазеленд, Лесото, Намибия) елдері­нің Кеден одағы жұмыс істейді. Оны министрлер кеңесі басқарады. Шешім тек консенсус арқылы қабылданады.

Оңтүстік Америкада төрт мемлекет (Аргентина, Бразилия, Парагвай және Уругвай) ортақ рынокта жұмыс істейді. Басты мақсат­тарының бірі осы елдердің арасында еркін сауданы ұйымдастыру. Ортақ рынокты басқа­ратын әр мемлекеттің өкілдерінен тұратын Кеңес, ол шешімдерін консенсус арқылы қабылдап, жүргізеді. Осы елдердің интегра­цияны дамыту мақсатында құрылған ортақ парламент комитеті де бар.

Еркін сауданы дамыту мақсатымен құрыл­ған Парсы шығанағындағы араб елдерінің Ынтымақтастық кеңесінің, Орталық Африка елдерінің кедендік және экономикалық одағының (ТЭСҚА), Орталық Америка елдерінің интеграциялық одағының (СЦАИ), Батыс Африка елдерінің эконо­микалық қауымдасты­ғының (ЭКОВАС), Кариб бассейні елдерінің (КАРИКОМ) еркін сауда жүргізу жұмысы мен тәжірибесіне қарасақ та осы консенсустық тәртіпті қолдайтындарын көреміз. Сондықтан біздер де кеден одағына кіргенде мәселе шешерде оның мүшелеріне теңдікті сақтау мақсатында жоғарыда көрсетілген консенсус қағидатын қолдағанымыз дұрыс.

Қазақстанның бірлескен кеден одағын құрамыз деген мемлекеттермен эконо­микалық байланыстарын әлі де терең үйлестіру қажеттігі бар. Үш елдің арасында экономиканың көлемі, дамып отырған салалары және даму деңгейлері жағынан айырмашылықтары бар. Осы салада олигарх, монополистердің де ықпалы үлкен. Мысалы, біздің елден Ресейге ет өнімдерінің сатылмай отырған себебі, біздердегі ветеринария саласындағы кемшіліктермен қатар осы Ресей олигархтарының да теріс ықпалы. Аталмыш үш мемлекетте де бар монополизм, коррупция, көлеңкелі экономика кеден одағы жұмысына теріс әсерін тигізбей ме, осындай келеңсіз жағдайлармен күресу шаралары белгіленген бе?

Қазақстан алдағы он жылда ел экономика­сын индустриялы деңгейге көтереміз деген жоба жасап отыр. Оның бірінші бес жылының екпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жасалып, жүргізіле бастады. Жаңа технологиялар негізінде ондаған, тіпті жүздеген кәсіпорындар салу көзделіп отыр. Оларға керек техника және технологиялар тегісімен шет елдерден, негізінен батыс елдерінен сатып алынады. Кеден одағының осыған әсері қандай болады? Өйткені, біртұтас кедендік тарифтің 92 пайызы Ресейдегі тариф бағамына негізделген. Осыған байланысты біздегі тариф бағамы орта есеппен 10,6 пайызға өсті деп ресми мекемелер айтып отыр. Осы жағдай индустрияландыру бағдарламасын қымбаттатып, біздегі өндірістің жаңару, әртараптандыру шеңберін азайтпай ма?

Кеден одағы – бәсекелестік алаңы. Бәсекеге даяр бізден шығарған тауар ғана Ресей мен Белоруссия нарық кеңістігіне жете алады, ал дәл бүгінгі жағдайымызға көз жіберсек, олардан келетін тауарлар көп те, оларға барып бәсекелестікті жеңетін біздің тауарлар еселеп аз. Сондықтан Кеден одағын құру, бұл – дамуымыздың бәсекелікке сай белесінде қойылуы дұрыс мәселе сияқты.

Тауарлар өндіріп, басқа елдерге сату, олар­дан тауар әкелу де миллиондаған кәсіпкер­лердің ісі. Өз саласында олар басқа мемлекеттегі әріптестерімен қарым-қатынастың тиімділігін не тиімсіздігін жақсы біледі. Бүгінгі таңда олардың тарапынан қойылып отырған сұрақтар өте көп. Дер кезінде осы одақ, оның ережелері, талаптары туралы кәсіпкерлермен тиянақты жұмыс жүргізілмеген. Сондықтан кеден одағын құру туралы саяси шешіммен қатар оның тітіктерін кәсіпкерлермен, олардың қауымдастықтарымен бірлесіп отырып жасау дұрыс болар.

Кеден одағына кіру Қазақстандағы экономикалық саясаттың жаңа, тың бағыты. Ресей өз ғалымдарын жұмылдырып, тиісті зерттеулер жасады. Әрине өздерінің ұлттық мүддесі тұрғысынан. Оны біз жоққа шығар­маймыз. Дегенмен, Қазақстанның да ұлттық мүддесін көздеген осындай зерттеулер жасау керек еді, бірақ әлі олар басталған жоқ.

Қорыта айтсақ, кеден туралы басқалармен одақтасу керек, мына жаһандану заманында әріптес мемлекеттермен ортақ экономикалық кеңістік те керек. Олардың толыққанды жұмысы әрбір одақ құрамына кірген елге тиімді болса ғана баянды жүреді. Сондықтан да кеден одағы туралы мәселелерді терең, жан-жақты ойластырып, дұрыс шешімін тапқанымызда айтылған талаптарға сай болады.

Нарық экономикасы елдегі шаруашылық­тың әрбір саласының бір деңгейде дамитын жүйесі емес. Оның алға шығып, артта да қалып жатқан салалары болады. Біреулері осы салаға сұраныс болғандықтан не болмағандықтан, енді біреулері – оған дұрыс көңіл бөлінбегендіктен. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер біздегі нарық әлемінің ұзақ жолының бүгінгі соқпақтары. Олардан біздің экономика алған жолын өзгертпейді. Елбасының “халқым, мен нарық жолын таңдадым” деген жалынды ұраны әлі де алға жетектейді.



Алдымызда Қазақ елінің әлемдегі тұрақты орнын анықтайтын онжылдық тұр. Барлық әлем елдері осы жылдары жақсы орынға жету үшін бәсекеге түсуде. Ол жайбарақаттықты көтермейтін, екпінді дамуды, өнімді еңбекті, жасампаздықты талап ететін бәсеке. Президент бағдарламалары біздерді осыған шақырады. Президент реформалары әлем бәсекелігінде біздер жеңіске жетіп, абыройлы орынға ие болу үшін жан-жақты мүм­кіндіктер туғызды. Елбасымызға, халқымызға амандық, болашақ іс-қимылға сәттілік тілейік.

Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет