Биыл 1 мамырдан бастап елорда әуежайында ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге байланысты шектеу енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: shutterstock

Астана әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуе айлағын толық жаңғыртуға дайындық жалғасады. Оның шеңберінде көлік министрлігі елорда әуежайының басшылығымен бірлесіп, отандық және шетелдік авиакомпаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді.

"Бірқатар келіссөздердің, ауа райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт аралығындағы жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздық салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. 

  • Қазақстанда төрт жаңа әуежай салынады
  • Қазақстанда 20-дан астам әуежай еуропалық инвесторлардың басқаруына берілмек

Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуе айлағында әуе кемелерінің ұшып-қонуына шектеу қойылады. Бұл шара әуежай ұсынатын қызметтердің сапасына кері әсер етпейді", — делінген әуе айлағының ресми мәлімдемесінде. 

Ведомство өкілдері бұл әуежай көрсететін қызметтердің сапасына кері әсер етпейтінін атап өтті. Ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жұмыстары Қазақстан Республикасы көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Авиация әкімшілігінің тұрақты мониторингі кезінде барлық қажетті құрылыс нормалары мен қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып жүргізіледі.

Айта кету керек, әуежайдың қазіргі ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілді және сенімгерлік басқару кезеңінде инвесторға артылған басты міндет – ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу еді.

"Осы ірі жобаны іске асыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте әуе кемелерінің барлық түрлерін шектеусіз қабылдау үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әуеайлақ жабындарының сапалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған. Осы орайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін. Сондықтан жолаушыларға әуе компаниялары мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінен рейс статусын нақтылау ұсынылады", — дейді баспасөз қызметі.

Бұған дейін Көлік министрлігі әуежай маңына таяу салынған ғимараттар сүрілетінін айтқан еді. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.