Әлем халқы жыл сайын 14 ақпанда Әулие Валентин яғни ғашықтар күнін атап өтеді. Қазақстанда бұл дата ресми атап өтілмесе де кей отандастарымыз мерекеде бір-бірін құттықтап, тілектерін айтып жүр. Stan.kz тілшісі ерлі-зайыптылардан аталған датаны қалай атап өтетінін, психологтерден “ғашықтардың осы күні ғана бір-біріне көңіл бөлуі дұрыс па” деп сұрап көрді. 

Фотода Мусабековтар және Ахановтар отбасылары

Қазақстандықтар Еуропа мен АҚШ-та белең алған "Әулие Валентин" күнін 90 жылдардың соңына қарай дәстүрлі түрде атап өте бастады. Бұл мерекенің 2000 жылдары жастар арасында танымал болғаны соншалық, қазір бұны тойлайтындардың қатары некен-саяқ. Ғалымдардың зерттеуінше, 2023 жылы ТМД халықтарының 26%-ы ғашықтар күнін тойламайтын болған.

Алайда бұл күні жастар екінші сыңарына түрлі-түсті сыйлықтар, тәттілер мен гүл беріп қуантып жүргенін айта кеткен жөн.

Іd.visa.kz турагенттігінің негізін қалаушы Рима Балғабай күйеуімен 2010 жылдан бері таныс екенін және бұл мерекені тойлаудың еш әбестігі жоқтығын айтты.

"Жұбайым екеуміз мектеп кезінен таныспыз. Аналарымыз бір мекемеде жұмыс істегендіктен, жиі бетпе-бет көрісіп қалатынбыз. Достықтан басталған бала сезім агент желісінде жалғасты. Оқушы кезімізде ол мені үйге дейін арқалап алып келетін. Киноға билет алып, уақытты көңілді өткізуге тырыстық. 2014 жылы ол Теміртауда қалып, мен Астанаға көшіп кеттім. Кейін оның Қарағандыға оқуға түскенін естіп қатты қуандым. 2017 жылы ол әскерден келген соң, Астанаға көшіп келді. Сол уақыттан бері жақсы қарым-қатынас құрып, саналы түрде араласа бастадық. Қыз бен жігіт болып жүріп, талай ел-жерді бірге араладық. Мәселен, Америкаға, Еуропаға және тағы басқа шетелдерге саяхаттадық. 2020 жылы некелесіп, 2023 жылы қызымыз дүниеге келді", – деді Рима.

Риманың айтуынша, күйеуі екеуі бұл мерекені бірнеше жылдан бері үзбей үздіксіз атап өтеді.

"Жолдасыммен бірге өзара шағын түрде атап өтеміз. Бір-бірімізге сыйлығымызды сыйлап, көңіл бөлу мақсатында ғана тойлаймыз. Қоғамда ғашықтар күнін тойламау керек деген пікірмен келіспеймін. Сонымен бірге Әулие Валентин күніне табынушылық деп те есептемеймін. Себебі бұл жай ғана сүйіктіңе құрмет көрсетіп, көңіл бөлетін ерекше уақыт. Керісінше, адамдар бұл күнді күрделендірмей, әр сәтті қуанышпен өткізулері қажет. Жай ғана "ғашықтар күні" деп қарауға тиіс. Бұл мерекенің тарихын және қалай әдебиеттерде қалай жазылып жүргенін білемін. Ес білгелі 14 ақпанды тойлап келемін. Бұған қоса, Валентин күнін тойлайтындарға оң көзқараспен қараймын", – деді турагенттіктің басшысы Рима. Балғабай.

Фотода Рима Балғабай мен Ролан Аханов

Ал атыраулық кейіпкеріміз Құсайын Аружан кездесуге уақытын бөле алмай жүрген қос ғашық махаббатын айтып, сезім білдіретін уақыттардың бірі деп санайды.

“Отбасылық өмірде күйбен тіршілікпен кейде бір-бірімізді қалай жақсы көретінімізді, бағалайтынымызды айтуды ұмытып кетеміз. Әсіресе үйде кішкентай балалар болған соң, өзімізге уақыт таба алмай қаламыз. Сондықтан кез келген мереке біз үшін жай ғана себеп деп ойлаймын", – деді ата-ана Аружан.

Аружанның сөзінше, оны күйеуі жыл сайын қуантып тұрады.

"Міне, отбасы болғанымызға 6 жыл толады екен. Отау құрған алғашқы жылдары ыстық-суығымыз басылмаған кез болды. Сол уақытта "махаббат күнін" асыға күтетінбіз. Қазір күйеуім 3 жылдан бері гүл немесе ақшалай, бағалы сыйлықтар беріп жүр. Ал мен болсам, дәмді кешкі ас дайындап, күтіп алуға тырысамын", – деді Аружан.

Көп балалы ана Айнұр Мусабекова күйеуінің жұмысы тығыз болса да, оған көңіл бөліп, қуантып тұратынын жасырмады.

Сонымен қатар ол мектеп кезінде бұл күнді қалай қарсы алатынын еске алды.

  • Қазақстандық жұлдыздар "Ғашықтар күнін" қалай қарсы алды (видео)
  • Валентин күні туралы сіз білмейтін 14 тарихи факт (фото)

"Бұрыннан тойланып келе жатқан жастардың мерекесі. Әркім өз қалауынша тойлай берсін. Бейтарап пікірде болғандықтан, тікелей қарсымын деп те айта алмаймын. Жасыратыны жоқ, мектеп кезінде Валентин мерекесін асыға күтіп, сыныпта бір-бірімізге ашық хаттар "валентинкалар" сыйлайтынбыз. Мектеп қабырғасына ілінген жәшіктен өз мекенжайыма жазылған хаттарды алып, оқығанша тағатсыз күтетінмін", – деді Айнұр.

Айнұр Мусабекованың айтуынша, мектепте хат көп келген адамға арнайы сыйлық дайындалып, дискотекада тапсырылатын. 

"Сондықтар болар хаттардың көптеп келегенін тілеуші едік. Түрлі-түсті жүрек тәрізді құттықтау қағаздары топ-тобымен келіп жатты. Біреуі ұнайтын жігіттен, енді бірі мүлде ұнамайтын жігіттен, енді бірі досыңнан деген сияқты. Қазір есіме алсам күлкім келеді. Бірақ неге екені белгісіз, студент болғаннан бастап мен үшін "Валентин күні" өз күшін жойды. Бұл мейрамды тойлауға аса құлықты болмадым", – деді Айнұр Мусабекова.

Фото: “Валентинка”, ИА ChitaMedia

Ал қарым-қатынас психологы Рауан Нұрғалиқызы махаббат сезімі Валентин күніне, мерекеге немесе Жаңа жылға бағынбайтынын айтады.

"Ол сезімнің ғашықтар күніне байланысты деп қарау дұрыс емес. Сондықтан ол күні ешқандай гормон да бөлінбейді. Егер адамдар арасында әуел баста махаббат болса, ол әрдайым өзін бақытты сезінеді. Ғашық болған сәтте екі сыңар әлемнің бәрін жақсы көреді. Бүкіл әлем өзі секілді бақытты деп ойлайды. Қуанып, айқайлағысы келеді. Ол енді заңдылық. Сондықтан 14 ақпанда ерлі-зайыптылардың да, қыз бен жігіттің арасында да ешқандай сезім пайда болмайды", – деді психолог.

Психологтың айтуынша, бұл мереке бұрынғы жылдары ғана жақсы тойланып, сәнге айналғанын айтады. 

"Бір дүние жаңадан шығып жатса, бірінші кезекте жастар, мектеп оқушылары соған ілесетіні бәрімізгі белгілі. Бәрі лег-легімен тойлап жатқандықтан, кез келген ортада тез таныла бастайды. Мәселен, қазір гендер патиді көбі атап өтеді. Мұны асыға күтеді. Алайда кейін уақыт өте келе, бұл мерекені ешкім тойламайды. Өйткені заман бір орнында тұрмайды, қоғамның танымы өседі. Қоғамды адамдар құрғандықтан, олардың ойлары, көзқарасы өзгереді. Бұрынғы дәстүрдің орнына жаңа ғұрыптар келеді. Сол себепті қазіргі таңда бұл мереке сәннен шыға бастады. Сондықтан бұл таңғаларлық нәрсе емес", – деді психолог.

Психолог ерлі-зайыптылар тек ғашықтар күнінде ғана махаббаттарын ашық білдірмей басқа күндері де еске алып тұруға кеңес берді. 

"Әйелі мен күйеуі немесе қыз бен жігіт махаббатын сол күні ғана білдіретін болса, олардың арасында шынайы сезімнің жоқ деуге болады. Олар мерекені жай атап өтіп, қалыптасқан дәстүр екенін ескеріп тойлайтын болса оның еш әбестігі жоқ. Ғашық жандардың арасында шынайы сезім болса, олар 14 ақпанды да, 15 сәуірді де күтпейді. Өйткені жүректен шығып тұрған сезім тұншықтырып отыру мүмкін емес", – деп сөзін түйіндеді психолог Рауан Нұрғалиқызы.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.