Танымал блогер, қайырымдылық іс-шараларының ұйымдастырушысы Ырысбала Икрамбай ұлттық киім киюді міндеттеген билік өкілдеріне шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/irisbala__ikrambai_official/

18 наурыз – ұлттық киім күні болып бекітілген еді. 

“Кешеден бері балаларға ұлттық киім іздеп, сабылып жатырмыз. Киімді жалға беретін кісілер қазір “жарты Құдай” боп тұр. Саудасы қызып жатыр. Енді, міне, кеш батып, базар тарқайын деп жатқанда киім іздеп базарға шықтым. Ол жақта не жетіскені қалды екен десейші. Солар Наурызды тойламай-ақ қойса, біреу бірдеңе дей ме? Сосын, Шымкент, сендер Наурыз тойламай-ақ қойыңдаршы. "Қане, бауырсақ?", "Палау қайда?!" деп тамаққа таласып, ел-жұртқа масқара боласыңдар. Наурызбен дамымай, өркендемей-ақ қойыңдаршы осы. Барымызды ішіп-жеп, үйде отыра берейікші. Айтпақшы, мектеп пен балабақшаға әлі дастархан жаямыз. Соны неге мектеп пен бақшаның басшылығы өз қалталарынан жаймайды?! Ай сайын ақша алып отыр ғой, бір мерекеде балаларға әдемілеп дастархан жайып берсін! Киімді де өздері тіктіріп қойсын!" –  деп ашуланды блогер.

  • "Иманғали Тасмағамбетов қызметтік ұшағын берді": Айгүл Елшібаева Парижде өткен ақындар айтысынан естелік бөлісті

  • "Орнынан алып тастаңдар!": Мақпал Жүнісова Қостанай қаласының мәдениет басшылығына өкпеледі

Сонымен қатар блогер мерекені тойлау үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатқа да тиісті. 

“Ойбай, ұлттық киімді қолдайық", "Ұлттық дәстүрді сіңірейік, үйтейік, бүйтейік" деп бастап алады. Ол біздің, ата-аналардың қалтасына салмақ. "Анаған 1000 теңге, мынаған 2000 теңге" деген нәрсе басталды. Қолдайтын болсаңдар өздерің қолдай беріңдерші, айналайындар! Заң шығарып жатқан кісілер, бізге тиіспеңдер! Көпбалалы әйелдерге өте қиын, қалтаны тесіп жібереді. Сосын, кигізіп жатқан ұлттық киімдерінің түрін көрсең, көрпенің тысы ма, алаша ма, соның өрнегін алып, үйлессін-үйлеспесін жапсырып жатыр. "Ұлттық" деп қояды, базардың бәрі қырғыздардан келіп жатыр. Осы Наурызға пәленбай миллиард бөлінеді. Соған бес-алты киіз үйді тігіп қойып, "тойладық" деп шіренеді. Бір күндік нәрсеге жел боп ұшқан есіл ақша-ай. Соны тойлауға бөлінетін ақшаны қаңғып жүрген қазаққа, қарттар үйіндегі кісілерге беріңдерші. Ауырып, ауруына ем іздеп, оны таппай, шетелде емдету үшін халықтан қайыршы боп ақша сұрап жүрген аналар көп. Соларға бөліңдерші, айналайындар! Бүкіл қазақ қолдар еді…" –  деді Ырысбала Икрамбай.

Еске салайық, Ұлттық киім күні қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық киімімізді дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шара өтетінін жазған едік. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.