Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы негізгі, екеуі запаста. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды.

Бишімбаев тарапы соттан орыс тілінен қазақ тіліне аудармашы беруді сұрады.

Зардап шеккен тараптан жауап алу басталды. Сот сұрақтарына Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді жауап беріп жатыр.

Оның сөзінше, олар 2022 жылы танысқан. Қарындасы әуелде бұрынғы министрді “талғамыма сай емес” деп айтып жүрген. Бірақ Бишімбаев оның артынан қалмай, телефон нөмірін тауып алып, “танысып көрейік, білмей жатып сыртымнан тон пішпе” деп астрологиялық кеңес алуға көндірген. Кейінірек ол Баку қаласына құрбысына саяхаттауға кеткен. Ағасы оның сол жақта Бишімбаевпен бірге демалғанын, екеуінің жұп болғанын білген. Сол сапардан келгеннен кейін Салтанат Қуандықтың жақсы адам екенін айтып, оны ұнатып қалады. 

Айтбек қарындасына тұрмысқа шығуға ұсыныс жасалғаннан кейін, қарындасының сүйіктісімен алдын ала танысқысы келгенімен Қуандықтың үнемі қолы бос болмаған көрінеді. Сол себепті оны тек  құдалықта ғана көрген. 17 қарашада құдалық, 18 қарашада сырға салу Павлодарда өткен. 

Нүкенованың ағасының сөзінше, Қуандыққа той-томалақтың ешқайсысы қызық болмаған. 

Екеуінің арасындағы алғашқы ұрыс “Бау” мейрамханасында болған. Бишімбаев мейрамхана қызметкерлерімен дөрекі сөйлескен, Салтанат адамдармен олай сөлесуге болмайтынын айтып, ренжіген. 

Жаңа жыл жақындағанда Қуандық пен Салтанат жақындарын үйіне қонаққа шақырады. Ол жерде Салтанаттың ағасы, Бишімбаевтың ата-анасы мен алғашқы некеден туған балалары болған. Қонаққа келген ағасы Салтанаттың қолы дірілдеп тұрғанын байқайды. “Не болды?” деген сұраққа қарындасы “ештеңе болған жоқ, жаным, аздап уайымдап тұрмын” деп жауап берген. 

Салтанат күйеуінен жаңа жылға сыйлық алған. Келген қонақтарды да шығарып салар алдында оларға иіссу сыйлайды. Сол кезде Қуандық ашуланады. “Мен сатып алған сыйлықтарға иелік етуге қандай құқыларың бар? Мен сатып алдым, мен сыйлаймын”, дейді. Ата-анасы оған ескерту жасаған кезде  Қуандық “шаруаларың болмасын” деп сөз қайтарады. Әкесіне “бәріне сен кінәлісің, менің өмірімді де, анамның өмірін де құрттың” деп ашуланады. Анасы оны тыныштандыруға тырысқанымен оған да дөрекі сөздер айтады.

“Мұның бәрі 12-ге таяғанда болды. Жаңа жылға 15 минут қалғанда ол сыртқа шығып кетті. Біз оның алғашқы некеден туған ұлымен сөйлесіп, бәрін жуып-шайып, көңілді орта жасағымыз келді. 12 болғанда Салтанат екеуіміз ата-анамызға хабарласып, жаңа жылмен құттықтадық. Анам “Қуандық қайда?” деп сұрағанда олардың көңіл-күйін түсірмеу үшін “оған біреу хабарласып қалды, далаға шығып кетті” деп айттық. Сөйлесіп болдық. Мен әкелген сыйлықтарымды беруге кірістім. Оның ішінде үш балаға арналған сыйлық та болды. Олар сыйлықтарын ашып жатқан кезде Қуандық ішке кіреді. Шамамен 12-ден 15 минуттай кеткен еді. Ол өзінің рұқсатынсыз балаларына сыйлықты ашуға рұқсат берілгеніне тағы ашуланып, “сендер мені ойламайсыңдар, қандай құқықтарың бар” деп балаларға, ата-анасына тағы да ашуланды. Мен ары қарай достарым күтіп отырғанын айтып, кетейін дедім. Сол кезде Қуандықтың анасы мені құшақтап “кешір мені, кешір бізді” деп жылайды. Мен анасына жаным ашып кетті “бәрі жақсы, алаңдамаңыз” деп кетіп қалдым”, – дейді Нүкенованың ағасы.  

1 қаңтар күні ағасы мен қарындасы телефон арқылы сөйлескен.

“Мен кеше не болғанын, бәрі қалай аяқталғанын сұрадым. Ол Қуандық стөлді ыдысымен, тамағымен төңкеріп жібергенін айтты. Мен “осының бәрі сыйлық үшін болып жатыр ма” деп таңғалдым. Ол “иә, сондай боп тұрады” дейді. 

Содан кейін олар ары қарай Алматыға, ары қарай Грузияға балалармен демалысқа кетті”, – деді Айтбек Амангелді 

Еске сала кетейік, қаза тапқан Салтанат Нүкенованың қанынан есірткі заттары табылған жоқ.

Прокурор Айжан Аймағанова мәйітке жасалған сот-медициналық сараптама Салтанат Нүкенованың қанынан 1,5%-тен аз мөлшерде спирт болғанын анықтады. Ол ағзаға шамалы ғана әсер етеді. 

"Нукенованың ішкі ағзаларын химиялық-токсилогиялық зерттеу кезінде есірткі, дәрілік және психотроптық заттар табылған жоқ. Қуыққа талдау жүргізгеннен кейін есірткіге сынама жасалды, ол да теріс нәтиже көрсетті", — деді Айжан Аймағанова.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.