«Қорғаныс өнеркәсібі және қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама Заң жобасының атауы



жүктеу 289.71 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі289.71 Kb.


«Қорғаныс өнеркәсібі және қорғаныстық тапсырыс туралы»

Қазақстан Республикасы Заңының жобасына

тұжырымдама
1. Заң жобасының атауы
«Қорғаныс өнеркәсібі және қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – заң жобасы).
2. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі
Мемлекет экономикасының қарыштап дамуына қарамастан, Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінде (бұдан әрі - ҚӨК) қиын жағдай қалыптасты, бұл жаңғыртуға және дамытуға қаржының жоқтығымен байланысты қиындықтарға ұшыратты. Тәуелсіздік жылдары тіршілік ету шегіндегі кәсіпорындар ғылыми-өндірістік кадрларды, конструкторлық бюроны толық жоғалтқан, қолда бар технологиялар моральдық жағынан және заттай ескірген.

Қолданыстағы заңнаманы талдау және саладағы істің жағдайы қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту мәселелерінде, осы салада өз қызметін жүзеге асыратын субъектілер арасында туындайтын қарым-қатынастарда, қорғаныс өнеркәсібі кешенінде мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеттерін нығайтуда және басым бағыттарда жүйелі тәсілдердің жоқтығын көрсетті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 3-тармағының
3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2013 жылғы 16 мамырдағы № 2 қаулысына сәйкес заңдарда оны ұйымдастыру және оның қызметінің негізін құрайтын мемлекеттік органның функциясы, сондай-ақ оны іске асыру маңызды қоғамдық қатынастарды қозғайтын функцияларды белгілейді.

Дейтұрғанмен, қорғаныс өнеркәсібі аясындағы уәкілетті органдардың, ведомстволық бағынысты ұйымдардың және кәсіпорындардың функцияларын заңнамалық нығайту назардан тыс қалған және іс жүзінде заңнамалық деңгейде жоқ.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» 1995 жылғы
18 желтоқсандағы № 2688 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 22-бабының 1-тармағына сәйкес, Министрлік мемлекеттік басқарудың тиісті саласын басқаруды, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Республиканың орталық атқарушы органы болып табылады.

2016 жылғы 6 қазанда «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің № 350 Жарлығы шықты.

Осы Жарлықтың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылған.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі


(бұдан әрі - Министрлік) қорғаныс және қосарланған мақсаттағы мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс өнімін әзірлеу және өндіру саласында стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыруы тиіс.

Қазіргі уақытта аталған мемлекеттік функциялар заңнамалық жағынан ғана емес, уәкілетті органның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі саласында да, басқа салаларда электронды өнеркәсіпте, ақпараттандыру және байланыс (киберқауіпсіздік) саласындағы ақпарат қауіпсіздігінде, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруда да нақтыланбаған.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Заңнамасын қолдану практикасы көрсеткендей, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытуға серпін беру құқықтық қатынастарды реттейтін жаңа тиісті заңнамалық акті қабылдау және қорғаныс өнеркәсібі кешенімен жанасатын және олармен сабақтас болып табылатын заңнамаға түзетулер енгізу жолымен ғана іске асырылады.

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауында Мемлекет басшысы дәстүрлі базалық, қорғаныс өнеркәсібі жататын салаларды дамытуға серпін беру қажеттілігі туралы атап өткен болатын.

Қазіргі уақытта Үкіметтің және мемлекеттік органдардың қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы құзыреті, олардың қарым-қатынастары және өзара іс-қимылдары толық көлемде реттелмеген. Осы факторлардың барлығы қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібіндегі мемлекеттік басқару тиімділігіне кері әсер етеді.

Заңнамалық деңгейде қорғаныс өнеркәсібі кешенін қаржылай ынталандыру, жеңілдіктер және преференциялар түрінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік қолдау жоқ.

Заңнамалық деңгейде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде отандық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты күшейту жөніндегі уәкілетті органның ҚӨК саласындағы үйлестіру рөлін күшейту қажет.

Қорғаныс өнеркәсібін дамыту үшін ішкі нарықты қамтамасыз етуге ғана емес, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін айқындауға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау қажет. Осының барлығы орта мерзімді перспективада саланы шығынсыздандыруға (өзін-өзі ақтауды қамтамасыз етеді), ал ұзақ мерзімде қаржылық кіріске және бәсекелестікке мүмкіндік береді.

Министрліктің салалық заңдарының бірі болатын қорғаныс өнеркәсібі кешенін және мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты біріктіру қажет. Қызметтің осы аясы өзара байланысты, себебі мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушылар отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер болып табылады.

Қазақстан Республикасында бизнесті қолдаудың 20-дан астам құралдары бар, оның ішінде Инвестициялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы және тағы басқалар. Дейтұрғанмен, осы элементтердің ешқайсысы қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарына қатысты қолданылмайды. Даму институттарының қаржылық саясаты және екінші деңгейлі банктер қару-жарақ пен әскери техника өндірісін қаржыландыруды көздемейді.

Қазіргі уақытта қорғаныс өнеркәсібіндегі отандық өндірушіні мемлекеттік қолдаудың жалғыз ғана тиімді шарасы мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс болып табылады. Сондықтан, МҚТ-ның негізгі міндеттерінің бірі отандық тауар өндірушілерді және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерді барынша жүктеу болып табылады. Мемлекеттің әлеуетті құрылымдары болып табылатын МҚТ тапсырыс берушілері қару-жарақтың, әскери техниканың, басқа да әскери мүліктің, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің заманауи үлгілерін алуға мүдделі. Сондықтан, өндірісті жаңғырту, ұсынылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, жергілікті қамту үлесін арттыру қорғаныс өнеркәсібі үшін де, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс үшін де басым болып табылады.

Мемлекет кәсіпорындарды мемлекеттік қорғаныстық тапсырыспен қамтамасыз етеді және оларды сол арқылы бәсекелестік жоқ ортаға әкеледі. Ондай жағдайда кәсіпорындардың басқару аппаратын қорғайды, коммерциялық менеджменттің рөлі МҚТ-ға тапсырыс беруші мен кәсіпорын арасындағы делдалдыққа әкеп соғады. Осы жағдайда ең маңыздысы бәсекелестіктің болмауы және МҚТ арқылы ақшалай қаражаттың ұдайы түсуі кәсіпорындардың жетілуіне және дамуына ұмтылысын жояды, кәсіпорынды жаңғырту шығындарын төмендетуге әкеп соғады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік материалдық резервті (бұдан әрі - ММР) жаңарту тетігі толық көлемде жұмыс істемейді. Тендерлік рәсімдер арқылы ММР-ден алынатын тауарларды өткізу өнімнің бағасын елеулі арзандатады, сәйкесінше бюджет жаңа тауарларды сатып алу кезінде қосымша шығындарға ұшырайды.

Бұл ретте, кейбір тауарлар сатылмай қалады, ол қоймалардың тауарға толуына, оларды қолдану мерзімдерінің өтуіне әкеп соғады. Сол уақытта мемлекеттік мекемелер сол тауарларды нарықтық баға бойынша сатып алады. Аталған мәселелер бюджет қаражатын ұтымсыз шығындауды және ММР қорларын жаңартуда жүйеліліктің болмауын көрсетеді.

Мемлекеттік материалдық резерв және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс елдің ұлттық қауіпсіздігі мен оның қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесінің құрамдас элементі болып табылады. Солай, мемлекеттік материалдық резервке әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар, атап айтқанда – төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша шаралар қабылдауға арналған тауарлар (арнайы техника, киім, байланыс құралдары, шатырлар, қамтамасыз ету құралдары) және жұмылдыру резервіндегі материалдық құндылықтар кіреді. Одан басқа, жұмылдыру тапсырыстары белгіленген кейбір ұйымдар қорғаныстық тапсырыс орындаушылары ретінде шығуы мүмкін, себебі олар жұмылдыру тапсырыстары белгілеген көлемдегі тауарларды өндіру үшін талап етілетін қуатқа ие.

Бұдан басқа, уәкілетті органның рұқсатымен жұмылдыру қоры бар ұйымдар кейіннен қалпына келтіре отырып, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау кезінде жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қолдану мүмкіндігі қосымша бюджет қаражатын тартпай жұмылдыру резервін өз бетінше ұдайы жаңартуға, сондай-ақ қорды тұрақты жаңарту жолымен материалдық құндылықтардың сапалы сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс тетігін енгізу мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруда оң әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру жөніндегі сандық және сапалық көрсеткіштерді арттыруы мүмкін, себебі қорғаныстық тапсырыс басым тәртіпте орындалуға міндетті, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғаудың жоғары деңгейлі режимін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қорғаныстық тапсырысты орындаушыларға қойылатын қосымша талаптар мемлекеттік материалдық резервке тауарларды берушілер арасынан толық көлемде тапсырысты орындау үшін қажетті өндірістік қуаттылығы жоқ делдалдық құрылымдарды қоспауға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру мүмкіндігі көзделмеген.

Сондықтан, уәкілетті органның қорғаныс өнеркәсібінің ұзақ мерзімді және орта мерзімді басымдығы бар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу, саланы қаржылай ынталандыру құралдары мен тетіктерінің болуы аса маңызды. Қазіргі уақытта қорғаныс өнеркәсібін дамыту және Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қайта қаруландыру бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірде-бір құжаты қабылданбағанын ескеру маңызды.

Кәсіпорындарды мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа енгізу, субсидиялау, өндіріске, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін әзірлеуге, осы саладағы ғылымның дамуына қаржы құю жолымен саланы дамытуға және жаңғыртуға ынталандыру аса қажет. Жеңілдікпен берілетін несиелерді, қарыздар мен гранттарды бюджет қаражатынан да, жекелеген институттардан, түрлі қорлар мен шетел инвестицияларынан да алу мүмкіндігін заң жүзінде бекіту қажет.

2017 жылғы 5 сәуірде Жоғары әскери-техникалық комиссия отырысында «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс» бөлігін 2017-2020 жылдарға арналған «құпия» грифінсіз ғылым дамуының басым бағыттары қатарына енгізу туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге, осы басымдық ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды ерекшеліктегі «құпия» грифі бар ғылыми-техникалық жобаларды қарауға және қаржыландыруға мүмкіндік бермейді,

Ережедегідей, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде жоғарыда көрсетілген мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар ғылыми жобалар қосылады. Бұл ретте, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер қамтылған ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қарау тәртібі «Ғылым туралы» Заң шеңберінде қарастырылмаған, ол мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін бөгет болады.

Осылайша, МҚТ шеңберінде қаржыландыру бойынша қолданыстағы заңнамадағы кемшіліктерді жою үшін, тиісті заңнама шеңберінде Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауіпсіздігінің мұқтаждығы үшін мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау кезінде ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін «Ғылым туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.

Сериялық өндірістің бастапқы сатысында шағын нарықты өткізу салдарынан әскери мақсаттағы өнім өндіру пайдалылығының төмен деңгейі күрделі мәселе болып отыр. Осы мәселелердің барлығы осы саланы ынталандыру, қорғаныс өнеркәсібі саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу қажеттілігін дәлелдейді.

Бірыңғай қорғаныс өнеркәсібі саясатын іске асыру Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін дамытуға бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдастыру және өзге де шаралар жиынтығын қабылдауға әкеп соғады.

Қорғаныс өнеркәсібі кешені қорын құру ұсынылады, ол қорғаныс өнеркәсібі кешенін қосымша қаржыландыруға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге және кәсіпорындарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Қорды құра отырып, жаңа бәсекеге қабілетті және заманауи қару-жарақ пен әскери техника түрлерін, қосарланған мақсаттағы өнім өндіруге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, қорғаныс кәсіпорындарын жаңғыртуды қаржыландыру сияқты міндеттерді шешу ұсынылады. Бұдан басқа, қордың көмегімен инвесторларды және заманауи технологияларды тарту, шетел компанияларымен, оның ішінде технология трансферті бойынша отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені өнімдерін экспорттауды ұлғайту жөнінде шарттар жасасу ұсынылады. Осы факторлардың барлығы қорғаныс-өнеркәсіп кешені (бұдан әрі – ҚӨК) кәсіпорындарының қаржылық жай-күйін сауықтыруға мүмкіндік береді.

Қор олардың бизнесі ұзақ мерзімді перспективада өсуге және экспорттың ұлғаюына есептелген компаниялардың ұзақ мерзімді әріптесі болады.

Қазіргі уақытта осы саланың реттелмеуіне байланысты, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ғылым тиісті деңгейде дамымағанын ескеру керек. Мемлекетте және жеке кәсіпкерлерде бос қаржы болмағандықтан және отандық ҚӨК жағынан қымбат және әрқашан күтілген нәтижеге әкелмейтін және сұранысқа ие бола бермейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестиция құю ниеті болмағандықтан ғылымның дамуы тығырыққа тірелген. Бизнесті перспективада жеке әріптестермен және мемлекеттік органдармен келісімшартқа отыруға ықпал ететін жаңа әзірлемелерге ынталандыру қажет.

Қорды құру бірінші кезекте ғылымға инвестиция құюға, ғалымдардың аса перспективалы жұмыстарына қаржы бөлуге және перспективада кәсіпорындарды конструкторлық бюро құруға итермелеуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, ғылымның дамуы қорғаныс өнеркәсібіне ғарыш технологияларын тартуға, электронды және өндірістің басқа да бағыттарымен байланысты жаңа қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының пайда болуына ықпал етеді.

Министрлік құзыретіне кіруге тиіс қызметтің кейбір аясы басқа мемлекеттік органдардың қызмет аясына қатысты бірнеше заңнамалық актілерде реттелген не мүлде реттелмеген.

Сонымен, әскери мүлік айналымымен байланысты қызмет аясы «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы», «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы», «Экспорттық бақылау туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында және ҚР басқа да құқықтық актілерінде қамтылған.

Қорғаныс өнеркәсібі аясындағы уәкілетті органның жұмыс тиімділігін арттыру, әскери мүлік айналымы аясында мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету және онымен байланысты мәселелерді шешу үшін лицензиялау мәселесі бойынша уәкілетті және басқа да мемлекеттік органдардың құзыретін заңнама жобасында қарау қажет.

Пайдаланылмайтын әскери мүлікті өткізу тетігін оңтайландыру қажеттілігі туындады. Қолданыстағы бағалау әдістері субъективті болып табылады және оларда елеулі айырмашылықтар болуы мүмкін.

Пайдаланылмайтын әскери мүлікті оның сақталуына жауап беретін «Қазарнаулыэкспорт» РМК құрылымдық бөлімшелеріне сату үшін беру ұсынылады. Бұдан әрі сұраныс сатылатын тауардың бағасын қалыптастыратын мүлікті бағалаусыз сатылым арқылы сату. Осы жаңашылдықтар оны сатқанға дейін мүліктің сақталуына жауап беретін заңды тұлғаны айқындауға, сондай-ақ ұзақ және қорғаныс аясында тиімсіз мүлікті бағалау әдістемесін болдырмауға мүмкіндік береді. Оларды енгізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына мемлекеттік мүлік айналымына қатысты бөлігінде өзгерістер енгізу қажет. Осы мәселелерді нақтылау оларды әзірлеу жөніндегі құзыретті ҚАӨМ-ге бере отырып, ҚР Үкіметінің қаулысымен ПӘМ-ді сату қағидалары деңгейінде бекіту ұсынылады.

ПӘМ-ді және ПӘМ-ді кәдеге жарату өнімін сатудан түскен қаржыны қорғаныс өнеркәсібі кешені қорына жолдау ұсынылады. Ол үшін кейбір нормативтік-құқықтық актілерге, оның ішінде «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты реттеу аясында мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты берушіні таңдау, баға белгілеу, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шарттарын орындау шарты мен тәртібі, тапсырыс берушінің, жеткізушінің міндеттемелері, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушылармен жасалатын шартты қамтамасыз ету, айыппұл санкциялары және басқа да елеулі шарттар мәселелерін реттеу қажет.

Мемлекеттік сатып алу аясында заңнамалық актілер шарт жасасқан сәттен, оларды қамтамасыз етуден бастап айыппұл санкцияларымен аяқталатын барлық маңызды сәттерді көздейтіндігін атап өту қажет. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс аясында әрбір әлеуетті орган қазіргі уақытта аванстық төлем сомасын, тұрақсыздық айыбы сомасын өз бетінше белгілеуге ерікті. Осындай олқылықтар заңнамада МҚТ-ны түрлі орындаушылармен қарым-қатынаста әділетсіздікке жол ашады.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бюджет қаражаты есебінен сатып алынатынын ескере отырып, және сыбайлас жемқорлық белгілеріне жол бермеу үшін көрсетілген мәселелер нақты регламенттеуге жатады.

Сондай-ақ МҚТ жүйесінде 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімді шарттар жасасу жөніндегі мәселелерді қарау ұсынылады. Қару-жарақ пен әскери техниканың кейбір санаттары бойынша өндіріс циклі ұзақ уақыт алады. Кейбір жағдайларда өндіріс циклінің басталуы жеткізушіге ғана емес түрлі елдердегі үшінші тұлғаларға да байланысты болады. Өндіріс циклі кезеңіне әскери (қосарланған) мақсаттағы өнімді кіргізуге және шығаруға құжат рәсімдеу кезеңі қосылады. Сондықтан, ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу қажет. Ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу зауыттарға өндірісті дамытуды жоспарлауға, МҚТ шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің арзандауына әкеп соғатын жинақтауыштардың ірі партияларын көтерме бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін сатып алу үшін ҒЗТКЖ және ТКЖ жүргізу, өндіріс циклін жолға қою, жаңа технологияларды сатып алу және оларды жолға қою, мамандарды шақыру немесе өз қызметкерлерін оқыту қажет. Осы талаптардың барлығы қаржылай құюды талап етеді. Сондықтан кәсіпорындарға, олар бағаны көтермей болжамды шығынды ақтай алатын ұзақ мерзімді келісімшарт түрінде кепілдік қажет. Өйтпеген жағдайда шығындардың орнын толтыру мақсатында кәсіпорындар осы шығындардың барлығын бір тапсырысқа қосады, ол жеткізілетін тауардың көп есе қымбаттауына әкеп соғады.

Қазіргі заманда жаһандану үдерісінің ұдайы күшеюі орын алған кезде әскери технологиялар мен қосарланған мақсаттағы технологиялар деңгейі жоғары шет елдермен әскери-техникалық ынтымақтастық елеулі орын алады.

Қарым-қатынастың дұрыс құрылған жүйесі әскерді қайта қаруландыруға ғана емес отандық өнеркәсіп кәсіпорындарындағы өндірістік үдеріске болашақта енгізілетін технологиялар еліміздің әскери қауіпсіздігін елеулі ұлғайтуға да мүмкіндік береді.

«Әскери-техникалық ынтымақтастық» терминін заңнамалық деңгейде бекіту қажет.

Министрлік алдында тұрған міндеттерді ескере отырып, бастапқыда отандық ҚӨК-ті дамытуға бағдарланған ӘТЫ-ны жүзеге асыру ұсынылады және ол оны қолдаудың бір ғана құралы болып табылады. Бұл бірінші кезекте өнім экспортына қатысты, яғни қазақстандық ҚӨК-тің әскери және қосарланған мақсаттағы өнімін сыртқы нарыққа шығару.

ҚӨК кәсіпорындарының жаңғыртылған ресурсын игеру бойынша қолда бар әлеуеті кезінде қазақстандық әлеуетті құрылымдар көрсететін қызметтерге тапсырыстар елеулі көлемде жүргізіледі және тиімді ӘТЫ инвесторларды тарту есебінен бюджет шығысын төмендету, шетелдік әріптестер жағынан кепілдендірілген тапсырыс жолымен ҚӨК кәсіпорындарының шығындарын төмендету, офсетті іске асыру құралдарының бірі болып табылады.

Ынтымақтастық бойынша бірыңғай, нақты, және ұзақ мерзімді бағыттар жоқ, бұл шетелдік әріптестердің қатысуына, ҚӨК жобаларына инвестициялар тартуға кедергі келтіреді.

ӘТЫ-ны ҚӨК-ты дамытумен тығыз байланыстыру қажеттілігі, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту технологияларының моральдық жағынан тез ескіруімен негізделген.

Бұл шара мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қатар ҚАӨМ-ге перспективалы жобалар бойынша әріптес мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастықты толық көлемде жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ дұрыс құрылған ынтымақтастық кезінде уәкілетті орган келіссөздерде отандық тауар өндірушілердің салықтық және өзге де преференцияларына, өндірушілердің (өндіруші зауыттардың) бағасы не шетелдік әріптес мемлекеттердің ішкі бағасы бойынша қосалқы бөлшектерді және жинақтауыштарды сатып алуға қол жеткізе алады.

Сондай-ақ белгілі бір кезеңге нақты мақсаттар қоя отырып, саланың дамуына қолдау көрсететін орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада шетелдік әріптестермен қарым-қатынастың дамуына назар аудару қажет.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау жөніндегі барлық функцияларды бере отырып, әскери қабылдау институтын жетілдіру қажет. Аккредиттелген әскери өкілдерге тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қабылдау бойынша қосымша құзырет беру, әскери бөлімдер қолбасшылығын тартпай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қабылдаудың тиімді тетігін әзірлеу. Осындай шаралар әскери бөлім қолбасшылығын және лауазымды адамдарды қабылдау жөніндегі өздеріне тән емес функциялардан босатады. Сондықтан, осындай шаралар бөлім командирлеріне қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттермен айналысуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде қабылдау тетігін жеңілдету және кезең-кезеңмен жүргізу, өндірістік цикл аяқталуы бойынша қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қажет.

МҚТ-ны орындайтын барлық кәсіпорындар шығыс материалдарын, жинақтауыштарды және кейбір көрсетілетін қызметтерді (көлік, сервистік) үшінші тұлғалардан сатып алатынын атап өту қажет. Сондай тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тауар бағасына қосылады. Әскери өкілдіктерге өз мүмкіндігі шеңберінде сатып алу тізбегін қадағалау қажет. Сондай-ақ МҚТ орындаушыларының сатып алу тізбегін оны орындау шеңберінде делдалдық құрылымдар арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бағасын көтеру ниетін болдырмау мақсатында ҚАӨМ жағынан ғана емес, қаржылық мәселелерді қадағалайтын мемлекеттік органдар да қадағалауы қажет.

МҚТ шеңберінде әскери мүлік тек отандық өндірушілерден ғана сатып алынбауына байланысты, мемлекеттік орган мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде мүлікті сатып алуға көздеген соманың 50 % аспауға тиіс импортты заңды түрде шектеуді көздеу қажет. Осы шара отандық бизнесті қолдау элементтерінің бірі болады және мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру кезінде импорт жағына өтпеуіне мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарынан қарыздарды өндіріп алу мәселесі өткір туындап отыр. Кәсіпорын активтерін іздестіру кезінде бөтен тұлғалардың жеке иеліктерінде болуы мүмкін қару-жарақ пен әскери техника болуы мүмкін. Сондықтан қарыз ретінде өндіріп алуға жол бермеу және қару-жарақ пен әскери техниканы кепіл ретінде қабылдауға жол бермеуді заң жүзінде көздеу қажет.



3. Заң жобасын қабылдаудың мақсаттары
Заң жобасы уәкілетті органның негізгі міндеттерін, функциялары мен өкілеттігін айқындау, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ҚР заңнамасын жетілдіру, әскери-техникалық ынтымақтастық, әскери мүлік айналымы, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, осы саланы қаржылай қамтамасыз ету, сондай-ақ электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс (киберқауіпсіздік) аясында ақпараттық қауіпсіздік, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту мақсатында әзірленді.
4. Заң жобасын реттеу нысанасы
Заң жобасын реттеудің мәні қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, әскери мүлік айналымы, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың әскери-техникалық ынтымақтастығы, электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс (киберқауіпсіздік) аясында ақпарат қауіпсіздігі, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласында туындайтын қарым-қатынастар болып табылады.
5. Заң жобасының құрылымы мен мазмұны
Заң жобасының құрылымы қолданыстағы «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңына толық көлемде сәйкес келеді.

Заң жобасы жеті тараудан тұрады:

Бірінші тарау «Жалпы ережелер»;

Екінші тарау «Мемлекеттік реттеу»;

Үшінші тарау: «Қорғаныс өнеркәсібі»;

Төртінші тарау «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс»;

Бесінші тарау «Қорғаныс өнеркәсібі кешенін экономикалық қамтамасыз ету»;

Алтыншы тарау «Әскери-техникалық ынтымақтастық»;

Жетінші тарау «Қорытынды ережелер».
6. Тиісті салада заңнамалық актілерге жүргізілген құқықтық мониторингілеу нәтижелері
Тиісті салада заңнамалық актілерге жүргізілген құқықтық мониторингілеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама осы саланы реттемейтіні ескерілді. Сонымен бірге, түрлі құқықтық актілерде бекітілген кейбір құқықтық нормалар бар:

«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» 2001 жылғы
19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Азаматтық қорғаныс туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

Бұл ретте, аталған нормативтік құқықтық актілерде қамтылған қорғаныс өнеркәсібі мәселелерін қозғайтын нормалар қорғаныс өнеркәсібінде бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу мақсатында, олардың материалдық, қаржылық, еңбек және табиғи ресурстарын тиімді пайдалану үшін бытыраңқы болып табылады және қорғаныс өнеркәсібі кешені субъектілерінің қызметін реттеуді қамтамасыз етпейді.


7. Заң жобасы қабылданған жағдайда болатын болжалды құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар
Заң жобасын қабылдау қорғаныс өнеркәсібі, әскери мүлік айналымы, әскери мақсаттағы өнім саласында мемлекеттік қадағалауды қамтамасыз ету, әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру, ҚӨК саласында уәкілетті органның құзыретін, оның ішінде стратегиялық, реттеушілік және қадағалау-бақылау функцияларын нақты айқындау үшін, нормативтік құқықтық базаны құруға мүмкіндік береді.

Заң жобасы қабылданған жағдайда құқықтық салдарлар қорғаныс өнеркәсібі, әскери мүлік айналымы, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласында қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу тетігін жетілдіруден, заңнамадағы олқылықтарды және қарама-қайшылықтарды жоюдан тұрады. Атап айтқанда, әскери мақсаттағы өнімді сатып алу (импорттау), сату (экспорттау), лицензиялау тәртібін, әскери мақсаттағы өнім айналымы саласында өкілеттілікті қайта бөлу, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру кезінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс тетігін енгізу, атап айтқанда, қару-жарақты, әскери техниканы және оларға жинақтауыштарды сатып алу тетігі өзгереді.

Заң жобасын қабылдау қорғаныс өнеркәсібі саласында мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүргізуге, мақсаттарды және басым бағыттарды таңдай отырып, қорғаныс өнеркәсібі кешенінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ енгізілген өзгерістер бұдан әрі ҚӨК өндірісін жаңғыртуға күш салуға, МҚТ шеңберінде алынатын тауарларда, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде жергілікті қамтуды ұлғайтуға, ҚӨК кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Заң жобасын қабылдау қоғам дамуына тұтастай және оның жекелеген топтарына теріс әсер ететін әлеуметтік салдарларға әкеп соқтырмайды.
8. Бір уақытта (кейіннен) басқа да заңнамалық актілерді

әзірленетін заң жобасына сәйкес келтіру қажеттілігі
Заң жобасын қабылдау «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңын жоюды және мынадай заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді талап етеді:

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі;

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексі;

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі;

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексі;

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексі;

«Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Мемлекеттік құпиялар туралы» 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Геодезия және картография туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

«Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Ғарыш қызметі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Ұлттық қауіпсіздік туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Мемлекеттік сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.


9. Заң жобасы нысанасының

өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттелуі
Заңның нысанасы жартылай жекелеген нормативтік құқықтық актілерде реттелген. Бұл ретте қорғаныс өнеркәсібі мәселелерімен жанасатын және жекелеген құқықтық актімен біріздендіруді және айқындауды талап ететін түрлі нормативтік құқықтық актілерде қамтылған нормалар бар:

«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» 2001 жылғы
19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы.

«Әскери мүлік айналымының кейбір мәселелері»


2008 жылғы 16.07. № 687, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 29.12. № 2219, «Жауынгерлік қол атыс қаруының және оған оқ-дәрінiң, сондай-ақ суық қарудың айналымы epeжесін бекіту туралы» 2002 жылғы 18.09. №1032 ҚР Үкіметінің қаулылары.

10. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің болуы
Ресей Федерациясында қорғаныс өнеркәсібі кешенімен байланысты мәселелер «Өнеркәсіп туралы» Заңға жеке тарау болып енгізілген.

Сонымен қатар, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындауды ғана емес, өнеркәсіптегі мемлекеттің бақылау және реттеу функцияларын, оның ішінде МҚТ-ға отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерді жіберуді де айқындайтын «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Ресей Федерациясының Заңы бар.

Беларусь Республикасында «Қарулану мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заң қолданыста. Яғни, Беларусь Республикасы әлеуетті құрылымдардың қаруландыру бағдарламасын мемлекеттік қорғаныстық тапсырыспен байланыстырады. Сондықтан, жергілікті ҚӨК-ті осы бағдарламада бағыттау отандық кәсіпорындарға осы бағдарламаға икемделе отырып, МҚТ-ны орындауға мүмкіндік береді.

Ресей Федерациясында әскери мүлік айналымымен (әскери мақсаттағы өнім) және әскери-техникалық ынтымақтастық саласында қарым-қатынасты мемлекеттік реттеуді жүзеге асырумен байланысты мәселелер мыналарды:



  1. «Ресей Федерациясының шетел мемлекеттерімен әскери-техникалық ынтымақтастығы туралы» Заңын;

  2. «Өнеркәсіп туралы» Заңын;

  3. «Ресей Федерациясының шетел мемлекеттерімен әскери-техникалық ынтымақтастығы мәселелері» РФ Президентінің 2005 жылғы 10.09. № 1062 Жарлығын;

  4. ««Рособоронэкспорт» (бүгінде ААҚ) федералды мемлекеттік унитарлық кәсіпорын құру туралы» РФ Президентінің 2000 жылғы 4.11.
    № 1834 Жарлығын қабылдау жолымен шешілген және әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік делдал болып айқындалған.

РФ-ның шетелдік мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында мемлекеттік реттеуі мынадай тәртіпте жүзеге асырылады:

  1. әскери мақсаттағы өнімді әзірлеуді және өндіруді лицензиялау;

  2. әскери мақсаттағы өнімді кіргізу және шығару, сату және сатып алу тәртібін айқындау;

  3. әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырудың рұқсаттама тәртібін белгілеу;

  4. әскери-техникалық ынтымақтастық саласында қызметті құқықтық және ұйымдастыру реттеу;

  5. әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде экспорттық бақылау жүйесін қамтамасыз ету;

  6. ұйымдарға әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға құқық беру тәртібін айқындау;

  7. әскери мақсаттағы өнімді кіргізуге (импорттау) және шығаруға (экспорттауға) лицензиялау;

  8. әскери мақсаттағы өнімді кіргізуді (импорттауды) және шығаруды (экспорттауды) кедендік реттеу.

«Рособоронэкспорт» ААҚ-ны басқару және олар қабылдайтын шешімге ықпал ету арқылы мемлекет қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттау/импорттау үдерісін орталықтан ұйымдастырады және басқарады, осы нарықтағы бағаны қалыптастырады, ол сәйкесінше нарықта тиісті қадағалауды қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс аясында Ресейлік заңнама ағымдағы қаржылық жылға федералдық бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаражат шегінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік материалдық резервті жинақтаудың материалдық құндылықтарының жыл сайынғы көлемін жоспарлауды көздейді. Бұл ретте мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың мәні кең. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген Ресей Федерациясының қорғанысын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, федералдық мұқтаждық үшін тауарларды, орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жеткізу, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерге сәйкес шетел мемлекеттерімен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында өнімді жеткізу тапсырмалары түсіндіріледі. Осыған байланысты, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс құрамына қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы, сондай-ақ шикізат, бұйымдардың материалдары мен жинақтауыштарын жеткізумен қатар, мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жинақтау үшін де жеткізу мүмкін. Бұдан басқа, РФ заңнамасында тауар нарығында алдыңғы қатарда тұрған жабдықтаушылар, сондай-ақ қорғаныстық тапсырыс көлемі 70 % астам кәсіпорындар мемлекеттік резервке беруге келісімшарт жасасудан бас тартуға құқылы емес. Олай болмаған жағдайда тапсырыс беруші мен оның аумақтық органдары оларды шартқа қол қоюға мәжбүрлеп тарту туралы төрелік сотқа арыздануы мүмкін. Мемлекеттік материалдық резервті мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс арқылы қалыптастыру Ресейлік практикасы өз тиімділігін көрсетуде. Солай, 2016 жылға арналған материалдық құндылықтарды мемлекеттік материалдық резервке жеткізу бойынша қорғаныстық тапсырыс жоспары 99, 85 % орындалған. Тауарларды жеткізу бойынша жоғары көрсеткіштер өз кезегінде мемлекеттік материалдық резервті жинақтау көлемдеріне оң жағынан айқындалады.

Беларусь Республикасында әскери-техникалық ынтымақтастық аясында қарым-қатынастарды реттеу мақсатында, «Беларусь Республикасының шетел мемлекеттерімен әскери-техникалық ынтымақтастығын реттеу жөніндегі кейбір шаралары туралы» Президент Жарлығы қабылданды.

Сонымен бірге, Беларусь Республикасында шетел мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастықты мемлекеттік реттеуді жетілдіру және экспорттық бақылау мақсатында, әскери мақсаттағы өніммен байланысты функцияларды жүзеге асыру үшін арнайы құқық берілген ұйымдардың тізбесі бекітілді.

Ұқсас тетік «Укрспецэкспорт» мемлекеттік компаниясының басқаруымен Украинада енгізілген және тиімді қолданыста.

Қорғаныс саласында қаржыландыру көрсеткіштерін салыстыра отырып, бірнеше өндірістік дамыған елдерді атауға болады. Солай, Ресей Федерациясында ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласында ҒЗТКЖ-ға ғылымды мемлекеттік қаржыландырудың жалпы көлемінен 48 %-ға дейін (4,2 млрд. АҚШ долл.) бөлінеді. Қытайда, АҚШ-та және Израильде бұл цифр сәйкесінше 50, 54 және 60 пайызға жетеді.

Сондай-ақ дамыған елдердің үкіметтері ұлттық саясаттың ірі көлемді міндеттерін шешу үшін ғылым мен бизнеске тартылған мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдар құруды көтермелейді, мысалы DARPA (АҚШ) бағдарламасы, Перспективалы зерттеулер қоры (Ресей Федерациясы), Қорғаныс өнеркәсібін қолдау қоры (Түркия Республикасы) және басқалар.

Жоғарыда аталған құрылымдарды қаржыландыру көзі мемлекеттік бюджет, түрлі өнімге акциздік жинақтардан, ойын бизнесінен түсімдер, сондай-ақ жеке компаниялар мен венчурлік қорлардың қаражаты болып табылады.

Осы құрылымдар шеңберінде қорғаныстық зерттеулерді қаржыландыру олардың артықшылығын жобаларды іріктеу және қаржыландыру бойынша қабылданатын шешімдерді икемділікте және жеделдікте қолдануға, қосымша қаржылық және адами капиталды тартуға мүмкіндік береді.

Қорғаныс өнеркәсібі қорын құрудың мынадай халықаралық тәжірибесі бар:



  1. Еуропалық қорғаныстық қор (бұдан әрі – Қор) – 2016 жылдың соңында бекітілген, 2017 жылдың басында 5,5 млрд. еуро жалпы көлемімен іске қосылған.

Қордың мақсаты – инновациялық қорғаныстық технологиялар (ЕО) саласындағы зерттеулерге гранттар беру.

Қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеуге және сатып алуға, сондай-ақ қорғаныстық технологияларға 2019-2020 жылдар кезеңінде 500 млн. еуро бөлінді.

Қордың ерекшелігі екі бағыттан тұрады:


  • инновациялық қорғаныстық технологиялар (электроника, метаматериалдар, шифрланған бағдарламалық қамтамасыз ету немесе робототехника) саласында бірлескен зерттеулерді қаржыландыру

  • қару-жарақ пен әскери техника сатып алу.

2. Қорғаныс министрлігі құрамында алдыңғы қатарлы қорғаныстық зерттеулер жобалары агенттігі (DARPA) 1958 жылы құрылған, жылдық бюджеті – шамамен 3 млрд. доллар.

Мақсаты – АҚШ қарулы күштерінің технологиялық басымдылығын сақтау, АҚШ үшін қарулы қақтығыстың жаңа технологиялық құралдарының кенеттен пайда болуының алдын алу, басым зерттеулерді қолдау, іргелі зерттеулер арасындағы айырмашылықты жою және оларды әскери салаға енгізу.

DARPA негізгі міндеті – осы технологиялардың көмегімен ашылатын жаңа жауынгерлік тұжырымдамаларды қоса алғанда, әскери міндеттерді және технологиялық мүмкіндіктерді сәйкестендіру.

3. РФ-ның перспективалы зерттеулер қоры (бұдан әрі – ПЗҚ) «Перспективалы зерттеулер қоры туралы» 2012 жылғы 16 қазандағы


№ 174-ФЗ РФ Федералды Заңы негізінде құрылған. ПЗҚ бюджеті 2013 жылы 3,8 млрд., 2014 жылы - 3,3 млрд., 2015 және 2016 жылы – шамамен 4 млрд. рубльды құрады.

2017-2018 жылдарға қаржыландыру шамамен 4,7 млрд. рубльды құрайтыны болжанады.

Мақсаты – ПЗҚ инновациялық технологияларды әзірлеу және құру және әскери, арнайы және қосарланған мақсаттағы жоғары технологиялық өнім шығару.

Қазіргі уақытта ПЗҚ қорғаныс өнеркәсібі кешенінің 35 зертханаларында және Ресейдің Федералды ғылыми ұйымдар агенттігінде 50-ден астам жобаларды іске асырады.

4. Түркияның қорғаныс өнеркәсібін қолдау қоры (бұдан әрі – Қор) – 1987 жылы қыркүйекте қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу үшін қорғаныс өнеркәсібін қаржыландырудың тұрақты көзін қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Қордың жылдық қоры шамамен 1,5 млрд. долл. құрайды.

Қор бюджетінің кіріс бөлігіне жобаларға бюджеттен мақсатты тағайындауға бөлінетін жыл сайынғы сомалар, спирттік ішімдіктер мен темекі бұйымдарын сатудан түсетін салықтық жиындар, салықтың бір бөлігі лотереялық ұтыстардан, табылған қазыналар және т.б., жергілікті нарықта атыс қаруын (негізінен аңшылық) сатудан кірістер және белгілі бір жобаларға шетелдік компаниялардың және мемлекеттердің несиелері кіреді.

Әлеуетті құрылымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудің және ҚӨК қызметін ұйымдастырудың шетелдік жүйесінің айқын табысты үлгісі ретінде Түркия Республикасы шығады, онда Түркияның Министрлер кеңесімен Қорғаныс өнеркәсібі комитеті құрылған (ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ұқсас), оның негізгі функциясы қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының қызметін үйлестіру.

Комитет әскери әзірлеудің, салықтық жеңілдіктердің немесе қаржылай көмектің перспективалы бағыттарын айқындау көмегімен қорғаныстық кәсіпорындарды басқарады, оларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етеді, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындайтын жеке фирмалардың жұмысын үйлестіреді.


11. Заң жобасын іске асырумен байланысты

болжалды қаржылық шығындар
Заң жобасын іске асыру республикалық бюджет қаражатынан мыналарға:

пайдаланылмайтын әскери мүлікті күзетуді қамтамасыз ету және есепке алу үшін қажет штаты бар РМК филиалын құруға қаражат шығындарын болжайды.

Сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі кешені қорын құру үшін қаражат қажет.

Қорды қаржыландыру көздері мыналар:

пайдаланылмайтын әскери мүлікті сатудан, сондай-ақ пайдаланудан шығарылатын қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы кәдеге жаратудан және жоюдан түскен ақшалай қаражат;

қорғаныс өнеркәсібі кешені қорына жеке инвестициялар құю;

Республикалық бюджеттен қаржыландыру;

Республикалық бюджеттен бюджеттік қарыз алу (қажет болған кезде);



өзге де қаржыландыру көздері.




Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет