«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты



Дата02.04.2018
өлшемі166.41 Kb.
#23446

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»

акционерлік қоғамының филиалы
Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институты



Қорқыт ата

тақырыбындағы ғылыми жоба

Дайындағандар: Демесинова Сайран

Кожирбаева Жанар

Нұрбердиева Амангүл

Түйешиева Алтынгүл

Бекдегенова Амангүл

Тажиев Бекзат

Тексерген: доцент, т.ғ.к. Нұрмаханова Ж.Ж.

Ақтау, 2016 ж.

Мазмұны


  1. Кіріспе

  2. Негізгі бөлім:

2.1 Қорқыт Ата туралы аңыз

2.2 Қорқыт Ата энциклопедиялық жинағы

2.3 Қорқыт Ата күйлері

2.4 Қорқыт Ата кітабы

2.5 Қорқыт Ата ескерткіші

2.5 Қорқыт Ата мазары



  1. Қорытынды

  2. Ұсыныс

  3. Пайдаланған әдебитеттер


Қорқыт Ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт-VIII ғасырда Сыр бойында бұрыңғы Жанкент қаласы маңында өмір сүрген батыр,атақты ақын,асқан күйші.Сонымен бірге ол туралы көптеген аңыздар сақталған. Ел аузындағы аңыздарда Қорқыт ата мәңгі өлмейтін өмір іздеуші,мәңгілік өмір үшін қайтпас күрескер сипатында айтылады.Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде

10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид әд-Дин “Жамиғ Ат-Тауарих” атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының “Түрік шежіресінде” оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді. Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата 11 ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Ә.Марғұланның еңбектерінде ол 7 – 8 ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікір айтылады. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы. Екіншіден – күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт Ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты. Қорқыт - түркілердің оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы болып табылады. Қорқыт Атаның қасиеттілігінің кереметтігі соншалық мазарының қасынан өткенде қобыздың ыңылдаған дауысы адамның құлағынан кетпейді.

Қобыз атасы, композитор, жыршы, ақын, музыкант, бақсылардың қамқоршысы. «Қорқыт ата кітабы» әдеби ескерткіштерінен ІХ-Х ғасырларда билік құрған оғыз тайпасынан шыққандығын білуге болады. Оны Ш.Ш.Уәлиханов қазақтың алғашқы шаманы, алғашқы ақыны деп атайды. Қорқыт жайындағы аңыз әңгімелер Ә.Науаи арқылы белгілі болып, түркі халықтары, әсіресе қазақтар арасында кең тарады.

Аңыздарда Қорқыт Қырмаш пен «жарық жүзді сұлудан» туылған делінеді. Оның есімінің өзінде магиялық мән бар. Уәлихановтық-потаниндік түсіндірме «қорқыт» сөзі — адамзат тұрмысының жағдайын көрсететін «қорқыту» сөзінен шыққан деп түсіндіреді. Өлімнен қорқу мен одан қашу — шаман халық аңыздарының жемісі.

Аңыздарда Қорқыт қобыз жасаған. Ол қобыздың музыкалық дыбысталуынан үшкіру, ауа, сиқыр өткізген.

Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адамилық қасиеттерін сақтап қалу керек. Адам үшін ең қауіптісі — адамилықты жоғалту. «Қонақ келмес үйдің қирағаны жақсы, жылқы жемес шөртің шықпағаны жақсы, адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды кумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы». «Адам қанша қажетсінгенмен, ол өз үлесінен артық жей алмайды». Сол аңыздарда Қорқыт жер-жаһанды кезіп, «басқа елден әркімге өз елінде жақсы» деген ой түйіндегенін байқауға болады. Оның айнымас досы сиқырлы Желмаясы болды.

«Қорқыт ата кітабы» — кейіннен түркі халқының құрамына қосылған оғыз тайпасының эпикалық жазба ескерткіші, Кітап оғыздардың өмірі жайында баяндайды. Оғыз — қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған. Кітаптың араб әрпімен жазылған екі нұсқасы саққалған (Дрезден, Ватикан). Әр жырдың өзіндік сюжеті бар. Олардың әрбіріңде көріпкел, тайпа көсемі, ақылгөй Қорқыт ата бейнесі берілген. Әрбір жырдың соңы Қорқыт атаны мақтаумен аяқталады. Кітап ақыл-өсиет, мақал-мәтел, нақыл, шешеңцік сөздерге толы.

Ондағы оқиғалар Сыр бойында, Орта Азия, Кавказ жерлеріңде өтеді. Одан кең даланы мекендеген рулардың кұралу, ыдырау тарихы аңғарылады. Бамсы-Байрақ жыры Алпамыспен ұқсас болса, Үсүн қожа — қазақтың үйсін тайпасының атасы. Қорқыт ата жайындағы аңыздар қазақ, қырғыз және т.б. түркі халықтарының арасында сақталған.

Кітапта қазіргі қазақ тілінде кездесетін географиялық атаулар көптеп кездеседі. Бұл кітаптың қазақ этносына енген әртүрлі түркі тайпалары мекен еткен қазіргі Қазақстан жерімен тығыз байланысты екенін дәлелдейді. «Қорқыт ата кітабы» түркі халықтарының тарихи ескерткіші больш табылады.

Мұраның орыс тіліне толық аудармасын В.В.Бартольд 1922 жылы жасады, ол 1962 ж. жарық көрді. Ал қазақ тіліне аудармасын Ә.Марғұлан, Н.Келімбетов, Ә.Қоңыратбаев сынды қазақ ғұламалары 1986 ж. басып шығарды.

Қорқыт атаға арналып 1980 жылы Қызылорда облысының Жосалы стансасынан 18 км жерде, Қорқыт разъезінің түбінде архитектуралық ескерткіш орнатылды. Авторлары — архитектор Б.А.Ыбыраев, физик С.И.Исатаев. Ескерткіш темір бетоннан жасалған 4 тік көктастан (стеладан) тұрады, биіктігі 8 м. Жоғарғы жағында аузы кең түтіктер орнатылған. Аузы кең орталық тесікке түйісетін 40 металл түтік жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шағарады.

Қорқыт Ата туралы аңыз

Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді. “Қорқыт” сөзінің этимол-сын Ә.Қоңыратбаев “құтты адам, құт әкелетін адам” деп көрсетсе, С.Қасқабасов “өмір сарқылды, адам өлді” деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, “дада, деде” деген сөздерді “насихат айтушы жырау” деп түсіндіреді. В.Жирмунский Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады. Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – “Қорқыт Ата кітабы” (“Китаби дәдәм Корқуд”). Онда Қорқыт Ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде көрінеді. Кітаптың басында Қорқыт атаның нақыл сөздері келтіріледі. Ол “өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі” дейді. Қорқыт Ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт Ата ұйықтап кетіп, “егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, “Өлсем де, жетемін!” дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, “Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!” дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт Ата мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап естиді. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күй күшімен суға батпайды екен. Қорқыт Ата қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ Қорқыт Ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келеді. Бұдан халықтың өлімге деген көзқарасын, “ажал айтып келмейді” деген филос. тұжырымның негізін көреміз. Қорқыт Ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт пен кеңістік мәселесі.



Бұл аңыздарда Қорқыт Ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен. М.Әуезов: “ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт Ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады”, – деп жазады. Қазақ аңызындағы Қорқыт Ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Зерттеушілер өлімнен қашқан Қорқыт Ата философиясын әйгілі шумер эпосы “Гильгамеш туралы жырдағы” Гильгамеш әрекетімен салыстырады. М.Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт Атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі – әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды. Қорқыт Атаның тағы бір қасиеті қобыздың күйімен өмірде мұңды болған оқиғаларды осы қобызға салып, тез шығара қоятын болған. Жанына медеу іздеп, басына іс түскен адамдар осы Қорқыт Атаға келіп, мұңын айтатын болған. Қорқыт Ата өзінің сазды күйімен келген адамдарды емдеп, көңілін жадыратып, жіберетін болған.
Қорқыт Ата энциклопедиялық жинағы

Қорқыт Ата – энциклопедиялық жинақ. 1999 жылы Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы шығарған. Негізінен 5 бөлімнен тұратын бұл күрделі еңбекке Қорқыт Ата туралы ел аузында сақталған аңыздар мен күйлер, әфсаналар, ата мұрасын зерттеу, әулиенің әдебиет пен өнердегі бейнесі мәселелеріне арналған отандық және шетел ғалымдарының мақалалары топтастырылған. Бұл материалдарда Қорқыт Атаның әлем тарихы мен философиясындағы орны, оның ұлы мұрасының көркемдік ерекшеліктері мен мазмұны, тілдік, түрлік айшықтары, тарихи белгілер мен жәдігерлік деректер хақында жан-жақты мағлұмат беріліп, талдау жасалады. “Қорқыт Ата кітабының” Дрезден кітапханасында (Германия) сақталған толық нұсқасының фотокөшірмесі, орыс және қазақ тілдеріндегі аудармаларының таңдаулы үлгілері берілген. Кітап соңында Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин бастаған қазақ ақындарының осы тақырыптағы толғау, поэмалары, дастандары жинақталған. Қорқыт Ата өміріне байланысты оқиғалар шежіресі мен әдебиеттер тізімі келтірілген.
Қорқыт Ата күйлері

Қорқыт өзінің ұрпағына ұлы мұра – қобыздық күйлер - “Қорқыт”, “Желмая”, “Тарғыл тана”, “Елімай”, “Ұшардың ұлуы”.



«Ұшардың ұлуы» күйі

«Ұшардың ұлуы» - Қорқыт Атаның күйі. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, баяғы заманда бір заманда бір шаңырақ астында жалғыз ұл бала және ата-анасы өмір сүрген. Ұл баланың өзінің қатты жақсы көрген Ұшар атты иті болады. Бір күні бала өліп қалады да ата-анасы баланы жерлейді. Сол кезде Ұшар жоғалып кетеді. Анасы оны іздеуге барайын десе оны ұл баланың зиратының қасында ұлып жатқанын көреді. Бұл оқиғаны көрген Қорқыт Ата «Ұшардың ұлуы» атты күй шығарады.

«Башпай» күйі

«Башпай» - Қорқыт Атаның күйі. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Қорқыт Атаның қарындасы болған еді. Бірде қарындасы оған тамақ әкелгенде, оның башпайы қарындасына тиеді. Сонда ол «Мені көмгенде, башпайымды сыртқа шығарып көміңдер»,дейді. Бұны айтқан себебі:ертеде қазақ халқы қызды еркелетіп, оны құрметтеген және оған ер адамның кез келген мүшесі тисе арсыздық деп санап, сол адам өмір бақи ұятта өмір сүреді.

Қорқыт Ата күйлері





Елім-ай, халқым- ай

Қорқыт күйі

Желмая

Арыстан баб

Тарғыл тана

Сарын

Башпай

Аққу

Қорқыт Ата кітабы
Қорқыт Ата кітабы (“Китаб-и дәдем Коркут ғали лисан таифа оғузан”) – қаһармандық эпос үлгісі, оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы. ғылымда оның он екі нұсқасы мәлім: Дрезденде (12 нұсқа) және Ватиканда (6 нұсқа) сақталған. 19 ғасырда бұл жазба ескерткішті зерттеп, аудару ісімен академик В.В. Бартольд айналысып, жеке тармақтарын жариялады. Кейін бұл аударма “Деде Горгуд” (Баку, 1950), “Книга моего деда Коркута” (М.–Л., 1962) деген атпен жарық көрді. Ә.Қоңыратбаевтың аударуымен қазақ тілінде 1986 жылы тұңғыш рет басылды. Әдеби әрі тарихи этникалық мұра ретіндегі ‘’Қорқыт Ата кітабында” қазақ эпосына тән көркемдік кестелермен қатар қазақ тарихы мен мәдениетіне қосатын деректер де мол. Сондай-ақ жазбада оғыз тайпаларының этникалық тегі, этнографиясы, мекені, әлеуметтік жағдайы, т.б. мәліметтер көп сақталған. Осы деректерден оғыздардың бірде Сыр бойындағы қыпшақтармен, бірде Кавказ шегіндегі гәуірлермен жауласқаны көрінеді. Жырдағы ерлік сарындары аса елеулі. Қара Бодақ бірде қыпшақ ханына қан құстырған қара күш иесі (3-жыр), енді бірде Хамид, Мардин қамалдарын қиратқан батыр. Қазан – оғыз елінің көсемі. Кітап кейіпкерлеріне Бәмсі-Бейрек, Қара Көне, Қара Бодақ, Қан Төрәлі, Қазан-Салор, Құлбаш, Оқшы, Ораз, сондай-ақ Аруз, Әмен, Әмран Бекіұлы, Бисат, Дүлек Боран, Дондаз, Қиян Селжүк, Қаңлы, Қанық хан, Рүстемдер жатады. “ Қорқыт Ата кітабы” оғыз тайпаларының қонысына қатысты Тана (Танаис – Сырдария), Бану Шешек (Баршын-салор-Гүлбаршын, Баршындария, Баршынкент), Камбура (Байбөрі) секілді атаулар да сақталған. Олар қазақ эпосынан да елеулі орын алған. Жырдың бас кейіпкері – Қорқыт. Ол оғыз елінің ақылшысы, данасы, үлкен жырауы. Оның есімі көптеген түркі тайпаларына ортақ, тарихи-этникалық атауы да айқын. Бір кездері Қорқыт жинақталған фольклорлық бейне деп ұғынылса, бертін келе оны тарихи тұлға ретінде тани бастады (қазіргі Қорқыт ата). “Қорқыт Ата кітабы’’ Қазақстанда М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков, Ш.Ыбыраев, Т.Қоңыратбай, т.б. еңбектерінде зерттелді. Кітаптың 1300 жылдығы 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан халықар.деңгейде атап өтілді, “Қорқыт ата” энциклопедия жинағы жарыққа шықты (1999).


Қорқыт Ата ескерткіші

Қорқыт Ата ескерткіші – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінен 18 км жерде, Қорқыт станциясының түбінде (1980). Авторлары – Б.Ә. Ыбыраев, С.И. Исатаев. Қорқыт Ата ескерткіші темір бетоннан жасалған биіктігі 8 метр, 4 тік стеладан тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін ишаралайтын “Түйе табан” өрнегімен безендірілген. Әрбір стеланың үшкілдене біткен төбесі күмбезге ұқсатылып, ерекше сәулеткерлік композиция шешім тапқан. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Амфитеатр, қонақ үйі, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды. 2000 жылы кешен жанынан мұражай ашылды. Оның қорында 700-ге жуық экспонат сақталуда. Мұражай экспозициясында Қорқыт өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған. Бұл ескерткіш кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып саналады.
Қорқыт Ата мазары

Қорқыт Ата мазары – тарихи сәулет өнері ескерткіші. Шамамен 9 – 10 ғасырларда қазіргі Қызылорда облысыҚармақшы ауданы Қорқыт станциясынан 3 км жерде Қорқыт әулиеге тұрғызылған. 1925 жылдан опырыла бастап, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Қазір орны белгісіз. Мазар 19 ғасырдың соңында Ә.Диваев, И.А. Кастанье, П.И. Лерх зерттеулеріне негіз болған. Бізге “Түркістан альбомы” жинағында жарияланған фотосуреттер арқылы жеткен. Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша, құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді 6 – 8 қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған. Мазардың бұрынғы орнына қазіргі заманғы мемориалдық ескерткіш орнатылған; қазіргі Қорқыт Ата ескерткіші.

Қорытынды
Қорыта келгенде Түрік дәстүрін, салтын, әдетін, сенімдерін, басқа халықтардан айырмашылығын, қысқасы, қоғамдық мінездемесін ертегілерінде айтқан,оны бүгінге дейін әдемілеп жеткізген ұлы өнерпаз.Туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Өмір сүрген ғасыры да даулы. Кейбір зерттеушілер оның Әзірет Пайғамбар заманында жасағанын айтады және ғылыми еңбектерінде бұл пікірді дәлелдейтін дастан бөлімдерін келтіреді.Ал кейбір зерттеушілер Қорқыт Атаның Оғыз түріктерінің ертекшісі және дастаншысы болғанын айтып,Қорқыттың бүгін қолымыздағы 12 дастан-хикаясынан пікірлерін дәлелдейтін деректер келтіреді.

Қорқыт Ата қыпшақ-оғыз түріктерінің білгіші болып табылады.«Оғыз халқының басына қайыр келетінін сөйлеген едім» деп айтқан хикметтерінен түріктерге жол көрсеткені байқалады және оның бақсы болғандығы жөніндегі ықтималды күшейтеді.Бақсылар әріақын болатын,әрі өткен замандардың хикаяларын сөйлейтін,келешектен хабар беретін.Бақсы болғанының тағы бір дәлелі-қолындағы қобызы. Әдетте,қобыз-әулиелердің аспабы. Қазіргі заманда түркі халықтары арасында Қорқыт Ата дастаны кең тараған.Қорқыт Атаның біздің заманымызға дейін жеткен 12 хикаясы бар. Олардың сегізі ішкі және сыртқы соғыстар туралы.Екеуі ғашық оқиғалары жайында болса, екеуі мифологиялық сипатта. Бірақ бәрі де түркі дүниесін шын сипатында көрсетеді.Түркі қауымының қаһармандығы,мәдениетін, мінезін, діни әдеттерін және тұрмыстарын ашып береді. Қорқыт Ата ертегілері мен дастандары-түркі мифологиясының қайнар көзі.

Бірақ ол өмірінің соңында өлмейтін нәрсе жоқ екен деген пікірге келеді.Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді екен. Ұлы күйшіге өзі іздеген мәңгілік өмір оның өнерінде сияқты көрінеді.Ол күйлерін толласыз тартып,дүниеден өтеді.Өзі өлгенмен артында күйлері,ұлғатты сөздері қалады.Ал әдебиет тарихында деректі түрде Қорқыт ата кітабы бар. Қорқыт ата кітабы осы күнге дейін Дрезден қаласында он екі жырдан тұратын қолжазба күйінде және Италияда алты жырдан тұратын қолжазба күйінде сақталып келеді. Қорқыт ата кітабы VIII ғасырларда және одан да бұрын туған аңыздардың жинағы деуге болады.Оларды жыр түрінде жазған-Қорқыт ата.Кітапта қазақ халқының құрылуына тікелей қатысы бар,тарихта белгілі оғыз тайпаларының тағдырына байланысты оқиғалар баяндалады. Қорқыт ата кітабы мынадай жырлардан тұрады: Дерсе хан ұлы Бұқаш туралы жыр,Қазан бектің ауылын жау шапқаны туралы жыр,Оғыз қаған жыры т.б.

Қорқыт ата кітабының жырлары оғыз тайпасының туған жерін,елін сыртқы жаулардан қорғау үшін қан майданға шыққан алып батырлары- ның ерлігі туралы толғайды.Дастанда ерлік,әділдік,адамгершілік,ата-ананы құрмет тұту,уәдеде тұру сияқты ізгі қасиеттер айтылады. Оның қаһармандары қорқақтық пен опасыздыққа,әдіпсіздік пен сарандыққа қарсы күреседі. Қорқыт ата кітабының қаһармандары мен олардың бастан кешкен оқиғалары осы идеыларды аша түседі.Жырлардың тең жартысынан астамы Қазан бектің ел қорғаған ерлігін,ел-жұртқа жасаған ізгілікті істерін жырлауға арналған.Ерлерше қару асынып,жаумен тайсалмай соғысқан Қазан бектің әйелі Бөрілі сұлу және оның ұлы Ораз ел басқарған Баяндыр хан,Дерсе хан,оның баласы Бұқаш, т.б. кейіпкер- лер ерлікпен бірге ізгілік те танытады.Қорыта айтқанда, Қорқыт ата кітабы-әр түрлі жырлардың жинағы болса да,ерлік жасау мен ізгілік көрсетуді біртұтас өріп отырады. Қорқыт ата кітабында тәрбиелік құнары мол қанатты сөздер көптеп ұшырасады.Мысалы:Жер қадірін ел біледі,ел қадірін ер біледі;Құлан құдыққа құласа,құрбақа құлағында ойнайды;Ат қиналмай жол шалмас; Көңілі пасық ерде дәулет болмас; Қар қаншама қалың жауғанмен-жазға бармас; Анадан өнеге көрмеген қыз; Ата даңқын шығарып,өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді, т.б. Қолына қобыз ұстаған ұзан (абыз,жырау) елден елге жетеді –депҚорқыт атаның өзі айтқандай, өнер-мәңгілік,ол елден елге, ұрпақтан ұрпаққа тарайды.



Ұсыныс

1.Мектеп оқулықтары ойшыл жырау, қобызшы Қорқыт Ата туралы мәліметтермен көбірек қамтылса.

2.Қорқыт Ата күйлері интернет желілерінде көбірек жарияланса.

3.Қорқыт Атаның өмірі туралы әр деректе әр түрлі беріледі.Мысалы: Ә.Марғұланның еңбектерінде VІІ-VІІІ ғасырларда өмір сүрді десе, Ә.Қоңыратбаевтың деректерінде ХІ ғасырдың басында дүниеге келген деген.Осы туған ғасыры мен жылдары ғылыми зерттеу арқылы толық дәлелденсе.

4.Рашид әд-Дин «Жамиғ Ат Тауарих» атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының «Түрік шежіресінде» оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Осы мәліметтер толық зерттелсе дейміз.

5.Ұлы ғұлама ойшыл ,әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді.


Пайдаланған әдебитеттер

  1. "Қазақ энциклопедиясы", VI-том

  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6

4.Электронды оқулықтар
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> 1 қыркүйек – Білім күніне арналған Сыңғырла, күміс қоңырау
attachment -> «А. Имановтың жастарды патриоттық және азаматтық тәрбиелеу негізі ретіндегі рөлі» Карашинова Алмагүл Серікбайқызы
attachment -> Б. С. Батешова, Т. Н. Малдыбаев
attachment -> Сабақтың тақырыбы: «Қауіпсіз ғаламтор»
attachment -> Сабақтың түрі: Жаңа білімді хабарлау Уақыты: 90 мин Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақтың тақырыбы: ежелгі тас дәуірі Сабақтың мақсаты
attachment -> Сабақтың атауы XX ғасырдағы қазақ әдебиеті жалпы шолу Мақсаты Күтілетін нәтиже
attachment -> Туєан жер, алтын бесіік
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ибрагим Бегімхан Керімханұлы Қазақ әдебиеті, 9-сынып Тақырыбы: Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикмет»


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет