Өрт қaуiпciздiгi қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №1682 Қаулысы «Өрт қayiпciздiгi туралы»


-параграф. Бір және көп орынды емдеу барокамераларын ұстау тәртібі



жүктеу 4.71 Mb.
бет4/22
Дата19.09.2017
өлшемі4.71 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

4-параграф. Бір және көп орынды емдеу барокамераларын ұстау тәртібі
      264. Барокамералар табиғи жарық түсетін, басқа үй-жайлардан өртке қарсы І тұрпатты қалқалармен бөлектенген оңаша үй-жайларда орналастырылады. Барокамераларды жертөле және цоколдық қабаттарға орнатуға жол берілмейді.
      265. Барокамералар орналастырылған үй-жайлар екі эвакуациялық шығу жолымен жабдықталады. Осы үй-жайлардағы есіктерді әйнексіз, тығыздалған ысырмалары бар өздігінен жабылатын, құлыпсыз, сондай-ақ басқа ілмек қондырғыларсыз қарастырылады. Барозалдардың есіктерінің ені аурухана сүйретпелерінде немесе креслосындағы пациенттерді өткізуге мүмкіндік беретіндей, бірақ 1 м кем емес боетіп қарастырылады.
      266. Барокамера үй-жайларының қабырғаларын, аспалы төбелерді жанбайтын материалдармен қаптау қажет. Қабырғалар мен төбелерді бояу үшін тек су эмульсиясы бояуларын пайдалануға болады.
      267. Барокамера үй-жайларына жылу беру орталықтан, жылу тасымалдағышының температурасы 950С аспайтындай етіп қарастырылады. Жылу беру аспаптарынан және жылудың басқа көздерінен барокамераға дейінгі арақашықтық кемінде 1 метр етіп қарастырылады.
      268. Екі немесе одан көп бір орынды немесе бір көп орынды барокамералар орнатылатын үй-жайлар авариялық жарықпен жабдықталады.
      269. Барокамералардың үй-жайы байланыспен, автоматты өрт дабылымен және үш есе ауа алмастыратын сору желдеткішімен қамтамасыз етіледі.
      270. Емдеу барокамераларының ішкі көлеміне жарық түсіру жарық сәуле өтетін иллюминаторлар арқылы сырттан орнатылған шамшырақтармен жүргізіледі.
      271. Барокамераның үй-жайында олардың төлқұжаттық немесе түгендеу нөмірлері көрсетіле отырып, оттегісі артырылған ортада жұмыс істеуге рұқсат етілген аспаптардың тізбесі ілінеді. Ақаулы аспаптарды тек оларды оттегісі арттырылған ортада пайдалануға болатындығы туралы тиісті белгілері бар ұқсас аспаптарға ауыстыруға болады, бұл ретте тізбеге тиісті өзгерістер енгізіледі.
      272. Тікелей барокамераларға орнатылған шамшырақтарда тек қыздыратын лампалар қолданылады.
      273. Барокамералар ақаусыз сөйлесу қондырғыларымен қамтамасыз етіледі, бұл ретте жәшіктерінің көлемі 0,5х0,5 миллиметр жез торлармен жабылған камера ішіндегі металл жәшіктерде тек динамик және микрофон болуы қажет.
      274. Бароаппараттар олардың бірде біреуі басқа аппаратты, барозалдың кез келген жабдығын, сондай-ақ науқастар мен қызмет етуші адамдарды эвакуациялауға кедергі келтірмейтіндей орналастырылады.
      275. Сеансты немесе операцияларды бастар алдында барокамераның барлық аппаратурасы, өлшеу және бақылау аспаптары, байланыс құралдары, өрт сөндіру дабылдары, ал көп орынды барокамераларда және тасымалданатын аспаптар мұқият тексерілуі тиіс. Ақаулықтары немесе олқылықтары анықталған жағдайда, сондай-ақ тізімдемеге енгізілмеген жабдық болған жағдайда анықталған кемшіліктер жойылғанға дейін сеанстар мен операцияларды одан әрі жүргізуге жол берілмейді.
      276. Бароаппараттары бар үй-жайларда оттегінің ұсталуын бақылау үшін автоматты газ сараптағыштар орнатылады.
      277. Оттегі өткізгіштегі бекіту арматурасы баро-залдан тыс орнатылады.
      278. Бароаппараттар мен барозалдарды пайдалану кезінде:
      1) пациентті бароаппаратқа синтетикалық киімде жайғастыруға;
      2) пациентті сеанс уақытында және оны дәрігердің бақылауынсыз 30 минут ішінде қалдыруға, бұл ретте оған темекі шегуге және ашық отқа жақындауға;
      3) бароагрегаттарды (барокамераларды, барокондиционерлерді) жерге қоспастан бароппараттарды пайдалануға жол беруге;
      4) жұмыс ортасының қысымын рұқсат етілгеннен арттыруға;
      5) барокамерадағы оттегінің салыстырмалы ылғалдығын 65% төмен төмендеуіне жол беруге;
      6) барокамераға тез тұтанатын сұйықтықтарды, майларды, оттың немесе ұшқынның пайда болуына қабілетті заттар мен бұйымдарды кіргізуге;
      7) барозалда (үй-жайда, көліктің салонында) ақаулы аспаптарды және электр өткізгіштерді (зақымдалған оқшаулағышты, сенімсіз ұшқындайтын түйісулерді) пайдалануға, электр қыздырғыш аспаптарын (су қайнатқыштарды, электр плиталарын) пайдалануға, жанғыш материалдардан жасалған жиһазды, ұшқын тудыруға қабілетті материалдар мен бұйымдарды пайдалануға, ашық отты қолдануға, темекі шегуге, жұмыс орындарының төменгі жағына жарық түсіру үшін ашық орындалған шамшырақтарды қолдануға;
      8) майсыздандырылған оттегі жабдығын пайдалануға;
      9) барозалда тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, майларды, сондай-ақ жанғыш, оның ішінде таңып байлау материалдарын сақтауға;
      10) барозалдағы оттегі концентрациясының 23% артық артуына жол беруге;
      11) бороаппаратта боробөлімді және бороаппаратты тексерудің бекітілген актісі болмаған кезде емдеу сеанстарын жүргізуге;
      12) бароаппаратты рұқсат етілген кернеуден артық желіге қосуға;
      13) пайдалануды өрт сөндірудің алғашқы құралдарынсыз жүзеге асыруға жол берілмейді.
13-тарау. Дәріханалар мен дәріхана қоймаларын ұстау тәртібі
      279. Жалпы емдеу корпусындағы дәріханалар жеке сыртқа шығатын есігімен бірінші қабатта орналастырылады және басқа мақсаттағы үй-жайлардан жанбайтын қабырғалармен, қалқалармен бөлінеді.
      280. Басқа мақсаттағы ғимарат ішіндегі дәріханалардағы тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар саны 100 килограммнан аспайтындай етіп қабылданады.
      281. Дәріханаларда сақталатын оттегі толтырылған баллонның саны екеуден аспайды және олар арнайы орынға тігінен тұрғызылған күйде тұрады, сонымен бірге, қамытпен немесе басқа да құралмен тығыз бекітіледі.
      282. Дәріхана қоймаларында:
      1) транзитті электр кабельдері өтетін үй-жайларда, сондай-ақ газ коммуникациялары мен май сіңген аппаратуралар бар үй-жайларда сақтауға;
      2) өнімді үйіп-төгіп сақтауға және оны жылу берудің тығыз радиаторлары мен құбырларына жинауға;
      3) материалдарды тікелей қоймаларда ашуға және буып-түюге;
      4) сумен реакцияға түсетін сілтілі металдар және басқа заттар сақталатын қоймалық үй-жайларға дымқыл немесе ылғалды киіммен және аяқ-киіммен кіруге жол берілмейді.
      283. Қалқа артында тек ылғалды ауадан немесе судан шірімейтін, қызбайтын және тұтанбайтын химиялық заттарды сақтауға болады.
      284. Қоймалық және дәріхана қоймасы үй-жайларындағы материалдық құндылықтар қатаң түрде ассортиментке сәйкес сақталуы қажет, бұл ретте тез тұтанатын сұйықтықтарды басқа материалдармен бірге сақтауға жол берілмейді.
      285. Дәріханаларды жалпы ауруханалық корпустарға және өзге мақсаттағы ғимараттарға орналастыру кезінде олар басқа үй-жайлардан 1-тұрпатты өртке қарсы қабырғалармен бөлінеді, еркін сыртқа шығу жолдарымен жабдықталады және бірінші қабатта орналастырылады.
      286. Пластмасса бұйымдарды желдетілетін, қараңғы, құрғақ үй-жайда бөлме температурасында, жылу беру жүйелерінен кемінде 1 метр қашықтықта сақталады. Үй-жай ашық оттан, ұшпалы заттардың буларынан шектеледі.
      287. Дәріхана қоймаларында және басқа жерлерде өрт немесе жану туындаған кезде тиісті бөлімшелердің басшылары өртке қарсы қызмет жұмысшылары келген кезде улы және жарылыс қаупі бар заттардың бар-жоғы және сақтау орындары туралы хабарланады.
      288. Өрт қаупі және тез тұтанатын сұйықтықтары бар баллондарды тасымалдау арнайы лайықталған көтермелерде немесе ұстайтын саптары ақаусыз себеттерде екеулеп жүргізілуі тиіс. Үлкен бөтелкелері бар себеттерді, жәшіктерді немесе көтермелерді (салмағы 20 килограммнан асатын), сондай-ақ қатты ыдысқа салынған заттарды тек дөңгелектері жұмсақ жүретін арнайы арбаларға салынады.
      289. От қауіпті және жарылыс қауіпті дәрі-дәрмек құралдары біртектілік қағидасы бойынша және олардың физикалық-химиялық және өрт қауіпті қасиеттеріне және орау сипатына сәйкес сақталуы тиіс. Осы мақсатта қойма алаңдары бір-бірінен отқа төзімділік шегі кемінде ЕІ-45 өртке қарсы далдалармен оқшауланған бөлек үй-жайларға (бөліктерге) бөлінеді.
      290. Тез тұтанатын заттарға арналған бөлек қоймалар болмаған жағдайда оларды бір-бірінен отқа төзімділік шегі кемінде ЕІ-45 өртке қарсы далдалармен оқшауланған, жоғары қабаттарда орналасқан жалпы үй-жайларда сақтауға болады. Осы үй-жайлар ағынды-сорғыш желдеткішпен және тез жиналатын құрылымдармен қамтамасыз етіледі.
      291. От қауіпті және жарылыс қауіпті дәрі-дәрмек құралдарын сақтауға арналған үй-жайлар жанбайтын және төзімді стеллаждармен және тұғырлармен қамтамасыз етіледі.
      292. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды ені кемінде 0,7 метр және биіктігі кемінде 1,2 метр есіктері бар жапсарлас жанбайтын шкафтарда сақтауға болады.
      293. От қауіпті және жарылыс қауіпті заттар қоймаларының үй-жайларының есіктері ғимараттан шығу бағыты бойынша ашылады.
      294. 100 килограммнан астам мөлшердегі тез тұтанатын сұйықтықтар бөлек тұрған ғимаратта шыны немесе металл ыдыста өзге топтардағы от қауіпті заттарды сақтау үй-жайларынан оқшау сақталады.
      295. Денсаулық сақтау ұйымдарының өндірістік үй-жайларында тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды жалпы мөлшері 3 килограммнан аспайтындай етіп жылыту аспаптары мен шығу жолдарынан қашықта арнайы металл жәшікте сақталады.
      296. От қауіпті және жарылыс қауіпті заттар сақталатын үй-жайларда сыртынан, сондай-ақ осы үй-жайлардың ішінен есіктерінде айқын көрінетін «От қауіпті», «Жарылыс қауіпті», «Темекі шегуге жол берілмейді», «Өрт шыққан жағдайда 101 телефонына қоңырау соғу қажет» деген жазулар ілінеді.
      297. От қауіпті және жарылыс қауіпті заттар сақталатын әр үй-жайға кіру жолының жанында «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты (жауапты адамның аты-жөні)» деген жазуы бар тақта ілінеді. Жауапты адам қалған от қауіпті және жарылыс қауіпті заттарды жинау және жұмыс күні соңында өзге де шаралар жүргізу мақсатымен күн сайын үй-жайға тексеріс жүргізіледі.
      298. Тез тұтанатын сұйықтықтарды сақтауға арналған контейнерлер сұйықтықтардың булануынан алдын алу үшін тығыз жабылатын қақпағы бар шыныдан немесе металдан дайындалады. Тез тұтанатын және жанғыш заттарды ашық контейнерлерде және өзге де материалдардан дайындалған контейнерлерде сақтауға жол берілмейді.
      299. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтары бар бөтелкелер, баллондар мен өзге де үлкен сыйымдылықтар соққыдан сақтайтын ыдыста немесе баллон аударғыштарда бір қатарда сақталады. Жұмыс орындарында бұл заттарды ауысым қажеттілігінен аспайтын мөлшерде тығыз жабылған контейнерлерде сақталады.
      300. Тез тұтанатын және жанғыш сұйық дәрі-дәрмек құралдарын:
      1) толықтай толтырылған контейнерде сақтауға жол берілмейді. Толтыру деңгейі көлемнің 90 пайызынан аспайтындай етіп қарастырылуы тиіс. Көп мөлшердегі спирттер көлемнің 95 пайызынан аспай толтырылатын металл сыйымдылықтарда сақталады;
      2) минералды қышқылдармен (күкірт, азот және өзге де қышқылдармен), сығылған және сұйылтылған газдармен, тез жанғыш заттармен, сондай-ақ органикалық заттармен жарылыс қауіпті қоспалар беретін (хлорат калийі, перманганат калийі) бейорганикалық тұздармен сақтауға жол берілмейді.
      301. Жанғыш және жарылыс қауіпті дәрі-дәрмек құралдары қабырғасы қалың, тығыз жабылатын контейнерлерде (бөтелкелерде, банкаларда, барабандарда) сақталады, қажет болған жағдайда тығындау құралдарына парафин құйылады.
14-тарау. Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар мен биік қабатты құрылыстарды ұстау тәртібі
      302. Түтінге қарсы қорғау, өрт автоматикасы жүйелері, авариялық жарықтандыру, ішкі өртке қарсы су құбыры, авариялық лифтілер жүйелі түрде тексеріледі және тұрақты жарамды күйде ұсталады.
      303. Объектілердің орталық диспетчерлік бекеттеріне шығарылған өрттен қорғау жүйелерін басқару қондырғылары мен бақылау аспаптары жарамды күйде ұсталады және қызметке түскен кезде кезекші персонал тексеріледі.
      304. Өрт кезінде қосылатын өртен қорғау жүйелерінің іске қосу құрылғыларында олардың мақсаты мен іске қосу тәртібі туралы тақтайша ілінеді.
      305. Табиғи жарықтандыруы жоқ эвакуциялау жолдары электр жарығымен тұрақты жарықтандырылады, сондай-ақ жарықтың қозғалысқа светодиодтан қосылу мүмкіндігі қарастырылады.
      306. Автоматты өрт сөндіру қондырғыларына, өрт дабылына, түтінге қарсы қорғау жүйелеріне, ішкі өртке қарсы су құбырының сорғыш станцияларына техникалық қызмет көрсетуді білікті мамандар жүзеге асырады.
      307. Түтінге қарсы қорғау жүйесіне кіретін есіктер жарамды өздігінен жабылатын құрылғылармен және тығыздағыш төсемшелермен жабдықталады.
      308. Түтінге қарсы қорғау жүйесімен, автоматты өрт сөндіру қондырғысымен және ішкі өртке қарсы су құбырымен жабдықталған ғимараттарда мерзім сайын осы жүйелердің автоматты түрде ауыстырып қосудың, электр энергиясымен қоректендірудің резервтік ендірмесіне авариялық және эвакуациялық жарықтандырудың жарамдылығы және жұмыс істеуі тексеріледі.
      309. Түтінге қарсы қорғау жүйелерін мен ішкі өртке қарсы су құбырын пайдалануды ғимаратты пайдаланатын ұйым жүзеге асырады, ал штат санында осы жүйелерге қызмет көрсету саласындағы мамандар болмаға жағдайда жүйелерге қызмет көрсетуге шарт бойынша мамандандырылған ұйымдар тартылады.
      310. Автоматты түтінге қарсы қорғау жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйым бақылау-сынау сынақтарын (жүйелерді жұмысқа қосу) орындай отырып, жүйелерге техникалық қызмет көрсетуге және орындалған жұмыстарды арнайы журналда белгілеу арқылы ағымдағы және күрделі жөндеулер жүргізіледі.
      311. Мамандандырылған ұйымдардың техникалық қызмет көрсетуге беретін түтінге қарсы қорғау жүйелері олардың сақталуы үшін жауапты болатын және жүйелерді дұрыс пайдалануды бақылауды жүзеге асыратын тұрғын үй пайдалану ұйымының теңгерімінде қалады.
      312. Лифт шахталарына ауа жеткізуді көздейтін түтіннен қорғау жүйесімен жабдықталған ғимараттарда өрт болған жағдайда жолаушы лифттері дереу түсіріліп, төменгі қабатта болуы тиіс. Лифтілердің үй-жайында авариялық жарықтандыру қарастырылады.
      313. Өрттен қорғау жүйелері мерзім сайын жұмыс қабілеттілігіне тексеріледі. Күн сайынғы тексерістер жүргізу кезінде өрттен қорғау жүйелерін қолмен іске қосу түймелерінің көмегімен қысқа мерзімге (3-5 мин) жұмысқа қосылады, бұл ретте сорғыш және арынды желдеткіштердің жұмыс істеуі, түтін клапандарының ашылуы, өрт дабылы құрылғыларының іске қосылуы бақыланады.
      314. Ай сайынғы ағымдық жөндеу кезінде электрмен қоректендіру желілерінің қалқандары мен тізбектері, ажыратқыш аппараттардың жарамдылығы, қабатты түтін клапандарының электр жетектері мен желдеткіш жапқыштарының, ішкі өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерінің, өрт сорғыштарының іске қосу аппараттарының, қабаттардағы ойық шкафтардағы өрт сөндіретін құрал-жабдықтардың (крандардың, өрт жеңдерінің, оқпандардың) жұмысқа жарамдылығы тексерілуі, сондай-ақ өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесін сынап іске қосу және ажырату жүргізіледі. Күн сайынғы және ай сайынғы тексерістер мен жөндеулер кезінде орындалатын барлық жұмыстар жұмыс журналында тіркеледі.
      315. Түтіннен қорғау жүйесіне қызмет көрсету үшін ұйым басшысы желдеткіш торлардың, клапандардың, атқарушы тетіктер мен өзге де құрылғылардың тазалығын бақылайтын адамдар тағайындалады.
      316. Биік қабатты ғимараттарда:
      1) өрт шыққан жағдайда автосатыларды орнатуға арналған алаңдарға әр түрлі жабдық, автокөлік қоюға, үймелеуге;
      2) түтінге қарсы қорғау жүйесін қабылдағаннан кейін жүйемен басқару қалқанын токтан ажыратуға;
      3) өрттен қорғау жүйесін іске қосқанға дейін жаңадан салынған ғимаратқа адамдарды орналастыруға;
      4) тұйық қалқаларда және түтінденбейтін саты торларын үй-жайлардан, өту жолдарынан, өрт қауіпті үй-жайлары бар жертөлелерден бөлетін қабырғаларда есік ойықтарын орнатуға;
      5) балкондар мен лоджияларда эвакуациялау есіктерін, люктерді, сондай-ақ аралас секцияларға адамдардың өтуіне арналған өткелдерді және эвакуациялау сатыларына шығу жолдарын жиһазбен, жабдықпен тас қылып бекітуге, үймелеуге;
      6) автоматты өрт хабарлағыштарын бояуға, тұсқағаздармен желімдеуге;
      7) ортақ дәліздерде түтін жоюға кедергі келтіретін қалқаларды орнатуға;
      8) балкондар мен лоджиялардың қоршауларын жанғыш материалдармен қаптауға;
      9) түтінденбейтін саты торларын шынылауға немесе жалюзиі мен әуе аймақтарын бекітуге;
      10) өздігінен жабылатын есіктерді кәдімгі шынымен (бекемделген немесе шыңдалған) шынылауға жол берілмейді.
15-тарау. Әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын ұстау тәртібі
      317. Заттар мен материалдарды сақтау (қоймаға салу) оларды сақтаудың сыйысушылығын, сондай-ақ мемлекетаралық стандарттың талаптарына сәйкес өрт сөндіру құралдарының біркелкілігін ескере отырып, жүзеге асырылады.
      318. Ғимараттардағы барлық үй-жайлар тазалықта ұсталады. Қағаздарға және басқа да жанғыш қалдықтарға арналған себеттер мен жәшіктер үнемі тазартылып, қоқыстары ғимараттан тыс арнайы бөлінген орынға шығарылады.
      319. Барлық жанғыш декорациялар, сахналық рәсімдеу, сондай-ақ көрермендер залының, фойенің және басқа да үй-жайлардың терезелері мен есіктерінде қолданылатын перделеу өрттен қорғайтын құраммен өңделеді.
      320. Әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында жанғанда уыттылығы жоғары өнімдер шығаруы мүмкін полимерлі материалдар қолданылып жасалған жиһаз бен жабдықтарды пайдалануға жол берілмейді.
      321. Темекі шегуге бөлінген орындар тиісті белгілермен белгіленіп, жанбайтын материалдан жасалған, үштен бір бөлігінен кем емес көлемде сумен толтырылған урналармен (күл салғыштармен) жабдықталады және алғашқы өрт сөндіру құралдарымен (өрт сөндіргіш немесе құмы бар жәшік) қамтамасыз етіледі. Үй-жайларында темекі шегуге арналған орындарды орналастырған кезде олардың ішіндегі қоршау конструкцияларын (едендер, қабырғалар мен жабындарды) өндеу жанбайтын материалдардан жасалады. Темекі шегуге арналған орындарда жұмсақ жиһаз қоюға жол берілмейді.
      322. Ғимараттардың ішінде су құбырларын, канализация құбырлары мен жылыту жүйелерін жылыту үшін ашық от пен қыздырылған заттарды қолдануға жол берілмейді.
      323. Әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының қызметтік үй-жайларында тұрмыстық электр аспаптарын (тоңазытқыштарды, қысқа толқынды пештерді, электр жылытқыштарын, электр шәйнектерін) орнатуға және пайдалануға жол берілмейді.
      324. Тамақты тек осы мақсаттарға арнайы бөлінген және жабдықталған жерлерде ғана дайындауға (ысытуға) болады. Бұл ретте тұрмыстық қажеттілікке арналған электр жылытқыш аспаптарын автоматты өшіру құралдарынсыз қолдануға жол берілмейді.
      325. Әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында үй-жайларды жарықтандыру үшін керосинді шамдар мен шырақтарды қолдануға жол берілмейді.
      326. Электрмен жылыту құралдарын, үстел шамдарын, радиоқабылдағыштарды, теледидарларды, тоңазытқыштарды, шаң сорғыштарды тек зауыттан шыққан дұрыс штепсельді розеткалар арқылы ғана желіге қосылады.
      327. Жатын бөлмелерде, ойнайтын бөлмелерде және қызмет көрсетілетін тұлғалар болатын басқа да үй-жайларда үтіктерді, электр плиталарын және басқа да электрмен жылытқыш құралдарды пайдалануға жол берілмейді.
      328. Киімдерді үтіктеу тек осы мақсатқа бөлінген арнайы жабдықталған үй-жайларда ғана жүргізіледі. Үтіктеуді ақаусыз термо реттегіштер мен жарықтанатын іске қосу индикаторлары бар үтіктермен орындауға рұқсат етіледі. Үтіктер жанбайтын материалдардан жасалған тұғырықтарда орнатылады.
      329. Жұмыс аяқталғаннан кейін кезекші жарықтандырудан, автоматты өрт сөндіру қондырғыларының электрмен қоректендіру көздерінен, дабыл және түтін жою жүйелерінен, сондай-ақ технологиялық үдерістің шарттары бойынша тәулік бойы жұмыс істеуі тиіс электр қондырғыларын қоспағанда, барлық электр қондырғылары ажыратылады.
      330. Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде қызмет көрсету персоналының тәулік бойлы кезекшілігі ұйымдастырылады. Кезекшінің қолында үнемі эвакуациялық шығу орындарының есіктеріндегі барлық құлыптардың кілттері жиынтығы болуы тиіс. Кілттердің басқа жиынтығы кезекшінің бөлмесінде сақталады. Екі жиынтықта да әрбір кілттің тиісті құлыпқа жататыны туралы жазуы болады.
      331. Қоғамдық ғимараттардың түнгі кезекшілері телефон орнатылған үй-жайларда болады және қол электр фонарларымен қамтамасыз етіледі. Дәліздерде, холлдарда және басқа да эвакуациялау жолдарына кереуеттер орналастыруға жол берілмейді.
16-тарау. Діни құрылыстарды ұстау тәртібі
      332. Шам қойғыштар, шырақтар және ашық от қолданылатын жарықтандыру жабдығы жанбайтын табандарға орнатылады.
      333. Ырымдар мен салттарды жүргізу үшін:
      1) ұлттық стандарт бойынша жану тобы Г1-Г4 материалдарынан жасалған көлденең қоршау құрылымдарынан 0,7 метр;
      2) ұлттық стандарт бойынша жану тобы Г1-Г4 материалдарынан жасалған тік қоршау құрылымдарынан 0,5 метр;
      3) басқа жанғыш материалдардан 0,5 метр қашықтықта ашық от көздерін пайдалануға жол берілмейді.
      Ескерту. 333-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
      334. Зауыттан шығарылмаған және өндірушінің паспорты жоқ шамдарды пайдалануға жол берілмейді.
      335. Шыны құтылары бұзылған, ашық отты қолданатын шамдарды қолдануға, сондай-ақ оларды толтыру үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға жол берілмейді.
      336. Лампадаларды, шамдарды және ұқсас құралдарды толтыруға арналған жанғыш сұйықтықтар сыйымдылығы 2 литрден аспайтын, жабық, сынбайтын ыдыста металл шкафтарда сақталады.
      337. Лампадалар мен шамдарға жанғыш сұйықтықтар құрылымында ернеулері қарастырылған, тұғырында жанбайтын материалдан жасалған сынбайтын ыдыстан құйылады. Лампадалар мен шамдарды толтырғаннан кейін сыйымдылықтың тұғыры мен сыртқы беті жанбайтын техникалық жуу құралдарымен төгіліп қалған жанғыш сұйықтықтардың қалдықтарынан тазартылады.
      338. Лампадалар мен шамдарға жанғыш сұйықтықтарды толтырып құю тек тұтату көздері болмаған жағдайда, ал электрмен жылыту құралдары қосылып тұрғанда, олардан кемінде 1 метр қашықтықта жүзеге асырылады.
      339. Пештерді тұтату салттар мен ырымдарды жүргізу басталғанға дейін екі сағат бұрын аяқталады.
      340. Діни құрылыстарда от жұмыстарын жүргізуге (пеш жағу, дәнекерлеу және от жұмыстарының басқа да түрлері), салттар мен ырымдарды жүргізу кезінде жанғыш сұйықтықтарды толтырып құюға жол берілмейді.
      341. Жылыту жүйелерінің сыртқы беттері жүйелі түрде жылыту кезеңі басталар алдында жанғыш тозаң мен басқа да шөгінділерден тазартылады. Тазарту мерзімдері өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықта көрсетіледі.
      342. Эвакуациялау жолдары бос болып ұсталады және үймеленбейді.
      343. Салттар мен ырымдарды жүргізу кезінде эвакуациялау жолдарын құлыптармен және басқа да бекіту құрылғыларымен жауып қоюға жол берілмейді.
      344. Құлшылық жасайтын залдардың сыйымдылығы бір адамға арналған үй-жайдың ауданы және эвакуациялау жолдарының өткізу қабілеттілігі негізінде шектеледі.
      345. Келушілердің қозғалысын қиылыс және қарсы ағын болмайтындай етіп ұйымдастырылады.
      346. Діни құрылыстардан және адамдар жаппай жиналатын басқа да үй-жайлардың эвакуациялық шығу орындарының белгілері дұрыс жағдайда және салт ырымдарды жүргізу кезінде қосылып тұрады.
      347. Адамдар жаппай жиналатын діни құрылыстар қызмет етушілер санына тең көлемде дұрыс тыныс алу органдарын қорғау жеке құралдарымен қамтамасыз етіледі.
      348. Діни құрылыста электр энергиясы ажыратылған жағдайға электр фонарлары және оларды сақтау орны қарастырылады.
      349. Телефон аппараттарының жанында көрінетін жерлерде ең жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімін шақыру нөмірі, сондай-ақ «101» телефон нөмірі көрсетілген тақтайшалар ілінеді.
      350. Діни құрылыстарда әрбір қабаттың көзге түсетін жерлерінде саты торларына шығатын және салттар мен ырымдар жүргізуге арналған үй-жайларға кіретін жерлердің жанында өрт болған жағдайда адамдар мен материалдық құндылықтарды эвакуациялаудың әр қабаттық жоспарлары ілінеді, адамдар мен материалдық құндылықтарды эвакуациялау және өрт болған жағдайда жасайтын басқа да іс-қимылдарды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету персоналы мен күзеттің міндеттері белгіленеді. Өрттің шыққаны және адамдарды эвакуациялау туралы хабарлағышты іске қосу тәртібін діни құрылыстың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты адам анықтайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет