Орталық Қазақстан 4 ақпан 2012 Қазақ шекарасы үшін күрес



жүктеу 133 Kb.
Дата06.01.2018
өлшемі133 Kb.

Орталық Қазақстан

4 ақпан 2012


Қазақ шекарасы үшін күрес
Біздің ата-бабаларымызға туған жерден қымбат не бар еді? Қазақтың қоғамдық өмірі ерте замандардан бері жерге меншіктен басталғанын «жер дауы, жесір дауы» деген сөз­дері растап тұр, яғни этнос үшін жер –материалдық өмірдің негізгі қайнар көзі, дәулет болса, жесір – от басы, әлеуметтік тұр­мыстың нысаны, құндылығы. Қазақтың атақты шежірешісі М.Көпейұлының «Са­ры­арқаның кімдікі екендігі» кітабында «...ата-бабам қалмақтан не үшін қырылды? Кейінгі үрім-бұтағыма жер-су алып беремін деп қырылды. Жалғыз менің ата-бабам емес, жер-суға таласып, көп қазақ қырғын тапты. Сол себепті бұл Сарыарқа біздің қазаққа «атасының құны» болып, олжа болып еді. Атамның құны болғаны үшін, жер-судан айрылып, қаңғып, қоныссыз жүргеніме ішім күйіп, өлсем ойымнан кетер емес» деген сөздер бар. Қазақтың туған жерімен тарихи, әлеуметтік, рухани байланысының қағазға түскен түрі. Адам баласының сөздік қоры, оның зиыны жер мен адам арасындағы қарым-қатынастарды толық сипаттап беруге жетімсіз, бұл мәселені трансцендентті тұрғыдан ғана қиялмен елестетуге болады.

Патша заманындағы Ресейдің этнограф­тары өз еңбектерінде қазаққа қатысты әр түрлі көңілге қонымды және қонымсыз пікірлерді жазады, бірақ, олар да қазақтың туған жерге деген махаббаты күштілігін бір ауыздан мо­йындайды.

Көне замандардан бастап, 1867-1868 жыл­дары қазақ «штат» атап кеткен «Уақытша ере­же» қазақ жерін Ресей империясының меншігі деп жариялағанға дейінгі уақыт аралығында қазақтың жерге деген көзқарасы баланың анаға деген сезімімен ғана салыстыруға бо­латын жағдайда. Одан кейін Кеңес үкіметі ор­нағанға дейінгі қазақтың жағдайын ноқтаға көн­дікпеген жылқымен салыстыруға келеді, яғни ол өзінің жер иесі, қожайындығын ұмытқан жоқ. Халқымыздың бағына осы кезеңде қа­зақ жастарының арасынан халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын, күресетін бір шоғыр шықты. Бұлар ноқтадағы халықтың ішінен өсіп шықты, бірақ Еуропаша білім алды, дұш­панның тілін меңгерді, оның осал жақтарын айыра білді. ХХ ғасырдың басында қазақтың «Алаш» төңірегіндегі азаматтарының жер мә­селесіне араласпағаны жоқ, олардың ішінде Әлихан Бөкейхановтың орны ерекше.

1917 жылғы дүбәра жағдайда орыс қоға­мындағы түрлі күштердің өзара күресі бірін-бірі ала алмаған жыртқыштарды еске түсіреді. Бір топтар патшалық билікті жақтады, екінші бір топтар Еуропаның жолымен жүргісі кел­ді. Ақыр соңында әлемдік пролетарлық рево­люция жасаймыз деп тыраштанған боль­шевиктермен бірге орыстың жүздеген жылдар бойы басыбайлылықтың зарын тартқан мұ­жығынан шыққан люмпен топтар білек сыбанып қоғамдық өмірге енді. Қазаққа және Ресей империясында бұратана жағдайда жүрген халықтарға бұрын-соңды болмаған, түсінде де елестетуге қорқатын қараңғы зұлмат өмір солармен бірге келді. Әпербақан большевиктік ұлттық саясатқа қарамастан, қазақтың қа­зір­гі мемлекеттік шекарасының жалпы но­байы осы жылдары заңдастырылды және мо­йындалды. Осы шаруаны атқарған адам – оттай жалындаған 29 жасар Әлімхан Әбеуұлы Ермеков болатын.

Әлімхан Ермеков 1891 жылы бұрынғы Се­мей облысы, Қарқаралы уезінің Темірші бо­лы­сында, Қызыларай тауларының бау­райында туған. Бұл академик Әлкей Марғұлан зерттеген қола заманының Беғазы патша қо­рымдарына жақын, көне дәуірдегі кен орын­дары мен протоқалалар арасында орна­ласқан ғажайып қоныс, ХІХ ғасырдың орта­сынан бастап Ресейдің Попов сияқты кен іздеуші кәсіпкерлерін де қызықтырған. Пат­ша чиновниктері мен кәсіпкерлерінің сұрқия саясатынан қазақтың күн көріп отырған жерлерін сақтап қалу үшін күресті кезінде Әлім­ханның атасы Ермек пен әкесі Әбеу де жүргізді. Бұлар өз заманының озық ойлы, ел сыйлаған қадірлі азаматтары болғаны бел­гілі, сонымен қатар қазақтың мүддесін қор­ғаудың бір ғана жолы барын ерте түсінгені де анық. Әкесі Әбеудің сегіз жасар ұлы Әлім­ханды Қарқаралыдағы екі сатылы реаль­ный училищеге апарып түсіруі де осыған бай­ланысты. Ресейге күні түскен бодан елдің азаматтарына орыстың білімі мен тілі керек болды. Оны аяқтағаннан кейін Әлімхан 1905 жылы Семейдің ер балалар гимназиясына түсіп, 1912 жылы алтын медальмен бітірді. Ол кезде орыс тілді гимназияларда оқитын қазақ балалары сирек еді. Әлімхан бірнеше ұлттың балалары тайталас оқыған, орысы басым оқушылар ішінде жеке-дара тұлға болды. Семей – ол кезеңде қыр өңіріндегі ең үлкен қа­лалық мекен, алдыңғы қатарлы мәдениет пен қайнаған саяси өмірдің орталығы болатын. Әлімханның ұстаздары – Әбікей Сәтбаев, Имам Әлімбеков, Сабыржан Ғаббасов, ағайынды Белослюдовтер де мықты болатын. Оның қазақ мүддесін терең түсінген, қайраткер қарымы осы кезде көріне бастады. Ресей Мемлекеттік Думасына делегат сайлауға байланысты жиындарға қатысып, «Думаға делегат етіп алдарына табақ тартқандарды емес, халық қамын ойлайтын, мұң-мұқтажын айта алатын адамдарды сайлау керек» дейтіні де осы кезең. Құдайға шүкір, қазақтың намысын, мүддесін ту етіп көтеріп «Алыспаған-жұлыспаған бостандық атына мін­бейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына ие бола алмайды» деп ұрандаған Әлихан Бө­кейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты ағалары осы кезде қазақтың жас азаматтарына үлгі болды, алға бастады.

Әкесі қайтыс болған, қаражат жағынан қиыншылық көре бастаған Әлімхан Ермеков Санкт-Петербург университетіне конкурссыз түсуге мүмкіндігі болып тұрса да, Сібірдің ең ірі оқу-білім ошағы Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін таңдады. Томскіде Ә.Ермеков кәсіби біліммен қоса сібірлік ұлы тұлғалар Н.Ядринцев, Г.Потанин, В.Шашков, т.б. ғұламалар арқасында тамаша гуманитарлық дайындықтан өтті. Біз соңғы кезеңде Шоқанның құрдасы, жан аяспас, пі­кірлес досы болған Г.Н.Потанин туралы бір­ді-екілі жазып жүрміз, ал «Сибирь – как коло­ния» аталатын еңбегімен патша үкіметінің ұлт саясатына және Сібірді қанауына қарсы шыққан Н.Ядринцев аты да қазақ зиялы қа­уымының назарында болуы керек. Оның «целью образования должно быть: внушение любви к своему племени, к судьбе его, а не стремление оттолкнуть его от прежней семьи, вырвать его и предоставить массам ту же нищету, несчастье и вымирание» деген сөздері құнды аксиома есебінде біздің педагогика ғылымында ескеріліп отырғаны жөн.

Әлімхан Ермековтің 1930-1932 жылдары қазақ зиялы қауымының өкілдерімен ОГПУ-дің ішкі түрмесінде отырғаны жұртшылыққа мәлім. Бұл Кеңес үкіметінің қазақ азаматтарын жаппай қырып-жоюды бастаған уақыты еді. Екі жыл түрмеде отырған Ә.Ермеков бұл жо­лы «Ашық хат» жазып, өзінің ұлтшыл­дығын мойындап, аман шықты. Әлімханның хаты, астарлап оқысаң, тамаша дерек, ол боль­шевиктер жүргізген, қазақ байларын кәм­пескелеу, отырықшыландыру және ұжым­дастыру саясатына өзінің қарсы шыққанын, себебі, төңкеріс (социалистік реконструкция) халықтың шаруа қорын шайқайтынын, құр­бандыққа әкелетінін алдын ала білгендігін жазады «Мен студенттік жылдарымда Ядрин­цев, Потанин пікірлері бойынша тәрбиеленген едім. Сібірдің төңкерісшіл жазушылары артта қалған елдердің тағдырына жаны ашып, көңіл бөліп, мұндай елдер капиталды құрылыс уақытында болатын шаруа тұрмысындағы өзгерістерге шыдамайды, көтере алмайды деуші еді».

Томскіде студент кезінде жинақтаған бі­лім, ғұламалардан алған кеңес Ә.Ермековке 1917-1920 жылдары қазақ жерінің шекарасын белгілеу үшін жүргізген күресінде де мықты негіз болды. Көп зерттеушілер қазақ шекарасы туралы әңгімені тек 1920 жылғы Кремльдегі тамыз келіссөздерімен ғана байланыстырады, ал шын мәнінде бұл мәселе 1917 жылғы сә­уірдің 27-нен мамырдың 7-не дейінгі ара­лықта Семей қаласында өткен қазақ сьезінің «Автономия және өзін-өзі басқару» туралы қарарынан басталады. Осы сьездің алдында ғана Томскідегі оқуын үзіп, Сібір оқу орын­дарында оқып жүрген қазақ жастарын соңы­на ертіп келген Ә.Ермеков ұйымдастыру жұмы­сына да, хатшы ретінде сьезді жүргізуге де, қарарларды дайындауға да қатысты.

Облыстық қазақ сьездерінің қарарлары негізінде 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақтық сьезд Қазақ ұлттық-территориялық автоно­мия­сын құру туралы шешімге келді. Бұл Ә.Ермековтің 1930 жылы ОГПУ тергеу­шілеріне берген мәлімдемесінде де бар (Өс­кембаев Қ.,Ә.Ермековтің қоғамдық-саяси жә­не ағартушылық қызметі. 1891-1970 жж. Қа­рағанды, 2003). Бірінші қазақ сьезінің басты шешімдерінің бірі жер мәселесіне қатысты болды, оның басты ережелері – қазақ халқы өзіне еншілі жерге орналасып болғанға дейін қазақ жері ешкімге берілмейді, қазақ пайдасынан алынып кеткен жер учаскелері, қа­зына-мүлкі, аталып келген тоғайлықтар қа­зақтардың өзіне қайтарылады.., т.б.

Бірінші жалпықазақтық сьезд Ресейде жос­парланған «Учредительное собраниеге» қазақ халқының атынан 81 адамның тізімін ұсын­ды, оның ішінде 26 жасар Ә.Ермеков те болды. Екінші жалпықазақтық сьезд 1917 жылдың 5-12 желтоқсаны арасында, Орынбор қаласында, қазақтың саясатқа көзі ашық жә­не белсенді азаматтары түгелге жақын қа­тысуымен өтті. Екі сьезд аралығында земство басшыларының бірі ретінде ел ішінде де, Сібір орыстарымен келісім сөздерде де бір­талай шаруалар атқарған Әлімхан Алаш автономиясын құру тұралы декларациядан нақты іс-әрекеттерге көше бастады, ол үкі­мет және басқару жүйесін қалыптастыру, ұлт кеңесі, оқу-ағарту, қазына, муфтилік, сот, ми­лиция, азық-түлік, т.б.

Осы сьезде Алаш автономиясының шека­расы нақты айқындалды. «Бөкей даласы, Орал, Торғай, Жетісу, Семей, Сырдария об­лыс­тарының, Ферғана, Самарқанд об­лыстарының қазақ уездері, Закаспий об­лысы мен Алтай губерниясының қазақтар ме­кендеген аудандары енуге тиіс. Тегі бір, мәдениеті, тарихы және тілі бір қазақ халқы басым тұтас аумағынан территориялық авто­номия құрылсын» деген шешім сьездің ең басты жетістігінің бірі. Осы аумақты мекен­деген қазақтан өзге азшылықтарға этнос өкілдеріне құқықтық кепілдіктер береді, Алаш мекемелерінде пропорционалды тұрғыдан, өзге этнос өкілдері де қатысатын болады.

Алаш Орда азаматтары автономия құ­ру мәселесімен азамат соғысының ауыр жыл­дарында да шұғылданды. Оның ақ гвар­дия құрамындағы Дутов және Колчак үкіметтерімен, Комучпен, Башқұрт үкіметімен одақтасуын басқаша түсіндіру қиын. Бірақ ақ гвардия құрамындағы монархистер мен шовинистер Алашты мойындамай, оның ен­шілі жерін бір тудың астына жинауына мүм­кіндік бермеді. Алаш азаматтарына автоно­мияны мойындайтын одақтас керек еді. 1918 жылы 19-21 наурызда Ә.Бөкейхановтың тап­сырмасымен телеграф арқылы Мәскеудегі Ленинмен және Сталинмен сөйлескен Ә.Ер­меков пен Х.Ғаббасов большевиктердің ал­дына ең басты мәселені қойды, ол қазақтың территориялық тұтастығын тану, автономия есебінде өмір сүруін қолдау. Бұл келіссөздер 1918 жылдың мамыр айына дейін жалғасты және қазақтың ата қонысында өздерін өздері билеу құқығының іске асырылуын талап ету тұрғысында болды. Большевиктер болса, өз­дерінің революция алдындағы әр ұлтқа бостандық беру (самоопределение нации) ту­ралы уағдаларынан танып кете алмай, ал шын мәнінде ұлан-байтақ отарларды да сақтап қалғысы келіп, әңгіме созыла берді.

Жан-жақтан жау қысқан кезде, азамат со­ғысының жалынына оранған Ресей билігін қолдарына алған большевиктер алғашқы кезде уәдені қарша боратты, осының негі­зінде алдымен Түркістан автономиялық рес­публикасы құрылып, оның құрамына бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығына қараған Жетісу мен Сырдария облыстары өтіп кетті. Қазақ автономиясы кешеуілдей берді, Еділ бо­йы майдан даласына айналып, азамат соғысының өрши түскені себепті, алғашқы келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Уақытты тек­ке жоғалтпай, бейбіт елді аман сақтауды көздеген Алаш кемеңгерлері «Әскери Кеңес» құрды және оның құрылуына Ә.Ермековтің қатысы болды. Алаш полктерінің құрылу тарихы, олардың соғыс майдандарындағы қыз­меті Д.Аманжолованың соңғы кездегі еңбек­терінде бірталай жазылып жүр. С.Сей­фулиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» де Ә.Бө­кейханов пен Ә.Ермековтің Самара қа­ласында Комуч басшылығынан үш мың сол­даттың қару-жарағы мен киім-кешегін алғаны жазылған. Томск қаласының архивінде сақталған деректерде бұл келісім сөздерге Алаш әскер бөлімінің меңгерушісі капитан Қ.Тоқтамысовтың да қатысқаны айтылады.

Көп ұзамай азамат соғысының барысында Дутов жеңілді, Самарада орналасқан Комуч тарады, большевиктерге қарсы күштер Кол­чак маңында топтасты да ақыры 1918 жылы қарашада «Сібір үкіметі» аталатын мо­нархиялық бағыттағы диктатура орнады. Ол бірден Алаш үкіметін тарату және барлық билікті, іс қағаздарын қалалық басқармаларға беру туралы жарлық шығарды. Колчак үкіметі онымен де шектеліп қойған жоқ, бұрынғы патша армиясының монархиялық пиғылдағы әскерилері Алаш қайраткерлерін қуғындай бастады. Бұл офицерлердің ішінде әсіресе, 1916 жылғы Орталық Азия халықтарының қоз­ғалысын қанмен тұншықтырғандар болды. Осы кезеңдегі ауыр ахуалды атақты башқұрт қайраткері Заки Валиди өте нақты суреттейді және Колчактың кесірінен ортақ майдан ыды­рап, қазақтар мен башқұрттар Кеңеспен қай­та келісім сөзге баруға мәжбүр болғанын көрсетеді: «из за свары между белыми гене­ралами и их враждебности...ухудшение на­ших дел было неизбежным. В связи с этим переговоры с Советами надо было начинать незамедлительно».

1919 жылдың ақпан айында Алаш әскері Орынбор түбінен шегініп, Алаш басшылары Кеңес үкіметімен келіссөздерін бастады. Заки Валиди башқұрт әскерін бастап, амал жоқ, Кеңес үкіметін мойындады. Оның естеліктерін оқу да ауыр: «приветствуя солдат, я с трудом сдерживал слезы. Многие солдаты плакали. Когда переход закончился я зарыдал навзрыд...Мы пожертвовали идеалами свободы и демократии, мы отдали их в руки Таболиных, Колесовых, склонили головы перед врагами, с которыми боролись с таким упорством...».

Мәскеуге Орынбордан Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ, Заки Валиди бастаған башқұрт делегациялары бірге аттанды. Бұлар ол кезде Лениннің әр ұлт өз тағдырын өзі шешеді, федерациялық мемлекет құрамыз дегеніне үміт артып еді. Осының артынша башқұрттарды Ресейдің губерниясы ретінде тану туралы шешім шығып, Заки Валиди бірден Кремльге өкпелеп, большевиктерге қарсы Орта Азия­дағы «басмашы» қозғалысына араласып кет­ті де, қазақ тағдыры 1920 жылдың тамыз айы­на дейін бір тоқтамға келмей қойды. Ол кезеңде қазақ даласын басқаратын «Әскери –революциялық комитет» (ВРК) құрылды, оның құрамына Алаш қайраткерлері де енді, бірақ қазақ жерін бір тудың астына жинау кешеуілдей берді. Қазақтың өкілеттілігі де қаншалықта дәрежеде танылатыны белгісіз болды. Осы мәселелердің барлығы 1920 жыл­ғы тамызда Мәскеуде өткен келіссөздер ба­ры­сында шешілді.

Алаш үкіметі таратылғаннан кейін де қазақ азаматтары кеңес жүйесін пайдаланып, Қазақ автономиясы мен оның жерінің тұтастығы үшін күресін жалғастыра берді. Бір жағынан бұған Кеңес үкіметінің алғашқы уақытта Қазақстанды басқаруға Алаштың қалыптаса бастаған тәжірибесін және мамандарын пай­далану саясаты да әсер етті. Шын мәнінде қазақтың іске татыр азаматтарының бәрі де Алаш маңына топтасқан еді, Кеңес үкіметі олармен амал жоқ санасуға мәжбүр болды. Бұған Сталиннің «Мен А.Байтұрсыновты біз­дің жақтасымыз немесе революционер-ком­мунист деп есептемеймін, дегенмен, оның ревкомда болуы қажет...» деген сөздері де куә. А.Байтұрсынов өз кезегінде Алаш азаматтарын Орынборда жаңа құрылған ревкомға тартуға бар күшін салды. Осылайша, Сибревком қарамағынан әлі шыға алмай жүрген Семей губкомынан 1920 жылдың 3 сәуірінде Әлімхан Ермеков Қырғыз (Қазақ) әскер-революциялық комитетінің қарамағына қызметке шақырылды.

Орынбор әскери трибуналмен қорқытқан соң ғана Семей губкомы Әлімхан Ермековті босатады. Ең бастысы, Семейдегі қызметінен әлі босамаған Әлімхан Қырғыз(қазақ) ревко­мының тапсырмасымен Омбыда Сибревком алдында «Семей губерниясындағы жалпы жағ­дай және қазақтар» деген баяндама оқиды. Осының алдында Ә.Ермековтің Керекуге ба­рып, уездік ревком жанынан Қазақ бөлімін ашуы, оған Ахметолла Барлыбаевты сайлауды ұйымдастыруы, т.б. қызметтері Алаш азамат­тарының солтүстік шекара мәселесіне қатты алаңдаулы болғандығын және осы шаруаға жауаптылықты Ә.Ермековтің мойнына ал­ған­дығын көрсетеді. Ә.Ермековтің шекара мәсе­лесіне қатысты шақырылғаны Қырғыз (Қазақ) әскери-революциялық комитетінің 1920 жыл­дың маусымында РКФСР Ұлт істері Ха­лық комиссариатына Қырғыз (Қазақ) Кеңестік автономиясын құру туралы жобаға байланысты «Қырғыз (Қазақ) өлкесінің территориясы мен шекарасы» деген құжатты ұсынуынан-ақ білінеді. Бұл құжатқа бірден қарсы пікірлер айтыла бастады және жоғарыдағылар Қазақ республикасына Орал облысының Гурьев, Іл­бішін және Орал уездерін, Торғай облысының Қостанай уезін, Ақмола облысының Пет­ропавл, Омбы, Көкшетау уездерін қосуға үзілді-кесілді қарсы шықты. Ә.Ермеков болса 1917 жылғы екінші жалпықазақ сьезінің ше­шімдерінде көрсетілгендей қазақ елінің авто­номия болуын және шекарасын белгілеуді жаңа жағдайда жүзеге асыруы керек болды. Бұл кезеңде ұлт көсемдері есебінде танылып қалған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Дос­мұ­хаммедов, М.Тынышпаев т.б. азаматтарға қарағанда большевиктерге Ә.Ермеков жас саналатын және саяси сахнада бірінші рөлде көрінген жоқ болатын. Менің ойымша, Ә.Бө­кейханов пен А.Байтұрсынов Кеңес қара­мағындағы Қазақ автономиясы және оның жер шекарасын белгілеу үшін күреске Әлімханды осы мәселелердің бәрін есептей келе қосты және оған барлық жағынан ақыл-кеңесін беріп, демеп отырды.

Ә.Ермековтің 1920 жылы 17 тамызда Мәскеуде жасаған «Қазақ АКСР-нің жалпы жағдайы және оның шекара мәселелері» баян­дамасы осылайша, бір-екі жылға созыл­ған күрес барысында дайындалды және Алаш зиялы қауымның негізгі ұстанымын айшық­тады. Алаш арқылы бұл талап қазақтың «елім» деген азаматтарының бәріне тарады, кейін Кеңес орнығып, қазақ зиялы қауымы қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін де жалпы халықтың басты мүддесі, құндылық ретінде өмір сүре берді.

Қырғыз (Қазақ) автономиясын құру, оны басқару және шекарасын белгілеу ту­ралы кеңес 1920 жылы 9-10 тамызда бас­та­лады. Қырғыз (Қазақ) ревкомынан С.Пес­т­ковский, Ә.Жанкелдин, А.Кулаков, А.Мыр­зағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровский, т.б., РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариаты төра­ғасының орынбасары М.Сұлтанғалиев, Түрік­комиссиядан Г.Сафаров, т.б., Сибревком, Омбы, Астрахан, Челябі, т.б. облыс бас­шылары қатысқан ірі жиын тиянақты шешімге әкелмеді. Бірақ, Әлімхан Ермеков Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, За­каспий (Маңғышлақ), Самарқан, Ферғана об­лыстарына қарайтын жерлерден қазағы ба­сым, яғни 5,5 миллион қазақ мекендеген 3467922 шаршы шақырым жерді Қазақ рес­публикасының құрамына беру қажеттілігін дәлелдеді. 12-14 тамызда болған мәжіліс те нәтиже бермейді. Ең соңында әбден ашынып алған екі жақ әңгімені В.Лениннің өзі қатысқан, БОАК пен ХКК-нің 17 тамыздағы біріккен отырысында талқыға салуға келісті. Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекетінің тағды­рын шешкен, оның шекара-мекенін анықтаған осы отырыста негізгі баяндама жасады. Ол өзінің естеліктерінде «Каспий теңізінің те­ріс­кей жағасындағы, ұзындығы 70-80 ша­қырымға, Нарын құмына дейін созылған, ша­руашылыққа тиімді шығанақ-бұғаздары орыс помещиктеріне, алпауыттарына әперіл­ген, бас­қаша айтқанда, П.Столыпиннің Мем­лекеттік Думада «Қазақ жерін игеру» деуінен кейін «Миллионный фонд» деп аталған өңір­ді және Ертістің қазақ жерінде ағатын өне бойының екі жағын, он шақырымнан қатарластыра кесіп алып, сібірлік казак-орыстарға тартып әперген жерлерді болашақ Қазақ республикасына қосу керектігін мен айттым» дейді.



Бұл мәселені бізге жазу оңай, ал шын мәнінде Ә.Ермековтің аузынан осы талап шы­ғысымен-ақ В.Лениннің алдында қызу пікір­талас басталып кетті. Большевик көсемдер Ш.Элиава, Н.Брюханов, Н.Крестинский сөз­бен қарсы болса, қазаққа өктемдік жүргізіп қал­ған шекаралас Астрахан мен Сібір бас­шылары Әлімханның жағасына жармасты. Ә.Ер­меков болса В.Ленинге: «біз жеке рес­пуб­лика болғанымызбен, федерациядан шы­ғып бара жатқан жоқпыз, орталыққа біз де кө­мектесеміз», деп өзіне одақтас тапты. Ақыры басқа уәжі таусылған В.Ленин «жергілікті ай­мақтарда қай халық көп болса, жер соған беріл­сін» деп, Әлімханды жақтап шықты. Оның үстіне қазақ жерінің түкпір-түкпірінен қазақ жерінің бір тұтастығын талап еткен хаттар Кремльге ағылды. Осы шешімнен кейін Қазақ автономиясы туралы декрет дайындау, оның ережелері мен шарттары ғажап жылдамдықпен жүрді. Осы тұста ғұн Мөде ханның «жер – мем­лекеттің негізі» деген қанатты сөзі еске түседі, жер мәселесі шешілгеннен кейін, мемлекет құру туралы құжат дайындау техникалық шаруа болатын. Осылай, 1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиялық мемлекеті дүниеге келді. Бұл ғажайып һәм ұлы жеңіс болатын, егер қазақ азаматтары ауыртпашылыққа толы 1919-1920 жылдарда күреспесе, біз ұлан-байтақ қазақ жеріне иелік жасай алмай қалар едік. Егер бір-екі жыл кешіксек, 1923 жылғы Сталиндік бет­бұрысқа түсіп, саяси-территориялық жағдайы­мыз да басқаша қалыптасар ма еді, кім білсін?Тарихшы есебінде, 1920 жылғы шекара белгілеу күресін ұлттық мемлекеттің ұлы кезеңдерінің бірі деп бағалау жөн деп есептеймін. Ал осы шаруаға Алаш атынан жауапты болған, жалындаған жас Әлімхан – қай заманда болмасын, қазақ саяси элитасына, әсіресе, елім-жерім, мемлекетім деген жас азаматтарға үлгі боларлық тұлға.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

профессор.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет