Қазақстанның орнықтылық қоры" "7-20-25" бағдарламасына арналған алғашқы транш – 25 млрд теңгені дайындап қойды. Алғашқы тоқсан лимиті жеті банкке бөлінеді, бірақ әзірге олар өтініш қабылдап жатқан жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pik.ru

24.kz арнасының хабарлауынша, "7-20-25" бағдарламасымен жұмыс істейтін жеті банктің ешбірі биыл өтініш қабылдау қай кезде басталатынын нақты айта алмаған. Тек Қазақстанның орнықтылық қоры лимит шамамен қашан ашылатынын түсіндірді. 

"7-20-25" бойынша өтініш қабылдау қашан басталады

Банк менеджерлері жиі хабарласып, ресми сайтты бақылап отыруға және банк бөлімшелеріне жиі баруға кеңес берген. 

Freedom банк операторларының сөзінше, алдын ала өтініш беріп қоюға болады, кезек келгенде олар сізге қайта хабарласады.

Мәселен, былтыр желтоқсанда банк қызметкерлері сәуірдегі өтініштерді рәсімдеген. Қазақстанның орнықтылық қоры банктер траншты күтпей-ақ, жеке қаражаты мен мүмкіндігі есебінен қарыз беретінін атап өтті. Содан кейін ғана қор бұл несиелерді сатып алады. 

Екінші дәрежелі банктер әлі өтініш қабылдауды бастаған жоқ, себебі ішкі операциялық жұмыстар жүргізіп, лимитті бөлімшелерге бөліп жатыр. Сонымен қатар қор қаржы ұйымдарының жұмысына араласуға құқы жоқ, сол себепті бұл процесті жеделдетуге де әсер ете алмайды. Қазақстанның орнықтылық банкі банктер жаңа өтініштерді ақпанның ортасынан бастап қабылдауы ықтимал деп болжап отыр. 

Ұйымның баспасөз хатшысы Айбар Олжаевтың сөзінше, банктердің өтініш қабылдауды бастамағанына 4 тоқсан өтініштері өңделіп жатқаны себеп болған. 

Бұған дейін қабылданған өтініштер толық қаралып біткен соң ғана лимиттің қалған бөлігі есептеліп, сол бойынша жаңа өтініш қабылданады, деп атап өтті ол. 

"7-20-25" бағдарламасы іске қосылғалы 6 жыл ішінде банктер 900 млрд теңгеден астам сомаға 70 мыңнан астам қарыз берген. Жеті оператор ішінде берілген несие саны бойынша ЦентрКредит банкі көш бастап тұр. 30 мыңнан астам ипотека қарызын берген. Екінші орында Freedom Finance банкі болса, үшінші орынды Халық банк иеленіп тұр. Форте және Еуразиялық банктер рәсімдеген өтініш саны 200-ден сәл ғана асыпты. 

Баспанаға деген сұраныс 20%-ке азайды

Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сирек сатып алатын болды деп мәлім етті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша сұраныс 20%-ке азайған. 

Тұрғын үй нарығында 370 мың сату-сатып алу келісімшарты жасалған. Барлық өңірде сұраныс төмендегені байқалады. Әсіресе Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының үйге деген қызығушылығы азайған. Әрқайсысында сұраныс 40%-тен астам қысқарды. Сондай-ақ Маңғыстау және Атырау облыстарында да көрсеткіш айтарлықтай төмен. 

Жылжымайтын мүлік бойынша халықаралық сарапшы Лев Тетиннің айтуынша, 2021 жылы зейнетақы қорынан шекті деңгейден асқан соманы алуға рұқсат берілгеннен кейін үйге деген сұраныс бірден артып кетті де, ең жоғарғы көрсеткіш – 600 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Ал қазір нарық бұрынғы, қалыпты жағдайға оралып жатыр. 

Қанша қазақстандықтың үйі бар

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерегі бойынша, бүгінгі күні 6 миллионнан астам қазақстандықтың жеке жылжымайтын мүлкі бар. Сондай-ақ 600 мыңнан астам адам жалдамалы пәтер алуға кезекте тұр. 

Өндіріс және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, ең көп кезекке тұрғандар Түркістан облысында тіркелген – 60 мыңнан астам адам. Екінші орында шымкенттіктер болса, үшінші қатарда алматылықтар тұр. Кезекке тұрғандар саны Ұлытау облысында ең аз болып шықты. 

Санаттар бойынша бөлер болсақ, мұқтаж жетім балалар Қарағанды облысында (алты мыңнан астам), ал көп балалы аналар Түркістан облысында (жиырма мыңнан астам) көбірек. 

Ресми статистика деректері балалар санын есептемегенде, жеті миллион қазақстандықтың баспанасы жоқ екенін көрсетті.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.