Қазақстанда пәтерге немесе жеке үйге иелік ету құқығын мемлекеттік тіркеу бағасын 1073,7 теңгеден, қосылған құн салығын есептемегенде, 1292,64 теңгеге дейін немесе бірден 20,4%-ке көтеру ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: kbti.com.ua

Жаңа бағалар Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұйрығының Жылжымайтын мүлік құқын мемлекеттік тіркеу бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қызметтері жобасында айтылған. 

Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйді тіркеу құны жеке тұлғалар үшін 12 518,61 теңгеге дейін, заңды тұлғалар үшін 17 178,6 теңгеден 15 589,54 теңгеге дейін арзандайды. Ал көлікжайды (гараж) тіркеу құны, керісінше 1073,7 теңгеден, қосылған құн салығын есептемегенде, 1281,27 теңгеге дейін қымбаттайды.

Жер учаскесіне меншік құқығын және құқық ауыртпалығын тіркеу бағасы да азаматтар үшін 1127,72 теңгеге және заңды тұлғалар үшін 1073,7 теңгеден 1347,61 теңгеге дейін өседі. Жер учаскесін пайдалану құқығын (сервитут) тіркеу 1719,16 теңге (қазір 1073,7 теңге) болады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы кондоминиум объектісін тіркеу қазір 2147,3 теңге болса, енді 767,55 теңгеге дейін арзандайды. Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе (БНАЖ) арқылы кондоминиум объектісін тіркеу 2998,72 теңге болмақ.

Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың бір нұсқасын беру қазір 536,6 теңге болса, енді 1169,42 теңге төлеуге тура келеді, яғни қызмет екі еседен астам қымбаттайды. 

Құжатты көпшілік талқылау 2 ақпанға дейін жалғасады. Жылжымайтын мүлік құқын мемлекеттік тіркеу саласындағы "Азаматтарға арналған үкімет" қызметтерінің қазіргі бағасы 2018 жылы бекітілген еді.

Бұған дейін индустрия министрлігі Қазақстанда баспана сатып алуға байланысты алдын ала келісімдерге тыйым салынатынын мәлім етті. 

Бүгінде Қазақстанда баспана сатып алу үшін алдын ала құжаттарға қол қойып, жосықсыз құрылыс салушыларға алданып қалған 6,8 мыңға жуық жылжымайтын мүлік инвесторы бар. Осы себепті индустрия министрлігі осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейту үшін түзетулер әзірледі. Олардың қатарына салынып жатқан көпқабатты үйлерде алдын ала келісімдер жасасуға тыйым салу да енгізілген. 

Сонымен қатар жылжымайтын мүлік мамандары биыл бірыңғай жиынтық төлемнің тоқтатылуына байланысты пәтер бағасы өсуі мүмкін екенін айтқан еді.

Өйткені баспананы жалға берушілер кезінде бір айға тек 3450 теңге салық төлесе, енді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының бір пайызын мемлекетке береді.

Сонымен қатар әлеуметтік төлемдер де бар. Тиісінше, кәсіпкерлер жалдау ақысын өсіруі мүмкін. 
 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.