«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



жүктеу 2.84 Mb.
бет10/11
Дата12.09.2017
өлшемі2.84 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Тұнық бастауды іздеген

өлкетанушы, қайраткер аға Қайырбай Ыбыраев туралы әңгіме
Біздің жерлесіміз, осы «Қостанай таңы» газетінің алғашқы редакторы Мұхамеджан Сералиннің «Қазақ қай заманда Россияға қараған?» деп аталатын мақаласы кезінде өзі шығарған «Айқап» журналында жарық көріп еді. Қазақ халқының Россия империясының қол астына кіруі үшін қол қойған Әбілхайыр бастаған елу алты ру басы ақсақалдардың аты-жөндері сол мақалада көрсетіледі. Солардың ішінде кезінде бүкіл қазақ даласына белгілі болған кісілермен бірге тізімде екінші болып Қарабалуан Алдиярұлының қолы тұр, ал қырық бесінші болып қол қойған Жәнібек батыр Қошқарұлы.

Қазақ тарихында бұл екі қолбасшының аттары қатар аталады, өйткені олар үлкен жорықтарға бірге шығып, жоңғарларға қарсы күресте ірі жеңістерге жетіп, елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін қан мен тер төккен кесек тұлғалар. Бұған атақты Нұрқан ақынның мына сөздері айқын дәлел:

Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен,

Шақшақтың шөбересі асыл тектен.

Қалмақты қонысынан қойдай қуып,

Халқы үшін қабырғадан қанын төккен.

Қасында Қаракерей Қабанбайы,

Жауырыншы жауды болжай біліп шеттен,

Жолдасы Қарабалуан, Күрен шешен,

Әйтеке, Табын Сәрке, тама Есеттен.

Өмірде өте сирек кездесетін жағдай, әкесі мен баласының бірдей үлкен тұлға, халық мақтанышы болуы. Шақшақ Жәнібектің баласы – Дәуітбай батыр әкесіне сай еліне ерекше еңбегі сіңген атақты адам болған. Қарабалуанның кенжесі Барақ батыр да әкесі сияқты халық құрметіне бөленген, аты аңызға айналған үлкен қолбасшы, жаужүрек батыр болған.

Халықтың Барақ батырға ықыласы, сыйластық пен құрметі оның әкесі Қарабалуанға бас июден кем емес. Екі ғасырдан артық уақыт бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейдің Қостанаймен шекаралас өңірлерінен мұсылман қауымы Сарыкөл ауданының жеріндегі Барақ батыр зиратына ағылады, басына түнеп, мал шалып, құран бағыштайды.

Барақ батырдың ұрпақтары 1996 жылы батыр кесенесін қайта жаңғыртып, төбесіне күмбез орнатып, жанына түнемелік қонақ үй салды. Ал мұның алдында 1995 жылы Қарабалуанның ағасы Қожамжардың ұрпағы Балқанұлы Шоқай бидің мәңгілік тыныстаған жеріне кесене салынып еді. Содан кейін Қарабалуанның өмірлік серігі, құдай қосқан қосағы Жасқана ана қабірінің басы қарайтылды.

Тарихқа үңілсек, Қарабалуан атамыздың ұрпағынан шыққан тарихта өзіндік орны бар тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Жазы би Жанұлы. Ол 1770-1840 жылдар арасында өмір сүріп, билік құрған шешен де көсем, қайраткер жандардың бірі.

Жазы би Кенесары хан, Уәли хан баласы Шыңғыстармен сыйластықта болған. Жазы бидің атқарған үлкен жұмысы – Қазақстан жерінің тұтастығы, оның шекараларын белгілеп, анықтауы.

Жазы би Сібірдің генерал-губернаторы М.Спиранскийдің өтініші бойынша Сібір мен Орынбор аралығындағы шекараны белгіледі. ХХ ғасырдың 20 жылдары Ахмет Байтұрсынов бастаған кеңестік топ қазіргі Қазақстанның шекарасын анықтап, көршілес Ресей губернияларына заңсыз қарап кеткен қазақ жерлерін қайтып алуда, сөйтіп бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы жерін, аумақтың тұтастығын сақтап қалуда сол «Жазы би сызығының» шешуші маңызы болған. Сол Жазы бидің даңқты ұрпақтарының бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров екенін айта кеткеннің артықшылығы болмас.

Қарабалуан қайтыс болғанда Жәнібек батыр оның денесін қасиетті Түркістанға өзі басқарып апарған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеп, басына құлпытас орнатқан. Кейін Жәнібек дүниеден өткенде өзі тірі кезінде Қарабалуан зиратының жанынан белгілеп қойған жеріне жерленген.

Бүгін бір әулеттен шыққан батыр, би, қайраткер тұлғалар туралы сөз қозғауымыздың өзіндік бір себебі бар. Осынау тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін, ерлік істері мен өнегелі сөздерін зерттеп, зерделеуде, кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстыруда нар жүгін көтерген аяулы бір азаматымыз бар еді, ол осынау киелі әулеттің бір тұяғы – Қайырбай Ыбыраев ағамыз болатын.

Қазақ елі тәуелсіздік алып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған тұста халық өзінің тарихи бастауына бойлады, «Біз – кімбіз?», «Ата-бабамыз кім?» деген заңды сұрақтарға жауап іздеді. Рулық қатынастар жаңаша бір сипат алды. Дәл осындай сәтте Алдияр ата әулеті де (Таз руы) өткен тарих қойнауын қазды, өздерінің Қарабалуан Алдиярұлы, Шоқай әулие, Барақ батыр, Жасқана ана, Жазы би сияқты тұлғаларының тарихи салмағын таразылады, талай зерттеу жұмыстары атқарылып, ғылыми-танымдық мақалалар жарық көрді. Бастамашыл топтың жұмысына басшылық жасап, жөн сілтеген Қайырбай ағамыз сол бір тұста ерекше пәтуалы, тарихи маңызы терең істерге ұйтқы болды. Ол кешегі Құдайсыз замандағы, кешегі қазақ халқын бұратана халық деп көзге ілмеген кер замандағы тарихты Тәуелсіз ел тарихына лайықты кіріктірді. Қазақтың кім болғанын, олардың батырлары мен билерінің, қазақ әйелінің өр тұлғасын сомдады. Оны ол өз руының дулығалы батырлары мен қара қылды қақ жарған билері, әулет абыройын асқақтатқан аяулы аналары арқылы, яғни Қарабалуан Алдиярұлы, Шоқай би, Барақ батыр, Жасқана ана, Жазы би арқылы жүзеге асырды.

Сарыкөл ауданының аумағында өткен осынау бабаларымыз бен аналарымызды ұлықтау шараларының бәріне де қатысқан адам ретінде айтарым – бұл халықтық бастама біздің ұлттың өзінің тұнық бастауына батыл бетбұрыс жасап, сағынышпен оралуының бірден-бір жарқын көрінісі болды. Соны жасаған осы Қайырбай аға Ыбыраев жетекшілік еткен зиялы бір топ еді. Олардың қатарында марқұмдар Асылхан Мүсәпіров, Қуаныш Шәмшиев сынды ел ағалары, ортамызда бейқуат өмір кешіп жүрген Алмат Кемелев, Жағыпар Ақбасов, Әкімбек Қабденов, Мырзатай Нүрпейісов, Батыржан Нұғыманов, Тыным Шағаев, Бауыржан Ерғазинов, Сапар Шәйкенов, Сайлау Мінайдаров, Нұрлан Жаманов, Әбдікәрім Баекенов, Белгібай Шахметов, Мұрат Шаймерденов, Қаби Хамзин, Елібай Рақымжанұлы және басқа да елжанды азаматтар бар еді.

Қайырбай аға жастайынан көпшілікпен жұмыс істеп, сыналған, тез тіл тапқыш, ортасын өзіне үйіріп ала қоятын қабілетті жан болатын. Талай әңгімесін тыңдап, іс үстінде сұхбаттасып, үйінің төрінде Балдырған жеңгей дайындаған балдай тәтті дәмді тата отырып, талай сырласқан сәттер ұмытылмас. Ол Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогика институтының география факультетін тәмамдап, еңбек жолын Қостанай облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының кабинет меңгерушілігінен бастап еді. Арада бірер жыл өткен соң жас та жігерлі маманды Қарабалық ауданындағы Мағынай мектебінің директорлығына жоғарылатады.

Көзінің оты бар, қандай да болмасын қоғамдық жұмыстан шет қалмайтын, жастардың арасында жалындап жүрген Қайырбайды облыстық комсомол комитеті де бірден аңғарған еді, сөйтіп оны ұлттың ұясы – Торғайға жастар жетекшісі етіп сайлады. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы осында еңбек еткен жылдары қарт Торғайдың тарихына барынша бойлайды, ұлттық салт-дәстүрлерді бойына сіңіреді, ақын-жырау, жыршы-термешілердің үніне құлақ түріп, ұлтымыздың табиғи дара болмысын бажайлайды, халықпен тез тіл табысып, сол қасиетті өлкенің өз адамы болып кетеді. Сондықтан да болар араға көп уақыт салмай жастар жетекшісін партия жұмысына жегеді, ол аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.

Кеңес Одағы кезінде болашағы бар деген кадрларды жоғары партия мектептеріне жіберіп, білімін жетілдіруге қамқорлық жасайтын жақсы бір дәстүр болатын. Жоғары партия мектебінде білікті де білгір оқытушылар сабақ береді, жатар орын жайлы, шәкіртақы оқуға дейінгі қызметте алып келген еңбек ақының мөлшеріндей. Жоғары біліммен келіп түскен адам екі жылда теориялық біліммен қатар адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырын, этика, эстетика негіздерін біліп шығар еді.

Қайырбай аға оқуды ойдағыдай аяқтаған соң сол жылдары жаңадан құрылып жатқан Науырзым ауданына жолдамамен келеді, мұнда аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып бекітіледі. Кейін Торғай облысы құрылғанда Жанкелдин аудандық комсомол комитетінде, партия комитетінде жемісті жұмыс жасаған Қайракеңді облыстық атқару комитетіне жауапты жұмысқа жібереді. Ал Торғай облысы таратылған соң ағамыз өзінің үйреншікті халықтық бақылау саласына қайта оралады, облыстық ұйымның лауазымды қызметкері ретінде ел игілігі үшін еңбек етеді.

Міне, осындай бай тәжірибесі бар, ұйымдастырушылық, насихатшылық қабілеті зор Қайырбай аға әулеттің игі жақсылары құрған бастамашыл топтың тізгінін қолға алып, жұмыс жоспарын жасап, оны жан-жақты талқылап, кейбір өзекті деген мәселелерді академиктер Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, басқа да зиялы қауым өкілдерімен пысықтап, іске кіріседі. Дәл осы тұста республикалық, облыстық баспасөзде Шоқай би, Барақ батыр, Қарабалуан Алдиярұлы, Жазы би және басқалары туралы құнды-құнды мақалалар мен зерттеулер жарық көрді. Қойшығара Салғарин сияқты сұңғыла тарихшы, жазушы ағамыз тың деректер жариялады. Мұхамед-Халел Сүлейменов қазақ халқының билері және Қарабалуан бабасы туралы талай толымды дүние тудырды. Және мақалаларын орысша жазып, басқа да ұлттардың танысуына мүмкіндік туғызды. Сөз арасында айта кетейік, марқұм Мұхамед-Халел Ілияс Омаров ағамыздың Күңше атты апасынан туған жиен еді.

Қайырбай ағамыздың өтінішімен өзіміз де осы даңқты жерлестеріміз, тарихи тұлғалар туралы талай сыр сабақтадық. Әулиекөлдік Әкімбек қажы Қабденов, жазушы Ақылбек Шаяхмет те әулет тарихынан талай әңгіме шертті.

Бастамашыл топ қолға алған шараларды облыс әкімшілігі де, облыс жұртшылығы да, діндар жандар да, тіпті атеиспіз деп жүрген аға-апаларымыз да бір кісідей қолдады. Соның арқасында Қайырбай аға бастап, қалғандары қостап, атқарған бұл бұқаралық шаралар бүкіл республикалық деңгейдегі айта қаларлықтай пәтуалы іске айналды.

Менің есімде торғайлық ұлағатты ұстаз һәм көрнекті дін қайраткері Ғазиз қажы Әмірхановтың айтқан мына сөздері сақталып қалыпты. Бекбаулы биге берілген ас үстінде абыз ағамыз былай деп еді:

– Ұрпағымызды имандылыққа тәрбиелеуде, тарихымызды зерделеуде Алдияр баба ұрпақтарының, соның ішінде Қайырбай Ыбырайұлының еңбегі ерекше.

Осы сөздер өлкеміздің жоғын жоқтаушы, қайраткер тұлға Қайырбай ағамызға берілген дәл де әділ баға еді.

Иә, уақыт, шіркін, жүйрік, кейде қатал. Бүгіндер бұл жалғанда Қайырбай аға да, оның аяулы жары Балдырған апа да жоқ. Олардың көзінің ағы мен қарасындай ұлы мен қызы да дүние салған. Бірақ азаматтың атқарған игілікті ісі ұмытылмайды. Соның бір дәлелі «Алдияр» қоғамдық бірлестігі Қайырбай Ыбыраевтың туғанына 80 жыл толуына орай оны еске алу шараларын өткізгелі отыр. Осынау өнегелі істің қарсаңында өз өмірімде де айтарлықтай із қалдырған абзал ағаны еске алып, газет арқылы інілік ізет-ілтипат білдіруді Қайрекеңнің аруағы алдындағы бір парыз санадым. Жаныңыз жаннатта болғай, жақсы аға!

Пікір
Ұлттық даңқ пантеоны


Түркістан! Рухани астана, екінші Мекке! Жақсылар мен жайсаңдардың, батырлар мен билердің, елінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін шыбын жанын шүберекке түйген талай арыстарымыздың, данагөй бабаларымыздың мәңгілік тыныстаған қасиетті мекені. Қожахмет әулиеден бастап кешегі дүниеден өткен Өзбекәлі Жәнібековке дейін осы Түркістан топырағын жастанып жатыр. Қостанай, Торғай еліне, жалпы қазаққа танымал тұлғалар – Қарабалуан Алдиярұлы, Шақшақ Жәнібек, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Әлібек батыр, Нияз батыр және басқа асыл бабаларымызға да топырақ Түркістаннан бұйырды.

Менің айтайын дегенім өркениетті елдердің көбінде бар пантеон дегеніміз де осы – Түркістан. Олай болса оның халық жүрегінде орын алған осынау атын заңдастыру керек. Түркістанға «Ұлттық даңқ пантеоны» атын беру керек.



Масұғыт ШАЛАБАЕВ,

ұстаз, өлкетанушы.

Қостанай ауданы.

*Алғыс хат
Аруақ қолдасын, ағайын
Облыстық «Қостанай таңы» редакциясына

Сіздердің газеттеріңіз бас болып, біздің бабамыз Қанжығалы Әлібек батыр Құдайбердіұлының есімін Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жазу жөнінде мәселе көтерген болатын. Журналист Сәлім Меңдібайдың сол мақаласына риза болып, үлкен-кішіміз түгел оқыдық. Енді Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директоры Темірхан Рыскелдиев мырзадан бабамыздың есімі қасиетті тақтаға жазылғандығы жөнінде хабар алып, бүкіл ел болып қуанышқа бөленіп жатырмыз.



Ұлы Түркістанның 1500 жылдық мерекесі қарсаңында газет көтерген мәселені көп сөзбұйдаға салмай істі тиянақты шешуге ерекше үлес қосқан сол қорық-музейдің ғылыми-сараптама кеңесіне, Темірхан Рыскелдиев мырзаның тікелей өзіне, біздің ұсыныс-ниетімізге ерекше қолдау көрсеткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мырзаға «Қостанай таңы» газетінің ұжымына, шексіз алғысымызды айтамыз.

«Қостанай таңының» ұжымына алдағы уақытта да шығармашылық табыс, баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын тілейміз. Аруақтарды риза қылған Сіздерге арқашан Алланың ықыласы түссін, Әумин!

Ең ізгі тілекпен:

Дәненов, Дөненбаев, Нұртазенов,

Түркәмәнов, Қалақов, Шоланов,

Шопағұлов, Жаманшалов, Шәймерденов,

Жұмабаев, Имақов, Кемпіров,

Кершенов әулеттері.

Арыстанбай ДОСЖАНОВ


Екінші Меккеге сапар

Облыс делегациясы құрамында Түркістанда болып оралған

ақсақалдың әңгімесі
Менің бұл сапарға шығуым аяқ астынан болды. Бір сөзбен айтар болсам, еш дайындықсыз, бір-ақ күнде шықтым да кеттім. Маған аудан әкімі қызметкерінің бар айтқаны: қаражат жағынан қам жемеңіз, бәрі өзімізде қарастырылған. Осылайша күннің шыжып тұрған кезінде жолға аттандық.

Ал енді сапарымыз жайлы сөз қозғар болсам, бұл туралы ойға түйгенім өте көп. Біріншіден, елге жасаған абыройлы еңбегімді бағалап, осындай құнды да мағыналы сапарға қосқан аудан әкімі Қ.Ақсақаловқа өз басым дән риза. Екіншіден, осы сапардан алған әсерімнің асқақтығы соншалық, дүниеге жаңа келіп, бар кереметпен қауышқандай болдым. Өйткені, бұл қалада қазақшылықтың, мұсылманшылықтың, имандылық пен инабаттылықтың исі аңқып тұрғанына еріксіз куә болғандайсың.

Біздер, облыс делегациясының мүшелері, алғашында қазақтың үш жүз өкілдері бас қосып, бір мәмлеге келетін Ордабасы деген жерде болдық. Ол жерде көздің жауын алатындай 150 ақ киіз үй тігілген екен. Біздерді құшақ жая қарсы алған оңтүстік бауырларымыз, не керек, бар білгендерін құлағымызға құйып жатты. Содан соң Сай­рам қаласында орналасқан Қожа Ахмет Иасауидің әкесі Ибрахим шайх пен анасы Қарашаш ана кесенелерінде болдық. Сол жердегі кіре берісте мәрмәр тасының үстінде садақа салатын жер бар екен. Кесенелер ішін тегіс аралап, зор ғибрат пен үлкен әсер алып шыққан біздерді Ташкенттен 180 шақырым жердегі Түркістан қаласына апарды. Онда алдымен Түркістан қаласының тарихымен қысқаша таныстырып, осы қаламен есімі қатар аталатын, Ахмет Иасауи жай­лы да біраз мағлұмат берді. Алдындағы кесенелерден зор таңданыс алып шыққан біздер, Ахмет Иасауи кесенесіне келгенде тіптен тәнімізден жан кеткендей күйде қалдық. Бұл ғимарат бір теңдесі жоқ сәулетті дүние екен. Ғимараттың орталық бөлмесі саналатын үлкен «қақпа» атты есіктен кіргеннен кейін «қазандық» деп атала­тын бөлме бар. Бұл бөлме келгендердің зікір және дәріс алуы үшін қолданылатын жер екен. Бөлменің ортасында орналасқан қазан ғимараттағы құдықтан алынған сумен толтырылған. Зікірден және жұма намазынан кейін деруіштер мен зиярат етушілерге үлестіріледі. Негізінен бөлме жалаң қабат күмбезбен көмкерілген төрт бұрышты. Биіктігі 38 метр, ішкі диаметрі 18,2 метр. Ал бөлменің ортасында орналасқан «тай қазанның» салмағы екі тонна, биіктігі 1,62 метр шамасында. Осы қазан Түркістан қамалынан 25 шақырым жерде құйылыпты. 1935 жылы Кеңес Одағы кезінде Ленинград қаласындағы Эрмитажға әкетіліп, тек қазақ ғалымдарының атсалысуының арқасында құтты қазан 1989 жылы елімізге қайта оралған екен. Қазандық бөлмесінің солтүстік батыс бөлігінде орналасқан оюлармен өрнектелген, асыл заттармен безендірілген «қапсырма есік» арқылы «көрхана» бөлмесімен байланысады. Мұнда Түркістан пірі Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Иасауидің сүйегі жатыр. Зияратшылар мазардың басында Құраннан аяттар оқып, олардың аруағынан жәрдем сұрап, мінәжат етеді. Ғимараттың оңтүстік-батыс жағында мешіт орналасқан және халықтың білім дәрежесін жетілдіру мақсатында қолданылған кітапхана бөлмесі жамағатхана бөлмесімен деліз арқылы байланысқан. Сонымен қатар деруіштер мен бүкіл жолаушыларға арналған асхана да бар екен. Қазандық бөлмесінің солтүстік-шығысында «Кіші Ақсарай» мен «Үлкен Ақсарай» деп аталатын екі бөлме бар. Мұның «Үлкен Ақсарай» деп аталатын бөлмесіне шамамен 400-500 адам еркін сиятындай. Бұл бөлмеде кезінде ел басшылары мен лауазым иелері ең маңызды мемлекет істерін өткізіп, Әзірет Сұлтанның рухы алдында әділеттілікті паш еткен. Сонымен қатар біздерге Домалақ ана кесенесінде де болып, небір ғажайып дүниелерді көруге тура келді.

Сапардың соңында өзіміздің, облыс әкімі Ө.Шөкеев баршамызды өзінің туған жеріне қонаққа шақырды.

Міне, осылайша Түркістан сапарынан ерекше әсер алған біздер, елге мәртебеміз өсіп оралдық.

Меңдіқара ауданы.

Есенгелді СҮЙІНОВ
Тұмарымыз – Түркістан
Күллі түркі әлемінің рухани орталығына айналған Түркістанды халқымыз керемет кие тұтып, ерекше қадірлейді. Атақты Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан осы қасиетті мекенде қазақ мемлекетінің негізі қаланып, шаңырағы көтерілген. Өткенімізге үңіліп, барлығын елеп-екшеп, топшалап, сүзгіден өткізген шақта 15 ғасырлық тарихы бар көне шаһардың құндылығы арта түседі. Бұл кешегіміз бен бүгінгі сәтімізді жалғастырып, болашаққа жетелеп отыратын қара шаңырағымыз. Әдетте қай қазақ болса да үлкен үйді құрметтейді, әрқашан соған бас сұғып, тәу етіп, кішіпейілділік ықылас-пейілін білдіреді. Түркістан да сол секілді.

Дінге жан-тәнімен беріліп, имандылық пен парасаттылықтың жолына түскен кісі Түркістанға баруға құштар. Себебі бұнда әділділік пен шындықтың атасы Қожа Ахмет Иассауи жерленген. Осында оған, ұстазы Арыстанбабқа Отырар төңірегінде үлкен ескерткіш қойылған.



Қожа Ахмет бірқатар құжаттарда һіжраның 562 жылында көз жұмды деген деректер келтіріледі. Мұхаммед пайғамбар 63 жасында қайтыс болғаннан кейін сол жаста Иассауи да жер астына түскен. Мешіттің бір тұсынан жер қазылып, астынан лақат түрінде бір орын жасалады. Ол сонда ғибадат етіп, кісілерге софылық етудің мән-мағынасын түсіндіріп, ақтық демі біткенше тірлік етіпті. Артына ерекше құнды «Диуани хикмет» еңбегін жазып қалдырған. 99 шәкірті рухани түрде тәлім-тәрбие алған. 26-хикметі оқырманды бей-жай қалдырмайды:

Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,

Алпыс үште суннат деді, жерге кірдім.

Жер астында жан-жүрегіммен құлшылық еттім,

Естіп, оқып, жерге кірді Құл Қожа Ахмет.

Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым,

Хақ Мұстафа суннаттарын қыла алмадым.

Адамдардан қош көңіл мен жылылық

Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым.

Өлең жолдарынан байқағандай Иассауи 125 жыл өмір сүрген. Соның жартысы жер астында өткенін ескерсек, оның шын мәнісінде құдай жолына берілгенін аңғарамыз.

Сопылық ілім Түркістан аймағында 9-13 ғасырлар арасында дамып, қанатын кеңге жайған. Соның төңірегіндегі дүниетаным пайғамбар дәуірінде қалыптасыпты. Бұл ағымның маңызды мәселесі – ақиқатқа жету болып табылады. Сол мақсатқа ұмтылу кезінде ер адам рухани тұрғыдан тазарып, жан-дүниесі жаңарады екен, діттеген мүддеге жетуге болады.

Қазақ қашаннан аталарымыз бен бабаларымыздың рухын керемет қастерлейді. Жөн-жосықты білетін халқымыздың Түркістан топырағына асығуының тағы бір себебі, осында елді біріктіріп, билік құрған әйгілі хандар, орақ тілді, от ауызды билер, арыстандай айбатты ержүрек батырлар, көзі ашық, көкірегі ояу сұңғыла шешендеріміз жерленген. Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Тұрсын хан, Қайып хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан, Есіркеп би, Күлен би... Жақсы-жайсаңдарымыздың тізімін одан әрі қарай жалғастыра беруге болады. Бұлардың әрқайсысы кезінде тарих сахнасында маңызды роль атқарып, саясатқа араласып, шешуші сәттерде дұрыс та оңтайлы ұсыныстардың қабылдануына ықпал жасаған. Демек бәрі де осал жандар емес, барлығы да зор тұлға. Үш жүздің басын біріктіріп, жоңғарларды ойсырата жеңіп, қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Абылайханның денесі кербез де сұлу Көкшетаудан, Шақшақ Жәнібек батырдың денесі шалғайдағы Торғайдан осы жаққа әкелінген. Басқа да жампоздарымыз бен марқасқаларымыз қиян шеттен жеткізілген. Асылдарымыз да, жұртымыз да Түркістанды керемет пір тұтқан, қатты қастерлеген. Қай-қайсысы болмасын ақтық сәтінде «сонда апарып жерлеңдер» деп аманат етіп кеткен. Сонда ғана жандары жәнатта жәй табады деп санаған. Яғни бұл ұлтымыздың аяулы перзенттері тыныстап жатқан үлкен мазарат, өркениетті елдердің тілімен айтқанда пан­теон. Бұрынғы Одақ кезінде Мәскеуде кілең мемлекет басшылары, атақты қолбасшьшар, мәдениет пен өнер қайраткерлері жерленетін Кремль секілді.

Түркістан! Осы сөзді естігенде елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Бұл туралы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан мына сөздері көңіл тебірентеді: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның ру­хани орталығы Түркістан болады. Жалпы, бұл жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің руханият орны болып табылады». Бұған толығымен қосыласың. Расында, рухы күшті халықтың еңсесі де биік, мақсат-мүддесі де айқын. Ендеше Түркістан келер жылы тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы аталып өтетін еліміздің сан ғасырлық шежіресін жасап, тарихын тоғыстырып, жалғастыратын алтын көпір іспеттес.



Түркістан туралы кімдер толғанбаған, кімдер жырламаған? Өйткені ол мұсылмандар үшін кіші Мекке саналады. «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ах­мет» деген сөздер аңызға айналып, ауыздан ауызға тарап, ел ішін кезіп кетті. Ақсақалдар бата бергенде де осы сөздерді айтатын болды. Сонау Меккеге қажылыққа баруға шамасы келмеген діндарлар ең болмаса Түркістанға жетіп, Қожа Ах­мет кесенесіне табынып, құлшылық етуді армандады. Қазір де киелі шаһарда болу әр қазақтың арманы. Оның 1500 жылдық торқалы тойын өткізу жөнінде әңгіме көтерілгеннен-ақ сол жаққа алаңдап, көз тігушілер көп болды. Солардың соңында қостанайлықтар да бар еді. Өйткені ғасырда, адам өмірінде бір-ақ рет болатын ұлан-асыр ерекше тойға кім қатысқысы келмейді дейсің?

Түркістанның 1500 жылдық тойына Қостанай өңірінен 30 адамды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастап апарды. Бұдан бұрын айтқанымыздай, өзге жерлерден 5-6-ақ кісі келсе, біздің жақтан сапар шеккен ең үлкен делегация болды. Оның құрамына елге сыйлы ақсақалдар, беделді басшылар, жұртқа танымал өнер иелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері іріктеліп алыныпты. Мысалға, республикалық «Заречное» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры В.Двуреченскийді алайықшы. Валентин Иванович кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Ауыл шаруашылығы министрі секілді жоғары қызметтерді атқарған. Ежелден ақжарқын, іскер жан. Ол басқаратын шаруашылық бүгінде Қазақстандағы бетке ұстар таңдаулы кәсіпорындардың бірі. Байсалды да ақылды Қазбек Әлжаппаровтың талай рет алқалы жиындарда халықты ынтымақ-бірлікке, татулық пен достыққа шақырған аталы ұлағатты сөздерін естіп, «шіркін, жақсылыққа бастайтын осындай үлкендеріміз көп болса» деп армандайсың. Бұрынғы атақты механизатор Кәмшат Дөненбаева, әулиекөлдік зейнеткер Сағындық Досмағанбетов, Қостанай аудандық мәслихатының хатшысы Кәрім Баекенов, аймақтық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Ассамблеяның мүшесі Сағындық Орынтаев, республиканың халық ақыны Әсия Беркенова, Қамысты ауданындағы «Қарабатыр» агрофирмасының директоры Жәзит Құдайқұлов... Бәрін тізбектеп, шұбыртып жатудың қажеті шамалы шығар. Бірақ облыс әкімі аппаратының жетекшісі Бағила Баймағанбетованың есімін айырықша атап өткеніміз жөн. Ол өзіміз құрамында болған делегацияға бас-көз боп, қамқорлық жасап, жөн сілтеп отырды. Ұзақ жылдар бойы Тобыл төскейінде басшылық қызметте жүрген Бағила Бірмағанбетқызы үнемі мәдениетіміз бен әдебиетімізге жанашырлық танытып, ұлттық баспасөздің, соның ішінде облыстық «Қостанай таңы» газетінің жай-күйіне үнемі көңіл бөледі. Қазақтың тұңғыш революци­онер қызы Алма Оразбаева өмірінің астарына үңіліп, зерттеп, көпшілікке беймәлім сәттерін ашып берді. Осы тақырып бойынша кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықты.

...Біз мінген АН-24 ұшағы Шымкент әуежайына жайлап қонды. Далаға шықтық. Қостанайға қарағанда мұнда күн жылы, ағаштар әлі жап-жасыл, Оңтүстік Қазақстанда бірінші рет болуым, бұнда ҚазМУ-дың журналистика факультетінде бірге оқып, бір үзім нанды бірдей бөлісіп, тай-құлындай тебісіп өскен курстас достарым, жұмыс бабында танысып, тонның ішкі бауындай араласып жақындасқан жора-жолдастарым жетерлік. Егер әдейілеп ат басын тіреп, қыдырсақ бір ай жүруге болады. Алайда бұл сапардың мақсаты басқа ғой. Түс кезінде қаладағы мейрамханада ауқаттанып алған соң ұп-ұзын, әдемі шетелдік автобусқа жайғасып алып Түркістанға қарай тартып кеттік. Жолда Отырар төңірегіндегі Арыстанбаб кесенесіне соғып, Өмірзақ Естайұлы қостанайлықтар атынан құрбандыққа мал шалдырып, құран оқытқызды. Иассауидың ұлағатты ұстазы Ары­станбаб кесенесі ХІІ-ғасырда салынған. 1907 жылы ескерткіш қайта қаланып, қазіргі шақта мемлекет қарауына алынған.

Қостанай облысының делегациясын қарсы алып, күту Кентау қаласына бекітіліпті. Аталмыш қаланың әкімі Болат Жылқышиев бастаған жігерлі де ақкөңіл жігіттер бәрімізге барынша ілтипат көрсетті. Қонақжайлылық, кішіпейілділік қашаннан мақталы өңір халқына тән ізгі қасиет. Екі түн қатарынан Түркістанда қазынашылық басқармасының бастығы Амангелді Шыңғысбаевтың еңселі де кең үйіне қонып, жаттық. Барлық жылы- жұмсағын аузымызға тосып, қас-қабағымызға қарап, бәйек боп қызмет көрсеткен берекелі отбасына үлкен-кішіміз риза болдық.

Түркістан көрікті де таза қала. Аумағы жағынан үлкен шаһарларға жақындайтын секілді. Көп қабатты үйлер аз, көбі жекеменшік үйлер. Байырғы тұрғындардың айтуынша қала бұрынғыдан анағұрлым жаңарып, жасарған. Ортадағы Есімхан алаңы керемет көз тартарлық. Көлемі 10 мың шаршы метрді алып жатқан бұл алаңға бір мезгілде 30 мың адам сияды екен. Маңайы гүлзар, нешетүрлі фонтандар, бүгінгі күннің талаптарына сай тұрғызылған әдемі мейманхана. Маңыздысы сол, Иассауи кесенесі қалпына келтіріліп, жан-жағын абаттандыру ісі толық аяқталыпты.

Тойдың алғашқы күні Иассауи бабамыздың кесенесі алдындағы жиыннан басталды. Алаңда ығы-жығы халық, ине шаншар жер жоқ. Салтанатта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев түйсігі бар жандардың санасына жетер қанатты сөздер айтты: «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез келді. Қазіргі шақта қазақ халқының ауызбірлігі, татулығы керек. Біз тыныштықты қалаймыз. Бізге бөтен жер қажет емес, бірақ білектің күшімен, найзаның ұшымен ата-бабаларымыз қызғыштай қорғап қалған жерімізді ешкімге бермейміз. Жалпы тәуелсіздігіміздің түпқазығы Түркістан болып саналады». Түрік Республикасының Президенті Ахмет Сезер де сөйледі. Екі Президент болашақ мешіттің алғашқы іргетасын қалады. 600 орындық мешіт үйін салуды түрік бауырларымыз өз мойнына алған. Түстен кейін халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Кешкілік Есімхан алаңында «Түркістан – ғасырлар жаңғырығы» деген тақырыпта музыкалық-драмалық қойылым көрсетілді.

Есімдері елге әйгілі өнер жұлдыздарының орындауындағы әсем әндері мен тәтті күйлерін, мың бұралған билерін ашық аспан астында мыңдаған жұрт тамашалады. Көшелер самаладай жарқырап тұр. Неше түрлі түспен атылған салют көгілдір көк жүзін түн ішінде жап-жарық қылып жібереді. 15 ғасырлық тарихы бар байырғы қаланың қақ ортасында өзіңді «Мың бір түннің» ғажайып оқиғасын бастан кешкендей сезінесің.

Екінші күні Түркістан көшелерін араладық. Тап-таза көше бойы сауда-саттық жасаған адамдар. Түркістанның 1500 жылдығы бейнеленген кілемшелер, әдемі шағын бұйымдар, ұлттық киім-кешек, ертоқым, қамшы, домбыра, сандық, қобдиша, т.б. толып жатқан нәрселер. Бәріне таңданасың, қызығасың. Өзің бейнебір Ұлы Жібек жолындағы шаһарда жүргендейсің. Толғанып тұрып көкейіме өлең жолдары туындайды:

О, Түркістан, ардақтайтын киелім,

Тәжім етіп, рухыңа бас иемін.

Бабалардың ізі жатыр төсіңде,

Жазиралы далаңды мен сүйемін.

Қастерлейтін дақ түспейтін Тұмарым,

Саған деген басылмайды құмарым.

Елдігімнің белгісі боп санамда,

Сен дегенде алып-ұшып тұрамын.

Жаса мәңгі аңыз қала, жасыма,

Бәрі қымбат: кесенең де, тасың да.

Ғұмыр жетсе құштарлығым басылмай,

Қайта оралып соғармыз біз басыңа.

Ғұмар АХМЕТЧИН




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет