«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



жүктеу 2.84 Mb.
бет4/11
Дата12.09.2017
өлшемі2.84 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Бірінші аңыз

Әлібектің туған нағашысы Ұлы жүз үйсін Төле би екен. Әлібек ер жетіп, оң-солын таныған тұста елдегі дау-дамайды шешудегі игі жақсылардың ісіне түңіліп, нағашысына кетеді. Мұнда келісімен өзі батыр, өзі сал өнерлі жігіт бірден ел аузына ілігеді. Мұны сезген Төле би үміт күтер жиенін көз тиіп, бір пәлеге ұрынбай тұрғанында еліне қайтаруға бекінеді. Әлібекті шақырып алып:

Қарағым, ер туған жеріне, ит тойған жеріне деген, еліңе өкпелеп, сүйекке таңба салма. Біреуден тосын сөз естіп, сағың сынар, ондай сөз нағашың маған да жеңіл соқпас. Ашуың басылған шығар. Қасыңа Аткелтір ініңді ертіп ал. Ол да батыр жігіт. Екеуің қатар жүргенде ешкім батып сөз айтпас, құдай алдында сұрауы жоқ, сенің жанашыр туысың болсын. Есік алдында байлаулы тұрған қос сәйгүлік сендердікі.

Еліңе бар, қарағым, нағашы жұртта болдым деп,

Сәйгүлік мініп, ел кезіп, жобасыз жүрген елде көп.

Туған ініңнен кем болмас Аткелтірің жаныңда,

Есіңе алып жүрерсің нағашы атам берді деп.

Тынысың болар нағашы інің көбейіп,

Ағасы болып жүрерсің көріп сүйініп,

Тең жүргенде екеуің сескенер көрген алашың,

Жақсы атақпен өтерсің бағалы болып өмірің, деп батасын береді.
Екінші аңыз

Әлібек ерекше сауыққой, домбырашы, әнші екен. Қай жерде ойын-сауық болса, Әлібек те содан табылған. Үйде болуынан түзде жүруі көп болса керек. Бір күні әкесі Құдайберді баласын шақырып алып, былай дейді:

Қарағым, сен, естуімше, әуейі болып барасың. Жақсы болып, атағыңды шығарғың келсе, игі жақсылармен серік бол, жақсы өнегесімен атағы шыққан екі ағаң бар. Қаздауысты Қазбек пен Шақшақұлы Жәнібекті тауып алып, соңына ер. Содан кейін бұл күндері жасы жетіп, қартайған Есет батырға барып, сәлем бер, ақыл-кеңесін тыңда, дейді.

Ол кезде әке сөзі заң. Әлібек те Қазбек пен Жәнібекті тауып алып, соларға серік болады. Ел намысын бірге қорғайды. Кейін әкесінің сөзі еске түсіп, үшеуі Есет батырға сәлем беруге барады.

Ордаға келіп, Есет батырдың отырған үйіне кірмек болады. Салт бойынша жасы жағынан үлкені Қаздауысты Қазбек есік ашады да қайта жаба қояды. Сосын Жәнібекке «сен кір» дегендей ишара жасайды. Жәнібек те есікгі ашады да қайта жабады. Енді екеуі Әлібекке жол нұсқайды. Әлібек ішке еніп, төрде отырған Есет батырға сәлем береді. Екі ағасы төрге жайғасқан соң өзі төменірек келіп отырады.

Есет батырдың қабағы екі көзін жауып, түсі сұсты көрсетеді екен. Ол қолымен қабағын көтеріп, қонақтарына зер салып, аты-жөндеріне қанығып, сөз бастайды:

Әлібек, сенің бұрын кіріп, сәлем беріп, төмен отырғаныңа қайранмын, – дейді.

Әлібек:

Атажан, қадірсіз болып бұрын кірдім, кіші болып төмен отырдым, дейді.

Сонда Есет батыр:

Менің аруағым Қара қабан еді, әр уақыт өзіммен бірге еді, Қазыбектің аруағы Қара тазы екен батып кіре алмады. Жәнібектің аруағы Қызыл түлкі екен, ол да бата алмады. Ал, Әлібек, сенің аруағың Қара бүркіт екен. Бүркіттен сескеніп менің аруағым шығып кетті, өзім болсам кәрілік жеңіп, төсек қармалап қалдым. Әлібек, қарағым, бақытың жанып келе жатқан азамат екенсің, Алла болсын сүйенішің, деп батасын берген екен.
Үшінші аңыз

Әйгілі үш бек Қаздауысты Қазбек, Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Әлібек жұбын жазбай бір жүреді. Бір күні ел аралап келе жатқанда, оларға бір қария кездеседі. Қария да осал жан болмаса керек, әйгілі билерге мынадай сұрақ қояды:

Уа, Жәнібек, ауыл берекесі қайтсе кетеді?

Жәнібек:

Ауыл ақсақалы шала болса,

Жігіттері алты ауыз ала болса,

«Ә» десе «мә» дейтін

Жасы үлкенін кішісі

Сыйламайтын көңілі қара болса,

Сол ауылдың берекесі кетеді, дейді.

Уа, Қазбек, үй берекесі қайтсе кетеді?

Қазбек:

Әйелі қабағын түйіп жүрсе,

Шәй қойып беруге ерінсе,

Ұлы ұрысқа сай болса,

Қызы сумақай болса,

Сол үйдің берекесі кетеді, дейді.

Уа, Әлібек, не жақсы?

Әлібек:

Атың жақсы жолса,

Тіршілікте мінген пырағың.

Балаң жақсы болса,

Жанып тұрған шырағың.

Әйелің жақсы болса,

Досың маңыңа жиналып

Рахаттанар қонағың, деген екен.

Содан Әлібек сол қарияның өзіне сөз арнап:

Бұл дүниеде не жаман, қария? дейді.

Қария:

Атың шабан болса,

Тіршілікте көрген азабың.

Балаң жаман болса,

Ғұмырлық көрген тозағың.

Әйелің жаман болса,

Досың сенен безініп,

Үйіңнен кетер қонағың, деген екен.

Қария билер берген жауапқа риза болып, батасын береді, билер қарияның жауабына риза болып, ат мінгізіп, шапан жапқан екен.
* * *

Осы мақала облыстық «Қостанай таңы» газетінің 2000 жылғы 26 мамыр күнгі санында жарияланған болатын.

Газетте мақала жарияланысымен Қанжығалы әулетінен шыққан бір топ азаматтар атынан тиісті орындарға арнайы хат жазылды. Әлібек батыр туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев мырзаға, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай мырзаға жолданды. Бұл жөнінде Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Темірхан Рыскелдиев мырза да хабардар етілді.

Обалы не керек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Темірхан Рыскелдиев мырзадан іле-шала жауап келді. Онда «Қостанай таңы» газетінде жарияланған «Аңызға айналған Әлібек батыр» атты мақаланы оқып, танысқандығы, бірақ Әлібек бабаның Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленгендігі жөнінде өздерінде мәлімет сақталмағандығын, әлі де оны дәлелдейтін тарихи құжаттар сұрады.

Бұл арада айта кететін бір жай, аталмыш мақаланы жазу барысында біздің Әлібек батырдың Түркістанда жерленгеніне көзіміз әбден жеткен еді. Сарыкөл өңірінің бір топ ақсақалдары редакцияға жазған хатында елуінші жылдардың басында Түркістанда болғанда «Қанжығалы Әлібек батыр» деп арабша жазылған тас белгіні өз көздерімен көргендерін айтқан болатын. Сол тасты өз көзімен көріп, баба басына құран оқып қайтқан ақсақалдардың бірі, жасы жүзден асқан шежіре қарт Жанұзақ Тоқпаев, құдайға шүкір, әлі де қуатты. Енді сол атамыздың Темірханға кейінірек жазған хатын толық келтірейік.

«Әзірет Сұлтан»

мемлекеттік тарихи-мәдени қорық

музейінің директоры

Темірхан Рыскелдиев мырзаға

Айналайын Темірхан!

Мен Қостанай облысы Сарыкөл ауданының Севастополь мекенінде тұратын соғыс және еңбек ардагері, қазіргі Қанжығалы руының ең қарт азаматымын.

Жасым 103-те, осыдан үш жыл бұрын облыс, аудан жүртшылығы 100-ге келгенімді атап өтті, биылғы 55 жылдық Жеңіс күні мерекесінде облыс Әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қабылдауында болып, қолынан сыйлық та алдым.

Айтайын дегенім, 50-ші жылдардың басында мен, Иманов Тілеміс және Шопағұлов Әбілмәжін Ахмет Иасауи кесенесіне зиярат етуге бардық. Бірнеше күн басында болдық. Сонда «Қанжығалы Әлібек батыр» деп арабша жазылған тас бар екен басында.

Енді сол тас жоқ, Жәке, деп маған ел азаматтары келіп айтты. Мен оған өте ренжіп отырмын. Өз көзіммен көргем, қайда кетіпті десем, айтатындары жөндеуден кейін жоқ болған дейді.

Менімен болған екі ақсақал бұл дүниеден өтті, ал мен Алланың берген қуатының арқасында жақсымын, әлі де 5 уақыт намазымды оқып, соңғы 40 жыл ішінде осы өңірдің молдасымын.

Сіздерден өтінемін, ел атынан, тарихи ақиқатты орнына келтірулеріңізді сұраймын.

Іске сәт,

соғыс және еңбек ардагері

Жанұзақ.

31 тамыз, 2000 жыл».
Жанұзақ атаның хатымен бірге ел ақсақалдары атынан Қостанай қаласының тұрғыны Төлеген Шоланов та хат жазып және оған қосып Әлібек батырға қатысты 1989 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан шыққан «Ел аузынан» атты кітаптан (құрастырушылар Балтабай Адамбаев, Төлеухан Жарқынбекова) аңыздың бірін жолдады. (Ол аңыздың ұзын-ырғасы «Қостанай таңында» жарияланған мақалада келтірілген болатын. С.М.).

Енді Төлеген Шолановтың сол хатын келтірейік:

«Әзірет Сұлтан»

мемлекеттік тарихи-мәдени қорық

музейінің директоры

Темірхан Рыскелдиев мырзаға

Менің Әлібек батыр бабамыз туралы жазған хатыма жауап бергеніңіз үшін шын ризашылық сезімімді өзіңізге жеткізе отырып, мынадай ой-пікірімді айтып, қайыра хат жазуды жөн деп санаймын. Өзіңізге жақсы мәлім, қазақтың тарихы оның тілінде, фольклорында, ауызекі әңгімесінде, қисса-жырларында. 1950 жылдардың басында қостанайлық ел ақсақалдары Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне зиярат етіп қайтуға барғандарында онда Қанжығалы Әлібек батырдың қабірі басында бабамыздың аты-жөні арабша жазылған ескерткіш тастың барлығын айтып келген екен. Біздер кейінгі жылдарға дейін сол белгі орнында тұр ғой деп мәз болып жүргенбіз. Белгінің жоқтығын Қостанайдан былтыр (1999 ж.) жазда Түркістанға барған делегация мүшелері айтып келді. Олардың пікірінше, көптеген тарихи белгілер реставрация кезінде ізсіз жоғалып кеткен.

Сізге Әлібек батыр бабамыз туралы әңгімені кітаптан тауып алып, салып жібердім. Ол дерек те көп ізденістен кейін ғана белгілі болды. Дегенмен халық арасына кең тараған кітап сөзі ғой.

Біздің мақсат бәсекелестік емес, атақ-даңқ қуу емес, тарихи шындықты қалпына келтіру, атақты аталарымыздың қасиетті есімдерін кейінгі ұрпақ жадында қалдыру. Түркістан үшін, қасиетті қазақ даласының бүтіндігі үшін қасық қандары қалғанша жаумен жағаласып еліміздің болашағын қорғап қалған батыр бабаларымыздың аты-жөндері киелі Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың кесенесінен лайықты орындарын алып жатса, Сіздер мен біздер үшін аруақтар алдында атқарған аса бір ғанибетті іс болар еді. Сондықтан, құрметті Темеке, біздер әлі де күдерімізді үзбейміз. Ұлы Түркістанның 1500 жылдық мерекесі қарсаңында Сіздерден жылы жауап күтеміз.

Бұл пікірімді ел азаматтарымен қатар облыс басшылары да құптап отыр.

Зор құрметпен,

ел ақсақалдары атынан

Т.Шоланов.

25 шілде, 2000 жыл».

Түркістаннан іле-шала қуанышты хабар келді. Онда былай делінген:

«Қазақстан Республикасының

Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім

министрі А.Сәрсенбаев мырзаға

көшірмесі: Т.Ж.Шоланов мырзаға

Қостанай облысы Сарыкөл, Қоскөл, Ырыстытомар, т.б, ауылдарының бір топ ардагерлерінің Қанжығалы Әлібек батыр Құдайбердіұлының есімін Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі тақтаға жазу туралы өтініш хаты «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің ғылыми-сараптама кеңесінде арнайы қаралды.

Ардагерлердің тілегі орындалып, Әлібек батыр бабамыздың есімі кесенедегі тақтаға жазылды. Өтініш иелеріне жауап берілді.

Музей директоры Т.Рыскелдиев».

Сөйтіп, кезінде «Қостанай таңы» газеті көтерген мәселе осылайша өзінің оң шешімін тапты, тарихи әділеттік қалпына келтірілді.
* * *

Иә, рухани астана, бүкіл түркі жұртының қасиетті мекені ежелгі Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы да артта қалды. Той елдігімізді танытты, рухымызды көтерді, тарихқа сүңгітті.

Түркістан тойының ежелгі Торғай елінде жалғасқанын да жұртшылық біледі. Енді есімдері осы кезге дейін беймәлім болып келген Бекбаулы би Өтейұлы мен Әлібек батыр Құдайбердіұлы сияқты арыстарымызды халқына жете таныстыру, олардың өмірін, даңқты істерін кейінгі ұрпаққа өнеге ету жолындағы шаралар қолға алына бастады.

Сарыкөл ауданының әкімі Марс Молдағалиұлы Итпаев аудан ақсақалдарының бір тобын қабылдап, осы өңірде туып-өскен, ел қорғаны болған, Түркістанда мәңгілік тыныстаған Қанжығалы Әлібек Құдайбердіұлы туралы әңгіме қозғады. Әлібек батыр ұрпақтарының өздерінің даңқты бабаларын еске алып, ас беру ниетін қолдады. Бұл ретте аудан әкімшілігі осынау игі шараға өзі мұрындық болатынын, қаржылай да, ұйымдастыру жағынан да қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Аудан басшысының мұндай түсінікті көзқарасына риза болған ақсақалдардың бірі Рәшид Дөненбаев табан астында жыр шумақтарын төгіпті. Ел ағасы ел тұтқасын ұстаған інісіне деген жүрекжарды пейілін былайша білдіріпті:

Айналдым біліміңнен ел ағасы,

Жасың кіші жақсының бел баласы.

Алдыңа ақсақалдар келгенінде,

Аузыңнан шыққан лебіз сөз данасы.
Ел риза, таза жүрек сөзіңізге,

Көріндің жанашыр боп көзімізге.

Дағдарып барып едік ақыл сұрай,

Қолтықтап демеу болдың өзімізге.
Сенеміз енді Сізге нұрлы күндей,

Жақсы адам қате кетпес, жөнді білмей.

Сыйлаған ата жолын азаматтар,

Қошамет көрсетеді туған елдей.
Бақыт құсы қолыңнан қозғалмасын,

Жарысқан сені басып, оза алмасын.

Ойлаған елдің қамын, ғұмырлы бол,

Сыйлаған жерің таза ел ағасын.

Әрине, біз бұл арада ақсақалдың жыр жолдарына биік талғам тұрғысынан қарап отырғанымыз жоқ, әңгіме оның шын көңіл-пейілінде, Марс Молдағалиұлы сияқты тізгін ұстаған інілерінің көшелілігінде, аруақты сыйлай білген абзал азамат екендігінде.

Осындай ақсақалдары мен сөз ұғар, жөн білер басшылары барда ел көші де түзу болмақ.

Аруақ қолдасын, ағайын!

Сағындық ДОСМАҒАМБЕТОВ


Қырықмылтық Шобан Жаманқұлұлы
Сәті түсіп, жолым болып Түркістанның 1500 жылдық тойына барып келген соң көптен бері ойда жүрген бір міндеттен құтылайын деген оймен Қазанбасыдан Әулиекөлге көшіп келген ағамыз Нұғыманның Сейдәлісіне барып сәлем беріп қайтуым керек болды. Ол кісі көшіп келгелі бір-екі рет барғанымда Сәкең ауырыңқырап Қостанайға қаралуға кетіп, кездесудің реті болмаған-ды. Бұл ағаймен көптен таныспын. Сәлеміміз түзу. Сәкеңнің көргені мен естігені көп, оқығанынан да тоқығаны басым, өткен-кеткен тарихи және ел ауызындағы әңгімелерге де жетік, тыңдаушысы келіссе, оны жеткізе айта да білетін жан. Ал шежіре жағынан осы төңіректе алдына қара салмайтын сұңғыла десем де болар еді.

Сейдәлі ағаның болып жатқан жаңалықтардан да құлағы түрік. Бір ғажабы кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі Саяси бюро мүшелерінің аты-жөнін, қай жылы туғанын, қай жылдары қандай қызметте және қай жерлерде болғандығын тайға таңба басқандай дәл айтып береді. Өзім таңқалушы едім. Жақсы айтылған әңгімені жаным сүйіп, рахаттана тыңдайтын әдетім еді. Сондықтан да болар осы кісіні өзім өте сыйлап, тәуір көріп кеттім.

Келсем үйінде төсек тартып, науқастанып жатыр екен. Мен келген соң ыстық-ықыласпен сәлемімді алып, басын көтеріп отырды. Амандық сұрасып, өзімнің сапар шегіп, бабам Жәнібектің басына, Түркістанға барып келгенімді, ондағы көрген-білгенімді, естігендерімді айттым. Сонда ағамыз:

– Шырағым, Сағындық, келгенің өте жақсы болды. Өзім де бір кездескім келіп жүр еді. Мына ауру көп жүргізбейді, кейде қарға адым жер мұң болып қалады. Оның үстіне барған жерде дұрыс отыра да алмаймын. Қолымның түрі мынау, есте бар әңгімелерді қағазға түсірейін десем оған саусақтарым келмейді. Ал бала болса орысша оқыған, уақыты да бола бермейді. Сен енді асықпай отыр. Менің айтарым бар, – деген соң, жайғасып отыруға тура келді.

Қалың бір әңгімеге кетеміз-ау деген оймен қолы­ма қағаз бен қаламсап алдым. Ағамыз әңгімесін бастап кетті, мен оның желісін бұзбай, «иә, солай, білемін, айта беріңіз» деген сөздермен қоштап, анда-санда басымды изеп отырдым. Әңгіменің кейбір жерлерін қағазға түсіріп, үлгіргенімді жадыма сақтауға тырыстым.

Қалқам, мен сен айтып отырған Түркістанға үш рет барған адаммын. Еркін аралағанмын. Сонда байқағаным біздің жақтан сен айтқандай 6 емес 7 адам қойылған (бәрінің аты-жөндерін айтып берді. С.Д.), көк тастарын кездестірдім. Соңғы 70-жылдары барғанымда оның біреуі де орнында жоқ, Ахмет Иасауидің кесенесін жөндеп қалпына келтіреміз деп бәрін жинап тастаған екен. Қайда деп сұрағанымда ешкім тиянақты жауап бере алмады. Іш удай ашыды. Өз көзіммен аты-жөні жазылған, ай таңбасы басылған көк тастарды көріп, қолыммен сипап, дұға оқыған адам едім.

Терең қазбалап сұрай алмадым. Ол уақытты өзің білесің, коммунистік партияның қылышынан қан тамып, алла дегенді алып кететін, құдай дегенді қамап қоятын заман еді ғой. Тек дұғамды оқып, іштей жылап қайтқанмын. Кейіннен тастар өз орындарын табар деген де ойда болдым. Енді міне басқалардың аттары жазылғанда, Шобанның атаусыз қалуы аруақ алдында да, адам алдында да, тіпті кейінгі ұрпақ алдында да ұят. Есіңде болсын, қандай жағдайда да қазақ жиынын өткізіп, аламан бәйгесін беріп отырған. Қазір, құдайға шүкір, егемендігімізді алып, тәуелсіз ел болып, дінге де сара жол ашылып, өткеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып отырған заман туып отыр емес пе? Жоғалтқанымызды түгендейтін, шашқанымызды жинайтын уақыт келген сияқты. Онсыз да тоналып біткен тарихи жәдігерлерімізді мүмкіншілік барда қайта тірілтсек болмай ма? Тірілтіп те жатырмыз ғой.

Сенің Түркістанға барып келгеніңе қуаныштымын. Кеткеніңді де естігенмін, көгілдір экраннан да көргенмін. Бірақ менің өзекті өртер өкінішім де жоқ емес. Ахмет Иассауидің кесенесіндегі тізімде Шобанның болмауы, қайталап айтайын, өкінішті-ақ.

Газеттерде Түркістан туралы шығып жатқан, ондағы жерленген абзал еліміздің, қазақтың дарабоздары мен тарланбоздары туралы жазылғандарды түгелдей дерлік оқыдым. Оларды оқыған сайын жаным сүйсінді де күйінді. Сүйсінетінім жазғандарына ризашылығым, көп жасасын. Сәлім Меңдібаевке, Ертай қажы Исламұлына, Төлеген Жанжігітұлына т.б. дән ризамын. Бұл жерде Алдияр балаларына, Кәрбоз Жапарұлына да шексіз айтар алғысым бар. Бұлар кешегі бабаларын қайтадан тірілтті. «Тегі жақсы тек озар» деген осы. Болмаса тізімге Шақшақ Жәнібек пен Сүгірұлы Мешітбай ғана ілігіп еді ғой.

Біздің Хайдардың Бақытбегі, Ғабдолланың Мырзағалиы, осындағы Ембергендер не ойлап жүр екен? «Біреудің жоғын біреу өлең айтып іздейді» деген бар. Шын білек сыбанып, атқа қонатын мезгіл жеткен сияқты.

Ал күйінетінім осылардың жазғандарының біреуінде де Арғын Қырықмылтық Шобан туралы бір ауыз сөз жоқ. «Атасы бөлек аттан түстің» кебі келіп тұр.: Рас, ол тура­лы облыстық «Қостанай таңы», аудандық «Әулиекөл тынысы» газеттерінде де Дәмер Әбіштің «Шобанкөл атауы қайдан шықты?» деген мақаласы басылған. Оны өзің де оқыған шығарсың. Онда ептеп шындықтан ауытқушылық бар. Қайтсін, естігенін жазған ғой.

Қазақтың өткен тарихына көз жүгіртсек, мынау бір шеті мен екінші шетіне, яғни, сұңқар ұшса қанаты талатын, тұлпар шапса тұяғы тозатын жерді анталаған жаудан қорғау оңай болмаған. Өз заманына лайықты талай батырлар мен бағландары бол­ған. Мысалы, Жәнібек, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлардың, т.б. өмір бойы қолдарынан көк найзасы, тақымдарынан ай балтасы түспеген. Оның шет жағасын өзің де білесің. Ал олардың қасында нөкерлері бірге жүрген. Олардың ішінде батагөйлері мен ақылшылары, сонымен қатар қол бастаушылары мен жол бастаушылары да болған. Бұл екеуі екі түрлі нәрсе. Қол бастаушы дегенге түсінетін боларсың. Ол батыр да батыл, күш иесі адамдар.

Ал жол бастаушы деген ше? Қазақтың мына кең даласында адаспай, тура жол тауып жүру, әсіресе айсыз қараңғы түндері өте қиын. Міне осындай тастай түнек қараңғыда тіпті күндіздің өзінде де жол бастаушы алға түседі. Өзіңнің бабаң Жәнібектің жол бастаушысы Жаманқұл баласы Шобан болған. Мен көрген көк таста «Шобан Жәнібектің жол бастаушысы» деп жазылған. Мен көргенім мен естігенімді ұмыта қоймайтын жанмын. Мақтанып отыр деп ойлама.

Ал енді Шобанның жол бастайтындай қандай кереметтігі бар деп отырған боларсың? Айтайын, үлкендердің әңгімесіне қарағанда Шобан атына мініп түнде жүргенде, тіпті күндіз де мінген атының екі құлағының арасынан шырақ жанып отырған. Ол өзіне көрінеді, басқаға жоқ. Егер алған беттен сәл бұрыс кетсе, ол шырақ көрінбей қалатын болған. Сендердің айтып жүрген компастарың тәрізді ғой.

Сөйтіп Шобанның жанған шырағы жауынгер қолды діттеген жерге адастырмай жеткізіп отырған.

Иә, ертеде көз көріп, құлақ естімеген не бір ғажайыптар болып, кереметтер өткен ғой. Сонымен, егерде Мешітбай әулие Жәнібектің батагөйі, Қарабалуан оның батыры әрі ағасы болса, Қырықмылтық Шобан оның жол бастаушысы болған.

Мен саған мынаны айтпай бара жатыр екенмін ғой. Сол Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің қасында қойылған адамның саны, біздің жақтан, жетеу екен дедім. Япырмай, қазақтың 7 санында бір ғажаптық бар-ау, мындағылардың саны да соған сәйкес келуін қарашы деп ойлаған болатынмын да.

Қырықмылтықтың азан шақырып қойған аты Уаныш, Уана деп те атайды. Оның Қырықмылтық аталуына да сенің бабаң Жәнібектің атасы, атақты батыр Шақшақтың себебі болған. Ол өз алдына жеке әңгіме.

Уаныш Шақшақпен қатар болса, Шобан Жәнібекпен үзеңгілес. Жас жағынан одан кіші. Шағыр мен Бөлтірік Ерманнан туған. Шағырдан Саржетім, Аманжол, Сомжүрек болып сендер тарайсыңдар. Ал Бөлтіріктен Сырлыбай, Сары болып біз кетеміз. Сонда біздің түбіміз – Ерман. Мен Сырлыбай, Сарыны да, Аманжол, Сомжүректі де жақсы таратамын. Бірақ бізге керегі Шобан. Сарыдан Қырықмылтық (Уаныш), одан 6 бала туады. Біреуі Бәйгелді, одан Бесқара, Жаманқұл, Жаманқұлдан Өтеміс (одан М.Ғабдуллин тарайды), Тауке (Б.Каримов), Ботай (тұқым жоқ) және Шобан. Шобаннан Нұрқан қажы мен Ақкісі. Бұл күндері бұлардан Әбдікәрімнің Әуезі, Абайы т.б. Әулиекөлде тұрады. Шобан өзінің ата-бабасы мекен еткен Торғайдың Тосын, Қошалақ деген жерінде қоныс тепкен. Ол өзі әрі әулие, әрі бай болған кісі.

Дәмер жазғандай, бірде оның көп жылқысы жоғалып, оны іздеп жүргенде, ортасында аралы, суы мол, ну қамысы бар, құсы көп көлге кездесіп, сол көлді жылқылар паналап, тіпті қыстап шығады. Шөбі шүйгін, суы мол жерде жылқылары әбден семіріп алыпты. Табылған көп жылқыны (биелер құлындаған) еліне айдап барады.

Одан кейін ол жылқылар екі рет қашып келеді. Болмаған соң, мал деген жан азығы, малсыз қазақтың күні жоқ екенін өзің білесің, Шобан Жәнібекпен ақылдасады. Жәкем ол кезде атағы шартарапқа таралып, патшадан шен алып, қазақ баласының ішінен тұңғыш рет «Тархан» атағын алған (1743 ж.) кезі болса керек.

«Сен, Шобан, сол жылқылар барған жерге көшкенің жөн, хабарласып тұратын боламыз», деп елдің ақсақалдарын жинап той жасап, батасын беріп Шобанды көп кешіктірмей көшіріп салыпты. Міне, содан бері Шобан осы көлді өзіне қоныс еткен. Бұл 1745-50 жж. шамасы болса керек. Сөйтіп көл Шобанкөл деп аталған. Кейіннен оның іргесіне Одаққа белгілі совхоз орнады. Оны Қобландының баласы Қабидолла басқарды. «Елдің атын ер шығарады» деген бар емес пе? Тұрғынбаев сол елдің атағын шығарды өзі Еңбек Ері атанып, республикаға ғана емес, Одаққа белгілі үлкен әріпті азамат болғанын өзің менен жақсы білесің.

Газетте Шобан 1773 жылы 53 жасында қайтыс болған деп жазылған. Ол бекер. Шобан 70 жастан асып барып қайтқан. Бұл жетеуінің ішінде 90-нан асып, көп жасағаны Мешітбай ғана. Ұмытпасам, Шобанның көк тасында 1701 жылы туып 1773 жылы опат болған деп жазылған. Сонда ол 72-ге келген болып отыр.

Ал енді мен оның әулиелігін айтайын. Шобан сол көлдің арасында қайтыс болған соң, оны киіз, оның сыртынан былғарымен орап, жыл мезгілі қолайлы уақытқа дейін сақтап, Түркістанға апарып, сыртқы киімдерін шешіп, аһиретке қараса, ешқандай дақ түспеген. Ондай қасиет Сүгірұлы Мешітбай әулиеде де болған.

Кейіннен Шобанның қайтыс болған жеріне бұтағын жайған тал (қара ағаш деп те атайды) өсіп шығады. Ол талды кескенде кесілген жерінен қызыл қан тамшылаған. Әрі кескен адам ауруға шалдыққан. Сондықтан да оны киелі ағаш деп біздің мұсылман халқы тимеген.

1958-59 жылдары көлдің жағасына совхоз орнады. Неше түрлілер келе бастады. Басқа ұлттың өкілдері аралдан құс аулады, жұмыртқа терді, жалпақ танау әкеліп сойылды. Сөйтіп ол ағаштың қасиеті тоқталды, кейіннен өзі де отқа жағылып, қурап, сынып бітті деп естимін. Ол жаққа көптен барған жоқпын. Оны айтасың, Әулиекөлдің Әулиесін де шошқаның қанын шашып қуған жоқ па?! Соның кебін Шобанкөл де киді.

Ал көл балшығының емдік қасиеті барын айтып та, жазып та жүр ғой. Оны айтып уақытыңды алмай-ақ қояйын.

Осы сөздерімнің көбісін сонда тұратын көне көз қариялар Ахат, Сәкен, Сағидолла деген ақсақалар растауға тиісті. Көлдің ну қамысын тек отын үшін ғана емес, құрылыс үшін пайдасын совхоз орнағанда көрді.

Шобан Жәнібектің батагөйі болған деген де сөз бар. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені Шобан Жәнібектен 8 жас кіші. Жәнібек 1693 жылы, Шобан 1701 жылы туған. Қазақта жасы кіші адам үлкенге бата бермейді. Мүмкін, әулиелігі болған соң халық солай айтқан болар. Жәнібектің батагөйі тарихта да, ел аузында да Мешітбай екені белгілі.

Ал Шобан Үмбетей сияқты Жәнібектің туын ұстаған жан. Үмбетей батыр болған, әрі Жәкеңнің шөбере туысы. Шақшақтан – Көшей, одан Қалқаман, одан Үмбетей, ал Жәнібек Көшейдің Қошқарынан. Үмбетей туралы Ағытайдың Ибраһимі жазғанын оқыған боларсың. Жәнібек туын анау-мынау адамға ұстатпаған да тапсырмаған. Үмбетей батыр болғандықтан ол да жекпе-жекке шығып, қолына найзасы мен айбалтасын ұстауына тура келгенде, туды Шобан ұстаған. Осыдан да оның тегін адам емес екенін біле білерсің.

– Шырағым, Сағындық, қай кезде де шындық, әділдік жеңген ғой. Мен Түркістанның тойы тойланып кетсе де, Шобанның аты Ахмет Иасауидің кесенесінің ішінде көптің бірі болып, өз орнын тауып жазылады деген үміттемін.

Енді сендерге айтар бір өкпем бар. Боса да әңгіме басталған соң, оны да айта кетейін. Сендер ғой кешегі Целинный кеңшарының Шобанкөл ауылының атын Тұрғынбаевтың атына өзгерттіңдер. Шобанның кім екеніне мән бермедіңдер. Ешкіммен ақылдаспадыңдар. Енді келіп екі аталы аруақты бірі мен бірін қарсы қойдыңдар. Ол жерден көп адамдар көшіп кетті. Ауыл құлап, қирап жатқаны да сондықтан болар деп ойлаймын. Аруақты ренжітуге болмайды. «Өліні елемей, тірі байымас» деген қазақтың аталы сөзі бар.

Мен Қабидоллаға ешқандай қарсылығым жоқ. Еңбегі бар, еліне сыйлы, құрметтісі болды. Ол Құмсуда туған. Ол жер Қаймақкөл совхозына қарайды. Қазір ел жоқ. Тимофей сендердің қай бір екі туып, бір қалғандарың? Оның кім болғанын тиянақты ешкім біле де қоймайды. Ондағы бір көшенің атын беріп, алдай салғанша, сол ауылдың аты неге берілмеді? Осыларыңа үйде отырып, қайран қалам. Сонда Шобанды өзгерту қолдарыңнан келгенде, Тимофейге құдыреттерің де, ақылдарың да жетпеді ме?!

Өзің білесің, Жәнібек ағасы Қарабалуанды (Аманжол-Саржетімнен есептегенде аралары 4-5 ата, туыс, жасы үлкен болғандықтан Жәнібек оны Балуан аға деп өтіпті-мыс) өз қолынан Түркістанға апарып қойған. Ал басқалары өсиетінде Ахмет Иасауидің кесенесінің жанына, Жәнібектің қасына апарыңдар деген.

Ендігі бір айтарым, тыңдарсың, тыңдамассың, оны өзің біл. Біздер ауырған кезімізде ауруымызды күйттеп, сау кезімізде әртүрлі ойға кетеміз. Ол ойды тыңдаушысы болса, соған айтқымыз келеді.

Осы сендер ғой бабаларыңа ас беріп, бермегендерің алдағы жылға дайындық жасап жүрсіңдер. Ал сол асылдардың атын мәңгілікке қалдыруға қандай қам жасап жатырсыңдар? Менің қолымда не тұр дейсің. Қолдарыңда көп нәрсе бар. Айталық, осы тұрған жерімізде Шақшақтың алты баласының біраз ұрпақтары тұрады. Оның бәрінің де Жәнібекке ешқандай бөтендігі жоқ. Біле білген адамға, оның тіпті қазақ баласына терістігі бар ма? Сол сияқты осы маңда Алдиярдан да біраз азаматтар тұрады. Ал осында не көп, көше көп. Тіпті кешегі Комсомол, ВЛКСМ, Совет, Пролетар, Октябрь, т.б. аттары әлі қаз-қалпында тұр. Неге осы Әулиекөлдің бір-бір үлкен көшесіне Шақшақ Жәнібектің, Қарабалуан Алдиярұлының аттары берілмеске... Сондай-ақ Науырзымда Мешітбай, Сарыкөлде Қанжығалы Әлібек, Торғайда Мерген Бабасұлының аттары ең болмаса неге көшеге берілмейді? Оны ізденетін кімдер, сендер емессіңдер ме? Сен не бітіріп жүрсің, ағаң ше, Әкімбек пен кешегі осы елді басқарған Қуаныш Ақыбайұлы не бітіріп жатыр? Бұларды тек мысалға айтып жатырмын. Басқа азаматтар да жетерлік қой.

Шырағым, еліне пана, жеріне қорған болған арыстарымыздың есімдерін тірілтуіміз керек. Онда бордай тозбас асылым, құты қашпас кемелдім, өңін бермес шырайлым, ер қорғаған батырым, қаны бір, кіндігі бір бауырым деген үлкен ілтипатпен құрмет жатыр, – деп ағамыз әңгімесін аяқтады.

Иә, ойласатын мәселе көп екен деп мен үйіме қайттым.

Сүйінші
Сәлім МЕҢДІБАЙ




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет