«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



жүктеу 2.84 Mb.
бет8/11
Дата12.09.2017
өлшемі2.84 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Батагөй батыр – Баймырза
Баймырза батырдың есімі Торғай-Ырғыз өлкесіне жақсы таныс. Ол кісі туралы өмірнама деректер де мол. Баймырза Арғын Бабасұлы Мерген батырдың бел баласы. Мерген дүниеден өткен шақта оның үлкен баласы Қуандық бір даулы іске шатылады. Кіші жүз жерінен керуен тартып келе жатқан ол жолда ұрыларға жолығып, бар көлігінен айырылады. Іле қуғынға шыққан Қуандық ұрылардың біреуін өлтіріп тастапты. Ол кезде қандас қарындастың қанын төгу өте ауыр күнә болып саналыпты. Билер соты Қуандықты «жан беру» жазасына кеседі. Бұл жазаға кесілген жанды қарсы жақтан жекпе-жекке шыққан кісі өлтіруі керек екен. Ал күнәһар басым түссе, қарсы жақ тоғыз рет адам шығаруға ерікті болған. Жазаға Қуандық кесілсе де, жекпе-жекке шығуға оның інісі Баймырза тілек білдіріпті. Торғайдың Қошалақ құмында «Қараша төбе» деген жер бар. Жекпе-жек осы жерде өтеді. Баймырза бұл кезде 13 жаста екен. Әкесі Мерген батырдан мұраға қалған сауытты киіп, жау-жарағын асынған Баймырзаға Досмарғын Үркімбай би өзінің «Ақмоншақ» деген тұлпарын мінгізеді. Өлімге басын тігіп шыққан Баймырзамен ақ жуып, арулап, қоштасады. Намыс үшін басын өлімге байлаған 13 жасар жас ұлан өзіне ұмтылған екі жігітті біртіндеп аттан түсіріп кеткенін көрген бір ақылман қария қысырдың қымызын ішкен желөкпелерге тоқтау салыпты.

– «Бұл баланың пірі жолбарыс екен, мына жігіттер найзаның ұшы емес, шерінің тарпуынан құлады», – деген қарияның сөзі тоқтау болған болар аттарының басын өз ауылдарына бұрыпты. Ал қыпшақ Уәйіс би болса өлген ұрыға «өлі-тірі» құн төлеуге билік шығарады. «Өлі-тірі» құн – ақсақ, соқыр малдан құралды екен. Осыдан соң Баймырза ел ішінде «батыр» атанып кетеді.

Баймырза атына заты сай, қолы ашық, дархан мінезді жан болыпты. Кереметтей дәулетті болмаса да, кермесінен қонақтардың аты кетпеген бабамыз туралы аңыз-әңгіме көп. Торғай елінде «Баймырзаның дастарқанындай» деген сөз молшылық, береке, қонақжайлықты білдіреді.

Баймырза жан алысқан қан майданның өзінде кісіні өлімге қимаған көрінеді. Бірде көнекөз қариялардың бірі: «Қарсақ батыр найзасын жүрекке қадағанды ұнатады. Кісі қанын жүктеген жан ұзаққа бармас, Баймырза, сен кісіні өлтірмей санынан шаншып түсіресің, ғұмырың да ұзақ болар», деген екен дейді. Расында, батыр бабамыз 1829 жылы 88 жасында ата қонысы Шұбалаңда дүниеден өтіпті.

Батыр жас шағынан елін отаршыл Ресей ұлықтарынан қорғауға тырысқан. Кезінде әкесі Мерген батыр Арғынның Әйдерке тармағын басқарып, елін жоңғардан қорғаса, Баймырза да сол айшықты ақ туды жерге түсірмей ұстапты. Жәнібектің баласы Дәуітбай, Оразымбет, Үмбетей батырларға «жалған патша» Пугачевтың хат жазып, көмек сұрағандығы белгілі. Тарихшы-ғалым Нәйла Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» атты зерттеу еңбегінде Пугачевпен бірге патшаның «Сібір шебіне» шабуыл жасауға әзірленгендердің ішінде Баймырза батыр да аталады. Бұл жоспар орыстардың өз ішіндегі сатқындықтан жүзеге аспай қалған көрінеді.

Баймырзаның қабірі Торғай қаласынан 16 шақырымдай жерде. Түрлі жүйке ауруына ұшырағандар кешегі кеңес дәуірінде де батырдың қабіріне түнеп, жәрдем сұрауы әдетке айналған іс болатын. Қазірде қасиетті жанға мінәжат етушілер аз емес.



Баймырзадан Ақша, Бекше, Сүттібай атты балалар болған. Сүттібай бидің Қошалақ құмын жайлаған Кенесарымен пікірлес болғаны мұрағат деректерінен белгілі болып отыр. Патша ұлықтары осы үшін Сүттібайды ата қонысы – Теңізбай (Мерген) суатынан қуып шығады. Ол жерге 1845 жылы салынған Жаңа Орынбор бекінісі қазір Торғай қаласы деп аталады. Жер дауын жоқтаған батыр ұрпақтарының патша ұлықтарымен әділдік үшін күресі 1920 жылдарға дейін созылды. Ол өз алдына жеке әңгіме.

Қабылахат СЕЙДАХМЕТ

Сәлім МЕҢДІБАЙ
Өтей батыр

Оның ұрпақтары бабаларының зиратын тауып,

аруағына құран бағыштады
Атырабын тегіс аралап шығу атты адамға сан айшылық жол болған қазақ даласының әр төбесінің қатпарында жинақталған тарихи сырлары қаншама мол десеңізші. Ал олардың біразының белгілі бір уақыт белестерінен өткен соң кейінгі ұрпақпен қайта табысып, солардың рухани қазынасына, мәңгілік мирас тұтар мұрасына айналып жататындары да аз емес. Бұған кейде күнделікті өмірімізде жиі кездесетін оқыс оқиғаның бірінің түрткі болып, қозғау салғандығын көргенде санамызға сан жылдан соң қайта оралып, қайтадан түлей бастаған ҰЛТТЫҚ РУХ деген қастерлі ұғымның тамырының қазақ халқының жаратылыс тегімен қатар дамып, жетіліп келе жатқан тамыры тым терең түсінік екендігін айқын аңғарасың, оның қадір- қасиетін тағы да бір рет еріксіз мойындағандай боласың. Осы ұлттық рух деген ұғымның жалаң айтылған сөз емес, атадан балаға мирас асыл дәстүр екендігіне биыл жазда өзіміз куә болған бір оқиғаны көргенде тағы да бір рет көзіміз айқын жеткендей болды.

Биыл жазда белгілі қостанайлық ғалым Кәрбоз Жапаров өзінің сыралғы досы Аманжол Ахметпен бірге туған өлкеміздің тарихына байланысты пікірлесіп отырып, осы тақырыпқа жиі қалам тербеп жүрген қаламгер Нәбиден Әбуталиевтің «Шоқ жұлдыз» атты шығармасы туралы өзара ой бөліседі. Кітаптағы Сегіз Сері, Б.Момышұлы тәрізді қолбасылар мен М.Мақатаевтай жыр жүйрігі туралы тұшымды тоқтамдарға да тоқталып өткен қос ғалым осы кітаптағы әділ билігімен, шешендік сөздерімен тек Кіші Жүз ғана емес, алты алаштың баласына тегіс мәшһүр болған әйгілі Есентемір Бөкен би туралы деректер жазылған тарауын айрықша ой елегінен өткізеді. Оған басты себеп осы кітапта «Бөкен би өзінің ұрпақтарына арнайы өсиет қалдырып, Атырау өлкесіндегі Орта Жүздің Кіші Арғын тармағынан шыққан Өтей батыр жерленген зиратқа қойылған» деген деректің болуы еді. Ал Кәрбоз Жапаров болса осы Өтейдің Бекбаулы атты баласынан тарайтын ұрпағы. Ол кісі арғы атасы туралы Нәбиден Әбутәліповтің кітабында жазылған осы деректі өзі ғана оқып, біліп қоймай оны анықтай түсу үшін елдегі көзі қарақты қариялардың сарабына салып, пікірлеседі. Ақсақалдармен кеңесе отырып кітапта жазылған деректің нақты екендігін анықтаған Кәрбоз ағамыз енді бабасы Өтей батырдың мәңгілік тұрағына айналған орынды өз көзімен көріп, бабасының басына зиярат етіп қайтуды мақсат тұтады. Іле Атырау облысындағы Өтей батыр қорымына ат басын бұрған Кәрбоз ағамыз бастаған топтың қатарында осы мәселеге түрткі болған жандардың бірі – Кәкеңнің сан жылдан бергі үзеңгілес досы, әріптесі Аманжол Ахмет, туысқаны Қамбар Шымырбаевтар болды.
Қостанайдан алыс сапарға ата бабаның аруағына сыйынып, жол амандығын тілеп аттанған олар жол үстіндегі халқымыздың құба қалмаққа қарсы күресінің басшысының бірі болған Тама Есет батырдың Ақтөбе облысының Алға қаласының маңындағы кесенесіне де барып, зиярат етті. Арадағы алыс жолдың ауыртпалығын біраз көрген олар атақты Байбақты Сырым батырдың тұлпарының тұяғының бедері қалған өткел арқылы өтіп, бастапқы өздері көздеп шыққан Атырау облысының Миялы кентіне де жетеді. Өздерінің осы сапарына басты бағдар етіп ұстанған Нәбиден Әбуталиевтің «Шоқ жұлдыз» атты кітабының негізгі кейіпкерлерінің бірі, Атырау өлкесінің көне тарихына жетік, шежіре қарттардың бірі Кәрім Тұрдағалиевке жолығып, оған өздерінің сапарының мақсатын түсіндіріп, онымен Есентемір Бөкен би, Орта Жүздің Кіші Арғын тармағынан шыққан Өтей батырлар туралы ел арасында сақталған аңыз әңгімелерді естеріне түсіріп, ой бөліседі. Еліміздің батыс өлкесінің тарихын талмай зерттеген Кәрім ақсақал шалғайдағы Қостанайдан аталарының аруағын ардақтауға арнайы келген жолаушыларды жылы ұшырай қарсы алып, оларға өзінің көкейіне түйген шежірені талмай әңгімелеп береді. «Қазір осыдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген бабаларының шежіре дерегі тұрмақ, өз әкесінің басына барып дұға оқуға да мойны жар бермейтіндерді де көріп жүрміз. Сендердің бұл сапарларың жас ұрпаққа үлгі болар бастама екен» деді ата рухын ардақтауға алыстан келген қостанайлықтарға риза болған Кәрім қарт. Кәрім қарияның айтуынша Н.Әбуталиевтің кітабына негізі желі болған Бөкен би Кіші Жүздің Есентемір руынан шыққан белгілі билердің бірі болған. Кітапта ол кісінің атақты би бола тұрып асқан кішіпейіл жан болғандығы туралы «Бөкен би өмір бойы өгізге мініп жүрген екен. Талай дауды шешкенде оған арғымақ ат мінгізіп, тарту тартса да оны алмай елге, кедейлерге, жарлы-жақыбайларға таратып берген. Сөйтіп ол өгізге мініп жүріп те атқа, арғымаққа мінген үзеңгі бауы алты қарыс билердің шеше алмаған дауын шешкен, қандай дауда болмасын жүйелі, аталы сөзін айтқан» деп бейнеленеді

Бөкен бидің осыдан бірнеше ғасыр бұрын өз тұрғыластарына айтқан шешендік сөздері қазір де республикалық баспасөзде жиі жарияланып, көпшілік оқырманға ой салар түйінді толғамдардың біріне айналды. Өз заманында әділ төрелігімен атағы тек Кіші Жүз рулары ғана емес, алты алаштың баласына да түгел танылған Бөкен би бақилық сапарға аттанар сәтте өзінің ағайын-туысының басын қосып оларға өзінің соңғы өсиетін айтыпты. Бұл туралы Н.Әбуталиев: «Бөкен би бұ дүниеден өтер алдында елдің жақсылары мен жайсаңдарын шақырып алып: Біздің Қосалдың қорымы Сәдір ғой, бірақ Сәдірде Қосалдың месқарын пеш көмей жалмауыздары жатыр. Оларға тіріде де жақындаған жоқ едім, өлгенде де жолағым келмейді. Өтейге жерленген жетім-жесірлер мен жоқ-жітіктер көп, бірі болмаса бірінің шапағаты тиер, мені Өтейге қойыңдар деп» өсиет етіпті» деп жазады.

Нәбиден Әбуталиевтің осы кітабында Өтей батырдың ата тегінің кім екендігі, қазақ даласының қиыр түкпірі Атырау өңірін жау табанынан азат ету жолында оның қалай шейт болғандығы да жан-жақты баяндалған. «Бөкен би Қарабаудағы «Өтей» қорымына жерленген деп жоғарыда айттық. Өтей деген кім болған енді соған тоқтала кетейік. Өтей руы Кіші арғыннан шыққан Орта Жүздің батыры. Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда Орта Жүзден Кіші Жүзге келген әскер қолын осы Өтей батыр басқарған. Өтей қалмақтармен шайқаста Ойыл өзенінің бойында қаза болып, сүйегі осы араға әкеліп жерленген. Өтей батырдың ұрпақтары қазіргі Торғай облысының Жанкелдин ауданында тұрады. Тарихи деректерге сүйенсек Арқада тағы бір Өтей болған. Ол бұйдалы Уақ руынан шыққан. Онымен Бөкен бидің сүйегі жатқан жердегі Өтейді әрине шатастыруға болмайды. Екі Өтей екеуі екі кезеңде өмір сүрген» дейді жазушы Арқа мен Атырауды жайлаған қазақ батырларының жауға тізе қосып бірге аттанған бірлігін бейнелей отырып.

Ал Кәрім қарияның айтуынша, Жайық бойындағы ағайынды жаудан құтқаруға ағайындарынан құрылған жасақты бастап келген Өтей батыр соғыста дүниеден озғанда, сол кездегі Кіші Жүздің қолбасы батыры Тайлақ Бекежанұлы да қалмақпен шайқаста ауыр жарақат алады. Бұдан соң ел ақсақалдары ауылы іргелес, қойы қоралас Орта Жүздің Кіші Арғын руларына тағы да жаушы жіберіп, өздеріне жәрдемге қол бастайтын батыр жіберуін өтінеді. Бұл жолы оларға Қараман руынан шыққан Бөгенбай Қожакеұлы мен Кіші Арғынның Шақшақ ауылдарымен қатар жайлайтын еренше Уақ Бармақ батыр мен керей Қолшыман батырлар көмекке келеді. Бұл туралы жоғарыда аталған кітаптың 200-бетінде: «1725-жылан жылы Орта Жүз Қанжығалы арғын Бөгенбай Ақшаұлы мен кіші арғын Жәнібек Қошқарұлы екеуі Әбілқайыр сұлтанды Кіші Жүз әскерінің қолбасшысы етіп сайлатады. Бүкіл Кіші Жүз елі бұл екі батырдың Әбілқайырды сайлатуына қарсы болады. Кіші Жүздегі он екі ата Байұлының Бөкен, Малайсары секілді беделді билері, Әлімұлы елінен шыққан Ақсуат би мен жетірудың басшысы қарт батыр тама Есет Көкеұлы төртеуі Орта Жүздегі Қожаберген жырау мен Қазыбек биге, Сәмеке ханға адам жіберіп, «біз Әбілқайыр сұлтанның әскербасы болуына қарсымыз. Еділ қалмақтары мен түрікпендерден елге тыныштық жоқ. Бас батырымыз Тайлақ Бекежанұлы жауда жаралы болды. Сондықтан бізге көмекке әскербасыға лайықты Орта Жүзден үш батыр жіберіңіз» дейді. Осы өтініш бойынша Орта Жүздің көсемдері Кіші Жүзге үш батыр жібергенін тарихи деректер дәлелдейді. Ол батырлар мыналар: үш батырдың біреуі Орта Жүздің кіші арғын қараман атасынан шыққан Бөгенбай Қожакеұлы болса, екіншісі еренше уақ руынан шыққан Бармақ батыр, үшіншісі балта керей Қолшыман батыр. Бұлар Кіші Жүздің ер азаматтарын біріктіріп, қол бастап, Еділ қалмақтарына қарсы және түрікпендерге қарсы соғыста ерен ерлік көрсетеді. Сөйтіп аттары елге кеңінен мәлім болады. Кіші Жүздің аузы дуалы адамдары бұлардың ерлігіне разы болып, үшеуіне үш қыз атастырып, алдарына мал салады, сөйтіп үшеуін үш үй қылып шығарады. Содан бұлар үйлі-жайлы, балалы-шағалы болып, үшеуі де Кіші Жүзді мекендеп біржола қалып қояды. Атақты Бөгенбай батыр түрікпендермен соғыста Маңқыстауды, кердері шағылын, /қазіргі Красноводск ауданын/ түрікпен шапқыншыларынан босатып, өзі осы соғыста ауыр жараланады. Найзаға салып алып келе жатқанда қайтыс болады. Бөгенбайдың сүйегі Жайықтың бір саласы Шаған бойында жерленген» – деген деректер келтірілген.

Бұл арада бір ескерте кетер жағдай, Бөгенбай Қожакеұлын халық «Қараман Бөгенбай» деп атаған, ал осы бабамызды Орта Жүз бен Кіші Жүз рулары жоңғарға қарсы алғашқы соғыста әскер басы етіп сайлаған. Өкінішке қарай кейбір тарихи туынды авторлары Қараман Бөгенбай Қожакеұлымен Қанжығалы Ақшаұлы қарт Бөгенбайды /бұл кісіге орнатылған кесене қазіргі Ақмола облысының аумағында/ жиі шатастырып жүр. Дегенмен, бұл екі батыр бабамыз да қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінің бел ортасында болған жандар. Ал Уақ Бармақ батыр Шақшақ Жәнібектің қазақ жасағы жаумен беттескенде жекпе-жекке салатын сенімді серігі болыпты. Уақ Бармақ батыр ауылы Торғайдың Тосын құмында Жәнібекпен іргелес жайлаған. Бұл Шақшақ Жәнібектің 300 жылдық мерейтойы кезінде жарияланған тарихи туындылардан белгілі болған деректер.

«Бармақ батырдың, Қолшыман батырдың ұрпақтары Орынбор облысының Ақбұлақ ауданында, Ақтөбе қаласында, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында әлі күнге дейін өмір сүріп жатыр» – дейді жазушы қиын кезде ағайынға көмек беруге келіп, елінің азаттығы үшін жауман айқасқан осы батырлардың бүгінгі ұрпақтары туралы сыр шерткенде.

Кәрбоз Жапарұлы осы сапар барысында өздеріне Атыраулық көнекөз қарт Кәрім ақсақалмен қатар, сол елдің ел тізгінін ұстаған іскер азаматтарының бірі – Жолдасқали Құмшықовтың да рухани көмегінін мол болғанын айтады. Осы кісілердің жөн сілтеуімен Миялы кентінен жүз он шақырым жердегі Өтей қорымына ат басын тіреген қостанайлықтар осы зиратта жерленген батырдың қабірінің басында оған арнап дұға бағыштады. Олар Арқадан келіп Кіші Жүзді жаудан қорғау жолында шейт болған Өтей батырмен іргесін бөлгізбей қатар жерлеуді өз ұрпақтарына өсиет еткен, бақилыққа аттанып бара жатса да Алатау мен Арқаның, Ақ Жайықтың аралығын жайлаған алты алаштың баласының бауырластығы мен бірлігін сақтауды ойлаған Есентемір Бөкен бидің де рухына тағзым етті. Ал Атыраулық азаматтардың арада үш ғасырдай уақыт өтсе де, өз жерін қорғау жолында қаза болған Өтей батырдың атын ұмытпай, оның мәйіті жерленген жерді күні бүгінге дейін «Өтей қорымы», «Өтей төбесі» деп атауының өзі алты алаштың баласының сол бабаларымыз өмір сүрген кездегі өзара ынтымағының қазірге дейін жалғасқандығын айқын аңғартып тұр емес пе?!...

Жалпы оқырмандардың ойына бүгінгі әңгімеміздің басты желісі болып отырған Өтей батыр кім болған, оның өмірінің мәңгілік жалғасындай болып ұрпағы қалды ма? деген сұрақтың оралуы да заңды.

«Қазақ даласының ауызша тарап, үнемі дамып толығып отырған жылнамасы-шежіре деректеріне сүйенер болсақ, Өтей Орта Жүздің Арғын тайпасынан шыққан. Екі ата Кіші Арғынның Апай /Ағылан/ тармағынан тарайтын Өтейден: Қожағұл /Аталық/, Тәйірғұл, Жарас, Бекбаулы, Өтеғұл, Сұлтанкелді атты алты ұл туған. Бекбаулы бидің өз заманындағы сыйлы азаматтардың бірі болып, алты алаштың өзі тұрғылас арыстарымен бірге Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи әулиенің кесенесіне жерленгендігі туралы деректер облыстық «Қостанай таңы» газетінде бұған дейін жарияланған болатын. Кезінде Тобыл мен Торғай өзендерінің арасын мекендеген Өтейдің осы арыстай алты баласынан тараған ұрпақ қазір «Өтей руы» деп аталады. «Атадан ұл туса игі, атаның жолын қуса игі» дейді бабаларымыз. Осы қанатты сөзде айтылғандай олардың арасынан Қалыбай мен Сатайдай елін жаудан қорғаған батырлар да, Бекбаулы мен Дәнен, Сауытбай, Сандыбай, Толтан мен Күшіктей мыңды айдаған байлар мен топқа түсіп төрелік айтқан билер де, Ағытай мен Құсайындай ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған болыстар да шыққан болатын. Қызбел мен Қарт тауларының бөктерінен бастап Батпаққараның Үштоғай аңғарын, Обаған мен Тобылдың аралығын созыла жайлаған Өтей батыр ұрпақтары арасынан шыққан бай мен бағланды, би мен болысты түгендеп шығу да оңайға түсер іс емес», – дейді Науырзым ауданындағы Шолақсай ауылында тұратын зейнеткер Тарғын Әбенов бізбен пікірлескенде. Ел шежіресін жетік білетін оның айтуынша осы Өтей батырдың ұрпақтары Таутан Арыстанбеков пен Спандияр Көбеевтердің есімдері де жерлестерімізге жақсы таныс. Ал атақты ұстаз Спандияр Көбеевтің 1914 жылы қазақтың алғашқы романы – «Қалың малды» жазғандығы бәрімізге де белгілі жағдай.

... «Ұзақ жылдар бойы ҚазМУ-дың ректоры болған белгілі ғалым Асқар Закарин, кезінде Жамбыл, Шымкент облыстарында облатком төрағасы, облыстық партия комитетінің 1-хатшысы болып жемісті еңбек еткен Мұқатай Жұрмұқанбетовтер мен еліміздің егемендік алған кезде тәуелсіз елімізге ерекше еңбек еткен белгілі қоғам қайраткерлері Ерік Асанбаев пен Нығметжан Есенғариндердің де есімі көпшілікке кеңінен таныс. Еліміздің экономикасын дамытып, ғылымын өркендетуге қомақты үлестерін қосып жүрген ғылым докторлары ағайынды Сайлау мен Сәбит Байзақовтар, Алаштың арысы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, академик Хұсайын Уәлиев, осы оқу орнында 30 жылдан артық еңбек етіп келе жатқан белгілі ғалым, профессор Кәрбоз Жапаровтар осы атадан балаға мирас ұстаздық дәстүрдің қазіргі жалғастырушысы. Белгілі өнерпаз Әнуар Боранбаев Қазақстандағы театр, кино өнерінің өркендеуіне айрықша үлес қосқан болса, кәсіпкерлер Әнуар Арғынғазин, Бауыржан Тебеевтер ел экономикасындағы жаңа үрдіске сай жемісті еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер» – дейді ел арасындағы шежіреге жетік Тарғын ағамыз. Ал жастайынан бала тәрбиесімен айналысқан Батырхан Шалғынбеков, Аңсаған Құсайынов, Тарғын Әбеновтердің де Спандияр Көбеев аталарының лайықты ізбасары болғаны белгілі. Осы Тарғын ағамыздың тұңғышы Арман Әбенов жас болса да, бас болып, қазір облыс әкімі аппараты басшысы қызметін атқаруда. Ал Батырхан мен Аңсаған ақсақалдардың ұрпақтары да шаруашылық пен ғылым саласында жемісті еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүр. Осының өзінен-ақ «тез қасынан қисық ағаш табылмас» деп аталарымыз айтқандай, ана сүті, ата тәлімін жастайынан бойына сіңіріп өскен жанның шығар тұғырының да биік болатындығын аңғартса керек.

Ұлтымызға ұйытқы бола білген осындай арыс азаматтардың арғы бабасы Өтей батыр Торғай мен Тобылдың арасынан қол жинап, Ақ Жайықтың бойындағы қандас ағайындарды қалмақтың тепкісінен құтқарамын деп жүргенде шейіт болғандығын жоғарыда айтып өттік. Осының өзінен-ақ қазір егеменді ел болып, көк байрақтың астында тату-тәтті тіршілік етіп жатқан алты алаштың баласының бүгінгі бірлігінің түп төркіні тым тереңде жатқандығын, оның қазақ халқының сан ұрпағының төгілген терімен, ағылған қанымен қалыптасқан киелі қасиет екендігін аңғаруға болғандай емес пе?!...

Атадан балаға мұра ұлтжандылық қасиетті, дәстүрді берік ұстанып, бабалар рухын қастерлеп оралған азаматтардың бұл ісі көпке үлгі боларлық. Осылайша, Тобыл мен Жайықты жайлаған елдің арасындағы ұрпақтардың рухани байланысы қайта жаңғырды. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бабаларымыз айтқандай осы бір шағын сапардың барысын ой елегінен өткізгенде, кең байтақ еліміздегі бүгінгі берекелі бірліктің бабадан балаға мирас асыл мұра екендігін айқын аңғарамыз. «Отан от басынан басталады» дейді дана халқымыз.

Ендеше, Елбасының ұстанған кемел саясатының арқасында әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуге талаптанып жатқан еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дамытуға да осындай игі бастамалдардың қосар үлесі мол болмақ.

Тарғын ӘБЕНҰЛЫ
Өтей батыр және оның ұрпақтары
Ел қорғаны – Батыр бабам, ұмытпаймыз Өтейді,

Ұрпақтарың мойнындағы, парыздарын өтейді.

Елін қорғап, жерін қорғап, қаза тапты жырақта,

«Жау қолынан өлдім-ау» – деп, мойымапты бірақ та.

Сүйегің де үш ғасырда, Атыраудан табылды,

Ат терлетіп Атырауға, ұрпақтарың сабылды.

«Өтей Батыр қорымы» деп, адайлықтар ат берген,

Мәңгі бақи мекеніңді, таптың солай жат жерден,

Бабамызды құрметтеген, Кіші жүздің халқына,

Өтей Батыр ұрпақтары, бас иеміз жалпыңа!

Граниттен құлпы тасың, орнатылды басыңа,

Есентемір Бөкен би де, тыныстапты қасыңа.

Сен кеткенде қан майданға, «құртамын» деп, жоңғарды,

Алты балаң бәрі ер жетіп, Алла ісіңді оңғарды.

Артыңдағы алты балаң, алпыс «Ата» ел болды,

«Саға» менен «Қоңыраулы», «Қызбеліңе» ел қонды.

«Батпаққара», «Үштоғаймен» бәрі Өтейдің мекені,

«Шошқалы» мен «Ақсуат» та рас мекені екені.

Жауға шаптың жарқылдатып, ақ найзаңда қолыңда,

Құрбан болдың Батыр баба, қақ өлімнің жолында.

Қалдың мәңгі ұмытылмай, ұрпағыңның есінде,

Дүбірлетіп той жасадық, Торғайыңның төсінде,

Бүгін түгел келіп отыр, алты Алаштың баласы,

Күмбірлеген күйге толды, Сарықопаның саласы.

Үш жүз жылда көп өзгерді, кіндік қаның тамған жер,

Ел де жаңа, жер де жаңа, айналаңа қарашы!

Өзгермеген сол баяғы, Сарықопаның қамысы,

Ұрпағыңның көзінде от, жалындаған намысы.

Ақын да көп, ғалым да көп, ел басқарды біразы,

Көп Өтейлер бүгіндері, алты Алаштың Арысы!

Бақ пен дәулет Бекбаулының, қатар қонған басына,

Жатты мәңгі Қожахмет Яссауидың қасына.

Жауға шапқан батыр бопты, Қалыбай да атақты,

Сондықтан да кейінгілер «батыр Ата» атапты.

Мың айдаған Әлімбайды, Ағытай мен Қалиды,

«Өтей Атам көрмеді-ау» деп, ұрпақтарың налиды.

Сейдазымдай атамыз бар, көсем болған Алашқа,

Қазағының қамын ойлап, түскен талай таласқа.

Болыс болған Шошқалыда Есенейдің Қабылы,

Шар тарапқа көп тарады, ол кісінің дабылы.

Романды тұңғыш жазған Спандияр Көбеев,

Оның жолын қуғандар да, келе жатыр көбейіп.

Таутан ағам тар заманда, заң маманы атанған,

Тарыққанға қолын созып, қалың елден бата алған.

Асқар менен Мұқатайды, үш жүз түгел таниды,

Ойыма алсам ол екеуін, жігерімді жаниды.

Асанбайдың Мағұзымы, оның ұлы Ерікті,

Бірі нарком, бірі ғалым, ондайды кім көріпті.

Кім білмейді кешегі өткен, Жүргінбайдың Қадірін,

Елі әлі ұмытқан жоқ, ардақты ұлдың қадірін.

Мағауия Жүнісұлы, тоқсандағы абызым,

Абыроймен орындады, мойнындағы парызын.

Ел ағасы болып өтті, Ахметтің Сейілі,

Сарыарқадай кең болатын, ағамыздың пейілі.

Нұғыманның Әлімжаны, парасаты бір бөлек,

Үлкен ғалым, профессор, ол туралы көп дерек.

Сайлау, Сәбит, Нығыметжан, Хұсайн мен Кәрбоздар,

Бәрі ғалым академик, бір Алла өзі болсын жар.

Едрес те жеткен ұстаз, мақсатына көздеген,

Патшамызға сабақ берген, жөні бөлек өзгеден.

Әшімханның Күлтай қызы, ел тізгінін ұстаған,

Болса да әйел жігері мол, іске мығым сұсты адам.

Әнуардай актеріміз аспандағы жұлдызым,

Әнуардан үлгі алады, мақтан тұтып ұл-қызым.

Генерал да шықты Өтейден, Қасымовтай бауырым,

Министр боп ел қорғайтын, көтеріп жүктің ауырын.

Айтпай қалай тұра аламын, Тарғынұлы Арманды,

Былтыр ғана Елордаға, аппаратқа барған-ды.

Жас та болса құрметтейміз, Қайсарұлы Арайды,

Елің саған болашақта, үмітпенен қарайды.

Осыншама үлкен істі, басқарушы Бауыржан,

Алған беттен қайтпайтұғын, мінезі оның ауыр жан.

Сәлім, Қайсар кітап жазды, Өтей батыр жайында,

Осы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, көкек айында.

Бұл кітапта бабамыздың, ұрпақтары айтылған,

Шежіре мен Ел баққаңдар, ақын, ғалым қамтылған.

Үш ғасырдай белгісіз боп, болдың, Ата, құр елес,

Енді саған қандай құрмет, көрсетсе де көп емес.

Мұндай үлкен ас өткізу, тәуелсіздік арқасы,

Ешқашанда өзгермесін, еліміздің картасы.

Ел Басымыз аман болып, жеңістерге бастасын,

Еліміздің шекарасын, жау аяғы баспасын!

Асқа келген қонақтарға, ризамыз өтейлер,

Жетпей жатқан кемшілігін, бір Алла өзің өтей бер.

Барлығыңа тілейтінім: отбасына амандық,

Алла жар боп, аруақ қолдап, болмасын еш жамандық!

Ел қорғаны Батыр бабам, ұмытпаймыз Өтейді,

Ұрпақтарың мойнындағы, парыздарын өтейді!
Затобол кенті.

1 тамыз, 2009 жыл.

Тарғын ӘБЕНҰЛЫ




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет